Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 2 желтоқсандағы № 971 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 2 желтоқсандағы
  № 971 қаулысына
қосымша
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі

      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ұмтыла отырып,

      Қазақстан Республикасында және Өзбекстан Республикасында тұратын Тараптар мемлекеттері азаматтарының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға үлкен мән бере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, ғылым саласындағы, оның ішінде:

      білім алушылармен, профессорлық-оқытушылық құраммен және ғылыми қызметкерлермен алмасу;

      Тараптар мемлекеттерінің жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету;

      кадрларды даярлау, профессорлық-оқытушылық құрамды және ғылыми қызметкерлерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру;

      бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу бағыттары бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге жәрдемдеседі.

2-бап

      Тараптар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары арасында оқыту сапасын арттыру мақсатында білім алушылармен, профессорлық-оқытушылық құраммен және ғылыми қызметкерлермен алмасу туралы шарттар жасасу арқылы және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелері арасында бірлескен зерттеулер жүргізу, оқулықтар, оқу бағдарламалары мен басқа да оқу-әдістемелік әдебиеттерді әзірлеу тікелей әріптестік байланыстар орнатуды және дамытуды қолдайды.

3-бап

      Тараптар мемлекеттерінің жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары мен ғылыми ұйымдарының екіжақты және көпжақты білім беру жобалары мен бағдарламаларын іске асыруға, сондай-ақ іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер, бірлескен инновациялық қызмет саласында өзара қатысуын қолдайды.

4-бап

      Тараптар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы нормативтік құқықтық актілермен, сондай-ақ жоғары білім беру жүйесін ұйымдастыру және дамыту мәселелері бойынша тәжірибемен тұрақты түрде алмасады. Осы мақсаттарда Тараптар мемлекеттерінің жауапты министрліктері мен ведомстволарының мамандарымен және сарапшыларымен алмасу жүзеге асырылатын болады.

5-бап

      Тараптар келісілген шарттарда Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының білім алушыларына, профессорлық-оқытушылық құрамына және ғылыми қызметкерлеріне Тараптар мемлекеттерінің жоғары білім беретін мекемелері өткізетін конкурстарға, олимпиадаларға, семинарлар мен конференцияларға қатысуға мүмкіндік береді.

6-бап

      Тараптар Өзбекстан Республикасының жоғары білім беру мекемелерінде қазақ тілін, әдебиеті мен мәдениетін және Қазақстан Республикасының жоғары білім беру мекемелерінде өзбек тілін, әдебиеті мен мәдениетін оқып-үйренуге және оқытуға қолдау көрсетеді.

7-бап

      Тараптар білім туралы құжаттарды тану мәселелері бойынша ақпарат алмасуға және консультациялар жүргізуге жәрдемдеседі.

8-бап

      Тараптар жыл сайын баламалы негізде 20 адамға дейін білім алушылармен алмасуды жүзеге асырады, оның ішінде бакалавриат бағдарламалары бойынша – 14 адам және магистратура бағдарламалары бойынша – 6 адам.

      Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын меңгеруді аяқтаған және қорытынды (мемлекеттік қорытынды) аттестаттаудан сәтті өткен білім алушыларға қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес білім туралы құжаттар беріледі.

      Бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша білім алушыларды алмасуға арналған бағыттардың тізбесін Тараптар жыл сайын 15 қаңтардан кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы хат алмасу жолымен айқындайтын болады.

9-бап

      Қабылдаушы Тарап осы Келісімнің 8-бабына сәйкес алмасуға қатысушыларды оқу үшін, оқу құралдарын, зерттеу жабдығын пайдаланғаны үшін төлемақыдан босатады және олардың:

      қабылдаушы Тарап мемлекетінде қолданылатын стандарттардың талаптарына сәйкес оқуын, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуін;

      болу мемлекетінің азаматтарымен тең жағдайда бос орындар болған кезде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жатақханасында тұруын;

      Тараптар мемлекеттерінің денсаулық сақтау саласындағы қолданыстағы ұлттық заңнамасы шеңберінде медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді (алмасуға қатысушылар қажет болған кезде медициналық сақтандыруды өз бетінше сатып алады).

      Қабылдаушы Тарап алмасуға қатысушыларға қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасында белгіленген мөлшерде стипендия төлейді.

      Көлік шығыстарын төлеу алмасуға қатысушылардың өз қаражаты есебінен жүргізіледі.

10-бап

      Жіберуші Тарап жыл сайын 30 мамырдан кешіктірмей қабылдаушы Тарапқа осы Келісімнің 8-бабына сәйкес ұсыныстар мен оқуға кандидаттардың қажетті құжаттарын ұсынады.

      Қабылдаушы Тарап жыл сайын 15 тамызға дейін жіберуші Тарапты кандидаттарды оқуға қабылдау мүмкіндігі туралы хабардар етеді, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің қабылдаушы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының атауларын хабарлайды.

      Жіберуші Тарап қабылдаушы Тарапқа оқу басталғанға дейін екі апта бұрын алмасуға қатысушылардың келетін күнін хабарлайды.

      Білім алушылардың оқу мерзімін қабылдаушы Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес айқындайды.

11-бап

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

12-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындайтын келіспеушіліктер Тараптар арасында консультациялар немесе келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.

13-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін осы Келісімнің 14-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

14-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім бес (5) жыл мерзімге жасалады. Егер Тараптардың біреуі кезекті бес жылдық кезеңнің аяқталуына дейін кемінде (6) алты ай бұрын екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаса, осы Келісімнің қолданысы келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.

      20____ жылғы "____"       ______________ қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады