Соттардың төрелік заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2023 жылғы 2 қарашадағы № 3 Нормативтік қаулысы.

      Соттардың төрелік заңнаманы қолдануы кезінде сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсініктемелер беруге қаулы етеді.

      1. Төрелік азаматтық-құқықтық дауларды шешудің балама тәсілі болып табылады.

      Тараптардың азаматтық-құқықтық дауды төрелікке қарауға беру құқығы Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 13-бабының 1-тармағында, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 9-бабының 1-тармағында көзделген.

      Тараптардың еркінің дербестігі, заңдылық, тәуелсіздік, жарыспалылық және тең құқықтылық, әділеттілік, құпиялылық, төрелік келісімнің дербестігі қағидаттарын сақтау төрелік талқылаудың ерекшеліктері болып табылады ("Төрелік туралы" 2016 жылғы 8 сәуірдегі № 488-V Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы (бұдан әрі–Төрелік туралы заң).

      2. Істерді соттарда қарау рәсімін құқықтық реттеуден төрелік талқылауды құқықтық реттеу ерекшеленеді.

      Төрелік талқылауды жүзеге асырған кезде төрешілер Конституцияны, Қазақстан Республикасы келісім білдірген халықаралық шарттарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де халықаралық міндеттемелерін, Төрелік туралы заңды, төрелік келісімді, төрелік регламентін басшылыққа алады.

      Төрешілер құқықты қолдану кезінде Төрелік туралы заңның 5-бабы 2) тармақшасының, 44-бабының нормаларын басшылыққа алады.

      Тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде, сондай-ақ Төрелік туралы заңның ережелерінде айқындалмаған және тараптармен келісілмеген төрелік талқылау қағидаларын төрешілер айқындайды.

      Төрелік Конституцияда айқындалған соттар жүйесіне кірмейді, сондықтан дауларды қараған кезде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) нормаларының әрекеті, егер АПК-де өзгеше көзделмесе, төрелік келісімде және төрелік регламентінде белгіленген төрелік талқылау рәсіміне қолданылмайды.

      Мынадай:

      құзыреттің аражігін ажырату (төрелік ескертпе болған кезде, егер заңда өзгеше көзделмесе, сот дауды қарауға құқылы емес);

      қамтамасыз ету шараларын ұсынуға және дәлелдемелер алуға жәрдемдесу үшін құзыретті сотқа жүгіну;

      төрелік шешімдердің күшін жою;

      төрелік шешімдерді тану және мәжбүрлеп орындату жағдайларында төрелік АПК-ні қолдануға тиіс екенін назарда ұстаған жөн.

      3. Төрелік шешімдердің күшін жою туралы өтінішхаттарды қарауды соттар жүзеге асырады, осыған байланысты оларды қарау кезінде Конституция, Қазақстан Республикасы келісім білдірген халықаралық шарттардың, сондай-ақ Республиканың өзге де халықаралық міндеттемелерінің нормалары, АК, АПК, Төрелік туралы заң, өзге де заңдар мен нормативтік құқықтық актілер құқықтық негіз болады.

      Қазақстан Республикасының төреліктері шығарған төрелік шешімдерді мәжбүрлеп орындату туралы арыздарды қараған кезде соттар Конституцияны, Қазақстан Республикасы келісім білдірген халықаралық шарттардың, сондай-ақ Республиканың өзге де халықаралық міндеттемелерінің нормаларын, АПК-ні, Төрелік туралы заңды, "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі – Атқарушылық іс жүргізу туралы заң) және басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.

      Шетелдік төреліктердің төрелік шешімдерін мәжбүрлеп орындату туралы арыздарды қараған кезде Қазақстан Республикасы келісім білдірген халықаралық шарттардың, сондай-ақ Республиканың өзге де халықаралық міндеттемелерінің нормалары, АПК және басқа да нормативтік құқықтық актілер қолданылады.

      4. Қазақстан Республикасы келісім білдірген халықаралық шарттар, оның ішінде мыналар болып табылады:

      Шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындау туралы конвенция (Нью-Йорк, 1958 жылғы 10 маусым, Қазақстан Республикасы үшін 1996 жылғы 18 ақпанда күшіне енген) (бұдан әрі – Нью-Йорк конвенциясы);

      Сыртқы сауда төрелігі туралы Еуропалық конвенция (Женева, 1961 жылғы 21 сәуір, Қазақстан Республикасы оған 1995 жылғы 20 қарашада қосылды) (бұдан әрі – Еуропалық конвенция);

      Мемлекеттер мен шетелдік тұлғалар арасындағы инвестициялық дауларды шешу тәртібі туралы Вашингтон конвенциясы (Вашингтон, 1965 жылғы 18 наурыз, Қазақстан Республикасы үшін 2000 жылғы 21 қазанда күшіне енген) (бұдан әрі – Вашингтон конвенциясы).

      Нью-Йорк конвенциясы жеке, сонымен қатар заңды тұлғалар да тараптары болуы мүмкін даулар бойынша осындай шешімдерді тану және орындау сұралатын мемлекеттен өзге мемлекеттің аумағында шығарылған төрелік шешімдерді тануға және орындауға қатысты қолданылады. Сонымен қатар ол тану және орындау сұралатын мемлекетте ішкі шешімдер болып саналмайтын төрелік шешімдерге де қолданылады (Нью-Йорк конвенциясының 1-бабының 1-тармағы).

      Еуропалық конвенция төрелік келісім жасалу сәтінде әртүрлі Уағдаласушы мемлекеттерде тұрақты тұрғылықты жері немесе тиісінше өзінің орналасқан жері бар жеке, сонымен қатар заңды тұлғалардың сыртқы сауда жөніндегі операцияларды жүзеге асыру кезінде туындайтын дауларды төрелік тәртіппен шешу туралы төрелік келісімдерге, сондай-ақ осындай төрелік келісімдерге негізделген төрелік процестер мен шешімдерге қолданылады (Еуропалық конвенцияның 1-бабының 1-тармағы).

      Вашингтон конвенциясы Мемлекеттердің, басқа мемлекеттердің жеке және заңды тұлғаларының арасындағы инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың шешімдерін орындауға қолданылады.

      Қазақстан Республикасы келісім білдірген конвенциялар мен басқа да халықаралық шарттарды қолданған кезде соттар олардың қолданылу аясын ескергені, сондай-ақ осы халықаралық шарттарға қатысушы мемлекеттердің мәртебесін және ескертпелердің бар-жоғын тексергені жөн.

      5. Төрелік шешімдерді тану және орындау тәртібі туралы ережелер Қазақстан Республикасы ратификациялаған Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттермен екіжақты халықаралық келісімдерінде қамтылуы мүмкін.

      Нью-Йорк конвенциясының 7 бабының ережелеріне байланысты "осы Конвенцияның қаулылары Уағдаласушы Мемлекеттер жасасқан төрелік шешімдерді тануға және орындауға қатысты көпжақты немесе екіжақты келісімдердің жарамдылығын қозғамайды және ешқандай мүдделі тарапты заңда немесе мұндай төрелік шешімді тану және орындау сұралатын елдің халықаралық шарттарында жол берілетін тәртіппен және шектерде кез келген төрелік шешімді пайдалану құқығынан айырмайды.".

      6. Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімнің (Киев, 1992 жылғы 20 наурыз), Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенцияның (Минск, 1993 жылғы 22 қаңтар), Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенцияның (Кишинев, 2002 жылғы 7 қазан) ережелері шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындау мәселелерін реттемейді.

      7. Шетелдік халықаралық коммерциялық немесе инвестициялық төрелік шығарған төрелік шешімдер Қазақстан Республикасының соттарында АПК-де көзделген тәртіппен шағымдануға және қарауға жатпайды.

      8. Төрелік тараптардың келісімі бойынша жеке және (немесе) заңды тұлғалар арасындағы азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды қарайды.

      Төрелікке ведомстволық бағынысты емес даулардың тізбесі Төрелік туралы заңның 8-бабының 8, 9, 10-тармақтарында көзделген.

      Көрсетілген норманы ескере отырып, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар (мысалы, салық, кеден және т.б.) төреліктің қарауына жатпайды.

      Мүліктік қатынастармен байланысты емес жеке мүліктік емес қатынастардан туындайтын даулар, оның ішінде АК-нің 141-бабының 2-тармағына байланысты моральдық зиянды өтеу туралы, ар-намысты, қадір-қасиетті, іскерлік беделді қорғау туралы талап қоюлар және басқалары төреліктің қарауына жатпайды.

      9. Мемлекеттік органдар, мемлекеттік кәсіпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғалар қатысатын даулардың төреліктің соттылығына жататындығы туралы мәселені шешу кезінде мынадай шарттар сақталуға тиіс:

      дау азаматтық-құқықтық болуға тиіс;

      даудың екінші тарапы жеке және (немесе) заңды тұлға болуға тиіс;

      тараптар арасында төрелік келісім жасалуы тиіс;

      тиісті саланың уәкілетті органының (республикалық мүлікке қатысты) немесе жергілікті атқарушы органның (коммуналдық мүлікке қатысты) арнайы келісімі алынуға тиіс.

      Мемлекеттік органдар, мемлекеттік кәсіпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының бейрезиденттерімен төрелік келісімдер жасасқан кезде мұндай келісімді алу талап етілмейді.

      Төрелік келісімді тиісті саланың уәкілетті органы болып табылатын мемлекеттік орган жасаған жағдайда, мемлекеттік органдардың бағыныстылығы мәселелерін регламенттейтін заңнама нормаларын басшылыққа алған жөн, осылайша Конституцияға және "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы № 413-IV Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі министрлік үшін уәкілетті орган болып табылады.

      Бұл ретте соттар Төрелік туралы заңның 8-бабының тиісті саланың уәкілетті органының (республикалық мүлікке қатысты) немесе жергілікті атқарушы органның (коммуналдық мүлікке қатысты) келісімінің болуы туралы 10-тармағы Төрелік туралы заң қолданысқа енгізілгеннен кейін жасалған төрелік келісімдерге ғана қолданылатынын ескеруге тиіс (АК-нің 4-бабы, "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Құқықтық актілер туралы заң) 43-бабының 1, 2-тармақтары).

      Төрелік туралы заңның 8-бабының 10-тармағында Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін кез келген төрелікке (тұрақты жұмыс істейтін немесе нақты дауды қарау үшін құрылған) қатысты уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның келісімінің болуы қажеттігі туралы императивті талап қамтылған.

      10. Төрелік келісім болған кезде тараптар төрелікке жүгінуге құқылы.

      Төрелік келісім – бұл тараптардың азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған немесе туындауы мүмкін дауды төрелікке қарауға беру туралы жазбаша келісімі.

      Төрелік келісім:

      тараптар қол қойған құжатта төрелік ескертпе (әдетте, төрелік ескертпе негізгі шарттың мәтініне енгізіледі);

      негізгі шартқа тәуелсіз дербес төрелік келісім;

      хаттар, жеделхаттар, телефонограммалар, факстер, электрондық құжаттар немесе субъектілердің құрамы мен олардың ерік білдіру мазмұнын айқындайтын өзге де құжаттар алмасу арқылы жасалатын төрелік келісім;

      тараптардың бірі келісімнің бар екенін растаса, ал екінші тарап бұған қарсы болмаса, талап қоюлармен және талап қоюға пікірмен алмасу арқылы жасалатын төрелік келісім;

      шарт жазбаша нысанда жасалған және бұл сілтеме төрелік келісімді шарттың бір бөлігі ретінде қарастырған жағдайда, оның мазмұнынан дауды төреліктің шешіміне беру туралы құжатқа шартта сілтемелер жасау арқылы жасалуы мүмкін (Төрелік туралы заңның 9-бабы).

      Төрелік келісімнің жарамдылығы немесе жарамсыздығы туралы мәселе тараптар тиісті төрелік келісімді жасауға негізге алған құқық бойынша шешілуге тиіс.

      Төрелік келісімде мұндай сілтеме болмағанда, сот төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты қараған кезде төрелік келісімнің жарамдылығы немесе жарамсыздығы Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша айқындалдады.

      11. Төрелік келісімге АК-нің шарттар туралы нормалары қолданылады.

      Төрелік келісімнің шарттарын тараптар келісім бойынша айқындайды.

      АК-нің 393-бабының 1-тармағына сәйкес тараптар арасында шарттың барлық елеулi ережелері бойынша тиiстi жағдайларда талап етiлетiн нысанда келiсiмге қол жеткен кезде шарт жасалды деп есептеледi.

      Төрелік келісімнің нысанасына тараптардың осы немесе өзге де дауды төреліктің қарауына беру міндеті жатады, сондықтан төрелік келісімде тараптар бұрыннан туындаған немесе туындауы мүмкін дауды қарауға беруге шешім қабылдаған төрелікті дараландыруға мүмкіндік беретін мәліметтер болуы тиіс. Төрелік келісімде мұндай мәліметтер болмаған кезде, сондай-ақ толықтырушы нормаларды (атап айтқанда, Сыртқы сауда төрелігі туралы Еуропалық конвенцияның ережелерін) қолдану мүмкін болмаған кезде мұндай төрелік келісімді жасалмады деп есептеген жөн.

      Еуропалық конвенцияның 1-бабында конвенцияны қолдану жағдайлары көзделген, оның 4-бабы, егер тараптар дау қаралатын нақты төрелікті көрсетпеген жағдайда, төрелікті дараландыру тетігін қамтиды.

      Еуропалық конвенцияның 4-бабының мағынасынан: "егер тараптар олардың арасында туындауы мүмкін дауларды тұрақты төрелік органның қарауына беруді көздесе, бірақ бұл органды тағайындамаса және бұл жөніндегі келісімге қол жеткізбесе, онда талап қоюшы, егер тараптар төреліктің орны туралы уағдаласса, өз таңдауы бойынша не тараптармен келісілген төрелік орнындағы Құзыретті сауда палатасының төрағасына, не істі төрелікке беру туралы арыз берген сәтте ол тұратын немесе өзінің орналасқан жері бар жауапкер елдің құзыретті сауда палатасының төрағасына: не құрамы мен қызметінің сипаты Конвенцияға қосымшада айқындалған Арнаулы комитетке осындай тағайындау туралы арыз жібере алады. Егер талап қоюшы өзіне берілген құқықтарды пайдаланбаса, жауапкер немесе төрешілер бұл құқықтарды пайдалана алады.".

      12. Төрелік туралы заңның 8-бабының 7-тармағына сәйкес төрелік келісімнің қолданысы тараптардың келісімімен оны қандай тәртіппен жасаса, сондай тәртіппен тоқтатылуы мүмкін.

      Төрелік туралы заңның 10-бабының бірінші бөлігіне сәйкес төрелiк талқылау нысанасы бойынша талап қою берiлген сот, егер төрелік келiсiм жарамсыз, күшiн жойған немесе орындалуы мүмкін емес деп таппаса, егер тараптардың кез келгенi бұл туралы өтiнсе, даудың мәнi бойынша өзiнiң алғашқы өтiнiшiн ұсынудан кешiктiрмей тараптарды төрелікке жiберуге тиiс.

      Мұндай жағдайда судья (сот) талап қоюды АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 7) тармақшасына немесе АПК-нің 279-бабының 5) тармақшасына сілтеме жасап қайтарады.

      Талап қоюды қайтару немесе оны қараусыз қалдыру үшін судья (сот) кез келген тараптың даудың мәнi бойынша өзiнiң алғашқы өтiнiшiн ұсынудан кешiктiрмей жүзеге асырған, тараптарды төрелікке жіберу туралы арызының бар-жоғын анықтауы, сонымен қатар мына мәселелерді: төрелік келісімнің жарамдылығын, оның күшінің жойылмағанын және орындалу мүмкіндігін зерделеуі тиіс.

      Төрелік өзіне шешуге берілген дауды қарауға өкiлеттiктepi (юрисдикциясы) бар немесе жоқ екендiгi туралы мәселенi, оның iшiнде тараптардың бiрi төрелiк келiсiм жарамсыз деген себеппен төрелiк талқылауға қарсылық бiлдiрген жағдайда дербес шешедi.

      Төрелік туралы заңның 20-бабының 2-тармағы тараптың төрелікке шешуге берілген дауды төреліктің қарауға өкілеттіктерінің жоқтығы туралы мәлімдеуге құқығы болатын мерзімді белгілейді. Көрсетілген құқық даудың мәнi бойынша алғашқы өтiнiш берiлгенге дейiн ғана іске асырылуы мүмкін. Төрелік туралы заң мұндай арыздың нысанын (даудың мәні бойынша пікір, ауызша түсініктемелер) анықтамайды. Бұл мәселені регламенттің ережелерін, сондай-ақ істің мән-жайларын ескере отырып, төрелік құрамы шешуге тиіс.

      Төрелік туралы заңның 10-бабының екінші бөлігінен Төрелік туралы заңның 10-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген талап қоюдың берілгеніне қарамастан, сот төрелік талқылау нысанасы оның соттылығына жататыны туралы мәселені қарағанша, төрелік талқылау басталуы немесе жалғастырылуы және төрелік шешім шығарылуы мүмкін.

      13. Жарамсыз төрелік келісімнен төрелік келісім өзінің қолданысын тоқтатқан, күшін жойған немесе оның орындалуы мүмкін емес жағдайларды ажыратқан жөн.

      Төрелік келісімнің күші жойылуының мысалы ретінде төрелік келісімнің қолданыс мерзімінің аяқталуы немесе оның жойылатын жағдайының туындауы болып табылады.

      Төрелік келісімді орындау мүмкін еместігі, мысалы, даудың туындау сәтінде төрелік ескертпеде көзделген тұрақты жұмыс істейтін төрелік өзінің жұмыс істеуін тоқтатқан жағдайда болуы мүмкін.

      Төрелік келісімнің дербестігі қағидаттарын қолдануға байланысты негізгі келісімнің күшінің жойылуы, өзгеруі немесе жарамсыз деп танылуы төрелік ескертпені тоқтатуға, өзгертуге немесе жарамсыз деп тануға әкеп соқтырмайды.

      14. Төрелік туралы заңның (2019 жылғы 3 ақпанға дейінгі редакцияда) 8-бабының 4-тармағына сәйкес талаптарын тараптардың бірі формулярларда немесе өзге стандартты нысандарда айқындаған және басқа тарап ұсынылған шартқа тұтастай қосылуы (қосылу шарты) арқылы ғана қабылдауы мүмкін болған шарт бойынша төрелік келісім дау, егер мұндай келісім талап қою үшін негіздер туындағаннан кейін жасалса, жарамды болады.

      Төрелік ескертпе шартқа талап қою үшін негіздер туындағанға дейін енгізілген жағдайда мұндай төрелік келісім жарамсыз болады.

      15. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 21 қаңтардағы № 217-VI Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – 2019 жылғы 21 қаңтардағы № 217-VI Заң) Төрелік туралы заңның 8-бабының 4-тармағына толықтырулар енгізілген, олар бойынша коммерциялық ұйым мен дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлға арасындағы қарыз шарты бойынша дауды шешу туралы төрелік келісім, егер мұндай келісім талап қою үшін негіздер туындағаннан кейін жасалса, жарамды болатыны көзделген.

      Осы нормалар 2019 жылғы 2 ақпаннан кейін жасалған төрелік келісімдерге қолданылады, өйткені заңда оның кері күші туралы ереже көрсетілмеген (АК-нің 4-бабы, Құқықтық актілер туралы заңның 43-бабының 1, 2-тармақтары).

      Жоғарыда көрсетілген қарыз шартынан туындайтын дауды төрелікте шешу үшін дау туындағаннан кейін қосымша келісіммен ресімделуі мүмкін төрелік келісім жасасу қажет.

      Коммерциялық ұйым мен дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлға арасында 2019 жылғы 3 ақпанға дейін жасалған және төрелік ескертпесі бар қарыз шарттары бойынша даулар тараптардың келісімінде айқындалған төрелікте қаралуға жатады.

      16. АК-нің 339-бабының 1-тармағына сәйкес міндеттеме негізінде кредиторға тиесілі құқық (талап) оларға мәміле бойынша басқа тұлғаға берілуі (талапты басқаға беру) немесе заңнамалық акт негізінде басқа тұлғаға өтуі мүмкін.

      Кредитордың басқа тұлғаға берілген құқықтарының көлемін бағалау кезінде АК-нің 341-бабының ережелерін басшылыққа алу қажет.

      АК-нің 341-бабына сәйкес, егер заңнамалық актілерде немесе шартта өзгеше көзделмесе, бастапқы кредитордың құқығы жаңа кредиторға құқықтың ауысуы кезінде болған көлемде және сондай жағдайларда ауысады. Атап айтқанда, жаңа кредиторға міндеттемені орындауды қамтамасыз ететін, сондай-ақ басқа да құқықты, оның ішінде алынбаған сыйақыға (мүддеге) құқықты талап етуге байланысты құқықтар ауысады.

      Осыған байланысты алғашқы кредитор мен қарыз алушы арасындағы жазбаша шартта көзделген төрелік ескертпе осы шарттың бір бөлігі және тараптардың орындауына жататын міндеттеме болып табылады, бұл тарапқа дау туындаған жағдайда төрелікке талап қоюмен жүгінуге құқық береді.

      Тараптар цессия шартында тараптардың шартта бұрын келісілген төрелік ескертпе туралы талапты алып тастау жөніндегі шешімге келгенін білдіретін ескертпелерді көздеген кезде ерекшеліктер болуы мүмкін.

      17. Төрелік туралы заңның 21-бабының 1-тармағы төрелік талқылауды тұрақты жұмыс істейтін төрелік өзінің регламентіне және төрелік келісімге сәйкес жүзеге асыратынын көздейді.

      Төрелік туралы заңның 8-бабының 6-тармағына сәйкес, егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, дауды тұрақты жұмыс істейтін төрелікке беру кезінде тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламенті төрелік келісімнің ажырамас бір бөлігі ретінде қаралады. Бұл ереже Төрелік туралы заңда диспозитивті нормалар қамтылған және тараптарға төрелік келісімде Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгілеуге мүмкіндік берген жағдайларда қолданылады.

      18. Соттылық туралы мәселелерді шешкен кезде соттар төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхаттың, егер мұндай төрелік Қазақстан Республикасының аумағында болса, тұрақты жұмыс істейтін төреліктің орналасқан жері бойынша апелляциялық сатыдағы тиісті сотқа берілетінін ескеруі қажет.

      Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арыз жалпы юрисдикция сотына беріледі.

      Егер төрелік талқылаудың тараптары заңды тұлғалар немесе заңды тұлға құрмай-ақ дара кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар, заңды тұлғалар болса, онда төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арыз АПК-нің 253-бөлігінің бірінші бөлігінде, 503-бабының бірінші бөлігінде белгіленген соттылыққа сәйкес мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа беріледі.

      19. Төрелік талқылаудың тарапы үшінші тұлға апелляциялық сатыдағы сотқа төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатпен жүгіне отырып, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 610-бабы 1-тармағының 9) тармақшасына сәйкес мемлекеттік бажды төлеуге міндетті.

      Өндіріп алушы (төрелік талқылау тарапы) бірінші сатыдағы сотқа төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы атқару парағын беру туралы арызбен жүгіне отырып, Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 11) тармақшасының негізінде мемлекеттік бажды төлейді.

      Мемлекеттік баждың төленбеуі не толық көлемде төленбеуі АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасының негізінде жоғарыда көрсетілген өтінішхаттарды және арызды қабылдау сатысында оларды қайтару үшін негіз болып табылады.

      20. АПК нормалары, сондай-ақ Төрелік туралы заң төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатпен, төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арызбен жүгіну субъектілерін айқындайды.

      Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат беруге төрелік талқылаудың тараптары мен үшінші тұлғалардың құқығы бар (АПК-нің 464-бабының бірінші бөлігі, Төрелік туралы заңның 52-бабының 1-тармағы).

      Іске қатысуға тартылмаған, бірақ құқықтары мен міндеттеріне қатысты төрелік шешім қабылдаған тұлға үшінші тұлға болып табылады.

      Өндіріп алушының, яғни төрелік талқылау тарапының төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арызбен жүгінуге құқығы бар (АПК-нің 253-бабының бірінші бөлігі).

      Сондықтан, егер тиісті емес адам өтінішхатпен, арызбен жүгінсе, сот өтінішхатты, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы сот актісін шығарады.

      21. Өкілдер қол қойған төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты, төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арызды қабылдау туралы мәселені шешкен кезде сот олардың аталған әрекеттерді жасауға өкілеттіктерін тексеруі тиіс.

      Өкілдің өкілеттігі АПК-нің 58-бабының, 60-бабы бірінші бөлігінің және 61-бабының талаптарына сәйкес келетін сенімхатта көрсетілуге тиіс.

      Адвокат болып табылатын өкіл сенімхатпен бірге қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарлама мен адвокат куәлігінің көшірмесін, ал заң консультанты заң консультанттары палатасына мүшелігін растайтын құжатты ұсынуға міндетті.

      Көрсетілген талаптар төрелікке талап қоюды беру кезінде өкілдердің өтініштеріне қолданылмайды, өйткені Төрелік туралы заңның 32-бабында мұндай талаптар көзделмеген.

      Соттар заңды тұлғаның қызметкері болып табылатын өкілдің істерді қарау кезінде сенімхат негізінде сотқа қатысатынын назарда ұстауы қажет.

      Өкілге заңды тұлғаның атынан сенімхатты тиісті заңды тұлғаның басшысы немесе осыған уәкілеттік берілген өзге тұлға береді.

      Дара кәсіпкердің атынан өкілге берілген сенімхатты нотариат куәландыруға тиіс. Егер нотариат куәландырған сенімхат электрондық құжат нысанында берілсе, оған сенім білдірушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы да қойылуға тиіс.

      Егер сенімхатта өкілдің қол қоюға және өтінішхат (арыз) беруге өкілеттігі көрсетілмесе, онда сот АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 5) тармақшасының негізінде өтінішхатты (арызды) қайтарады.

      22. Сот ісін жүргізу тілі төрелік талқылау жүргізілген іс жүргізу тіліне қарамастан, сотқа төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді, өйткені АПК-нің 465-бабының бірінші бөлігіне сәйкес төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты сот АПК қағидалары бойынша қарайды.

      Тараптардың өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілі одан әрі өзгертілуі мүмкін, бұл АПК-нің 14-бабының екінші бөлігінен туындайды.

      23. Соттың талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қарауы АПК-нің 15-тарауында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды тарап сотқа төрелік талқылау орны бойынша немесе мүлікке қатысты қамтамасыз ету шаралары қабылдануы мүмкін осы мүліктің орналасқан жері бойынша береді.

      Сотқа жүгіне отырып, тарап талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызға төрелік талқылауды қозғау туралы ұйғарымды қоса береді.

      Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья ол сотқа келіп түскен күні шешеді.

      АПК-нің 156-бабында көзделген талап қоюды қамтамасыз етудің барлық шаралары төрелік қарайтын талап қоюға қолданыла бермейді.

      АПК-нің 156-бабының үшінші бөлігіне сәйкес талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мәлімделген талаптың мөлшеріне тең болуға және үшінші тұлғалардың жария мүдделері мен мүдделерін бұзбауға тиіс.

      Өзінің мазмұны бойынша қамтамасыз ету шарасы материалдық-құқықтық талаптарға сәйкес келуге, төрелік шешімді орындауды қиындату немесе мүмкін етпеу мақсатындағы борышкердің ықтимал әрекеттерінің жолын кесуді қамтамасыз етуге тиіс.

      Соттар төреліктің қамтамасыз ету шараларын қабылдауы талап қоюшының талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызбен сотқа жүгінуіне кедергі келтірмейтінін және соттың қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан бас тартуы үшін негіз болып табылмайтынын назарда ұстағаны жөн. Осылайша, төреліктің де, соттың да бір мезгілде қамтамасыз ету шараларын қабылдауына жол беріледі.

      Шетелдік төрелікте қаралатын талап қоюды қамтамасыз ету туралы арыз халықаралық шарттарға сәйкес мүлікке қатысты қамтамасыз ету шаралары қабылдануы мүмкін оның орналасқан жері бойынша беріледі.

      24. Тараптар төрешілердің келісімімен дәлелдемелерді алуға жәрдемдесу туралы өтінішхатпен сотқа жүгіне алады. Арызда дәлелдемелерді өз бетінше алуға кедергі келтіретін себептер, олардың орналасқан жері міндетті түрде көрсетілуге тиіс. Егер сот төрелік талқылаудың тараптары үшін дәлелдемелерді ұсыну қиын екендігін анықтаса, онда сот дәлелдемелерді алуға жәрдемдесу туралы өтінішхатты қанағаттандырады.

      Дәлелдемелерді алуға жәрдемдесу туралы өтінішхат сотқа төрелік талқылау орны бойынша беріледі және АПК-нің 73-бабы бірінші бөлігінің бірінші абзацы негізінде қарауға жатады.

      25. АПК-нің 464-бабының бірінші бөлігіне сәйкес төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат төрелік шешімді алған күннен бастап бір ай ішінде мәлімделуі мүмкін.

      Сондықтан судья, егер АПК-нің 464-бабының үшінші бөлігі негізінде оның күшін жою мерзімі өтіп кеткен болса, төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты қайтарады.

      Өтінішхат берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру туралы арыз АПК-нің 126-бабында көзделген тәртіппен қаралуға жатады. Егер сот мерзімді өткізіп алу себептерін дәлелді деп таныса, сот өтінішхат беру мерзімін қалпына келтіре алады.

      26. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат сот отырысында қаралады, осыған байланысты сот АПК-нің 465-бабының екінші бөлігіне сәйкес төрелік талқылау тараптарына, сондай-ақ төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат берген жағдайда үшінші тұлғаларға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарлайды.

      Төрелікке немесе төрешілерге хабарлау талап етілмейді.

      27. Төреліктер Қазақстан Республикасында тұрақты жұмыс істейтін төрелік және нақты дауды шешетін төрелік түрінде құрылуы мүмкін (Төрелік туралы заңның 4-бабы).

      Егер төрелік шешімді тұрақты жұмыс істейтін төрелік шығарған болса, онда төрелік талқылау регламентіне сәйкес төрелік талқылау жүзеге асырылады, бұл тұрақты жұмыс істейтін төреліктің тараптарды хабардар ету, төрелік актілерін жіберу жөніндегі және т.б. әрекеттерді жүзеге асыруын болжайды.

      Егер төрелік шешімді нақты дауды шешу үшін құрылған төрелік шығарса, онда көрсетілген әрекеттерді тараптар, төреші немесе төрелік талқылауға әкімшілік жүргізуді жүзеге асыратын өзге тұлға тараптардың келісіміне сәйкес жүзеге асырады.

      Сондықтан, егер тарап төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатта, мерзімді қалпына келтіру туралы арызда төрелік іс материалдары болған кезде ғана тексерілуі мүмкін дәлелдер келтірсе (мысалы, төрелік талқылауды тағайындау туралы тиісті хабарламаның болмауы туралы, оның ішінде төрелік отырыстың уақыты мен орны, төрелік шешімді уақтылы алмау туралы), сот АПК-нің 15-бабының төртінші бөлігі негізінде тараптардың арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша төреліктен тараптардың дәлелдерін тексеру үшін қажетті құжаттарды талап етуге құқылы.

      Егер төрелік талқылауды нақты дауды шешетін төрелік жүзеге асырса, бұл жағдайда төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат беру мерзімін өткізіп алуды дәлелдеу ауыртпалығы төрелікке талап қоюмен жүгінген тарапта болады.

      28. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты қараған кезде тарап төрелік талқылауды қайта бастау және төрелік шешімнің күшін жоятын негізді жою мақсатында іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы өтінішхат беруге құқылы.

      Іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы арыз сот отырысында қаралады, онда сот төреліктің Төрелік туралы заңның 52-бабы 1-тармағының 1) тармақшасынан бастап 5) тармашақсын қоса алғанда көзделген процестік бұзушылықтарға жол берген-бермегенін анықтайды.

      Сот іс жүргізуді тоқтата тұра алатын негіздер, атап айтқанда, төреліктің мына:

      төрешіні тағайындау немесе төрелік талқылау туралы тарапты тиісті хабардар ету;

      тарапқа өз түсіндірулерін ұсынуға мүмкіндік беру;

      төрелік талқылауды тараптардың келісіміне дәл келетін талқылау рәсіміне сәйкес жүргізу;

      төрелік келісімнің шегінен шығатын мәселе бойынша төрелік шешім шығарылған жағдайда, төрелік шешімнен осы мәселенің шешімін алып тастау әрекеттерін жүзеге асыруы болып табылады.

      Егер көрсетілген процестік бұзушылықтар орын алса, сот іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарымда осы бұзушылықтар туралы, сондай-ақ жол берілген процестік бұзушылықтарды төрелік талқылау қайталанған кезде қалай жоюға болатынын көрсетеді.

      Іс жүргізу тоқтатыла тұратын мерзім заң нормаларында көзделмеген, осыған байланысты сот оны тоқтата тұру негізіне қарай белгілеуге құқылы. Мерзім үш айдан аспауға тиіс.

      Егер төрелік талқылау сот белгілеген мерзімде жүргізілмесе, сот іс жүргізуді төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат бойынша қайта бастайды және оны мәні бойынша қарайды.

      Іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруы соттың міндеті емес, құқығы екенін соттар назарда ұстағаны жөн.

      29. Төрелік туралы заңның 52-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген төрелік шешімдердің күшін жою негіздерінің тізбесі толық болып табылады және кеңінен түсіндірілмеуге тиіс.

      Төрелік туралы заңның 52-бабының 1-тармағында көрсетілген мән-жайларды дәлелдеу ауыртпалығы төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты мәлімдейтін тарапта болады, ал аталған баптың 2-тармағында көрсетілген мән-жайларды сот өз бетінше анықтауы мүмкін.

      Сонымен қатар, сот тараптың уәжді өтінішхаты бойынша не өз бастамасы бойынша азаматтық сот ісін жүргізу міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған шараларды қабылдайтын АПК-нің 15-бабы төртінші бөлігінің күші төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты қарау кезінде туындайтын құқықтық қатынастарға да қолданылатынын соттар назарда ұстағаны жөн.

      30. Төреліктің төрешінің тағайындалуы туралы немесе төрелік талқылау туралы ұйғарым қабылдағаны туралы тиісінше хабардар етпеуі (Төрелік туралы заңның 52-бабы 1-тармағының 3) тармақшасы) төрелік шешімнің күшін жою, атқару парағын беруден бас тарту үшін негіз болып табылады.

      Сот тараптың осындай негіздердің болуы туралы дәлелдерін және іске қатысатын адамдарды хабардар ету жөніндегі төрелік әрекеттерінің Төрелік туралы заңның 30-бабының талаптарына, регламенттің ережелеріне немесе қағидаларына және тараптардың келісіміне сәйкестігін тексеруге міндетті.

      Төрелік шешімнің күшін жою туралы талаптарды тарапқа төрешінің және төрелік талқылаудың тағайындалғаны туралы хабарланғаны, бірақ объективті мән-жайларға байланысты өз түсініктемелер бере алмады деген негізбен бойынша қарау кезінде төрелік шешім қарсы қабылданған тарап түсініктемелер беруге кедергі келтіретін дәлелді себептердің болуын дәлелдеуге міндетті екенін ескерген жөн. Түсіндірме деп жауапкердің пікірді ұсынуы ғана емес, түсіндірмелер сот отырысында ауызша да берілуі мүмкін.

      Бұл ретте төрелік істі қарау ауызша тыңдаулар өткізілместен жүргізілуі мүмкін екенін ескеру қажет, өйткені тараптар төрелік келісімде жазбаша құжаттардың негізінде төрелік рәсімді өткізуді көздеуге құқылы.

      31. Төрелік туралы заңның 52-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы бойынша төрелік шешімнің күшін жою үшін негіздер төрелік құрамы немесе талқылаудың төрелік рәсімі тараптардың келісіміне, Төрелік туралы заңның талабына сәйкес келмеген кезде орын алуы мүмкін.

      Бұл норма тараптардың келісімінде немесе Төрелік туралы заңда көзделген төрелік рәсімнің кез келген бұзылуы болған жағдайда төрелік шешімнің күшін жоюға әкеп соқпайды.

      Төрелік туралы заңда елеулі бұзушылықтарға не жататыны көрсетілмеген, сондықтан сот әрбір іс бойынша төрелік шешім шығарған кезде төреліктің елеулі бұзушылыққа жол берген-бермегенін белгілейді және анықтайды.

      32. Егер Заңның 52-бабының 2-тармағында көзделген негіздер бойынша төрелік шешімнің күші жойылса, сондай-ақ егер:

      төрелік шешім төрелік келісімде көзделмеген мәселе бойынша шешімді қамтыса;

      төрелік шешім төрелік келісімнің шарттарына тура келмейтін мәселе бойынша шешімді қамтыса;

      төрелік шешім төрелік келісімнің шегінен шығатын мәселелер жөніндегі қаулыларды қамтыса;

      дау төреліктің ведомстволық қарауына жатпаса;

      төрелік келісім тараптар төрелік келісімді жасауға негізге алған заң бойынша, ал мұндай сілтеме болмаған кезде - Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жарамсыз болса, тарап дауды шешу үшін сотқа жүгінуге құқылы.

      Қалған жағдайларда тараптардың арасында жасалған төрелік келісімге сәйкес төрелікке жүгіну құқығы жойылмайды.

      Соттар Төрелік туралы заңның 52-бабы 1-тармағының 1) тармақшасының екінші абзацында баяндалған қағида төрелік келісімде қамтылатын мәселелер бойынша төрелік шешімді күшінде сақтауға мүмкіндік беретінін назарда ұстауы қажет. Бірақ оны, егер бұл мәселелер бойынша төрелік шешімдер төрелік келісіммен қамтылмаған мәселелер бойынша шешімдерден бөлініп шығарылуы мүмкін жағдайында ғана қолдануға болады.

      33. Егер сот Төрелік туралы заңның 52-бабы 1-тармағының 1) тармақшасынан бастап 5) тармақшасын қоса алғанда көзделген негіздер бойынша төрелік шешімнің күшін жоятын болса, онда төрелік шешімді мәні бойынша сот қайта қарауға құқылы емес, бұл Төрелік туралы заңның 52-бабының 3-тармағынан туындайды.

      34. Соттың төрелік шешім Қазақстан Республикасының жария тәртібіне қайшы келетінін немесе төрелік шешім шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелік талқылаудың нысанасы болып табылмайтынын айқындауы төрелік шешімнің күшін жоюға сөзсіз негіз болып табылады.

      Төрелік туралы заңның 52-бабының 2-тармағында көзделген негіздердің болуын немесе жоқтығын анықтау сотқа төрелік шешімнің күшін жою туралы арызбен жүгінген тараптың осы негіздемеге сілтеме жасамағанына қарамастан, сот нақтылауға жататын мән-жайлар шеңберіне кіреді.

      Төрелік туралы заңның 2-бабының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының жария тәртібі – Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде бекітілген құқық тәртібінің негіздері болып табылады.

      Құқық тәртібінің негіздері – қоғамның қоғамдық, экономикалық және әлеуметтік құрылымы туралы мемлекет белгілеген, осындай құрылымды сақтауға және құрметтеуге, құқықтық нұсқамалардың сақталуын қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған негіз құраушы нормалар.

      Төрелік шешімнің күшін жою үшін өзге де негіздерді және Төрелік туралы заңда көзделген төрелік шешімдерді танудан және орындаудан бас тарту негіздерін алмастырмай, ерекше жағдайларда жария тәртіп институтын қолдануға болады.

      Осы негіз бойынша төрелік шешімнің күші жойылған кезде сот құқық тәртібінің негіздерін құрайтын қандай негізгі нормалардың бұзылғанын, төреліктің шешімі және оның одан әрі орындалуы жария тәртіпке қандай түрде қайшы келетіндігін уәждеуі керек.

      Дау бойынша шығарылған төрелік шешім Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелік талқылаудың мәні бола алмайтын жағдайда:

      тараптар арасындағы төрелік келісімнің болмауы;

      уәкілетті органның дауды төреліктің шешуіне келісімі болмауы;

      төрелік келісімнің жарамсыздығы;

      заңнама нормаларында, мысалы, Төрелік туралы заңның 8-бабының 8, 9-тармақтарында көзделген шектеулердің болуы төрелік шешімнің күшін жоюға негіз болып табылады.

      35. Соттар төрелік жол берген бұзушылықтарды бағалау кезінде Төрелік туралы заңның 6-бабының ережелерін ескеруі қажет, олар бойынша Төрелік туралы заңның қандай да бір ережесінің немесе төрелік келісімнің қандай да бір талабының сақталмағанын және оның үстіне, осы мақсаттар үшін төрелік регламентінде айқындалған мерзім ішінде осындай сақталмауға қарсылығын мәлімдемей төрелік талқылауға одан әрі қатысып жатқанын білетін тарап өзінің қарсылық білдіру құқығынан бас тартқан болып есептеледі.

      Тараптың қарсылық білдіру құқығынан бас тартуы – мұндай жағдайларда тараптың бұдан әрі төрелік талқылау барысында да, төрелік шешімнің күшін жою мәселесі бойынша немесе төрелік шешімнің күшін жою немесе тану және орындалуы туралы мәселе бойынша істі сотта қарау кезінде де өз ұстанымын негіздеу үшін төрелік талқылау тәртібінің бұзылуына сілтеме жасауға құқығы жоқ екенін білдіреді.

      36. АПК-нің 246-бабының нормалары шешім немесе бұйрық нысанында сот шығарған актілерді айқындайды, оларға қатысты сот шешімін орындауды кейінге қалдыру және оның мерзімін ұзарту, оны орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту қолданылуы мүмкін, сонымен қарау субъектісі – сот және тізбесіне төрелік шешім кірмейтін сот актілері айқындалған.

      Азаматтық процестік заңнамада төрелік шешімнің күшін жою немесе төрелік шешімді тану және орындау туралы арызды қарау сияқты соттың төрелік шешім бойынша процестік әрекеттері регламенттелген, соттың төрелік шешімді орындау шеңберіндегі өзге өкілеттіктері көзделмеген, осыған байланысты соттар төрелік шешімдерге қатысты төрелік шешімнің орындалуын кейінге қалдыруды, мерзімін ұзартуды, орындау тәсілі мен тәртібін өзгертуді қолдана алмайды.

      37. АПК-нің 247-бабының бірінші бөлігіне сәйкес заңды күшіне енген, толық немесе бір бөлігінде орындалған сот актілерінің күші жойылған және сот талап қоюдан толық немесе бір бөлігінде бас тарту туралы жаңа шешім шығарған жағдайда сот шешімінің орындалуын бұру жүргізіледі.

      Заңнамада төрелік шешімнің күші жойылған жағдайда соттың жаңа шешім шығаруы көзделмеген, сондықтан төрелік шешім орындалған жағдайда сот шешімін орындауды бұру жүргізілмейді.

      Егер тарап орындаған төрелік шешімнің күшін сот жойса, ал екінші тарап орындалған шешімді өз еркімен қайтармаса, онда шешімді орындаған тараптың құқықтарын қорғау негізсіз баюды өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгіну арқылы мүмкін болады.

      38. Соттың бұрын қаралған іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшін міндетті және тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді (АПК-нің 76-бабының екінші бөлігі).

      Төрелік шешім сот актілеріне жатпайды, сондықтан төрелік шешіммен анықталған мән-жайлар тап сол тұлғалар қатысатын сотта азаматтық істерді талқылау кезінде преюдициялық маңызға ие болмайды.

      39. Төрелік туралы заңның 55-бабының 3-тармағына сәйкес төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арыз АПК-ге сәйкес сотқа беріледі.

      АПК-нің 253-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, егер төрелік шешiм онда белгiленген мерзiмде ерiктi түрде орындалмаған жағдайда, өз пайдасына төрелік шешім шығарылған төрелік талқылау тарапы (өндiрiп алушы) төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арызбен:

      төреші дауды қараған жердегi;

      борышкердің тұрғылықты жеріндегі немесе заңды тұлғаның органы орналасқан жердегі;

      егер тұрғылықты жері немесе орналасқан жері белгісіз болса, онда борышкердің мүлкі орналасқан жердегі сотқа жүгiнуге құқылы.

      Соттар төрелік шешімде оны ерікті түрде орындау мерзімі белгілене бермейтінін назарда ұстауы керек. Мұндай жағдайларда соттар Төрелік туралы заңның 54-бабының 2-тармағын негізге алуға тиіс, осы тармақта, егер төрелік шешімде мерзім белгіленбесе, онда мұндай төрелік шешім дереу орындалуға тиіс екендігі көзделген. Сондықтан аталған мән-жайды соттар өндіріп алушының сотқа мерзімінен бұрын жүгінуіне байланысты төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатудан бас тарту үшін негіз ретінде бағаламауға тиіс.

      АПК-нің 253-бабының екінші бөлігі негізінде атқару парағын беру туралы арызға:

      төрелік шешімнің төлнұсқасы немесе көшірмесі қоса берілуге тиіс. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік шешімнің көшірмесін осы төреліктің басшысы куәландырады, нақты дауды шешу үшін төрелік шешімнің көшірмесі нотариаттық куәландырылуға тиіс;

      заңда белгіленген тәртіппен жасалған төрелік келісімнің төлнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі қоса берілуге тиіс.

      Атқару парағын беру туралы арыз нысаны мен мазмұны бойынша АПК-нің 148-бабының талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      Сондықтан төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арыз келіп түскен кезде судья арыздың АПК-нің 148-бабы екінші бөлігі 1), 2), 3), 5), 7), 8) тармақшаларының және төртінші бөлігінің талаптарына сәйкестігін, сондай-ақ АПК-нің 253-бабында көзделген ережелердің сақталуын тексереді.

      Сот ісін жүргізуге арызды қабылдау үшін АПК-нің 253-бабы екінші бөлігінің 1), 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса тіркеу міндетті шарт болып табылады.

      Атқару парағын беру туралы арыз сотқа электрондық құжат нысанында жіберілуі мүмкін, сондықтан сот АПК-нің 253-бабының талаптарын сақтау мақсатында төрелік шешім мен төрелік келісімнің түпнұсқаларын немесе тиісінше расталған көшірмелерін талап етуге құқылы.

      Өндіріп алушы арызға мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжатты (Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 11) тармақшасы) қоса тіркейді.

      АПК-нің жоғарыда көрсетілген нормаларына сәйкес келмейтін атқару парағын беру туралы арыз АПК-нің 253-бабы төртінші бөлігінің тәртібімен қараусыз қайтарылуға жатады.

      40. Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік төрелік шығарған төрелік шешімдерді мәжбүрлеп орындату туралы арызды қабылдаған кезде соттар мұндай шешімдерді мәжбүрлеп орындатудың негіздері мен тәртібі, атқару парақтарын беру АПК-нің 501, 503, 504-баптарында реттелетінін ескеруі қажет.

      Бұл ретте шетелдік төрелік шығарған атқару парағын беруден бас тарту және беру АПК-нің 254, 255-баптарында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік төреліктердің шешімдерін тану және орындау Нью-Йорк конвенциясына және Қазақстан Республикасы келісім білдірген өзге де халықаралық келісімдерге сәйкес жүзеге асырылады.

      АПК-нің 503-бабының екінші бөлігіне және Нью-Йорк конвенциясының 4-бабына сәйкес төреліктің шешімін тануды және орындауды сұрап отырған тарап арыз берген кезде:

      төрелік шешімнің төлнұсқасын немесе көшiрмесiн ұсынады. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік шешiмнiң көшiрмесiн осы төрелік басшысы куәландырады, нақты дауды шешу үшiн төрелік шешімінің көшiрмесiн нотариат куәландыруға тиiс;

      заңда белгiленген тәртiппен жасалған төрелік келiсiмнiң төлнұсқасын немесе нотариат куәландырған көшiрмесiн ұсынады.

      Егер төрелік шешім немесе келісім осы шешімді тану және орындау сұралатын елдің ресми тілінде жазылмаса, осы шешімді тану және орындау туралы сұрайтын тарап осы шешімді тану және орындау сұралатын елдің тіліне осы құжаттардың аудармасын ұсынады. Аударманы ресми немесе алқаби аудармашы немесе дипломатиялық немесе консулдық мекеме куәландырады.

      Сот іс жүргізуге арызды қабылдау үшін көрсетілген құжаттарды қоса тіркеу міндетті шарт болып табылады.

      Өндіріп алушы арызға мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжатты қоса тіркейді (Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 11) тармақшасы).

      Жоғарыда көрсетілген құқық нормаларына сәйкес келмейтін шетелдік төрелік шешімдерді мәжбүрлеп орындату туралы арыз АПК-нің 253-бабының төртінші бөлігінің тәртібімен қаралмай қайтарылуға жатады.

      41. Соттардың төрелік шешімнің заңды күшіне енуі туралы мәліметтерді (төрелік шешімдегі ақпаратты, төрелік шешімнің заңды күшіне енуі туралы анықтаманы көрсету) ұсынуды талап етуге құқығы жоқ, өйткені мұндай талап Төрелік туралы заңның нормаларына және Нью-Йорк конвенциясының 4-бабының ережелеріне негізделмеген.

      42. Төрелік туралы заңның 57-бабында, АПК-нің 255-бабында көзделген негіздер бойынша ғана Қазақстан Республикасының төреліктері шығарған төрелік шешімді орындаудан бас тартылуы мүмкін.

      Нью-Йорк конвенциясының 5-бабының негізінде Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатудан бас тартылуы мүмкін.

      Атқару парағын беруден бас тарту негіздерінің тізбесі толық сипаты қамтылған.

      Атқару парағын беруден бас тарту туралы мәселені шешкен кезде сот АПК-нің 269-бабының бірінші бөлігі негізінде сот актісін шығарады.

      Сот мәжбүрлеп орындатудан бас тартқан әрбір негіздеме сот актісінде уәждер және құқық нормалары келтіріле отырып, көрсетілуге тиіс.

      Атқару парағын беру туралы арызды қарайтын сот шешімді мәжбүрлеп орындату мүмкін болатын мән-жайларды анықтаумен шектеледі.

      43. Төрелік туралы заңның 57-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының екінші абзацына, АПК-нің 255-бабы бірінші бөлігі 1) тармақшасының екінші абзацына сәйкес, егер өзіне қарсы төрелік шешім қабылданған тарап, сотқа тараптар төрелік келісімді жасауға негізге алған мемлекеттiң заңдары бойынша, ал мұндай заңға сілтеме болмаған кезде шешім шығарылған елдің заңы бойынша жарамсыз екендігі туралы дәлелдемелерді ұсынса, сот төрелік шешімді қай елде шығарылғанына қарамастан, оны танудан және (немесе) орындаудан бас тартады.

      Мұндай жағдайда төрелік шешімді танудан және (немесе) орындаудан бас тарта отырып, сот Нью-Йорк және Еуропалық конвенциялардың талаптарын негізге алуға тиіс, олардың мағынасынан тараптар төрелік келісімге қолданылатын құқықты өз бетінше таңдағандықтан, бұл құқық тараптар негізгі шартқа қолдану ретінде таңдаған құқықтан өзгеше болуы мүмкін.

      Сондықтан төрелік келісімге тараптар таңдаған заң қолданылады, ал мұндайлар болмаған жағдайда шешім шығарылуға тиіс елдің құқығы қолданылады.

      44. АПК-нің 504-бабына сәйкес шетелдік төрелік шығарған төрелік шешім бойынша атқару парағын беруден бас тарту және беру АПК-нің 20-тарауында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.

      АПК-нің 255-бабында атқару парағын беруден бас тарту негіздері көзделген.

      АПК-нің 255-бабы бірінші бөлігі 1) тармақшасының алтыншы абзацына сәйкес сол бір тараптардың арасындағы дау бойынша, сол бір нысана туралы және сол бір негiздер бойынша шығарылған, заңды күшiне енген соттың шешiмi немесе төрелік шешім не талап қоюшының талап қоюдан бас тартуына байланысты iс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы соттың немесе төреліктің ұйғарымы болса, төрелік шешімді танудан және (немесе) орындаудан бас тартылуы мүмкін.

      Ұқсас норма Төрелік туралы заңның 57-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының жетінші абзацында көзделген.

      Сонымен қатар Нью-Йорк конвенциясының 5-бабында көрсетілген негіздер көзделмеген.

      Конвенция шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындау туралы мәселелерді реттейді, сондықтан оның басымдығы болады, бұл АПК-нің 255-бабы бірінші бөлігінің алтыншы абзацында және Төрелік туралы заңның 57-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының жетінші абзацында көзделген негіздер бойынша шетелдік төрелік шығарған төрелік шешімді орындатуға атқару парағын беруден бас тарту туралы соттың құқығын жоққа шығарады.

      45. Төрелік туралы заңның 57-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының тоғызыншы абзацына, сондай-ақ АПК-нің 255-бабы бірінші бөлігі 1) тармақшасының сегізінші абзацына сәйкес, егер шешім тараптар үшiн әлi мiндеттi болмаса немесе оның күшi жойылса немесе оның орындалуын өз заңына сәйкес шешiм шығарған елдiң соты тоқтата тұрса, төрелік шешімді танудан және (немесе) орындаудан бас тартылуы мүмкін.

      Сот "шешім тараптар үшiн әлi де мiндеттi болмады" деген негіз бойынша қазақстандық төрелік шығарған төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатудан бас тарта алмайды, өйткені Төрелік туралы заңның 45-бабы 3-тармағының нормаларында төрелік шешім төрелік талқылау орнында қабылданған болып есептелетіні және оған төреші (төрешілер) қол қойған күні күшіне енетіні көзделген, Төрелік туралы заңның 54-бабының 1-тармағына сәйкес төрелік шешім міндетті болып табылады.

      Көрсетілген негіз бойынша тек шетелдік төрелік шешімдерге қатысты шетелдік төрелік шешімді танудан және орындаудан бас тартылуы мүмкін (Нью-Йорк конвенциясының 5-бабы 1-тармағының е) тармақшасы).

      Бұл ретте шетелдік төрелік шешімді танудан және орындаудан бас тарту кезінде соттар Нью-Йорк конвенциясының 5-бабы 1-тармағының е) тармақшасын қолдануды шектейтін Сыртқы сауда төрелігі туралы Еуропалық конвенцияның 9-бабының 2-тармағын да басшылыққа алуы қажет.

      Яғни, шығарылған жері бойынша сот күшін жойған төрелік шешім, егер шешімнің күшін жою себебі Нью-Йорк конвенциясының 5-бабы 1-тармағының а) – d) тармақшаларында көзделмеген негіз болса, басқа мемлекеттерде мәжбүрлеп орындатуға өзінің міндеттілігін және мүмкіндігін сақтайды.

      46. Төрелік шешімдерді тану және орындау туралы арыздарды қараған кезде сот мұндай шешімнің мазмұнының Қазақстан Республикасының жария тәртібіне сәйкестігін тексеруге тиіс емес.

      Нью-Йорк конвенциясының 5-бабы 2-тармағы b) тармақшасының, АПК-нің 255-бабы бірінші бөлігі 2) тармақшасының, Төрелік туралы заңның 57-бабының, сондай-ақ АПК-нің 253-бабы сегізінші бөлігінің мазмұнына сай төрелік шешімнің мәні емес, төрелік шешімді орындаудың жария тәртібіне сәйкестік мәселесі ғана тексерілуге жататды.

      47. Қазақстан Республикасының төреліктері мен шетелдік төреліктер шығарған төрелік шешімдерді мәжбүрлеп орындату туралы арыз төрелік шешімді ерікті түрде орындау үшін мерзім аяқталған күннен бастап үш жыл өткен соң берілуі мүмкін емес.

      Егер өндіріп алушы мерзімді қалпына келтіру туралы арызды және мерзімді өткізіп алу себептерін растайтын құжаттарды қоса берсе, сот оны АПК-нің 126-бабының екінші бөлігі негізінде қарайды, бұл ретте, егер сот мерзімді өткізіп алу себептерін дәлелді деп таныса, мерзім қалпына келтіруге жатады (АПК-нің 253-бабының бесінші бөлігі).

      Белгіленген мерзімді өткізіп алып берілген мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат қоса берілмеген атқару парағын беру туралы арызды және мерзімді өткізіп алу себептерін растайтын құжаттарды сот АПК-нің 253-бабының төртінші бөлігі негізінде қараусыз қайтарады.

      48. Төрелік туралы заңның 56-бабына сәйкес төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға байланысты қосымша шығыстар шешімді ерікті түрде орындамаған тарапқа жүктеледі, осыған байланысты төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арызды қанағаттандыру туралы ұйғарым шығарылған кезде сот өндіріп алушының мемлекеттік бажды төлеу бойынша шеккен шығыстарын борышкердің өтеуі туралы мәселені шешуге міндетті.

      49. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
А. Мерғалиев
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Г. Әлмағамбетова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады