Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2024 жылғы 20 маусымда Бейрутте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ливан Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Ескерту. Нормативтік құқықтық актіге қоса тіркелген халықаралық
Келісімнің мәтіні ресми болып табылмайды.
ҚР халықаралық Келісімінің жасасқан тілдердегі ресми
куәландырылған көшірмесін ҚР халықаралық Келісімдерін
тіркеуге, есептеуге және сақтауға жауапты ҚР Сыртқы істер
министрлігінен алуға болады
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 27 қарашадағы № 1006 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ливан Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ливан Республикасының Үкіметі,
Қазақстан Республикасы мен Ливан Республикасының дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттары иелерінің келуін/кетуін және жүріп-тұруын жеңілдету арқылы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ниет білдіре отырып,
өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес
төмендегілер туралы келісті:
1-бап Паспорттардың түрлері
Осы Келісімнің ережелері паспорттардың мынадай түрлеріне қолданылады:
1. Қазақстан Республикасының азаматтары үшін:
- дипломатиялық паспорт;
- қызметтік паспорт;
2. Ливан Республикасының азаматтары үшін:
- дипломатиялық паспорт;
- қызметтік паспорт;
- арнайы паспорт.
2-бап Визалардан босату
Бір Тарап мемлекетінің азаматтары – жарамды дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына бірінші келген күннен бастап күнтізбелік 180 (бір жүз сексен) күндік әр кезең ішінде күнтізбелік 30 (отыз) күнге дейінгі мерзімге көп мәрте келуге/кетуге, транзитпен өтуге және визасыз болуға құқылы.
3-бап Дипломатиялық өкілдіктердің немесе консулдық мекемелердің қызметкерлері
Бір Тарап мемлекетінің азаматтары – екінші Тарап мемлекетінің аумағында дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің қызметкерлері ретінде тағайындалған, жарамды дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттардың иелері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері өздері аккредиттелген кезеңге екінші Тарап мемлекетінің аумағына тиісті виза ресімдемей келе алады/кете алады, транзитпен өте алады және онда бола алады.
4-бап Паспорттардың қолданылу мерзімі
Әрбір Тарап мемлекеті азаматтарының дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттарының қолданылу мерзімі екінші Тарап мемлекетінің аумағына келген күнге дейін кемінде 6 (алты) ай болуға тиіс.
5-бап Кіру және шығу шарттары
Тараптар мемлекеттері азаматтарының, жарамды дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттар иелерінің екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіруі/шығуы және транзитпен өтуі екі мемлекеттің мемлекеттік шекарасының халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады.
6-бап Биліктің өкілеттіктері
1. Тараптар мемлекеттерінің азаматтары, жарамды дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған кезеңде 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында және 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының ережелеріне нұқсан келтірмей, осы Тараптың қолданыстағы заңнамасы мен қағидаларын сақтауға міндетті
2. Тараптардың әрқайсысы екінші Тарап мемлекетінің болуы қолайсыз деп санайтын азаматтарын өз мемлекетінің аумағына кіргізуден бас тарту не болу мерзімін қысқарту құқығын сақтайды.
7-бап Тоқтата тұру
Тараптар ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті және қоғамдық денсаулықты қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданылуын уақытша, ішінара немесе толық тоқтата алады. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдайтын Тарап мұндай шешім күшіне енген күнге дейін кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты хабардар етеді.
8-бап Паспорттар мен жол жүру құжаттарының үлгілері
1. Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жарамды дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттардың үлгілерімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
2. Дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттарға өзгерістер енгізілген жағдайда Тараптар жаңа немесе өзгертілген осы паспорттардың үлгілерімен олар қолданысқа бекітілген күнге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
3. Тараптар мемлекеттерінің азаматтары дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттарын жоғалтқан немесе бүлінген жағдайда бұл туралы болу мемлекетінің құзыретті органдарына дереу хабарлауға тиіс.
4. Осы баптың 3-тармағында аталған азаматтарға өз мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелері болу мемлекетінің аумағынан кетуі үшін көзделген жаңа паспорттар немесе жол жүру құжаттарын береді.
9-бап Дауларды реттеу
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындаған кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
10-бап Өзгерістер
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің 11-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
11-бап Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және тоқтату
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы тиісті жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 6 (алты) ай өткенге дейін күшінде қалады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН өз үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төмендегі қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
2024 жылғы "20" маусымда Бейрут қаласында әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының | Ливан Республикасының |
Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |