Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 1 қарашадағы № 916 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Хасенұлы Мәдиевке Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 1 қарашадағы
№ 916 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНА МҮШЕ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ҮКІМЕТТЕРІ АРАСЫНДАҒЫ ЦИФРЛЫҚ ЭКОНОМИКА САЛАСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТІК ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ

      Әзербайжан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті, Түркия Республикасының Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі мәтін бойынша жеке-жеке "Тарап" деп аталады немесе бірлесіп "Тараптар" деп аталады)

      2009 жылғы 3 қазанда қол қойылған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісімінің НЕГІЗІНДЕ;

      орныққан достық пен бауырластық РУХЫНДА;

      "Түркі әлемінің пайымы – 2040" және "Түркі мемлекеттері ұйымының 2022 – 2026 жылдарға арналған cтратегиясында" белгіленген басымдықтарды МОЙЫНДАЙ ОТЫРЫП;

      цифрлық экономикаға байланысты мәселелер бойынша әріптестік ынтымақтастықты дамыту міндеттемесін РАСТАЙ ОТЫРЫП;

      электрондық сауданы қоса алғанда, цифрлық экономиканың арқасында болатын экономикалық мүмкіндіктерді және тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге ауқымы кең қолжетімділікті пайдалануға НИЕТ БІЛДІРЕ ОТЫРЫП;

      мемлекеттері қатысушылары болып табылатын тиісті халықаралық шарттар бойынша Тараптардың міндеттемелерін НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП;

      халықаралық саудада әйелдердің, жастардың, халықтың осал топтары мен мүгедектердің инклюзивті экономикалық өсуіне және құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге жәрдемдесу үшін цифрлық экономиканың маңыздылығын АТАП ӨТЕ ОТЫРЫП;

      маңызды инфрақұрылымды қорғауға және тұтынушылар мен бизнес үшін қауіпсіз әрі сенімді цифрлық платформаларды қамтамасыз етуге ортақ мүдделілікті СЕЗІНЕ ОТЫРЫП;

      технологиялық прогрестің жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жетілдіруге, жаңа өнімдер мен нарықты құруға оң әсерін ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП;

      тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің трансшекаралық саудасын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін цифрлық жүйелердің үйлесімділігін қамтамасыз етуде өзара стандарттарды белгілеудің рөлін ТҮСІНЕ ОТЫРЫП;

      қоғамдық әл-ауқатты қамтамасыз ету, мемлекеттік саясаттың заңды мақсаттарын қорғау үшін реттеу құқығын МОЙЫНДАЙ ОТЫРЫП;

      төмендегілер туралы КЕЛІСТІ:

I БӨЛІМ

ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап

Қолданылу саласы

      Осы Келісім электрондық құралдардың көмегімен тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің саудасын (бұдан әрі "электрондық сауда" деп аталады) және цифрлық экономиканың сабақтас салаларындағы ынтымақтастықты қозғайтын, Тараптар қабылдаған немесе қолдайтын шараларға қолданылады.

2-бап

Мақсаттар

      Осы Келісімнің мақсаттары:

      а) Тараптар мемлекеттерінің заңнамаға сәйкес белгіленген қағидалардың сақталуын бақылауды қамтамасыз ету;

      b) Тараптар мемлекеттерінің аумақтарындағы және Тараптар арасындағы цифрлық экономиканы орнықты, инклюзивті және тұрақты дамытуға жәрдемдесу;

      c) Тараптар арасындағы экономикалық белсенділіктің өсуін қолдау;

      d) Тараптар арасындағы цифрлық экономикаға қатысты мәселелер бойынша ынтымақтастық саласын кеңейту;

      e) Тараптар арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге ықпал ету;

      f) шағын және орта кәсіпорындардың (ШОК) цифрлық экономикаға қатысуына жәрдемдесу;

      g) тұтынушылардың цифрлық экономикаға деген сенімін арттыруға жәрдемдесу.

3-бап

Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін:

      Электрондық сауда – тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді электрондық құралдардың көмегімен, оның ішінде Интернетті пайдалану арқылы тарату, олардың маркетингі, сату немесе жеткізу;

      Тұтынушы – әрбір Тарап мемлекеттерінің заңнамасында айқындалғандай тұтынушы;

      Электрондық шот-фактура – Тараптар мемлекеттерінің тиісті заңнамасында айқындалған, құрылымдалған электрондық форматта ұсынылған, берілген және алынған шот-фактура, бұл оны автоматты және электрондық түрде өңдеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді;

      Шот-фактураларды электрондық түрде ұсыну немесе e-invoicing – электрондық шот-фактураны автоматты және электрондық түрде өңдеу;

      Электрондық төлемдер – электрондық коммерциялық мәмілелер бойынша ақшалай міндеттемелерді орындау үшін электрондық құралдардың көмегімен жасалған ақша аударымдары;

      FinTech – қаржылық көрсетілетін қызметтерді қолдау, жақсарту, автоматтандыру немесе ұсыну үшін пайдаланылатын компьютерлік бағдарламалар және басқа да технологиялар;

      Дербес деректер – сәйкестендірілген немесе сәйкестендірілетін заңды немесе жеке тұлғаға қатысты кез келген ақпарат;

      Бірыңғай терезе – сауда мәмілесіне қатысатын тұлғаларға импорт, экспорт және транзит жөніндегі нормативтік талаптарды орындау үшін бірыңғай өткізу пунктіне деректер мен құжаттарды электрондық түрде беруге мүмкіндік беретін тетік;

      Сауданы басқару жөніндегі құжаттар – тауарлардың импортына немесе экспортына байланысты импорттаушы немесе экспорттаушы толтыруға немесе олар үшін толтырылуға тиіс, Тарап берген немесе бақылайтын нысандар;

      Сұратылмайтын коммерциялық электрондық хабар – коммерциялық немесе маркетингтік мақсаттарда алушының келісімінсіз немесе алушының айқын бас тартуына қарамастан, Интернетке қол жеткізу қызметтерін ұсынушы арқылы немесе Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделгендей шамада басқа телекоммуникациялық көрсетілетін қызметтер арқылы электрондық мекенжайға жіберілетін электрондық хабар; және

      ЮНСИТРАЛ – Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясы.

4-бап

Төлемдер мен аударымдар

      1. Әрбір Тарап, егер нарыққа қолжетімділік заңнамаға сәйкес өз мемлекетінің аумағына және аумағынан ұсынылса, электрондық саудаға байланысты барлық аударым мен төлемді еркін және кідіріссіз жүзеге асыруға рұқсат береді.

      2. Әрбір Тарап осы баптың 1-тармағында аталған аударымдар мен төлемдерді аударым кезінде қолданыста болатын нарықтық бағам бойынша еркін пайдаланылатын валютада жүзеге асыруға рұқсат береді.

      3. Осы баптағы ешнәрсе де Тараптарға өз мемлекетінің заңнамасына және олардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес салықтар мен кедендік баждарды төлеу жөніндегі өз міндеттемелерін сақтауды талап етуге кедергі болмайды.

      4. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелеріне қарамастан, Тарап:

      a) кредиторлардың банкроттығына, төлем қабілетсіздігіне немесе құқықтарын қорғауға;

      b) бағалы қағаздарды, фьючерстерді, опциондарды немесе деривативтерді шығаруға, олардың саудасына немесе олармен жасалатын операцияларға;

      c) құқық қорғау органдарына немесе қаржылық реттеу органдарына көмек көрсету үшін қажет болған кезде қаржылық есептілікке немесе аударымдар есебін жүргізуге;

      d) қылмыстық әрекеттерге;

      e) сот немесе әкімшілік талқылау барысында қаулылардың немесе шешімдердің орындалуын қамтамасыз етуге;

      f) Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарды сақтау мақсатында ақшаны жылыстатуға қарсы күреске және терроризмді қаржыландыруды болғызбауға, сондай-ақ банктердің тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелеріне қатысты өз мемлекетінің ұлттық заңнамасын әділ, кемсітусіз және адал қолдану арқылы аударымды немесе төлемді болғызбауы немесе кешіктіруі мүмкін.

5-бап

Төлем балансын қорғауға арналған шектеулер

      1. Төлем балансында елеулі қиындықтар және сыртқы қаржылық қиындықтар болған немесе олардың туындау қаупі төнген жағдайда Тарап төлемдерге немесе аударымдарға шектеулер қолдануы немесе сақтауы мүмкін. Экономикалық даму процесіндегі Тараптың төлем балансына ерекше қысым оның экономикалық даму бағдарламасын іске асыру үшін жеткілікті қаржы резервтерінің деңгейін қамтамасыз ету, атап айтқанда, ұстап тұру үшін шектеулердің қолданылуын талап етуі мүмкін деп танылады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шектеулер:

      a) Халықаралық валюта қоры келісімінің баптарына сәйкес келуге;

      b) басқа Тараптың коммерциялық, экономикалық және қаржылық мүдделеріне негізсіз залал келтіруге жол бермеуге;

      c) осы баптың 1-тармағында сипатталған мән-жайларды жою үшін қажеттілерден аспауға;

      d) уақытша сипатта болуға және осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп күші жойылуға; және

      e) ұлттық режим негізінде және басқа Тарапқа кез келген үшінші мемлекетке қарағанда кем емес қолайлы режим қолданылатындай етіп қолданылуға тиіс.

      3. Басқа Тарапқа осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған немесе сақталатын кез келген шектеулер туралы немесе олардағы кез келген өзгерістер туралы дереу хабардар етіледі.

6-бап

Жалпы ерекшеліктер және қауіпсіздік қағидалары

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін 1994 жылғы Кедендік тарифтер және сауда жөніндегі бас келісімнің ХХ және ХХІ баптары және оларды түсіндіру жөніндегі ескертпелер осы Келісімге енгізіледі және мән-жайларға байланысты тиісті өзгерістерімен қоса оның бір бөлігіне айналады.

      2. Осы Келісімнің мақсаттары үшін Көрсетілетін қызметтер саудасы жөніндегі бас келісімнің (оларға сілтемелерді қоса алғанда) XIV және XIV баптары осы Келісімге енгізіледі және мән-жайларға байланысты тиісті өзгерістерімен қоса оның бір бөлігіне айналады.

7-бап

Қаржылық пруденциалдық ерекшеліктер

      Осы Келісімнің кез келген басқа ережелеріне қарамастан, Тарапты пруденциалдық пайымдар бойынша, оның ішінде инвесторларды, салымшыларды, полис ұстаушыларды немесе қаржы мекемесі немесе қаржылық көрсетілетін қызметтерді ұсынушы алдында фидуциялық міндеттерді атқаратын адамдарды қорғау үшін немесе қаржы жүйесінің тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау немесе оларды қолдау мүмкіндігінен айыруға болмайды. Егер мұндай шаралар осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмесе, олар осы Келісім бойынша Тараптардың міндеттемелерін немесе міндеттерін орындаудан жалтару құралы ретінде пайдаланылмайды.

II БӨЛІМ

БИЗНЕС ЖӘНЕ САУДА ЖҮРГІЗУ РӘСІМДЕРІН ОҢАЙЛАТУ

8-бап

Қағаз құжаттарсыз сауда

      1. Әрбір Тарап сауданы басқару бойынша барлық құжаттың электрондық нысанда және машинада оқылатын форматта жұртшылыққа қолжетімді болуына күш-жігерін салады.

      2. Егер:

      a) ішкі немесе халықаралық құқықтық кері талап болған; немесе

      b) бұл сауданы басқарудың тиімділігін төмендететін жағдайларды қоспағанда, әрбір Тарап сауданы басқару бойынша құжаттардың электрондық нұсқаларын қағаз құжаттардың заңды баламасы ретінде қабылдайды.

      3. Әрбір Тарап адамдардың бірыңғай келу пункті арқылы тауарларды импорттау, экспорттау немесе транзиттеу үшін құжаттаманы немесе деректерге қойылатын талаптарды қатысушы органдарға немесе мекемелерге ұсынуына мүмкіндік беретін "бірыңғай терезе" құрады немесе оны жұмыс жағдайында ұстап тұрады.

      4. Тараптар сауданы басқаруға қатысты бар құжаттарға жататын деректер алмасуды жеңілдету үшін өздерінің тиісті "бірыңғай терезелерінің" іркіліссіз, сенімді, үздіксіз және қауіпсіз өзара байланысын құруға немесе оны ұстап тұруға ұмтылады.

      5. Тараптар осы баптың 4-тармағында аталған деректер мен құжаттардың түрін осы Келісімнің 25-бабына сәйкес құрылған Бірлескен комитет шеңберінде бірлесіп айқындайды және содан кейін Тараптар осындай құжаттардың тізіміне жария түрде қолжетімділік ұсынады және осындай құжаттар тізімін онлайн режимде орналастырады.

      6. Тараптар деректер алмасу жүйелерін әзірлеуде және оларды басқаруда халықаралық танылған және болған кезде ашық стандарттардың рөлін мойындайды.

      7. Тараптар:

      a) деректер алмасу жүйелерін әзірлеу және оларды басқару саласында ақпарат, тәжірибе және озық практика алмасуды; және

      b) деректер алмасу жүйелерін әзірлеу және оларды басқару жөніндегі пилоттық жобалар шеңберіндегі ынтымақтастықты қоса алғанда, бірақ онымен шектелмей, солар арқылы осы баптың 4-тармағында аталған деректер алмасуды жеңілдететін жүйелерді пайдалануға және енгізуге ықпал ететін жаңа бастамаларды іске асыруда ынтымақтасады.

      8. Әрбір Тарап тауарларды трансшекаралық өткізу кезінде кедендік және көліктік деректер алмасу үшін күш-жігерін салады.

9-бап

Электрондық коммерция саласындағы жергілікті құқықтық база

      1. Әрбір Тарап электрондық төлемдерді қоспағанда, электрондық сауданы реттейтін құқықтық базаны қабылдауға немесе қолдауға ұмтылады.

      2. Тараптар электрондық саудаға қатысты өз мемлекеттерінің заңнамасы туралы ақпаратпен алмасады.

      3. Тараптар өз мемлекеттері заңнамасының:

      a) ЮНСИТРАЛ-дың Электрондық сауда туралы үлгілік заңымен (1996 жыл); және/немесе;

      b) 2005 жылғы 23 қарашада Нью-Йоркте қол қойылған Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық шарттарда электрондық хабарламаларды пайдалану туралы конвенциясымен;

      c) басқа халықаралық ұйымдар шеңберінде Тараптар жасасқан басқа да халықаралық шарттарының;

      d) ЮНСИТРАЛ-дың 2017 жылғы Электрондық берілетін жазбалар туралы үлгілік заңымен үйлесімділігіне талдау жүргізуде ынтымақтасады.

10-бап

Логистика

      1. Тараптар шығындарды азайтуға және беру тізбектерінің жылдамдығы мен сенімділігін арттыруға көмектесетін тиімді трансшекаралық логистиканың маңыздылығын мойындайды.

      2. Тараптар логистика секторына қатысты:

      a) коммерциялық жүктердің теміржол тасымалы туралы ақпаратқа;

      b) теміржол станцияларының айналасында логистикалық орталықтар мен құрғақ порттарды құруға қойылатын талаптарға;

      c) электрондық коммерция тауарларының автомобиль, теміржол және әуе тасымалы туралы ақпаратқа;

      d) жеткізудің жаңа модельдері мен логистиканың бизнес модельдеріне қатысты озық тәжірибелермен және жалпы ақпаратпен алмасуға ұмтылатын болады, бірақ онымен шектелмейді.

11-бап

Шот-фактураларды электрондық түрде ұсыну

      1. Тараптар коммерциялық операциялардың тиімділігін, дәлдігін және сенімділігін арттыратын шоттарды электрондық түрде ұсынудың маңыздылығын мойындайды. Тараптар сондай-ақ өздерінің тиісті юрисдикциялары шегінде электрондық шоттарды ұсыну үшін пайдаланылатын жүйелердің басқа Тараптар мемлекеттерінің юрисдикцияларында электрондық шоттарды ұсыну үшін пайдаланылатын жүйелермен (ақпараттық жүйелер арасындағы өзара іс-қимыл мүмкіндігімен қоса) үйлесімді болуын қамтамасыз етудің артықшылықтарын мойындайды.

      2. Әрбір Тарап өз юрисдикциясында шоттарды электрондық түрде ұсынуға байланысты шараларды жүзеге асыру трансшекаралық функционалдық үйлесімділікті (ақпараттық жүйелер арасындағы өзара іс-қимыл мүмкіндігімен қоса) қолдауға бағытталғанын қамтамасыз етуге ұмтылады. Осы мақсатта әрбір Тарап, егер бар болса, халықаралық стандарттарға, басшылыққа алынатын қағидаттарға немесе ұсынымдарға негізделген электрондық шоттарды ұсынуға байланысты өз шараларын қарастырады.

      3. Тараптар шоттарды электрондық түрде ұсынудың интероперабельді (ақпараттық жүйелер арасындағы өзара іс-қимыл мүмкіндігімен қоса) жүйелерін жаһандық енгізуге жәрдемдесудің экономикалық маңыздылығын мойындайды. Осы мақсатта Тараптар үйлесімді шоттарды электрондық түрде ұсыну жүйелерін енгізуде озық тәжірибемен алмасады және оған жәрдемдесуде ынтымақтасатын болады.

      4. Тараптар кәсіпорындардың шоттарды электрондық түрде ұсынуды енгізуін ілгерілететін, көтермелейтін, қолдайтын немесе жеңілдететін бастамаларды іске асыруда ынтымақтасуға келіседі. Осы мақсатта Тараптар:

      a) шоттарды электрондық түрде ұсынуды қолдау үшін базалық инфрақұрылымды құруға жәрдемдесуге;

      b) шоттарды электрондық түрде ұсыну жүйесі туралы хабардар болуды арттыруға және осы салада әлеуетті арттыруға ұмтылатын болады.

12-бап

Экспресс-жөнелтілімдер

      1. Тараптар электрондық саудадағы экспресс-жөнелтілімдер саудасын жеңілдету мақсатында өздерінің тиісті кедендік рәсімдерінің болжамды, дәйекті және ашық түрде қолданылуын қамтамасыз етеді.

      2. Дүниежүзілік Сауда Ұйымына (ДСҰ) мүше болып табылатын Тараптардың міндеттемелеріне нұқсан келтірмей, әрбір Тарап кедендік бақылауды сақтай отырып, экспресс-жөнелтілімдерге қатысты кедендік операциялар жасаудың басым тәртібін қабылдауға немесе қолдауға ұмтылады.

      Мұндай рәсім:

      a) экспресс жөнелтілімді жөнелту үшін қажетті, жүк келгенге дейін жөнелтілуі және өңделуі тиіс ақпаратты ұсынуға;

      b) экспресс-жөнелтілімде қамтылған барлық тауарларды қамтитын ақпаратты, мысалы, егер мүмкін болса, электронды құралдардың көмегімен декларацияны бір рет ұсынуға рұқсат етуге;

      c) мүмкіндігінше, құжаттама көлемі барынша аз қандай да бір тауарлардың шығарылуын қамтамасыз етуге;

      d) әдеттегі жағдайларда жөнелтілім келген кезде, қажетті кеден құжаттары ұсынылғаннан кейін экспресс-жөнелтілімдердің барынша жылдам мерзімде жіберілуін қамтамасыз етуге; және

      e) Тарап декларациялауды және растайтын құжаттаманы, сондай-ақ тауардың салмағына немесе құнына қарай салықтар мен кедендік баждарды төлеуді қоса алғанда, шығару үшін шарт ретінде ресми әкелу рәсімдерін талап ете алатындығын ескере отырып, кез келген салмақтағы немесе құндағы жеткізілімдерге қолданылуы тиіс.

      3. Әрбір Тарап инфляцияның қарқыны, сауда рәсімдерін оңайлатуға ықпалы, тәуекелдерді басқаруға ықпалы, баждар сомасымен салыстырғанда баждарды өндіріп алуға арналған әкімшілік шығыстар, трансшекаралық сауда операцияларының құны, шағын және орта кәсіпорындарға ықпалы сияқты немесе кедендік төлемдерді өндіріп алуға байланысты өзі елеулі деп санайтын басқа да факторларды назарға ала отырып, жеделдетілген жеткізілімдер ретінде қаралуы тиіс тауарларға қолданылатын, саны мен құны бойынша шектеулерді ара-тұра қайта қарап отырады.

13-бап

Электрондық төлемдер

      1. Тараптар халықаралық тұрғыдан танылған стандарттарды қабылдау мен пайдалануды ынталандыру, төлем инфрақұрылымдарының операциялық үйлесімділігі мен өзара байланысына жәрдемдесу, сондай-ақ төлемдер экожүйесінде пайдалы инновациялар мен бәсекелестікті ынталандыру арқылы тиімді, қауіпсіз және сенімді трансшекаралық электрондық төлемдерді дамытуды қолдайды.

      2. Осы мақсатта және өз мемлекеттерінің заңнамалары мен нормативтік актілеріне сәйкес Тараптар мынадай қағидаттарды таниды:

      a) Тараптар реттеуші органдар бекітетін, лицензиялық талаптарға, рәсімдерге және техникалық стандарттарға қатысты ережелерді қоса алғанда, электрондық төлемдер туралы өздерінің тиісті ережелерінің жұртшылыққа уақтылы қолжетімді болуына ұмтылатын болады.

      b) Тараптар электрондық төлемдердің экожүйесіндегі үйлесімділікті арттыру және инновацияларды ынталандыру үшін қолданбалы бағдарламалау интерфейсін (API) пайдалануды ынталандыруға ұмтылады және қаржы институттары мен төлем қызметін ұсынушыларды өздерінің қаржылық өнімдерінің, көрсететін қызметтерінің және операцияларының API-ін үшінші тарап ойыншыларына мүмкін болатын жерде ерікті түрде ұсынуға ынталандырады;

      c) Тараптар цифрлық сәйкестендіру деректерін пайдалана отырып, жеке және заңды тұлғаларды трансшекаралық аутентификациялау және электрондық сәйкестендіру мүмкіндігін қарастырады;

      d) Тараптар реттеу арқылы электрондық төлем жүйелерінің сенімділігін, тиімділігін, сенімді болуын және қорғалуын қолдаудың маңыздылығын мойындайды;

      e) Тараптар саясат инновацияларға және тең жағдайдағы бәсекелестікке ықпал ете отырып, мәселен, нормативтік және салалық стандарттарды қабылдау арқылы қазіргі және жаңа қатысушылардың жаңа қаржылық және электрондық төлем өнімдері мен көрсетілетін қызметтерді уақтылы енгізуінің маңыздылығын мойындауға тиіс екендігімен келіседі.

14-бап

Отандық жеткізушілердің дерекқоры

      1. Әрбір Тарапқа ішкі жеткізушілер туралы дерекқор құру немесе оны жүргізу ұсынылады. Мұндай дерекқорда әлеуетті қосалқы мердігерлер мен көрсетілетін қызметтерді жеткізушілерді қоса алғанда, нақты секторлардағы тиісті отандық жеткізушілердің тізбесі болуы қажет және мүмкіндігінше, атап айтқанда, мынадай элементтерді:

      a) компаниялардың ақпараттық бюллетеньдерінің көмегімен жергілікті өндірістік және сервистік әлеуетті жариялауды;

      b) сектор немесе сала, өнімнің немесе көрсетілетін қызметтің атауын, орналасқан жерін, сертификатталуы және т.б. бойынша іздестіру мүмкіндігінің бар болуын;

      c) инвесторларға сатудан кейін қызмет көрсету бойынша көрсетілетін қызметтермен байланысты болуды;

      d) онлайн режимінде және мүмкіндігінше ағылшын тілінде қолжетімді болуды; және

      е) үнемі жаңартылып отыруды;

      f) мемлекеттік қаржылық қолдау мен ынталандыруларды пайдаланудың жай-күйін;

      g) мемлекеттік тендерлер мен сатып алуларға қатысу жай-күйін;

      h) қолданылуына қарай, жүктің қажетті құжаттарының бар-жоғын тексеруге және тұтынушының (сатып алушының) мақұлдауына дейін мәмілеге ақы төлеуді шектейтін дерекқор делдалын қамтуы тиіс.

15-бап

Ақпараттың қолжетімділігі

      1. Әрбір Тарап өз веб-сайтында:

      a) басқа да Тараптардың ұқсас веб-сайттарына; және

      b) Тарап осы Келісімді жүзеге асыруға мүдделі кез келген тұлға үшін пайдалы деп санайтын ақпаратты беретін өзінің мемлекеттік мекемелерінің және басқа да тиісті құрылымдардың веб-сайттарына автоматтандырылған электрондық жеткізу арқылы қолжетімді сілтемелерді немесе ақпаратты орналастырады.

      2. Әрбір Тарап осы Келісімде қамтылатын кез келген мәселеге қатысты өз мемлекеттерінің заңнамаларының, нормативтік актілерінің, рәсімдерінің және жалпы қолданылатын әкімшілік қаулыларының мүдделі тұлғалар мен Тараптарға олармен танысуға мүмкіндік беретіндей дереу жариялануын немесе өзге де түрде қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.

      3. Әрбір Тарап онлайн режимінде ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз етуге ұмтылады, оған мыналар:

      а) кедендік қағидалар, рәсімдер немесе анықтама беру пункттері;

      b) электрондық саудаға қатысты техникалық регламенттер, стандарттар немесе сәйкестікті бағалау рәсімдері;

      c) сауданы дамытуға ықпал ету бағдарламалары;

      d) мемлекеттік сатып алу мүмкіндіктері; және

      e) шағын және орта кәсіпорындар үшін қаржыландыру бағдарламалары кіруі мүмкін;

      4. Әрбір Тарап ақпарат пен сілтемелердің өзекті және дәл болуын қамтамасыз ету үшін веб-сайттағы, осы баптың 2 және 3-тармақтарында аталған ақпарат пен сілтемелерді үнемі қарап отыруға тиіс.

      5. Әрбір Тарап осы баптың 2-тармағында аталған өз мемлекеттерінің қолданыстағы немесе жаңа заңнамаларының немесе нормативтік актілерінің кез келгені туралы нақты ақпарат беру туралы екінші Тараптың кез келген сұрау салуына дереу жауап береді.

III БӨЛІМ

КӘСІПКЕРЛЕР МЕН ТҰТЫНУШЫЛАР АРАСЫНДА СЕНІМ ОРНАТУ

16-бап

Электрондық қолтаңбалар

      1. Әрбір Тарап электрондық қолтаңбаларға және/немесе көрсетілетін сертификаттау қызметтеріне қатысты өз мемлекеттерінің заңнамаларына және нормативтік актілеріне сәйкес басқа Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес аккредиттеуді алған немесе танылған жеткізушілерге сертификаттау қызметтерін көрсететін жеткізушілерді аккредиттеу немесе тану рәсімін жеңілдетуге ұмтылады.

      2. Электрондық сертификат беретін және/немесе электрондық қолтаңба жасайтын Тарап қолданыстағы қағидалар мен нормаларға сәйкес өз міндеттемелерін орындамау нәтижесінде кез келген жеке немесе заңды тұлғаға қасақана немесе абайсызда келтірілген залал үшін жауапты болады.

      3. Сертификаттарды жеткізушілерді және ұлттық деңгейдегі электрондық қолтаңбалар жүйесін қадағалауға жауапты әрбір Тараптың құзыретті органдары, осындай мүмкіндік болған жағдайда, электрондық қолтаңбалардың жалпы форматтары мен сертификаттар бейіндері тұрғысынан Тараптар арасында электрондық қолтаңбаларды өзара тануды жүзеге асыру үшін қажетті негіз қалыптастырады.

      4. Әрбір Тараптың құзыретті органдары электрондық қолтаңбаларды өзара тану туралы келісім бойынша келіссөздер жүргізу мүмкіндіктерін талқылау үшін Бірлескен комитет белгілеген күні кездеседі. Кездесу алдында әрбір Тарап электрондық қолтаңба қызметі мен сертификаттау қызметіне қатысты өз мемлекеттерінің заңнамалары мен нормативтік актілері туралы басқа Тарапты хабардар етеді.

      5. Өз мемлекетінің заңнамасында өзгеше көзделген жағдайларды қоспағанда, Тарап қолтаңбаның электрондық нысанда орындалғаны негізінде ғана қолтаңбаның заңды күшін жоққа шығармауы тиіс.

      6. Тараптардың ешқайсысы да электрондық мәміле Тараптарының өз электрондық мәмілесінің электрондық қолтаңбаларға қатысты қолданылатын құқықтық талаптарға сәйкес келетінін сотта немесе заңды немесе әкімшілік органдарда дәлелдей алу мүмкіндігіне кедергі келтіретін электрондық қолтаңбаларға қатысты заңнамалар мен қағидаларды қабылдамайды және сақтамайды.

17-бап

Сұратылмайтын коммерциялық электрондық хабарламалар

      1. Әрбір Тарап:

      а) сұратылмайтын коммерциялық электрондық хабарламаларды жеткізушілерден хабарламалар алушылардың оларды одан әрі алуының тоқтатылуына жәрдемдесуді талап ететін;

      b) Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделгендей, коммерциялық электрондық хабарламалар алушылардан оларды алуға келісім беруді талап ететін; немесе

      c) сұратылмайтын коммерциялық электрондық хабарламаларды өзгеше түрде барынша азайтуды көздейтін сұратылмайтын коммерциялық электрондық хабарламаларға қатысты шаралар қабылдайды немесе оларды қолдайды.

      2. Әрбір Тарап осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған немесе қолдау көрсетілетін шараларды сақтамайтын, сұратылмайтын коммерциялық электрондық хабарламаларды жеткізушілерге қатысты құқықтық қорғау құралдарын қамтамасыз етеді.

      3. Тараптар сұратылмайтын коммерциялық электрондық хабарламаларды реттеуге қатысты өзара мүдделілік білдіретін тиісті жағдайларда ынтымақтасады.

18-бап

Интернеттегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау

      1. Тараптар, тұтынушылар электрондық саудаға қатысқан кезде оларды алаяқтық, жаңылыстыратын әрекеттерден қорғау үшін ашық және тиімді шаралардың маңызды екенін мойындайды.

      2. Тараптар тұтынушылардың әл-ауқатын арттыру мақсатында трансшекаралық электрондық саудаға байланысты қызмет шеңберінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі өздерінің тиісті ұлттық ведомстволары немесе басқа да тиісті органдар арасындағы ынтымақтастықтың маңызды екенін мойындайды.

      3. Әрбір Тарап электрондық саудадағы тұтынушылардың құқықтарын тиімді түрде қорғауды қамтамасыз етеді, ол сауданың басқа нысандарында ұсынылатын қорғау деңгейінен кем түспейді.

      4. Әрбір Тарап онлайн-саудаға қатысатын тұтынушыларға зиян келтіретін немесе зиян келтіруі мүмкін, алаяқтық, жаңылыстыратын әрекеттерге тыйым салатын заңдарды немесе нормативтік актілерді қабылдайды немесе күшінде ұстайды. "Алаяқтық, жаңылыстыратын әрекет" мыналарды қамтиды, бірақ:

      а) материалдардың қауіпсіздігіне, жеткізілу құны мен төлем шарттарын қоса алғанда, жалпы бағасына, жеткізілу мерзімдеріне, өнімнің сипаттамасына, құрамы мен пайдаланылу сипаттамаларына, кепілдік міндеттемелеріне, тауарды жөндеу шарттарына, сондай-ақ тауарды сақтауға байланысты көрсетілетін қызметтерге, тауарларды немесе көрсетілетін қызметтерді қайтару және ауыстыру қағидаларына, олардың санына немесе шығу тегіне қатысты жаңылыстыратын немесе жалған мәлімдемелер берумен;

      b) тауарларды немесе көрсетілетін қызметтерді беру ниетінсіз оларды беруге ұсынумен;

      c) тауарлардың немесе көрсетілетін қызметтердің көрінеу жалған жарнамасымен;

      d) тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге шот ұсынылғаннан кейін тұтынушыларға тауарды жеткізуді немесе қызмет көрсетуді жүзеге асырмаумен;

      e) тұтынушылардың қаржылық, телефондағы немесе басқа да шоттарындағы қаражатын тұтынушының рұқсатынсыз есептен шығарып алумен шектелмейді.

      5. Әрбір Тарап беру кезінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы туралы заңнамаға сәйкес қолайлы және қанағаттанарлық сапада болуын талап ететін заңдарды немесе нормативтік актілерді қабылдайды немесе күшінде ұстайды және олар орындалмаған жағдайда тұтынушыларға өтемақы береді.

      6. Әрбір Тарап өзінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңдары мен нормативтік актілерінің жария және жалпыға бірдей қолжетімді болуына ұмтылады.

      7. Тараптар мән-жайларға байланысты және әрбір Тараптың тиісті заңдары мен нормативтік актілерін ескере отырып, алаяқтыққа, жаңылыстыратын әрекетке немесе алдамшы мінез-құлыққа қатысты өзара мүдделілік білдірілетін мәселелер бойынша, оның ішінде электрондық коммерциялық қызметке қатысты тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы өз заңдарының сақталуын қамтамасыз етуде ынтымақтастыққа жәрдемдесетін болады.

      8. Тараптар көрсетілетін қызметтерді жеткізушілердің ішкі, сондай-ақ халықаралық электрондық саудаға қатысты тұтынушылардың өз құқықтары мен міндеттері туралы хабарлауын міндеттейтін шараларды қабылдайды немесе күшінде сақтайды.

      9. Осы бапта көзделген шараларды әзірлеу, іске асырылуын және қолданылуын бақылау мақсатында Тараптар Біріккен комиссия айқындайтын мерзімдерде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы құзыретті органдардың өкілдерімен кездесулер өткізеді.

      10. Тараптар:

      а) шетелдік тұтынушылардың шағым беруі және мемлекеті аумағында көрсетілетін қызметтерді жеткізуші тіркелген Тараптың құзыретті органдары оларды қарауы үшін онлайн тетіктер құруды;

      b) Тараптың өз мемлекеттерінде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың құқықтық негіздері туралы ақпарат беретін көптілді ақпараттық ресурс құруды және оны қолдауды;

      c) электрондық коммерция шеңберінде туындайтын дауларды реттеудің баламалы тетіктерін енгізуді;

      d) тұтынушылардың құқықтарын бұзатын нақты жағдайлар бойынша бірлескен тергеп-тексеру жүргізу тәртібін айқындауды қамтитын, бірақ олармен шектелмейтін, сапасыз және қауіпті тауарларды, көрсетілетін сапасыз және қауіпті қызметтерді сатып алудан, сондай-ақ алаяқтық, жаңылыстыратын және алдамшы коммерциялық практикалардан зардап шеккен екінші Тарап мемлекетінің тұтынушыларын (бұдан әрі – шетелдік тұтынушылар) құқықтық қорғау шараларын белгілеуге ұмтылады.

19-бап

Дербес деректерді қорғау

      1. Тараптар тұтынушылардың электрондық саудаға деген сенімін арттыруға ықпал ететін дербес деректерді қорғаудың экономикалық және әлеуметтік артықшылықтарын мойындайды.

      2. Әрбір Тарап шекара арқылы берілетін дербес деректерді қоса алғанда, дербес деректерді қорғауды қамтамасыз ететін ішкі құқықтық базаны қабылдауға немесе жұмыс жағдайында ұстауға тиіс.

      3. Әрбір Тарап деректерді қорғау туралы өз заңнамасы мен нормативтік актілерін көпшілікке жариялайды және оларға жеңіл қол жеткізуді қамтамасыз етуге тиіс, ал оның деректерді қорғау жөніндегі құзыретті органы мыналарды:

      а) жеке тұлғалар деректерді қорғау құқықтары бұзылған кез келген жағдайда құқықтық қорғау құралдарын қалай пайдалана алатыны туралы ақпаратты; және

      b) бизнестің дербес деректерді қорғауға қатысты заңды міндеттемелерін және оларды орындау бойынша кез келген ұсынымдарды қоса алғанда, өз мемлекеті ұсынатын дербес деректерді қорғау шаралары туралы ақпаратты жариялайды.

      4. Әрбір Тарап өз мемлекетінің аумағындағы кәсіпорындарды дербес деректерді қорғауға байланысты өз саясаты мен рәсімдерін жариялауға, оның ішінде Интернетте де жариялауға ынталандырады.

      5. Тараптардың дербес деректерді қорғауға қатысты әртүрлі құқықтық тәсілдерді қолдана алатынын мойындай отырып, Тараптар өз юрисдикцияларында қолданылатын кез келген осындай тетіктер туралы ақпарат пен тәжірибе алмасуға ұмтылатын болады.

IV БӨЛІМ

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

20-бап

Электрондық коммерция саласындағы жалпы ынтымақтастық

      1. Тараптар осы Келісімді жүзеге асыруға жәрдемдесу және оны іске асырудан барынша пайда алу мақсатында ынтымақтасады. Ынтымақтастық жөніндегі шаралар әрбір Тараптың қажеттіліктерін ескереді және мыналарды:

      a) Тараптардың реттеуші органдарында, реттеуді басқаруға жауапты агенттіктерінде немесе бақылаушы органдарында саясат мәселелері бойынша ақпарат алмасуды, диалогтарды немесе лауазымды адамдар арасындағы кездесулерді;

      b) Тараптар уағдаласа алатын басқа да қызмет түрлерін қамтуы мүмкін.

      2. Тараптар ынтымақтастықтың егжей-тегжейлі шарттарын жекелеген меморандумдарда жаза алады.

21-бап

Шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы ынтымақтастық

      1. Тараптар электрондық сауда саласындағы динамизмді қолдаудағы және бәсекеге қабілеттілікті арттырудағы ШОК-тың іргелі рөлін мойындайды.

      2. Электрондық сауда саласындағы ШОК үшін сауда және инвестициялық мүмкіндіктерді арттыру мақсатында Тараптар:

      a) ШОК нарығының мүмкіндіктерін кеңейту және оны қамту үшін цифрлық құралдар мен технологияларды пайдалану туралы ақпарат пен озық практика алмасуға;

      b) шағын және орта кәсіпорындарға электрондық сауда саласына бейімделуге және онда өркендеуге көмектесе алатын басқа да салаларда ынтымақтасуға;

      c) ШОК-тың онлайн-платформаларға және ШОК-қа халықаралық жеткізушілермен, сатып алушылармен және басқа да әлеуетті іскери әріптестермен байланыс орнатуға көмектесетін басқа да тетіктерге қатысуын ынталандыруға; және

      d) қатысушы мемлекеттердің ШОК-тары арасындағы электрондық сауда саласындағы тығыз ынтымақтастыққа жәрдемдесуге;

      e) ШОК-тың цифрлық жетілуін арттыруға ықпал етуі мүмкін басқа да салаларда ынтымақтасуға ұмтылады.

22-бап

FinTech саласындағы ынтымақтастық

      1. Тараптар мемлекеттерінде қаржылық технологиялар қолданылатын салалар арасындағы ынтымақтастыққа Тараптар жәрдемдеседі. Тараптар FinTech саласындағы тиімді ынтымақтастық бизнестің қатысуын талап ететінін мойындайды. Осы мақсатта Тараптар:

      а) FinTech секторындағы фирмалар арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі;

      b) бизнес немесе қаржы секторы үшін FinTech шешімдерін әзірлеуге жәрдемдеседі;

      c) Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес Тараптар арасындағы FinTech саласындағы кәсіпкерлердің немесе ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің ынтымақтастығын ынталандырады.

23-бап

Киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық

      1. Тараптардың жаһандық өркендеуге қол жеткізу үшін қауіпсіз электрондық коммерцияны дамыту туралы ортақ пайымы бар екенін атап өте отырып, олар киберқауіпсіздіктің электрондық коммерцияға деген сенім орнату үшін шешуші мәні барын мойындайды.

      2. Тараптар мыналардың:

      а) компьютерлік қауіпсіздікке қатысты оқыс оқиғаларға ден қоюға жауапты өз ұлттық бөлімшелерінің әлеуетін арттырудың;

      b) Тараптар мемлекеттерінің электрондық желілерінің жұмысына әсер ететін теріс пиғылды басып кірудің немесе зиянды кодты таратудың салдарын анықтау және әсерін азайту мақсатында өзара іс-қимыл жасау үшін қолданыстағы ынтымақтастық тетіктерін пайдаланудың;

      c) киберқауіпсіздік саласында кадрлық әлеуетті, оның ішінде біліктілікті өзара танумен байланысты ықтимал бастамалар арқылы дамытудың;

      d) киберқауіпсіздікпен байланысты барлық тиісті ұлттық және халықаралық заңнамалық, нормативтік-құқықтық және шарттық талаптарды орындаудың;

      e) жиынтығында электрондық сауда үшін қауіпсіздік архитектурасын құрайтын қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктері мен рәсімдерін қолданудың;

      f) электрондық коммерция платформаларының киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ озық практикаларды енгізу үшін Тараптардың компьютерлік қауіпсіздікпен байланысты төтенше жағдайларға ден қоятын тиісті топтарымен (CERTs) кибер оқыс оқиғалар, сабақ болған жағдайлар, сондай-ақ компрометация индикаторлары (IOC) туралы ақпарат алмасудың маңыздылығын мойындайды.

24-бап

Бәсекелестік саясат саласындағы ынтымақтастық

      1. Бәсекелестік заңнаманы қолдану, цифрлық нарықтарда бәсекелестік саясатты әзірлеу және енгізу саласында тәжірибе алмасу процесінің артықшылықтарын мойындай отырып, Тараптар:

      а) цифрлық нарықтардағы бәсекелестік саласындағы саясатты әзірлеу бойынша ақпарат пен тәжірибе алмасуды;

      b) цифрлық нарықтардағы бәсекелестікті дамыту саласындағы озық практиканы алмасуды;

      c) цифрлық нарықтардағы бәсекелестік саласындағы бәсекелестік және құқық қолдану саласындағы саясатты әзірлеуді нығайту үшін қажетті әлеуетті қалыптастыруда Тарапқа көмек көрсету үшін консультациялар беруді немесе кадрлар даярлауды, оның ішінде лауазымды адамдарды алмасу арқылы кадрлар даярлауды;

      d) Тараптар келіскен техникалық ынтымақтастықтың кез келген басқа нысандарын қоса алғанда, ынтымақтастық жөніндегі өзара келісілген іс-шараларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырады.

      2. Тараптар қажеттігіне қарай цифрлық нарықтардағы бәсекелестік туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша, оның ішінде хабардар ету, консультация беру және құпия емес ақпаратпен алмасу арқылы ынтымақтасады.

      3. Тараптар өздерінің тиісті заңдарына, нормативтік актілеріне және маңызды аспектілеріне қайшы келмейтіндей етіп және өздерінде бар ресурстар шегінде ынтымақтасады.

V БӨЛІМ

БІРЛЕСКЕН КОМИТЕТ ЖӘНЕ БАЙЛАНЫСҚА ШЫҒАТЫН АДАМДАР

25-бап

Бірлескен комитет

      1. Тараптар осы Келісімді іске асыруға жауапты Тараптардың тиісті министрліктері мен ведомстволарының өкілдерінен тұратын осы Келісімнің ережелерін іске асыру жөніндегі Бірлескен комитетті құрады.

      2. Бірлескен комитет:

      а) осы Келісімді жүзеге асыруға немесе оның қолданылуына байланысты кез келген мәселелерді қарайтын;

      b) осы Келісімге түзетулер енгізу туралы кез келген ұсынысты қарайтын;

      c) Тараптар арасындағы электрондық коммерция саласындағы әріптестікті одан әрі нығайту жолдарын қарастыратын;

      d) осы Келісімді іске асыру жөніндегі шараларды әзірлейтін және;

      e) Тараптар уағдаласа алатын кез келген басқа да алдын ала әрекеттер жасайтын болады.

      3. Бірлескен комитет консенсус негізінде осы баптың 2-тармағының қолданысына жататын мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.

      4. Бірлескен комитет қажет деп тапса, өзінің жұмыс топтарын құра алады.

      5. Бірлескен комитет осы Келісім күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде және одан кейінгі кезеңде Тараптардың шешімі бойынша, оның ішінде қажеттігіне қарай, осы бапқа сәйкес өз функцияларын орындау үшін жиналады.

      6. Бірлескен комитеттің отырыстары Түркі мемлекеттері ұйымы Хатшылығының қолдауымен өткізіледі. Хатшылық осындай сессияға кез келген қажетті әкімшілік қолдауды қамтамасыз етеді және басқа Тараптарды Бірлескен комитеттің кез келген шешімі туралы хабардар етеді.

      7. Егер осы Келісімде өзгеше көзделмесе, осы бапқа сәйкес құрылған Бірлескен комитет өз жұмысын электрондық поштаны, виртуалды кеңестерді немесе видеоконференцияларды қамтуы мүмкін кез келген қолайлы құралдар арқылы орындайды.

      8. Бірлескен комитеттің әрбір отырысында Тараптың әрбір өкілі осы Келісімді жүзеге асырудағы өзінің жоспарлары мен прогресс туралы ақпарат береді.

26-бап

Байланысқа шығатын адамдар

      1. Әрбір Тарап осы Келісімге қатысты кез келген мәселелер бойынша Тараптар арасындағы байланыстарды қолдауды жеңілдету үшін байланысқа шығатын адамды (құзыретті органды) тағайындайды.

      2. Әрбір Тарап басқа Тараптарды Түркі мемлекеттері ұйымының Хатшылығы арқылы осы Келісім күшіне енгеннен кейін мүмкіндігінше тезірек өзінің байланысқа шығатын адамы туралы хабардар етеді.

      3. Тараптардың әрқайсысының байланысқа шығатын адамдары өздерінің тиісті мүдделі тараптарын ішкі үйлестіруге және Тараптар арасындағы коммуникация процесіне жауапты болады.

      4. Осы Келісімге сәйкес кез келген хабарлама, сұрау салу немесе ақпарат басқа Тараптарға олардың байланысқа шығатын адамдары арқылы берілуге тиіс.

      5. Тараптардың бірінің сұрау салуы бойынша басқа Тарап немесе осындай сұрау салуды алған Тараптар ақпарат береді және кез келген нақты немесе ұсынылатын шараға қатысты сұрақтарға жауап береді.

      6. Осы бапқа сәйкес берілген кез келген хабарлама немесе ақпарат бұл шараның осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келетіндігі туралы мәселені шешуге кедергі келтіре алмайды.

      7. Әрбір Тарап байланысқа шығатын өз адамына қатысты кез келген өзгерістер туралы басқа Тараптарды уақтылы хабардар етеді.

VI БӨЛІМ

ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

27-бап

Дауларды реттеу

      1. Тараптар осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындайтын кез келген дауды өзара консультациялар арқылы бейбіт жолмен реттеуге ұмтылатын болады.

      2. Егер дау Тараптары консультациялар басталған кезден бастап бір жүз сексен (180) күн ішінде өзара қолайлы шешімге қол жеткізе алмаған жағдайда, дау тараптары дауды ЮНСИТРАЛ-дың Төрелік регламентіне немесе Тараптар келіскен және осы мақсаттар үшін қабылданған тетіктерге сәйкес дауларды реттеудің кез келген басқа рәсіміне сай реттей алады.

      3. Төрелік соттың шешімдері Тараптар үшін түпкілікті және заңдық тұрғыдан міндетті болып табылады және орындалуға тиіс.

      4. Осы бап осы Келісім күшіне енгенге дейін орын алған оқиғалар нәтижесінде Тараптар арасында туындайтын дауларға қолданылмайды.

      5. Сондай-ақ Тараптар ЮНСИТРАЛ-дың Медиация туралы регламентіне сәйкес даудың кез келген сатысында, оның ішінде төрелік немесе өзге де талқылау басталғаннан кейін медиация жүргізу туралы уағдаласа алады.

28-бап

Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісім осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Келісімнің 30-бабының ережелеріне сәйкес күшіне енетін жекелеген хаттамалар нысанында Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша кез келген уақытта өзгертілуі мүмкін.

29-бап

Депозитарий

      Осы Келісімнің депозитарийі Түркі мемлекеттері ұйымының Хатшылығы болып табылады.

30-бап

Күшіне енуі

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.

      2. Осы Келісім Депозитарий Тараптардан дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті өздерінің тиісті ішкі рәсімдерінің аяқталғанын растайтын соңғы жазбаша хабарламаны алғаннан кейін отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.

31-бап

Қосылу

      Осы Келісім барлық Тараптардың жазбаша келісімімен кез келген үшінші тараптың қосылуы үшін ашық. Мұндай қосылатын тараптар үшін осы Келісім Депозитарий дипломатиялық арналар арқылы қосылу туралы құжатты алғаннан кейін отыз (30) күннен соң күшіне енеді.

32-бап

Қатысушының келісімнен шығуы

      Кез келген Тарап Депозитарийді бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар етіп, кез келген уақытта осы Келісімнен шыға алады. Тараптардың осы Келісімнен шығуы Депозитарий осындай хабарламаны алған күннен кейін алты (6) айдан соң күшіне енеді.

      Осы Келісімнің түпнұсқасы әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік, өзбек және ағылшын тілдерінде бір төлнұсқа данада Депозитарийге сақтау үшін тапсырылады.

      ..... қаласында әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік, өзбек және ағылшын тілдерінде бір төлнұсқа данада жасалды және барлық мәтіндердің күші бірдей. Түсіндіруде қандай да бір сәйкессіздіктер болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.

      Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін       Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
      ___________________________________________________       ___________________________________________________
      Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті үшін       Түркия Республикасының Үкіметі үшін
      __________________________________________________       ___________________________________________________
      Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін
      __________________________________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады