Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 5 қазандағы № 791 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 6 қыркүйектегі № 770 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 06.09.2023 № 770 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Ғылым туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 3-бабының 10-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі. 

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 8 қазандағы
№ 791 қаулысымен
бекітілген

Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ғылым туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 3-бабының 10-1) тармақшасына, "Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығына сәйкес әзірленді және ғылыми, ғылыми-техникалық кадрлардың біліктілігін арттыру мақсатында шетелдік жетекші жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми орталықтарда және өзге де ұйымдарда (бұдан әрі – шетелдік ұйымдар) ғылыми тағылымдамадан өту үшін үміткерлерді конкурстық іріктеуді ұйымдастыру және жүзеге асыру, сондай-ақ ғылыми тағылымдамадан өту тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) әкімші – шетелде кадрларды даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың халықаралық бағдарламалары бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұйым;

      2) ғылыми тағылымдама – "Болашақ" халықаралық стипендиясы шеңберіндегі тағылымдаманы қоспағанда, таңдалған ғылыми зерттеулер бағыты бойынша кәсіби құзыреттілікті дамыту мақсатында шетелдік жетекші жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми орталықтарда және өзге де ұйымдарда ғалымдардың тағылымдамадан өтуі;

      3) жұмыс беруші – жұмыскер Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру бойынша еңбек қатынастарында тұратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы, оның филиалы, өкілдігі;

      4) кешенді тестілеу – зияткерлік қабілеттер, тұлғалық-іскерлік құзыреттілік, шетелде оқуға психологиялық әзірлік деңгейін айқындау бойынша тестілеу;

      5) конкурс жеңімпазы – осы Қағидаларда көзделген барлық турлардан өткен, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешіміне сәйкес ғылыми тағылымдама тағайындалған үміткер;

      6) сараптама комиссиясы – Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс органы жанындағы ғылыми тағылымдамадан өту конкурсына (бұдан әрі – конкурс) қатысатын үміткермен жеке әңгімелесуді жүзеге асыратын консультативтік-кеңесші орган;

      7) үміткер – осы Қағидаларда көзделген талаптар мен шарттарға сай келетін және конкурсқа қатысатын Қазақстан Республикасының азаматы;

      8) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия – Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы және ғылыми тағылымдамалардан өту мәселелері жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында құрылған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган (бұдан әрі – Республикалық комиссия);

      9) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс органы – ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында салааралық үйлестіруді және басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі – жұмыс органы).

      3. Ғылыми тағылымдама ғылыми тағылымдамадан өту үшін ғылыми зерттеулердің басым бағыттары тізбесіне (бұдан әрі – тізбе) сәйкес жүргізілетін ғылыми зерттеу шеңберінде жүзеге асырылады.

      Тізбені Заңға сәйкес Жоғары ғылыми-техникалық комиссия айқындайтын Қазақстан Республикасындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің тиісті кезеңге арналған басым бағыттарына сәйкес жұмыс органы қалыптастырады және бекітеді.

      Конкурс жеңімпазының ғылыми тағылымдамадан өтуі ғылыми зерттеулердің таңдалған бағыты бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық кадрлардың біліктілігін арттыру мақсатында ғылыми тағылымдамадан өту үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми орталықтардың және өзге де ұйымдардың тізіміне (бұдан әрі – тізім) кіретін шетелдік ұйымдарда, сондай-ақ осы Қағидалардың 11-тармағына сәйкес жұмыс органының шешімі бойынша жеке тәртіппен айқындалған өзге де шетелдік ұйымдарда 3 (үш) айдан 12 (он екі) айға дейінгі мерзімде жүзеге асырылады.

      Тізімді және оны қалыптастыру жөніндегі нұсқаулықты жұмыс органы бекітеді.

      4. Құжаттар қабылдау және конкурс өткізу мерзімдерін жұмыс органы жыл сайын бекітеді және құжаттарды қабылдау мерзімі басталғанға дейін күнтізбелік 10 (он) күн бұрын ресми интернет-ресурста орналастырады.

      5. Ғылыми тағылымдаманы ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды іске асыру республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады және мына шығыстарға ақы төлеуді қамтиды:

      1) ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерге ақы төлеу;

      2) ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралардың іске асырылуын ақпараттық қамтамасыз ету;

      3) үміткерлер үшін кешенді тестілеу жүргізу;

      4) сараптама комиссиясы мүшелерінің үміткерлермен жеке әңгімелесу өткізуі;

      5) визаны (консулдық алым) ресімдеу, ұзарту;

      6) ғылыми тағылымдамадан өту;

      7) ғылыми тағылымдама өтетін елдің, конкурс жеңімпазының ғылыми тағылымдамадан өтуін жүзеге асыратын шетелдік жетекші жоғары және (немесе) жоғарыдан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми орталықтардың және өзге ұйымдардың талабы бойынша міндетті көрсетілетін қызметтер;

      8) жұмыс органы бекітетін ғылыми тағылымдама өтетін елде тұру, тамақтану және оқу әдебиетін сатып алу;

      9) ғылыми тағылымдама өтетін елдің және (немесе) шетелдік ұйымның талаптарына сәйкес міндетті медициналық тексеру;

      10) жазатайым жағдайлардан және аурулардың кенеттен пайда болуынан шетелдік азаматтар үшін көзделген медициналық сақтандыру;

      11) ғылыми тағылымдамалар тағайындалғаннан кейін Қазақстан Республикасында тұратын жерінен ғылыми тағылымдама өтетін жерге дейін және кері қарай жол жүру;

      12) ғылыми тағылымдамадан өту жөнінде қызметтер көрсету шарттары бойынша өз міндеттемелерін орындауға байланысты шетелдік әріптестердің шығыстары.

      6. Жұмыс органы шет елдердің тиісті мемлекеттік органдары, шетелдік жоғарғы оқу орындары, ғылыми орталықтар мен өзге ұйымдар, шетелдік әріптестер және/немесе статистикалық, рейтингтік және өзге де тиісті ұйымдар ұсынған құжаттар және/немесе өзге ақпарат негізінде тамақтануға, тұруға, ғылыми әдебиетті сатып алуға арналған шығыстар нормаларын әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ конкурс жеңімпазы Қазақстан Республикасында тұратын жерінен ғылыми тағылымдама өтетін жерге дейін жол жүретін көліктің түрі мен класын айқындайды.

      7. Үміткерлерге арналған мемлекеттік және шет тілдерді меңгерудің қажетті ең төмен деңгейін жұмыс органы бекітеді. Бұл ретте шет тілін білудің қажетті ең төмен деңгейін жұмыс органы шетелдік ұйымның талаптарын ескере отырып айқындайды және бекітеді.

2-тарау. Ғылыми тағылымдамадан өту үшін үміткерлерге қойылатын талаптар

      8. Ғылыми тағылымдамадан өту үшін үміткерлерге қойылатын талаптар:

      1) ғылым докторы, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесінің, философия докторы (РhD), бейіні бойынша доктор, магистр дәрежесінің болуы;

      2) заңды тұлғалар болып табылатын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінде ғылыми зерттеудің таңдалған мамандану саласында соңғы 12 (он екі) айдағы үздіксіз нақты жұмыс өтілі;

      3) үміткерді жүргізілетін ғылыми зерттеуге сәйкес ғылыми тағылымдамаға қабылдайтын, тізбеге кіретін шетелдік ұйымның шартсыз шақыруының (қаржылық шарттарды қоспағанда) болуы;

      4) жұмыс органы белгілеген талаптарға сәйкес деңгейде мемлекеттік және шет тілдерін білуі;

      5) ғылыми нәтижелердің (Web of Science, Scopus халықаралық дерекқорларында немесе отандық немесе білім және ғылым саласында бақылау функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) ұсынған шетелдік ғылыми басылымдарда индекстелетін мақалалар немесе шолулар) және (немесе) Патент Корпорейшн Трэти (Patent Cooperation Treaty) халықаралық өтінімінің болуы.

      Ғылыми тағылымдамадан өту шеңберінде алынған ғылыми зерттеудің таңдалған бағыты бойынша үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асыру жөніндегі шарттық міндеттемелерді орындамаған Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ "Болашақ" бағдарламасы шеңберінде тағылымдамадан өтіп, еңбекпен өтеу бойынша шарттық міндеттемелерді орындамаған адамдар ғылыми тағылымдамадан өту үшін конкурсқа қатысуға жіберілмейді.

3-тарау. Ғылыми тағылымдамадан өту үшін конкурсқа қатысуға үміткерлердің құжаттарын қабылдау және қарау тәртібі

      9. Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер әкімшіге мына құжаттарды ұсынады:

      1) жұмыс органы бекітетін нысан бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуге арналған конкурсқа қатысу үшін толтырылған үміткер анкетасы;

      2) жұмыс органы бекітетін нысан бойынша жұмыс орнының сақталуы шартымен жұмыс берушінің ғылыми тағылымдамадан өтуге арналған өтінімі;

      3) паспорты мен жеке куәлігінің түпнұсқалары және көшірмелері (түпнұсқалары салыстырып тексерілгеннен кейін үміткерге қайтарылады);

      4) ғылым докторы, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесінің, философия докторы (РhD), бейіні бойынша доктор, магистр дәрежесінің болуы туралы құжаттың түпнұсқасы және көшірмесі (түпнұсқалары салыстырып тексерілгеннен кейін үміткерге қайтарылады).

      Шетелдік білім беру ұйымында оқыған жағдайда білімі туралы құжатты тану куәлігін не "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 39-бабының 8-тармағында белгіленген ерекшеліктер ескеріліп білімі туралы құжатты тану жөніндегі өзге құжат;

      5) жұмыс органы белгілейтін талаптарға сәйкес жасалып, жұмыс беруші бекітетін және тізімге кіретін, тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйыммен келісілген ғылыми тағылымдамадан өту бағдарламасы;

      6) еңбек қызметін растайтын құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес талап етілетін еңбек қызметі кезеңінде аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы үзінді (түпнұсқалары салыстырып тексерілгеннен кейін үміткерге қайтарылады);

      7) нәтижесі белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес келетін мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификаттың түпнұсқасы және көшірмесі (түпнұсқасы салыстырып тексерілгеннен кейін үміткерге қайтарылады);

      8) нәтижесі белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес келетін шет тілі бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификаттың түпнұсқасы және көшірмесі (түпнұсқасы салыстырып тексерілгеннен кейін үміткерге қайтарылады);

      9) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша медициналық анықтама (шетелге шығатындар үшін);

      10) үміткерді тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйымның шартсыз шақыруын (қаржылық шарттарды қоспағанда) растайтын, жүргізілетін ғылыми зерттеу, ғылыми тағылымдамадан өту мерзімі, құны (есеп-қисабын толық көрсетіп) көрсетілген, мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариат куәландырған аудармалары бар құжаттардың көшірмелері;

      11) жұмыс беруші бекіткен ғылыми нәтижелердің тізімі (Web of Science, Scopus халықаралық дерекқорларында және (немесе) отандық немесе уәкілетті орган ұсынған шетелдік ғылыми басылымдарда индекстелетін мақалалар немесе шолулар) және (немесе) Патент Корпорейшн Трэти (Patent Cooperation Treaty) халықаралық өтінімі;

      12) үміткер құжаттарын өзі тапсыра алмаған жағдайда өкілге нотариат куәландырған сенімхат.

      10. Үміткер құжаттарды осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес жұмыс органы белгілеген құжаттарды қабылдау мерзімі ішінде әкімшіге "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы және (немесе) қағаз нысанда ұсынады.

      Ұсынылған құжаттарды қарау нәтижесі бойынша үміткерге құжаттардың қабылданғаны және конкурсқа қатысуға рұқсат берілгені туралы немесе құжаттардың жеке тәртіппен қарау үшін жұмыс органына жіберілгені туралы жазбаша хабарлама не оларды қабылдаудан дәлелді бас тарту жолданады.

      Құжаттарды қарау, қабылдау не оларды қабылдаудан бас тарту мерзімі 3 (үш) жұмыс күнін құрайды.

      Құжаттарды толық көлемде ұсынбау оларды қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылады.

      Құжаттар осы Қағидалардың талаптары мен шарттарына сәйкес келмеген жағдайда үміткер бұзушылықтарды жойғаннан кейін оларды қабылдау үшін белгіленген мерзім кезеңінде құжаттарды қайта ұсынуға құқығы бар.

      Конкурсқа қатысуға рұқсат беру үшін үміткердің және оның құжаттарының осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін қарауды әкімші жүзеге асырады.

      11. Тізімде шетелдік ұйым болмаған жағдайда әкімші құжаттарды қабылдаған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жұмыс органы үміткерлердің материалдарын қарауды және конкурсқа жіберу туралы шешім қабылдауды жеке тәртіппен жүзеге асырады.

      12. Осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген жағдайларда құжаттары жұмыс органына қарауға жіберілген үміткерлерге әкімші шешім қабылдаған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде конкурсқа қатысуға рұқсат беру не конкурсқа қатысуға рұқсат беруден бас тарту туралы жазбаша хабарлама жібереді.

      Құжаттар жеке тәртіппен қаралған жағдайда үміткердің жұмыс органы айқындайтын іріктеу өлшемшарттарына сәйкес келмеуі конкурсқа қатысуға жіберуден бас тарту үшін негіз болып табылады.

      13. Құжаттарды қабылдау немесе конкурстан өту кезеңінде әкімші көрінеу жалған мәліметтердің ұсынылғанын анықтаған жағдайда үміткер ағымдағы жылы конкурсқа жіберілмейді.

4-тарау. Ғылыми тағылымдаманы тағайындауға үміткерлерді іріктеуді ұйымдастыру мен жүргізу және оны өткізу тәртібі

      14. Конкурс 3 (үш) турдан тұрады.

      15. Бірінші және екінші турларды әкімші Қазақстан Республикасының ұйымдарымен және сарапшыларымен бірлесіп ұйымдастырады және өткізеді.

      Бірінші турда зияткерлік қабілеттерінің, тұлғалық-іскерлік құзыреттерінің, шетелде ғылыми тағылымдамадан өтуге психологиялық әзірлігінің деңгейін айқындау бойынша кешенді тестілеу жүргізіледі.

      16. Екінші тур үміткерлердің сараптама комиссиясының мүшелерімен жасырын дербес әңгімелесуден өтуін ұйымдастыру жолымен жүргізіледі.

      Сараптама комиссиясының құрамын, жұмыс тәртібі мен оны ұйымдастыруды жұмыс органы бекітеді.

      Екінші турда үміткердің ғылыми зерттеу бағыты бойынша таңдалған мамандану саласында ғылыми-зерттеу даярлығының деңгейі, теориялық білімі мен ғылыми зерттеуді, шетелдік ұйымды саналы, дәлелді түрде таңдау деңгейі айқындалады.

      Әкімші бірінші және екінші турлардың өтетін жері мен уақытын айқындайды, ол туралы үміткер телефон/электрондық байланыс арқылы күнтізбелік 5 (бес) күнінен кешіктірмей хабардар етіледі.

      17. Сараптама комиссиясы бірінші және екінші турлардың нәтижелерін ескере отырып, жұмыс органы бекітетін нысан бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуге үміткерлермен жеке әңгімелесуді бағалау парағына сәйкес әрбір үміткер бойынша ұсыным береді.

      18. Жұмыс органы кешенді тестілеу нәтижелерімен және сараптама комиссиясының үшінші турға ұсынымдарымен бірге үміткерлердің материалдарын Республикалық комиссияның қарауына енгізеді.

      19. Республикалық комиссия ғылыми тағылымдаманы тағайындау не тағайындаудан бас тарту туралы түпкілікті шешім қабылдайды. Ғылыми тағылымдама тағайындалғаны туралы үміткер әкімшінің ресми интернет-ресурсында ақпарат орналастыру арқылы хабардар етіледі.

      20. Республикалық комиссияның шешімімен ғылыми тағылымдамадан өтуінен бас тартылған үміткерлер ағымдағы жылғы конкурсқа қайтадан қатысуға жіберілмейді.

      21. Конкурс жеңімпазы Республикалық комиссия ғылыми тағылымдаманы тағайындау туралы шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 60 (алпыс) күн ішінде жұмыс органы бекітетін үлгілік нысан бойынша әкімшімен ғылыми тағылымдамадан өту туралы шарт (бұдан әрі – шарт) жасасады, онда міндетті түрде:

      1) шарттың нысанасы;

      2) тараптардың құқықтары мен міндеттемелері;

      3) осы Қағидаларда көзделген жағдайларда конкурс жеңімпазының ғылыми тағылымдамадан өтуіне жұмсалған шығыстарды өтеу жөніндегі оның міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілі;

      4) ғылыми тағылымдамадан өту мерзімі мен шарттары;

      5) шетелде ғылыми тағылымдамадан өтуді аяқтағаннан кейін конкурс жеңімпазының Қазақстан Республикасына міндетті түрде оралуы және конкурс жеңімпазы қай жұмыс берушінің өтінімі бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуге жіберілген болса, сонда кемінде 3 (үш) жыл үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асыруы туралы талап;

      6) конкурс жеңімпазы өз міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда шығыстарды қаржыландыруды тоқтата тұру туралы талап;

      7) конкурс жеңімпазын өз міндеттемелерін еңсерілмейтін күш мән-жайларының туындауы салдарынан орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершіліктен босату туралы талап;

      8) жұмыс берушінің жұмыс орнын (лауазымын) сақтау міндеттілігі туралы талап;

      9) ғылыми тағылымдамадан өту бағдарламасының орындалғанын растайтын құжаттарды ұсынудың міндеттілігі туралы талап қамтылуға тиіс.

      22. Осы Қағидалардың 21-тармағында көрсетілген мерзімде шарт жасалмаған, конкурсқа қатысу үшін көрінеу жалған мәліметтер ұсынылған, ғылыми тағылымдамадан өту бағдарламасы орындалмаған, ғылыми тағылымдамадан оралғаннан кейін үздіксіз еңбек қызметі (еңбекпен өтеу) жүзеге асырылмаған, шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда әкімші белгіленген тәртіппен тұрақсыздық айыбын (айыппұл) төлеуді қоса алғанда, Республикалық комиссия ғылыми тағылымдаманы тағайындау туралы шешім шығарған күннен бастап конкурс жеңімпазына жұмсалған шығыстарды өтету арқылы Республикалық комиссияның ғылыми тағылымдамадан айыру туралы мәселені қарауына бастама жасайды. Бұл ретте жұмыс органы конкурс жеңімпаздарының ғылыми тағылымдамадан өтуіне жұмсалған, сондай-ақ әкімші алдында қаржылық берешегі бар адамдардың бюджет қаражатын қайтаруға байланысты жұмысты ұйымдастыру тәртібін әзірлейді және бекітеді.

      23. Шарт жасалғаннан және осы Қағидалардың 21-тармағы 3) тармақшасының талаптары орындалғаннан кейін әкімші конкурс жеңімпаздарын ғылыми тағылымдамадан өту үшін шетелдік ұйымдарға жіберуді және осы Қағидалардың 24-тармағына сәйкес ақша аударуды қамтамасыз етеді.

      24. Шарт конкурс жеңімпазының ғылыми тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру бойынша ғылыми тағылымдама тағайындалған күннен бастап туындаған бүкіл шығыстарды төлеуге байланысты ақша қаражатын аудару үшін негіз болып табылады.

5-тарау. Ғылыми тағылымдамадан өту тәртібі

      25. Ғылыми тағылымдамадан өту осы Қағидалардың 3-тармағына, сондай-ақ жасалған шарт талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Конкурс жеңімпаздарымен ғылыми тағылымдамадан өтуге, ғылыми тағылымдамадан өтуге даярлықты ұйымдастыруға, ғылыми тағылымдамадан өту бағдарламасының орындалуын мониторингтеуге және конкурс жеңімпаздарының еңбек қызметін (еңбекпен өтеуді) жүзеге асыруға, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды) қоса алғанда, ғылыми тағылымдамадан өту туралы Республикалық комиссия шешім шығарған күннен бастап конкурс жеңімпазына жұмсалған шығыстарды қаржыландыруға, өтеуге шарт жасасу тәртібін жұмыс органы әзірлейді және бекітеді.

      26. Конкурс жеңімпазы ғылыми тағылымдамадан осы Қағидалардың 9-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген ғылыми тағылымдамадан өту бағдарламасы бойынша өтеді.

      Мерзімі 6 (алты) айдан асатын ғылыми тағылымдамадан өткен жағдайда конкурс жеңімпазы әкімшіге ғылыми тағылымдама басталған күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң жұмыс органы бекітетін нысан бойынша ғылыми тағылымдамадан өту туралы аралық есепті ұсынады.

      27. Конкурс жеңімпазы ғылыми тағылымдамадан оралғаннан кейін 1 (бір) ай ішінде әкімшіге жұмыс органы бекітетін нысан бойынша қорытынды есепті тапсырады. Ғылыми тағылымдамадан өту туралы қорытынды есепті жұмыс беруші бекітеді және ашық ақпарат көздерінде орналастырады.

      Ғылыми тағылымдама туралы есеп ұсынылмаған жағдайда әкімші осы Қағидалардың 22-тармағына сәйкес жұмыс органының қарауына тағылымдамаға жұмсалған бюджет қаражаты конкурс жеңімпазының өтеуі туралы мәселені шығарады.

      28. Конкурс жеңімпазы шетелде ғылыми тағылымдамадан өтуді аяқтағаннан кейін жұмыс берушінің өтініміне сәйкес өзін тағылымдамаға жіберген ұйымда кемінде 3 (үш) жыл үздіксіз еңбек қызметін (еңбекпен өтеуді) жүзеге асырады.

      Жұмыс берушіні ауыстыру жұмыс беруші таратылған не қайта ұйымдастырылған кезде жүзеге асырылады.

      Шетелде ғылыми тағылымдамадан өтуді аяқтағаннан кейін конкурс жеңімпазының үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асыруын мониторингтеуді әкімші жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады