"Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, босқын куәлігін және жол жүру құжатын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 852 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 10 қазандағы № 806 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі № 758 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 01.09.2023 № 758 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, босқын куәлігін және жол жүру құжатын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 852 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, босқын куәлігін және жол жүру құжатын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларында:

      2-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) жеке басты куәландыратын құжат – жеке басты сәйкестендіру мақсатында оның иесінің жеке басын және құқықтық мәртебесін анықтауға мүмкіндік беретін, жеке тұлғаның дербес деректері туралы тіркелген ақпараты бар, материалдық жеткізгіште не осы Заңда айқындалған жағдайларда электрондық нысанда берілетін белгіленген үлгідегі құжат;";

      4, 8 және 41-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін уәкілетті мемлекеттік орган құжаттандырылатын адамның тұрақты тіркелген жері, сондай-ақ нақты болатын жері бойынша паспорт және (немесе) жеке куәлік жоғалған, мерзімінің өтуіне, неке қию (бұзу) бойынша тегін өзгертуіне, одан әрі пайдалануға жарамсыздығына, құжаттарды әзірлеудің жаңа технологиясына сәйкес олардың түр өзгерісіне байланысты ауыстырылған, Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлігі негізінде алғаш рет Қазақстан Республикасының азаматы паспортын алған, кәмелеттік жасқа толмаған балалар туу туралы куәлігі негізінде алғаш рет Қазақстан Республикасы азаматының паспортын және (немесе) жеке куәлігін алған жағдайларда береді.

      Жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеу себебіне қарамастан, құжатталатын (он төрт жасқа толған) адамдардың тұрақты тіркелгенін растауды уәкілетті орган ақпараттық жүйелер арқылы алады.

      Шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін құжаттандырылатын адам тұрақты тіркелген жердегі уәкілетті мемлекеттік орган береді.

      Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін уәкілетті мемлекеттік орган жеке басты куәландыратын құжаттарды (Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерінде ресімделген Қазақстан Республикасы азаматының паспорттарын қоспағанда) алуға өтінім берілген күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде береді және иесінің өзіне немесе оның заңды өкіліне табыс етеді. Шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін уәкілетті мемлекеттік орган жеке басты куәландыратын құжаттарды алуға өтінім берілген күннен бастап он жеті жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде береді және иесінің өзіне немесе оның заңды өкіліне табыс етеді.

      Жол жүру құжатын құжаттандырылатын адам есепке алынған жердегі уәкілетті мемлекеттік орган құжатты алуға өтінім берілген күннен бастап он жеті жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде береді және ол иесінің өзіне немесе оның заңды өкіліне табыс етіледі.

      Цифрлық құжаттар сервисі арқылы пайдаланылатын және уәкілетті органға ұсынылатын жеке басты куәландыратын құжаттар қағаз жеткізгіштегі құжаттарға тең.";

      "8. Қазақстан Республикасының мына азаматтарына:

      1) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұратындарға;

      2) шет мемлекеттердің аумағында орналасқан оқу орындарында білім алатындарға;

      3) шет мемлекеттерде еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндерге;

      4) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туған жағдайда кәмелетке толмағандарға;

      5) көрсетілген адамдармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне;

      6) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын шетелдіктің отбасы мүшелері болып табылатындарға;

      7) шетелдегі дипломатиялық қызмет персоналымен бірге тұратын дипломатиялық қызмет персоналының туыстарына;

      8) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасауға қабілетсіз адамдарға (қарттар) және организм функциялары бұзылып, тұрмыс-тіршілігін шектейтіндей тұрақты денсаулығы нашарлаған адамдарға, сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жақын туыстарын күтуді жүзеге асыратын адамдарға;

      9) шет мемлекеттің аумағында ұсталғандарға немесе күзетпен ұсталатындарға, қамауға алынатындарға, сондай-ақ пенитенциарлық мекемелерде жазасын өтеушілерге Қазақстан Республикасы азаматының паспорты Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелері арқылы ресімделеді.";

      "41. Қайтыс болған, сот қайтыс болды деп жариялаған адамдардың уәкілетті мемлекеттік органға тапсырылған жеке басын куәландыратын құжаттары Қағидалардың 47 және 48-тармақтарында көзделген тәртіппен жойылады.

      Уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамдары формулярларда иелерінің қайтыс болғаны туралы белгі қояды және ақпарат деректер базасына түзетулер енгізу үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне жібереді.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады