Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығы Үкіметінің арасындағы Қазақстан-Оман бірлескен комиссиясын құру туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 403 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2023 жылғы 1 ақпанда Масқатта жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығы Үкіметінің арасындағы Қазақстан-Оман бірлескен комиссиясын құру туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
20 жылғы 26 мамырдағы
№ 403 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Оман бірлескен комиссиясын құру туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі Тараптар мемлекеттерінің арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында өз заңнамасына сәйкес тең құқықтық, өзара пайда қағидаттарының және халықаралық құқық нормаларының негізінде екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік, білім беру және өзара қызығушылық тудыратын басқа да салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға ұмтыла отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар Қазақстан-Оман бірлескен комиссиясын (бұдан әрі – Комиссия) құрады.

2-бап

      Комиссия Тараптардың заңнамасына сәйкес, тең құқықтық және өзара пайда қағидаттары негізінде екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік және білім беру, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын басқа да салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдем көрсетуге және тараптар арасындағы ынтымақтастықты іске асыру жөніндегі іс-қимылды үйлестіруге бағытталған.

3-бап

      Комиссияның құзыретіне төмендегілер жатады:

      1. Тараптар арасында өзара тиімді екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік және білім беру ынтымақтастығының нәтижелерін қарау және талдау.

      2. Екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты орнатуға және іске асыруға жәрдемдесу.

      3. Екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік және білім беру ынтымақтастығын тереңдету және одан әрі дамыту бойынша ұсынымдар тұжырымдау.

      4. Тараптардың заңнамасына сәйкес екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік және білім беру ынтымақтастығын дамытуға бағытталған басқа да міндеттерді орындау.

4-бап

      Комиссия тепе-теңдік негізде құрылады және Комиссия құзыретіне жататын әртүрлі қызмет бағыттары бойынша екі Тараптың өкілдерден тұрады.

      Әр тарап өз заңнамасына сәйкес төрағаны (бұдан әрі – тең төраға) және Комиссияның тиісті ұлттық бөлігінің өкілдерін тағайындайды.

5-бап

      Комиссия екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік және білім беру, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын басқа да салалардағы ынтымақтастық бойынша қызметін өзінің басшылығымен жүзеге асыратын жұмыс топтарын құра алады.

6-бап

      1. Комиссияның отырыстары кезеңдік негізде Қазақстан Республикасында және Оман Сұлтандығында кезек-кезек өткізіледі.

      2. Шақырудың нақты күні мен Комиссия отырысының күн тәртібін Тараптар дипломатиялық арналар арқылы келіседі.

      3. Әрбір отырыстың алдын ала күн тәртібін және басқа да тиісті материалдарды қабылдаушы Тарап екінші Тараппен консультация жүргізгеннен кейін дайындайды. Тараптардың өзара келісуі бойынша күн тәртібіне қосымша тармақтар енгізілуі мүмкін.

      4. Тараптардың дипломатиялық арналар арқылы келісімі бойынша әрбір Тарап отырыстарға қатысу үшін сарапшыларды шақыра алады.

7-бап

      Комиссияның шешімдері екі Тараптың келісімі болған кезде жазбаша нысанда қабылданады және Тараптар заңнамасының талаптары ескеріліп хаттама түрінде ресімделеді.

8-бап

      Комиссия отырыстарының құжаттарын қамтамасыз етуге, материалдарды, құжаттарды, отырыстар хаттамаларын дайындауға кез келген, жұмыс топтарының қызметін үйлестіруге, сондай-ақ Комиссияның жұмысы үшін қажетті әкімшілік сипаттағы басқа да міндеттерге Тараптардың Сыртқы істер министрлігі жауапты болады.

9-бап

      Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, жіберуші Тарап өз делегациясының кері қарай жол жүруіне ішкі көлікке және тұруына байланысты шығыстарды, ал қабылдаушы Тарап Комиссия отырыстарын, тең төрағалардың кездесулерін және жұмыс топтарының отырыстарын ұйымдастыруға байланысты әкімшілік шығыстарды көтереді.

10-бап

      Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

11-бап

      Тараптар Осы Келiсiмнің Т12-бабында көзделген тәртіпке сәйкес күшіне енетін хаттамалар жасасу арқылы осы келісімге өзгерістер енгізуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынғаннан кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн өткен соң өз қолданысын тоқтатады.

      Хижра бойынша 1444 жылғы "10" раджабқа сәйкес келетін 2023 жылғы "1" ақпанда Масқат қаласында әрқайсысы қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады. Қандай да бір сәйкессіздіктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтін басымдыққа ие болады.

      Қазақстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін Оман СұлтандығыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады