Ауыл халқының кірістерін арттыру жөніндегі жобаны ауқымды түрде қолдану үшін ауыл халқына микрокредиттер беруге облыстық бюджеттерге 2023 жылға кредит берудің негізгі шарттарын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 ақпандағы № 136 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 180-бабының 2-тармағына, "2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және "2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 987 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған ауыл халқының кірістерін арттыру жөніндегі жобаны ауқымды түрде қолдану үшін ауыл халқына микрокредиттер беруге облыстық бюджеттерге 2023 жылға кредит берудің негізгі шарттары бекітілсін.

      2. Тиісті мәслихаттар 2023 жылға арналған облыстық бюджеттерде тиісті түсімдерді көздейтін шешімдер қабылдағаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде облыстардың жергілікті атқарушы органдары мәслихаттардың көрсетілген шешімдерін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне ұсынсын.

      3. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен кредиттік шарттар жасасуды;

      2) бюджеттік кредиттердің нысаналы пайдаланылуын және республикалық бюджетке уақтылы қайтарылуын бақылауды қамтамасыз етсін.

      4. Жергілікті атқарушы органдар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 20-ы күніне дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілген микрокредиттер нәтижелерінің көрсеткіштері бойынша есеп берсін.

      5. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл халқының кірістерін арттыру жөніндегі жобаны ауқымды түрде қолдану үшін ауыл халқына микрокредиттер беруге 2023 жылға бөлінген бюджеттік кредиттердің игерілуін мониторингтеуді қамтамасыз етсін.

      6. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктелсін.

      7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 17 ақпандағы
№ 136 қаулысымен
бекітілген

Ауыл халқының кірістерін арттыру жөніндегі жобаны ауқымды түрде қолдану үшін ауыл халқына микрокредиттер беруге облыстық бюджеттерге 2023 жылға кредит берудің негізгі шарттары

      Облыстардың жергілікті атқарушы органдарына (бұдан әрі – қарыз алушылар) кредиттер беру үшін мынадай негізгі шарттар белгіленеді:

      1) "2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 6 желтоқсандағы № 987 қаулысында көзделген 52396965000 (елу екі миллиард үш жүз тоқсан алты миллион тоғыз жүз алпыс бес мың) теңге сомасындағы кредиттер қарыз алушыларға 2023 жылға ауыл халқының кірістерін арттыру жөніндегі жобаны ауқымды түрде қолдану үшін ауыл халқына микрокредиттер беруге облыстық бюджеттерге кредит 10 (он) жыл мерзімге 0,01 % (нөл бүтін жүзден бір) сыйақы мөлшерлемесі бойынша беріледі;

      2) бюджеттік кредитті игеру кезеңі 6 (алты) айды құрайды және бюджеттік кредит қаражаты кредит берушінің шотынан аударылған сәттен бастап есептеледі;

      3) негізгі борышты төлеуді бастау күні жасалған кредиттік шарттарға қоса берілетін өтеу графигіне сәйкес келеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады