Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 тамыздағы № 706 қаулысы.

      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 133-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – кәсіпорын) құрылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығы (келісу бойынша) кәсіпорынға қатысты тиісті саланың уәкілетті органы болып айқындалсын.

      3. Кәсіпорын қызметінің негізгі нысанасы денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыру болып айқындалсын.

      4. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының Медициналық орталығы заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне кәсіпорын жарғысын бекітуге енгізсін;

      2) кәсіпорынды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамында мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін;

      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      5. "Орталық клиникалық аурухана" акционерлік қоғамы таратылсын.

      6. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен "Орталық клиникалық аурухана" акционерлік қоғамының кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлкін кәсіпорын теңгеріміне берсін.

      7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1) "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      "Алматы қаласы" деген бөлімде:

      "123-147. "Орталық клиникалық аурухана" АҚ" деген жол алып тасталсын;

      2) "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының Медициналық орталығы" деген бөлімде:

      реттік нөмірі 309-1-жол алып тасталсын.

      8. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады