Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Хасенұлы Мәдиевке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 28 маусымдағы № 517 қаулысымен мақұлданған Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі Тараптар 2023 жылғы 17 мамырда қол қойған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандумды іске асыру, сондай-ақ екі ел арасындағы достық қатынастар мен техникалық-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Қазақстан Республикасы Үкіметінің сұрау салуына сәйкес Қытай Халық Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Үкіметіне техникалық-экономикалық ынтымақтастық шеңберінде екі Тарап келіскен жобаларға пайдаланылатын 100000000 (бір жүз миллион) юань мөлшерінде өтеусіз көмек көрсетеді.
Нақты мәселелер және Қазақстан Республикасының жобаларға жауапты уәкілетті ұйымдарын таңдау Тараптар қосымша қол қоятын келісімдерде көзделетін болады.
2-бап
Қазақстан Республикасының жобаларға жауапты уәкілетті ұйымдары және Қытайдың Мемлекеттік даму банкі өтеусіз көмекті есепке алу үшін қытай юанінде "№ 2023/1 көмек көрсету шоты" деп аталатын шоттар ашады.
Қазақстан Республикасының жобаларға жауапты уәкілетті ұйымдары және Қытайдың Мемлекеттік даму банкі есеп жүргізеді және Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес осы шоттардың пайдаланылуы туралы өз мемлекеттерінің үкіметтері алдында есеп береді.
3-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді және Тараптардың осы Келісім бойынша барлық міндеттемелері орындалған күнге дейін қолданылады.
2024 жылғы " " шілдеде Астана қаласында әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Қытай Халық РеспубликасыныңҮкіметі үшін |