Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 11 қыркүйектегі № 736 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Руслан Фатихұлы Жақсылықовқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2024 жылғы 11 қыркүйектегі
  № 736 қаулысымен
  Мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі

      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттарын және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасын назарға ала отырып,

      1996 жылғы 31 шілдедегі Солтүстік Атлант Шарты Ұйымына қатысушы мемлекеттер мен "Бейбітшілік жолындағы әріптестік" бағдарламасына қатысатын басқа да мемлекеттер арасындағы олардың Қарулы Күштерінің мәртебесіне қатысты келісімді назарға ала отырып,

      2018 жылғы 13 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді басшылыққа ала отырып,

      теңдік, әріптестік және өзара тиімділік қағидаттарын негізге ала отырып,

      Тараптар мемлекеттері арасында әріптестік орнату үшін әскери ынтымақтастыққа және Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы аумағының үстінен әскери мүлік пен персоналды әуе арқылы транзиттеуді жүзеге асыру үшін Тараптар мемлекеттерінің әуе кеңістігін өзара пайдалануға қолайлы жағдай жасауға ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Мақсаты

      Осы Келісім әуе кеңістігін өзара пайдалану шарттарында Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы аумағының үстінен Тараптардың әскери мүлкі мен персоналының әуе арқылы транзитін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

2-бап

Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін осы Келісімде пайдаланылатын анықтамалардың мынадай мағыналары бар:

      "әуе кемесі" – Тараптар мемлекеттеріне тиесілі әскери-көліктік (көліктік) әуе кемесі немесе Тараптар мемлекеттері жалдаған азаматтық әуе кемесі;

      "әскери мүлік" – қару-жарақтың, әскери техниканың, оқ-дәрінің, арнаулы құралдардың және басқа да мүліктің барлық түрі;

      "персонал" – Тараптар мемлекеттері қарулы күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілері мен азаматтық қызметшілері, Тараптар жалдаған азаматтық әуе кемесінің персоналы, әуе кемелерін жөндеу жөніндегі мамандар, жолаушылар;

      "транзит" – әуе кеңістігін ұсынатын Тарап мемлекетінің шегінен тыс жерде басталатын және аяқталатын, бортында әскери мүлік пен персонал бар әуе кемесінің қонбай ұшып өтуі;

      "уәкілетті органдар" – осы Келісімге және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес әскери мүлік пен персоналдың транзиті туралы шешім қабылдауға, сондай-ақ транзит үшін рұқсаттар беруге уәкілетті органдар;

      "Дипломатиялық рұқсаттың бір жылдық нөмірі (DCN)" – Тараптардың әскери-көліктік (көліктік) әуе кемелеріне жыл сайын берілетін рұқсат нөмірі;

      "біржолғы рұқсат" – әуе кеңістігін пайдалану қажет болған кезде Тараптар пайдаланатын азаматтық/әскери-көліктік (көліктік) әуе кемесіне берілетін рұқсат;

      "форс-мажор" – Тараптардың бақылауына жатпайтын күтпеген оқиғалар салдарынан туындайтын және осы Келісім бойынша міндеттемелерді орындауға кедергі келтіретін жағдай.

3-бап

Уәкілетті органдар

      Мыналар:

      Қазақстан Республикасының Үкіметінен:

      Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі – әскери мүлік пен персоналды транзиттеу мәселелері бойынша,

      Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі – дипломатиялық рұқсаттың бір жылдық нөмірін (DCN), сондай-ақ біржолғы рұқсаттарды беру саласында;

      Түркия Республикасының Үкіметінен – Түркия Республикасының Ұлттық қорғаныс министрлігі уәкiлеттi органдар болып табылады.

4-бап

Әскери әуе кемелері үшін дипломатиялық рұқсаттың бір жылдық нөмірі (DCN)

      1. Келесі күнтізбелік жылға дипломатиялық рұқсаттың бір жылдық нөмірін (DCN) алу үшін Тараптар ағымдағы күнтізбелік жылдың 1 желтоқсанына дейін дипломатиялық арналар арқылы ресми сұрау салу жібереді.

      2. Әуе кеңістігін пайдалану сұратылатын Тарап мемлекеті осы Келісімнің 6-бабында көрсетілген себептер бойынша осы сұрау салуды күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде қабылдамауы немесе мақұлдауы мүмкін. Дипломатиялық рұқсаттың бір жылдық нөмірі (DCN) – Тараптардың барлық әскери-көліктік (көліктік) әуе кемелері үшін жарамды рұқсат. Дипломатиялық рұқсаттың бекітілген бір жылдық нөмірі (DCN) тиісті күнтізбелік жылдың соңына дейін қолданылады.

      3. Дипломатиялық рұқсаттың бір жылдық нөміріне ұсынылатын сұрау салу және әуе кеңістігіне қатысты рәсімдер Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары мақұлдағаннан кейін алдыңғы күнтізбелік жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірілмей жарияланады.

      4. Тараптар мемлекеттерінің әуе кеңістігін пайдалануға дипломатиялық рұқсаттың бір жылдық нөміріне сұрау салу Тараптар мемлекеттері белгілеген әуе кеңістігін пайдалану рәсімдеріне сәйкес транзитті жүзеге асыру үшін қажетті құжат болып табылады және онда мынадай ақпарат қамтылуға тиіс:

      а. Тасымалдануы мүмкін әскери мүліктің және (немесе) персоналдың келу пунктінің жалпы сипаттамасы;

      b. Әуе кемесі пайдаланатын транзиттік әуе дәліздері.

      5. Дипломатиялық рұқсаттың бір жылдық нөмірі (DCN) Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары белгілеген шарттарға сәйкес күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде қолданылады.

      6. Дипломатиялық рұқсаттың бір жылдық нөмірі (DCN):

      a. Ресми делегациялар;

      b. Әскери мүлік пен персонал;

      c. Гуманитарлық көмек;

      d. Оқу-жаттығуларды қамтамасыз ету;

      e. Дипломатиялық жүк транзиті үшін қолданылады.

      7. Тараптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) "Қауіпті жүктерді әуеде қауіпсіз тасымалдау" құжатында қамтылған тізімдерге сәйкес жіктелген қауіпті жүктермен ұшу үшін мынадай қосымша ақпарат береді:

      a. Пайдаланушыға (операторға) қауіпті жүк тасымалына байланысты процестерді жүзеге асыруға уәкілеттік берілгенін куәландыратын сертификат;

      b. Мердігер немесе пайдаланушы (оператор) берген және қауіпті жүктің Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) директивалары мен қағидаларына сәйкес буып-түйілгені мен таңбаланғанын растайтын кепілдік сертификаты.

      Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) "Қауіпті жүктерді әуеде қауіпсіз тасымалдау" құжатына сәйкес ерекшелік немесе рұқсат талап етілетін кез келген қауіпті жүкті тасымалдайтын әуе кемесі ұшуды Тараптар берген ерекшеліктерді немесе рұқсаттарды ескеріп орындай алады.

      8. Егер дипломатиялық рұқсаттың бір жылдық нөмірі транзит уақытында тоқтатып қойылса немесе күші жойылса, Тараптар мемлекеттерінің кез келгеніне тиесілі әскери мүлік пен персонал бар әуе кемесі екінші Тарап мемлекетінің аумағынан транзиттік ұшу жүзеге асырылатын Тарап мемлекетінің әуе кеңістігіне кіру пункті арқылы немесе, егер бұл техникалық себептер бойынша қажет деп саналса, алдын ала белгіленген келу пунктінде транзиттік ұшуды аяқтамай, жақын маңдағы пункт арқылы кетеді.

5-бап

Біржолғы рұқсат

      1. Дипломатиялық рұқсаттың бір жылдық нөмірі шеңберіне кірмейтін ұшу үшін біржолғы рұқсат беріледі. Біржолғы рұқсат алу үшін Тараптар ресми сұрау салуды дипломатиялық арналар арқылы 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей жіберуге тиіс. Бұл сұрау салуда мынадай ақпарат қамтылуға тиіс:

      әуе кемесі тіркелген мемлекет;

      пайдаланушының (оператордың) толық атауы, пошталық мекенжайы;

      азаматтық әуе кемесі үшін ИКАО коды және рейс нөмірі, әскери-көліктік (көліктік) әуе кемесі үшін тіркеу нөмірі (шақыру белгісі);

      әуе кемесінің типі;

      борт нөмірі;

      әуе кемесінің командирі;

      экипаж мүшелері;

      жолаушылар саны;

      фото және арнайы жабдық;

      ұшу мақсаты;

      маршрут (күні, толық әуе маршруты және ұшу маршрутына есептелген уақыт графигі, әуе кеңістігіне кіру/одан шығу пункті);

      ұшудың есептік уақыты;

      келудің есептік уақыты;

      әскери мүлік туралы ақпарат.

      2. Тараптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) "Қауіпті жүктерді әуеде қауіпсіз тасымалдау" құжатында қамтылған тізімдерге сәйкес жіктелген қауіпті жүктермен ұшу үшін мынадай қосымша ақпарат береді:

      a. Пайдаланушыға (операторға) қауіпті жүк тасымалына байланысты процестерді жүзеге асыруға уәкілеттік берілгенін куәландыратын сертификат;

      b. Мердігер немесе пайдаланушы (оператор) берген және қауіпті жүктің Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) директивалары мен қағидаларына сәйкес буып-түйілгені мен таңбаланғанын растайтын кепілдік сертификаты.

      Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) "Қауіпті жүктерді әуеде қауіпсіз тасымалдау" құжатына сәйкес ерекшелік немесе рұқсат талап етілетін кез келген қауіпті жүкті тасымалдайтын әуе кемесі ұшуды Тараптар берген ерекшеліктерді немесе рұқсаттарды ескеріп орындай алады.

      3. Осы Келісімнің мақсаттарына кепілді түрде қол жеткізу үшін Тараптар транзитті жеделдету, әкімшілік жүктемені азайту және жалданған азаматтық әуе кемелеріне қажетті рұқсаттарды беру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды.

      4. Біржолғы рұқсат алған Тараптар әуе кеңістігін дипломатиялық рұқсаттың бір жылдық нөміріне қолданылатын рәсімдерге сәйкес пайдаланады.

6-бап

Берілген рұқсаттың күшін жою

      1. Тараптар осы Келісімнің 4 және 5-баптарына сәйкес берілген рұқсатты жою құқығын өзіне қалдырады.

      2. Егер Тараптардың бірі әскери мүлік пен персоналдың сұратылатын транзиті осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмейді немесе Тараптар мемлекеттерінің ұлттық қауіпсіздігіне немесе Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында айқындалған басқа да мәселелерге қатер төндіреді деп шешсе, ол транзитке арналған кез келген рұқсатқа сұрау салуды қабылдамау, сондай-ақ бұрын берілген транзитке арналған рұқсаттардың қолданысын тоқтата тұру немесе күшін жою құқығын өзіне қалдырады.

      3. Егер Тараптардың бірі транзитке арналған кез келген рұқсатты алуға сұрау салуды қабылдамау немесе оның қолданысын тоқтата тұру не бұрын берілген транзитке арналған рұқсаттың күшін жою туралы шешім қабылдаса, бұл туралы екінші Тарапты мүмкіндігінше тезірек жазбаша түрде хабардар етуге тиіс.

7-бап

Ұшу туралы хабарламалар

      1. Тараптар мемлекеттерінің әуе кеңістігінде әуе кемесінің қозғалысын үйлестіру мақсатында әрбір ұшу жоспарын Тараптардың Аэронавигациялық ақпарат жинағында (AIP) айқындалған тиісті бөлімшеге жоспарланған ұшу уақытына дейін кемінде 4 (төрт) сағат бұрын мынадай түрде:

      a.  Әскери-көліктік (көліктік) әуе кемелері үшін Тараптардың әскери бөлімшесі;

      b. Тараптар жалдаған азаматтық әуе кемелері үшін әуе кемесін пайдаланушы (оператор) немесе оның ресми өкілдер ұсынады.

      2. Әскери-көліктік (көліктік) әуе кемесі үшін хабарламада мынадай ақпарат қамтылуға тиіс:

      ұшу мақсаты;

      дипломатиялық рұқсаттың бір жылдық нөмірі;

      әуе кемесінің типі, борт нөмірі мен шақыру белгісі;

      ұшу және қону әуеайлақтары, балама әуеайлақтар;

      әскери мүлік туралы ақпарат, персонал мен жолаушылар саны;

      әуе кемесінің ең жоғарғы ұшып көтерілу массасы;

      рейстердің күні, толық әуе маршруты және болжамды кестесі, әуе кеңістігіне кіру және одан шығу пункттері;

      қауіпті жүктің бар немесе жоқ екендігі (атауы, санаты, қаптамасы мен саны).

      3. Тараптар мемлекеттері жалдаған азаматтық әуе кемесі үшін хабарламада мынадай ақпарат қамтылуға тиіс:

      біржолғы рұқсат нөмірі;

      әуе кемесінің типі, борт нөмірі, рейс нөмірі және ИКАО-ның кодталған шақыру белгісі;

      әуе кемесінің ең жоғары ұшып көтерілу массасы;

      ұшу және қону әуеайлақтары, балама әуеайлақтар;

      әскери мүлік туралы ақпарат, жолаушылар мен персонал саны;

      күні, болжамды әуе маршруты, ұшу маршрутындағы дүниежүзілік үйлестіру уақыты (UTC) бойынша болжамды кесте, әуе кеңістігіне кіру және одан шығу пункттері;

      қауіпті жүктің бар немесе жоқ екендігі (атауы, санаты, қаптамасы мен саны).

      4. Ұшу жоспарында ИКАО құжаттарында және осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында көрсетілген ақпарат қамтылуға тиіс.

      5. Тасымалданатын әскери мүлік пен персонал туралы ақпарат қамтылған ведомость пен басқа да құжаттар әуе кемесінің бортында болуға және сақталуға тиіс.

8-бап

Әуе кеңістігін пайдалану рәсімдері

      1. Тараптар мемлекеттерінің әуе кеңістігін пайдалану Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) белгілеген қағидаларға, Тараптар мемлекеттерінің ұшу қызметін реттейтін және Тараптардың Аэронавигациялық ақпарат жинағында (AIP) жарияланған нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Келісімге сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Тараптар мемлекеттерінің әуе кеңістігін пайдалана отырып орындалатын ұшулар транзитке рұқсат алу үшін ұсынылған және құқықтылығы бекітілген әуе кеңістігіне кіру және одан шығу пункттері арасындағы ұшу маршруты бойынша, және азаматтық/әскери ұшу ақпараты мен хабарламалары орталығына жіберілетін ұшу жоспарында көрсетілген әуе трассалары арқылы жүзеге асырылады.

      3. Жалданған азаматтық әуе кемелері ұшуды, ұшу және авиация құжаттамасында көзделген рәсімдерге сәйкес жеке-дара тәртіппен орындайды. Әскери-көліктік (көліктік) әуе кемелері ұшуларды жеке әрі дыбысқа дейінгі жылдамдықпен орындайды. Осы Келісімге сәйкес әуе кеңістігін пайдаланатын жалданған азаматтық әуе кемелерінің саны шектелмейді.

      4. Тараптар мемлекеттерінің әуе кеңістігінде әуеде жанармай үстеп құю жүргізілмейді.

      5. Тараптар өз әуе кеңістігінде ұшуларды орындайтын әуе кемелеріне дипломатиялық рұқсаттың бір жылдық нөмірі немесе біржолғы рұқсат бойынша аэронавигациялық қызмет көрсетуді ұсынады. Әскери-көліктік (көліктік) әуе кемелерінен аэронавигациялық қызмет көрсету үшін Аэронавигациялық ақпарат жинағында (AIP) жарияланған мөлшерлемелер мен алымдар бойынша ақы алынады. Жалданған азаматтық әуе кемесіне аэронавигациялық қызмет көрсету үшін Аэронавигациялық ақпарат жинағында (AIP) жарияланған жоспарланбаған коммерциялық әуе кемелеріне қолданылатын тарифтер бойынша ақы алынады.

      6. Тараптар әуе кеңістігі пайдаланылатын Тарап мемлекетінің әуеайлағына қонған жағдайда әуежайда және жерүстінде қызмет көрсету үшін қажетті алымдарды төлейді. Әскери-көліктік (көліктік) әуе кемелері үшін бұл алымдарды аумағында қонған әуе кемесі Тарапының мемлекеті төлейді, ал жалданған азаматтық әуе кемелері үшін бұл алымдарды жалданған азаматтық әуе кемесін пайдаланушы (оператор) оны жалдаған Тарап мемлекетінің атынан төлейді.

9-бап

Авариялық қону

      1. Ұшу уақытында транзитке кедергі келтіретін қауырт жағдай және (немесе) кез келген форс-мажорлық мән-жайлар туындағанда әуе кемелері авариялық қонуды жүзеге асыра алады. Ұшу барысында төтенше оқиғалар туындаған жағдайда экипаж ИКАО қағидаларын басшылыққа алуы керек.

      2. Ұшу уақытында транзитке кедергі келтіретін төтенше жағдай және (немесе) кез келген форс-мажорлық мән-жайлар туындағанда Тараптар тиісті әуе кемесін сәйкестендіру және жақын маңдағы қолайлы әуеайлаққа қайта бағыттау үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Осы бапта көрсетілгендей авариялық қонуды жүзеге асыратын барлық әуе кемелері жоспарланбаған қонуды туындатқан жағдай реттелгеннен кейін әуежайдан кетуге тиіс. Тараптар әуе кемесі тұрақ орнына толық тоқтағаннан кейін бірден жоспарланбаған қонуды жүзеге асыруы мүмкін қандай да бір әскери-көліктік (көліктік) әуе кемесінің айналасында қауіпсіздік аймағын белгілеу үшін күш-жігерін жұмсайды.

      3. Авариялық қонуды жүзеге асыратын әуе кемесінің персоналы мен авариялық қону жүзеге асырылған Тарап мемлекетінің өкілдері арасындағы байланысты қамтамасыз ету үшін Тараптар әуежай басшылығын және әуе кемесі тиесілі және (немесе) әуе кемесін жалдаған мемлекеттің әскери атташесі аппаратын және елшілігін хабардар етеді.

      4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген оқыс оқиғалар туындаған жағдайда Тараптар әуе кемесі қонуды жүзеге асырған Тараптың техникалық мамандарына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоғарыда аталған әуе кемесіне өздерінің жабдығымен қол жеткізуге рұқсат етеді. Техникалық мамандар Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына, халықаралық шарттарға сәйкес жеке басын куәландыратын құжаттарымен келеді және авариялық қону жүзеге асырылған Тарап мемлекетінен жөндеу жұмысы аяқталғаннан кейін мүмкіндігінше тез арада кетеді. Жөндеу жұмыстарының мерзімі күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспауға тиіс.

10-бап

Әуе қозғалысы қауіпсіздігі бойынша келісілген мәселелер

      1. Егер тексеру жүргізу қажет деп саналса және бұл туралы ресми сұрау салу келіп түссе, 1944 жылғы 7 желтоқсандағы Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияда көзделген рәсімдерді жүзеге асыру үшін осы Келісімге сәйкес Тараптар өз мемлекеттерінің әуе кеңістігі арқылы транзитпен өтетін әуе кемесін қонуға мәжбүрлеу құқығын өздеріне қалдырады.

      2. Әуе кемесі ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әуе кеңістігі пайдаланылып жатқан мемлекеттің әуе қозғалысын басқару органымен ынтымақтастықта болуға тиіс.

      3. Егер әуе кемесі осы Келісімнің 9-бабында, осы баптың 1-тармағында көрсетілген мән-жайларға байланысты қонса, қону жүзеге асырылатын мемлекеттің кедендік және шекаралық бақылау қызметкерлері әуе кемесіндегі әскери мүлік пен персоналды бақылауды жүзеге асыру құқығын өздеріне қалдырады.

11-бап

Ерекшеліктер және басқа да мән-жайлар

      1. Егер әуе кеңістігін ұсынатын Тарап мемлекетінің аумағында қону осы Келісімнің 9 және 10-баптарында көрсетілген себептер бойынша жүзеге асырылса, өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жарамды паспорты бар әуе кемесінің экипаж мүшелері Тарап мемлекетіне кіре алады, Тарап мемлекетінен шыға алады және онда уақытша бола алады. Әуе кемесіндегі Тараптардың персоналы мен жолаушылар ретінде келе жатқан басқа мемлекеттің азаматтары өздері болатын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына және Тараптар мемлекеттері қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес келу, кету және уақытша болу рәсімдерін сақтайды.

      2. Осы баптың 1-тармағында баяндалған мән-жайларға байланысты әуе кеңістігін ұсынатын Тарап мемлекетіндегі әуе кемесінің экипажы өздерінің болуына қатысты барлық мәселелерді осы мемлекеттің құзыретті органдарымен үйлестіреді.

      3. Егер қону осы Келісімнің 9 және 10-баптарында көрсетілген себептер бойынша жүзеге асырылса, әуе кемесінің бортында болу персоналдың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жағдайларды қоспағанда, персонал әуе кемесінен өздері болатын Тарап мемлекетінің құзыретті органдарының рұқсатымен ғана кете алады. Персоналдың әуе кемесінен қару-жарақпен шығуына болмайды.

      4. Әуе кемесі командирінің өтініші бойынша әуе кемесінің персоналына қажетті базалық медициналық көмекті немесе күтімді, олар болатын Тарап мемлекетінің құзыретті органдары ұсынады. Бұл көрсетілетін қызметтердің шығыстары осы қызметтерді ұсынушыларға әуе кеңістігін ұсынатын Тарап мемлекетінің қолданыстағы төлем рәсімдеріне сәйкес төленеді.

12-бап

Юрисдикция

      1. Осы Келісім шеңберінде персонал екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған уақытта осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, осы мемлекеттің юрисдикциясында болады. Қону жүзеге асырылған мемлекеттің юрисдикциясы жүзеге асырылған кезде және ереженің мазмұнында әуе кемесі қонуды жүзеге асырған мемлекеттің ұлттық заңнамасында жоқ жаза көзделсе, Тараптардың екі мемлекетінің ұлттық заңнамасында көрсетілген жаза немесе Тараптарға қолайлы жаза түрі қолданылады. Әуе кемесі қонуды жүзеге асырған Тарап персоналының біреуі ұсталған немесе қамаққа алынған жағдайда персонал өз Тарапының мемлекетін дереу хабардар етуге тиіс. Егер әуе кемесі қонуды жүзеге асырған Тарап персоналының біреуі аумағында қону жүзеге асырылған Тарап мемлекетінде заңды тергеп-тексеруге немесе сот талқылауына тартылса, бұл адамның жалпыға бірдей қабылданған құқықтық қорғауды пайдалануға құқығы бар, бұл ретте ол осы мемлекеттің азаматтарына ұсынылатын қорғаудан кем болмауы шарт.

      2. Осы Келісім шеңберінде аумағында әуе кемесінің қонуы жүргізілген Тарап мемлекетінің юрисдикциясы Тараптар персоналы өз аумағында болған уақыт ішінде мына:

      a. Өз Тарапы мемлекетінің меншігіне, ұлттық қауіпсіздігіне, персоналына немесе персоналдың жеке заттарына қол сұғылған;

      b. Қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі салғырттық салдарынан болған және үшінші тұлғалардың өліміне немесе жарақаттануына алып келмеген бұзушылық болған жағдайларда қолданылмайды.

13-бап

Өтемақы туралы талаптар

      1. Өтемақы туралы талаптарға қатысты мәселелерді қарау кезінде 2018 жылғы 13 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімнің 9-бабының ережелері қолданылады.

      2. Тараптар осы Келісім шеңберінде қызметті жүзеге асыру барысында әуе кемесінің жұмыс істеуіне байланысты туындауы мүмкін өтемақы туралы талаптарды жабу үшін сақтандыруды ресімдейді.

14-бап

Ақпараттық қауіпсіздігі

      1. Тараптар осы Келісім шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және 2018 жылғы 13 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери саладағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге сәйкес алынған немесе берілген ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етеді.

      2. Ақпарат беретін Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз осы Келісімді іске асыру барысында алынған ақпаратты ашуға немесе үшінші тарапқа беруге болмайды.

      3. Осы баптың 2-тармағында аталған ақпарат үшінші тарапқа осы Келісімді іске асыру мақсатында ғана берілуі мүмкін.

      4. Осы Келісімнің ережелерін іске асыру барысында алынған ақпаратты Тараптардың бірінің екінші Тараптың мүддесіне қарсы пайдалануына болмайды.

      5. Тараптар осы Келісімге сәйкес алынған немесе ұсынылған ақпараттың қорғалуына жауаптылықта болуды осы Келісімнің қолданысы тоқтатылғаннан кейін де жалғастырады.

      6. Осы Келісім шеңберінде алмасатын ақпарат кездейсоқ ашылған жағдайда бұл фактіні байқаған Тарап жағдай туралы екінші Тарапқа дереу хабарлауға тиіс.

      7. Тараптар осы Келісімде көзделген ынтымақтастық шеңберінде алынған ақпаратты осы Келісімнің мақсаттары үшін ғана пайдалануға міндеттенеді.

15-бап

Дауларды реттеу

      Осы Келісімді қолдануға және түсіндіруге байланысты туындайтын даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар арқылы шешіледі.

16-бап

Өзгерістер мен толықтырулар

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын, бөлек хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 17-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

17-бап

Күшіне енуі, түзетулер, қолданысын тоқтату және қолданылу мерзімі

      1. Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетішілік рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшiне енедi.

      2. Осы Келісім бес жыл бойы қолданылады және егер Тараптардың ешқайсысы Келісімнің тиісті кезеңі аяқталғанға дейін 30 (отыз) күн бұрын дипломатиялық арналар арқылы тоқтату туралы жазбаша хабарлама жібермесе, келесі бесжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады. Тараптардың кез келгені екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу жолымен осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Осы Келісімнің қолданысы дипломатиялық арналар арқылы тиісті жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде тоқтатылады.

      3. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда дипломатиялық рұқсаттардың жылдық нөмірлерінің бәрі және біржолғы рұқсаттар осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған күні жойылады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданысын тоқтатуға бастама жасаған Тарап екінші Тарапты осы Келісімнің 6-бабының 3-тармағында көрсетілген рәсімдерге сәйкес берілген рұқсаттарды іске асырудың күші жойылғаны туралы хабардар етеді.

      4. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісімнің 13 және 14-баптарында көзделген міндеттемелер сақталады.

      20__ жылғы "__" _______ ______ қаласында әрқайсысы қазақ, түрік және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтін теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Түркия РеспубликасыныңҮкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады