Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Таиланд Корольдігінің Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 27 қарашадағы № 1007 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2024 жылғы 14 тамызда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Таиланд Корольдігінің Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Ескерту. Нормативтік құқықтық
актіге қоса тіркелген
халықаралық Келісімнің мәтіні
ресми болып табылмайды.
ҚР халықаралық Келісімінің
жасасқан тілдердегі ресми
куәландырылған көшірмесін ҚР
халықаралық Келісімдерін
тіркеуге, есептеуге және
сақтауға жауапты ҚР Сыртқы
істер министрлігінен алуға
болады
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 27 қарашадағы
№ 1007 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Таиланд Корольдігінің Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Таиланд Корольдігінің Үкіметі

      саудадағы және экономикалық қатынастардың табысты дамуын қанағаттанушылықпен атап өте отырып және

      теңдік пен өзара пайда негізінде екі ел арасындағы саудадағы және экономикалық қатынастарды кеңейтуге және нығайтуға ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар өздерінің ұлттық заңнамалары мен қағидаларына сәйкес ұзақ мерзімді және тұрақты негізде Тараптар арасындағы экономикалық және саудадағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу, оны жеңілдету және дамыту үшін барлық тиісті шараларды қабылдауға тиіс.

2-бап

      Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің импорты мен экспорты Тараптардың ұлттық заңнамасы мен қағидаларына сәйкес Тараптардың жеке және заңды тұлғалары арасында жасалған коммерциялық келісімшарттар негізінде жүзеге асырылады.

      Тараптардың ешқайсысы жеке және заңды тұлғалардың осындай коммерциялық шарттардан туындайтын міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

3-бап

      Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер үшін Тараптардың жеке және (немесе) заңды тұлғалары арасындағы барлық төлемдер ұлттық заңнамаға және қағидаларға сәйкес еркін пайдаланылатын валюталарда жүзеге асырылуға тиіс.

4-бап

      1. Төлем балансында елеулі қиындықтар, сыртқы қаржылық қиындықтар немесе олардың орын алу қаупі болған жағдайда осы Келісімде ешнәрсе Тарапқа капитал қозғалысына байланысты төлемдерге немесе аударымдарға қатысты шектеу шараларын қабылдауға немесе қолдауға кедергі келтіретіндей түсіндірілмеуге тиіс.

      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданатын немесе қолдау көрсетілетін кез келген шаралар:

      (а) мән-жайларға байланысты Халықаралық валюта қоры келісімінің баптарына сәйкес келуге;

      (b) екінші Тараптың коммерциялық, экономикалық және қаржылық мүдделеріне негізсіз залал келтіруден аулақ болуға;

      (с) осы баптың 1-тармағында көрсетілген мән-жайлар кезінде қажеттілік шегінен шықпауға;

      (d) уақытша болуға және осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп жойылуға;

      (e) екінші Тарапқа Тарап болып табылмайтын кез келген елге игі ниеттес болғаннан кем болмайтындай кемсітусіз негізде қолданылуға тиіс.

      3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес белгіленген немесе сақталған кез келген шектеулер немесе олардағы кез келген өзгерістер туралы екінші Тарапқа хабарлануға тиіс.

      4. Мұндай шектеулердің көлемін анықтаған кезде Тараптар өздерінің экономикалық бағдарламалары немесе даму бағдарламалары үшін аса маңызды болып табылатын экономика секторларына артықшылық бере алады. Алайда мұндай шектеулер экономиканың белгілі бір секторын қорғау мақсатында белгіленбейді және сақталмайды.

5-бап

      Тараптар сауда қатынастарын дамыту үшін екі елде де өткізілетін көрмелер, миссиялар, іскерлік кездесулер мен семинарлар сияқты сауда іс-шаралары және жарнамалық іс-шараларға өздерінің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің қатысуын көтермелейтін болады.

      Тараптар экономикалық ынтымақтастық жобаларын өзара пайда негізінде зерделейді және қажет болса, іске асырады, азық-түлік және ауыл шаруашылығы, пайдалы қазбалар, машиналар, автомобильдер мен қосалқы бөлшектер, электрондық және электр аспаптары, мұнай және табиғи газ, құрылыс және тұрғын үй шаруашылығы, шағын және орта бизнес, "жасыл" экономика, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі, "электрондық үкіметті" дамыту, инновациялар бойынша тәжірибе алмасу, Жерді қашықтан зондтау саласындағы өзара іс-қимыл, IT-жобаларды және сауықтыру туризмін бірлесіп дамыту сияқты әлеуетті салаларға ерекше назар аударады.

      Тараптар Тараптардың жеке секторлары арасындағы жан-жақты іскерлік ынтымақтастықты көтермелеуге және интерактивті диалогты жолға қоюға тиіс.

6-бап

      Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына және қағидаларына, сондай-ақ халықаралық міндеттемелеріне сәйкес екінші Тараптан өз аумағына уақытша әкелінген, сатуға арналмаған және кейіннен ұлттық заңнамада және қағидаларда белгіленген уақытша әкелу мерзімі ішінде реэкспортталатын тауарларға салынатын кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатады.

7-бап

      Осы Келісімді іске асыруға жәрдемдесу мақсатында Тараптар өздерінің тиісті билік органдарының өкілдерінен тұратын Бірлескен сауда комитетін құрады. Тараптар Бірлескен сауда комитетінің тең төрағаларының деңгейін, оның отырысына байланысты өткізу тәртібін, қаржыландыру тетігін және басқа да мәселелерді консультациялар жолымен келісуге тиіс.

      Бірлескен сауда комитетінің функциялары мыналарды қамтуға тиіс, бірақ олармен шектелмейді:

      a) екіжақты сауда қатынастарына шолу;

      b) осы Келісімнің орындалуын мониторингтеу және қадағалау;

      c) Тараптар арасындағы екіжақты сауда, инвестициялық және экономикалық қатынастарды кеңейту және әртараптандыру мүмкіндігін зерделеу;

      d) сауда және инвестициялар саласында ақпарат алмасуға, сондай-ақ Тараптардың тиісті ведомстволары арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу.

      Бірлескен Сауда комитетінің отырыстары Қазақстан Республикасы мен Таиланд Корольдігінде кезекпен немесе Тараптардың өзге келісімі бойынша Тараптар келіскен кез келген күні өткізілуге тиіс.

8-бап

      Тараптар өздерінің ұлттық заңнамалары мен қағидаларына, сондай-ақ тиісті халықаралық міндеттемелерге сәйкес зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты дау туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар немесе келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешеді.

10-бап

      Осы Келісім Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша қайта қаралуы, өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін. Тиісті қайта қарау, өзгерту немесе толықтыру Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және осы Келісімнің 12-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

11-бап

      Осы Келісім Қазақстан Республикасы мен Таиланд Корольдігінің өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын немесе олардың халықаралық ұйымдарға мүшелігінен туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

12-бап

      Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті ішкі рәсімдерді аяқтағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күні күшіне енеді.

      Осы Келісім 5 (бес) жыл бойы күшінде қалады және егер Тараптардың біреуі екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы Келісімнің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 6 (алты) ай бұрын жазбаша нысанда хабардар етпесе, келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.

      Осыны КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН тиісті үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      2024 жылғы 14 тамызда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, тай және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды және барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімді түсіндіруде қандай да бір келіспеушіліктер болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтіннің күші басым болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі атынан
Таиланд КорольдігініңҮкіметі атынан

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады