"Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 20-бабының 2 және 4-тармақтарына, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2) тармақшасына, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 29 және 47-баптарына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 7-қосымшаның 10-бөліміне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) экспортына айрықша құқық берілген жекелеген мойынтірек түрлерінің тізбесі;
2) айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың тізбесі;
3) Жекелеген мойынтірек түрлерінің экспортына айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті осы қаулының 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жекелеген мойынтірек түрлерінің экспортына айрықша лицензия беруді жүзеге асыру жөніндегі лицензиар болып айқындалсын.
3. Жекелеген мойынтірек түрлерінің экспортына айрықша лицензияның қолданылу мерзімі оның қолданысы басталған күннен бастап бір жылды құрайды және сыртқы сауда шартының (келісімшартының) қолданылу мерзімімен немесе айрықша лицензия беру үшін негіз болып табылатын құжаттың қолданылу мерзімімен шектелуі мүмкін.
4. Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 31 желтоқсандағы № 1150 қаулысымен бекітілген |
Экспортына айрықша құқық берілген жекелеген мойынтірек түрлерінің тізбесі
Р/с | Экспортына айрықша құқық берілген мойынтірек түрлері | ЕАЭО СЭҚ ТН коды |
1 | Шарикті мойынтіректер | 8482 10 |
2 | Жиынтықтағы сепараторы мен роликтері бар ішкі конустық шығыршықтарды қоса алғанда, роликті конустық мойынтіректер | 8482 20 000 |
3 | Роликті сфералық мойынтіректер | 8482 30 000 |
4 | Жиынтықтағы сепараторлар мен роликтерді қоса алғанда, цилиндрлік роликтері бар өзге мойынтіректер | 8482 50 000 |
5 | Аралас шарикті-роликті мойынтіректерді, өзгелерді қоса алғанда, мойынтіректер | 8482 80 000 |
Ескертпе: аббревиатураның толық жазылуы:
ЕАЭО СЭҚ ТН – Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасы.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 31 желтоқсандағы № 1150 қаулысымен бекітілген |
Айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың тізбесі
1. "Степногорский подшипниковый завод" акционерлік қоғамы.
2. "Торговый дом СТПЗ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 31 желтоқсандағы № 1150 қаулысымен бекітілген |
Жекелеген мойынтірек түрлерінің экспортына айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жекелеген мойынтірек түрлерінің экспортына айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабы 7-тармағының төртінші бөлігіне және 45-бабына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2023 жылғы 24 қарашадағы № 125 шешімімен бекітілген Үшінші елдермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын, бірыңғай тауарлардың тізбесіне енгізілген тауарлардың экспортына және (немесе) импортына лицензиялар мен рұқсаттар беру қағидаларының 19 және 20-тармақтарына сәйкес әзірленді және жекелеген мойынтірек түрлерін экспорттауға арналған айрықша лицензияның (бұдан әрі – айрықша лицензия) қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) лицензиар – Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті;
2) лицензиат – осы қаулыға сәйкес жекелеген мойынтірек түрлерінің экспортына айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушы.
2-тарау. Жекелеген мойынтірек түрлерінің экспортына айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату тәртібі
3. Лицензиар мынадай:
1) лицензиат өз еркімен өтініш берген;
2) айрықша лицензия беруге негіз болған бір немесе бірнеше құжаттың қолданысы тоқтатыла тұрған;
3) лицензиаттар тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың он бесінші күніне дейін, лицензиарға айрықша лицензияның орындалу барысы туралы есеп ұсынбаған;
4) лицензиаттар айрықша лицензияның орындалу барысы туралы тоқсан сайынғы есептерде анық емес мәліметтерді көрсеткен;
5) сот актісі болған жағдайларда айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды.
4. Осы Қағидалардың 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдай басталған кезде лицензиар лицензиат тиісті өтініш берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде айрықша лицензияның қолданысын өтініште көрсетілген мерзімге тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды.
5. Айрықша лицензияның қолданысы осы Қағидалардың 3-тармағының 2) – 5) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша тоқтатыла тұрған кезде лицензиар мұндай жағдайлар басталған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде лицензиатқа айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру негіздерін көрсетіп, оны тоқтата тұру туралы алдын ала шешімді және тыңдау өткізілетін уақыт пен орын (тәсіл) туралы хабарламаны жібереді.
Осы Қағидалардың 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жағдай басталған кезде айрықша лицензияның қолданысы айрықша лицензияны беруге негіз болған құжаттардың қолданысы қайта басталғанға дейінгі мерзімге, осы Қағидалардың 3-тармағының 3) – 5) тармақшаларда көрсетілген жағдайлар басталған кезде – бір айдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады.
6. Хабарлама айрықша лицензияны беруге арналған өтініште көрсетілген лицензиаттың заңды мекенжайына оның тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен немесе электрондық мекенжай бойынша не хабарламаның тіркелгенін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып жіберіледі.
Лицензиаттың өкілі хабарламаны қабылдаудан бас тартқан кезде оны жеткізетін немесе тапсыратын адам хабарламаға тиісті белгі қояды, ол лицензиарға қайтарылады. Бұл ретте хабарламаны қабылдаудан мұндай бас тарту айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұруға немесе тоқтатуға негіз болып табылмайды.
7. Тыңдау хабарланған күнінен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмей өткізіледі.
Тыңдаудың нәтижелері бойынша лицензиар бір жұмыс күні ішінде айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды.
Айрықша лицензияның қолданысы лицензиар айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған күннен бастап тоқтатыла тұрады.
Айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру оны ұзартуға негіз болып табылмайды.
8. Осы Қағидалардың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша тоқтатыла тұрған айрықша лицензияның қолданысын қайта бастау лицензиаттың өтініші бойынша жүзеге асырылады.
Берілген өтініш негізінде лицензиар үш жұмыс күні ішінде айрықша лицензияның қолданысын қайта бастау туралы шешім қабылдайды.
9. Айрықша лицензияның қолданысы осы Қағидалардың 3-тармағының 2) – 5) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша тоқтатыла тұрған кезде лицензиат осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру мерзімі өткенге дейін лицензиарға растаушы құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұруға алып келген себептердің жойылғаны туралы өтініш беруге құқылы.
Лицензиар лицензиат өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұруға алып келген себептердің жойылғанын тексереді және мұндай себептердің жойылу фактісі расталған жағдайда айрықша лицензияның қолданысы қайта басталатын күнді көрсете отырып, оны қайта бастау туралы шешім қабылдайды.
Осы Қағидалардың 3-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген негіздер бойынша айрықша лицензияның қолданысы тоқтатыла тұрған кезде айрықша лицензияның қолданысын қайта бастау туралы шешім айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұруға негіз болған сот актісінің күшін жоюды көздейтін сот актісінің негізінде қабылданады.
Бұл ретте айрықша лицензияның қолданысы лицензиар айрықша лицензияның қолданысын қайта бастау туралы шешім қабылдаған кезден бастап қайта басталады.
10. Лицензиат айрықша лицензияның қолданысы тоқтатыла тұрған мерзім өткенге дейін айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұруға негіз болған бұзушылықтардың жойылғаны туралы өтініш бермеген жағдайда лицензиар тоқтата тұру мерзімі өткен кезден бастап он жұмыс күні ішінде айрықша лицензияның қолданысын тоқтату рәсіміне бастама жасайды.
11. Лицензиар мынадай:
1) лицензиат айрықша лицензияның қолданысын тоқтату туралы өз еркімен өтініш берген;
2) ол берілген мерзім өткен;
3) жүзеге асыру үшін осы лицензия берілген іс-қимыл (операциялар) толық көлемде жасалған;
4) лицензиат осы қаулыға сәйкес айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың тізбесінен шығарылған;
5) тауар осы қаулыға сәйкес экспортына айрықша құқық берілген жекелеген тауар түрлерінің тізбесінен алып тасталған;
6) лицензиат таратылған немесе оның құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізілген (ұйымдық-құқықтық нысанын, атауын не орналасқан жерін өзгерту);
7) айрықша лицензияны алу мақсатында өтініш беруші ұсынған құжаттарда анық емес мәліметтер анықталған;
8) айрықша лицензияны беруге негіз болған бір немесе бірнеше құжаттың қолданысы тоқтатылған;
9) лицензияны беруге негіз болған шартты (келісімшартты) орындау кезінде мүше мемлекеттің халықаралық міндеттемелері бұзылған;
10) егер мұндай қызмет түрі өзіне қатысты лицензиялау енгізілген тауардың айналымына байланысты болса, лицензияланатын қызмет түрін жүзеге асыруға арналған лицензия кері қайтарып алынған;
11) белгіленген тәртіп сақталса, айрықша лицензияны беру мүмкін болмайтын, оны берген кезде жол берілген бұзушылықтар анықталған;
12) сот актісі болған;
13) осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру мерзімі ішінде айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұруға алып келген себептер жойылмаған жағдайларда айрықша лицензияның қолданысын тоқтату туралы шешім қабылдайды.
12. Осы Қағидалардың 11-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдай басталған кезде лицензиат айрықша лицензияның түпнұсқасын қоса бере отырып, тиісті өтініш берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде лицензиар айрықша лицензияның қолданысын тоқтату туралы шешім қабылдайды.
13. Осы Қағидалардың 11-тармағының 2) – 13) тармақшаларында көрсетілген жағдайлар басталған кезде лицензиар айрықша лицензияның қолданысын тоқтату туралы шешімді осындай жағдайлар басталған күні, ал мұндай күнді белгілеу мүмкін болмаған кезде – олар анықталған күннен бастап қабылдайды және лицензиатқа осы Қағидалардың 6-тармағында белгіленген тәртіппен айрықша лицензияның қолданысын тоқтату және лицензиарға айрықша лицензияны қайтару қажеттігі туралы хабарлама жібереді.
14. Лицензиат айрықша лицензияның қолданысын тоқтату туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде айрықша лицензияның түпнұсқасы қағаз жеткізгіште берілген болса, оны лицензиарға қайтарады.
15. Лицензиардың айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату туралы шешімімен келіспеген жағдайда лицензиаттың Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес лицензиардың мұндай шешіміне шағымдануға құқығы бар.
16. Лицензиар айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру, қайта бастау немесе тоқтату туралы шешім қабылданған күні Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне және лицензиатқа тиісті хабарлама жібереді.