Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен шығарып тастауды белгілеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 15 қазандағы № 853 қаулысы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз

      "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен шығарып тастауды белгілеу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін, бірақ ерте дегенде 2025 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 15 қазандағы
№ 853 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен шығарып тастауды белгілеу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен шығарып тастауды белгілеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидалар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен шығарып тастауды белгілеу тәртібін айқындайды.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен шығарып тастау – басқа мүше мемлекеттердің әлеуетті өнім берушілерінің (мердігерлерінің, бірлесіп орындаушыларының) нақты тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне қатысуға қол жеткізуін шектеудің не экономиканың белгілі бір салаларында жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуға қол жеткізуін шектеудің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бірі үкіметінің актісінде белгіленуі;

      2) мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – мемлекеттiк сатып алу саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2-тарау. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен шығарып тастауды белгілеу тәртібі

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау, елдің қорғанысы мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықты қорғау, ұлттық экономиканы дамыту, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында ұлттық режимнен шығарып тастауды екі жылдан аспайтын мерзімге белгілейді.

      5. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен шығарып тастауды белгілеу қажет болған жағдайда мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұлттық режимнен шығарып тастауды белгілейтін қаулысының жобасын (бұдан әрі – қаулы жобасы) әзірлейді.

      6. Әзірлеуші мемлекеттік орган әзірлеген қаулы жобасын уәкілетті орган ол Үкіметке енгізілгенге дейін, барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін келіседі.

      7. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен шығарып тастауды белгілейтін қаулы жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына енгізген және басқа мемлекеттік органдармен келіскен кезде:

      1) қаулы жобасын;

      2) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен шығарып тастауды белгілеу қажеттігінің негіздемесін;

      3) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен шығарып тастауды белгілеу қажеттігіне негіз болуы мүмкін өзге де құжаттар (материалдар) мен мәліметтерді;

      4) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қаулы жобасын қабылдау қажеттігін негіздеу үшін ұсынылатын көрсеткіштер мен мәліметтердің тізбесін ұсынады.

      8. Әзірлеуші мемлекеттік орган қаулы жобасын мемлекеттік органдармен келіскеннен кейін оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 6 қаңтардағы № 10 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламентінде белгіленген тәртіппен енгізеді.

3-тарау. Ұлттық режимнен шығарып тастауды белгілеу туралы хабарлау тәртібі

      9. Уәкілетті орган күні бұрын, бірақ шығарып тастауды белгілеу туралы акт қабылданатын күнге дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын Еуразиялық экономикалық комиссияға және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің әрқайсысына хабарлама мен осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген құжаттар тізбесін жібереді.

      10. Егер Еуразиялық экономикалық комиссия уәкілетті органнан осы Қағидалардың 7-тармағында көзделмеген өзге мәліметтерді сұратса, уәкілетті орган көрсетілген сұратуды бір жұмыс күні ішінде әзірлеуші мемлекеттік органға жібереді.

      11. Әзірлеуші мемлекеттік орган осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген сұратуды қарайды және уәкілетті органнан осындай сұрату салынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тиісті ақпарат ұсынады.

      12. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген сұратуға бір жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жауап береді.

  Мемлекеттік сатып алуды
  жүзеге асыру кезінде ұлттық
  режимнен шығарып тастауды
  белгілеу қағидаларына
  1-қосымша

Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен шығарып тастауды белгілеу қажеттігінің негіздемесі

Р/с

Негіздемеде көрсетілуге тиіс мәліметтердің тізбесі

Әзірлеуші мемлекеттік органның ақпараты

1.

Жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган


2.

Жобаны қабылдау қажеттігінің негіздемесі


3.

Жағдайдың өзгешелігінің негіздемесі


4.

Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру аяқталғанға дейін әлеуетті өнім берушілер туралы ақпаратты жасырын сақтау қажеттігіне байланысты мемлекеттік салып алуды жүзеге асыру ерекшеліктерін белгілеу қажеттігінің негіздемесі (егер қабылданатын актіде осындай ерекшеліктер белгіленетін болса)


5.

Шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден мемлекеттік сатып алу қажеттігінің негіздемесі (егер қабылданатын актіде жалғыз өнім беруші айқындалатын болса)


6.

Жобаны қабылдаудың нақты мақсаттары, күтілетін нәтижелердің мерзімдері мен болжамды тиімділігі


7.

Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен шығарып тастауды белгілеу қажеттігіне негіз болуы мүмкін өзге де құжаттар (материалдар) мен мәліметтер


      Мемлекеттік органның бірінші басшысы ___________________________

      (қолы, қолдың толық жазылуы)

      Күні_________________

  Мемлекеттік сатып алуды
жүзеге асыру кезінде ұлттық
режимнен шығарып тастауды
белгілеу қағидаларына
2-қосымша

Қаулы жобасын қабылдау қажеттігін негіздеу үшін ұсынылатын көрсеткіштер мен мәліметтердің тізбесі

      1. Тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тұтынылу көлемі*.

      2. Мүше мемлекетке және қажет болса, үшінші елдерге қатысты тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) әкелу және әкету көлемі*.

      3. Тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) мемлекеттік сатып алу көлемі*.

      4. Тауар өндіру (жұмысты орындау, қызмет көрсету) көлемі**.

      5. Тауар өндірушілердің өндірістік қуатының жүктемесі**.

      6. Тауар өндірудің рентабельділігі**.

      7. Тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) бір бірлігінің өндірісіне жұмсалатын шығын**.

      8. Тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметтің) өндірушілер бағаларының орташа деңгейі**.

      9. Инвестиция көлемі**.

      10. Ұлттық режимнен шығарып тастауға рұқсат беру мен оның қажеттігі туралы тұжырым жасауға мүмкіндік беретін тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) ерекше сипаттамалары.

      Ескертпелер:

      * көрсеткіштің мәні жалпы Қазақстан Республикасы бойынша ұсынылады;

      ** көрсеткіштің мәні Қазақстан Республикасының өндірушілері бөлінісінде ұсынылады.

      Көрсеткіштер мен мәліметтер алдыңғы үш жылдық кезеңге ұсынылады және қажеттілігіне қарай статистикалық есептіліктің немесе бухгалтерлік теңгерімнің деректерімен расталады, сондай-ақ ағымдағы кезеңге арналған болжамдық көрсеткіштер ұсынылады.

      Көрсеткіштер мен мәліметтер бойынша деректер болмаған жағдайда мұндай деректердің болмау себептері көрсетіледі.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 15 қазандағы
№ 853 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1178 қаулысы.

      2. "Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1178 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 6 мамырдағы № 260 қаулысы.

      3. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімдеріне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 наурыздағы № 236 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 13-тармағы.

      4. "Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1178 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 наурыздағы № 240 қаулысы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады