Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 26 қыркүйектегі № 835 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 26 қыркүйектегі
№ 835 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1120 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі туралы ережеде:

      14-тармақ мынадай мазмұндағы 145-1) және 145-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "145-1) жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортының нысанын әзірлеу және бекіту;

      145-2) жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп, жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесін жүргізу және пайдалану тәртібін әзірлеу және бекіту;".

      2. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі № 310 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы ережеде:

      15-тармақта:

      284) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "284) жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу және жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау саласындағы қызметті мемлекеттік реттеуді және бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органмен бірлесіп, жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесін жүргізу және пайдалану тәртібін әзірлейді және бекітеді;";

      294) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "294) өтініштің, келісуші мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдар қорытындысының, жер учаскесін таңдау актісінің, жер учаскесін бөліп беру схемасының және жер-кадастрлық жоспардың нысандарын әзірлейді және бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 294-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "294-1) жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортының нысанын келіседі;";

      305) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "305) жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортының нысанын қоспағанда, жер учаскесіне меншік құқығына және жерді пайдалану құқығына сәйкестендіру құжаттарының нысандарын бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 309-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "309-1) жер учаскесін бөліп беру схемасын келісу жөніндегі мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың үлгілік тізбесін бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 310-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "310-1) орталық уәкілетті органмен және монополияға қарсы органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен жүргізілетін және (немесе) іске асырылатын тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды белгілейді;".

      3. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 17 маусымдағы № 24 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 шілдедегі № 501 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туралы ережеде:

      15-тармақта:

      мынадай мазмұндағы 135-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "135-1) жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы уәкілетті органмен және жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу және жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу және бақылау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша жария кадастрлық картаны жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      187) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "187) жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен және монополияға қарсы органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 153-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген іздестіру жұмыстарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер кадастрын жүргізу жөніндегі қызметін жүзеге асыру кезінде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын белгілеу;".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады