Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Доминикан Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелері үшін визалық талаптарды жою туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 қаңтардағы № 22 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2022 жылғы 22 қыркүйекте Нью-Йоркте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Доминикан Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелері үшін визалық талаптарды жою туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Ескерту. Нормативтік құқықтық актіге қоса тіркелген халықаралық Келісімнің мәтіні ресми болып табылмайды. ҚР халықаралық Келісімінің жасасқан тілдердегі ресми куәландырылған көшірмесін ҚР халықаралық Келісімдерін тіркеуге, есептеуге және сақтауға жауапты ҚР Сыртқы істер министрлігінен алуға болады
  Қазақстан Республикасы Үкіметінің
  2023 жылғы 17 қаңтардағы
№ 22 қаулысымен
  бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Доминикан Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелері үшін визалық талаптарды жою туралы келісім

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Доминикан Республикасының Үкіметі

      Тараптар арасындағы достық қатынастарды нығайтуға ықпал ету ниетін басшылыққа ала отырып, дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспорттардың иелері үшін Қазақстан Республикасы мен Доминикан Республикасы арасында сапарлар шарттарын оңайлату мақсатында

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Қазақстан Республикасының жарамды дипломатиялық немесе қызметтік паспорттарының иелері Доминикан Республикасының аумағына келген сәттен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын кезеңге Доминикан Республикасының аумағына келу, онда болу, транзитпен өту және кету үшін виза алу талаптарынан босатылады.

      2. Доминикан Республикасының жарамды дипломатиялық немесе қызметтік паспорттарының иелері Қазақстан Республикасының аумағына келген сәттен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын кезеңге Қазақстан Республикасының аумағына келу, онда болу, транзитпен өту және кету үшін виза алу талаптарынан босатылады.

      3. Жарамды дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспорттары бар кез келген Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен асатын кезең ішінде болуға ниет білдірген немесе болу мемлекетінің аумағында зерттеуді жүзеге асыруға немесе ақы төленетін қызметке қатысуға ниет білдірушілер екінші Тарап мемлекетінің аумағында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерден немесе консулдық мекемелерден виза алуға тиіс.

2-бап

      1. Жарамды дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспорттары бар дипломатиялық өкілдік персоналының мүшелері ретінде аккредиттелген екі Тарап мемлекеттерінің азаматтары, консулдық мекеменің немесе халықаралық ұйымның қызметкерлері Тараптар мемлекеттерінің аумағына олар аккредитацияланған кезеңде визаны ресімдемей келе алады, онда бола алады және кете алады.

      2. Құзыретті орган 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының 10-бабына және 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының 24-бабына, сондай-ақ мемлекеттер қатысушылары болып табылатын шарттарға сәйкес аккредиттеу туралы тиісті хабарламаны келген күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей береді.

      3. Дипломатиялық өкілдіктердің персоналы, консулдық мекемелер немесе халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспорттары бар отбасы мүшелері дипломатиялық өкілдіктердің персоналы, консулдық мекемелер немесе халықаралық ұйымдар қызметкерлері аккредитацияланған кезеңде екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келуге, онда болуға, транзитпен өтуге және кетуге құқылы.

3-бап

      1. 1 және 2-баптарда көрсетілген паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына халықаралық жолаушылар қатынасына арналған барлық өткізу пункттері арқылы кіруге құқылы.

      2. Осы Келісімде белгіленген визалық талаптардың күшін жою Тараптардың кез келгенінің болу мемлекетінің заңнамасына сәйкес екінші Тарап мемлекеті азаматтарының болуынан бас тарту, қайтарып алу немесе қысқарту құқығын шектемейді.

      3. Осы Келісім жарамды дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспорттары бар екі Тарап мемлекеттерінің азаматтарын екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған кезең ішінде 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясы мен 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясы, сондай-ақ мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттар кепілдік берген артықшылықтар мен иммунитеттерге нұқсан келтірмей, оның заңнамасын сақтау міндетінен босатпайды.

4-бап

      1. Тараптар осы Келісімге қол қойылғаннан кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде өздерінің жарамды дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспорттарының үлгілерімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады.

      2. Дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспорттар өзгерген немесе жаңасы енгізілген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы өзгертілген немесе жаңа паспорттардың үлгілерімен олар бекітілгенге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын алмасады.

5-бап

      Екінші Тарап мемлекетінің аумағында дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспортты иесі жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме қабылдаушы Тарап мемлекетінің тиісті органдарын дереу хабардар етуге, сондай-ақ қысқа мерзімде өз мемлекетінің азаматына қолданыстағы жаңа дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспорттарды немесе жеке басын растайтын басқа да тиісті құжаттарды беруге міндеттенеді.

6-бап

      1. Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе халықтың денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданылуын белгісіз мерзімге толық немесе ішінара тоқтата тұруға құқылы. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру туралы шешім туралы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы дереу екінші Тарапқа жіберіледі.

      2. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатыла тұрған себептері жойылған жағдайда оның қолданылуын тоқтата тұрған Тарап бұл туралы екінші Тарапты хабардар етеді. Осы Келісімнің қолданылуы осындай хабарламаны алған күннен бастап 5 (бес) күн өткеннен кейін қайта басталады.

7-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер мен толықтырулар 9-баптың 1-тармағында айқындалған шарттарға сәйкес күшіне енеді.

8-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға байланысты туындайтын кез келген келіспеушілік дипломатиялық арналар арқылы Тараптар арасындағы консультациялар және/немесе келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешіледі.

9-бап

      3. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.

      4. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады.

      5. Тараптар кез келген уақытта оның қолданылуын тоқтатудың болжамды күніне дейін күнтізбелік 90 (тоқсан) күн бұрын екінші Тарапқа өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар бойынша жіберу арқылы осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады.

      2022 жылғы "22" қыркүйекте Нью-Йорк қаласында әрқайсысы қазақ, испан, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтық болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Доминикан РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады