Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы № Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН |
|
Жоба |
1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы ХАТТАМА
Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттер
Уағдаласушы Тараптардың аумақтарында кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарын тануға өзара мүдделілікті негізге ала отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға (бұдан әрі – Конвенция) мынадай өзгерістер енгізілсін:
1. Конвенцияның 6-бабы "азаматтық істер бойынша сот шешімдерін," деген сөздерден кейін "кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарын (сот бұйрығы туралы ұйғарымдарды) (бұдан әрі – сот бұйрықтары)," деген сөздермен толықтырылсын.
2. Конвенцияның 51-бабының "а" тармақшасы "(бұдан әрі – шешімдер)" деген сөздерден кейін ", сот бұйрықтары" деген сөздермен толықтырылсын.
3. Конвенцияның 53-бабы мынадай редакцияда жазылсын:
"53-бап. Шешімді, сот бұйрығын мәжбүрлеп орындауға рұқсат беру туралы өтінішхат
1. Шешімді, сот бұйрығын мәжбүрлеп орындауға рұқсат беру туралы өтінішхат шешім, сот бұйрығы орындалуға жататын Уағдаласушы Тараптың құзыретті сотына беріледі. Оны іс бойынша шешім, сот бұйрығын шығарған бірінші сатыдағы сотқа да беруге болады. Бұл сот өтінішхатты өтінішхат бойынша шешім шығаруға құзыретті сотқа жібереді.
2. Өтінішхатқа:
а) шешім, сот бұйрығы немесе олардың куәландырылған көшірмелері, сондай-ақ шешімнің, сот бұйрығының заңды күшіне енгені және орындалуға жататыны туралы немесе, егер бұл шешімнің, сот бұйрығының өзінен туындамаса, олар заңды күшіне енгенге дейін орындалуға жататыны туралы ресми құжат;
б) процеске қатыспаған, оған қарсы шешім шығарылған тараптың тиісті тәртіппен және уақтылы сотқа шақырылғаны, ал ол процестік әрекетке қабілетсіз болған жағдайда тиісті түрде өкілінің болғаны жөніндегі құжат; сот бұйрығы шығарылған жағдайда – аумағында сот бұйрығы шығарылған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес сот бұйрығы (оның көшірмесі) борышкерге тапсырылғанын немесе жіберілгенін растайтын құжат (оның көшірмесі);
в) шешім, сот бұйрығы жөнелтілген кезде олардың ішінара орындалғанын растайтын құжат;
г) шарттық соттылық істері бойынша тараптардың келісімін растайтын құжат қоса беріледі.
3. Шешімнің, сот бұйрығының мәжбүрлеп орындалуына рұқсат беру туралы өтінішхатқа және оған қоса берілген құжаттарға сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың тіліне немесе орыс тіліне куәландырылған аудармасы қоса беріледі".
4. Конвенцияның 55-бабының "б" тармақшасы мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
"сот бұйрығы шығарылған жағдайда – аумағында сот бұйрығы шығарылған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес борышкерге сот бұйрығы (оның көшірмесі) тапсырылмаса немесе жіберілмесе;".
Осы Хаттама ратификациялауға жатады және Конвенцияның 83-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
Осы Хаттама күшіне енгеннен кейін оған басқа мемлекеттер депозитарийге қосылу туралы құжаттарды беру арқылы барлық Уағдаласушы Тараптың келісімімен қосыла алады. Депозитарий осындай қосылуға келісім туралы соңғы хабарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң қосылу күшіне енді деп саналады.
________________қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасы үшін |
Ресей Федерациясы үшін |
Армения Республикасы үшін | Тәжікстан Республикасы үшін |
Беларусь Республикасы үшін |
Түрікменстан үшін |
Қазақстан Республикасы үшін | Өзбекстан Республикасы үшін |
Қырғыз Республикасы үшін | Украина үшін |
Молдова Республикасы үшін |