Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 26 қыркүйектегі № 745 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2022 жылғы 10 мамырда Анкарада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 26 қыркүйектегі
№ 745 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі:

      екі мемлекет арасындағы достық қатынастарды нығайту мақсатында,

      тең құқықтық пен өзара пайда қағидаттары негізінде білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ұмтыла отырып,

      Осы Келісім Тараптары мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларын негізге ала отырып, білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту Тараптар арасында достық қатынастар мен өзара түсіністікті орнату мен қолдауға ықпал ететінін назарға ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және олардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес теңдік және өзара құрмет қағидаттары негізінде Тараптар арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту болып табылады.

2-бап

      Тараптар мынадай салаларда қазіргі ынтымақтастықты көтермелейді және нығайтады:

      1. Білім беру саласында тәжірибе алмасу, білім беру бағдарламаларын іске асыру, бірлескен жобаларды жүргізу, ақпарат және ғылыми жарияланымдармен алмасуды ынталандыру.

      2. Оқытушылармен, сарапшылармен, педагогтермен, білім беру ұйымдарының басшыларымен және студенттермен алмасуды ынталандыру.

      3. Білім беру саласындағы басшылар, педагогтер және қызметкерлер үшін біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұйымдастыру.

      4. Оқу бағдарламалары мен материалдарын әзірлеуде және жетілдіруде тәжірибе алмасу.

      5. Білім беруде жаңа технологияларды қолдану саласында тәжірибе алмасу.

      6. Білім беру жүйесін және өлшемдерін бағалауға қатысты өзара ақпарат және тәжірибе алмасу.

      7. Өзара негізде білім алушылардың ғылыми және мәдени олимпиадаларға қатысуын көтермелеу.

      8. Семинарлар, көрмелер, конференциялар, ғылыми зерттеулер сияқты іс-шараларға өзара қатысуды көтермелеу.

      9. Бірлескен бағдарламалар, әріптестік қатынастар мен студенттік қызмет негізінде білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықты дамыту.

      10. Жастар саясаты саласындағы ынтымақтастықты дамыту.

3-бап

      Тараптар Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдары мен Түркия Республикасының бастауыш және орта білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттарды тану мақсатында өздерінің уәкілетті органдары арқылы өзара негізде ақпарат пен құжаттар алмасуды жүзеге асырады.

      Тараптар қажет болған жағдайда бірлескен жұмысты жүзеге асырады, өз мемлекеттерінің білім беру жүйесін жақсартуды қамтамасыз ету үшін ол жөнінде ақпарат және құжаттар алмасады.

4-бап

      Бір-бірінің мемлекеттерінде оқу орындарын ашу Тараптардың шешімі бойынша өзаралық негізде жүзеге асырылады.

5-бап

      Тараптар осы Келісім шеңберінде тағайындалатын оқытушыларға, сарапшыларға, педагогтерге, білім беру ұйымдарының басшыларын және олардың отбасы мүшелеріне визалар беру кезінде жәрдем көрсетеді.

6-бап

      1. Тараптар өздерінің оқу орындарында Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының әдебиет тарихын, мәдениеті мен тарихын зерделеу жөніндегі жұмысты қолдайды.

      2. Өздерінің оқу орындарында Қазақстан тарапы түрік тілін оқытуды көтермелейді және Түркия тарапы қазақ тілін оқытуды көтермелейді.

      3. Тараптар өзара негізде қазақ және түрік тілдерін оқыту орталықтарын ашу мүмкіндігін қарастырады.

7-бап

      1. Тараптар өздерінің мүмкіндіктері шеңберінде жыл сайын өзара негізде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу үшін стипендиялар ұсынады. Стипендиялардың саны мен шарттары Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес айқындалады.

      2. Қазақстан Республикасында да, Түркия Республикасында да білім алушылардың өтінім беру, іріктеу және орналастыру процесі стипендия беретін Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасы шеңберінде жүзеге асырылады.

      3. Тараптар стипендия алған өз елдерінде білім алушыларға қажетті жәрдем көрсетеді.

      4. Тараптар стипендияларды беру процестері туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

8-бап

      1. Тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында жоғары білім беруге байланысты барлық мәселелер бойынша жоғары оқу орындары арасындағы өзара ынтымақтастықты және ақпарат алмасуды көтермелейді.

      2. Тараптар өзара негізде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша жоғары оқу орындары арасында білім алушылармен алмасуды көтермелейді.

9-бап

      1. Тараптар осы Келісімнің шеңберінде білім беру бойынша мәселелерді талқылау жөнінде бірлескен Комиссия құрады, оны жылына бір рет немесе Тараптардың кез келгенінің талап етуі бойынша Қазақстан Республикасында немесе Түркия Республикасында кездесулер өткізетін Тараптар мемлекеттерінің білім министрлері немесе уәкілетті органдарының өкілдері басқарады.

      2. Кездесулерді өткізу мүмкін болмаған жағдайда Тараптар тиісті құжаттармен алмасады.

10-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары мыналар болып табылады:

      1. Қазақстан Республикасынан: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі.

      2. Түркия Республикасынан: Түркия Республикасының Ұлттық білім министрлігі.

      Уәкілетті органдарда қандай да бір өзгерістер болған жағдайда Тараптар бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы ақпарат береді.

11-бап

      1. Тараптар өздерінің ұлттық заңнамаларына және өздерінің мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес осы Келісімде көзделген салалардың шеңберінде құрылатын және пайдаланылатын зияткерлік меншік құқықтарын сақтайды.

      2. Осы Келісімнің ережелері өздерінің мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптарының құқықтары мен міндеттеріне әсер етпейді.

12-бап

      1. Осы Келісімде келісілген іс-шараларды іске асыру Тараптардың қаржылық ресурстарын және кадрлық мүмкіндіктерінің болуына байланысты болады.

      2. Осы Келісімнің шеңберінде іс-шараларды өткізу кезінде жіберуші Тарап өз қызметкерлерінің барлық шығыстарын жабатын болады.

13-бап

      Осы Келісім күшіне енген кезден бастап 1997 жылғы 4 наурыздағы Қазақстан Республикасының Білім министрлігі мен Түркия Республикасының Ұлттық білім министрлігі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама өз қолданысын тоқтатады.

14-бап

      Осы Келісімді орындауға және/немесе түсіндіруге байланысты туындайтын кез келген дау Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешілетін болады.

15-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің 16-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін, оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

16-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Осы Келісім бес (5) жыл мерзімге күшінде қалады және егер Тараптардың бірі ағымдағы бес жылдық кезең аяқталғанға дейін кемінде алты (6) ай бұрын өзінің осы Келісімнің қолданысын ұзартпау ниеті туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар етпесе, келесі бес жылдық кезеңдерге өздігінен ұзартылатын болады.

      3. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату осы Келісімді іске асыру шеңберінде басталған және ол тоқтатылғанға дейін аяқталмаған қызмет пен жобаларды қозғамайды.

      2022 жылғы 10 мамырда Анкара қаласында әрқайсысы қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлығы теңтүпнұсқа мәтіндер.

      Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда ағылшын тілінің басым күші бар.


      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Түркия РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады