"Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешенді дамыту қоры" акционерлік қоғамын құру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 15 желтоқсандағы № 1130 қаулысы

      "Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешенді дамыту қоры" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – қоғам) құрылсын.

      2. Отандық ғылыми-техникалық әзірлемелерді қаржылық қолдау және қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарын жаңғырту қоғам қызметінің негізгі нысанасы болып айқындалсын.

      3. Қоғамның жарғылық капиталы республикалық бюджет қаражаты есебінен 265722000 (екі жүз алпыс бес миллион жеті жүз жиырма екі мың) теңге мөлшерінде қалыптастырылсын.

      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) қоғамның жарғысын бекітуді;

      2) мемлекеттік тіркеу үшін құжаттарға қоғам атынан қол қоюға уәкілетті тұлғаны сайлауды, қаржы-шаруашылық қызметті жүзеге асыруды және басқару органдары құрылғанға дейін үшінші тұлғалар алдында оның мүдделерін білдіруді;

      3) қоғамды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында мемлекеттік тіркеуді;

      4) қоғам акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне беруді;

      5) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.

      5. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2023 жылғы 15 желтоқсандағы
№ 1130 қаулысымен
  бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      "Астана қаласы" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-212-жолмен толықтырылсын:

      "21-212. "Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешенді дамыту қоры" акционерлік қоғамы.".

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне:" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 410-2-1-жолмен толықтырылсын:

      "410-2-1. "Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешенді дамыту қоры" акционерлік қоғамы.".

      3. "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 864 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі туралы ережеде:

      Министрліктің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:

      "1. Министрлік" деген бөлім мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4) "Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешенді дамыту қоры" акционерлік қоғамы.".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады