Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2022 жылғы 22 қыркүйекте Нью-Йоркте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Доминикан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Доминикан Республикасы азаматтарының қысқа мерзімді визасыз сапарлары туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Доминикан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Доминикан Республикасы азаматтарының қысқа мерзімді визасыз сапарлары туралы келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Доминикан Республикасының Үкіметі,
Тараптар мемлекеттері азаматтарының, ұлттық және жалпыазаматтық паспорттар иелерінің тек туристік мақсаттағы өзара сапарларына ықпал етуге ниет білдіре отырып,
достық қарым-қатынастарды нығайту, туризм саласында екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Бір Тарап мемлекетінің азаматтары, жарамды ұлттық немесе жалпыазаматтық паспорт иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына тек туристік мақсатта келуге, транзитпен өтуге, онда болуға және одан кетуге 60 (алпыс) күннен аспайтын мерзімге виза алудан босатылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген паспорттар қолдану мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 (үш) ай қолданыста болуға тиіс.
2-бап
Туризмнен басқа өзге мақсатпен екінші Тарап мемлекетінің аумағында 60 (алпыс) күннен асатын кезеңге келуге ниет білдіріп отырған бір Тарап мемлекетінің азаматтары, жарамды ұлттық немесе жалпыазаматтық паспорттар иелері визалық талаптардан босатылмайды және тиісті дипломатиялық немесе консулдық мекемелерде қажетті визаны алады.
3-бап
Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына барлық халықаралық жолаушылар қатынасына арналған өткізу пункттері арқылы кіре алады, транзитпен өте алады және кете алады.
4-бап
Осы Келісім Тараптардың әрқайсысы мемлекеттерінің азаматтарын олардың болу кезеңінде Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің қолданыстағы ұлттық заңнамасын құрметтеу және сақтау міндеттемелерінен босатпайды.
5-бап
Осы Келісім екі Тарап мемлекеттерінің құзыретті органдарының өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес кіруі және болуы қолайсыз деп танылған адамдардың өз мемлекеттерінің аумағына келуінен немесе онда болуынан бас тарту құқықтарын қозғамайды.
6-бап
1. Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауiпсiздiкті, қоғамдық тәртiп пен денсаулық сақтауды қамтамасыз ету мүддесінде осы Келісімнің қолданысын толық немесе ішінара тоқтата алады. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату немесе қалпына келтіру туралы шешім дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде екінші Тарапқа кідіртпей жолданады және дереу күшіне енеді. Тараптардың әрқайсысы мемлекеттерінің азаматтары бұл туралы хабарланған кезден бастап келесі қырық сегіз сағат ішінде келгеннен кейін визаны қолдана алады. Бұл ретте осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру екінші Тарап мемлекетінің аумағында жүрген осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген азаматтардың құқықтық жағдайына әсер етпейді.
2. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұруға негіз болған себептер жойылғаннан кейін оның қолданысын тоқтата тұрған Тарап бұл туралы екінші Тарапты хабардар етеді. Осы Келісімнің қолданысы мұндай хабар алынғаннан кейін 5 (бес) күн өткеннен кейін қалпына келтіріледі.
7-бап
1. Тараптар жарамды ұлттық немесе жалпыазаматтық паспорттардың үлгілерімен осы Келісімге қол қойылғаннан кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
2. Ұлттық немесе жалпыазаматтық паспорттар өзгерген немесе жаңалары бекітілген жағдайда Тараптар өзгерген немесе жаңа паспорттардың үлгілерімен олар күшіне енгенге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
8-бап
Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болу кезінде жарамды паспорттарын жоғалтқан, ұрлатқан немесе бүлдірген жағдайда азаматтары болып табылатын мемлекеттің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі берген жаңа жарамды ұлттық немесе жалпыазаматтық паспорттардың немесе өзі азаматы болып табылатын мемлекетке қайтуға құқық беретін куәліктер негізінде осы мемлекеттің аумағынан кете алады.
9-бап
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен рәсімделеді. Осындай өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің 11-бабының 1-тармағында айқындалған талаптарға сәйкес күшіне енеді.
10-бап
Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты туындайтын кез келген келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар және (немесе) келіссөздер арқылы дипломатиялық арналар арқылы бейбіт жолмен шешіледі.
11-бап
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген кезеңге жасалады.
3. Тараптар кез келген уақытта екінші Тарапқа қолданысын тоқтатудың болжамды күніне дейін күнтізбелік 90 (тоқсан) күн бұрын дипломатиялық арналар арқылы өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады.
2022 жылғы "22" қыркүйекте Нью-Йорк қаласында әрқайсысы қазақ, испан, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің мәтіндері арасында ауытқушылықтар туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Доминикан РеспубликасыныңҮкіметі үшін |