Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі № 310 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы ережеде:
мынадай мазмұндағы 20-1) тармақшамен толықтырылсын:
"20-1) агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қарыздарын кепілдендіру кезінде комиссияның бір бөлігін және қарыздарын сақтандыру кезінде сақтандыру сыйлықақыларының бір бөлігін өтеуді қамтамасыз етеді;";
49-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"49-1) агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға кредит беру, сондай-ақ ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";
мынадай мазмұндағы 508-121) және 508-122) тармақшалармен толықтырылсын:
"508-121) агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беру және лизинг кезінде қаржы институттарының сыйақы мөлшерлемелерін тікелей субсидиялауды жүзеге асырады;
508-122) ауыл шаруашылығы саласында табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;" ;
2) "Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 1358 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларында:
3-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3-1. Зардап шеккендердің ең минималды сұранысын қанағаттандыру үшін қажетті мынадай мүлік өтеледі:
1) осы Қағидалардың 2-тармағында көзделген тұрғын үй, пәтер немесе уақытша (маусымдық) тұруға арналған құрылыс;
2) ауылшаруашылық жануарлары;
3) тағамды сақтауға және дайындауға арналған заттар – тоңазытқыш, газ плитасы (электр плитасы) және ыдыс-аяқ шкафы;
4) тамақтануға арналған жиһаз заттары – үстел мен орындық;
5) ұйықтауға арналған жиһаз заттары – кереует (диван);
6) азаматтарға хабар беру құралдарының заттары – теледидар (радио);
7) киім күтіміне арналған заттар (кір жуғыш машина);
8) сумен жабдықтау және жылу беру құралдарының заттары (орталықтандырылған сумен жабдықтау және жылу беру болмаған жағдайда) – су беруге арналған сорғы, су жылытқыш және жылыту қазандығы (тасымалды пеш).
Осы тармақтың 2) тармақшасына сәйкес табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу агроөнеркәсіптік кешен саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Осы тармақтың 3) – 8) тармақшаларына сәйкес табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу келтірілген нұқсанының мөлшерін бағалауға сәйкес жүзеге асырылады, бірақ 150 айлық есептік көрсеткіштен аспайды.".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |