Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы шекара маңы аумағындағы Шығыс Тарутинский (Қазақстан Республикасы), Тарутинский (Ресей Федерациясы) кен орындарында шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 22 қыркүйектегі № 724 қаулысы

 
  Ескерту. Нормативтік құқықтық
актіге қоса тіркелген
халықаралық Хаттаманың мәтіні
ресми болып табылмайды. ҚР
халықаралық Хаттамасының
жасасқан тілдердегі ресми
куәландырылған көшірмесін ҚР
халықаралық Хаттамаларын
тіркеуге, есептеуге және
сақтауға жауапты ҚР Сыртқы
істер министрлігінен алуға
болады

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2021 жылғы 18 тамызда Нұр-Сұлтанда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы шекара маңы аумағындағы Шығыс Тарутинский (Қазақстан Республикасы), Тарутинский (Ресей Федерациясы) кен орындарында шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 22 қыркүйектегі
№ 724 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы шекара маңы аумағындағы Шығыс Тарутинский (Қазақстан Республикасы), Тарутинский (Ресей Федерациясы) кен орындарында шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі

      2005 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың 7-бабына сәйкес, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Үкімет басшылары кеңесінің 2020 жылғы 6 қарашадағы шешімімен бекітілген Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып,

      Шығыс Тарутинский (Қазақстан Республикасы), Тарутинский (Ресей Федерациясы) кен орындарында шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктерін белгілеу мақсатында,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап Терминдер мен анықтамалар

      Осы Келісімде қолданылатын терминдер мыналарды білдіреді:

      1. Шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынған аймақ – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы аумағында орналасқан, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараны тікелей бойлай өтетін, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараны тиісінше күтіп-ұстаумен, инженерлік және өзге де құрылыстарды тұрғызуға қажетті ені 100 метрлік жер алабы.

      2. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары – Қазақстан Республикасының Қостанай облысы Қарабалық ауданының әкімдігі және Ресей Федерациясының Челябинск облысы "Чесменский муниципалдық ауданының" муниципалдық құрылымы.

      3. Шекара маңы аумағы – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараға шектесіп жатқан және шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынған аймақты қоспағанда, пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнын қамтитын Қазақстан Республикасының Қостанай облысы Қарабалық ауданының және Ресей Федерациясының Челябинск облысы Чесменский муниципалдық ауданының әкімшілік-аумақтық шекараларындағы аумақ.

      4. Жобалау құжаттамасы – пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнындағы пайдалы қазбаларды геологиялық зерделеу, барлау және өндіру жөніндегі техникалық, экологиялық, экономикалық жағдайларды технологиялық көрсеткіштерді негіздейтін және белгілейтін жобалау құжаттары.

      5. Рұқсат беру құжаттамасы – шекара маңы аумағында шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасына сәйкес қажетті лицензиялар, рұқсаттар және өзге де құжаттар.

      6. Пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орны – Қазақстан Республикасының аумағында Боскөл теміржол станциясынан батысқа қарай 14,5 км және Қостанай облысының Қарабалық ауданының Қарабалық кентінен батысқа қарай 75 км жерде орналасқан Шығыс Тарутинский мыс-алтын кен орнын және Ресей Федерациясы аумағындағы Челябинск облысы Чесменский ауданының Чесма кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 28 км жерде орналасқан Тарутинский мыс кен орнын қамтитын және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараны кесіп өтетін жер қойнауы учаскесі.

      7. Уәкілетті мемлекеттік органдар – құзыретіне осы Келісімнің ережелерін іске асыру кіретін Тараптар мемлекеттерінің атқарушы билік органдары. Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Ресей тарапынан – Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігі. Уәкілетті мемлекеттік органдар өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

      8. Шекара маңы аумағындағы шаруашылық қызмет – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараны кесіп өтпей жүзеге асырылатын, жер қойнауы учаскесін геологиялық зерделеу, пайдалы қазбаларды барлау, жайластыру және инфрақұрылым объектілерін құру, тау-кен өндіруші кәсіпорынды пайдалану, жару жұмыстарын жүргізу, пайдалы қазбалар кен орнын игерудің техникалық жобасының талаптарына сәйкес кен өндіру, өндірілген кенді тасымалдау және бастапқы қайта өңдеу, тау-кен өндіруші кәсіпорынды, жайластыру және инфрақұрылым объектілерін тарату және консервациялау жөніндегі жұмыстарды, сондай-ақ кеніштердің шаруашылық қызметін қамтамасыз ету жөніндегі барлық өзге де жұмыстарды қоса алғанда, Шығыс Тарутинский (Қазақстан Республикасы), Тарутинский (Ресей Федерациясы) кен орындарындағы жұмыстар кешені.

2-бап Осы Келісімнің мақсаты

      1. Осы Келісімнің мақсаты жер қойнауы учаскесін геологиялық зерделеумен, пайдалы қазбаларды барлаумен, жайластыру және инфрақұрылым объектілерін құрумен, тау-кен өндіруші кәсіпорынды пайдаланумен, жару жұмыстарын жүргізумен, сондай-ақ пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнында мыс/мыс-алтын кендерін өндіру кезеңіне өтумен және өндірумен байланысты шекара маңы аумағында шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктерін белгілеу болып табылады.

      2. Бұл ретте пайдалы қазбаларды өндіру кезеңіне өту, сондай-ақ оларды өндіру Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

3-бап Шаруашылық қызметті жүзеге асыру қағидаттары

      Шекара маңы аумағында шаруашылық қызметті жүзеге асырудың қағидаттары:

      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараны күтіп-ұстауға және шекара органдарының міндеттерін орындауына кедергі жасалуына жол бермеу;

      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараның аумақтық тұтастығы және беріктігі;

      жер қойнауын ұтымды пайдалану және қорғау;

      шаруашылық қызметті рұқсат беру және жобалау құжаттамасына сәйкес жүзеге асыру;

      шекара маңы аумағында шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде зиян келтіргені үшін уәкілетті ұйымдардың материалдық жауаптылығы болып табылады.

4-бап Уәкілетті ұйымдар

      1. Уәкілетті ұйымдар:

      Қазақстан Республикасы тарапынан – "Тарутинское" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – "Тарутинское" ЖШС) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жер қойнауы учаскесінде пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнын пайдалану құқығы берілген және барлау мен өндіруге келісімшарт жасалған ұйым;

      Ресей Федерациясы тарапынан – "Восточный базис" жауапкершілігі шектеулі қоғамы – Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес Ресей Федерациясының аумағында орналасқан жер қойнауы учаскесінде пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнын пайдалану құқығы берілген және жер қойнауын пайдалануға лицензия берілген ұйым.

      2. Бұл ретте "Тарутинское" ЖШС үшін өндіру кезеңіне өту және өндіру құқығы Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес айқындалады.

      3. Уәкілетті мемлекеттік органдар уәкілетті ұйымдардың ауысқаны туралы бір-біріне ауыстыру болжанған күнге дейін 6 ай бұрын хабарлайды.

5-бап Шекара маңы аумағында шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері

      1. Жобалау құжаттамасын, инфрақұрылым объектілерін салу, тау-кен өндіруші кәсіпорнын пайдалану, тау-кен өндіру кәсіпорнын тарату және консервациялау жобаларын, су шаруашылығы объектілерін пайдалануды, сондай-ақ өзге де жобалау құжаттарын уәкілетті ұйымдар Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес бір-біріне тәуелсіз дайындайды және 1999 жылғы 13 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттері үшін өзара мүдделі саналатын құрылыс жобаларының мемлекетаралық сараптамасы туралы келісімде көзделген мемлекетаралық сараптамаға жатпайды.

      2. Пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнының кеніштері мен өндірістік инфрақұрылымын бірінші санатты электрмен жабдықтаумен және авариясыз газбен жабдықтаумен қамтамасыз етуге инвестицияларды оңтайландыру мақсатында уәкілетті ұйымдардың Тараптар мемлекеттерінің шекара маңы аумағына тиісті ресурстарды жеткізуге электрмен жабдықтаушы және газбен жабдықтаушы ұйымдармен тікелей шарттар жасасуға құқығы бар.

6-бап Қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу

      1. Шекара маңы аумағында шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде уәкілетті ұйымдар қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізеді, оның нәтижелері туралы өз мемлекеттерінің уәкілетті мемлекеттік органдарын жыл сайын хабардар етеді.

      2. Мониторинг нәтижесінде анықталған шекара маңы аумағында қоршаған ортаның жай-күйі күрт нашарлаған жағдайда уәкілетті ұйымдар анықталған мән-жайлар мен олардың салдарын жою жөнінде дереу шаралар қабылдайды және өз мемлекеттерінің уәкілетті мемлекеттік органдарын анықталған мән-жайлар, қабылданған шаралар және олардың нәтижелері туралы хабардар етеді.

7-бап Жару жұмыстарын жүргізу тәртібі

      1. Әрбір уәкілетті ұйым шекара маңы аумағында шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жару жұмыстарын жүргізудің, жару жұмыстарын жүргізу орнын, күні мен уақытын көрсете отырып, 60 күн кезеңге арналған өз графигін жасайды.

      2. Шекара маңы аумағында шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жару жұмыстарын жүргізудің жоспарланған күніне дейін кемінде 40 күн бұрын жару жұмыстарын жүргізуді жоспарлайтын уәкілетті ұйым екінші Тараптың уәкілетті ұйымын, екі Тарап мемлекеттерінің шекара органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын жару жұмыстарын жүргізу графигінде көрсетілген жару жұмыстарын жүргізу орны, күні және уақыты туралы хабардар етеді.

      3. Кестеде көрсетілген күні жару жұмыстарын жүргізудің техникалық немесе ұйымдастырушылық мүмкіндігі болмаған жағдайда, бұл күн графикте көрсетілген басқа күн мен уақытқа ауыстырылады.

      4. Жару жұмыстарының жүргізілмейтіні және олардың ауыстырылғаны туралы Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының шекара органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары хабардар етіледі.

      5. Шекара маңы аумағында шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жару жұмыстарын жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті ұйым тиісті қауіпсіздік шараларын, оның ішінде жұмыс аймағын қоршауды, өз мемлекетінің шекара маңындағы аумағында және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараны кесіп өтпей, екінші Тарап мемлекетінің аумағында қауіпсіз арақашықтық аймағының шекарасына дейін жару жұмыстары аймағында тұратын азаматтарды хабардар етуді қамтамасыз етуге міндетті.

      6. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша барлық шығындарды жару жұмыстарын жүргізудің бастамашысы – уәкілетті ұйым көтереді.

      7. Шекара маңы аумағында шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жару жұмыстарын жүргізетін уәкілетті ұйым Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасында көзделген рұқсат беру құжаттамасын алуға не қажетті рұқсат беру құжаттамасы бар мердігер ұйыммен көрсетілген жұмыстарды жүргізуге шарт жасасуға міндетті.

8-бап Шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынған аймақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері

      1. Трансшекаралық кен орнында геологиялық зерделеу, барлау, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру кезеңіне өту және өндіру шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынған аймаққа дейін жүргізілуі мүмкін.

      2. Шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынған аймақ шегінде геологиялық зерделеу, барлау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру кезеңіне өтуге және өндіруге тыйым салынады.

9-бап Геологиялық ақпаратты ұсыну

      1. Уәкілетті мемлекеттік органдардың пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнында жұмыстар жүргізу үшін қажетті геологиялық ақпаратты уәкілетті ұйымдарға ұсынуы Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнында жұмыстар жүргізу кезінде алынған жер қойнауы туралы геологиялық және өзге де ақпаратты уәкілетті ұйымдар Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасының талаптарына сәйкес толық көлемде Тараптар мемлекеттерінің геологиялық ақпарат қорларына сақтауға ұсынады.

10-бап Шекара маңы аумағында мемлекеттік шекара режимін сақтау

      Шекара маңы аумағында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекара режимінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті ұйымдар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың және Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының мемлекеттік шекара режимін қамтамасыз етуге байланысты заңнамасының талаптарын орындай отырып, шекара маңы аумақтарында және шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынған аймақта Тараптар мемлекеттерінің шекара органдарымен өзара іс-қимыл жасайды.

11-бап Тексеру (инспекция) жүргізу

      Тараптардың әрқайсысының уәкілетті ұйымдарының тексеру (инспекция) жүргізуі Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасына сәйкес екінші Тараптың уәкілетті мемлекеттік органының бақылаушы мәртебесіндегі және инспектордың құқықтары мен міндеттері берілмеген өкілінің ықтимал қатысуымен жүзеге асырылады.

12-бап Келіспеушіліктерді шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы кез келген даулар Тараптардың өзара консультациялары мен келіссөздер жүргізуі арқылы шешіледі.

13-бап Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

      2. Шекара маңы аумағында шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер осы Келісіммен реттелмеген бөлігінде Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасымен реттеледі.

14-бап Күшіне енуі және қолданылуын тоқтатуы

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді. Осы Келісімнің қолданысы бір Тарап екінші Тараптың осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап 6 ай өткен соң тоқтатылады.

      2021 жылғы тамызда, Нұр-Сұлтан қаласында, әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің күші бірдей.

      Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін
Қазақстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады