Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге 2023 жылға арналған кредит берудің негізгі шарттары туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 12 сәуірдегі № 284 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 180-бабының 2-тармағына, "2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне 2023 жылға арналған кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге кредит берудің негізгі шарттары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктер заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдарымен кредиттік шарттар жасасуды;

      2) кредиттік шарттардың негізгі және қосымша талаптарының орындалуын бақылауды;

      3) бюджеттік кредиттердің нысаналы және тиімді пайдаланылуын, өтелуін және қызмет көрсетілуін бақылау мен мониторингтеуді қамтамасыз етсін.

      3. Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары:

      1) қарыз алушылардың Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне мәслихаттардың 2023 жылға арналған облыстық бюджеттерде, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының бюджеттерінде тиісті түсімдерді көздейтін шешімдерін ұсынсын;

      2) түпкі қарыз алушымен кредиттік шарттар жасассын;

      3) ай сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-ыкүнінен кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне кредиттердің игерілуі туралы ақпарат беріп тұрсын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүктелсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2023 жылғы 12 сәуірдегі
№ 284 қаулысымен
бекітілген

Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге 2023 жылға арналған кредит берудің негізгі шарттары

      1. Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдарына (бұдан әрі – қарыз алушылар) кредиттер беру үшін мынадай негізгі шарттар белгіленеді:

      1) "2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында 008 "Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге кредит беру" бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген 2435659000 (екі миллиард төрт жүз отыз бес миллион алты жүз елу тоғыз мың) теңге сомасындағы кредиттер қарыз алушыларға кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге жылдық 0,1 % сыйақы мөлшерлемесі бойынша 7 (жеті) жыл мерзімге беріледі;

      2) негізгі борышты төлеу бойынша жеңілдікті кезең 28 (жиырма сегіз) айдан аспауға тиіс;

      3) бюджеттік кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушылар 28 (жиырма сегіз) айды құрайтын жеңілдік кезеңі өткеннен кейін 2025 жылдан бастап тең үлестермен жүзеге асырады;

      4) кредиттерді игеру кезеңі кредиттер кредитордың шотынан аударылған кезден бастап есептеледі және 2023 жылғы 10 желтоқсанда аяқталады.

      2. Кредиттерді беру, өтеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі қосымша шарттар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес кредиттік шартта белгіленеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады