"Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының жеке басты куәландыратын құжаттарын, визаларын ресімдеу, Қазақстан Республикасында тұрақты немесе уақытша тұруға рұқсат беру кезінде дактилоскопиялық ақпараты бар материалдық жеткізгіштерде қамтылатын мәліметтердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге шығарып жіберілуге жататын не Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттардың күші қолданылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық ақпаратында қамтылатын мәліметтердің тізбесін айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 8 қарашадағы № 939 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының жеке басты куәландыратын құжаттарын, визаларын ресімдеу, Қазақстан Республикасында тұрақты немесе уақытша тұруға рұқсат беру кезінде дактилоскопиялық ақпараты бар материалдық жеткізгіштерде қамтылатын мәліметтердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге шығарып жіберілуге жататын не Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттардың күші қолданылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық ақпаратында қамтылатын мәліметтердің тізбесін айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының жеке басты куәландыратын құжаттарын, визаларын ресімдеу, Қазақстан Республикасында тұрақты немесе уақытша тұруға рұқсат беру кезінде дактилоскопиялық ақпараты бар материалдық жеткізгіштерде қамтылатын мәліметтердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберілетін не Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттардың күші қолданылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық ақпаратында қамтылатын мәліметтердің тізбесін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының жеке басты куәландыратын құжаттарын, визаларын ресімдеу, Қазақстан Республикасында тұрақты немесе уақытша тұруға рұқсат беру кезінде дактилоскопиялық ақпараты бар материалдық жеткізгіштерде қамтылатын мәліметтердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберілетін не Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттардың күші қолданылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық ақпаратында қамтылатын мәліметтердің тізбесін (бұдан әрі – дактилоскопиялық ақпараты бар материалдық жеткізгіштерде қамтылатын мәліметтердің тізбесі) айқындау тәртібін анықтайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) дактилоскопиялық ақпарат – адамның немесе танылмаған мәйіттің жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін оның қол саусақтарының және (немесе) алақанының папиллярлық бедері құрылымының ерекшеліктері туралы биометриялық деректер және "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес дербес деректер;
2) дактилоскопиялық ақпаратты жинау – дактилоскопиялық ақпаратты алуға бағытталған іс-қимыл;
3) дактилоскопиялық тіркеу – дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың дактилоскопиялық ақпаратты жинау, өңдеу, қорғау, адамның жеке басын анықтау немесе растау бойынша жүзеге асыратын қызметі;
4) дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар – өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеуді жүзеге асыратын ішкі істер органдары, сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган, ұлттық қауіпсіздік органдары, көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;
5) материалдық жеткізгіштер – дактилоскопиялық немесе геномдық ақпараты бар дактилоскопиялық немесе ақпараттық карталар, магниттік, электрондық немесе өзге де жазба түрлерін жеткізгіштер.
3. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар дактилоскопиялық тіркеу жүргізген кезде дактилоскопиялық ақпараты бар материалдық жеткізгіштердегі мәліметтердің тізбесін осы Қағидалардың 6, 7, 8, 9 және 10-тармақтарына сәйкес қалыптастырады.
2-тарау. Дактилоскопиялық ақпараты бар материалдық жеткізгіштердегі мәліметтердің тізбесін айқындау тәртібі
4. Дактилоскопиялық ақпараты бар материалдық жеткізгіштердегі мәліметтердің тізбесі дактилоскопиялық тіркеу кезінде дактилоскопиялық ақпарат жинау барысында қалыптастырылады.
5. Дактилоскопиялық тіркеу кезінде дактилоскопиялық ақпаратты жинау адамның екі қолының он саусағының және (немесе) екі қолы алақандарының папиллярлық бедері құрылымының ерекшеліктері туралы биометриялық деректерді дактилоскопиялау арқылы алуды және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 730 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35161 болып тіркелген) Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларында белгіленген дербес деректерді қамтиды.
6. Жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеген кезде Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық ақпараты бар материалдық жеткізгіш мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
2) туған күні мен жері;
3) жынысы;
4) қай ұлтқа жататыны (иесінің қалауы бойынша);
5) азаматтығы;
6) фотосуреті;
7) қолының он саусағының папиллярлық бедері құрылымының ерекшеліктері туралы ақпарат;
8) жеке басты куәландыратын құжаттың нөмірі, берілген күні, қолданылу мерзімі;
9) құжат иесінің қолтаңбасы;
10) жеке сәйкестендіру нөмірі (бар болса);
11) дактилоскопиялық тіркеу жүргізілген күн мен негізі;
12) құжатты берген органның атауы;
13) дактилоскопиялық тіркеуді жүзеге асырған адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе).
7. Қазақстан Республикасының визасын ресімдеген кезде шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық ақпараты бар материалдық жеткізгіш мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
2) туған күні;
3) жынысы;
4) қолының он саусағының папиллярлық бедері құрылымының ерекшеліктері туралы ақпарат;
5) азаматтығы;
6) фотосуреті;
7) жеке басты куәландыратын құжаттың нөмірі, берілген күні, қолданылу мерзімі;
8) визаның берілген күні, қолданылу мерзімі;
9) дактилоскопиялық тіркеу жүргізілген күн мен негізі;
10) виза берген органның атауы;
11) дактилоскопиялық тіркеуді жүзеге асырған адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе).
8. Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат берген кезде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық ақпараты бар материалдық жеткізгіш мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
2) туған күні;
3) жынысы;
4) екі қолының он саусағының және алақанының папиллярлық бедері құрылымының ерекшеліктері туралы ақпарат;
5) азаматтығы;
6) фотосуреті;
7) шетелде тұрақты тұратын жерінің мекенжайы;
8) Қазақстан Республикасында уақытша тұратын мекенжайы;
9) қабылдайтын тараптың мекенжайы;
10) жеке басты куәландыратын құжаттың нөмірі, берілген күні, қолданылу мерзімі;
11) дактилоскопиялық тіркеу жүргізілген күн мен негізі;
12) дактилоскопиялық тіркеуді жүзеге асырған адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе).
9. Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберілетін не Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттардың күші қолданылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық ақпараты бар материалдық жеткізгіш мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
2) туған күні;
3) жынысы;
4) екі қолының он саусағының және алақанының папиллярлық бедері құрылымының ерекшеліктері туралы ақпарат;
5) азаматтығы;
6) фотосуреті;
7) жеке басты куәландыратын құжаттың нөмірі, берілген күні, қолданылу мерзімі;
8) дактилоскопиялық тіркеу жүргізілген күн мен негізі;
9) дактилоскопиялық тіркеуді жүзеге асырған адамның аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тегі;
10) Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберілген күн мен негіздері (заңды күшіне енген сот үкімі немесе шешімі);
11) өткенге дейін Қазақстан Республикасының аумағына кіруге сот тыйым салған күн.
10. Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат берген кезде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық ақпараты бар материалдық жеткізгіш мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
2) туған күні;
3) жынысы;
4) қолының он саусағының және алақанының папиллярлық бедері құрылымының ерекшеліктері туралы ақпарат;
5) азаматтығы;
6) фотосуреті;
7) жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі, күні, қолданылу мерзімі;
8) дактилоскопиялық тіркеу жүргізілген күн мен негізі;
9) дактилоскопиялық тіркеуді жүзеге асырған адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
10) виза, уақытша тұруға рұқсат берілген күні, қолданылу мерзімі;
11) тұрақты тұру жоспарланып отырған жердің мекенжайы;
12) тұрақты тұруға өтінішхатты қараған органның атауы.