Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 12 наурыздағы № 175 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2021 жылғы 5 шілдеде Мадридте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2024 жылғы 12 наурыздағы
№ 175 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі

      екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға ниет білдіре отырып,

      тең құқықтық және өзара пайда қағидаттарын басшылыққа ала отырып,

      1997 жылғы 27 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Мәдениет, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді басшылыққа ала отырып,

      осы ынтымақтастықты дамыту үшін ұзақ мерзімді негіз құру қажет деп есептей отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар бейбіт мақсаттарда әрбір Тараптың мүмкіндіктері мен ресурстарына сәйкес тең және өзара бөлінетін салымдар мен пайдаларға негізделе отырып, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытатын болады.

2-бап

      Тараптар екі ел арасындағы ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастықты мынадай нысандарда дамытатын болады:

      1) бір Тарап ғалымдарының екінші Тарап өткізетін конференцияларға, симпозиумдарға, кездесулерге қатысуы;

      2) екі Тарап үшін қызығушылық тудыратын салаларда бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізу;

      3) екі елдің университеттері, ғылыми-зерттеу ұйымдары, институттары мен ғалымдары арасында байланыстар мен қарым-қатынас орнату;

      4) ғылыми және техникалық делегациялар, жекелеген ғалымдар және мамандар алмасу;

      5) осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық жөніндегі іс-шараларға мемлекеттік және жеке сектордың ғалымдары мен зерттеу ұйымдарының қатысуы;

      6) екі ел арасында ғылыми-техникалық ақпарат және құжаттама, бұйымдар мен материалдардың үлгілерін алмасу және технологиялар трансферті;

      7) Тараптар мен олардың зерттеу ұйымдары арасындағы уағдаластық бойынша ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың кез келген басқа нысандары.

3-бап

      Тараптар тиісті мемлекеттердің университеттері, ғылыми-зерттеу орталықтары, институттары мен басқа да ұйымдары арасындағы тікелей байланыстар мен ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

      Ғылым мен техниканың белгілі бір салаларындағы ынтымақтастықтың мазмұны, оның экономикалық және ұйымдастырушылық шарттары жекелеген шарттар негізінде Тараптардың ұйымдарымен тікелей келісіледі.

4-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша үшінші мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымдардың ғалымдары, техникалық сарапшылары мен органдары осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын жобалар мен бағдарламаларға өздерінің есебінен қатысуға тартылуы мүмкін.

5-бап

      Тараптар осы Келісімнің негізінде өздерінің бірлескен қызметі нәтижесінде алынған ғылыми-техникалық ақпарат пен құжаттаманы Тараптардың ресми келісімінсіз кез келген үшінші тарапқа бермеуге міндеттенеді.

6-бап

      Тараптар осы Келісімде көрсетілген салалардағы ынтымақтастықты Тараптардың кез келгені қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді қозғамай және олар мүшелері болып табылатын халықаралық ұйымдардың нормаларына сәйкес ынталандыратын болады.

7-бап

      Осы Келісімнің ережелерін іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:

      Қазақстан Республикасының Үкіметінен – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі;

      Испания Корольдігінің Үкіметінен – Испания Корольдігінің ғылым және инновация министрлігі.

      Тараптардың уәкілетті органдарының атаулары немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар ететін болады.

8-бап

      Осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын жобалар мен іс-шаралар осы Келісімнің мақсаттарына қатысты олардың өзектілігі мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін Тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша оқтын-оқтын қайта қаралатын болады.

9-бап

      Осы Келісім қаржылық міндеттемелер жүктемейді. Осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет Тараптардың келісуі бойынша тиісті бюджеттен бөлінген қаражат шеңберінде, егер ондай болса, қаржыландырылады.

10-бап

      Тараптар ғылыми-техникалық ынтымақтастықта зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың маңыздылығын мойындайды. Тараптардың сұрау салуы бойынша Тараптар зияткерлік және өнеркәсіптік меншік құқықтарын қорғау саласындағы заңнама мен рәсімдер туралы ақпарат алмасады.

11-бап

      Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану жөніндегі кез келген даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасында консультациялар немесе келіссөздер жүргізу жолымен дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісімнің 12-бабында көрсетілген ережелерге сәйкес күшіне енетін жазбаша нысандағы жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім 5 (бес) жыл мерзімге жасалады және оның қолданылуы келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылатын болады. Тараптардың кез келгені екінші Тарапты тоқтатылғанға дейін кемінде 6 (алты) ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы өзінің ниеті туралы хабардар ете отырып, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады немесе екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы Келісім ұзартылатын күнге дейін кемінде 6 (алты) ай бұрын ұзартқысы келмейтіні туралы хабардар ете алады.

      Осыны куәландыру үшін бұған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қояды.

      2021 жылғы "5" шілдеде Мадрид қаласында қазақ және испан тілдерінде жасалды әрі екі мәтіннің күші бірдей.

Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін

Испания Корольдігінің Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады