"Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 863 қаулысына толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы № 1141 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 863 қаулысына мынадай толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі туралы ережеде:

      14-тармақтың 2) тармақшасы мынадай мазмұндағы төртінші абзацпен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен және мерзімде өз құзыреті шегінде жеке тұлғалардың петицияларын қарау;";

      15-тармақ:

      мынадай мазмұндағы 21-1), 21-2), 21-3), 21-4), 21-5), 21-6), 21-7) және 21-8) тармақшалармен толықтырылсын:

      "21-1) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті органға кәсіптер тізіліміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      21-2) кәсіптік стандарттарды әзірлеу және (немесе) жаңарту жөнінде ұсыныстар әзірлейді және оларды кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті органға жібереді;

      21-3) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша ағымдағы және болашақ кезеңдерде кәсіптердің өзектілігін ескере отырып, еңбек нарығының кәсіптік біліктілікті тануға сұранысын қалыптастырады;

      21-4) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті органға кәсіптік біліктілікті тану шарттары бойынша ұсыныстар енгізеді;

      21-5) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кәсіптік стандарттарды, салалық біліктілік шеңберлерді әзірлейді және (немесе) жаңартады;

      21-6) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңеспен және кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша кәсіптік стандарттарды бекітеді;

      21-7) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер туралы ережелерді әзірлейді және бекітеді;

      21-8) ғылыми-техникалық кеңесті құрады және оның ережесін бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 156-1), 156-2), 156-3 және 156-4) тармақшалармен толықтырылсын:

      "156-1) жетекшілік ететін салалардың Қазақстан Республикасының қорғаныс жоспарына сәйкес іс-шараларды орындауға тікелей дайындығын ұйымдастырады, саланың соғыс уақытында орнықты жұмыс істеуі жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады;

      156-2) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша өз құзыреті шегінде тауарлардың нысаналы мақсатын растау тәртібі мен нысандарын айқындайды;

      156-3) өз құзыреті шегінде тауарлардың нысаналы мақсатына растама береді;

      156-4) су шаруашылығы ұйымдарының қызметін әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асырады;".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады