Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының және Өзбекстан Республикасының азаматтық мақсаттағы жерүсті радиоқызметтері пайдаланатын радиожиілік иеленімдерін шекара маңы аймақтарында үйлестіру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 11 желтоқсандағы № 1049 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының және Өзбекстан Республикасының азаматтық мақсаттағы жерүсті радиоқызметтері пайдаланатын радиожиілік иеленімдерін шекара маңы аймақтарында үйлестіру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Хасенұлы Мәдиевке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының және Өзбекстан Республикасының азаматтық мақсаттағы жерүсті радиоқызметтері пайдаланатын радиожиілік иеленімдерін шекара маңы аймақтарында үйлестіру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 11 желтоқсандағы
№ 1049 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының және Өзбекстан Республикасының азаматтық мақсаттағы жерүсті радиоқызметтері пайдаланатын радиожиілік иеленімдерін шекара маңы аймақтарында үйлестіру туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі

      1998 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы шартты, 2013 жылғы 14 маусымдағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты және 2022 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты басшылыққа ала отырып, байланыс саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіре отырып,

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған басқа да нормаларының мақсаттары мен қағидаттарына адалдығын растай отырып,

      радиобайланыс, телевизия және радио хабарларын тарату қызметтеріне сұраныс қарқынын ескере отырып,

      Тараптар мемлекеттерінің радиоқызметтеріне зиянды, өзара бөгеуілдерді болдырмау үшін 29,7 мГц және одан жоғары радиожиіліктер диапазонында радиожиілік иеленімдерін үйлестіруді жүзеге асыру қажет деп есептей отырып,

      Халықаралық электр байланысы одағының (бұдан әрі – ХЭО) Радиобайланыс регламентін негізге ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімде мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:

      "шекара маңы үйлестіру аймағы" – Тараптар мемлекеттерінің шекара маңы өңірлерінің радиоэлектрондық құралдар екінші Тараппен міндетті үйлестіруді қажет ететін және олардың сәулеленуі Тараптардың уәкілетті органдары арасында кейіннен жасалатын Техникалық негіздер жөніндегі келісімге, сондай-ақ ХЭО құжаттарында көрсетілген өлшемшарттарға сәйкес екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы өріс кернеулігінің рұқсат етілген деңгейінен асып кетуі мүмкін аумағы;

      "құпия ақпарат" – Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік құпияларына жатпайтын, қолжетімділігін радиожиілік иеленімдерін үйлестіру процесіне қатысатын уәкілетті мемлекеттік органдар шектейтін мәліметтер;

      "радиожиілік иеленімдерін үйлестіру" – Тараптардың радиоэлектрондық құралдардың радиожиілік иеленімдерінің сипаттамаларына сәйкес радиоэлектрондық құралдарды орнатуды және пайдалануды келісу рәсімі;

      "Техникалық негіздер жөніндегі келісім" – осы Келісім шеңберінде радиоқызметтердің радиожиілік иеленімдерін үйлестіру немесе радиожиіліктердің жекелеген белдеулерін пайдалану мақсатында Тараптардың уәкілетті органдары арасында кейіннен жасалатын келісім.

2-бап

      Тараптардың ынтымақтастығы халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормаларымен, өз мемлекеттерінің заңнамасымен және осы Келісімнің ережелерімен реттеледі.

      Әрбір Тарап өз мемлекеттерінің шекара маңы аудандарында екінші Тарап мемлекетінің жоспарларын ескере отырып, радиожиілік спектрін ұтымды және тиімді пайдалануға ұмтылуға тиіс.

      Тараптар барлық қолжетімді техникалық құралдармен екінші Тарап мемлекетінің аумағына ықтимал әсерлерді барынша азайта отырып, өз мемлекеттерінің шекара маңы аудандарының аумағындағы халықты қажетті сападағы телекоммуникация қызметтерімен қамтамасыз етуге ұмтылуға тиіс.

3-бап

      Мыналар:

      Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі;

      Өзбекстан Тарапынан – Өзбекстан Республикасының Цифрлық технологиялар министрлігі Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыру іс-қимылдарын бақылауды және үйлестіруді жүзеге асыруға жауапты байланыс әкімшіліктері (бұдан әрі – Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары) болып табылады.

      Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдарының атаулары өзгерген немесе олардың функциялары берілген жағдайларда Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы бұл туралы хабардар етеді.

4-бап

      Осы Келісім шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары:

      пошта арқылы және/немесе электрондық форматта (факс, электрондық пошта) қажетті ақпарат алмасуды жүзеге асырады;

      бөгеуілдер пайда болған жағдайда оларды анықтайды және шаралар қолданады;

      рәсімдік тетіктерді анықтайды және қабылдайды, үйлестіру аймағын белгілейді.

5-бап

      Тараптар осы Келісімнің ережелеріне сәйкес өз мемлекеттерінің шекара маңы үйлестіру аймақтарында радиоқызметтердің әрқилы түрлері станцияларының радиожиілік иеленімдерін 29,7 МГц және одан жоғары радиожиілік диапазонында пайдалануды үйлестіру мәселелерінде ынтымақтасады.

6-бап

      1. Осы Келісімге сәйкес азаматтық мақсаттағы жерүсті радиоқызметтері станцияларының радиожиілік иеленімдерін үйлестіру жүзеге асырылады.

      Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдарының жауаптылығына жатпайтын жерүсті радиоқызметтері станцияларының радиожиілік иеленімдерін үйлестіру оның ажырамас бөлігі болып табылатын тиісті хаттамалар жасалғанға дейін осы Келісімнің ережелерімен реттелмейді.

      2. Тараптардың уәкілетті органдары арасында кейіннен жасалатын Техникалық негіздер жөніндегі келісімге сәйкес айқындалатын Тараптар мемлекеттерінің шекара маңы үйлестіру аймағы ішіндегі барлық радиожиілік иеленімдері үйлестірілуге жатады.

      Тараптардың уәкілетті органдары арасында кейіннен жасалатын Техникалық негіздер жөніндегі келісімнің қолданылу саласынан тыс үйлестіруді жүргізу кезінде Тараптардың келісімі бойынша ХЭО құжаттарында көрсетілген өлшемшарттар мен тәсілдер қолданылады.

      3. Тараптардың бірі мемлекетінің шекара маңы үйлестіру аймағындағы қабылдау станцияларының радиожиілік иеленімдерін үйлестіру оларды бөгеуілдерден қорғау қажет болған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін.

7-бап

      1. Тараптар радиожиіліктердің мынадай санаттарын айқындайды:

      Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары байланыс желілерін дамыту үшін үйлестірілуге тиіс жоспарланған байланыс желілеріне арналған радиожиіліктер (мұндай желілер қомақты капитал салымын қажет етуі мүмкін, пайдалануға енгізу мерзімдері ұзақ болуы мүмкін және үйлестірілген және бекітілген жиілік-аумақтық жоспарлар нәтижесінде ғана құрылуы мүмкін);

      Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары үйлестіру жүргізген және оларды пайдалану туралы келісімге қол жеткізген үйлестірілген радиожиіліктер.

      2. Үйлестірілген санаттағы радиожиіліктер тізіміне енгізілген радиожиілік иеленімдерін Тараптар өзара келісім негізінде жүзеге асырылған деп қарайды.

      Тараптардың әрқайсысының барлық радиожиілік иеленімдері:

      бұрынғы Кеңес Одағының байланыс әкімшілігі 1991 жылға дейін орталықтандырылған түрде тағайындаған;

      осы Келісім күшіне енген кезге дейін Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары үйлестірген;

      Халықаралық электр байланысы одағының Дүниежүзілік және өңірлік радиобайланыс конференцияларында қабылданған жоспарларға енгізілген Тараптардың радиожиілік иеленімдері үйлестірілген болып саналады.

      3. Тараптардың әрқайсысында жоғарыда көрсетілген санаттардағы радиожиіліктердің тізімдері болуға және жүргізілген үйлестіру негізінде оларды толықтыруы тиіс.

      Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары қажет болған жағдайда келісілген нысан бойынша үйлестірілген радиожиіліктердің (станциялардың) тізімдерін алмасады, оларға тек шекара маңы үйлестіру аймақтарындағы станциялардың немесе осы аймақтарда бөгеуіл жасайтын станциялардың сипаттамалары кіреді.

      Радиожиіліктердің тізімдері Тараптар сарапшыларының кеңестерінде нақтыланады.

      4. Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары 29,7 МГц және одан жоғары радиожиілік белдеуіндегі Тараптардың жұмыс істеп тұрған станциялары арасындағы ықтимал бөгеуіл жағдайларын қарайтын, оларды жою бойынша шаралар қолданатын болады.

      Тараптардың уәкілетті органдары арасында кейіннен жасалатын Техникалық негіздер жөніндегі келісімде және ХЭО құжаттарында айқындалатын бөгеуіл өрісінің рұқсат етілген ең жоғары кернеулігі деңгейінің артуына байланысты радиобайланыс қызметі сапасының нашарлауына алып келетін немесе оның жұмыс істеуін бірнеше рет үзетін немесе тоқтататын кез келген сәулелену бөгеуіл ретінде қаралады.

8-бап

      1. Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары арасында ақпарат алмасу тәртібі, ақпараттың құпиялылығы және оны қорғау дәрежесі, сондай-ақ берілетін ақпараттың құпиялылығын бұзғаны үшін жауаптылық әрбір нақты жағдайда Тараптар мемлекеттерінің заңнамасы негізінде айқындалады.

      2. Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары өз мемлекеттерінің заңнамасында белгіленген тәртіппен шекара маңы үйлестіру аймақтарында орналасқан азаматтық мақсаттағы жұмыс істеп тұрған радиоэлектрондық құралдар жөніндегі мәліметтерді ұсынатын, өздерінің қызметі үшін қажетті құжаттарды бір-біріне беруге міндеттенеді.

      3. Құпия ақпаратты қамтитын, өз қызметін ұйымдастыру үшін қажетті мәліметтерді ала отырып, Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары оны қатаң түрде мақсаты бойынша пайдалануға тиіс.

      4. Құпия ақпаратқа қолжетімділігі бар адамдар Тараптардың бірі ұсынған немесе ұсынатын құпия ақпаратпен жұмыс істеу кезінде Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.

      5. Тараптар осы Келісім шеңберінде алынған ақпаратты жария етпеу бойынша барлық шараны қолдануға міндеттенеді.

9-бап

      1. Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары пайдаланылатын техникалық құралдарды үйлестіруді жүргізу рәсімдерін әзірлеу мен келісуге және байланыс техникасының жылдам дамуына және көрсетілген рәсімдерге уақтылы түзетулер енгізу қажеттілігіне байланысты туындайтын басқа да мәселелерге жауапты сарапшыларды тағайындайды.

      2. Радиобайланыс технологияларының дамуын ескере отырып, Тараптар үйлестірудің техникалық негіздерін жаңарту мақсатында сарапшылар кеңестерін өткізетін болады.

10-бап

      1. Тарап радиожиіліктер тізімдерінде өзі үшін көзделмеген радиожиілік иеленімдерін пайдалана бастағанға дейін немесе үйлестірілген санатқа жататын радиожиіліктер тізіміне өзгерістер енгізгісі келсе, ол осы Келісімге және ХЭО Радиобайланыс регламентінің талаптарына сәйкес үйлестіруді жүргізуге тиіс.

      2. Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары радиожиілік иеленімдерін (Женева-06 сияқты ХЭО келісімдері шеңберінде бөлінімдерден айырбасталған иеленімдерді қоспағанда) осы Келісімнің 10-бабының 1-тармағына сәйкес үйлестіру рәсімі жүргізілгеннен кейін Жиіліктердің халықаралық анықтамалық тіркеліміне тіркеу үшін жібереді.

      3. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мүдделі Тараптың үйлестіру рәсімдерін жүргізу туралы сұрау салулары негізінде жүзеге асырылады.

      Сұрау салу жазбаша нысанда орыс тілінде, оның ішінде мәтінді берудің техникалық құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі.

      Сұрау салудың төлнұсқалығына немесе мазмұнына күмән туындаған кезде, қосымша растау сұратылуы мүмкін.

      Сұрау салу ресми ведомстволық бланкіде ресімделеді және оған сұрау салушы Тарап мемлекетінің уәкілетті органының лауазымды адамы қол қояды.

      Тараптар осы Келісімге қол қойылғаннан кейін 30 (отыз) күн ішінде бланкілердің үлгілерін алмасады.

      Үйлестіруге сұрау салу жіберілген бір Тарап мемлекетінің уәкілетті органы оны алғанын 7 (жеті) жұмыс күні ішінде растауға және күнтізбелік 60 (алпыс) күн ішінде жүргізілген үйлестіру нәтижелері бар жазбаша жауап жіберуге тиіс. Егер екінші Тарап мемлекетінің уәкілетті органы мәлімделетін радиожиілік иеленімін пайдаланумен келіспесе, онда сұрау салынатын Тарап осы Келісімнің және Тараптардың уәкілетті органдары арасында кейіннен жасалатын Техникалық негіздер жөніндегі келісімнің және ХЭО құжаттарының негізінде бас тарту себептерін көрсете отырып, бұл туралы жазбаша хабардар етеді.

      Техникалық мүмкіндік болған кезде Тараптар сұрау салуды қанағаттанарлықтай етіп шешу үшін өз ұсыныстарын бере алады.

      4. Сұрау салу расталған күннен кейін күнтізбелік 60 (алпыс) күн өткен соң сұрау салуға жауап болмаған жағдайда Тараптың сұрау салушы уәкілетті органы ескертпесі бар хат жібереді. Егер сұрау салынатын Тарап мемлекетінің уәкілетті органы өзіне ескертпесі бар хат жіберілгеннен кейін күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде жауап бермесе, радиожиілік иеленімдері үйлестірілген болып есептеледі. Бұл ретте екінші Тарап мемлекетінің уәкілетті органына бұл туралы хабарлай отырып, мұндай радиожиілік иеленімдерін үйлестірілген радиожиіліктер тізіміне енгізеді.

      5. Егер үйлестірілген радиожиілік иеленімдерін пайдаланатын станцияда тиімді сәулелену қуаты азайса не екінші Тарап мемлекетінің аумағында өріс кернеулігінің ұлғаюына алып келмейтін техникалық сипаттамалар өзгерсе, радиожиілік иеленімдерін үйлестіру талап етілмейді.

      6. Егер Тараптардың бірі мемлекетінің уәкілетті органы үйлестірілген радиожиілік иеленімдері тізіміне, оның ішінде үйлестірілген станцияны пайдалануды тоқтатқан кезде үйлестіру жүргізу талап етілмейтін өзгерістер енгізсе, онда ол екінші Тарап мемлекетінің уәкілетті органына осы өзгерістер туралы хабар береді.

11-бап

      Бөгеуіл жасалып отырған станция тиесілі Тарап бұл туралы қарамағында бөгеуіл жасайтын таратушы станциялары бар екінші Тарапты хабардар етеді. Тараптар өзара түсіністік пен ынтымақтастық негізінде бөгеуілдерге қатысты мәселелерді реттеу үшін ықтимал шараларды қолданады.

12-бап

      1. Тараптар осы Келісімде көзделмеген барлық мәселе бойынша қолданыстағы Жарғыны, Конвенцияны, ХЭО Радиобайланыс регламентін және ұсынымдарын, сондай-ақ электр байланысы саласында мамандандырылған халықаралық және өңірлік ұйымдардың өзге де келісімдерін, ұсынымдарын басшылыққа алады.

      2. Осы Келісім Тараптардың өздері және олардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарды, сондай-ақ радиожиіліктерді пайдалануды реттейтін Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын орындауына кедергі келтірмейді.

13-бап

      Сарапшылардың кеңестер мен жиналыстарға қатысуына байланысты шығыстар осындай сарапшыларды жіберуші Тараптың есебінен қаржыландырылады.

      Сарапшылардың қатысуымен кеңестер өткізуге байланысты шығыстар қабылдаушы Тараптың қаражаты есебінен қаржыландырылады.

14-бап

      Тараптар өзара іс-қимыл жасаған кезде осы Келісімге сәйкес орыс тілі қолданылады.

15-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.

16-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

17-бап

      Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары ХЭО-ны осы Келісімнің жасалғаны туралы және оның мазмұны туралы хабардар етеді.

18-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім күшіне енген күннен бастап 2006 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының азаматтық мақсаттағы радиоқызметтерімен пайдаланылатын 30.0 – 1000.0 МГц радиожиілік жолағында шекаралық аймақтарда радиожиіліктерді тағайындауды үйлестіру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің арасындағы келісім өз қолданысын тоқтатады.

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 6 (алты) ай өткенге дейін қолданылады.

      Бұл ретте бұрын келісілген радиожиілік иеленімдері үйлестірілген радиожиіліктер мәртебесін сақтайды.

      20___ жылғы _______ ______ қаласында қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіннің күші бірдей.

      Осы Келісімді түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады