Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 5 маусымдағы № 441 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Қабыкенқызы Жақыповаға Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 5 маусымдағы
№ 441 қаулысымен
мақұлданған
Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі (бұдан әрі "Тараптар" деп аталатындар) зейнетақыларды тағайындау және төлеу мәселелері бойынша ынтымақтастықты дамытуға ұмтылуды басшылыққа ала отырып, төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

Негізгі ұғымдар

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      "тұратын мемлекеті" – аумағында өтініш беруші тұрақты тұратын мемлекет;

      "заңнама" – Тараптар мемлекеттерінің зейнетақыларды тағайындау және төлеу мәселелерін реттейтін заңдары мен басқа да құқықтық актілері;

      "өтініш беруші" – зейнетақы тағайындауға өтініш білдірген адам не оның атынан әрекет ететін және оның мүдделерін білдіретін сенім білдірілген адам;

      "құзыретті орган" – осы Келісімді іске асыратын Тараптардың мекемесі және (немесе) ұйымы;

      "тұрғылықты жері" – Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес айқындалатын немесе сондай деп танылатын өтініш берушінің тұрақты тұратын жері;

      "зейнетақылар" – осы Келісімнің 2-бабының 2-тармағында көрсетілген зейнетақы төлемдері;

      "дербес деректер" – өтініш берушіге (зейнетақы алушыға) қатысты электрондық, қағаз және (немесе) өзге де материалдық жеткізгіште тіркелген мәліметтер;

      "зейнетақы алушы" – осы Келісімнің 2-бабының 2-тармағында көзделген зейнетақы тағайындалған адам;

      "еңбек (сақтандыру) өтілі" – жұмыс және (немесе) сақтандыру зейнетақы жарналарын төлеу кезеңдері, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес өзге де кезеңдер;

      "уәкілетті орган":

      Қазақстан Республикасында – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;

      Моңғолияда – Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі.

      Тараптардың бірінде уәкілетті органның ресми атауы өзгерген немесе қайта құрылған кезде мұндай Тарап бұл туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді және тиісті құқықтық мирасқорлықты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.

      2. Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында айқындалған мағыналарда қолданылады.

2-бап

Адамдар шеңбері және қолданылу аясы

      1. Осы Келісім Тараптардың бірінің мемлекетінің аумағында тұрақты тұратын және екінші Тарап мемлекетінің аумағында еңбек (сақтандыру) өтілі бар Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қолданылады.

      2. Осы Келісім зейнетақылардың мынадай түрлеріне:

      2.1. Қазақстан Республикасында:

      2.1.1. жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне;

      2.1.2. міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (бұдан әрі – жинақтаушы зейнетақылар) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан зейнеткерлік жасқа толуына байланысты зейнетақы төлемдеріне;

      2.2. Моңғолияда – жерасты жұмыстарында, ыстық температуралық жағдайлардағы жұмыстарда және еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда істеген адамдарға мерзімінен бұрын зейнетақыларды қоспағанда, сақтандыру зейнетақы қорынан төленетін жасына байланысты зейнетақыларға (бұдан әрі – жасына байланысты зейнетақылар) қолданылады.

      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген зейнетақыларды тағайындау және төлеу мәселелерін реттейтін Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, егер олар оның ережелеріне қайшы келмесе, осы Келісімге қолданылады.

      4. Осы Келісім мынадай зейнетақыларға:

      Қазақстан Республикасында – еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне;

      Моңғолияда – әскери қызметі үшін зейнетақыға қолданылмайды.

      5. Осы Келісім 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының және 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының тиісті ережелеріне әсер етпейді.

3-бап

Зейнетақыларды тағайындау және төлеу

      1. Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына зейнетақыларды тағайындау және төлеу тұратын мемлекетінің заңнамасы бойынша жүзеге асырылады.

      2. Қазақстан Республикасында жасына байланысты зейнетақы төлемдері Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда республикалық бюджет қаражаты есебінен төленеді.

      3. Қазақстан Республикасында жинақтаушы зейнетақыларды бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда төлейді.

      4. Моңғолияда жасына байланысты зейнетақы Моңғолияның әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда сақтандыру зейнетақы қорынан төленеді.

      5. Зейнетақыларды аударуға байланысты барлық шығысты зейнетақы тағайындаған Тарап көтереді.

      6. Тұратын мемлекетінің заңнамасында көзделген қажетті құжаттарды қоса бере отырып, Қазақстан Республикасында жасына байланысты зейнетақы төлемдерін және Моңғолияда жасына байланысты зейнетақыларды тағайындау туралы өтінішті өтініш беруші тұратын мемлекетінің құзыретті органына береді.

      7. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қажетті құжаттарды қоса бере отырып, Қазақстан Республикасында жинақтаушы зейнетақыларды тағайындау туралы өтінішті өтініш беруші Тараптардың кез келгенінің құзыретті органына береді.

      Тараптардың бірінің құзыретті органына зейнетақы тағайындау мақсатында өтініш берген күн екінші Тараптың құзыретті органына берген күнге теңестіріледі.

      Моңғолияның құзыретті органына өтініш берілген жағдайда Моңғолияның құзыретті органы куәландырған өтініштің түпнұсқасы және қоса берілген құжаттардың көшірмелері өтініш қабылданған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының құзыретті органына жіберіледі. Өтініш нысанын Қазақстан Республикасының құзыретті органы бекітеді.

      Осы Келісімді іске асыру шеңберінде Тараптардың құзыретті органдары арасында құжаттарды жіберу мерзімі өтінішті қарау және зейнетақы тағайындау туралы шешім қабылдау мерзіміне қосылмайды.

      Қазақстан Республикасының құзыретті органы өтініштің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде қаралуын қамтамасыз етеді.

4-бап

Еңбек (сақтандыру) өтілінің жиынтық есебі

      1. Қазақстан Республикасында жасына байланысты зейнетақы төлемдерін және Моңғолияда жасына байланысты зейнетақыларды тағайындау кезінде бір Тараптың құзыретті органы екінші Тарап мемлекетінің аумағында 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жиналған, уақыт бойынша сәйкес келмейтін еңбек (сақтандыру) өтілінің жиынтық есебін жүргізеді.

      2. Тараптардың бірінің аумағында жиналған еңбек (сақтандыру) өтілі оны осы Тараптың құзыретті органы Келісімнің 6-бабында көзделген тәртіппен растаған жағдайда ескеріледі.

      3. Әскери қызмет кезеңдері және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі және арнаулы орта білім беру жүйесінде, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарында оқу кезеңдері Тараптар мемлекеттерінің аумағында зейнетақыны тағайындаған Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес еңбек (сақтандыру) өтіліне есепке жазылады.

5-бап

Зейнетақыларды аудару

      1. Жинақтаушы зейнетақыны аудару алушы Қазақстан Республикасынан Моңғолияға тұрақты тұруға кеткен жағдайда жүргізіледі.

      2. Жинақтаушы зейнетақыны аудару алушының операция жасалатын күнгі Қазақстан Республикасы валютасының ресми бағамы бойынша айырбасталатын Моңғолияның ұлттық валютасындағы шотына жүзеге асырылады.

6-бап

Тараптардың ынтымақтастығы

      1. Тараптардың уәкілетті органдары бір-біріне заңнамадағы барлық өзгеріс туралы, сондай-ақ осы Келісімнің қолданылу аясына қатысты уәкілетті және құзыретті органдардың өзгеруі туралы ақпарат береді.

      2. Тараптардың уәкілетті және құзыретті органдарының өкілдері осы Келісімді іске асыруға қатысты мәселелерді талқылау мақсатында Тараптардың әрқайсысында кезекпен кездесулер ұйымдастыруға құқылы.

      3. Екінші Тарап мемлекетінің аумағында жиналған еңбек (сақтандыру) өтілін растау мақсатында, сондай-ақ осы Келісімді іске асыруға байланысты зейнетақыларды тағайындау, төлеу, тоқтату мәселелері және басқа да мәселелер бойынша қосымша мәліметтер, құжаттар алу қажет болған кезде бір Тараптың құзыретті органы екінші Тараптың құзыретті органына сұрау салу жібереді.

      Құзыретті орган сұрау салуды алғаннан кейін 30 жұмыс күні ішінде жауап жібереді. Сұрау салуға жауапты көрсетілген мерзімде жіберу мүмкін болмаған кезде құзыретті орган сұрау салуды жіберген құзыретті органды бұл туралы хабардар етеді.

      Сұрау салулар мен оларға жауаптардың бірыңғай нысандарын Тараптардың құзыретті органдары бекітеді.

      4. Зейнетақы мөлшерінің өзгеруіне, оны төлеуді тоқтата тұруға немесе тоқтатуға, дербес деректердің өзгеруіне алып келетін мән-жайлар туындаған жағдайда Тараптардың құзыретті органдары тиісті мәліметтерді алғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде бір-біріне хабарлауға міндетті.

7-бап

Дербес деректер

      1. Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар арасында дербес деректер беріледі. Мұндай деректер құпия дербес ақпаратқа жатады және осы Келісім мен Тараптар мемлекеттерінің дербес деректер саласындағы тиісті заңнамасы шеңберінде ғана пайдаланылады.

      2. Тараптардың уәкілетті және құзыретті органдары Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес дербес деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды, қорғауды жүзеге асырады.

8-бап

Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға байланысты дауларды Тараптар консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешеді.

      2. Осы Келісім ратификациялауға жатады және Тараптардың ратификациялау туралы жазбаша хабарламаларының соңғысы дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен кейінгі екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.

      3. Тараптар өзара келісу бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады.

      4. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.

      Әрбір Тарап осы Келісімнің қолданысын ағымдағы күнтізбелік жыл өткенге дейін кемінде 6 ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты бұл туралы жазбаша хабардар ете отырып, келесі күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарынан бастап тоқтатуға құқылы.

      5. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда, осы Келісімнің ережелеріне сәйкес туындаған құқықтар өз күшін жоғалтпайды.

      ..............жылғы \ күні\.........\ орын\ әрқайсысы қазақ, моңғол және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіннің күші бірдей. Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтықтар туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Моңғолия Үкіметіүшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады