Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Тәжікстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара әскерлері үшін кадрлар даярлау саласындағы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 21 желтоқсандағы № 1091 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Тәжікстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара әскерлері үшін кадрлар даярлау саласындағы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Алдабергенұлы Сағымбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Тәжікстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара әскерлері үшін кадрлар даярлау саласындағы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 21 желтоқсандағы
№ 1091 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Тәжікстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара әскерлері үшін кадрлар даярлау саласындағы келісім

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Тәжiкстан Республикасының Yкiметi,

      достық қатынастарды дамыту және нығайту ниетiн негiзге ала отырып,

      сыртқы шекаралар қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы интеграциялық процестерді жолға қоюға және тереңдетуге ұмтыла отырып,

      Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң сыртқы шекараларын сенiмдi күзету үшiн шекара әскерлерiнiң кәсiби даярланған әскери кадрларының шешушi маңызын ұғына отырып,

      1995 жылғы 3 қарашадағы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң шекара әскерлерi үшiн әскери кадрларды даярлау мен олардың бiлiктiлiгiн арттырудағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң 1-бабын басшылыққа ала отырып,

      төмендегілер туралы келiстi:

1-бап

      Қазақстан Тарапы Тәжiкстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Шекара әскерлерiнің әскери қызметшiлерiн Қазақстан Республикасы Алматы қаласы Достық даңғылы 103-үй мекенжайында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара академиясына (бұдан әрі – ҰҚК Шекара академиясы) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы бекiткен штат саны лимитiнiң және ҰҚК Шекара академиясын ұстауға бөлiнген қаражаттың шегiнде шарттасқан санда Тараптар жыл сайын келiсетiн мамандықтар бойынша және мерзiмге оқуға қабылдайды. Келiсу нәтижелерi келiсiмшарттармен ресiмделедi.

2-бап

      Тараптардың осы Келiсiмнiң орындалуы үшiн жауапты уәкiлеттi органдары:

            Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi;

            Тәжiкстан Тарапынан – Тәжікстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті болып табылады.

            Жоғарыда аталған уәкiлеттi органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етiлетiн болады.

3-бап

      Әскери қызметшiлердi оқуға қабылдау Тәжiкстан Тарапының жыл сайынғы жазбаша өтiнiмдерiне, Қазақстан Тарапының ұсынымдары мен мүмкiндiктерiне сәйкес жүргiзiледi. Қазақстан Тарапы оқу жылы басталғанға дейін алты ай бұрын Тәжікстан Тарапына әрбір оқыту мамандығы бойынша квота мен әрбір мамандық бойынша орын санын жолдайды. Өтiнiмдер оқу басталғанға дейiн кемінде алты ай бұрын жiберiледi. Өтiнiмдерде оқыту мамандығы және әр мамандық бойынша жеке үмiткерлер саны, оқуға үмiткерлердiң жалпы бiлiм деңгейi көрсетiледi.

            Тәжiкстан Тарапы жыл сайын Қазақстан Тарапы бекiтетiн квотаға сәйкес ҰҚК Шекара академиясында оқуға үмiткерлердi iрiктеудi жүзеге асырады.

            Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери, арнаулы оқу орындарына (бұдан әрі – ҰҚО ӘАОО) Тәжiкстан Республикасының мынадай азаматтары қабылданады:

            1) орта немесе ортадан кейінгі білімі бар, әскери қызмет өткермеген, оқуға қабылданған жылы он жеті жасқа толған, бірақ жиырма бір жастан аспаған;

            2) арнаулы мемлекеттiк органдарда әскери қызмет немесе қызмет өткерген және мерзімді әскери қызмет өткерiп жатқан әскери қызметшілер олар қабылданған жылы жиырма төрт жасқа толғанға дейiн;

            3) келiсiмшарт бойынша әскери қызмет өткерiп жатқан әскери қызметшiлер немесе арнаулы мемлекеттiк органдарда қызмет өткерiп жатқан қызметкерлер қабылданған жылы жиырма бес жасқа толғанға дейiн.

            Жоғары білім және қысқартылған оқу мерзімімен жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқуға үміткердің жасы оны ҰҚО ӘАОО-ға қабылдаған күні айқындалады.

4-бап

      Тәжікстан Тарапы белгiленген тәртiппен Тәжікстан Тарапы белгiлеген бағдарлама бойынша конкурстық негiзде кәсiптiк iрiктеу, медициналық куәландыру, қабылдау емтихандарын өткiзедi және әскери қызметшiлердi ҰҚК Шекара академиясына оқуға алдын ала айқындалған мерзiмде жiбередi.

            Оқыту Қазақстан Республикасы ҰҚО ӘАОО-да қабылданған қолданыстағы жұмыс оқу жоспарлары мен жұмыс оқу бағдарламаларына сәйкес қазақ немесе орыс тілінде жүргізіледі.

            Үміткерде қазақ немесе орыс тілін меңгерудің базалық деңгейі (А2) болуға тиіс. Қазақ немесе орыс тілін меңгерудің ауызша және жазбаша сөйлеу дағдыларын тексеру қазақстандық Тарап өкілдерінің міндетті қатысуымен жүзеге асырылады.

5-бап

      Тәжiкстан Тарапы оқу басталғанға дейiн бір ай бұрын Қазақстан Тарапының мекенжайына мыналарды жолдайды:

            әскери атағын, тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, жалпы бiлiмiн, болжанатын мамандығын көрсете отырып, әскери қызметшiлер тiзiмiнiң екi данасын;

            оқуға үмiткерлердiң оқу істерін, олар мыналарды:

      кәсiптiк iрiктеудің нәтижелерiн, мемлекеттiк құпияларға жатқызылған мәлiметтердi алу (беру) құқықтарының бар-жоғы туралы қорытындыны және толық орта бiлiмi туралы құжаттарының нотариалды куәландырылған көшiрмелерiн қамтиды.

            ҰҚК Шекара академиясынан оқудан шығарылған немесе оны аяқтаған Тәжiкстан Тарапы әскери қызметшілерінің оқу істері Тәжiкстан Тарапына жолданады.

            Тәжiкстан Тарапының әскери қызметшiлерi оқуға белгiленген тәртiппен оқу жылының басталуына қарай келедi, оларда өзімен бірге:

            Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтуге құқық беретін жарамды жеке басын куәландыратын құжаты;

            білімі туралы, оқыған пәндері мен олар бойынша алған бағалары туралы құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері;

            жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын тапсыру туралы ведомосынан үзінді;

            мерзімі 3 (үш) айдан аспаған тіке проекцияда көкірек қуысы органдарын флюорографиялық зерттеу және медициналық куәландыру қорытындысы, сондай-ақ мерзімі он төрт күннен аспаған АҚТҚ-инфекциясы мен гепатитке (В, С) тексеру туралы медициналық қорытынды;

            әскери нысандағы киімде түскен өлшемі 4,5 х 3,5 см бес фотосурет;

            Тәжікстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жіберуге тиісті нысаны болуы керек.

            Оқуға үміткерлердің құжаттары қазақ немесе орыс тілінде жасалып ресімделген және нотариалды куәландырылған болуға тиіс.

            Тәжікстан Тарапы үміткерлердің белгіленген мерзімде оқуға келуін қамтамасыз етеді.

            Тәжікстан Тарапы әскери қызметшілерінің оқудың басталуына қарай келуі мүмкін болмаған жағдайда Тәжікстан Тарапы оқу басталғанға дейін кемінде он күн бұрын Қазақстан Тарапын хабардар етуге міндетті.

            Тәжiкстан Тарапы оқуға жiберген кезде Тәжiкстан Тарапының әскери қызметшiлерi қатарынан ұлттық топтың жетекшiсiн тағайындайды, ол ҰҚК Шекара академиясындағы оның өкiлi болып табылады.

            Тараптар арасындағы байланыстар телефон, факсимильдік және өзге де электрондық байланыс көмегімен хат-хабарлама алмасу жолымен жасалады.

6-бап

      ҰҚК Шекара академиясында оқитын Тәжiкстан Тарапының әскери қызметшiлерiне оқу жоспарларына сәйкес жыл сайын мынадай каникул демалыстары берiледi:

      1) жазғы демалыс – отыз тәулік;

      2) қысқы демалыс – он төрт тәулік.

      Каникул демалыстарын өткізу орнына және кері қарай жол жүру үшін қажетті уақыт берілмейді.

7-бап

      Қазақстан Тарапы Тәжікстан Тарапының әскери қызметшiлерiн ҰҚК Шекара академиясында оқыту барысында:

      Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарында уақытша тiркеумен;

      шәкіртақымен;

      заттай мүлiкпен;

      тұратын үй-жайлармен (жатақханалармен);

      үш мезгiлдiк тамақпен;

      оқытушылар құрамымен, оқу құралдарымен, оқу-сыныптық керек-жарақтармен, зертханалық жабдықпен, қару-жарақпен, техникамен, оқ-дәрiлермен, практикалық оқытудың техникалық құралдарымен;

      арнайы оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес оқу процесіне қажеттi шығыс материалдарымен және басқа да жабдықпен;

      оқу процесіне қажеттi кiтапханаларды, оқу және спорт залдарын және басқа үй-жайларды пайдалану құқығымен;

      госпитальға жатқызу мен дәрi-дәрмектер берудi қоса алғанда, медициналық қызмет көрсетумен;

      оқу мақсаттары үшiн көлiкпен;

      киiм-кешекпен, сондай-ақ Қазақстан Тарапы әскери қызметшiлерiнiң қазiргi санаттарына арналған нормалар бойынша техникамен жұмыс iстеуге арналған арнайы киiммен қамтамасыз етедi.

      Арнайы киiм уақытша пайдалануға берiледi және оқу аяқталғаннан кейiн ол алған орнына қайтарылуға тиiс.

8-бап

      Тәжiкстан Тарапының әскери қызметшiлерiн шәкіртақымен, киiм-кешекпен, тамақпен және тұрғын үй-жайлармен (жатақханамен) қамтамасыз етудi, сондай-ақ оқуға байланысты шығыстарды қазақстандық Тарап әскери қызметшiлерiнiң тиiстi санаттары үшiн белгіленген нормалар бойынша Қазақстан Тарапы жүзеге асырады.

      Тәжікстан Тарапы Тәжікстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз әскери қызметшілеріне мыналарды:

      әскери қызметшілердің жол жүру, олардың әскери қызмет өткеру орнынан (тұрғылықты жерінен) оқу орнына дейін жүгін тасымалдау ақысын;

      оқу орнынан әскери қызмет өткеру орнына (тұрғылықты жеріне) дейін олардың жүгін тасымалдау, каникулдық демалысқа және жеке себептер бойынша демалысқа, кәсіби практика мен тағылымдамадан өтуге және кері қарай, ҰҚК Шекара академиясынан оқудан шығарылған және оқу аяқталысымен қызмет орнына кеткен жағдайда Тәжікстан Республикасының аумағына оралу кезінде жол жүру ақысын төлеуді жүзеге асырады.

9-бап

      Тәжiкстан Тарапы әскери қызметшiсiнiң кiнәсынан Қазақстандық Тараптың мүлкi бұзылған жағдайда, қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес нақты шығындарды негiзге ала отырып, Тәжiкстан Тарапының әскери қызметшілері оның жөндеу немесе ауыстыру құнын өтейді.

      Тәжiкстан Тарапы әскери қызметшiсiнiң кiнәсынан қазақстандық Тараптың мүлкi жоғалған жағдайда, оның құнын қазақстандық Тарап әскери қызметшiлерiнiң тиiстi санаттарына сәйкес анықталған мөлшерде Тәжiкстан Тарапының әскери қызметшілері өтейдi.

10-бап

      ҰҚК Шекара академиясында оқып жүрген Тәжiкстан Тарапының әскери қызметшiлерiне Қазақстан Республикасының заңнамасында шетелдiк азаматтар үшiн көзделген құқықтар мен мiндеттер қолданылады.

      Тәжікстан Тарапының әскери қызметшілері Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, әскери қызметтi өткерудi регламенттейтiн Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын, сондай-ақ ҰҚК Шекара академиясындағы iшкi тәртiптi және оқу процесiн сақтауға мiндеттi.

      ҰҚК Шекара академиясында оқитын және жоғарыда аталған талаптарды бұзған, сондай-ақ Тәжiкстан Тарапының шешiмi бойынша керi шақырылған әскери қызметшiлер ҰҚК Шекара академиясынан шығарылады және Тәжiкстан Республикасына жiберiледi.

      Қазақстан Тарапы әрбір семестр аяқталысымен Тәжікстан Тарапы әскери қызметшілерінің әскери тәртібі мен оқу үлгерімінің жай-күйі туралы мәліметтерді Тәжікстан Тарапына ұсынады.

11-бап

      Әскери қызметшi сырқаттанып, бұл оның одан әрi оқуына кедергi келтiрген кезде ол әскери-дәрiгерлiк комиссияға жiберiледi. Әскери-дәрiгерлiк комиссия сырқаттанған әскери қызметшiнiң одан әрi оқуға жарамсыздығы туралы шешiм қабылдаған жағдайда ол ҰҚК Шекара академиясынан оқудан шығарылады және Тәжiкстан Тарапының қарамағына жiберiледi.

      Тәжiкстан Республикасының әскери қызметшiсi Қазақстан Республикасының аумағында қайтыс болған (қаза тапқан) жағдайда Тәжiкстан Тарапы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның мәйітін Тәжiкстан Республикасына жiберудi өз есебiнен қамтамасыз етедi. Қазақстан Тарапы Тәжiкстан Тарапының өтiнiшi бойынша қажетті жәрдем көрсетедi.

      Қазақстан Тарапы барлық жағдайларда Тәжiкстан Тарапын оқып жүрген адамның қайтыс болғаны туралы дереу хабардар етедi, ал қайтыс болу себептерiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті Қазақстан Тарапының құзыреттi органдары анықтайтын болады.

12-бап

      Тәжікстан Тарапы әскери қызметшiлерiнiң кәсiптiк практикасы мен тағылымдамасы Қазақстан Тарапының әскери арнаулы оқу орындарының жұмыс оқу жоспарлары мен жұмыс оқу бағдарламаларына сәйкес Тәжікстан Тарапының практика мен тағылымдама базасында жүргізіледі және каникулдық демалысқа (жазғы, қысқы) шығумен бiрiктiрiледi (әдетте).

      Қорытынды аттестаттаудан өткен және тиісті білім беру бағдарламасын игергенін растаған білім алушыларға Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының шешімімен "бакалавр" дәрежесі беріледі, диплом және белгіленген үлгідегі кеуде белгілері тапсырылады.

      ҰҚК Шекара академиясында оқып жүрген Тәжiкстан Тарапының әскери қызметшiлерiне алғашқы офицерлер атағын беру ҰҚК Шекара академиясы жолдаған ақпараттың негізінде Тәжiкстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

13-бап

      Оқуды аяқтаған Тәжiкстан Тарапы әскери қызметшiлерiнiң жұмыс дәптерлерi Тәжiкстан Тарапының сұрау салуы негiзiнде бекiтiлген тәртiппен Тәжiкстан Республикасына жiберiледi.

14-бап

      Осы Келiсiмдi iске асыру шеңберiнде алынған құпия және өтe құпия ақпаратты рұқсатсыз таратуға немесе жариялауға жол берген не өзге де қылмыстық құқық бұзушылық жасаған Тәжiкстан Тарапының ҰҚК Шекара академиясында оқып жатқан әскери қызметшiлерi оны жасаған жері бойынша Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген тәртіппен жауапты болады.

15-бап

      Тараптардың өзара келiсуi бойынша осы Келiсiмге осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын жеке хаттамалар түрінде ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн. Осы Келiсiмдi іске асыру кезiнде туындайтын барлық дауларды Тараптар өзара консультациялар және келiссөздер жолымен шешедi.

16-бап

      Осы Келiсiм оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы Тараптардың жазбаша хабарламаларының соңғысы дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшiне енедi.

      Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрi екінші Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниетi туралы тиiстi жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен кейiн алты ай өткенге дейiн күшiнде қалады.

      Осы Келiсiмнiң қолданылуы тоқтатылған жағдайда оның негiзiнде жасалған келiсiмшарттар Тараптардың оларға сәйкес мiндеттемелерi орындалғанға дейiн қолданыста болады.

      Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 2007 жылғы 24 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Тәжікстан Республикасының Yкiметi арасындағы Тәжікстан Республикасының Шекара әскерлері үшiн кадрлар даярлау саласындағы келiсiм өз қолданысын тоқтатады.

      20__ жылғы "__" _______ Астана қаласында қазақ, тәжік және орыс тiлдерiнде екі данада жасалды әрі барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

      Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады