Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 15 тамыздағы № 680 қаулысы.


      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Абайұлы Шаққалиевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.10.2023 № 912 қаулысымен.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 15 тамыздағы
№ 680 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісім

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі

      екі мемлекеттің өнеркәсіптік дамуының орнықтылығын ынталандыру және дамыту, шаруашылық жүргізуші субъектілердің бәсекеге қабілеттілігі мен инновациялық белсенділігін арттыру, қосылған құнның өңірлік және халықаралық тізбектеріне ендіру, сондай-ақ қолайлы инвестициялық орта құру қажеттілігін ұғына отырып,

      нарықтық қатынастар негізінде екі елдің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің тікелей өндірістік өзара іс-қимыл жасауының және экспортты қолдаудың, Тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында өндірістік және ғылыми-техникалық кооперацияны орнату және дамыту үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етудің шешуші рөлін тани отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-тарау. "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының құқықтық мәртебесі және басқару органдары

1-бап

      "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы (бұдан әрі – Орталық) талаптары осы Келісімнің ережелерінде, өзге де екіжақты халықаралық шарттарда, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында айқындалатын құқықтық және экономикалық режимі бар қазақ және өзбек бөліктерінен тұратын, экономикалық және инвестициялық ынтымақтасудың, өнеркәсіптік кооперацияның кешені болып табылады.

2-бап

      Орталықтың қазақ жағындағы бөлігі Қазақстан Республикасының юрисдикциясында болады.

      Орталықтың өзбек жағындағы бөлігі Өзбекстан Республикасының юрисдикциясында болады.

3-бап

      Орталықтың қазақ және өзбек бөліктерін басқаруды Тараптардың уәкілетті органдары жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Орталықтың қазақ жағындағы бөлігін басқару жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.

      Өзбекстан Республикасының Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігі Орталықтың өзбек жағындағы бөлігін басқару жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.

      Уәкілетті органдардың ресми атауы өзгерген немесе қайта құрылған жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бұл туралы бір-бірін дереу хабардар етеді.

      Тараптар өз аумағының бөлігінде Орталықтың Басқарушы компанияларды құрады және (немесе) айқындайды.

      Басқарушы компаниялар осы Келісімге және Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес Орталықтың жұмыс істеуін басқару және қамтамасыз ету, инвестициялар тарту, шаруашылық жүргізуші субъектілерге кешенді қызмет көрсету, Тараптар мемлекеттері мемлекеттік органдарының Орталықта "бір терезе" қағидаты бойынша әкімшілік, рұқсат беру және өзге де рәсімдерді (көрсетілетін қызметтерді) жүзеге асыру жөніндегі жұмысын үйлестіру, өзге де қызметтер көрсету мақсатында құрылады.

2-тарау. "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының орналасу схемасы, аумағының шекарасы және алаңы

4-бап

      Орталық Тараптар мемлекеттерінің шекара маңындағы аумақтарында, Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы мемлекеттік шекара сызығының екі жағында (бұдан әрі – мемлекеттік шекара), тікелей "Атамекен" (Қазақстан Республикасы) және "Гулистан" (Өзбекстан Республикасы) өткізу пункттерінің жанында орналасқан.

      Орталықтың қазақ және өзбек бөліктері Тараптар мемлекеттері заңнамасының талаптарына және осы Келісімнің ережелеріне сәйкес мемлекеттік шекара сызығынан шекаралық белдеудің шегінен тыс орналасады.

      Орталықты басқару және оның аумағында шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметі қатаң түрде оның шекарасы шегінде жүзеге асырылады, Тараптардың әрқайсысы оны қоршау үшін тиімді шаралар қабылдауға міндеттенеді.

5-бап

      Орталықтың жалпы ауданы 1 ш. км құрайды, оның ішінде қазақ жағындағы бөліктің ауданы – 0,5 ш. км, өзбек жағындағы бөліктің ауданы – 0,5 ш. км.

      Орталықтың географиялық координаттары, орналасу схемасы және аумағының шекарасы осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын қосымшада келтірілген.

      Әрбір Тарап Орталықтың өз бөліктерінде адамдардың, тауарлардың (жүктердің) және көлік құралдарының өтуін бақылауды қамтамасыз ету үшін ішкі бақылау-өткізу пунктін құрады.

3-тарау. "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызмет түрлері, функциялары мен міндеттері

6-бап

      Орталық аумағында шаруашылық жүргізуші субъектілер Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген, Тараптар мемлекеттерінің өнеркәсіптік кооперациясын дамытуға бағытталған қызмет түрлерін жүзеге асыра алады.

      Орталық аумағында қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелерде келіспеушіліктер туындаған жағдайда уәкілетті органдар бірлескен консультациялар жүргізеді.

7-бап

      Орталықтың міндеттеріне мыналар:

      мемлекетаралық кооперациялық байланыстарды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және Тараптар мемлекеттерінің шағын және орта өнеркәсіптік кәсіпорындарын қосылған құнның халықаралық тізбегіне интеграциялау;

      шекара маңындағы аумақтардың өндірістік базасын пайдалану тиімділігін арттыру;

      Орталық аумағында құрылатын өнеркәсіптік кәсіпорындардың өндіріс процестерін оңтайландыру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

      технологиялық жаңғыртуды жүргізу және инновациялық және ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамыту үшін ұйымдық, қаржылық және кадрлық ресурстарды пайдалану, қазіргі заманғы технологиялармен интеграциялау;

      шығарылатын өнеркәсіптік өнімге сервистік қызмет көрсету аутсорсингі есебінен кәсіпорындардың шығасыларын оңтайландыру;

      Орталық аумағында жұмыс істейтін өнеркәсіптік кәсіпорындарды өндірістік процеске тарту арқылы Тараптар мемлекеттерінің өнеркәсіптік кооперациясын кеңейту және импортты алмастыратын өнім өндірісін жолға қою;

      бизнес-жоспарға, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жоспарларына сәйкес өнеркәсіптік кооперация алаңында өнеркәсіптік өнім өндіруді, жұмыстарды орындауды және қызметтер көрсетуді ұйымдастыру;

      Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және осы Келісімге сәйкес өнеркәсіптік кооперацияны құру және оның қызмет жағдайларын қамтамасыз ету процесінде жобалау және құрылыс ұйымдарын тарту жатады.

4-тарау. "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының аумағында салық салу, валюталық реттеу және валюталық бақылау, банк және сақтандыру қызметі

8-бап

      Орталық аумағында салық салу Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және өз мемлекеттерінің Тараптары қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

9-бап

      Орталықтың қазақ және өзбек бөліктерінің аумақтарында валюталық бақылау Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

10-бап

      Орталық аумағында қызметті жүзеге асыру кезінде төлемдер мен ақша қаражатын аудару Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес айқындалған ағымдағы операциялар бойынша еркін конвертациялау қағидаты сақталған кезде жүргізіледі.

11-бап

      Орталықтың қазақ және өзбек бөліктерінің аумақтарында банктердің бөлімшелерін ашу, сондай-ақ олардың қызметі Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады, реттеледі және бақылау мен қадағалау жасалады.

12-бап

      Орталық аумағында орналасқан кәсіпорындарда, мекемелерде және ұйымдарда сақтандыру шарттары Орталық аумағының өздері орналасқан бөлігіндегі мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен жасалады.

5-тарау. "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының аумағындағы құрылыс нормалары

13-бап

      Орталықтың әрбір бөлігінің аумағында көлік инфрақұрылымын, сумен жабдықтауды, электрмен жабдықтауды, телекоммуникацияларды, инженерлік қорғауды және басқа да инженерлік коммуникацияларды, бақылауға арналған пунктті, бақылау мен тексеруге арналған инфрақұрылымды, әкімшілік басқаруды, сондай-ақ қоршауды құру жөніндегі жобалау, құрылыс және жөндеу жұмыстарын қаржыландыру Тараптардың әрқайсысының қаражаты есебінен, оның ішінде заңнамасында тыйым салынбаған кез келген қаржы көзінен жүзеге асырылады.

      Орталық аумағында кәсіпкерлік қызмет үшін құрылысты, әртүрлі іскерлік үй-жайларды, терминалдарды және басқа да объектілерді қаржыландыруды Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес шаруашылық жүргізуші субъектілер өз қаражаты есебінен жүзеге асырады.

      Орталық аумағында Тараптар мемлекеттерінің заңнамасы ескеріле отырып, халықаралық құрылыс нормаларын, қағидаларын, стандарттарын қолдануға жол беріледі.

      Орталық аумағында құрылыс салу бас жоспарлар негізінде жүзеге асырылады. Орталықтың әрбір бөлігі үшін бас жоспарларды әзірлеу, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

6-тарау. Жұмыс режимі, адамдардың, тауарлардың (жүктердің) және көлік құралдарының өтуін бақылау тәртібі

14-бап

      Орталықтың бір бөлігінен екінші бөлігіне өтетін адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді, тауарлар мен жануарларды шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлері Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және өз мемлекеттерінің Тараптары қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық қатынас үшін ашық "Атамекен" (Қазақстан Республикасы) және "Гулистан" (Өзбекстан Республикасы) өткізу пункттерінде жүзеге асырылады.

      Тараптар мемлекеттерінің, үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар жарамды құжаттар бойынша Тараптар мемлекеттерінің біріндегі Орталық аумағына жұмыс істеп тұрған өткізу пункттері арқылы кіре алады, одан шыға алады және онда уақытша бола алады.

      Орталықтың өзбек жағындағы бөлігі күн сайын сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

      Орталықтың қазақ жағындағы бөлігі күн сайын сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді.

7-тарау. "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету

15-бап

      Тараптар Орталықтың өз бөлігінің аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі мемлекеттік органдарды, сондай-ақ қажет болған жағдайда өз мемлекетінің тиісті рұқсаты (лицензиясы) бар, күзет қызметін шарттық негізде жүзеге асыратын ұйымдарды орналастыра алады.

16-бап

      Орталық аумағында орналасқан қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі мемлекеттік органдардың функцияларына:

      Орталық аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету;

      Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес түрлі құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және оларға қарсы күрес жатады.

17-бап

      Тараптар тиімді бақылау жүргізу мақсатында Орталықтың периметрі бойынша бақылау жүйесімен және жарықтандыру аспаптарымен жарақталған арнайы қоршау орнатады.

      Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі мемлекеттік органдар Орталықтың өз бөлігі шегінде бақылау мен патрульдеу үшін жауап береді.

18-бап

      Орталық аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Тараптардың мемлекеттік органдары ведомствоаралық деңгейде өзара іс-қимылдың тиісті тетігін белгілейді.

8-тарау. "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының аумағында мемлекеттік бақылау

19-бап

      Тараптар Орталық аумағында тиісті санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық, фитосанитариялық бақылауды және техникалық реттеу саласында мемлекеттік бақылауды, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес бақылаудың өзге де түрлерін жүзеге асырады.

20-бап

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары инфекциялық ауруларды бақылау, өсімдіктер мен жануарлар карантині саласындағы өзара ынтымақтастықты жүзеге асыруға және нығайтуға, сондай-ақ эпизоотиялық және фитосанитариялық жай-күй, эпидемиологиялық жағдай және оларды жою жөнінде уақтылы қабылданған шаралар туралы өзара хабар беруге тиіс.

9-тарау. "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының аумағындағы еңбек қызметі мәселелері

21-бап

      Тараптар мемлекеттері азаматтарының еңбек қызметі олар аумағында болатын Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

10-тарау. Келісімнің күшіне енуі, қолданысын тоқтатуы және оған өзгерістер енгізу

22-бап

      Осы Келісімді түсіндіру және қолдану кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешетін болады.

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылады және жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

23-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.

      Әрбір Тарап осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады, бұл туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар етеді. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданысы осындай хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күн өткен соң тоқтатылады.

      20__ жылғы "___"______________________ қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіннің күші бірдей. Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан
Республикасының Үкіметі арасындағы "Орталық Азия"
халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының
қызметін реттеу туралы келісімге
  қосымша

"Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағының географиялық координаттары, орналасу схемасы және шекарасы





Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады