Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында Француз даму агенттігі тобының жұмыс істеуі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 1 қарашадағы № 959 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында Француз даму агенттігі тобының жұмыс істеуі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Сәкенұлы Қуантыровқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында Француз даму агенттігі тобының жұмыс істеуі туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 1 қарашадағы
№ 959 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында Француз даму агенттігі тобының жұмыс істеуі туралы келісім

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Француз Республикасының Үкiметi,

      Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы өздерінің достық және ынтымақтастық байланыстарын нығайту ниетін ұстанатынын назарға ала отырып;

      екі ел арасындағы экономикалық және қаржылық ынтымақтастықты жандандыруға және кеңейтуге деген ортақ ұмтылысты құптай отырып;

      Француз даму агенттігі (бұдан әрі – "ФДА"), оның жекеше секторды дамытуды қаржыландыруға маманданған "Société de promotion et de Participation pour la coopération Economique" (бұдан әрі – "PROPARCO") еншілес компаниясы және француздық техникалық жәрдемдесуді және шетелде халықаралық сараптамалық білім мен тәжірибені ілгерілетуге маманданған "Expertise France" еншілес компаниясы бірігіп ФДА тобын (бұдан әрі – "ФДА тобы") құра отырып, өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында дамытуға мүдделі екенін; осы Келісімнің қалған бөлігінде "ФДА тобы" деген термин жеке-жеке немесе бірге алғанда ФДА тобын (ФДА, "PROPARCO" және "Expertise France") құрайтын үш құрылымға жататынын мойындай отырып;

      ФДА тобы дамушы елдерге ресми көмек көрсетуде негізгі орынды алып отырғанын және өз қызметін шамамен 60 жергілікті өкілдіктен тұратын өз желісінің арқасында 80-нен астам елде жүзеге асыратынын есте ұстай отырып;

      Француз мемлекеттік мекемесі – ФДА:

      кедейлікпен күрес жүргізетінін, экономикалық өсуді қолдайтынын және дамушы елдерде, өтпелі экономикасы бар елдерде және Францияның теңіздің арғы жағындағы аумақтарында жаһандық қоғамдық игіліктерді сақтауға қатысатынын,

      оған Сыртқы істер және халықаралық даму министрлігі, Экономика және қаржы министрлігі, Теңіздің арғы жағындағы аумақтар министрлігі және Францияның Ішкі істер министрлігі жетекшілік ететінін, Францияның даму мақсаттарына жәрдем көрсету жөніндегі саясатын жүзеге асыратынын және осы министрліктердің бақылауымен және олармен тығыз ынтымақтастықта іс-қимыл жасайтынын,

      өз қызметін өзінің мәртебесіне сәйкес даму жобалары мен бағдарламалары шеңберінде жүзеге асыратынын,

      консультациялық көрсетілетін қызметтерді, оқыту және техникалық жәрдемдесу жөнінде көрсетілетін қызметтерді ұсынатынын есте ұстай отырып;

      1977 жылы француздық құқыққа сәйкес компания нысанында құрылған "PROPARCO":

      акцияларының бақылау пакеті ФДА-ға тиесілі даму жөніндегі қаржылық мекеме болып табылатынын,

      бірінші кезекте орнықты даму саласында (ОДС) өсуді, орнықты дамуды және мақсаттарға қол жеткізуді қолдау үшін өтпелі экономикасы бар елдерде және дамушы елдерде жеке инвестицияларды ынталандыру мақсатына ие екенін,

      экономикалық тұрғыдан өміршең, әлеуметтік тұрғыдан әділ, экологиялық орнықты және қаржылық тұрғыдан өміршең операцияларды қаржыландыратынын,

      өтпелі экономикасы бар ірі елдерден бастап ең кедей елдерге, оның ішінде Африка елдеріне дейінгі, әлеуметтік және экологиялық жауаптылыққа жоғары талаптар қоятын географиялық аймаққа инвестиция салатынын, дамушы елдердегі жеке инвесторлардың нақты қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қаржы құралдарының жан-жақты ауқымын ұсынатынын есте ұстай отырып;

      "Expertise France" инклюзивті даму және жаһандық теңсіздікпен күрес мүддесінде бағдарламалар әзірлеу туралы 2021 жылғы 4 тамыздағы № 2021-1031 Франция Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес ФДА тобына толығымен интеграцияланған, Француз мемлекетінің техникалық ынтымақтастық жөніндегі операторының рөлін атқаратын құрылым екенін:

      2030 күн тәртібінің орнықты даму мақсаттары мен Француз Үкіметінің шетелдік саясатының басымдықтарына сай әріптес елдердің теңгерімді дамуына үлес қосатын мемлекеттік саясат шараларын айқындау және іске асыру процесін қолдау үшін француздық және халықаралық сараптамалық білім мен тәжірибені жұмылдыратынын,

      өз қызметін жобалау циклінің негізгі кезеңдерінде (айқындау, тұжырымдау, іске асыру және одан кейінгі іс-шаралар) жүзеге асыратынын және іс-шаралардың кең ауқымын (қысқа және ұзақ мерзімді перспективада сараптамалық білім мен тәжірибені ұсыну, жұмыс кеңестерін, семинарларды, оқыту іс-шараларын, таныстыру сапарларын ұйымдастыру және т.б.) ұсынатынын,

      Француз немесе Еуропа мемлекеттік мекемелері, даму банктері, алушы елдер немесе жеке қорлар қаржыландыратын халықаралық жобалар шеңберінде мемлекеттік саясат шараларын айқындауда және іске асыруда ұлттық билік органдарына сараптамалық білім, тәжірибе және қолдау ұсынатынын есте ұстай отырып;

      ФДА тобына Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік даму мақсаттарына сәйкес Қазақстан Республикасына өзінің қаржылық және техникалық жәрдемін көрсетуге мүмкіндік беру үшін осы Келісімді жасасу Тараптардың ортақ мүддесі екенін есте ұстай отырып;

      тәуелсіздік, егемендік теңдігі және ішкі істерге араласпау қағидаттарын құрметтеу негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап. Келісімнің мақсаты

      ФДА тобы Қазақстан Республикасында қаржылық және техникалық көмек көрсетуге уәкілетті.

      Осы Келісімнің мақсаты Қазақстан Республикасында ФДА тобының жұмыс істеуіне қатысты қолданылатын қағидаларды айқындау болып табылады, мұнда, атап айтқанда, Қазақстан Республикасындағы ФДА тобының мәртебесі мен қызметіне қатысты қолданылатын құқықтық, салықтық және қаржылық жағдайлар айқындалады.

2-бап. ФДА тобының құқықтық мәртебесі

      2.1. ФДА тобы өз қызметін Қазақстан Республикасында жүзеге асыру үшін қажетті құқықтық қабілеттілікке ие және осы ретте Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шетелдік заңды тұлғалардың жеке меншігінде болуына тыйым салынған жерлерді қоспағанда,

      жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алып, оған иелік ете алады, сондай-ақ сотқа жүгіне алады.

      2.2. ФДА тобы:

      а) осы Келісімнің 3-бабында нақты санамаланған қызмет түрлерін жүзеге асыруға;

      b) халықаралық шарттарды қоспағанда, келіссөздер жүргізуге және кез келген келісімшарт түрлерін жасасуға;

      с) кез келген кепілдік немесе қамтамасыз ету түрлерін қабылдауға;

      d) Қазақстан Республикасының, Француз Республикасының немесе басқа мемлекеттердің азаматтары қатарынан персоналды жалдауға құқылы.

3-бап. ФДА тобының Қазақстан Республикасында рұқсат етілген қызмет түрлері

      3.1. ФДА тобы осы Келісімде сипатталған қызметті жүзеге асыруға:

      а) өз мәртебесіне және осы Келісімге сәйкес еурода, АҚШ долларында немесе кез келген басқа валютада қаражат беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қаржылық немесе техникалық жәрдемдесудің кез келген нысанын ұсынуға;

      b) мемлекеттік немесе жеке құрылымдарға консультациялық көрсетілетін қызметтер, техникалық жәрдемдесу және оқыту жөніндегі көрсетілетін қызметтер ұсынуға құқылы.

      3.2. Жоғарыда аталған қызмет түрлерінің әрқайсысы қаралып отырған қызмет түріне немесе операцияға қатысы бар Тараптардың міндеттері мен міндеттемелерін айқындайтын жекелеген шарттың нысанасы болып табылады. Әрбір Тарап осындай шарттың күшіне енуі үшін қажетті қолданыстағы рәсімдерді орындауға жәрдемдесу үшін барлық күш-жігерін жұмсауға міндеттенеді.

      3.3. ФДА тобының қызметі қандай да бір рұқсатты немесе лицензияны талап етпейді.

      3.4. Қазақстан Республикасының Үкіметі құзыретті мемлекеттік билік органдарының ФДА тобының қызметін (мән-жайларға байланысты немесе Қазақстан Республикасының нормативтік актілеріне сәйкес) пысықтау барысында және бағалау кезеңінде бекітуіне жәрдемдесу үшін барынша күш салады.

4-бап. Банктік реттеудің болмауы

      4.1. ФДА тобының қызметі оның Францияда орналасқан штаб-пәтерінен жүзеге асырылатын трансшекаралық операцияларды білдіреді.

      4.2. ФДА тобының және оның өкілдігінің (өкілдіктерінің) Қазақстан Республикасында банк немесе қандай да бір басқа қаржылық мекеме деген мәртебесі жоқ (төменде 7-бапта берілген анықтамаға сәйкес). Сондықтан Қазақстан Республикасының аумағында банктерге және қаржылық ұйымдарға қатысты қолданылатын банктік реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің ережелері оларға қолданылмайды.

5-бап. Қаражаттың айырбасталуы және аударымдары

      5.1. ФДА тобына, ФДА тобынан кез келген қаржы алушыға, сондай-ақ кез келген делдал банкке айырбастауды жүзеге асыратын ұйым мен қаражат иесі арасында келісілген немесе айырбастау күніне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жариялаған айырбас бағамы бойынша шетел валютасына айырбастауға және ФДА тобына тиесілі кез келген соманы, оның ішінде Қазақстан Республикасында ФДА тобының қызметін жүзеге асыруға немесе аяқтауға байланысты оған тиесілі негізгі борыш сомасын да, пайыздарды да қаржыландыруды өтеуге арналған сомаларды, өсімпұларды, ілеспе алымдар мен басқа да барлық сомаларды алдын ала формальдылықсыз немесе шектеулерсіз Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге еркін аударуға уәкілеттік береді.

      5.2. ФДА тобы:

      (і) Қазақстан Республикасында кез келген валютада банктік шоттарға ие болуға;

      (іі) айырбастауды жүзеге асыратын ұйым мен қаражат иесі арасында келісілген немесе айырбастау күніне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жариялаған айырбастау бағамы бойынша шетел валютасына айырбастауға және;

      (ііі) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдерге сәйкес үлестерді немесе жылжымалы және жылжымайтын активтерді сату нәтижесінде қалыптасатын кез келген сома, кез келген дивидендтер және кірісті өзге де бөлу, кез келген пайда, кез келген капитал өсімі, кез келген қолданыстағы өнім және тұтастай алғанда кез келген кіріс, комиссиялар сомасы немесе атап айтқанда, сот немесе төрелік шешімнің негізінде туындаған залалдар үшін өтемақыны және пайыздарды қоса алғанда, кез келген сипаттағы құралдар негізінен немесе ФДА тобының Қазақстан Республикасындағы кез келген инвестицияларына немесе кез келген операцияларына немесе оларды іске асыруға байланысты болса да, мұндай сомаларды алдын ала формальдылықсыз немесе шектеулерсіз Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге еркін аударуға құқылы.

      5.3. ФДА тобы тиісті жағдайларда қарыздарды немесе кез келген басқа қаржылық, валюталық немесе кредиттік операцияларды іске асыру кезінде Қазақстан Республикасының аумағында құрылмаған тиісті қарыз алушының немесе алушының өнім берушілеріне немесе контрагенттеріне тікелей төлемдерді жүзеге асыруға құқылы, бұл жерде олар Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде шығарылған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін пайдаланылады және қажет болған кезде Қазақстан Республикасынан тыс жерде сақталатын валютаны пайдалана отырып, осы қаржыландырудың тікелей өтемін алуға құқылы.

      5.4. Қазақстан Республикасында аккредиттелген және жұмыс істейтін банктер:

      (і) ФДА тобының борышкерлерінен алынған қазақстандық теңгені (KZT) айырбастауды жүзеге асыратын ұйым мен қаражат иесі арасында келісілген немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айырбастау күніне жариялаған айырбас бағамы бойынша кез келген шетел валютасына айырбастауға, және

      (іі) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдерге сәйкес осы шетел валютасын шетелдегі ФДА тобының банктік шоттарына аударуға құқылы.

6-бап. Салық мәртебесі

      ФДА тобының субъектілері Қазақстан Республикасындағы өз қызметі шеңберінде осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған табыстан корпоративтік табыс салығын (төлем көзінен алынатын салық төлеуді қоса алғанда) төлеуден босатылады. Басқа салықтар бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы салық заңнамасы қолданылады.

7-бап. ФДА тобының жергілікті өкілдігі – қызметкерлердің мәртебесі

      7.1. Қазақстан Республикасындағы ФДА тобының өкілдігі:

      a) ФДА тобы осы Келісімде сипатталған қызметті жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасында өкілдікті (өкілдіктерді) ашуға және оны ұстауға құқылы (бұдан әрі – "өкілдік (өкілдіктер)"). ФДА тобы атынан әрекет ететін ФДА өкілдіктің құрылтайшысы болып табылады.

      b) Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Келісімге сәйкес өкілдіктің (өкілдіктердің) ашылуына және оның жұмыс істеуіне жәрдемдеседі.

      c) Қазақстан Республикасындағы ФДА тобының өкілдігі (өкілдіктері) ФДА тобы Қазақстан Республикасында іске асыра алатын перспективалық жобаларды анықтауға, осы жобаларға байланысты құжаттарды дайындауға және келіссөздер барысында келісуге, сондай-ақ олардың іске асырылу барысын мониторингтеуге жауапкершілікте болады.

      Франциядағы ФДА тобының штаб-пәтері ғана (і) жобаларды қарау тәртібі; (іі) жобаларды мақұлдау; (ііі) қаржыландыру туралы шешім; (iv) қаражатты игеру; (v) берешектің өтелу барысын бақылау үшін жауап береді және жауапкершілікте болады.

      ФДА тобының өкілдігі (өкілдіктері) өз қызметін осы Келісімге сәйкес жүзеге асырады.

      d) Қазақстан Республикасының Үкіметі ФДА тобының немесе өкілдіктің кез келген мүлкін, активін немесе қаражатын иелену құқығынан тікелей немесе жанама түрде айыруға алып келуі мүмкін ешқандай шараны мемлекет меншігіне алмауға, экспроприацияламауға және қабылдамауға міндеттенеді. Егер ақталған ортақ мүдде тұрғысынан кез келген осындай шара немесе әрекет қолданылатын болса, онда ФДА тобына жедел және барабар өтемақы берілетін болады. Қаржылай өтемақы тәуелсіз түрде айқындалған нарықтық құн негізінде келісіледі және оны Тараптар қабылдайтын болады.

      7.2. ФДА тобының шетелдік персоналы/ қазақстандық персоналы/ уақытша миссияларының мүшелері:

      а) ФДА тобы өз өкілдігінің тиімді жұмыс істеуі үшін қажет деп санайтын, Қазақстан Республикасының азаматтығы және уақытша тұруға визасы жоқ өз персоналы мүшелерінің (бұдан әрі "шетелдік қызметкерлер") санын және олардың біліктілігін айқындайды.

      ФДА тобы шетелдік қызметкерлердің жалақысы, өтемақысы және оларды тасымалдау бойынша барлық шығысты көтереді. Бұл қызметкерлер француздық әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелерін пайдаланады, сондықтан оларға Қазақстан Республикасында қолданылуы мүмкін ұқсас сипаттағы ережелер қолданылмайды. Атап айтқанда, ФДА тобы Қазақстан Республикасындағы жұмыспен қамту режимдеріне сәйкес әдетте жұмыс беруші төлейтін жарналарды төлемейді.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      І) Шетелдік қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері іссапарда болған кезеңде оларға Қазақстан Республикасына келуге, кетуге және онда болуға рұқсат береді, оларға шетелдіктерді тіркеу рәсімінен өту үшін қолайлы жағдай жасайды;

      II) Шетелдік қызметкердің жұбайына (зайыбына) тиісті шетелдік қызметкерге Қазақстан Республикасында жұмыс істеуге мүмкіндік беретін, іссапардың бүкіл мерзімі ішінде жарамды болатын жұмысқа рұқсаттың берілуіне жәрдемдеседі;

      III) Шетелдік қызметкерлерге олардың мәртебесін растайтын құжаттарды береді.

      b) ФДА тобы Қазақстан Республикасындағы өз қызметі шеңберінде Қазақстан Республикасының еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнамасы мен нормативтік актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары немесе резиденттері болып табылатын қызметкерлерді жалдауға құқылы.

      с) ФДА тобы Қазақстан Республикасында өз қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасына уақытша миссиялар жіберуге немесе консультанттарға жобаларды дайындау және (немесе) іске асыру үшін қажетті ақпаратты жинауды тапсыруға құқылы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі уақытша миссиялар мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағына келуі, онда болуы және одан кетуі үшін қажетті рұқсаттарды қысқартылған мерзімде алуы үшін қажетті шаралар қабылдайды.

      d) Шетелдік қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне, уақытша миссиялар мүшелеріне, сондай-ақ өкілдікке (өкілдіктерге) дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлерін қоспағанда, шетелдік қызметкерлер мен олардың отбасыларына, уақытша миссиялар мүшелеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасында осыған ұқсас миссияны орындайтын кез келген үшінші елдің немесе кез келген халықаралық ұйымның өкілдіктеріне берілетіннен кем болмайтындай артықшылықтар береді.

      е) Қазақстан Республикасының Үкіметі шетелдік қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы уақытша миссиялар мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайды.

8-бап. Келісімді іске асыру

      8.1. ФДА тобы өз қызметін іске асыру жөніндегі рәсімдерді жүзеге асыруға жәрдемдесу мақсатында Қазақстан Республикасы осы Келісімнің толық көлемде жедел орындалуын қамтамасыз ету және ол үшін кез келген қажетті ішкі шараларды қабылдау үшін өз құрылымдарына барлық қажетті ақпаратты жібереді.

      8.2. Осы Келісім күшіне енген күннен бастап ФДА тобы осы Келісімді сілтеме немесе көшірме арқылы болсын кез келген билік органына, лауазымды адамға және жалпы алғанда Қазақстан Республикасының кез келген мемлекеттік басқару органына ұсынуға құқылы. ФДА-ны қаржыландыру бенефициарлары немесе оның контрагенттері осы Келісімде бекітілген құқықтарды іске асыру туралы талаптармен жүгіне алуы үшін ФДА тобы осы Келісімнің көшірмесін осындай алушыларға немесе контрагенттерге оны тиісті билік органдарына ұсына алатындай етіп жіберуге құқылы.

9-бап. Күшіне енуі, қолданылу мерзімі. Қолданысын тоқтату және өзгерістер енгізу

      9.1. Күшіне енуі

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың аяқтағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      9.2. Осы Келісімге өзгерістер енгізу

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы баптың 9.1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

      9.3. Дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты туындайтын даулар Тараптар арасындағы екіжақты консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.

      9.4. Қолданылу мерзімі және қолданысын тоқтату

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың бірі 6 (алты) ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу жолымен кез келген уақытта оның қолданысын тоқтата алады. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату осы Келісімнің күшінде болу кезеңінде жасалған қолданыстағы шарттарға немесе конвенцияларға әсер етпейді.

      Астана қаласында 2023 жылғы "__" ________ әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде 2 (екі) төлнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндер дәлме-дәл теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Француз РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады