Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 20 қарашадағы № 974 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Қуантайұлы Мырзабосыновқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 20 қарашадағы
№ 974 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі

      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы халықтары арасындағы достық байланыстарды кеңейтуге, екі мемлекеттің өмірімен, тарихымен және мәдени мұрасымен жақсы танысуға жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,

      туризмнің өзара түсіністікті нығайту, ізгі ниет білдіру және Тараптар мемлекеттерінің халықтары арасындағы қатынастарды нығайту құралы ретіндегі маңыздылығын ескере отырып,

      туризмді дамытудың екі мемлекеттің экономикалық, мәдени және әлеуметтік өмірі үшін маңыздылығын мойындай отырып,

      екіжақты негізде туризм саласында тиімді ынтымақтастыққа қол жеткізуге ұмтыла отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар туризм саласындағы ынтымақтастықты тең құқықтық, өзара пайда негізінде және осы Келісімге, Тараптардың әрқайсысы мемлекеттерінің заңнамасына және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес нығайтады және дамытады.

      Тараптар бір Тарап мемлекетінің азаматтарын екінші Тарап мемлекетінің мәдени, тарихи, табиғи объектілерімен және гастрономиялық ерекшеліктерімен таныстыру мақсатында туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.

2-бап

      Тараптар осы Келісім шеңберінде мынадай негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады:

      Тараптар мемлекеттеріндегі бұқаралық ақпарат құралдарында Тараптар мемлекеттерінің туристік әлеуетін ілгерілету бойынша жарнамалық кампаниялар өткізу;

      туризмді дамыту, оның ішінде білім беру, спорттық іс-шараларға, музыкалық, театр және фольклорлық фестивальдерге қатысу мақсатында топтық және жеке туризмді ұйымдастыру мәселелері бойынша іс-шаралар өткізу;

      халықаралық пікірталас алаңдарын ұйымдастыру, Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында өткізілетін туристік жәрмеңкелер мен көрмелерге, форумдар және туристік бағдарламалар мен маршруттар таныстырылымдарына қатысу;

      Тараптар мемлекеттерінің туристік ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін өзара таныстыру сапарларын ұйымдастыру;

      туризм саласына инвестициялар тартуға жәрдемдесу;

      туризмді дамытумен ұштасқан Тараптар мемлекеттерінде инновациялық көліктік-логистикалық технологияларды дамытуға жәрдемдесу;

      қонақ үй менеджменті мен туристік қызметті дамытуда тәжірибе алмасуды жүзеге асыру;

      Тараптар мемлекеттері мүдделі ұйымдарының тәжірибе және туристік индустрия мамандарымен алмасуы арқылы туризм саласында кадрлар даярлауға жәрдемдесу;

      Тараптар мемлекеттерінің шекара маңындағы аумақтарында, оның ішінде көпжақты форматтарда трансшекаралық туристік маршруттарды дамыту;

      Тараптар мемлекеттерінің порттары арасында круиздік кеме қатынасын дамыту бойынша келісілген шаралар қабылдау;

      туристік кешендер мен рекреациялық аймақтарды құруды қоса алғанда, туризм саласындағы ақпарат пен жұмыс тәжірибесімен, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес берілетін инвестициялар саласындағы жеңілдіктер туралы ақпаратпен алмасу.

3-бап

      Тараптар екі мемлекеттің туристік және мәдени-тарихи әлеуеті, оның ішінде мәдени және туристік салада ірі іс-шаралар өткізу туралы ақпараттық, жарнамалық-тарату материалдарын үшінші елдердегі Тараптар мемлекеттерінің ұлттық туристік кеңселері арқылы таратуға ықпал етеді, сондай-ақ үшінші елдерден Тараптар мемлекеттеріне туристердің сапарларына жәрдемдеседі.

4-бап

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасында туризм саласындағы, оның ішінде:

      Тараптар мемлекеттеріндегі туристік қызметті реттейтін нормативтік құқықтық актілер;

      туристік көрнекті орындар болып табылатын Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының табиғи және мәдени объектілерін қорғауға және сақтауға байланысты нормативтік құқықтық актілер;

      туризм саласындағы қолданыстағы стандарттар;

      туризм саласындағы статистикалық деректер;

      Тараптар мемлекеттерінің туристік мүмкіндіктері;

      туристік қызметтердің сапасын жақсарту және туризм саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәжірибесі туралы статистикалық және басқа да ақпаратпен алмасуды ынталандырады және қолдайды.

5-бап

      Тараптар екінші Тарап мемлекетінің аумағына туристік сапарларға шығатын өз мемлекеттері азаматтарының осы мемлекеттің шетелдік азаматтардың болуына қатысты заңнамасы туралы ақпарат алуына шаралар қабылдайды.

6-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасында белгіленген тәртіппен екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы Тараптар мемлекеттері туристерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде төтенше жағдайлар туындаған жағдайда оларды эвакуациялау бойынша шараларды қабылдайды.

7-бап

      Тараптар туристік ағынды өзара ұлғайту мақсатында туризм саласындағы қызметпен айналысатын өз мемлекеттерінің ұйымдары мен кәсіпорындары арасындағы тығыз ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдеседі.

8-бап

      Осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдар:

      Қазақстан Республикасының атынан – Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі;

      Ресей Федерациясының атынан – Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрлігі.

      Аталған құзыретті органдар өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бірін бірі дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар етеді.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты туындайтын Тараптар арасындағы кез келген даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

10-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығындарды Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

11-бап

      Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың кез келгені осы Келісімнің қолданысын тоқтатудың болжамды күніне дейін кемінде алты (6) ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы тоқтата алады.

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату Тараптар өзгеше уағдаласпаған жағдайда, оның қолданылу кезеңінде басталған бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруға әсер етпейді.

      20__ жылғы _______ ____ ______ әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады