Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы инклюзивті саясаттың 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.
2. Тұжырымдаманы іске асыруға жауапты орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар (келісу бойынша), өзге де ұйымдар (келісу бойынша):
1) Тұжырымдаманы іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;
2) Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында көзделген іс-шаралардың уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етсін;
3) есепті жылдан кейінгі жылдың 1 ақпанынан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Тұжырымдаманың іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынып тұрсын.
3. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын 15 наурызға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне Тұжырымдаманың орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат ұсынып тұрсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелсін.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы № 1143 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасындағы инклюзивті саясаттың 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы
1-бөлім. Паспорт (негізгі параметрлер)
2-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау
2022 жылы Мемлекет басшысы "Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым" сайлауалды бағдарламасында ең алдымен ерекше қажеттіліктері бар балалар мен азаматтарға ерекше қолдау көрсету қажеттігін, олардың өмір сүру сапасын қолжетімді, жайлы инклюзивті және әлеуметтік орта құру арқылы арттыруды атап өтті.
Қойылған міндетке қол жеткізу қазіргі жағдайда қолданыстағы тәсілдерді қайта қарауды және оларға басымдық беруді, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғаудың жаңа моделін қалыптастыруды талап етеді.
Елімізде басталған инклюзивті қоғам және инклюзивті орта құру процесі мүгедектігі бар адамдардың дене бітіміндегі, зияткерлік, әлеуметтік немесе басқа айырмашылықтарына қарамастан, ел азаматтарымен тең дәрежеде қоғамдық өмірдің барлық саласында тең мүмкіндіктер алуына ықпал етеді.
Сонымен қатар қоғамда мүгедектікті түсінудің дәстүрлі (қайырымдылық моделі) және медициналық (функционалдық шектеу моделі) модельдері әлі де басым, олар мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласында азаматтардың үмітіне және әлемдік үрдістерге толық сәйкес келмейді.
Осыған байланысты орта мерзімді кезеңде жаңа мемлекеттік инклюзивті саясатты іске асыру кедергілерді жоюға және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге назар аудара отырып, мүгедектігі бар адамдардың сұранысын ескере отырып, халық үшін инклюзивті орта құрудың әлеуметтік және құқықтық моделіне негізделетін болады.
Осы Қазақстан Республикасындағы 2025 – 2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) мемлекеттік саясаттың пайымын көрсетеді, негізгі қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін айқындайды және Қазақстан Республикасы 2015 жылы ратификациялаған Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенциясының халықаралық нормаларын имплементациялауды көздейді.
Тұжырымдама халықтың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, олардың қоғамға толыққанды әлеуметтік, экономикалық және саяси қатысуы үшін жағдайлар жасауға бағытталған.
1-тарау. Даму кезеңдері
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласын дамыту үшін елеулі қадамдар жасады.
Заңнамалық реттеуден, кешенді оңалту бағдарламаларынан арнаулы әлеуметтік қызметтерді стандарттауға және ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы олардың қолжетімділігін арттыруға дейін белгілі бір қадамдар жасалды.
Бірінші кезеңде (1991 – 2000 жылдар) мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы қоғамдық қатынастардың заңнамалық базасы қалыптастырылды.
1991 жылы мүгедектігі бар адамдардың тыныс-тіршілігіне тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасауға кепілдік берген "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Аталған Заң шеңберінде мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, тиісті мемлекеттік бағдарламаларда олардың мұқтаждығын ескеру жолымен жеке дамуына, шығармашылық және өндірістік мүмкіндіктері мен қабілеттерін іске асыру үшін қажетті жағдай жасау, денсаулықты қорғауға, еңбек етуге, білім алуға және кәсіптік даярлыққа, тұрғын үйге өздерінің құқықтарын және басқа да әлеуметтік-экономикалық құқықтарды іске асыруда кедергілерді жою мақсатында заңнамада көзделген әлеуметтік көмек түрлерімен қамтамасыз ету көзделді.
Екінші кезең (2000 – 2010 жылдар) кешенді оңалту бағдарламаларының дамуымен және әлеуметтік қолдаудың күшеюімен сипатталды.
Балаларды түзеу арқылы қолдауды қамтамасыз етуге, әлеуметтік қолдауды күшейтуге және мүгедектігі бар адамдарды қоғамға интеграциялау үшін белгілі бір жағдайлар жасауға бағытталған "Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" 2002 жылғы 11 шілдедегі және "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасының заңдары қабылданды.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың 2002 – 2005 жылдарға және 2006 – 2008 жылдарға арналған үкіметтік бағдарламалары іске асырылды, олардың мақсаты – мүгедектігі бар адамдарды оңалту жүйесін құру және жетілдіру, тәуелсіз өмір салты үшін жағдайлар қамтамасыз ету, мүгедектіктің алдын алу және деңгейін төмендету болды.
2008 жылғы желтоқсанда "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғалы медициналық-әлеуметтік мекемелерді жүйелі түрде институттандыру процесі басталды.
Дамудың үшінші кезеңі (2011 – 2020 жылдар) қоғамдық бірлестіктермен белсенді өзара іс-қимылмен және ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес келтірумен ерекшеленді.
2011 жылы мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері мен шағын және орта бизнес саласындағы ұйымдарды қолдау тетігі қабылданды. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін белгілі бір жағдайлар жасалды.
2015 жылғы 20 ақпанда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенциясын ратификациялады, бұл халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға интеграциялаудың маңызды қадамы болды. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012 – 2018 жылдарға және 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарлары әзірленді және енгізілді.
2014 жылы Қазақстан алғаш рет Қазақстан Республикасының
2030 жылға дейінгі әлеуметтік даму тұжырымдамасының негізін қалаған мүгедектік пен денсаулық жағдайының белгілері бойынша кемсітушілікке жол бермеу қағидатын жариялады.
Денсаулықтың шектеулі мүмкіндіктерін дәстүрлі түсінуден мүгедектігі бар адамдар мен қоғамның өзара әрекеттесу қажеттілігіне, медициналық-әлеуметтік модельге көшу басталды.
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 3 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтерді, сондай-ақ ақпарат пен көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін жетілдіруге бағытталған 24 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Қазіргі төртінші кезеңде (2021 – 2024 жылдар) стандарттардың талаптары негізінде инфрақұрылым объектілері мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігіне жағдай жасауды іске асыру шаралары, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдармен әріптестікте халыққа әлеуметтік қызметтер көрсетудің ашықтығы мен сапасын, сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізу арқылы арттыру жалғасты.
2023 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі қолданысқа енгізілгеннен кейін халыққа әлеуметтік қызмет көрсету және қолдау жүйесін трансформациялау басталды.
"Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау" порталында өңірлер бөлінісінде 40 мыңнан астам әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін бағалау және бейімдеу туралы мәліметтерді қамтитын және мүгедектігі бар адамның қандай да бір объектіге бару үшін қолжетімділік деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін "Қолжетімділіктің интерактивті картасы" (inva.gov.kz) іске қосылды.
2024 жылғы 1 желтоқсандағы картаға сәйкес қолжетімді объектілердің жалпы саны – 22 166 немесе оған енгізілген объектілер санының 51,8 %-ы.
"Е-Собес" ақпараттық жүйесінің техникалық мүмкіндігі кеңейтілді, оның шеңберінде енді мүгедектігі бар адамдарды қажетті оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етудің ашықтығы мен уақтылылығы бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметін бағалауға болады.
2022 жылдан бастап мүгедектікті ресімдеу тәртібі жеңілдетілді және проактивті форматқа ауыстырылды.
Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы іске қосылды. Мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдарын таңдау және сатып алу, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының, санаторийлік-курорттық емдеу қызметтеріне тапсырыс беру мүмкіндігі берілді.
Өңірлерде консультациялық және заңгерлік қызметтер көрсететін, жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлік қызметке жәрдемдесетін "Ten Qogam" әлеуметтік қолдау орталықтары ашылды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен Астанада мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға көмек, сондай-ақ психологиялық, заңгерлік және кәсіптік бағдар беру көмегі көрсетілетін кәсіптік оңалту орталығы жұмыс істей бастады.
Білім алу және жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейту мақсатында Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдар үшін ұсынылатын кәсіптер мен қызметтердің атласы әзірленді.
Әлеуметтік жұмыскерлердің біліктілігі мен құзыреттілік деңгейіне, мазмұнына, сапасына және еңбек жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайтын "Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік саланың басқа да кәсіптері" кәсіптік стандарты енгізілді.
2024 жылғы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жөніндегі комитетінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенциясының орындалуы туралы Қазақстан Республикасының алғашқы баяндамасы қорғалды.
2-тарау. Ағымдағы жай-күйді бағалау
Қазақстанда 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мүгедектігі бар 724,9 мың адам тұрады, бұл халықтың жалпы санының 3,6%-ын құрайды (2022 жылы – 711,8 мың адам немесе 3,6 %). Олардың ішінде жүріп-тұруы қиын 204,9 мың адам, оның ішінде 30,5 мың бала (14,9 %) бар.
18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың саны 109,5 мыңды немесе мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 15,1 %-ын және 2024 жылғы 1 қаңтарға еліміздегі балалардың 1,6 %-ын – 6 841 527 баланы құрады (2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 6 841 527 бала тұрады).
Жүргізілген талдау балалар арасындағы мүгедектіктің 11,4 %-ға өскенін көрсетеді (2023 жылы – 109 496 адам, 2022 жылы – 104 260 адам, 2021 жылы – 98 254 адам). Оның құрылымында негізінен 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар басым (74 928 бала немесе 68,4 %).
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 545,5 мың адамды құрады.
Сот төрелігіне қол жеткізу
Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың құқықтық консультация беру түрінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін тегін алу құқығы "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабына сәйкес жалпы негіздерде ұсынылады.
Мемлекет кепілдік беретін заң көмегіне мұқтаж адамның мүддесін білдіру үшін заңдарда белгіленген тәртіппен мұндай көмек көрсету туралы өтінішпен оның өкілі де жүгіне алады.
Абилитация және оңалту
2020 жылдан бастап әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталының іске қосылуымен мүгедектігі бар адамдар оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін тікелей өнім берушілерден өз бетінше таңдау және сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Оны енгізу абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламаларының орындалуын 92,9 %-ға дейін жеткізуге мүмкіндік берді (2022 – 90,8%, 2021 – 81,3%, 2020 жылы – 78,8%).
Көру қабілеті жағынан мүгедектігі бар 54 мыңнан астам адам (95%) тифлотехникалық (16 түрі), есту қабілеті жағынан мүгедектігі бар 14 мыңнан астам адам сурдотехникалық құралдармен (92,9%) қамтамасыз етілген.
Ымдау тілі маманының қызметімен толығымен дерлік қамтамасыз етілген (99,4%).
Бірінші топтағы мүгедектігі бар, жүріп-тұруы қиын 29 мың адамға жеке көмекшілердің қызметтері ұсынылады.
Бұл ретте 2023 жылғы 1 шілдеден бастап жеке көмекшінің қызметтерін көрсететін адамдар зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелеріне енгізілді.
2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылар институты енгізілді. Аталған институт медициналық-әлеуметтік сараптамаға білікті кадрларды тартуға және мүгедектікті белгілеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Арнаулы әлеуметтік қызметтерді 1030 ұйым көрсетеді, оның ішінде 830 мемлекеттік ұйым, оның ішінде 118 – стационарлық үлгідегі орталық, 89 – күндізгі болу орталық, 35 – оңалту орталығы, 547 – үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері.
Мемлекеттік ұйымдармен қатар 18 мыңнан астам азаматты қамтитын 177 үкіметтік емес ұйым арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынады.
Мүгедектігі бар балалар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер күндізгі болатын 98 ұйымда (3,5 мың бала), стационарлық үлгідегі 21 орталықта (1,4 мыңнан астам баланы қамти отырып), үйде әлеуметтік көмек көрсететін 151 бөлімшеде және психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған 17 орталықта көрсетіледі. Оңалту қызметтері 23 орталықта (1,5 мың бала) көрсетіледі.
Мүгедектігі бар адамдарды қоғамға интеграциялау мақсатында оларға қайырымдылық көмек көрсетудегі қоғамдық ұйымдардың рөлін атап өту маңызды.
"Қазақстан халқына" қоғамдық қорымен ынтымақтастық аясында еліміздің 4 өңірінде (Павлодар, Қызылорда, Абай облыстары, Шымкент қаласы) "Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту" пилоттық жобасын іске асыру басталды.
"Samruk-Kazyna Trust" және "Қамқорлық қоры" корпоративтік қорларымен бірге психикалық ауытқуы бар балаларға арналған күндізгі болу орталықтарын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Еліміздің 12 өңірінде жаңа оңалту орталықтарының құрылысы жүріп жатыр. Ағымдағы жылы Семей, Тараз, Кентау қалаларында 3 орталық пайдалануға берілді.
Медициналық оңалтуды 838 медициналық ұйым, оның ішінде 482 мемлекеттік, 316 жекеменшік, 40 ведомстволық ұйым жүзеге асырады.
3 республикалық ("Балбұлақ" РО, "Ұлттық балаларды оңалту орталығы" КеАҚ, "Алатау" балалар клиникалық санаторийі) және 55 өңірлік оңалту орталығы жұмыс істейді.
Қалалық емханаларда алғаш рет 82 бастапқы психикалық денсаулық орталығы ашылды. Өңірлерде қосымша 17 психикалық денсаулық орталығы ашылды.
150 инватакси қызметі жұмыс істейді, олардың қызметтерін мүгедектігі бар 25 мыңға жуық адам пайдаланады.
Жұмыспен қамту және еңбек
Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту саясаты жергілікті жұмыспен қамту органдары арқылы бос орындарға жұмысқа орналастыру бойынша делдалдық қызметтер көрсетуді, жұмыс орындарын квоталауды, мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындарын құруды қамтиды.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарының санынан 2-ден 4 %-ға дейінгі мөлшерде жұмыс орындарына квота белгілеу арқылы халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына, кәсіптік оқытуға, "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға, мемлекеттік гранттар беруге (бизнесті ашуға және дамытуға конкурстық негізде 400 АЕК мөлшерінде) және басқа да бағыттар бойынша іске асырылуда.
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, 2018 жылдан бері жұмыс берушілердің мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруы үшін арнайы жұмыс орнын жабдықтауға байланысты шығындарын субсидиялау тәртібі енгізілді.
Жабдықталған арнайы жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған мүгедектігі бар адамдардың жалақысын 2023 жылдан бастап үш жыл бойы:
– бірінші жылы жалақының 70 %-ын мемлекет субсидиялайды (бұл ретте субсидияланатын бөлік 30 АЕК-тен аспауға тиіс), 30 %-ын жұмыс беруші субсидиялайды;
– екінші жылы 65 % – мемлекет, ал 35% – жұмыс беруші;
– үшінші жыл 60% – мемлекет, ал 40% – жұмыс беруші субсидиялайды.
Қолжетімділік
Қазақстанда кедергісіз ортаны қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық және мемлекетаралық 57 стандарт қолданылады.
Көлік инфрақұрылымы объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Жекелеген авиакомпаниялар мүгедектігі бар жолаушыларға белгілі бір жеңілдіктер ұсынады ("SCAT", "Qazaq Air", "Fly Arystan").
Ел ішіндегі туристік жолдама құрамындағы билеттердің құнын барлық балаға (2 жастан 17 жасқа дейін қоса алғанда) субсидиялау көзделген.
Барлық мүгедектігі бар топтардағы адамдарға, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға жол жүру құжатының (билеттің) құнының 50 %-ы мөлшерінде әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша, ал коммерциялық бағыттар бойынша тасымалдаушының қалауы бойынша жол жүруге жеңілдіктер белгіленген.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі "Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы" Заңды қабылдады.
Объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бақылау шеңберінде 2018 жылдан 2023 жылға дейін мемлекеттік және жеке ұйымдарға 6091 тексеру жүргізілді.
Қорытынды бойынша 4568 ұйғарым берілді, 236 млн теңгеден астам сомаға 1266 айыппұл салынды.
Білім беру
Қазақстанның инклюзивті саясаты халықаралық конвенциялардың талаптарына сәйкес дамуда және мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады.
"Инклюзивті білім беру" ұғымы "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген, ол ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық баланың білім алу құқығына кепілдік береді.
Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында білім беру жүйесінің қолжетімділігі мен сапасы елдегі адами капиталдың сапасын, еңбек өнімділігінің деңгейін және мамандардың бәсекеге қабілеттілігін алдын ала айқындайтын ажырамас факторлар болып табылатыны атап көрсетілген.
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2021 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңымен білім берудің барлық деңгейінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін арнайы жағдайлар жасау; білім беру қажеттіліктерін бағалауды және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді бекіту жөніндегі нормаларды енгізу; баланың даму ерекшеліктеріне қарай оқу жоспарларының, бағдарламалардың вариативтілігін, икемділігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік кепілдіктер регламенттелген; білім беру ұйымдары басшыларының оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бұзғаны және білім алу үшін арнайы жағдайлар жасамағаны үшін жауапкершілігі енгізілді.
Бұдан басқа, мүмкіндіктері шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтуды ұлғайту үшін арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру жөніндегі нормалар бекітілді, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі бекітілді, педагог-ассистент лауазымы енгізілді, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың қызметі медициналық модельден диагноз қоюға емес, баланың мұқтаждығын анықтауға негізделген әлеуметтік-педагогикалық модельге қайта форматталды.
Мемлекет мүгедектігі бар адамдарды, мүгедектігі бар балаларды білім алу кезеңінде күтіп-бағуға арналған шығыстарды еліміздің заңнамасында белгіленген тәртіппен толық немесе ішінара көтереді.
Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар үшін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде 10% мөлшерінде қабылдау квотасы, сондай-ақ стипендиялық қамтамасыз ету бойынша жеңілдіктер көзделеді.
Сонымен бірге инклюзивті білім беруді дамытудың негізгі бағыттары Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында және Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілген.
Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың деректері бойынша елімізде туғаннан 18 жасқа дейін ерекше білім беру қажеттіліктері бар 203 717 мың бала, оның ішінде сәби жаста (туғаннан 3 жасқа дейін) – 9 556, мектепке дейінгі жастағы (3 жастан 5 жасқа дейін) – 56 727, мектеп жасындағы (6 жастан 18 жасқа дейін жыл) – 137 434 бала.
Білім беру ортасына қолжетімділікті қамтамасыз ету шеңберінде жалпы білім беру мектептерінің 86 %-ында инклюзивті білім беру үшін жағдайлар жасалған (2015 жылы – 30 %).
Мектепке дейінгі, орта және техникалық кәсіптік білім беру деңгейінде оқытумен және тәрбиемен мүгедектігі бар 68 мыңнан астам адам қамтылды.
Арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету үшін 489 арнаулы ұйым, оның ішінде 105 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 218 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 99 арнаулы мектеп, мектепке дейінгі арнаулы 44 ұйым, 13 оңалту орталығы, 10 аутизм-орталығы жұмыс істейді.
Соңғы бес жылда арнайы білім беру ұйымдарының желісі 80 бірлікке ұлғайды (2019 жылы – 409).
Мүмкіндіктері шектеулі балалардың 78,6 %-ы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылды.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін қызметтерді кеңейту шеңберінде мектептер базасында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметтері жанынан 1000-нан астам қолдау кабинеті, 22 ресурстық консультативтік орталық ашылды, 2,4 мыңнан астам педагог-ассистент, 9,7 мың арнайы педагог (дефектологтар, логопедтер, сурдо және тифлопедагогтер), 8 мыңнан астам педагог-психолог пен 4,5 мың әлеуметтік педагог енгізілді.
Соңғы бес жылда педагогтерді ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу бойынша біліктілігін арттыру курстарымен қамту 8 есеге өсті (2024 жылы – 8 118).
Мәдени өмір, спорт
Қазақстанда спорттық инклюзивті дамытуды жүзеге асыратын 20-ға жуық республикалық қоғамдық ұйым (Ұлттық паралимпиада комитеті, Ұлттық сурдолимпиада комитеті және спорт федерациялары, "Спешиал Олимпикс" қоғамдық бірлестігі, дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорттық даярлау орталығы), 16 спорт клубы, 2 мектеп, 1 инклюзивті спортты дамыту дирекциясы жұмыс істейді.
XVII жазғы Паралимпиада ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 5 түрінен 9 медаль (2 алтын, 3 күміс және 4 қола) жеңіп алды.
Жыл сайын 5 мыңнан астам мүгедектігі бар спортшының қатысуымен чемпионаттар мен турнирлер өткізіледі.
Дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын мүгедектігі бар азаматтар саны артып келеді, олардың саны 2023 жылы 56 822 адамға жетті (2020 жылы – 38 352 адам, 2022 жылы – 51 325 адам).
Қоғамның қоғамдық-саяси өміріне қатысу
Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету үшін сайлау учаскелерінде, сайлау өткізу кезінде дауыс беруге арналған пункттерде қолжетімділікті қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қабылданды.
Партиялық тізімдерді қалыптастыру және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдер мен жастардан басқа, квоталанатын санаттар қатарына мүгедектігі бар адамдар да (кемінде 30 %) енгізілді.
2023 жылғы наурызда өткен сайлаудың қорытындысы бойынша мүгедектігі бар 71 адам мәслихаттың, 7 адам Қазақстан Парламентінің депутаты болып табылады.
"Инклюзивті Парламент" депутаттық тобы парламенттік бақылауды жүзеге асырады, Сенат жанынан Инклюзия кеңесі құрылып, жұмыс істеуде.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесі салааралық деңгейде жұмыс істейді.
Аталған алаң мемлекеттік органдар, азаматтық белсенділер мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған өзекті мәселелерді қарастырады.
Мүгедектігі бар адамдардың сындарлы сұраныстарына жедел ден қою үшін облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, аудандар әкімдерінің кеңесшілері институты енгізілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан халықтың әлеуметтік осал санаттарының, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау үшін омбудсмен институты құрылды.
3-тарау. Проблемалы мәселелер
Еңбек нарығындағы инклюзивтіліктің жеткіліксіздігі
Мүгедектігі бар адамдар халықтың экономикалық тұрғыдан осал топтарының бірі болып табылады. Тұрғын үйге, тамаққа, коммуналдық төлемдерге, оның ішінде медициналық қызметтерге және дәрі-дәрмекке жұмсалатын қазіргі шығыс тиісті өмір сүру деңгейін қамтамасыз етпейді.
Мемлекет қабылдаған жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қарамастан, елімізде мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру деңгейі небәрі 35 %-ды құрайды, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) елдерінде бұл көрсеткіш 40 %-дан төмен емес.
Көптеген кәсіпорындар мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру квотасын сақтамайды, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпейді.
Еңбекке қабілеттілікті қайтару, жұмысқа орналастыру немесе жаңа кәсіпті оқыту жөніндегі шаралар кешенін қамтитын кәсіптік-еңбекпен оңалтудың дамуы нашар.
Жұмыс істемейтін респонденттердің шамамен үштен бірі (29 %) жұмысқа қабылдаудан бас тартудың негізгі себептері ретінде мүгедектіктің бар екенін атап өтті.
Жұмысқа орналасудың қосымша қиындықтары – бейімделген жұмыс орындарының болмауы, тиісті білім мен тәжірибенің жеткіліксіздігі, жалақының төмендігі.
Инклюзия мәдениетінің төмен болуы, қызмет көрсету сапасы
Инклюзивті мәдениет қазақстандық қоғамда әлі кеңінен тарамаған.
Мүгедектігі бар адамдар әртүрлі әрі бірегей болатыны, олардың құқықтары мен мүмкіндіктері туралы қоғамның хабардар болуын арттыруға бағытталған ақпараттық және білім беру жұмыстарының жүргізілу деңгейі жеткіліксіз.
Стационарлық жағдайларда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының қызметін жақсартуға ерекше назар аудару қажет.
Ірі стационарлық орталықтарда тұру олардың бұқаралық сипатына байланысты қызмет көрсету сапасының төмендеуіне ғана емес, сонымен қатар мүгедектігі бар адамдар үшін жеке бас бостандығы мен дербестігін шектейді.
Жалпы бұл олардың психикалық және физикалық денсаулығына теріс әсерін тигізеді, одан әрі оқшаулануға және стигматизацияға ықпал етеді, олардың көрінуін және қоғамға қатысуын төмендетеді.
Инклюзивті білім беруді дамыту
Мүгедектігі бар адамдар сапалы білімге қол жеткізуде қиындықтарға тап болады, бұл олардың одан әрі жұмысқа орналасу және әлеуметтену мүмкіндіктерін шектейді.
Білім беру сапасын арттыру үшін педагогтерді жүйелі әдістемелік қолдауға, оқыту бағдарламалары мен әдістерін, техникалық, оқу құралдарын, тіршілік ету ортасын, білім алушылар мен тәрбиеленушілерді психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қоса алғанда, білім алу үшін арнайы жағдайлар жасауға назар аудару қажет.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларды ерте анықтау, педагогтердің көбінің ерекше білім беру қажеттіліктері (бұдан әрі – ЕБҚ) бар балалармен инклюзивті білім беру ортасында жұмыс істеуге дайын болмауы, үздіксіз психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мәселелері өзекті болып қала береді.
Зерделенген халықаралық тәжірибе ЕБҚ бар балаларды ерте анықтау, дамудағы бұзушылықтарды уақтылы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу және түзеу, педагогтар мен ата-аналардың инклюзивті құзыреттілігін арттыру қажеттігін көрсетеді.
Осыған байланысты мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтуды ұлғайту үшін арнайы педагогтерді қайта даярлау, мүмкіндіктері шектеулі балалармен жұмыс істеудің инновациялық әдістемелері бойынша қазіргі педагогтердің біліктілігін арттыру талап етіледі.
Қазіргі кезеңде дамуды талап ететін инклюзивті білім берудің тағы бір аспектісі білім беру ортасында педагогикалық қоғамдастықтың баланың диагнозына негізделген ЕБҚ-ның медициналық моделінен әлеуметтік-педагогикалық модельге көшуге дайындығының жеткіліксіздігінен көрінетін, білім алушыны сұранысы мен жеке мүмкіндіктері әртүрлі тұлға ретінде қарастыратын инклюзивті мәдениетті қалыптастыру болып табылады.
Бұл ретте қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыру үшін педагогикалық және ата-аналар қауымдастығының күш-жігері ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, қызмет көрсету саласы өкілдерін, жұмыс берушілерді және басқа да стейкхолдерлерді белсенді тарту қажет екенін атап өткен жөн.
ЕБҚ бар адамдарды бірыңғай есепке алуды қалыптастыруда орталық мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын күшейту, оларға арнаулы білім беру, медициналық және әлеуметтік қызметтер көрсету, мүмкіндіктері шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру мәселелері ерекше назар аударуды талап етеді.
Теңдік және кемсітушілік
Іс жүзінде мүгедектік жеке трагедия, қоғам мейірімділікпен қарайтын және мемлекет әлеуметтік қолдау көрсететін күрделі өмір ретінде қабылданады.
Осыған байланысты қолданыстағы заңнаманы талдау мүгедектік белгісі бойынша кез келген кемсітуші терминологиялар мен ережелерді анықтап және жойып, жаңа әлеуметтік-құқық қорғау моделіне сәйкес жалғасатын болады.
Құқықтық қорғалмау және сот төрелігіне қол жеткізу
Мүгедектігі бар адамдармен жұмыс тәжірибесі бар және олардың ерекше қажеттіліктерін білетін, әсіресе еліміздің солтүстік өңірлерінде, оның ішінде еліміздің шалғайдағы ауылдық жерлерінде заңгерлер мен адвокаттардың тапшылығы сақталуда.
Мүгедектігі бар сотталған адамдар жазасын өтеп жатқан бас бостандығынан айыру орындарының бейімделуіне тиісті мониторинг, сондай-ақ қажетті күтім көрсету тұрғысынан тиісті бақылау жоқ.
Мүгедектігі бар көшіп-қонушы балаларға, сондай-ақ ата-аналарының тұруға ықтиярхаты жоқ мүгедектігі бар босқын балаларға көрсетілетін қызметтердің толық спектрі көрсетілмейді.
Отбасын қолдау институтының дамуы
Бүгінгі күні мүгедектігі бар адамдарға (балаларға) күтім көрсетуді жүзеге асыратын ата-аналарға (қамқоршыларға) қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметтер спектрі көрсетіледі.
Тұжырымдама шеңберінде мүгедектігі бар баланы (балаларды) тәрбиелеп отырған мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік және әдістемелік көмек көрсету тетігін қайта қарау көзделеді.
Физикалық және ақпараттық кедергісіз орта
Мүгедектігі бар адамның дара ұтқырлығы мен жеке дербестігін, әсіресе ауылдық жерлерде кедергісіз физикалық ортаның және қолжетімді қызметтердің болмауы шектейді.
Әмбебап дизайн және ақылға қонымды құрылғы қағидаттарын енгізу формальды сипатта болады және олар инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау мен іске асыруда толық қолданылмайды.
Көп жағдайда қоғамдық және тұрғын үйлерді, көлік инфрақұрылымы объектілерін, коммуникацияларды жобалау және салу кезінде мүгедектігі бар адамдардың, жүріп-тұруы шектеулі азаматтардың сұранысы ескерілмейді.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында құрылып жатқан "кедергісіз орта" декларативті сипатта екенін атап өту маңызды. Оның негізгі себебі барлық кезеңдерде қолжетімді ортаның қалыптасуын кешенді бақылаудың болмауы (жобалау кезеңінен бастап объектіні пайдалануға бергенге дейін).
Осыған байланысты объектілер пайдалануға берілгенге дейін олардың жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін қолжетімділігі бойынша бейімдеу
іс-шараларын орындауды сүйемелдей алатын тиісті ұйымдар үшін авторлық қадағалауды енгізу мәселесі пысықталатын болады.
Нәтижесінде Қазақстандағы қолжетімді әлеуметтік маңызы бар объектілердің үлесі небәрі 48%-ды құрайды, бұл ЭЫДҰ елдерінің деңгейінен едәуір төмен, бұл көрсеткіш 60-70%-ға жетеді.
Цифрлық инклюзия, ақпаратқа және ақпараттық-коммуникациялық технологияларға, оның ішінде көру және есту мүшелерінің кемістігі бар адамдар үшін ассистивті технологияларға толыққанды қолжетімділік жоқ.
Төтенше жағдайлар, климаттық апаттар жағдайында жүріп-тұруы шектеулі азаматтар мен мүгедектігі бар адамдарға қауіпсіздікті қамтамасыз ету және шұғыл көмек көрсету жөніндегі құзыретті мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмі көзделмеген.
Мүгедектігі бар адамдар үшін инфрақұрылым қызметтеріне қолжетімділік сапасын қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер қабылдау жергілікті атқарушы органдар, халыққа қызмет көрсететін ұйымдар үшін кедергісіз орта құрудың нысаналы міндеті түрінде әлі күнге дейін тиісінше көрініс тапқан жоқ.
Қоғамдық-саяси өмірге қатысу
Шешім қабылдау процесіне мүгедектігі бар адамдардың және олардың мүдделерін білдіретін қоғамдық ұйымдардың атсалысуы жеткіліксіз екені байқалады.
Мемлекеттік қызмет жүйесінде мүгедектігі бар жұмыс істейтін адамдардың саны көп емес, бұл, тиісінше, жаңа жұмыс орындары үшін бейімделуді талап етеді.
Мүгедектігі бар адамдардың консультативтік және кеңесші органдарға, сондай-ақ Президенттік жастар кадрлық резервіне және жастар кеңестері сияқты жас көшбасшыларды анықтау және дамыту бағдарламаларына қатысуын кеңейту қажет.
Өңірлердегі мүгедектігі бар адамдарға қатысты мемлекеттік саясат көбінесе олардың пікіріне тиісті дәрежеде көңіл бөлінбей және ескерілмей іске асырылады.
3-бөлім. Халықаралық тәжірибеге шолу
Жаңа әлеуметтік-құқық қорғау моделіне сәйкес мүгедектігі бар адамдар өз құқықтарын дербес қорғауға, еркін және саналы таңдау негізінде өз өмірі туралы шешім қабылдауға, сондай-ақ қоғамның белсенді қатысушылары болуға қабілетті адамдар ретінде қаралады.
Мүгедектігі бар адамдар үшін осындай жағдайлар жасауда сапалы құқықтық базасы, кешенді қолдау жүйелері, қолжетімді инфрақұрылымы және қоғамның инклюзивті көзқарасы бар ЭЫДҰ елдері жетекші орынға ие болып отыр.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, физикалық орта мен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі, басқалар сияқты әлеуметтік маңызды салалардағы инклюзиялық деңгей мемлекеттің жеке сектормен өзара іс-қимылының тиімділігіне және жұртшылықтың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды инклюзивті саясат пен практикаларды құру және іске асыру процестеріне ұсынатын ұйымдардың жұмылуына тікелей байланысты.
Теңдік және кемсітпеу
Мүгедектігі бар адамдарға қатысты кемсітушілікке қарсы арнайы заңдар қабылдаған Аустралия, Германия, Израиль, Канада, Норвегия, Корея Республикасы, АҚШ және Швейцария сияқты елдер мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауға қатысты озық көрсеткіштерге ие.
Жекелеген дамыған елдердің мүгедектігі бар адамдарға қатысты инклюзия саласындағы ұлттық стратегия қабылдауы теңдікті қамтамасыз етуге және кемсітушіліктің алдын алуға ықпал етеді. Мұндай стратегияларды Аустралия, Ұлыбритания, Ирландия, Жаңа Зеландия және Норвегия қабылдады.
Еуропалық одақ мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғаудың өзіндік стратегиясын әзірледі.
Ұлттық стратегиялардың әрқайсысы мүгедектігі бар адамның қоғам өміріне толық қатысу және оның өмір бойы дамуына ықпал ету құқығынан туындайды.
Жеткілікті тұрмыс деңгейі және әлеуметтік қорғау
Экономикасы дамыған шет елдерде мүгедектігі бар адамдар субсидиялар, күтімге байланысты жәрдемақылар, нысаналы қаржыландыру және қосымша шығыстар түрінде қаржылық қолдау алады.
АҚШ-та мүгедектігі бар адамдарға арналған өзін-өзі жұмыспен қамту жобаларын қаржыландыру банктердің, микроқаржы ұйымдарының, үкіметтік емес ұйымдардың және мүгедектігі бар адамдар кіретін әртүрлі қауымдастықтардың төмен пайыздық мөлшерлемелері бойынша жүзеге асырылады.
Табысы төмен мүгедектігі бар адамдарға арналған гранттық қаржыландыру америкалық ірі қаржы агенттіктерінен (Үндістанда, Мексикада, Гватемалада, Угандада және АҚШ-та базалары бар) бизнес-оқытумен бірге ұсынылады.
Лайықты тұрмыс деңгейіне қаражат жетіспеген кезде азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, коммуналдық төлемдерге немесе білім алуға қосымша субсидия бөлінеді.
Швецияда өз үйінде тұратын мүгедектігі бар адамдардың мемлекет бюджеті есебінен күзет сигнализациясы мен дабыл түймелерін орнату мүмкіндігі бар.
Заңнама мүгедектігі ауыр адамдарға мемлекеттік бюджет есебінен жеке көмекші құқығына кепілдік береді.
Дания мен Швейцариядағы ата-аналарға мүгедектігі бар баланың күтіміне байланысты қосымша шығындарды жабу үшін қаржылай өтемақы беріледі.
Мүгедектігі бар балаға күніне төрт сағаттан артық күтім жасайтын ата-аналарға өтемақыға жеке үстемеақылар белгіленеді.
Норвегияда психикалық ауытқуы бар адамдарға арналған жәрдемақының жеке түрі қарастырылған.
Инклюзивті еңбек нарығы
Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастырудың ең тұрақты моделі АҚШ-та мемлекеттік-жекеменшік әріптестікпен ұсынылған.
Мүгедектігі бар жұмыскерлер жұмыс істейтін кәсіпорындар үшін салықтық және кредиттік жеңілдіктер көзделген.
Швецияның, Канада мен Данияның тәжірибесі мүгедектігі бар адамдарға жұмыс орнына көмекші жабдыққа қызмет көрсету және жалға беру бойынша арнайы шығындарға жеке төлемдер алуға мүмкіндік береді.
Германияда мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру моделі мемлекеттік және жеке құрылымдардың өзара іс-қимылының тиімді схемаларын көздейді. Барлық жер округтерінде орналасқан федералды интеграциялық бюролар мүгедектігі бар адамдар мен жұмыс берушілер үшін ресурстық орталық ретінде қызмет етеді.
Жұмыскерлердің санына қарай мүгедектігі бар адамдарды және мүгедектігі ауыр адамдарды жұмысқа орналастыруға квота көзделген.
Жұмыс беруші квотаны орындамаған жағдайда ай сайын өтемақылық айыппұл алынады.
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау үшін омбудсмен институттары құрылды.
Денсаулық, абилитация және оңалту
Ұлыбритания заңнамасы медициналық көмек стандарттарын, медициналық мекемелердің рейтингтерін, мемлекеттік қаржыландырудың ваучерлік жүйесін бекіткен.
Поттердің денсаулық сақтау қызметі үйдегі пациенттерге медициналық көмектің жоғары стандарттарына сәйкес медициналық көмек көрсетеді.
Норвегияда мүгедектігі бар адамдар үшін стационарлық емдеу тегін және амбулаториялық-емханалық қызметтердің көпшілігі мемлекеттік қаражат есебінен қаржыландырылады.
Норвегияның ұлттық психикалық денсаулық бағдарламасы халықтың психикалық денсаулық туралы хабардар болуын арттыруға, жергілікті муниципалитеттер негізінде қызмет көрсетуге, ересектер мен балаларға арналған мамандандырылған қызметтерді кеңейтуге және қайта құрылымдауға, еңбек нарығындағы қызметтерді жақсартуға, тұрғын үйге көмектесуге және білім беруді ынталандыруға бағытталған.
Швейцария тәжірибесінің айрықша ерекшелігі –туа біткен мүгедектігі бар балаға қажетті барлық медициналық іс-шараларға 20 жасқа дейін тегін медициналық көмек көрсету.
Сәби жастан мүгедектігі бар балалар үшін мемлекеттік бюджет есебінен 100-ден астам медициналық көмек қызметі жұмыс істейді, олар үйде немесе мамандандырылған мекемелерде жұмыс істейді.
Инклюзивті білім беру
Швейцария ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қарапайым мемлекеттік бастауыш және орта мектептерге қосу бойынша шаралар қабылдады.
Функционалдық ауытқуы бар балалардың ата-аналарына автокөлікке жеке жәрдемақы беріледі.
Кедергісіз орта және қызметтердің қолжетімділігі
Көптеген шет елдерде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік автомобиль, теміржол және авиатасымалдар саласында әртүрлі мемлекеттік талаптар арқылы қамтамасыз етіледі, көлікке, оның ішінде әуежайлар мен вокзалдар объектілерінде қолжетімділіктің нақты шаралары айқындалған.
Швецияда қала құрылысы объектілерін салуға қосымша мақұлдау олардың қажеттіліктерін есепке алу үшін мүгедектігі бар адамдардың қоғамдастықтары тарапынан жүзеге асырылады.
Құрылыс компаниялары мүгедектігі бар адамдар үшін қажетті инфрақұрылым құруға мүдделі, өйткені бұл қызметті мемлекет субсидиялайды.
Швейцария мен Норвегияда орталық және жергілікті билік аялдамаларды, қоғамдық көлік тораптарын, әуежайлар мен терминалдарды әмбебап жобалауға жауапты.
4-бөлім. Инклюзивті саясатты дамытудың пайымы
Құқық қорғау моделі мүгедектікті басқа азаматтармен тең дәрежеде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау және қамтамасыз ету тұрғысынан қарастырады.
Қазақстанның 2025 – 2030 жылдарға арналған инклюзивті саясатының пайымы мүгедектікті түсінудің дәстүрлі және медициналық модельдерінен әлеуметтік-құқық қорғау моделіне түбегейлі көшіп, мүгедектікті әлеуметтік құбылыс ретінде тануға негізделеді.
Ол үшін барлық аспектіде – әлеуметтік, физикалық, құқықтық, институционалдық, ақпараттық жағынан, оның ішінде қоғамдық және жеке өмір салаларында: денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту, қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени қызмет, сондай-ақ күнделікті өмірде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын шектейтін қолданыстағы кедергілерді жою жоспарлануда.
Балалардың дамуындағы қиындықтарды еңсеру, оларды оқыту және одан әрi әлеуметтендiру, оның iшiнде әлеуметтiк-тұрмыстық және еңбек қызметiнде адам дамуының био-психо-әлеуметтiк негiзi тұрғысынан қаралатын болады, бұл мүгедектiгi бар адамның жеке мұқтаждығына бағалау жүргiзуге мүмкiндiк бередi.
Мемлекеттік инклюзивтік саясат инклюзивтік қоғамды дамытуда, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуде, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауда және ілгерілетуде маңызды рөл атқаратын болады.
Мүгедектігі бар адамдарға қатысты саясатты реформалау қоғамдық және мемлекеттік тыныс-тіршіліктің барлық салаларын қозғайды.
5-бөлім. Инклюзивті саясатты дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері
1-тарау. Негізгі қағидаттар
Тұжырымдама мемлекеттің, жеке сектордың, үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтастығын кеңейтуге негізделетін және мынадай іргелі қағидаттарда іске асырылатын болады:
1) адамға тән қадір-қасиетті, оның жеке дербестігі мен тұтастығын құрметтеу
Әрбір адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Денсаулық жағдайы мен мүгедектікке байланысты ерекшеліктерді қоса алғанда, ешқандай жағдайлар оның құқығын шектеуге негіз бола алмайды.
Мүгедектігі бар адамдардың жеке дербестікке құқығы бар, бұл өз өміріне қатысты саналы шешімдер қабылдау және қоғамда тең құрметке ие болу мүмкіндігін білдіреді;
2) кемсітпеу
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын шектейтін немесе олардың азаматтық және негізгі бостандықтарға тең қол жеткізуіне кедергі келтіретін кемсітушіліктің, шектеулер мен ерекше жағдайлардың кез келген нысаны, соның ішінде ақылға қонымды бейімдеуден уәжделмеген бас тартуға жол берілмейді;
3) мүмкіндіктер теңдігі
Мүгедектігі бар адамдарға сот төрелігіне, білімге, жұмысқа орналасуға және басқа да қоғамдық игіліктерге қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру кезінде қалған азаматтармен теңдікке кепілдік беріледі;
4) қолжетімділік
Қоршаған ортаның, көліктің, қызметтердің және технологиялық шешімдердің физикалық және ақпараттық қолжетімділігі мүгедектігі бар адамдардың жеке дербестігінің және олардың қоғамдық өмірге толыққанды қатысуының негізгі шарты болып табылады.
Қолжетімділік халық, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін кез келген объект пен қызмет сапасының параметрі болып табылады. Жергілікті атқарушы органдардың, халыққа қызмет көрсететін ұйымдардың қызметтер мен инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділік жағдайларын қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттемелер қабылдауы, олардың алған міндеттемелерді орындау бойынша жұмыстар кешенін жүргізуі қолжетімділікті қамтамасыз етудің басым міндеті болып табылады;
5) мүгедектігі бар балалардың құқықтарын құрметтеу
Мүгедектігі бар балалардың туғаннан бастап абсолютті әрі ажырамас құқықтары мен бостандықтары болады.
Мүгедектігі бар балаларға қатысты саясат олардың даралыққа, өзін-өзі көрсетуге құқығын тануға негізделген және баланың мүдделерін сақтау мен қорғауға бағытталған;
6) қоғамға толық әрі тиімді атсалысу және қосылу
Мүгедектігі бар адамдардың өз өміріне, мемлекеттік саясатқа, жергілікті басқаруға және қоғамдық процестерге әсер ететін шешім қабылдау процестеріне қатысуға құқығы бар;
7) "бәрі біздің қатысуымызбен"
Мүгедектігі бар адамдар мүгедектігі бар адамдарға қатысты саясатты әзірлеуге және іске асыруға белсенді әрі тікелей қатысады.
Олардың бірегей өмірлік тәжірибесі инклюзивті тәсілдерді құру мен іске асыру үшін маңызды деп танылады.
2-тарау. Даму тәсілдері
Тұжырымдаманың мақсаттарына қол жеткізу қоғамдық қатынастардың түрлі салаларында шаралар кешенін іске асыруды көздейді.
Мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік және жеке сектор, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары мен азаматтар арасындағы жалпы үйлестіру және өзара тиімді ынтымақтастық осы Тұжырымдаманың маңызды құрамдас бөлігі болады.
Инклюзивті саясатты сапалы іске асыру адами капиталды дамытуға, кедейлік деңгейін төмендетуге, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға және еліміздің ауқымында экономикалық өсуге ықпал етеді.
Бұл нәтижеге мынадай негізгі тәсілдерді іске асыру арқылы қол жеткізу жоспарлануда.
Теңдік және кемсітпеу
Ұлттық заңнаманы, оның ішінде жекелеген ережелерді халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру бөлігінде жетілдіру жалғасады.
Әлеуметтік және құқық қорғау моделі бойынша заңға тәуелді актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенциясының және Қазақстан ратификациялаған басқа да құқық қорғауға қатысты халықаралық шарттардың ережелерін одан әрі имплементациялауға септігін тигізеді.
Мүгедектігі бар әйелдер мен балаларды кемсітудің кез келген көріністерінен қорғауға ерекше назар аударылатын болады.
Құқықтық қорғалу
Мониторинг және бақылау тетіктерін енгізе отырып, тиімді заңнамалық және нормативтік актілерді қабылдаудың арқасында мүгедектігі бар адамдарды құқықтық қорғауды кеңейтуге болады.
Цифрлық шешімдерді пайдалану мүгедектігі бар адамдардың мемлекет кепілдік берген құқықтық көмектің кең спектріне қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте сот ісін жүргізу кезінде сот ісі жүргізілетін тілді меңгермеген есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілінің мамандарын пайдалануға тегін құқық көзделген.
Сонымен қатар іске қатысатын, есту және (немесе) көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар, сөйлеу қабілетінен толық айырылған адамдар аудармашы көрсететін қызметтердің көмегімен, сондай-ақ сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдарды қолдана отырып пайдалануға құқылы.
Пенитенциарлық мекемелерде болатын мүгедектігі бар адамдарды ұстау жағдайларын жақсарту үшін инфрақұрылым мүгедектігі бар адамдардың сұранысын көздейтін әлемдік стандарттарға сәйкес қайта қаралатын болады.
Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерін өтініш беру стандарттарына, мүгедектігі бар адамдармен өзара іс-қимыл этикасына, ымдау тілі мен Брайль әліпбиін қоса алғанда, коммуникацияның арнайы дағдыларына оқыту кеңейтіледі.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін көру қабілеті бұзылған адамдар үшін арнайы әдебиетпен қамтамасыз етуге көбірек назар аударатын болады.
Сондай-ақ мүгедектігі бар көшіп-қонушы балаларға, сондай-ақ ата-аналарының тұруға ықтиярхаты жоқ босқын балалар үшін қызметтердің толық спектрін алу құқығын нормативтік деңгейде қарастыру қажет.
Әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру
Отбасының цифрлық картасын жетілдіру мұқтаждықты объективті бағалауды қамтамасыз етеді, өтініш беру сипатынан анықтау сипатына көшуді жеделдетеді және әлеуметтік қызметтер көрсетудің, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін интеграцияланған моделін кеңінен енгізу процесін жақсартады.
Сапалы әлеуметтік қызметтер көрсету өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтардың мұқтаждығын саралауды ескере отырып жүргізілетін болады.
Өңірлерде балалардың үй жағдайындағы оңалтудың техникалық құралдарына мұқтаждығын бағалауды жүргізу кеңінен қолданылатын болады.
Оңалтудың техникалық құралдарының тізбесін өзектілендіруді, жоғары технологиялы құралдарды енгізуді және оңалтудың техникалық құралдарының жекелеген түрлерін монеталандыруды қоса алғанда, оларды ұсынуға ерекше назар аударылатын болады.
Техникалық оңалту құралдарының тозу дәрежесін уақтылы анықтау, оларды уақытша және өтеусіз пайдалануға беру оңалту процестерінің үздіксіз болуына септігін тигізетін болады.
ЭЫДҰ елдерінің озық тәжірибесі негізінде және Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдарын ескере отырып, еңбек жарақаттары мен кәсіптік аурулардың салдарынан зардап шеккендерді қоса алғанда, мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру мақсатында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру жалғастырылады.
Мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі – АӘҚ) көрсету жүйесін жаңғырту, оның ішінде әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру процесі жалғасады.
Әлеуметтік жұмыскерлерге арналған жаңа кәсіптік стандарттардың, волонтерлік қызметтерді тартудың, цифрландыруды, оның ішінде АӘҚ кодификациялаудың тетігін енгізуді дамытудың, әлеуетті АӘҚ алушылардың тұратын жерін есепке алудың цифрлық картасын құрудың арқасында көрсетілетін АӘҚ сапасын жақсартуға болады.
Медициналық-әлеуметтік сараптамадағы инновациялар және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау есебінен мүгедектігі бар адамдарды мемлекеттік қолдау жүйесі жаңғырады.
Соттың шешімімен әрекетке қабілетсіз деп таныған социоментальдік мүгедектігі бар адамдарды қамқорлыққа алу институтын жетілдіру жалғасуда.
Инклюзивті еңбек нарығы
Мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналасуы және мансаптық өсуі үшін басқа азаматтармен тең мүмкіндіктерге ие болудағы кедергілерді жою жөніндегі шараларды іске асыру жалғасады.
Оны шешу үшін мүгедектігі бар адамдардың еңбек құқықтарын сақтау және қорғау саласындағы нормативтік құқықтық базаны үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес-қауымдастықты тарта отырып одан әрі жетілдіру жоспарлануда.
Бұл ретте мүгедектігі бар адамдарды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру және оларды экономикалық белсенділікке қосу инклюзиялық саясаттың маңызды бағытына айналады.
Мүгедектігі бар адамдарды, оның ішінде мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік ұйымдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын квоталау жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.
Мүгедектігі бар адамдардың жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға өтеусіз гранттар беру арқылы кәсіптік біліктілікті арттыру құралдарына толыққанды қол жеткізу және кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу құқықтарын қамтамасыз ету маңызды мәнге ие болады.
Ерекше қажеттіліктері бар еңбекке қабілетті азаматтар барлық адамдармен қатар нәтижелі жұмыспен қамтуға белсенді түрде тартылатын болады.
Денсаулық, абилитация және оңалту
Мүгедектігі бар адамдардың, оның ішінде ауылдық жерлерде тұратындардың медициналық қызметтерге, мүгедектіктің алдын алуға қолжетімділігі кеңейтілетін болады.
Цифрлық технологияларды пайдалану, телемедицинаны енгізу медициналық консультациялардың "бір рет басу арқылы" қолжетімділігін қамтамасыз етуге және медициналық мекемелердің мүгедектігі бар адамның тікелей тұратын жерінен аумақтық қашықтығы проблемасын нивелирлеуге мүмкіндік береді.
Аурулардың алдын алу мен басқаруға негізделген интеграцияланған тәсіл мүгедектіктің белгіленуіне жол бермеу мақсатында медициналық қызметтердің тиімділігін арттыруға, және мүгедектігі бар пациенттердің өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілігі мәдениетін одан әрі дамытуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қанаудың, зорлық пен зомбылықтың құрбаны болған мүгедектігі бар адамдардың физикалық және психикалық денсаулығын қалпына келтіру мен қолдаудың қолданыстағы хаттамаларын жаңарту және жаңа хаттамаларын жасау жөнінде одан әрі шаралар қабылданатын болады.
Оң нәтижеге қол жеткізу оңалтудың цифрлық күнделігін және қашықтан оңалту технологиясын енгізу нәтижесінде мүмкін болады.
Мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік оңалтуға қолжетімділігін кеңейту, төсек-орын тапшылығын азайту, қызмет көрсету сапасын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында оңалту орталықтарын (ОО) салу бойынша жұмыс жалғасатын болады. Жобалар мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетігі арқылы жүзеге асырылады, ол үшін мынадай негізгі параметрлер көзделетін болады: жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен құрылыс құнының 30 %-ға дейінгі мөлшерінде қоса қаржыландыру; жеке әріптестерге уақытша өтеусіз жер пайдалануға беру; инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шарттар жасасу.
Медициналық-әлеуметтік сараптаманы трансформациялау нозологиялық нысандардың тізбесі бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай проактивті форматына кезең-кезеңімен көшуді, оның ішінде дәрігерлік-консультациялық комиссияларды орталықтандыруды, тіршілік әрекеті мен денсаулықтың жұмыс істеуінің, шектелулерінің халықаралық сыныптамасын (ЖХС) енгізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Балалардың мүгедектігін азайту, мүгедектігі бар балаларды оқшаулау тәуекелдері ерте диагностика және алдын алу практикасын, ерте қолдау институтын кеңінен енгізу арқылы іске асырылатын болады.
Ерте диагностика және алдын алу практикасын, ерте қолдау институтын енгізу балалар мүгедектігін төмендету жөнінде шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Абилитация және оңалту саласын дамытуды ғылыми-практикалық қолдауды кеңейту үшін Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығын трансформациялау жүргізіледі.
Жауапкершілік аймағына өңірлердегі оңалту қызметінің дамуын талдау және мониторингтеу енгізілетін болады, инновациялық технологияларды жасау және енгізу, мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту әдіснамасын жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу, әлеуметтік жұмыскерлердің және оңалту қызметтерін ұсынатын мамандардың біліктілігін арттыру кіреді.
Әлеуметтік жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру сапасы арттырылатын болады.
2025 жылдан бастап әлеуметтік жұмыскерлер тізілімі және әлеуметтік жұмыскерлерді міндетті аттестаттау, әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілетін болады.
Ведомствоаралық өзара іс-қимыл патологиясы бар балалардағы мүгедектіктің ауыр түрінің алдын алуға және дамуында тежелісі бар тәуекел тобындағы балаларды мүгедектікке жеткізбеуге бағытталатын болады.
Инклюзивті білім беру
Қазақстан Республикасының инклюзивті саясаты барлық білім алушы үшін олардың физикалық, зияткерлік және эмоционалдық ерекшеліктеріне қарамастан, тең жағдайлар мен мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
Бұл саясаттың негізі барлығына, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға сапалы білім алуға тең қол жеткізу қағидаты болып табылады.
Білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жоспарланатын шаралар: мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдарының жанынан ерте психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтерін құруды; мүмкіндіктері шектеулі балалармен жұмыс істеудің инновациялық әдістемелері бойынша педагогтерді оқытуды; ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың әлеуметтік-педагогикалық моделін енгізу арқылы арнайы білім беру жүйесін трансформациялауды оңалту орталықтары базасында шалғай өңірлерде мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға ерте қолдау қызметтерін ұйымдастыруды қамтиды.
Білім беру қажеттіліктерін бағалау орталықтарына айналдырылған психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар диагностика мен ұсыныстардың жалпы тәсілінің орнына әрбір оқушы үшін олардың өзіндік мұқтаждығы мен қабілетін ескере отырып, дербес және егжей-тегжейлі қолдау жоспарларын ұсынатын болады.
Барлық білім беру ұйымдарында оқу процесінде білім алушыларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметтері құрылатын болады.
Инклюзивті білім беру ортасы үшін жағдай жасаудың әзірленген тетіктері негізінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды көп деңгейлі психологиялық-педагогикалық қолдау жүйесі енгізілетін болады.
ЕБҚ бар адамдардың білім алуында үздіксіздік пен сабақтастық қағидаттарын қамтамасыз ету инклюзивті білім берудің үздіксіз жүйесінің (балабақша, мектеп, колледж) ұлттық моделін енгізу арқылы жоспарланады.
Білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына түсу кезінде мүгедектігі бар адамдар үшін квоталар ұлғайтылады.
ЕБҚ бар білім алушылардың қоғамға және еңбек нарығына табысты кірігуі үшін қажетті өмірлік және кәсіптік құзыреттерін дамытуға ықпал ететін кәсіптік бағдарлау жұмысының тиімді жүйесі құрылатын болады.
Осылайша, Қазақстан Республикасының инклюзивті саясаты әрбір баланың мүмкіндіктеріне қарамастан, оның әлеуетін толыққанды дамыту және іске асыру үшін жағдай жасауға бағытталған.
Көзделген шараларды іске асыру ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмір сүру және білім беру сапасын едәуір жақсартуға, табысты әлеуметтенуі мен кәсіптік тұрғыдан көрінуі үшін тең мүмкіндіктер береді.
Инклюзивті мәдениет пен практиканы дамыту мыналарды қамтиды: инклюзияның маңыздылығы туралы қоғамның хабардар болуын арттыруға арналған ақпараттық науқандар; ЕБҚ бар балалармен жұмыс істеу үшін педагогтерді қолдау және жүйелі оқыту; балалардың әртүрлі санаттарына бейімделген оқу материалдарын жасау және енгізу.
Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына білім алушылардың әртүрлілігі мен олардың қажеттіліктерін ескеретін оқу бағдарламаларын, материалдар мен әдістерді құруды көздейтін "оқытудың әмбебап дизайны" ұғымы енгізілетін болады.
Барлығына бірдей мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында білім беру процесінде оқытудың әмбебап дизайнын жасау жөніндегі қағидалар әзірленетін болады.
Нормативтік құқықтық базаны жетілдіру инклюзивті білім берудің неғұрлым икемді және тиімді жүйесін құруға ықпал етеді.
Осы шаралардың барлығы Қазақстандағы әрбір баланың өз әлеуетін іске асыруына және қоғамның толыққанды мүшесі болуы үшін мүмкіндік алуына бағытталған.
Қоғамдық-саяси өмірге қатысу
Мүгедектігі бар адамдарды білдіретін қоғамдық ұйымдарды бағдарламалық құжаттарды, ұлттық баяндамаларды әзірлеуге және қоғамдық орындар мен қызметтердің қолжетімділігі аудитіне тарту практикасы кеңейтіледі.
Мүгедектігі бар адамдардың сайлаушылар ретінде ерік қалауын білдіруге кепілдік беру барлық деңгейдегі сайлау кезінде ақылға қонымды дауыс беру құралдарын құруға ерекше назар аударуды қажет етеді.
Кедергісіз орта және қызметтердің қолжетімділігі
Мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құру объектілер мен қызметтерге қолжетімділіктің ұлттық стандарттарын өзектілендіру және біріздендіру жөнінде жаңа шаралар қабылдауды, оларды тыныс-тіршіліктің барлық саласында енгізуді ынталандыру үшін тиімді шаралар мен жағдайлар құруды талап етеді.
Қолжетімділік сапасын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді қабылдау, инфрақұрылым объектілері мен халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін регламенттейтін ұлттық стандарттарды енгізу орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, халыққа қызмет көрсететін ұйымдардың кедергісіз орта құру жөніндегі жұмыстарды өзектілендіруінің негізі болып табылады.
Мемлекеттік және қоғамдық бақылау артады, оның шеңберінде меншіктің барлық нысанындағы объектілерді мүгедектігі бар адамдар үшін көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі тұрғысынан тексеру міндетті әрі тұрақты болады.
Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, халыққа қызмет көрсететін ұйымдардың қолжетімділік жағдайларын қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым объектілері мен қызметтердің қолжетімділігін регламенттейтін стандарттарды енгізу, ақылға қонымды құрылғыларды және әмбебап дизайнды қолдану үшін мамандар даярлау жүзеге асырылатын болады.
Әлеуметтік интеграция және тәуелсіз өмір салты, мүгедектігі бар адамдар үшін тұрғылықты жерінен қызмет көрсету орнына дейін инфрақұрылымның толық қолжетімділігін:
cертификаттау және мониторинг жүйесі негізінде қызметтер мен объектілердің қолжетімділік сапасын бақылау, қолжетімділіктің ұлттық стандарттарын сақтау;
мүгедектігі бар адамдар үшін коммуникациялық кедергілерді жоюға ықпал ететін қолжетімді ақпараттық инфрақұрылым құру арқылы жүзеге асырылуға тиіс.
Аудиодескрипцияны, сурдоаударманы немесе телевизиядағы жаңалықтар, ойын-сауық, білім беру және ғылыми-көпшілік бағдарламалардың субтитрлері түріндегі аударманы қоса алғанда, ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету тәсілдері кеңейтіледі.
Заманауи технологияларды қолдана отырып мемлекеттік тілде ақпарат алуға, оның ішінде компьютер мен смартфоннан ақпаратты дауыстап шығару үшін сөйлеу синтезіне ерекше назар аударылатын болады.
Түрлі деңгейде журналистерді мүгедектігі бар адамдармен және олардың өкілі ретіндегі ұйымдармен, сондай-ақ тікелей медиалық және ақпараттық сауатты мүгедектігі бар адамдардың өздерімен кәсіби өзара іс-қимыл бойынша оқыту жалғасады.
Мүгедектігі бар адамдар үшін ақпараттың қолжетімділігі саласындағы прогресті бағалау үшін қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, мониторинг жүзеге асырылып, сондай-ақ қол жеткізілген нәтижелер мен жоспарланған шаралар туралы есептер жарияланатын болады.
Бұдан басқа, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне жобалау құжаттамасының сапасын, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, халықтың мобильділігі аз топтары үшін объектілердің қолжетімділігі тұрғысынан қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі құзыретті бекіту көзделеді.
Мүгедектігі бар жолаушыларды автомобиль, теміржол және әуе көлігімен тасымалдау процесін реттейтін нормативтік құқықтық актілер одан әрі жетілдіру мақсатында өзгерістерге ұшырайды.
Жол бойындағы сервис объектілерінің инфрақұрылымын мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктеріне бейімдеу жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Төтенше және климаттық қауіп-қатер жағдайларындағы қауіпсіздік
Мүгедектігі бар адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін климаттың өзгеруімен және техногендік апаттармен байланысты тәуекелдердің артуы жағдайында төтенше жағдайлар мен табиғи апаттарда қауіпсіздікті және оларды қорғауды қамтамасыз етудің кешенді тәсілі талап етіледі.
Мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасы мүшелері үшін төтенше жағдайлар кезінде қауіпсіз мінез-құлықты оқыту жүйесі құрылады.
Мүгедектігі бар адамдарды төтенше жағдайлардың басталуы туралы уақтылы хабардар ету мақсатында мәтін, аудио, бейне және ымдау тілін қоса алғанда, форматтардың кең ауқымы енгізілетін болады. Бұл қазіргі уақытта хабарландыру әдістері мәтіндік, аудио және бейне нысандарда жүзеге асырылумен байланысты.
Осылайша, есту қабілеті нашар халықты хабардар ету көрнекі контент арқылы, оның ішінде мәтіндік нысанда жүргізілетін болады.
Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау қаупі болған және олар орын алған жағдайда халықты уақтылы хабардар ету мақсатында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің кезекшілік-диспетчерлік құрамы әртүрлі ақпараттандыру құралдары арқылы (мәтіндік, аудио және бейне нысанда) жолданатын ақпаратты жедел дайындауды жүргізетін болады.
Төтенше жағдайларда халық үшін дәрілік заттардың, материалдық-техникалық құралдардың және уақытша баспана резервін қалыптастыру кезінде мүгедектігі бар адамдардың мұқтаждығы, оның ішінде төтенше жағдайларда қозғалуы мен байланысын жеңілдететін ассистивті құралдар мен құрылғыларға мұқтаждығы ескерілетін болады.
Психологиялық көмектің инклюзивті бағдарламаларын енгізудің арқасында төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен мүгедектігі бар адамдардың денсаулығына ментальді зиян келу тәуекелдерін азайтуға болады.
Жеке және отбасылық өмір
Әлеуметтік ментальді мүгедектігі бар адамдар үшін толық қорғаншылық институтынан кезең-кезеңімен бас тарту мүгедектігі бар адамдардың жеке және отбасылық өмірге құқықтарын қамтамасыз етуге ықпал ететін факторлардың бірі болады.
Ерлі-зайыптылардың гендерлік теңдік, үйдегі және ата-ана ретіндегі міндеттерді бөлісу, отбасын жоспарлау және ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау мәселелері бойынша некеге дейін хабардар болуын арттыру шеңберінде енгізілетін некеге дейінгі консультация беру практикасында нозологияның барлық спектрі бойынша мүгедектігі бар адамдардың ерекше сұранысы ескерілетін болады.
Мәдени өмір, бос уақыт және спорт
Мәдениет, спорт және туризм инфрақұрылымын дамыту саласындағы алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді объектілер мен қызметтер санын ұлғайту болады.
Жаңа мәдениет, спорт және туризм объектілерінің құрылысы әмбебап дизайн негізінде жүзеге асырылатын болады.
Мүгедектігі бар балаларға арналған емдеу және демалу объектілері кеңейтіледі.
Бұдан басқа, жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесiп жұмыс iстеп тұрған концерттiк және мәдени-демалыс ұйымдарын, театрларды, кiтапханаларды, музейлерді мүгедектiгi бар адамдардың кіру мүмкіндігін қамтамасыз ететiн арнайы құрылғылармен жабдықтау және жүйелі бейімдеу жөнiндегi мәселенi пысықтау көзделедi.
Мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары арасында спорт пен дене шынықтыру инклюзиясы идеологиясы белсенді түрде дамиды.
Туристік саланы ұйымдастырудың тәсілдерін инклюзия пайдасына қарай қайта қарау туризмнің дамуына жаңа серпін береді.
Оқу-ағарту және тәрбие жұмысы
Инклюзия саласындағы оқу-ағартудың негізгі міндеті қоғамның хабардар болуын арттыру арқылы адамның қадір-қасиетін құрметтеу құндылықтарын ілгерілету болады.
Инклюзивті мәдениеттің қалыптасуы білім берудің барлық деңгейіне және өмірдің барлық салаларына әсерін тигізеді.
Инклюзия саласындағы оқу-ағарту тиімділігінің өсуі мүгедектіктің адам құқықтары моделін насихаттайтын ақпаратты, ойын-сауық пен тартымды контентті жасау мен тарату процесіне қатысатын ақпарат саласы жұмыскерлерінің қызметін жоғары сапалы әдістемелік қолдауды талап етеді.
Мүгедектігі бар адамдарды жергілікті қоғамдастық өміріне тарту, оның ішінде қоғамдық ақпарат кеңістігіне қатысуын арттыру мүгедектігі бар адамдарды дестигматизациялауға бағытталған күш-жігердің нәтижелілігін арттырады.
Инклюзивті қоғам нормаларын сақтау және инклюзивті мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оқшаулаудың кез келген көріністерін үзілді-кесілді қабылдамау инклюзия саласындағы ағартушылық қызметтің нәтижесі болуға тиіс.
Мониторинг және есепке алу
Азаматтық қоғамның қатысуы осы Тұжырымдаманы іске асыру, мониторингтеу және бағалау процестерінің маңызды құрамдас бөлігі болады.
Жұртшылықты кеңінен тарта отырып, мониторингтің пәрменді жүйесін енгізу мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын сақтау саласында талдау және болжау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Статистикалық есептілікті одан әрі жетілдіру қолданыстағы ақпараттық базаларды мүгедектік туралы дезагрегатталған деректермен толықтыруға ықпал етеді.
6-бөлім. Нысаналы индикаторлар және күтілетін нәтижелер
1. Кедейлік шегінде өмір сүретін мүгедектігі бар адамдардың үлесі: 2025 жылы – 1,2 %, 2026 жылы – 1,15 %, 2027 жылы – 1,1 %, 2028 жылы – 1,05 %, 2029 жылы – 1,0 %, 2030 жылы – 1,0 %.
2. Арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған мүгедектігі бар адамдардың жалпы санынан жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған мүгедектігі бар адамдардың үлесі: 2025 жылы – 32 %, 2026 жылы – 34 %, 2027 жылы – 36 %, 2028 жылы – 38 %, 2029 жылы – 40 %, 2030 жылы – 42 %.
3. Жұмыспен қамту органдарына хабарласқан мүгедектігі бар адамдардың жалпы санынан жұмыспен қамтуға жәрдемдесу іс-шараларымен қамтылған мүгедектігі бар адамдардың үлесі: 2025 жылы – 65 %, 2026 жылы – 65,5 %, 2027 жылы – 66 %, 2028 жылы – 66,5 %, 2029 жылы – 67 %, 2030 жылы – 67,5 %.
4. Еңбекке қабілеттілер қатарындағы тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған мүгедектігі бар адамдардың үлесі: 2025 жылы – 35 %, 2026 жылы – 36 %, 2027 жылы – 37 %, 2028 жылы – 38 %, 2029 жылы – 39 %, 2030 жылы – 40 %.
5. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту үшін қолайлы жағдай мен орта құрған білім беру ұйымдарының үлесі: 2025 жылы – 20 %, 2026 жылы – 30 %, 2027 жылы – 40 %, 2028 жылы – 50 %, 2029 жылы – 60 %, 2030 жылы – 80 %.
6. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін қолайлы жағдайлар мен орта құрған орта білім беру ұйымдарының үлесі: 2025 жылы – 30 %, 2026 жылы – 40 %, 2027 жылы – 50 %, 2028 жылы – 60 %, 2029 жылы – 70 %, 2030 жылы – 80 %.
7. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарды оқыту үшін қолайлы жағдайлар мен орта құрған техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының үлесі: 2025 жылы – 20 %, 2026 жылы – 30 %, 2027 жылы – 40 %, 2028 жылы – 50 %, 2029 жылы – 60 %, 2030 жылы – 80 %.
8. Мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі топтар үшін инфрақұрылым объектілері мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі жөніндегі стандарт талаптарына сәйкес бақылаудағы аумақта "қадамдық қолжетімділік" жағдайларын қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер қабылдаған мүгедектігі бар адамдар үшін инфрақұрылым объектілері мен көрсетілетін қызметтердің үлесі: 2025 жылы – 10 %, 2026 жылы – 30 %, 2027 жылы – 50 %, 2028 жылы – 75 %, 2029 жылы – 100 %.
9. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың инфрақұрылым объектілерінің және мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі топтар үшін көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі жөніндегі стандарттың талаптарына сәйкес бақылаудағы аумақта "қадамдық қолжетімділік" жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелермен расталған мүгедектігі бар адамдар үшін инфрақұрылым объектілері мен көрсетілетін қызметтердің үлесі: 2026 жылы – 5 %, 2027 жылы – 10 %, 2028 жылы – 30 %, 2029 жылы – 50 %, 2030 жылы – 70 %.
Ескертпе:
Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар осы Тұжырымдамаға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасындағы инклюзивті саясаттың 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Қазақстан Республикасындағы инклюзивті саясаттың 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына қосымша |
Қазақстан Республикасындағы инклюзивті саясаттың 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары
Р/с | Негізгі іс-шаралардың атауы | Аяқталу нысаны | Аяқталу мерзімі | Жауапты орындаушылар | Қаржыландыру көлемі | Қаржыландыру көзі |
Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:
"Атамекен" ҰКП – Қазақстан Республикасының "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
АҚЖҰО – Адам құқықтары жөнiндегі ұлттық орталық
Әділетмині – Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі
БП – Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
ҒЖБМ – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі
ДСМ – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі
Еңбекмині – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
ЖАО – жергілікті атқарушы органдар
КМ – Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі
МАМ – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі
ОМ – Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі
ОСК – Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы
ӨҚМ – Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
СЖРА ҰСБ – Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы
СИМ – Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі
СІМ – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі
ТЖМ – Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі
ТСМ – Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі
ҰЭМ – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі
ЦДИАӨМ – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
ІІМ – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі
ЭТРМ – Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі