Бос штат бірліктерін мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары арасында қайта бөлу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 25 ақпандағы № 96 қаулысы

      "Мемлекеттік аппараттың жұмысын жақсарту, төрешілдікке қарсы күрес және құжат айналымын қысқарту жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 31 шілдедегі № 427 Жарлығының 1-1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Бос штат бірліктерін мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары арасында қайта бөлу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 25 ақпандағы
№ 96 қаулысымен
бекітілген

Бос штат бірліктерін мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары арасында қайта бөлу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Бос штат бірліктерін мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары арасында қайта бөлу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бос штат бірліктерін мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары арасында қайта бөлу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар "Мемлекеттік аппараттың жұмысын жақсарту, төрешілдікке қарсы күрес және құжат айналымын қысқарту жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 31 шілдедегі № 427 Жарлығында (бұдан әрі – Жарлық) көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдардың штат санының лимиттері бос штат бірліктерін қайта бөлу жолымен ұлғайтылған жағдайларға қолданылады.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ведомстволық бағынысты ұйым – орталық мемлекеттік органның қарамағындағы республикалық мемлекеттік мекеме нысанындағы заңды тұлға;

      2) донор-мекеме – бос штат бірліктері қайта бөлініп, соның есебінен алушының штат саны ұлғаятын мемлекеттік орган не ведомстволық бағынысты ұйым;

      3) алушы – донор-мекеменің штат бірліктері берілуі мүмкін мемлекеттік орган не ведомстволық бағынысты ұйым;

      4) бос штат бірлігі (бұдан әрі – бос орын) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыскерлердің жұмыс орны сақталатын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органның не ведомстволық бағынысты ұйымның қатарынан үш айдан астам уақыт бойы бос тұрған штат бірлігі;

      5) бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган – бюджеттік жоспарлау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      6) мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – мемлекеттік басқару органдарының қызметіне функционалдық талдау жүргізу бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      7) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган – мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыратын орталық мемлекеттік орган.

2-тарау. Мемлекеттік органдардың бос орындарын қайта бөлу тәртібі

      4. Бос орындарды қайта бөлу мемлекеттік органдардың аталған топтарының әрқайсысы:

      1) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар;

      2) орталық атқарушы органдар;

      3) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары әр топ шеңберінде жүргізіледі.

      Мемлекеттік органдардың тиісті тобында бос орындар саны жеткіліксіз болған жағдайда оларды топтар арасында қайта бөлуге жол беріледі.

      5. Штат санының лимиттерін ұлғайту мәселесіне бастама жасаған жағдайда мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 41-бабына сәйкес қызметке функционалдық талдауды (бұдан әрі – функционалдық талдау) өз бетінше жүргізеді.

      Бұл ретте алушылардың штат санының лимиттерін ұлғайту жөніндегі ұсыныстары мемлекеттік қызмет істері, бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдармен келісіледі және функционалдық талдау нәтижелерімен бірге уәкілетті органға жіберіледі.

      Келісу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жеті жұмыс күні ішінде алушыға Жарлықтың 1-1-тармағының талаптарына сәйкес қорытынды береді;

      2) бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органдарды қоспағанда, бос орындарды ұстауға арналған бюджет қаражатымен қамтамасыз етілу мәселесін қарайды;

      3) уәкілетті орган он жұмыс күні ішінде функционалдық талдау нәтижелерін қарайды және алушының штат санының оңтайлы лимитін айқындайды.

      Бос орындар жергілікті атқарушы органдар арасында қайта бөлінген жағдайда оларды ұстауға арналған шығыстар алушының қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі.

      Мемлекеттік органның штат саны лимитінің 4 %-ынан астамы бос болса, оның штат санын ұлғайту жөніндегі ұсыныстар қаралмайды.

      6. Алушының штат санын ұлғайту үшін негіз функционалдық талдау қорытындылары бойынша алынған болса, уәкілетті орган бір жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға мемлекеттік органдардың бос орындары туралы ақпарат алу үшін сұрау салады.

      Мемлекеттік органдардың бос орындары туралы ақпаратты мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган уәкілетті органның сұрау салуын алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады.

      Уәкілетті орган бос орындар туралы ақпаратты алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 4-тарауына сәйкес донор-мекемелер мен қайта бөлінетін бос орындардың санын айқындайды және донор-мекемелерге тиісті хабарлама жібереді.

      7. Хабарламаны алған күннен бастап және Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті актісі қабылданғанға дейін донор-мекемелердің қайта бөлінетін құрылымдық бөлімшелерінің құрылымы мен штат кестесі өзгертілмейді, бұл бос орындарға конкурстық рәсімдер жарияланбайды.

      Конкурс қорытындысы бойынша толтырылған, олар бойынша конкурс уәкілетті органның хабарламасы алынғанға дейін жарияланған бос орындар қайта бөлінетін бос орындар қатарынан шығарылады.

      Қайта бөлінетін бос орындар қатарынан бос орындар алып тасталған жағдайда уәкілетті орган осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес донор-мекемелерді және қайта бөлінетін бос орындар санын айқындау рәсімін қайта жүргізеді.

      Уәкілетті органның хабарламасы алынғанға дейін конкурс жарияланған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толтырылмаған бос орындар қайта бөлінеді.

      8. Уәкілетті орган осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қорытындысының жобасын Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына енгізеді.

      9. Қазақстан Республикасының Үкіметі келіскен жағдайда алушы Жарлықтың 1-1-тармағының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне штат санын ұлғайту туралы ұсынысы бар хат жобасын дайындайды.

      Бұл ретте, егер алушы министрлік немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы болып табылса, хаттың тиісті жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Премьер-Министрдің не оның орынбасарларының қолы қойылып енгізіледі.

3-тарау. Ведомстволық бағынысты ұйымдардың бос орындарын қайта бөлу тәртібі

      10. Мемлекеттік орган өзінің ведомстволық бағынысты ұйымының штат санының лимитін ұлғайту жөніндегі ұсынысқа бастама жасаған жағдайда осы мемлекеттік органның өзге ведомстволық бағынысты ұйымдарының бос орындары қайта бөлінеді.

      Мұндай мүмкіндік болмаған кезде өзге мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының бос орындары қайта бөлінуі мүмкін.

      11. Ведомстволық бағынысты ұйымның штат санының лимитін ұлғайту қажеттігін айқындау үшін мемлекеттік орган жүзеге асырылатын функциялардың мемлекеттік органның мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігі, мемлекеттік органның даму жоспарында белгіленген нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізу, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымның құрылымы мен штат санының оңтайлылығы тұрғысынан оның қызметіне өз бетінше талдау (бұдан әрі – қызметті талдау) жүргізеді.

      Алушылардың ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат санының лимиттерін ұлғайту жөніндегі ұсыныстары бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісіледі және қызметті талдау нәтижелерімен және ведомстволық бағынысты ұйымның бос орындары туралы ақпаратпен бірге уәкілетті органға жіберіледі.

      Келісу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде бос орындарды ұстауға арналған бюджет қаражатымен қамтамасыз етілу мәселесін қарайды;

      2) уәкілетті орган он жұмыс күні ішінде қызметті талдау нәтижелерін қарайды және ведомстволық бағынысты ұйымның штат санының оңтайлы лимитін айқындайды.

      Ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат саны лимитінің 4 %-ынан астамы бос болса, штат санын ұлғайту жөніндегі ұсыныстар қаралмайды.

      12. Алушының штат санын ұлғайту үшін негіз қызметті талдау қорытындылары бойынша алынған болса, уәкілетті орган үш жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 4-тарауына сәйкес донор-мекемелер мен қайта бөлінетін бос орындардың санын айқындайды және донор-мекемелерге тиісті хабарлама жібереді.

      Хабарламаны алған күннен бастап және Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті актісі қабылданғанға дейін донор-мекемелердің қайта бөлінетін құрылымдық бөлімшелерінің құрылымы мен штат кестесі өзгертілмейді.

      13. Штат санын қайта бөлу жөніндегі одан арғы іс-қимыл осы Қағидалардың 2-тарауының 8 және 9-тармақтарына сәйкес жүргізіледі.

4-тарау. Донор-мекемелерді және қайта бөлінетін бос орындар санын айқындау тәртібі

      14. Қайта бөлінетін бос орындардың санын айқындау барысында мыналар:

      1) "А" корпусының саяси, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің, сондай-ақ "Б" корпусының В-1, С-1, С-0-1, D-0-1, Е-1, Е-2, E-R, E-G санаттарының мемлекеттік лауазымдары;

      2) ведомстволық бағынысты ұйымдардың бірінші басшылары және олардың орынбасарлары лауазымдары қаралмайды.

      15. 1-әрекет. Донор-мекемелер үшін шекті мән сұралып отырған қосымша штат санатына байланысты мемлекеттік орган мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметшілерінің жалпы санына қатысты бос орындардың 10 %-ы деңгейінде жеке-жеке белгіленеді.

      Бос орындар үлесі 10 %-дан асатын мемлекеттік органдар болмаған жағдайда шекті мәнді 2 %-ға төмендету жолымен біртіндеп одан төмен шекті мәндер белгіленеді.

      Жаңадан құрылған мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдар мемлекеттік тіркелген күнінен бастап алты ай бойы донор-мекеме ретінде қаралмайды.

      16. 2-әрекет. Мемлекеттік органның бос орындары болған кезде оның санын ұлғайту бос бірліктер саны мен мемлекеттік органның қызметін функционалдық талдау негізінде айқындалған қосымша штат санына қажеттілік арасындағы айырманы шығару жолымен жүзеге асырылады.

      17. 3-әрекет. Мемлекеттік органдардың бос орындарының үлесін айқындау

      Қажетті штат саны мынадай есептеумен айқындалады:

      Т = Vt – P, мұндағы:

      Т – алушының штат санының лимитін ұлғайту қажеттілігі (бірлік);

      Vt – қажетті штат саны;

      P – алушының бос орындарының саны.

      Мемлекеттік қызметшілердің штат санының белгіленген лимитіне қатысты әр мемлекеттік органның бос орындарының үлесін айқындау мынадай формула бойынша есептеледі:

      Qi = Vpi/Li*100, мұндағы:

      Qi – i-ші мемлекеттік органның бос орындарының үлесі (%);

      Vpi – i-ші мемлекеттік органның бос орындарының саны;

      Li – i-ші мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілерінің штат санының лимиті.

      Донор-мекемелер мемлекеттік органдардың бос орындарының үлесіне сүйене отырып, бос орындардың ең жоғары үлесінен ең азына қарай саралау жолымен айқындалады.

      18. 4-әрекет. Донор-мекемелердің саны мен бос орындары лимиттерінің жиынтық мәндерін айқындау

      Берілетін бос орындардың пропорционалды үлесін айқындау үшін донор-мекемелердің саны мен бос орындары лимиттерінің жиынтық мәндері мынадай формулалар бойынша жүзеге асырылады:

      Ltotal = донор-мекеме 1 (L_1) + донор-мекеме 2 (L_2) + донор-мекеме 3 (L_3) + донор-мекеме 4 (L_4)....,

      Vtotal = донор-мекеме 1 (V_1) + донор-мекеме 2 (V_2) + донор-мекеме 3 (V_3) + донор-мекеме 4 (V_4)...., мұндағы:

      Ltotal – бос орындарды алушыға беру үшін бос орындардың үлесіне сүйене отырып айқындалған донор-мекемелердің жалпы лимиті;

      Vtotal – бос орындарды өзге мемлекеттік органға беру үшін бос орындардың үлесіне сүйене отырып айқындалған донор-мекемелердің жалпы бос орындары.

      Есеп айырысу үшін бос орындарының үлесі ең көп кемінде үш мемлекеттік органның ақпараты пайдаланылады. Егер мемлекеттік органдардың көрсетілген саны болмаса, осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін мемлекеттік органдар болса, есеп солардың негізінде жүргізіледі.

      19. 5-әрекет. Әрбір донор-мекеменің пропорционалды үлесін айқындау

      Бос орындар үлесіне қарай іріктелген тиісті донор-мекемелер санының жалпы лимитіне қатысты әрбір донор-мекеменің пропорционалды үлесін айқындау мынадай формула бойынша жүзеге асырылады:

      PLᵢ = Lᵢ/Ltotal, мұндағы:

      PLᵢ – әрбір донор-мекеменің пропорционалды үлесі;

      Lᵢ – i-ші донор-мекеменің штат санының лимиті;

      Ltotal – бос орындарды алушыға беру үшін бос орындардың үлесіне сүйеніп айқындалған донор-мекемелердің жалпы лимиті.

      20. 6-әрекет. Әрбір донор-мекеменің бос орындарының пропорционалды үлесін айқындау

      Бос орындардың үлесіне қарай іріктелген донор-мекемелердің бос орындарының жалпы санына қатысты әрбір донор-мекеменің бос орындарының пропорционалды үлесін айқындау мынадай формула бойынша жүзеге асырылады:

      PVᵢ = Vᵢ/Vtotal, мұндағы:

      PVᵢ – әрбір донор-мекеменің бос орындарының пропорционалды үлесі;

      V – i-ші донор-мекеменің бос орындарының саны;

      Vtotal – бос орындарды өзге мемлекеттік органға беру үшін бос орындардың үлесіне сүйеніп айқындалған донор-мекемелердің жалпы бос орындары.

      21. 7-әрекет. Пропорционалдылық коэффициентін айқындау

      Пропорционалдылықтың жалпы коэффициентін штат санының лимитін және бос орындар санын ескере отырып айқындау мынадай формула бойынша жүзеге асырылады:

      Сᵢ = (PL + + PVᵢ) / 2, мұндағы:

      Cᵢ – пропорционалдылық коэффициенті;

      PLᵢ – әрбір донор-мекеменің штат саны лимитінің пропорционалды үлесі;

      PVᵢ – әрбір донор-мекеменің бос орындарының пропорционалды үлесі.

      22. 8-әрекет. Берілетін бос орындардың санын айқындау

      Әрбір донор-мекемеге берілетін бос орындардың санын айқындау мынадай формула бойынша жүзеге асырылады:

      Vtransferᵢ = Сᵢ * Tᵢ, мұндағы:

      Vtransferᵢ – донор-мекемелерден қайта бөлінетін бірліктер саны;

      Сᵢ – пропорционалдылық коэффициенті;

      T – алушының штат санының лимитін ұлғайтуға қажеттілігі (бірлік).

      __________________

  Бос штат бірліктерін
мемлекеттік органдар мен
олардың ведомстволық
бағынысты ұйымдары арасында
қайта бөлу қағидаларына
қосымша

Бос орындарды мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары арасында қайта бөлу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қорытындысының жобасы

1.

Мемлекеттік орган


2.

Сұралып отырған штат саны


3.

Штат санын ұлғайту қажеттігінің негіздемесі


4.

Мемлекеттік органдар арасында қайта бөлінетін қаражат сомасы / жергілікті атқарушы органдардың қосымша сұранысы


5.

Бос орындар саны


6.

Функционалдық талдау / ведомстволық бағынысты ұйымның қызметін талдау нәтижелері


7.

Уәкілетті органның позициясы


8.

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның позициясы


9.

Бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның позициясы


10.

Қорытынды



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады