Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 10 қазандағы № 841 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Сайранұлы Әріновке Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 10 қазандағы
№ 841 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісім

      Әзербайжан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті, Түркия Республикасының Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі бірлесіп "Тараптар" және жеке "Тарап" деп аталады)

      2021 жылғы 12 қарашада Ыстанбұлда қабылданған Түркі мемлекеттері ұйымының (бұдан әрі – ТМҰ) сегізінші саммитінің декларациясын және 2023 жылғы 16 наурызда Анкарада қабылданған ТМҰ Азаматтық қорғау тетігін құру туралы ТМҰ Мемлекеттері басшылары кеңесінің шешімін назарға ала отырып,

      апаттар мен төтенше жағдайлар кезіндегі халықаралық ынтымақтастықтың айрықша маңыздылығын атап өтіп,

      Тараптардың ТМҰ-ға мүше мемлекеттер мен оның байқаушы мемлекеттерінің, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағында орын алуы ықтимал апаттар жағдайында шұғыл қолдауды жылдам көрсетуге және үйлестіру міндеттерін орындауға және ден қоюға, өмір мен мүлікті құтқаруға, медициналық көмекке, шұғыл байланысқа, мониторинг пен талдауға, пана беруге, табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде гуманитарлық көмек көрсетуге, сондай-ақ апаттардың алдын алу мен оларға әзірлікті қамтамасыз етуге, ден қою бойынша білім мен тәжірибе беруге ұмтылысын назарға ала отырып,

      түркі мемлекеттері мен олардың халықтары арасындағы олардың тарихи байланыстары, ортақ тілі, мәдениеті мен дәстүрлері негізінде кеңейіп келе жатқан ынтымақтастықтың пен ниеттeстіктің нығаюын баса атап өтіп,

      мыналар туралы уағдаласты:

1-бап

Азаматтық қорғау тетігінің мақсаты, функциялары және қолданылу аясы

      1. Осы арқылы Тараптар Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін (бұдан әрі – ТМҰАҚТ) құқықтық субъектілікке ие халықаралық ұйым нысанында құрады.

      2. ТМҰАҚТ-ның мақсаты мүше мемлекеттер мен байқаушы мемлекеттердің, сондай-ақ басқа да мемлекеттердің аумақтарында туындауы мүмкін дүлей зілзала мен төтенше жағдайларға ден қоюдың бірлескен тетігін құруға сайып келеді.

      Қолдау көрсету апат немесе төтенше жағдай кезінде зардап шеккен мемлекеттің өтініші бойынша жүзеге асырылады.

      Апат немесе төтенше жағдай болған әрбір жағдайда қолдау көрсету жөніндегі қызметке ТМҰАҚТ-ны тарту ерікті негізде жүзеге асырылады.

      Басқа мемлекеттерге қолдау көрсету туралы шешім әр жағдайда консенсус негізінде қабылданады.

      3. ТМҰАҚТ-ның негізгі функциялары:

      апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде ден қою, өмір мен мүлікті құтқару, медициналық көмек, шұғыл байланыс, мониторинг және талдау, пана беру, гуманитарлық көмек, сондай-ақ апаттардың алдын алу және оларға әзірлікті қамтамасыз ету, ден қою бойынша білім мен тәжірибе алмасу;

      төтенше жағдайларды басқару саласында жұмыс істейтін барлық деңгейдегі персоналдың кәсіптік құзыреттілігін арттыру мақсатында кәсіптік даярлаудың бірыңғай стандарттарын әзірлеу және өндірістен қол үзбей оқытудың теориялық және практикалық бағдарламаларын ұйымдастыру;

      өңірлік апаттар мен төтенше жағдайларға ден қоюдың бірлескен әдістерін тұжырымдау үшін тренингтер, оқу-жаттығулар мен әкімшілік-техникалық сапарлар ұйымдастыру.

      4. ТМҰАҚТ шеңберінде Тараптар бірін-бірі және ТМҰ Хатшылығын осы Келісімге байланысты барлық іс-шаралар туралы хабардар етеді.

2-бап

Құзыретті органдар

      1. Мемлекеттердің осы Келісімді орындауға жауапты құзыретті органдары мыналар болып табылады:


Әзербайжан Республикасы

Төтенше жағдайлар министрлігі

Қазақстан Республикасы

Төтенше жағдайлар министрлігі

Қырғыз Республикасы

Төтенше жағдайлар министрлігі

Түркия Республикасы

Ішкі істер министрлігі

Өзбекстан Республикасы

Төтенше жағдайлар министрлігі.

      2. Әрбір Тарап ТМҰАҚТ-мен байланысу және өзара іс-қимыл жасау үшін үйлестірушіні тағайындайды және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті ішкі рәсімдердің өткенін растайтын жазбаша хабарлама ұсынған кезде депозитарийді өзінің үйлестірушісі туралы оның байланыс деректерін көрсете отырып хабардар етеді, ал депозитарий бұл туралы барлық Тараптарға және ТМҰАҚТ Хатшылығына хабарлайды.

      3. Құзыретті органға немесе үйлестірушіге қатысты кез келген өзгерістер болған жағдайда тиісті Тарап депозитарийді дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді, ол бұл туралы барлық Тараптарға және ТМҰАҚТ Хатшылығына хабарлайды.

3-бап

Әкімшілік құрылым

      1. Осы Келісімнің мақсаттары мен міндеттерін орындау үшін ТМҰАҚТ-ның мынадай әкімшілік бірлігі құрылады:

      апаттар мен төтенше жағдайларды басқаруға жауапты Министрлер кеңесі (бұдан әрі – Министрлер кеңесі);

      ТМҰАҚТ Хатшылығы.

      2. ТМҰАҚТ Хатшылығының жұмыс істеу тәртібі мен қағидаттары Министрлер кеңесі қабылдайтын қағидаларда айқындалады.

4-бап

Министрлер кеңесі

      1. ТМҰАҚТ-ның жоғары басқару органы болып табылатын Министрлер кеңесі Тараптардың дүлей зілзалаларды басқаруға жауапты министрлерінен тұрады.

      2. Министрлер кеңесі өз қызметін министрлердің жылына бір реттен сиретпей өткізілетін тұрақты кездесулері арқылы жүзеге асырады.

      3. ТМҰ-да төрағалық ететін Тараптың министрі Министрлер кеңесін басқарады.

      4. Министрлер ТМҰАҚТ-ның жұмыс істеуі және оны басқару мәселелері бойынша шешімдерді консенсус негізінде қабылдайды.

      5. Министрлер кеңесі:

      ТМҰАҚТ-ның жұмыс істеуі және оны басқару мәселелері бойынша басқаруға, қадағалауға және шешім қабылдауға;

      тетіктің жұмысы туралы жыл сайынғы әкімшілік және қаржылық есептерді бекітуге;

      Тараптардың міндетті жарналары бойынша консультациялар өткізуге;

      ТМҰАҚТ Хатшылығы дайындаған төтенше жағдайларға ден қоюдың бірлескен стратегиясы туралы құжат пен төтенше жағдайларға ден қоюдың бірлескен жоспарын қоса алғанда, ТМҰАҚТ шеңберінде негізгі құжаттарды қабылдауға;

      ТМҰАҚТ мақсаттары мен функцияларын орындауға қатысты кез келген басқа мәселе бойынша шешімді қарастыруға және қабылдауға тиіс.

5-бап

Азаматтық қорғау тетігінің хатшылығы

      1. ТМҰАҚТ Хатшылығы тұрақты жұмыс істейтін атқарушы орган бола отырып, ТМҰАҚТ мақсаттары мен міндеттерін орындауға жәрдемдеседі, сондай-ақ жұмысы мен қызметін жүзеге асырады және үйлестіреді.

      2. ТМҰАҚТ Хатшылығын бас хатшы басқарады, оны Министрлер кеңесі Тараптар мемлекеттерінің ағылшын тіліндегі ресми атауларының әліпбилік ретіне сәйкес ротациялық негізде тағайындайды.

      3. Бас хатшының өкілеттік мерзімі үш жылды құрайды. Мерзім ең көп дегенде екі жылға ұзартылуы мүмкін.

      4. ТМҰАҚТ Хатшылығының штаб-пәтері Ыстанбұлда (Түркия Республикасы) орналасады. Түркия Республикасы орынжай ұсынады және ТМҰАҚТ Хатшылығын құруға қолдау көрсетеді.

      Аумағында ТМҰАҚТ Хатшылығының штаб-пәтері орналасқан Тарап ТМҰАҚТ Хатшылығымен Хатшылықтың болу шарттары туралы келісім жасасады, онда тиісті ережелер, шарттар, персоналдың мәртебесі, артықшылықтар мен жеңілдіктер көрсетіледі.

6-бап

Қаржыландыру

      1. ТМҰАҚТ-ның өз бюджеті бар, ол Тараптар төлейтін жыл сайынғы міндетті төлемдерден тұрады. ТМҰАҚТ бюджетінде ерікті жарналар болуы мүмкін.

      2. Тараптар ТМҰАҚТ бюджетін қалыптастыру және атқару туралы жеке халықаралық шарт жасасады.

      3. ТМҰАҚТ бюджетін қалыптастыру және атқару туралы халықаралық шарт күшіне енгенге дейін әрбір Тарап үшін жыл сайынғы символдық міндетті төлем 50000 (елу мың) АҚШ долларын құрайды.

      4. Жыл сайынғы міндетті төлемдердің жалпы сомасынан асатын шығыстарды осы Келісім күшіне енген күннен бастап екі жыл бойы Түркия Республикасы жабады.

7-бап

Келіспеушіліктерді реттеу

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе орындауға байланысты туындайтын барлық келіспеушіліктер Тараптар арасында келіссөздер мен консультациялар жүргізу арқылы шешілетін болады.

8-бап

Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті ішкі рәсімдердің аяқталғанын растайтын соңғы жазбаша хабарламасын депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.

      2. Күшіне енгеннен кейін осы Келісім ТМҰ-ға мүше мемлекеттер мен оның байқаушы мемлекеттерінің қосылуы үшін ашық болады. Басқа мемлекеттер осы Келісімге барлық Тараптардың келісімімен қосыла алады. Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті ішкі рәсімдердің аяқталғанын растайтын жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.

      3. Осы Келісімнің депозитарийі Түркия Республикасының Үкіметі болып табылады.

      4. Осы Келісімге Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша кез келген уақытта өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалар түрінде ресімделеді.

      5. Кез келген Тарап депозитарийге тиісті жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен кез келген уақытта шыға алады. Мұндай Тарап үшін осы Келісімнің қолданылуы депозитарий хабарлама алған күннен кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады.

      _________ ________ әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік, өзбек және ағылшын тілдерінде жалғыз данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы. Түсіндіруде алшақтық болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басшылыққа алынады. Осы Келісімнің төлнұсқа данасы депозитарийде сақталады, ол әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін
Қазақстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін
      Қырғыз Республикасының
Министрлер Кабинеті үшін
Түркия РеспубликасыныңҮкіметі үшін
      Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады