Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2023 жылғы 8 қарашада Сан-Маринода жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сан-Марино Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
`О. Бектенов |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ МЕН САН-МАРИНО РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ АРАСЫНДАҒЫ ВИЗАЛЫҚ ТАЛАПТАРДАН ӨЗАРА БОСАТУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сан-Марино Республикасының Үкіметі
- Тараптардың мемлекеттері арасындағы достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіре отырып,
- екі елдің азаматтарын өз мемлекеттерінің аумағына кіру үшін визалық талаптардан босатуға өзара мүдделілігін ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Тараптардың бірінің азаматтары, осы баптың 2-тармағында көрсетілген жарамды жол жүру құжаттарының иелері, екінші Тарап мемлекетінің аумағына Шенген келісімінің Уағдаласушы тараптары мемлекеттерінің бірінің аумағына көп мәрте келу/кету бойынша Шенген келісімінен туындайтын міндеттемелерге нұқсан келтірместен бірінші кірген күннен бастап әрбір 180 (жүз сексен) күн ішінде 90 (тоқсан) күннен аспайтын кезеңге бір мәрте немесе бірнеше мәрте кіру, шығу, одан транзит арқылы өту және онда уақытша болу үшін визалық талаптардан босатылады. Қазақстан Республикасының азаматтары үшін 90 (тоқсан) күндік көрсетілген мерзім Шенген аймағына алғаш кірген күннен басталады.
2. Қазақстан Республикасының жарамды жол жүру құжаттары:
- Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
- Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспорты;
- Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты болып табылады.
Сан-Марино Республикасының жарамды жол жүру құжаттары:
- Сан-Марино Республикасы азаматының паспорты;
- Сан-Марино Республикасының дипломатиялық паспорты;
- Сан-Марино Республикасының қызметтік паспорты болып табылады.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген кезеңнен асатын кезеңге екінші Тарап мемлекетінің аумағында қалуға ниет білдірген бір Тарап мемлекетінің азаматтары болу елінің ұлттық заңнамасымен белгіленген рұқсатын қоса алғанда, екінші Тарап мемлекетінің аумағына кірер алдында тиісті виза алады. Шенген келісімінің тиісті ережелері Сан-Марино Республикасына кіруге қатысты сақталатын болады.
2-бап
1. Бір Тарап мемлекетінің азаматтары, екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы дипломатиялық өкілдігінің немесе консулдық мекеменің қызметкерлері болып табылатын жарамды дипломатиялық немесе қызметтік паспорттардың иелері, Шенген келісімінің Уағдаласушы тараптарының бірінің аумағы арқылы транзитке қатысты Шенген келісімінен туындайтын міндеттемелерге нұқсан келтірмей, осы екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіру үшін виза алудан босатылады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдарды қабылдаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес олар екінші Тарап мемлекетінің аумағына кірген күннен бастап 30 (отыз) күн ішінде тиісті орган аккредиттейтін болады.
3. Бұл рәсім осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдардың бірге тұратын, жарамды дипломатиялық немесе қызметтік паспорттары бар отбасы мүшелеріне қабылдаушы мемлекеттің қолданыстағы ұлттық заңнамасына сәйкес және Шенген келісімнің уағдаласушы тараптарының бірінің аумағы арқылы транзитке қатысты Шенген келісімінен туындайтын міндеттемелерге нұқсан келтірмей қолданылады.
3-бап
1. Бір Тарап мемлекетінің азаматтары, осы Келісімнің 1-бабында аталған жарамды жол жүру құжаттарының иелері, екінші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын оның аумағында болған барлық кезеңінде сақтауға тиіс.
2. Тараптардың бірінің мемлекеті азаматтары екінші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес және Шенген келісімінің Уағдаласушы тараптарының бірінің аумағына транзитке қатысты Шенген келісімінен туындайтын міндеттемелерге нұқсан келтірместен халықаралық қатынас арқылы саяхаттаушылар үшін ашық пункттер арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағы арқылы кіріп, шыға алады немесе транзитпен өте алады.
-бап
Осы Келісім Тараптардың болуы қолайсыз деп есептелуі мүмкін екінші Тарап мемлекетінің азаматтарына, атап айтқанда ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп немесе саулық сақтау мақсаттары үшін кіруге немесе тұруға рұқсат беруден бас тарту құқығын шектемейді.
5-бап
Егер Тараптардың бірі мемлекетінің азаматы осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жол жүру құжатын екінші Тарап мемлекетінің аумағында жоғалтқан жағдайда, мұндай азамат тиісті шаралар қабылдау үшін екінші Тараптың уәкілетті органын хабардар етеді.
Қазақстан Республикасының азаматтары үшін Сан-Марино аумағында аккредиттелген Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі қолданыстағы заңдар мен ережелерге сәйкес өз азаматына қайтып оралуға арналған куәлік береді.
Сан-Марино Республикасының азаматтары үшін Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттелген Италия Республикасының дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі қолданыстағы заңдар мен ережелерге сәйкес, төтенше жағдайларға арналған жол жүру құжатын береді.
6-бап
1. Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің 1-бабында белгіленген жол жүру құжаттарының үлгілерімен осы Келісім күшіне енгенге дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей алмасады.
2. Осы Келісімнің 1-бабында белгіленген жол жүру құжаттарында кез келген өзгерістер болған жағдайда, Тараптар бұл туралы бір-бірін хабардар етеді және олар күшіне енгенге дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей тиісті үлгілерді жібереді.
7-бап
1. Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе қоғамдық саулықты қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданылуын толық немесе ішінара уақытша тоқтата тұру құқығын өзіне қалдырады. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру туралы хабарлама осындай шешім күшіне енгенге дейін 5 (бес) күннен кешіктірілмей жазбаша түрде жіберілуге тиіс.
2. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру екінші Тараптың аумағындағы Тараптар мемлекеттері азаматтарының, осы Келісімнің 1-бабында аталған жарамды жол жүру құжаттарының иелері құқықтарын қозғамайды.
8-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен рәсімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін және ол осы Келісімнің 10-бабының ережелеріне сәйкес күшіне енеді.
9-бап
Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген даулар немесе келіспеушіліктер Тараптар арасындағы дипломатиялық арналар бойынша консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.
10-бап
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
3. Осы Келісім Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алғаннан кейін 90 (тоқсан) күн өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
202_ жылғы "___" _______ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, орыс, италия және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші теңтұпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында сәйкессіздіктер болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Сан-Марино РеспубликасыныңҮкіметі үшін |