"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының 2024 – 2033 жылдарға арналған даму жоспарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 25 желтоқсандағы № 1180 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі № 285 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының 2024 – 2033 жылдарға арналған даму жоспарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 25 желтоқсандағы № 1180 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының 2024 – 2033 жылдарға арналған даму жоспары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 28 сәуірдегі
№ 285 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 25 желтоқсандағы
№ 1180 қаулысымен
бекітілген

      Кіріспе

      1-бөлім. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ағымдағы жағдайын талдау

      1-кіші бөлім. Сыртқы ортаны талдау

      1-тарау. Ағымдағы жағдайды және сыртқы ортаның жаһандық факторларының ықпалын талдау      1-параграф. Макроэкономикалық үрдістер

      2-параграф. Мегатрендтер

      3-параграф. Бенчмаркинг

      2-тарау. Сыртқы ортаның құқықтық және саяси факторлары. Мемлекеттік экономикалық саясаттың негізгі бағыттары

      1-параграф. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның мемлекеттік бағдарламалық құжаттарды іске асыруға қатысуы

      2-кіші бөлім. Ішкі ортаны талдау

      3-тарау. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның және ЕҰ-ның ағымдағы құрылымы

      4-тарау. Компания қызметінің мықты және әлсіз жақтарын талдау

      2-бөлім. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ миссиясы мен пайымы

      3-бөлім. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қызметінің стратегиялық бағыттары

      5-тарау. Қызметтің № 1 стратегиялық бағыты – Кәсіпкерлікті қолдау

      1-параграф. Өнеркәсіпті дамыту

      2-параграф. Микро, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау

      3-параграф. Экспорттық әлеуетті арттыру

      4-параграф. АӨК-ті дамыту

      6-тарау. Қызметтің № 2 стратегиялық бағыты – Үлестік қаржыландырудың экожүйесін дамыту

      1-параграф. Үлестік қаржыландыру нарығын дамыту

      2-параграф. Кэптивтік басқарушы компанияларды дамыту

      3-параграф. Венчурлік қаржыландыру нарығын дамыту

      4-параграф. Стресстік активтер нарығын дамыту

      7-тарау. Қызметтің № 3 стратегиялық бағыты – Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету

      8-тарау. Қызметтің үш бағыты шеңберіндегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттер

      1-параграф. "Жасыл" және бейтарап көміртекті экономикаға көшу

      2-параграф. ЕҰ функцияларының портфелін оңтайландыру

      3-парграф. Басқару функцияларын корпоративтік орталықтан ЕҰ-ның директорлар кеңесі мен басқармалары етіп орталықсыздандыру

      4-параграф. Жұмысты ұйымдастырудың жаңа құзыреттері мен әдістерін дамыту

      5-параграф. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ сыртқы борышты басқару стратегиясы

      4-бөлім. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның 2033 жылға дейінгі ҚТК

      "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының 2024 – 2033 жылдарға арналған даму жоспарына 1-қосымша

      "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының 2024 – 2033 жылдарға арналған даму жоспарына 2-қосымша

"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының 2024 – 2033 жылдарға арналған даму жоспары

Кіріспе

      "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ, холдинг) "Даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі кейбір шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы № 571 Жарлығына және "Даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі кейбір шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы № 571 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 25 мамырдағы № 516 қаулысына сәйкес құрылды.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның 2014 – 2023 жылдарға арналған алғашқы онжылдық даму жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 18 маусымдағы № 674 қаулысымен бекітілген және холдинг қызметінің 10 жылында іске асырылуына "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қатысатын мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарындағы бірқатар өзгерістерге, сондай-ақ бірқатар әлеуметтік-экономикалық оқиғаларға байланысты екі рет өзектілендірілген.

      Осы Даму жоспары екінші онжылдық кезеңге (2024 – 2033 жылдар) арналған кезекті стратегиялық құжат болып табылады және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2015 жылғы 9 сәуірде № 10663 болып тіркелген "Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму жоспарларын және акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың іс-шаралар жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ олардың іске асырылуын мониторингтеу және бағалау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 149 бұйрығына сәйкес әзірленді.           

      Даму жоспары Қазақстан Республикасы Президентінің елдегі жағдай мен ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы жолдауы шеңберінде "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ға берген тапсырмаларды, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарындағы ережелерді, сондай-ақ "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қызметіне елеулі әсер ететін ішкі және сыртқы ортадағы мына өзгерістерді ескереді:

      1) энергия ресурстары бағасының төмендеуі; Ресей мен Украина айналасындағы тұрақсыз геосаяси жағдайға байланысты санкциялар мен сауда маршруттарының өзгеруі, өңірге және ұлттық валюталарға қысым жасайтын тиісті санкциялардың күшеюі сияқты бірқатар себептерге байланысты әлемдік экономиканың, әсіресе дамушы нарықтардың өсу қарқынының баяулауының күтілуі;

      2) Мемлекет басшысы 2018 жылы Астана экономикалық форумында айтқан жаһандық бес мегатренд;

      3) Мемлекет басшысының жолдаулары мен ұлттық жобаларды іске асыруға қатысу:

      Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары;

      Мемлекет басшысының 2017 жылғы 31 қаңтардағы "Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Жолдауы;

      Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Жолдауы;

      Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Жолдауы;

      Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауы;

      Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Жолдауы;

      Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі" атты Жолдауы;

      Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" атты Жолдауы;

      Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты Жолдауы;

      Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Жолдауы;

      Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Жолдауы;

      Даму тұжырымдамалары: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 27 сәуірдегі № 250 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы; Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 960 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы; Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы; Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 736 қаулысымен Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы;

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 25 желтоқсандағы № 1102 қаулысымен бекітілген "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы.

      Бұл құжат "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қызметінің бағыттары бойынша өнеркәсіптік-инновациялық, әлеуметтік-экономикалық, өзге де салалардағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын ескере отырып әзірленді және оның 2024 – 2033 жылдарға арналған миссиясын, пайымын, стратегиялық бағыттарын, мақсаттары мен міндеттерін айқындайды.

1-бөлім. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ағымдағы жағдайын талдау

1-кіші бөлім. Сыртқы ортаны талдау

1-тарау. Сыртқы ортаның жаһандық факторларының ықпалын талдау

1-параграф. Макроэкономикалық үрдістер

      Дүниежүзілік Банктің мәліметтері бойынша 2024 жылы Еуропа мен Орталық Азия өңірінде экономикалық өсу қарқыны 3,2 %-ға дейін төмендеді, ал 2025 жылы 2,5 %-ға дейін баяулайды, кейін 2026 жылы 2,7 %-ға дейін өседі деп болжануда. Өз кезегінде, Орталық Азияда өсу 2025 жылы 5 %-ға дейін, кейін 2026 жылы 4,2 %-ға дейін баяулайды деп күтілуде. Мұнай өндірудің өсуінен болып отырған Қазақстандағы өсу алдағы бірнеше жылда тұрақты сипатқа ие болады деп күтілуде.

      Халықаралық валюта қорының әлемдік экономиканың 2027 жылға дейінгі орташа жылдық өсуі бойынша болжамы 3 %-ды құрайды. Әлемдік экономиканың өсу қарқыны баяулайды және соңғы отыз жылдағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі болады, бұл 2009 және 2020 жылдардағы жаһандық рецессиялар кезінде байқалған көрсеткіштерден кейін екінші орында. Дамушы нарығы мен дамушы экономикасы бар елдерде инвестициялардың өсу қарқыны соңғы екі онжылдықта орташа деңгейден төмен болады деп күтілуде. Сыртқы саудаға, экономиканың әлсіз әртараптандырылуына, қарыздың жоғары деңгейіне тәуелді және табиғи апаттарға ұшырауға бейім мемлекеттер экономикалық күйзелістерге әсіресе осал болады. Осылайша, қалыпты деп бағаланатын мемлекеттік борыштың жоғары деңгейлі тәуекелін (2024 жылы ЖІӨ-нің 24 %-ы) қоспағанда, Қазақстан тәуекел аймағында.

      Болжамдағы тәуекелдердің арақатынасы экономикалық өсу қарқынының ықтимал төмендеуін көрсетеді. Экономикалық саясатқа қатысты жоғары жаһандық белгісіздік сақталып отыр: сауда саясатындағы қолайсыз өзгерістердің тәуекелдері сауда, капитал қозғалысы және өңірдегі экономикалық өсу перспективаларына қауіп төндіреді. Қосымша сауда шектеулерін енгізу сауда саласындағы жағдайды одан әрі ушықтыруы және экономикалық көрсеткіштерге теріс әсер етуі мүмкін. EОA-ның барлық елдерінде әскери шығындар көбейді және кез келген қақтығыстың одан әрі өршуі өңірдегі жағдайдың одан да нашарлауына әкелуі мүмкін.

      Халықаралық валюта қорының деректері бойынша Қазақстанда экономикалық өсу 2023 жылы 5,1 %-ға жетіп, 2024 жылы тұрақты болып қалды, ал инфляция біртіндеп төмендей берді. Орта мерзімді перспективада өсудің шамамен 3,5 % деңгейінде тұрақтауы, ал инфляция төмендеп, 2028 жылға қарай нысаналы көрсеткіші 5 %-ға жетеді деп болжанып отыр.

      Атап айтқанда, ауқымды субсидиялар бағдарламаларынан нысаналы қолдауға көшу қажет. Мысалы, қаржы секторы өсудің жоғарлауында шешуші рөл атқаруы мүмкін, бірақ бұл секторға мемлекеттің араласуы қысқартылып, бұл Даму бастама жасаған ШОБ-ты кредиттік қолдау операцияларындағы ауысу мысалында көрсетілгенгендей тікелей араласудан тәуекелдерді бөлудің нысаналы тетіктеріне дейін қайта теңестірілуі керек.

      Нысаналы әлеуметтік шығыстарды, ауыл шаруашылығын жаңғыртуға арналған ынталандыруды сәйкестендіру арқылы халықтың осал топтарын қорғауға баса назар аудару керек.

      Тәуекелдерге негізгі экономикалардың өсуінің баяулауымен, өңірлік қақтығыстардың күшеюімен, қайталама санкциялармен және шикізат тауарларына бағаның жоғары құбылмалылығымен немесе экспорттық құбыржолдар жұмысындағы іркілістермен байланысты сыртқы тәуекелдер жатады. Іштегі негізгі тәуекелдер қысқа мерзімді перспективада ірі инфрақұрылымдық жобалардағы іркілістер, фискалдық тәртіпті қалпына келтіре алмау болып табылады.

      Климаттың өзгеруіне байланысты күрделеніп бара жатқан проблемаларды ескере отырып, тұрақты және икемді экономикалық модельге көшуді жеделдету және биліктің көміртегі шығарындыларын азайту міндеттемелерін орындау үшін неғұрлым кешенді саясат шаралары қажет. Жуырдағы прогреске, оның ішінде ұлттық көміртекті бейтараптық стратегиясын іске асырудағы прогреске сүйене отырып, энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, энергия тиімділігін арттыру және шығарындылары жоғары деңгейдегі секторларды түрлендіру шараларын қабылдау және осал топтардың қажеттіліктерін қанағаттандыру басымдықтар болып табылады.

      Өңірлік тәуекелдердің ішінде экспортталатын мұнайдың көп бөлігі тасымалданатын Каспий құбыржол консорциумының жұмысын, сондай-ақ табысы төмен үй шаруашылықтарының нақты тұтыну себетін төмендететін сақталып отырған жоғары инфляцияны атап өтуге болады.

      Қазақстан Республикасының 2025 – 2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес орта мерзімді перспективада Қазақстан экономикасы негізінен өңдеу өнеркәсібінің, құрылыстың және қызмет көрсету өндірісінің өсуі есебінен орта есеппен 6 % деңгейінде өсетін болады. Жыл сайынғы 6 % өсімді қамтамасыз ету үшін Қазақстан экономикасына кредит беру деңгейі орта есеппен 14 % деңгейінде болуға тиіс. Бұл ретте инфляция деңгейінің болжамы 2027 жылға қарай 7,5 %-дан 5 %-ға дейін баяулайды және осы деңгейде сақталады.

      Алайда, бұл болжамдарды мұнай бағасы барреліне 75 АҚШ долларынан төмен емес болып сақталған жағдайда ғана ескеру қажет.

      Сонымен қатар 2030 жылға дейінгі перспективада негізгі өндірушілердің мұнай өндіруді ұлғайту жоспарлары есебінен мұнай бағасына қысым күтілуде. Мәселен, ОПЕК+ мұнай өндірудің жыл сайынғы көлемін тәулігіне 138 мың баррельден бастап тәулігіне 106,6 млн баррельге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр, ал АҚШ Президентінің Әкімшілігі 2026 жылы мұнай өндіру көлемін 140 мың баррельге – тәулігіне 13,7 млн баррельге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр, бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай тәулігіне 14 млн баррельге дейін ұлғайтпақшы. Осылайша, Reuters сарапшыларының болжауынша, алдағы 5 жылда мұнай бағасы барреліне 55-60 АҚШ долларына дейін төмендеуі мүмкін.

2-параграф. Мегатрендтер

      Жаһандық трендтер әлемдік экономиканың ұзақ мерзімді дамуына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Қазіргі уақытта әлемдік экономиканың даму векторын айқындай алатын заманауи мегатрендтер өзекті болып отыр.

      1. Орнықты даму – бұл қазіргі ұрпақтың қажеттіліктерін қанағаттандыратын және болашақ ұрпақтың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру қабілетіне нұқсан келтірмейтін даму.

      Әлемнің дамыған елдері даму институттары арқылы әлеуметтік маңызды нәтижелерге қол жеткізу үшін негіз болып табылатын қаржылық қолдау көрсету кезінде экологиялық және әлеуметтік аспектілерге көбірек назар аудара отырып, өз экономикаларының тұрақты дамуына ықпал етуге ұмтылады.

      2. 4.0 индустриясы: адамзат қызметінің барлық салаларын цифрландыру. Өзгерістер еңбек нарығы, өмір сүру ортасы, саяси жүйелер, технологиялық құрылым, адамның жеке басы сияқты өмірдің әртүрлі аспектілеріне қатысты болады. "Цифрландырудың" мақсаты орта мерзімді перспективада цифрлық технологияларды пайдалану есебінен экономиканың даму қарқынын жеделдету және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін экономиканың түбегейлі жаңа даму траекториясына көшуі үшін жағдай жасау болып табылады.

      3. Жасанды интеллекті дамыту – бұл дәстүрлі түрде адам жасайтын шығармашылық функцияларды интеллектуалды машиналардың орындау қабілеті. Жасанды интеллект 4.0 индустриясының негізгі элементтеріне жатады және автоматтандыруды енгізу, өндірістік процестерді роботтандыру арқылы еңбек өнімділігін арттыру үшін экономика саласына енгізу үшін қажет.

      4. Өнімділікті арттыру экономиканы дамытудың негізгі айқындаушы факторы болып табылады. Өнімділікті арттыру бәсекеге қабілетті экономиканы құру үшін қажет. Өнімділіктің өсуі Қазақстан экономикасының тұрақты ұзақ мерзімді дамуының негізгі қозғаушы күші болып табылады. Соңғы 20 жыл ішінде төмендеген өнімділіктің өсуіндегі құлдырау Қазақстанда ЖІӨ өсуінің төмен орта мерзімді перспективаларына негізделетін басты фактор болып табылады.

      Бұл құлдырау негізінен экономиканың барлық негізгі секторларында – ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте және көрсетілетін қызметтерді салаішілік өнімділіктің өсу қарқынының төмендеуімен байланысты. Өнімділіктің өсу қарқынының төмендігі жеке сектор көлемінің шағындығына, нарықтың жоғары шоғырлануына және "жасампаз жойылу" процесінің болмауына байланысты.

      Осыған байланысты "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Қазақстан экономикасының дамуына әсер ететін қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерді назарға ала отырып, ішкі сол сияқты әлемдік нарықтарда экономикалық өсудің жаңа көздерін дамыту бойынша нақты шараларға баса назар аударуы қажет.

3-параграф. Бенчмаркинг

      Ең танымал анықтамалардың біріне сәйкес даму институттары – бұл айтарлықтай оң сыртқы әсерлерді (экономикалық және әлеуметтік) тудыратын, бірақ жеке сектор толық қаржыландыра алмайтын жобаларды ұзақ мерзімді қаржыландыруды қамтамасыз ететін мамандандырылған қаржы институттары. Көп жағдайда даму институттарының негізгі меншік иесі мемлекет болып табылады.

      Бүгінгі таңда әлемде 750-ге жуық даму институты бар, олардың қызметі көптеген елдерді қамтиды. Олар ірі елдердің экономикаларында маңызды рөл атқарады және оларға әлемнің ірі өңірлері мен елдеріндегі (мысалы, Оңтүстік Азия – 12 %, Латын Америкасы – 10 %, Германия – 8 %) жиынтық банк активтерінің едәуір үлесі, сондай-ақ ұлттық банктер берген кредиттердің айтарлықтай үлесі (Латын Америкасы елдерінде – орта есеппен 30 %) тиесілі.

      Даму институттарының қызметіне неғұрлым күшті әсер ететін секторларға экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылым (энергетика, көлік, байланыс, ирригация, тұрғын үй құрылысы, денсаулық сақтау, білім беру), капиталды қажет ететін өнеркәсіп салалары (мұнай өндіру, металлургия, химия және мұнай химиясы, ауыр машина жасау және т.б.), ауыл шаруашылығы жатады.

      Әртүрлі елдердегі даму институттарының қызметі мына міндеттерді шешуге бағытталған:

      ұлттық компаниялардың ұзақ мерзімді қаржыландыруға қол жеткізуін қамтамасыз ету, ұзақ мерзімді капиталдың ұлттық нарықтарын қалыптастыру;

      экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылым салаларында, сондай-ақ ауыл шаруашылығында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру;

      дамуы ұлттық бәсекеге қабілеттілік үшін стратегиялық маңызды, бірақ "нарықтағы сәтсіздіктермен" тежеліп тұрған қызметтің жаңа салаларын қолдау;

      өңірлік даму теңгерімсіздіктерін теңестіруді қамтамасыз ететін инвестициялық жобаларды жүзеге асыру;

      шағын және орта бизнеске қаржыландыруға және қажетті ақпараттық-консультациялық көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуі үшін жағдай жасау;

      халықаралық ынтымақтастық бағдарламаларында көзделген инвестициялық жобаларды іске асыру;

      дағдарыс жағдайында кредиттік және қаржы нарықтарының тұрақтылығын қолдап тұру (қаржылық көрсетілетін қызметтердің жеке секторының қысылуын өтеу).

      Төменде холдингтің және халықаралық аналогтардың қызметіне салыстырмалы талдау келтірілген.

      1-кесте. Холдингті және халықаралық аналогтарды салыстырмалы талдау.



      Qatar Investment Authority (бұдан әрі – QIA)

      QIA – Қатар мемлекетінің егеменді әл-ауқат қоры. QIA 2005 жылы Қатардың қаржылық активтерін қорғау және көбейту әрі экономиканы әртараптандыру мақсатында құрылды. Қатардың энергия тасығыштардың бағасына тәуелділігімен байланысты тәуекелдерді азайту стратегиясының шеңберінде қор негізінен халықаралық нарықтарға (АҚШ, Еуропа және Азия-Тынық мұхиты өңірі), сондай-ақ энергетика секторынан тыс Қатарға инвестиция салады. 2023 жылдың соңына қарай QIA активтері 475 млрд АҚШ долларына бағаланды. Қорландырудың негізгі көзі Қатардың мұнай-газ қоры болып табылады.




      1-сурет. QIA-ның география және секторлар бөлінісіндегі портфелі.


      Mubadala Investment Company (бұдан әрі – Mubadala)

      Mubadala – Біріккен Араб Әмірліктерінің егеменді әл-ауқат қоры ретінде жұмыс істейтін мемлекеттік холдингтік компаниясы. Mubadala-ның міндеті өзінің акционері – Абу-Даби Үкіметі үшін орнықты қаржылық қайтарым алу үшін Біріккен Араб Әмірліктерінің мұнай қорының қаражатын инвестициялау және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі және шетелдегі активтер мен инвестициялардың әртүрлі портфелін басқару арқылы Абу-Даби экономикасын әртараптандыруға жәрдемдесуге негізделеді. Mubadala басқаруындағы активтер 2023 жылдың қорытындысы бойынша 302 млрд АҚШ долларын құрады.




      2-сурет. Mubadala-ның география және секторлар бөлінісіндегі портфелі.

      Korea Development Bank (бұдан әрі – KDB)

      KDB – 1954 жылы Оңтүстік Корея өнеркәсібінің дамуын қаржыландыру үшін құрылған Кореяның мемлекеттік банкі. 19 елде филиалдары мен өкілдіктері бар. Банк көлік, электр энергетикасы, тұрғын үй және офистік жылжымайтын мүлік салаларындағы жобаларды қаржыландыруды жүзеге асырады, сондай-ақ шағын және орта бизнеске кредит береді. Банк өзінің басқаруындағы зейнетақы қорлары активтерінің мөлшері бойынша 11-орында. 2023 жылдың соңында басқаруындағы активтер 234 млрд АҚШ долларын құрады. Капиталдың негізгі көзі облигацияларды, оның ішінде шетел нарықтарында шығару болып табылады.



2-тарау. Сыртқы ортаның құқықтық және саяси факторлары. Мемлекеттік экономикалық саясаттың негізгі бағыттары

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ өз қызметінде өнеркәсіптік-инновациялық даму, ұлттық өнім экспортын ілгерілету, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, тұрғын үй-құрылыс секторындағы міндеттерді іске асыру және халықтың әл-ауқатын арттыру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі қойған басқа да міндеттерді басшылыққа алады.     

      Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында мемлекет дамуының негізгі векторларын айқындау мақсатында бірқатар стратегиялық бағыттар мен жалпыұлттық басымдықтар белгіленген.

      Атап айтқанда, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ мынадай стратегиялық бағыттарды іске асыруға тартылған:

      1) өмірдің жоғары сапасы;

      2) экономиканың берік іргетасы;

      3) өсудің жаңа нүктелері;

      4) экономика мен қоғамның түпкілікті түрленуі.

      Еңбек өнімділігінің ұзақ мерзімді өсуі, өндіріс пен экспортты әртараптандыру, сондай-ақ сыртқы, ішкі ресурстарды тарту және оларды белсенді пайдалану есебінен елдің бизнес-секторларын дамыту экономикалық өсудің негізі болуға тиіс.

      Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауларында одан әрі дамудың стратегиялық бағдарларын көрсетіп берді.

      Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Жолдауында банктерді кәсіпкерлік субъектілеріне (оның ішінде экономиканың орнықтылығы мен үдемелі өсуі үшін шағын және орта бизнеске) кредит беруді ұлғайтуға ынталандыру, тікелей субсидиялаудан қолжетімді кредитпен қамтамасыз етуге, ірі жобаларды іске асыруға көшу жолымен агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландыру көлемін ұлғайту (отандық шикізат пен құрауыштарды барынша пайдалануды ескере отырып, ірі жүйе құраушы кәсіпорындардың айналасында іргелес өндірістерді жолға қою), қаржы институттары тарапынан жылу және электр генерациясы мен желілерінің жаңа объектілерінің құрылысын және қолданыстағыларды жаңғыртуды ұзақ мерзімді қаржыландыруды қамтамасыз ету, экономиканың барлық салаларында, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу технологияларын пайдалануды ынталандыру көзделген.

      Бұдан басқа, Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Жолдауында мемлекеттік қолдауды операциялық тиімді ету мақсатында "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ны құрылымдық трансформациялау және оны ауқымды цифрландыруды жүзеге асыру; "Экспорттық-кредиттік агенттік" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – ЭКА) базасында қажетті құралдарды шоғырландыра отырып, экспортты ілгерілететін толыққанды институт құру; жұмыс бағдарын аудандарда, моноқалаларда және ірі ауылдық елді мекендерде тұрғын үймен қамтамасыз етуге аудара отырып, Отбасы банк қызметін қайта ұйымдастыру; басым жобаларды қаржыландыру кезінде даму институттарының кепілдіктер беру мүмкіндігін кеңейтетін тетіктер әзірлеу; сондай-ақ синдикатталған қаржыландыру мен бірлесе қаржыландыруды ұсыну тапсырылды.

1-параграф. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның мемлекеттік бағдарламалық құжаттарды іске асыруға қатысуы

      1. Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы

      "Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі мақсаты жоғары өнімді және экспортқа бағдарланған өңдеу өнеркәсібін құру болып табылады.

      Осы Даму тұжырымдамасы шеңберінде "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі және негізгі капиталға инвестициялар сияқты бағыттарды іске асыру жөніндегі негізгі операторлардың бірі болып табылады.

      Атап айтқанда, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ еншілес компаниялар арқылы барлық қайтарымды қаржылық қолдау шараларының операторы болып қала береді, оның өкілеттіктеріне өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына жеңілдікті кредит беруді қамтамасыз ету үшін борыш пен капиталдың сыртқы және ішкі нарықтарынан ресурстарды тарту, сондай-ақ қолдаудың өзге де қаржылық және қаржылық емес құралдарын (оның ішінде экспорттық кредит беру, лизингтік қаржыландыру, екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі – ЕДБ) кредиттерін кепілдендіру, негізгі капиталға инвестициялар, мезониндік қаржыландыру, жобаларды консультациялық сүйемелдеу, инвесторларды іздеу және басқалар) беру кіреді. Сондай-ақ "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ мынадай:

      1) тиімсіз және сұранысқа ие емес қолдау шараларын қайта қарау;

      2) нарықтық бағаларды бұрмалайтын және жеке сектордың дамуына теріс әсер ететін қолдау бағдарламаларын қаржыландыруды қысқарту;

      3) мемлекеттік қаражаттан қаржыландыру кезінде жеке сектор бірлесіп қаржыландыратын жобаларды басым түрде қолдау сияқты қаржылық қолдау қағидаттарын ұстана отырып, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын кешенді қолдау тәсілін белсенді түрде кеңейтетін болады.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету кезінде Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасын басшылыққа алатын болады.

      Даму тұжырымдамасының нысаналы индикаторларына қол жеткізу үшін қаржылық қолдау құралдарын кеңейту арқылы өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпкерлік субъектілерін көбірек қамту қажеттілігі туындайды. Нәтижесінде баламалы қаржыландыру көздерінің, оның ішінде тікелей инвестициялар қорлары құралдарының маңыздылығы артады. Осы бағыт бойынша "Qazaqstan Investment Corporation" акционерлік қоғамы үлестік қаржыландыру құралдары арқылы өңдеу өнеркәсібі саласындағы қазақстандық кәсіпорындарды қолдауды жалғастырады.

      2. Қазақстан Республикасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы

      "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Даму) Қазақстан Республикасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының қаржы агенті болып табылады және кредиттер/борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау және ЕДБ кредиттеріне/облигацияларына кепілдік беру арқылы микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін (бұдан әрі – МШОБ) қолдауды жүзеге асырады.

      3. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы

      Халықтың тұрғын үйге деген сұранысының жоғары болуына байланысты Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Негізінен инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды дайындау, тұрғын үй құрылысына жеке инвестициялар тарту, тұрғын үй-құрылыс жинақтары жүйесін тиімді пайдалану және кредиттік тұрғын үй құрылысын бюджеттен тыс қаржыландыруға көшіру мәселелеріне назар аударылады.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ және оның еншілес ұйымдары (бұдан әрі – ЕҰ) қызметінің үш стратегиялық бағытының бірі тұрғын үйдің қолжетімділігі мен жайлылығын арттыру мақсатында жоғарыда аталған Даму тұжырымдамасын іске асыру болып табылады. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу мынадай міндеттер бойынша сұраныс пен ұсынысты ынталандырумен бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру арқылы көзделеді:

      1) "Отбасы банк" арқылы тұрғын үй сатып алуға және жеке тұрғын үй қорында жалға алынған тұрғын үй үшін төлемнің бір бөлігін субсидиялауға жеңілдікті қарыздар беру;

      2) жергілікті атқарушы органдарда (бұдан әрі – ЖАО) кезекте тұрғандар мен Отбасы банкінің салымшылары үшін кредиттік және әлеуметтік тұрғын үй құрылысын ЖАО бағалы қағаздарын сатып алу, жеке құрылыс салушыларды жобалық қаржыландыру, халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын тарту, нарықтық қарыз алумен өз қаражатын араластыру және тұрғын үй құрылысын қаржыландырудың өзге де тетіктері арқылы қаржыландыру;

      3) коммерциялық кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау есебінен жеке құрылыс салушылардың тұрғын үй салуын ынталандыру;

      4) Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторы – "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – ҚТК) арқылы халықтың үлестік салымдарын қорғау тетігін іске асыру;

      5) ҚТК арқылы сатып алумен жалға берілетін тұрғын үй нарығын дамыту;

      6) ақпараттық технологиялар мен талдамалық зерттеулерді дамыту.

      4. Қазақстан Республикасының АӨК дамытудың 2021 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ "Аграрлық несие корпорациясы" (бұдан әрі – АНК) және "ҚазАгроҚаржы" (бұдан әрі – ҚАҚ) акционерлік қоғамдары арқылы қаржылық қолдау құралдары операторының функциясын атқарады. Бұл құжат еңбек өнімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, отандық өндірістің азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығына және азық-түлік өндірісіне негізгі капиталға инвестициялар тарту арқылы бәсекеге қабілетті АӨК құруға бағытталған.

      5. "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қаржы операторы ретінде еншілес ұйымдар арқылы Бюджет кодексінің қолданыстағы редакциясына сәйкес ЖАО облигациялық қарыздары арқылы табиғи монополиялар субъектілерін тікелей қаржыландыру және табиғи монополиялар субъектілерін қаржыландыру тетіктерін іске асыру жөніндегі функцияларды жүзеге асырады.

2-кіші бөлім. Ішкі ортаны талдау

3-тарау. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның және ЕҰ-ның ағымдағы құрылымы

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ құрамына бұрын әртүрлі мемлекеттік органдардың және/немесе квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басқаруында болған 7 ЕҰ (осы Жоспарға 2-қосымша) кіреді.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ЕҰ әртүрлі қолдау құралдарын ұсыну арқылы Қазақстан экономикасының дамуына жәрдемдесуді жүзеге асырады. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ЕҰ-дағы барлық қолданыстағы қолдау құралдарын (қаржылық, сол сияқты қаржылық емес) шартты түрде қызметтің мынадай 3 бағытына: үлестік қаржыландырудың экожүйесін дамыту (РЕ), кәсіпкерлікті қолдау (оның ішінде өнеркәсіпті дамыту, экспортты қолдау, МШОК дамыту, АӨК дамыту) және халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету деп бөлуге болады (төмендегі 4-суретті қараңы





      1 Берешекті қайта құрылымдау, стратегиялық инвесторларды тарту

      2 ЕДБ/МКҰ шартты қаржыландыруды, ЕДБ/ЛК мөлшерлемесін субсидиялауды, ЕДБ кредиттеріне кепілдік беруді, қарыз және үлестік қаржыландыруды қоса алғанда     

      4-сурет. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ЕҰ-да экономиканы дамытатын қолдау құралдарының матрицасы

           

      Аталған үш бағыт мынадай бірқатар сипаттамалары бойынша бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді, мысалы:

      1. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ активтер портфеліндегі үлесі.

      2. Активтердің кірістілік деңгейі.

      3. Қызмет көрсетілетін клиенттер саны.

      4. Инвестициялау/қолдау аясы.

      5. Қорландырудың типтік құрылымы.

      6. Кредиттік портфельдің сапасы.

      7. Активтерді басқаруға арналған операциялық шығыстар.

      Сонымен қатар "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қызметінің төрт бағыты экономиканы дамытудың байланысты мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде іске асырылуда (төмендегі 5-суретті қараңыз).




      5-сурет. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қызметінің бағыттарын бірқатар сипаттамалар бойынша салыстыру

      Дереккөз: ЕҰ деректері (2024ж. алдын ала деректер бойынша)

      Халықаралық практиканың салыстырмалы талдауы қызметтің әртүрлі мамандандырылған бағыттарын біріктіру нәтижесінде "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ теңдесі жоқ бірегей даму институты болып табылатынын көрсетті.

      Қызмет бағыттарының сипаттамаларындағы елеулі айырмашылықтарды және салыстырмалы талдау нәтижелерін ескере отырып, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қызметін көрсетілген бағыттар контекстінде жоспарлау, талдау және бағалау қажет.

4-тарау. Компания қызметінің мықты және әлсіз жақтарын талдау


Мықты жақтары

Әлсіз жақтары

1) "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ мен оның ЕҰ-на Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан жалғыз акционер тарапынан елеулі қолдау көрсетілуі;
2) дамыған инфрақұрылым, экономиканы қолдаудың айтарлықтай тәжірибесі, жеке бизнеспен өзара іс-қимыл тәжірибесі;
3) валюталық, пайыздық, кредиттік және басқа портфельдік тәуекелдерді тиімді басқару;
4) халықаралық және жергілікті капитал нарықтарында қаржыландыруды тарту тәжірибесі;
5) "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ЕҰ-да қаржылық және қаржылық емес қолдау құралдарының ауқымды жиынтығы;
6) ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің (бұдан әрі – АШТӨ) ауқымды клиенттік базасы, АӨК субъектілерін қолдау бойынша ЕҰ-ның жұмыс тәжірибесі;
7) ЕҰ филиалдарының ауқымды өңірлік желісінің болуы;
8) нысаналы топтардың "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қызметіне сенімі деңгейінің жоғары болуы;
9) нысаналы топтардың "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қызметі туралы хабардар болуы деңгейінің жоғары болуы;
10) Холдинг клиенттерімен жүргізілген тәуелсіз сауалнаманың қорытындысы бойынша бұрын ұсынылған шаралардың әлсіз тұстарын талдау мен пысықтауды ескере отырып, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну.

1) ірі жобаларды кредиттеудің тым ұзақтығы, бұл тұтастай алғанда кәсіпорын қызметі тиімділігінің төмендеуіне алып келеді;
2) Индустрия 4.0-ге дайындығы тұрғысынан технологиялық сараптама бойынша көрсетілетін қызметтердің болмауы;
3) "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ клиенттерінен алынған мемлекеттік қолдау шараларына қанағаттану туралы кері байланыстың жеткіліксіздігі;
4) "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның кредиттік талаптарының деңгейі жоғары банк секторындағы теріс трендтер;
5) АӨК секторының мемлекеттік қаржыландыруға тәуелділігі.

Мүмкіндіктер

Қауіптер

1) Қазақстан экономикасының дамуды қаржылық және қаржылық емес қолдауға сұранысының жоғары болуы;
2) қазақстандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру қажеттігі;
3) инфрақұрылымды дамытуға және жаңғыртуға инвестицияларды ұлғайту қажеттігі;
4) мемлекеттік емес қаржыландыру көздерінен қаражат тарту мүмкіндігі;
5) жеке сектормен ынтымақтастықты кеңейту, атап айтқанда жеке қаржы институттарымен бірлесіп қаржыландыру;
6) ЕҰ арасында синергияны өрістету мүмкіндігі;
7) венчурлік қорлар және стартап акселераторлар түріндегі венчурлік кәсіпкерлікті және инновациялық инфрақұрылымды дамыту.

1) сыртқы факторларға байланысты елдегі макроэкономикалық жағдайдың нашарлауы. Бұл ұлттық валютаның одан әрі әлсіреуіне және елдік тәуекелдердің нашарлауына әкелуі мүмкін;
2) Қазақстан Республикасы қор нарығының дамымауы;
3) "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ кредиттік рейтингі төмендеген жағдайда сыртқы қаржыландыру көздеріне қолжетімділік шектеледі;
4) Қазақстанда жобалардың әлсіз инвестициялық тартымдылығы;
5) ЕДБ портфельдеріндегі проблемалық кредиттер үлесінің жоғары деңгейінің сақталуы;
6) "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ЕҰ клиенттеріне қайталама санкциялардың салыну тәуекелдері.

      3-кесте. SWOT-талдау

2-бөлім. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ миссиясы мен пайымы

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ миссиясы – қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісін қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту және қоғам алдындағы жауапкершілік қағидаттарымен азық-түлік қауіпсіздігін нығайту арқылы Қазақстан Республикасы экономикасының орнықты түрде өсуіне жәрдемдесу болып табылады.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ пайымы – жаңа салалық "өсу нүктелерін" дамыту арқылы Қазақстан экономикасының құрылымын түрлендіретін проактивті басқарушы холдинг.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ өз миссиясын іске асыру шеңберінде шешетін түйінді міндеттер:

      1) экономиканың шикізаттық емес салаларын дамыту;

      2) кәсіпкерлікті дамыту;

      3) өңдеу өнеркәсібін дамыту;

      4) шикізаттық емес өнімдер экспортын қолдау;

      5) еңбек өнімділігін арттыру;

      6) бәсекеге қабілетті АӨК дамыту;

      7) экономиканың инвестициялық тартымдылығын арттыру;

      8) халықтың әл-ауқатын жақсарту.

      Алғашқы алты міндет "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның микро, шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерін қолдауды, өнеркәсіпті дамытуды және өңірлік дамытуды қамтитын "Кәсіпкерлікті қолдау" стратегиялық бағыты бойынша негізгі қызметін жүзеге асыру арқылы шешіледі.

      Экономиканың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жетінші міндет Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ макроөңірде де үлестік қаржыландыру экожүйесін дамытудың стратегиялық бағыты шеңберінде шешіледі.

      Халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі сегізінші міндет "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның "Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету" қызметінің стратегиялық бағыты шеңберінде шешіледі.

      Стратегиялық бағыттардың әрқайсысы бойынша осы Жоспардың 4-бөлімінде 2033 жылға дейінгі нысаналы мәнді айқындай отырып, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қызметінің ПӘК көзделген.

      Жылдық аралық нысаналы мәндері мен іс-шаралары бар егжей-тегжейлі кіші міндеттер "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Директорлар кеңесі бес жылға бекітетін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ іс-шаралар жоспары шеңберінде көзделетін болады.

3-бөлім. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қызметінің стратегиялық бағыттары

5-тарау. Қызметтің № 1 стратегиялық бағыты – Кәсіпкерлікті қолдау

1-параграф. Өнеркәсіпті дамыту

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның өнеркәсіптік жобаларды қолдау жөніндегі қызметі борыштық қаржыландыру және лизинг құралдары шеңберінде қолдау көрсететін "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – ҚДБ) және оның еншілес ұйымы "Өнеркәсіпті дамыту қоры" акционерлік қоғамы қызметінің бағыттарының бірі болып табылады. Қызметтің осы бағытындағы негізгі проблемалық мәселелер мыналар болып табылады:

      1. Жобаларды қаржыландыруға мемлекеттік және жеке көздерден тартылған қаражаттың айналымы: ұзақ мерзімді жеңілдікті қаржыландыру кәсіпорындардың қаржылық тәртібіне теріс әсер етуі және нарықтық ортада неғұрлым бәсекеге қабілетті болуға ынталандыруды болдырмауы мүмкін.

      Қазіргі уақытта жобаларға кредит берумен байланысты проблемалар бар, сондықтан ЕДБ несие портфелінің ЖІӨ-ге қатынасы 2009 жылғы 56,7 %-дан 2024 жылдың қорытындысы бойынша 42 %-ға дейін төмендеді. Себептері: кәсіпорындардың қайта кредиттелуі, қарыз алушылар активтерінің қайта кепілге қойылуы, кепілмен қамтамасыз етілмеуі, жеке инвесторлар үшін тартымдылық пен кепілдіктердің болмауы.

      Бұл проблеманы шешу үшін жеткілікті өтімділік қана емес, сонымен қатар жеке инвесторлар үшін тартымды жаңа инвестициялық жобалар санының басым болуы қажет.

      Басым жобаларға кредит беруді жүзеге асыру кезінде "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ мемлекеттік қатысуды қысқарта отырып, жобаларды қаржыландыру құрылымына жеке инвесторларды барынша тартуға ұмтылатын болады. Осыған байланысты бірлескен қаржыландыру (синдикатталған кредиттеуді қоса алғанда) және кредиттер портфелін секьюритилендіру құралдарын кеңінен қолдану жалғасады. Мұндай құралдарды пайдалану жобаларды тиімді құрылымдау, бірлесіп қаржыландырушы тараптар арасында тәуекелдерді бөлу, кәсіпорындардағы менеджменттің ашықтығы мен сапасына қойылатын талаптарды жақсарту есебінен бастамашылар үшін қаржыландырудың экономикалық құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

      Синдикатталған кредит беру ҚДБ мен ЕДБ қатысуымен жүзеге асырылады. ҚДБ инвестициялық фаза кезеңінде қаржыландыруға қатысады. Кейіннен жобаның нысаналы көрсеткіштеріне (жобаның инвестициядан кейінгі фазасы) қол жеткізген кезде кредит үлесін ЕДБ пайдасына кезең-кезеңімен беру болжанады.

      Сонымен қатар жеке инвесторлардың жобаларды қаржыландырудың бастапқы кезеңіне қатысуы олардың табысты іске асырылу ықтималдығын және қосымша сапалы сараптама және бірқатар жағдайларда жаңа экономикалық байланыстарды енгізу есебінен олар өндіретін өнімге сұранысты едәуір арттырады. Өз кезегінде, қаржыландыру құрылымында ұлттық даму институты тұлғасында мемлекеттік әріптестің болуы жеке инвесторлардың бірлескен жобаларды іске асыруға ұзақ мерзімді мүдделілігіне деген сенімі мен сенімділігін арттырады.

      Басым инвестициялық жобаларға, оның ішінде инфрақұрылымдық жобаларға кредит беруге жеке қаржы ұйымдарының біршама қаражат көлемін тарту мақсатында, мемлекеттік кепілдікпен жобаларды кепілдендіру және қаржыландыру құралдары қосымша дамуға ие болады. Бұл ретте, кепілдік беру тетігін іске асыру жеке әріптестермен тепе-тең шарттарда да жүзеге асырылатын болады.

      Нәтижесінде бұл шаралар мемлекеттік қаражаттың айналымын арттыруға, сол арқылы республикалық бюджетке қысымды төмендетуге мүмкіндік береді.

      2. Қарыз алу құнының жоғары болуы: 2024 жылы "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ және еншілес ұйымдар 1 жылдан 30 жылға дейінгі мерзімге 2 857,9 млрд теңге сомасына нарықтық қарыз тартты, тартылған қаражаттың орташа өлшенген мөлшерлемелері: теңгемен – жылдық 13,73 %, АҚШ долларымен – жылдық 4,8 % (мысалы, холдингтің 2024 жылғы 26 желтоқсандағы 100 млрд теңге сомасында облигациялар шығарылымы жылдық 15 % мөлшерлемемен орналастырылды).

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ және оның еншілес ұйымдары нарықтық қорландырудың неғұрлым қолжетімді көздерін іздеу, оның ішінде кредиттік рейтингтің жоғары деңгейін ұстап тұру және орнықты даму рейтингін ұлғайту түріндегі өзінің іскерлік беделін арттыру бойынша жұмысты тұрақты негізде жалғастырады.

      3. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның мәмілелерді іздеуге және құрылымдауға реактивті тәсілі: "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның ағымдағы операциялық моделінде кәсіпкерлермен тікелей өзара іс-қимылдың көлемі шектеулі, өйткені тікелей қолдау ЕҰ деңгейінде іске асырылады. Бұл ретте "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ірі бизнес сегментіндегі жобаларды кешенді қолдау шеңберінде экономиканың басым секторларындағы белгілі бір бағыттарды қолдауға белсенді түрде бастама жасайтын болады.

      Сондай-ақ инвестициялық жобаларды іріктеу кезінде холдинг Қазақстан Республикасы экономикасының дамуына үлес қосуға және ықпал етуге қабілетті неғұрлым әлеуметтік маңызы бар жобаларды бөліп көрсетуге және осындай жобаларға неғұрлым тиімді жағдайлар жасауға мүмкіндік беретін даму индексін басшылыққа алады;

      4. Қолдау құралдары деңгейіндегі кросс-функционалдылық (кешенді қолдау): кешенді қолдау шеңберінде экспортқа бағдарланған жаңа өндірістерді құруға және қолданыстағы өндірістерді жаңғыртуға бағытталған, оның ішінде қосылған құнның бірыңғай тізбегін қалыптастыратын кластерлік бастамалар іске асырылуда. Кластерлік тәсіл қолдау синергиясын құра отырып, холдингтің бірнеше еншілес ұйымдарының қаржылық қолдауын құрылымдауды білдіреді. Бұл ретте, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ деңгейінде үйлестіру мен қатысушылықтың болуы жағдайында кешенді қолдау практикасын кеңейту әлеуетінің елеулі болуы байқалады.

      Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде оқшаулау деңгейін арттыруға ұмтылатын отандық тауар өндірушілерді қолдауға ерекше назар аударылатын болады.

      Ұлттық экономиканың орнықты өсуін қолдау және шикізатқа тәуелділікті төмендету мақсатында экономиканы әртараптандыру шаралары жалғасады. Атап айтқанда, кәсіпкерлік субъектілерін индустрияландыру жобаларына көмек көрсетіледі, сондай-ақ жоғары және орташа қайта өңдеу тауарларын шығаратын жобаларға баса назар аударып, экспорттаушыларға қолдау көрсетіледі.

      Бұдан басқа, 2025 жылы кредиттеу құралы арқылы өңдеу өнеркәсібі, фармацевтика, АӨК, энергетика, логистика, ақпарат, байланыс және көлік инфрақұрылымы салаларында ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету үшін 300 млрд теңге сомасына кейіннен "ҚДБ" АҚ жарғылық капиталы ұлғайтыла отырып, 2025 жылы "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ жарғылық капиталы ұлғайтылатын болады.

      Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі мен көлік инфрақұрылымы жобаларын қаржыландыру үшін 2025 жылы 300 млрд теңге сомасына "Бәйтерек "ҰБХ" АҚ-ның жарғылық капиталы ұлғайтылады, кейін "ҚДБ" АҚ-ның жарғылық капиталы, кейін "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ-ның жарғылық капиталы ұлғайтылады.

      Атап айтқанда, лизингтік қаржыландыру және кредит беру құралдары арқылы металлургия; дайын металл бұйымдарын өндіру; химия өнеркәсібі; машина жасау, оның ішінде автомобиль жасау, арнайы техника өндірісі, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, электр техникалық және ауыр машина жасау; құрылыс материалдарын өндіру; ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібі; қағаз және қағаз өнімдерін өндіру; жеңіл өнеркәсіп; резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру салаларына қолдау көрсетіледі.

      Бұл өткізілген өнім мен шикізаттық емес өнім экспортының қосымша көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ кәсіпорындарда жаңа жұмыс орындары ашылады немесе бұрынғы жұмыс орындары сақталады деп болжанады, бұл азаматтардың әл-ауқатына оң әсер етеді.

      5. Жеңілдікті қаржыландыруды алушылардың қарсы міндеттемелері: өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсетудің тиімділігін арттыру мақсатында кәсіпорынның өндірістің экономикалық көрсеткіштерін орындау жөніндегі міндеттемелерінің жиынтығын көздейтін кәсіпорындардың, оның ішінде, бірақ онымен шектелмей, өндірістік персоналдың орташа жалақысын арттыру, өткізілетін өнім көлемін ұлғайту, кәсіпорын өндірісінің көлемін ұлғайту, жұмыс орындарын құру және/немесе сақтау, кәсіпорынның кіріс көлемін, өнімнің экспортын ұлғайту, еңбек өнімділігін ұлғайту, өткізу нарықтарын кеңейту, сондай-ақ жобаларды іске асыру кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудағы елішілік құндылықты арттыру сияқты қарсы міндеттемелері енгізілетін болады.

      6. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қаржылық қолдау алушылары құнының өсуін ынталандыру тұрақты және бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құруға жәрдемдеседі. ҚДБ қарыз алушылары мен QIC жобалау компанияларының құнын арттыру, сондай-ақ оларды жария компаниялар қатарына қосу үшін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқарудың озық практикаларын тираждау, атқарушы компаниялардың ашықтығын арттыру, сондай-ақ қаржылық есептіліктің сапалы сыртқы аудитінің міндетті түрде болуы және басқалар бойынша талаптарды қою сияқты құралдарды әзірлеу және ұсыну арқылы қарыз алушы компаниялардың ашықтығы деңгейін және ҚДБ қарыз алушы компаниялары мен QIC жобалау компанияларының еңбек өнімділігін арттыратын болады.

      Бұл шара қарыз алушыларды өзінің өндірістік процесін үнемі жақсартуға, жаңа бәсекелестік артықшылықтарды іздеуге, үнемі өзгеріп отыратын жағдайларға тиімді бейімделуге ынталандыруға мүмкіндік береді және қарыз алушы компаниялардың құнын ұлғайтуға ықпал етеді және нәтижесінде олардың сауда алаңдарындағы инвестициялық тартымдылығын арттырады.

      7. Ірі кәсіпорындардың айналасында ШОБ экожүйесін құру. Қарыздарды қайтару, шикізатты жеткізу және жобалардың аутсорсингі тұрғысынан жеткізу тізбектерінде ірі кәсіпорындарды қолдауды ұлғайту арқылы оларды ШОБ-пен ынтымақтастыққа ынталандыру қажет. Ол үшін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ жеңілдікті қаржыландыруды ұсыну кезінде қарсы міндеттемелерді қолданатын болады. Сондай-ақ топтамалық қолдау қағидаты және жобалық қаржыландыруды дамыту (синдикатталған қарыз құралдары және бірлескен инвестициялар) арқылы ірі инвесторлардың айналасында экожүйелерді дамыту орындалатын болады.

      Ірі кәсіпорындар жобаларының айналасында экожүйе құру шетелдік қатысушылармен жобаларды бірлесіп іске асыру шеңберінде серіктес болып табылатын қазақстандық кәсіпорындарды қаржылық қолдаудан тұратын болады. Бұл шаралар тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру мен өткізудің жаһандық тізбектеріне енуге мүмкіндік береді, сондай-ақ Қазақстан экономикасына шетелдік компанияларды тартуға ықпал ететін болады.

      Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігін экономикаға кредит беруге, бірінші кезекте ірі инвестициялық жобаларға тарту үшін холдинг бюджеттік процестерді ескере отырып, міндетті түрде ашып көрсетілетін мемлекеттік кепілдікпен нығайтылған кепілдік беру тетіктерін белсенді қолданатын болады.

      Тетіктің мәні – мемлекет ірі жобаларға бағытталған кредиттер немесе инвестициялар бойынша қаржылық тәуекелдердің бір бөлігін өзіне алады. Кепілдік жеке және мемлекеттік қатысушылар үшін қаржыландырудың тартымдылығы мен қолжетімділігін арттыруға көмектеседі.

      Осы мақсаттар үшін холдингтің жанынан ірі бизнес жобаларына арналған арнайы кепілдік беру қоры құрылады. Бұл қор ірі және стратегиялық маңызды жобаларды кепілмен қамтамасыз етудің жеткіліктілігі мәселесін шешу үшін пәрменді құрал болады.

2-параграф. Микро, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның МШОК сегментіндегі бизнесті қолдау жөніндегі қызметін холдингтің еншілес ұйымы – Даму іске асырады, ол қаржылық (сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, ЕДБ кредиттеріне кепілдік беру, қаражатты ЕДБ-ға шартты орналастыру, микрокредиттеу), сондай-ақ қаржылық емес құралдар (жобаларды консультациялық сүйемелдеу) шеңберінде қолдау көрсетеді.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ құрылған кезден бастап Қазақстанда МШОК дамуының оң серпіні байқалады. ЖІӨ құрылымындағы МШОК үлесінің көрсеткіші 2014 жылғы 25,9 %-дан 2023 жылы 36,7 %-ға дейін өсті (алдын ала деректер бойынша). Белсенді әрекет ететін субъектілердің саны 9 жылда 2 есеге артып, 2023 жылы 2 млн субъектіні құрады. МШОК секторында жұмыспен қамтылған халықтың көрсеткіші артып, алдын ала деректер бойынша 2023 жылы 4,4 млн адамды құрады (төмендегі 6-суретті қараңыз).




      6-сурет. МШОК негізгі көрсеткіштерінің динамикасы

      Дереккөз: Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы.

            Тиісінше, Қазақстан МШОК секторын дамытуда елеулі әлеуетке ие. Алайда МШОК секторының даму деңгейі Аргентина, Бразилия, Оңтүстік Африка және Қытай сияқты дамушы елдерге қарағанда айтарлықтай төмен болып қалуда. Дамушы елдердің ЖІӨ құрылымындағы МШОК үлесінің орташа көрсеткіші 42 %-ға тең, ал жұмыспен қамтылғандардың үлесі елдің жалпы халқының 64 %-ын құрайды. Қазақстанның ЖІӨ құрылымындағы МШОК үлесінің көрсеткіштері дамушы елдердің орташа көрсеткішінен 14 %-ға төмен (2023 жылдың қорытындысы бойынша 36,7 %), ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша республиканың экономикалық белсенді халқынан МШОК-та жұмыспен қамтылғандардың үлесі 45 %-ға тең.

      МШОК секторындағы кәсіпкерлерді шектеулі қамту (саны бойынша), даму институттары тарапынан қолдаудың орта бизнестің қосалқы сегментіне бағдарлануы, мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі, даму институттары тарапынан қаржылық қолдау құралдарында уәждемелік құрамдас бөліктің болмауы, сондай-ақ ЕДБ-ге кредит берудің жоғары мөлшерлемелері Қазақстанда МШОК дамытуды қаржыландыруды шектейтін негізгі факторлар болып табылады.

      МШОК-ты қолдау жөніндегі "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ЕҰ-ны негізгі қаржы құралдары ЕДБ-де қаражатты шартты орналастыру, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кредитке кепілдік беру болып табылады.

      Төмендегі 7-суретте шығарылатын өнім көлемінің 82,1 %-ы және жұмыс орындарының 89,9 %-ы микро және шағын бизнес субъектілеріне тиесілі екендігі көрсетілген.




      7-сурет. 2023 жылғы жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны, шығарылатын өнімнің көлемі және бизнес субъектілігі бойынша жұмыс орындарының саны

      Дереккөз: Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы.

      Осылайша, құрылатын жұмыс орындары және шығарылатын өнім көлемін ұлғайту тұрғысынан барынша тиімділікке қол жеткізу үшін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ЕҰ МШОК сегментіндегі бизнесті қолдау бағытында қаржылық қолдау құралдарын негізінен микро және шағын бизнестің қосалқы сегменттеріне бағыттайтын болады.

      Сонымен қатар МШОК құрылатын және дамитын салалардағы маржа деңгейі көбінесе кредит мөлшерлемесінен аз ғана асады, яғни қарыз қаражаты есебінен бизнестің өсуі мен даму мүмкіндігі өте шектеулі.

      Бұл үшін Даму ЕДБ қаражатын шартты орналастыру, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау (қолдау көлемін біртіндеп төмендетумен), ЕДБ мен микроқаржы ұйымдарының кредиттеріне кепілдік беру, оның ішінде апекстік тетіктер арқылы микро -, шағын бизнесті қолдауды жалғастырады.

      Мәселен, кейіннен ШОБ субъектілеріне кредит бере отырып, қаражатты ЕДБ-ге шартты орналастыру жолымен өңдеу өнеркәсібі, туризм, медицина, көлік және логистика, қоймалау, АӨК (қайта өңдеу) және білім беру салаларындағы ШОБ-ты қолдау мақсатында, 2025 жылы 300 млрд теңге сомасына кейіннен "Даму" КДҚ" АҚ жарғылық капиталын ұлғайту үшін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ жарғылық капиталы ұлғайтылады.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ЕҰ МШОК-ты қолдайтын қаржылық шараларды ұсыну кезінде қолдау көрсетілетін кәсіпорындар тарапынан өзінің әлеуметтік-экономикалық тиімділігін арттыру бойынша қарсы міндеттемелердің тетіктері көзделетін болады.

      Бұл ретте, Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, еңбек өнімділігінің ұлғаюы, өндірісті жаңғырту мен кеңейту, сондай-ақ іске асырылатын жобалардың тиімділігі ескеріле отырып, қолдау көрсетілетін жобаларды іріктеу жүзеге асырылады.

      Сондай-ақ ШОБ-ты қолдау мақсатында "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ мынадай шаралар қабылдайтын болады:

      жеткізу тізбегінде қолдау арқылы ірі кәсіпорындарды ШОБ-пен ынтымақтастыққа ынталандыру;

      ШОБ дамыту бойынша өңірлермен белсенді жұмыс жүргізу;

      еліміздегі кепілдік беру құралының негізгі операторы ретінде "Даму" КДҚ" АҚ базасында кепілдік қорын құру. Бұл қосымша қаржыландыру көздерінен қаражат тарту есебінен мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

      Экономиканың нақты секторына кредит беруді ұлғайту мен ынталандыруда, ЕДБ тарапынан кәсіпкерлік жобаларына кредит беруді ұлғайту шараларын қабылдау, сондай-ақ нарықтық емес тетіктерден, оның ішінде субсидиялаудан кепілдік беруге және қаржылық емес қолдаудың басқа да шараларына кезең-кезеңімен көшу;

      микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін орта бизнеске өту үшін ынталандыру;

      импортты алмастыруға, еңбек өндірісіне және экспортқа бағдарланған жобаларға бағытталған тиімді жобаларды қолдау бойынша Мемлекет басшысының басқа тапсырмаларын орындау бөлігінде кепілдік құралын кеңейту оң рөл атқарады.

3-параграф. Экспорттық әлеуетті арттыру

      Экспорттық әлеуетті арттыруды "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы ұлттық даму институты - ЭКА іске асырады.

      Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Жолдауында ЭКА базасында мемлекеттік қолдаудың қажетті құралдары шоғырландырылатын, экспортты ілгерілететін толыққанды институт құрудың маңыздылығы атап өтілген.

      Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының шикізат емес тауарлардың қазақстандық өндірушілерінің және сыртқы нарықта қызметпен жабдықтаушылардың перспективті экспортқа бағдарланған жобаларын қолдау және олардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған міндеттерін іске асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2024 жылғы 3 тамыздағы № 12-18/Б-1489 лп тапсырмасын орындау мақсатында, 2025-2026 жылдары кейіннен ЭКА жарғылық капиталын 100 млрд теңгеге (2025 жылы 50 млрд теңгеге және 2026 жылы 50 млрд теңгеге) ұлғайта отырып, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ жарғылық капиталын ұлғайту көзделген.

      Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер лимитін қосымша 2025 жылы 200 млрд теңгеге және 2026 жылы 250 млрд теңгеге арттыру жоспарланған. Бұл шаралар ЭКА сақтандыру сыйымдылығын 2025 жылы 0,9 трлн теңгеден және 2026 жылы 1,2 трлн теңгеден астам деңгейге дейін ұлғайтуға ықпал етеді, бұл өңдеу өнеркәсібінің экспорттаушыларын экспорттық-сауда және экспорт алдындағы қаржыландыру көлемін 2,5 еседен астамға күшейтуге мүмкіндік береді.

      Осылайша, экспорт алдындағы қаржыландыру құралы экспорттаушыларға шикізат сатып алуға, өндірісті жаңғыртуға және экспорттық келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Өз кезегінде, экспорттық-саудалық қаржыландыру құралы қазақстандық өнімді сатып алатын шетелдік компаниялар үшін қаржылық тәуекелдерді азайтады, бұл экспортталатын тауарларды бәсекеге қабілетті етеді.

      Жоғарыда баяндалған құралдар бойынша экспорттық қолдау көлемін ұлғайту үшін шетелдік және Қазақстандық серіктес банктер желісін кеңейту, Қазақстанның Даму Банкімен ынтымақтастықты күшейту жоспарланып отыр.

      Сондай-ақ, сақтандыру сыйымдылығын ұлғайту ЭКА-ға сақтандыру (қайта сақтандыру) құралдары және экспорттық операцияларды кепілдікпен қамтамасыз ету арқылы шикізаттық емес экспортты қолдауды күшейтуге мүмкіндік береді. Сақтандыру міндеттемелері портфелін әртараптандыру үшін экспорттық жеткізілімдерді сақтандыру өнімдерінің үлесін ұлғайтуға, оның ішінде қысқа мерзімді дебиторлық берешекті сақтандыру құралын кеңейту есебінен ұлғайтуға баса назар аударылады.

      Экспорт көлемін одан әрі арттыру мақсатында ЭКА шетелдік контрагенттерді қаржыландыру кезінде кредиттік ұйымдарды сақтандыруды дамытуды жоспарлайды. Бұл құрал халықаралық нарықтардағы отандық тауарлардың үлесін ұлғайтуға ықпал ете отырып, шетелдік сатып алушыларды қазақстандық өнімді сатып алуға ынталандыратын болады.

      Екінші деңгейдегі банктердегі экспортқа бағдарланған шағын және орта бизнес субъектілерінің қарыздарын портфельдік сақтандыру үшін сақтандыру құралдарын бейімдеу қосымша көзделген. Сондай-ақ, белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін ҚДБ-мен бірлескен жобалар бойынша жеңілдетілген андеррайтинг енгізіледі.

      Экспорттаушыларды қолдаудың өсуіне байланысты сақтандыру тәуекелдерінің шоғырлануын төмендету үшін 2025 жылы шығыс қайта сақтандыру көлемін 2 есеге ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл холдингтің компаниялар тобы үшін тәуекелдерді азайтуға және экспорттаушыларды сақтандыру жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.

      Сонымен қатар, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ жаңа экспорттаушылар санын көбейту үшін экспорттаушыларды дамыту мақсатында экспорттаушыларды қолдайтын барлық құралдарды холдингте шоғырландыра отырып, (ЭКА, QIC, ҚДБ, АНК, Даму) пакеттік қолдау көрсетуді жалғастырады.

4-параграф. АӨК-ті дамыту

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ 2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасының АӨК дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында белгіленген міндеттер шеңберінде ауыл шаруашылығын дамытуды көздейді.

      Холдинг импортқа тәуелділікті төмендету және бағаны тұрақтандыру жөніндегі міндеттерді шешуде басымдықпен АӨК-дегі инвестициялық жобаларды қаржыландыруды жалғастыратын болады. Ол үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін, балықты өндіру және тамақ өнімдерін өндіру, суару жүйелерін енгізу, жабық топырақта көкөністер өндіру, өндірістік-өткізу инфрақұрылымын дамыту, жем-шөп өндірісін қолдау жөніндегі жобалар қаржыландырылатын болады.

      Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес холдинг кепілдік беру құралдарын қолдана отырып, айналым қаражатын толықтыруға көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады.

      Машина-трактор паркін жаңарту қарқынын жеделдету үшін холдинг және оның еншілес ұйымдары қолжетімді лизингтік қаржыландыру көлемін ұлғайтатын болады.

      1. АӨК-тегі ағымдағы жағдай

      Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімінің (қызметтерінің) жалпы шығарылымының көлемі (шаруашылықтардың барлық санаттарында) 2012 жылдан бастап тұрақты өсуде.




      8-сурет. Ауыл шаруашылығындағы өндіріс динамикасы, млрд теңге

      Дереккөз: Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы

      Саладағы оң үрдістерге қарамастан, Қазақстанның ауыл шаруашылығы бірқатар проблемалармен сипатталады.

      1) еңбек өнімділігінің төмендігі ауыл шаруашылығы дақылдарының төмен шығымдылығымен және ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігімен, еңбек көп жұмсалатын ескірген технологияларын пайдаланылуымен, сала субъектілерінің инновациялық белсенділігінің әлсіздігімен байланысты;

      2) ауыл шаруашылығы техникасының тозу деңгейі жоғары;

      3) АӨК өндірісінің ұсақ тауарлылығы. 2024 жылы жеке қосалқы шаруашылықтарда 44 % мал, 61 % сиыр сүті, 40 % картоп, 56 % қызанақ және 55 % қияр өндірілді;

      4) жылыжай шаруашылықтарында заманауи сақтау қуаттарының және өндіріс көлемінің жетіспеушілігі салдарынан, жемістердің негізгі түрлері, сондай-ақ маусымаралық кезеңдегі көкөністер бойынша импортқа тәуелділік жоғары;

      5) ауыл шаруашылығы жануарларының жалпы санындағы асыл тұқымды мал басының төмен үлес салмағы, халықтың шаруашылықтарындағы негізгі мал басының шоғырлануы, мал шаруашылығының қажеттіліктеріне жемшөп өндіру көлемдерінің сәйкес келмеуі.

      Қайта өңдеу өнеркәсібінде тамақ өнімдерінің өндірісі көлемінің жыл сайын тұрақты өсуі байқалады.




      9-сурет. Тамақ өнімдерінің өндірісі, млрд теңге

      Дереккөз: Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы

      Саланың өсуіне үкіметтік даму бағдарламалары арқылы іске асырылатын қолдау шаралары ықпал етеді, бұл 2024 жылы негізгі капиталға инвестициялардың 2013 жылдан бастап 6,6 есеге (139,6 млрд теңгеден 919 млрд теңгеге дейін) өсуіне әсер етті.

      Қазақстанның тамақ өнеркәсібі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің өндірушілерімен бәсекелестіктің өсуімен сипатталады. Бұл ретте отандық тамақ өнімдерін өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігіне сапалы шикізаттың жетіспеушілігі, инфрақұрылымның дамымауы, ескірген жабдық, айналым қаражатының жетіспеушілігі кері әсерін тигізеді.

      Елімізде шұжық өнімдері – 40,8 %, ет консервілері – 47,4 %, өсімдік майлары – 17,2 %, жеміс-көкөніс консервілері – 86,1 % және құс еті – 27,5 % сияқты өнім түрлері бойынша импорттың жоғары үлесі байқалады. Сондай-ақ ірімшік пен сүзбе – 49,7 %, құрғақ сүт – 80,8 % бойынша импортқа тәуелділік деңгейі жоғары.

      2. Саланы дамытудың драйвері ретінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау

      АӨК саласында "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ көрсетілетін қызметтерін тұтынушылардың негізгі санаты шаруа және фермер қожалықтары, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары болып табылады.

      2025 жылдың басындағы жағдай бойынша АНК мен ҚАҚ кредиттік портфелі 78,3 мыңнан астам түпкі қарыз алушылардан тұрады.




      * ЕДБ деректері "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ, АНК қорландыруын есепке алмағанда

      10-сурет. АНК (оның ішінде ҚАҚ) және ЕДБ ауыл шаруашылығына кредит беру көлемі, млрд теңгеде.

      Дереккөз: Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы және "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ, "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ іс-шаралар жоспары

      ЕДБ тарапынан ауыл шаруашылығын қаржыландырудың өсуі салалық тәуекелдерді консервативті бағалаумен, ауылдық жерлерде кепілмен қамтамасыз етудің төмен өтімділігімен, ұзақ мерзімді өтелу мерзімі бар жобаларды қаржыландыру үшін талап етілетін теңгемен ұзақ мерзімді қорландыру көздерінің жетіспеушілігімен шектеледі.

      2024 жылы алғаш рет АНК және ҚАҚ облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау тетігі қолданылды, бұл нарықтық қаражатты тартуға және қарыз алушы үшін белгіленген жеңілдікті мөлшерлеме бойынша кредиттер мен лизинг беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бұдан басқа, АНК кредиттері бойынша "Даму" қоры арқылы кепілдік беру тетігі енгізілді, бұл жеткілікті кепілмен қамтамасыз етілмеген АӨК субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік берді.

      Ішкі өндірісті дамыту, импортты төмендету және АӨК экспорттық әлеуетін дамыту мақсатында 2025 жылы 200 млрд теңгеге сомаға кейіннен "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ жарғылық капиталын ұлғайту үшін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ жарғылық капиталы ұлғайтылатын болады. АӨК салаларының инвестициялық жобаларды іске асыру және айналым қаражатын толықтыру қажеттілігіне сәйкес 2026-2033 жылдары АӨК жарғылық капиталын ұлғайту үшін және бюджеттік кредиттер түрінде қосымша бюджет қаражаты бөлінетін болады.

      Сонымен қатар, АНК тарапынан ауыл шаруашылығы өнімдерін, балықты өндіру және тамақ өнімдерін өндіру, суару жүйелерін енгізу, жабық топырақта көкөністер өндіру, өндірістік-өткізу инфрақұрылымын дамыту, жемшөп өндірісін қолдау, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алу сияқты басым инвестициялық бағыттар бойынша инвестициялық жобаларды қаржыландыру жалғастырылады.

      АНК бизнес процестерін автоматтандыру бойынша жұмыс үздік тәжірибелер мен қаржылық қызмет көрсету стандарттарына сәйкес жалғастырылатын болады.

      Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін арттыру үшін ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартудың жыл сайынғы деңгейін 8-10 %-ға дейін жеткізу қажет. Тапсырманы орындау үшін ҚАҚ бағдарламалары бойынша ауыл шаруашылығы техникасының лизингін қаржыландыру көлемі ұлғаятын болады.

      Бидай көлемінің едәуір ұлғаюы қосымша логистикалық жүктемелерді тудырады, астықты сақтау мүмкіндіктерін кеңейтуді және экспорттық келісімшарттармен жедел жұмыс істеуді талап етеді. Шектеулі ішкі тұтыну және жыл сайынғы қалдықтардың өсіп келе жатқан көлемі жағдайында (2024 жылдың қорытындысы бойынша 4,6 млн тонна, 2023 жылғы көрсеткішке +78 %) бұл ішкі нарыққа қысым жасайды және астық бағасының төмендеуіне әкеледі, бұл АШТӨ кірістеріне теріс әсер етеді.

      Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, АШТӨ-ні табыстылықтың тұрақты және қолайлы деңгейін қамтамасыз етумен өсімдік шаруашылығы нарығының негізгі ойыншыларын шоғырландыруға және қазақстандық өнімдердің халықаралық экспорттық саудасын нарықтық жағдайларда дамытуға бағдарланған "QIC" АҚ жанынан мамандандырылған сауда қорын құрады.

      Мұндай қор ішкі нарықта баға белгілеуді айқындайтын жетекші трейдерлерді олардың қаржы құралдарымен де, материалдық активтермен де (вагон паркі, қойма терминалдары және басқа да мүлік) қатысу мүмкіндігімен біріктіру үшін платформа бола алады.

      АӨК экспорттық әлеуетін іске асыру мақсатында "ЭКА" АҚ қолдау бағдарламалары ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушыларға тарату мүмкіндігі қарастырылатын болады.

6-тарау. Қызметтің № 2 стратегиялық бағыты – Үлестік қаржыландырудың экожүйесін дамыту

1-параграф. Үлестік қаржыландыру нарығын дамыту

      QIC инвестициялық қорлардың қоры болып табылады және құнсыздану мен жоғалтудың жоғары ықтималдығы бар активтердің жоғары тәуекелді сыныбы болып табылатын тікелей инвестициялар қорларына (соның ішінде кэптивтік ТИҚ) инвестицияларды жүзеге асырады. Мұндай активтердің әділ құнының айтарлықтай құбылмалылығы қаржылық нәтижелерге айтарлықтай әсер етеді, бұл жоғары кірістің қалыптасуына да, айтарлықтай шығындарға да әкелуі мүмкін.

      ТИҚ-ке инвестициялау тәуекелдерінің жоғары деңгейі портфельдік компаниялардың жарғылық/акционерлік капиталына инвестицияларды, аралас және борыштық қаржыландыруды, оның ішінде мезониндік және реттелген қарыздарды қоса алғанда, олар қолданатын қаржыландыру құралдарына негізделген. Мұндай құралдарды қолдану, олардың әлеуетті кірістілігіне қарамастан, терең сараптаманы және қолданыстағы заңнама нормаларын, сондай-ақ Қоғамның, ТИҚ мен басқарушы компаниялардың ішкі регламенттерін қатаң сақтауды талап етеді.

      QІС дамуындағы негізгі кезең ірі және сапалы мәмілелердің шектеулі санына, терең салалық мамандануға, құрылымдауға жеке көзқарасқа және портфельдік компанияларды басқаруға белсенді қатысуға назар аудара отырып, корпоративтік қаржыландыру тәсілін қалыптастыруды көздейтін оның кэптивтік басқарушы компаниялары мен қорларының трансформациясы болуы тиіс. Бұл ретте фокус өсу, масштабтау және экономиканың дамуына ықпал ету әлеуеті жоғары орта және ірі бизнеспен жұмыс істеуге бағытталатын болады.

      Үлестік қаржыландыру үлесін инвестициялардың жылдық көлемінің кемінде 70 % деңгейіне дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл QIC-ке серіктестік инвестицияларды тиімді тартуға, жобалардың меншікті капиталын қалыптастыруға және оларды басқа холдинг және ЕДБ институттары арқылы одан әрі кредиттік қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл қадам QІС-дің кәсіпкерлікті дамытудағы және холдингтің тұрақты инвестициялық экожүйесін құрудағы рөлін нығайтады.

      Шетелдік инвестициялар капиталдандырудың, инфрақұрылымды жаңғыртудың және озық технологияларды енгізудің негізгі көзі бола отырып, Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие. Шетелдік инвестицияларды тиімді тарту және пайдалану жаңа жұмыс орындарын құруға және қосылған құны жоғары инновациялық кәсіпорындарды дамытуға ықпал етеді.

      2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ТШИ жалпы ағыны 12,7 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінің деңгейінен 35,7 %-ға төмен. Жалпы төмендеуге қарамастан, жекелеген секторлар оң динамиканы көрсетті. Осылайша, көтерме және бөлшек саудаға салынған инвестициялар 10,7 %-ға өсіп, 4,2 млрд АҚШ долларына жетті. Ақпарат және байланыс секторында 7,4 %-ға - 343,9 млн АҚШ долларына дейін өсім байқалды. Электрмен және жылумен жабдықтау 228,9 млн АҚШ долларын құрап, 46,1 %-ға өсті, ал сумен жабдықтау мен су тартуға салынған инвестиция 11,1 млн АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40,7 %-ға өсті.


 

      11-сурет. Қазақстан Республикасына тікелей шетелдік инвестициялар, 2013 – 2024 жылғы 9 ай.

      Дереккөз: ҚР ҰБ.

      QIC "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ компаниялар тобындағы тікелей инвестициялар (бұдан әрі – ТИ) нарығының жалғыз қатысушысы болып табылады, оның миссиясы - тікелей инвестициялар қорлары (бұдан әрі – ТИҚ) арқылы үлестік қаржыландыру арқылы ТИ тарту және Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына жәрдемдесу.

      QIC әрі қарай өсу мен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағыттала отырып, халықаралық институционалдық инвесторлармен, егеменді қорлармен және халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастықта инвестициялар мен ТИҚ басқаруды жүзеге асырады. QІС ТИҚ арқылы мемлекеттік экономикалық саясаттың басым бағыттарына сәйкес келетін компанияларға қолдау көрсетеді.

      Қызметтің тағы бір маңызды бағыты нарықтың жетекші ойыншыларымен серіктестікте халықаралық басқарушы компаниялардың басқаруымен тікелей инвестициялар қорларына қатысу болып табылады. Бұл қосымша тікелей шетелдік инвестицияларды тартып қана қоймай, озық технологиялар трансфертін, сондай-ақ Қазақстанда капиталды басқарудың үздік әлемдік тәжірибелерін енгізуге ықпал етуге мүмкіндік беретін стратегиялық негізделген қадам болып табылады. Бұл тәсіл ұлттық экономиканың жаһандық нарықтарға интеграциясын күшейтеді және отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

      QIC инвестициялық бағыты өсу, масштабтау және экспортқа бағдарлану әлеуеті жоғары орта және ірі бизнесті қолдауға бағытталған. Қаржыландыруға кластерлік тәсілді қолдану ресурстарды стратегиялық маңызды салаларға шоғырландыруға, олардың дамуын жеделдетуге және нарық қатысушылары арасында синергетикалық әсер жасауға мүмкіндік береді.

      Сонымен қатар, жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерінен нарықтық жағдайларға көшу орын алуда, бұл портфельдік компаниялардың тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді және оларды халықаралық инвесторлар үшін тартымды етеді.

      QIC кешенді тәсілі капиталды тарту және ауқымды бастамаларды іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер аша отырып, ұзақ мерзімді, бәсекеге қабілетті инвестициялық ортаны қалыптастырады.

      Қазақстанның орнықты экономикалық дамуына жәрдемдесу шеңберінде QIC елдің экономикалық әртараптандырылуына ықпал ететін нарықта көшбасшы компанияларды қалыптастыру үшін тікелей инвестициялардың (ТИ) әлеуетін пайдаланады. QIC өңірлік нарықта өсу әлеуеті жоғары және экспорттық әлеуеті жоғары орта және ірі бизнесті қолдауға бағытталған, сондай-ақ танылған экологиялық, әлеуметтік және басқару стандарттарын (ESG) енгізетін тұрақты компанияларды дамытуға ықпал етеді.

      2024 жылдың соңындағы жағдай бойынша QIC қатысатын тікелей инвестициялар қорларының саны 18-ге жетті, жалпы қаражат көлемі 1,9 млрд АҚШ долларын құрады.

      Елдегі ТИ нарығын одан әрі дамыту Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жаһандық ТИ нарығында бар капиталға қол жеткізуге ықпал етеді және нарықта көшбасшы компаниялар құруға мүмкіндік береді, олар өз кезегінде болашақта экономикалық әртараптандыруға ықпал ете алады.

2-параграф. Кэптивтік басқарушы компанияларды дамыту

      Қазіргі заманғы квазимемлекеттік ТҚИ басқарудың нарықтық құрылымына көшуге ұмтылады, бұл олардың тұрақтылығына ықпал етеді, сыртқы инвесторлар үшін тартымдылықты арттырады және активтерді тиімді басқару үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл тәсіл нарықтағы позицияны нығайту және инвестициялар саласындағы жетекші ойыншы мәртебесін бекіту арқылы қызметті кеңейтуге мүмкіндік береді.

      Трансформация шеңберінде жабық корпоративтік құрылымдардан үшінші тарап инвесторларынан капитал тартатын басқарушы компаниялардың моделіне көшу іске асырылуда. Бұл эволюция активтерді әртараптандыруды қамтамасыз етеді, инвестициялық тәуекелдерді азайтады және басқару моделін тұрақты етеді.

      Сонымен қатар, тікелей инвестициялар қорларын басқарудың үздік халықаралық тәжірибесіне көшу озық тәжірибелерді енгізуге, сыртқы инвесторлардан капитал тартуға және активтерді кәсіби басқару деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ұзақ мерзімді перспективада тиімді жұмыс істей алатын және халықаралық стандарттарға сай келетін бәсекеге қабілетті инвестициялық экожүйені құруға ықпал етеді.

3-параграф. Венчурлік қаржыландыру нарығын дамыту

      Венчурлық қаржыландыру – бұл фирмалар немесе венчурлық капитал қорлары стартаптарға, дамудың бастапқы сатысындағы компанияларға және өсу әлеуеті жоғары немесе жоғары өсу қарқынын көрсеткен дамушы компанияларға беретін тікелей инвестицияны қаржыландыру құралы.

      2024 жылы бағалаулар бойынша әлемде венчурлық қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 368,3 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 5 %-ға жоғары (349,4 млрд АҚШ доллары).

      Америкалық нарық үстемдік етуді жалғастыруда, ол венчурлық қаржыландырудың жаһандық көлемінің 57 % – шамамен 209 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2023 жылғы деңгейден 29 %-ға жоғары. Сонымен бірге Еуропада венчурлық салымдардың 8 %-ға қысқаруы байқалды – 67,6 млрд АҚШ долларынан 62,4 млрд АҚШ долларына дейін, ал Азия-Тынық мұхиты аймағында инвестиция көлемі 78,8 млрд АҚШ долларына дейін төмендеді.

      2024 жылдың IV тоқсаны соңғы бір жарым жыл ішінде негізінен жасанды интеллект технологияларына деген жоғары қызығушылықтың арқасында венчурлық инвестициялар бойынша рекордтық көрсеткішке ие болды. AI-сектор инвестициялардың айтарлықтай үлесін тартып, 32 млрд АҚШ долларынан асты.

      Венчурлық инвестициялар ұзақ мерзімді экономикалық өсудің маңызды драйвері болып қала береді. Соңғы 50 жылда IPO-ға шыққан американдық компаниялардың жартысы венчурлық капиталдың қолдауымен дамыды, ал АҚШ-тың 10 ірі нарықтық капиталдандыру компанияларының 8-і өздерінің қалыптасуының әртүрлі кезеңдерінде венчурлық қаржыландыру алған.

      Әлемдік тәжірибеде венчурлық бизнес инновациялық әзірлемелер мен технологияларды коммерцияландыруға қаржыландырудың негізгі көзі болып табылады. Бұл ретте әлемде венчурлік капитал нарығын дамытуда шешуші рөлді мемлекет венчурлік қорларды бірлесіп қаржыландыру, инновациялық фирмалар мен венчурлік кәсіпорындар үшін жеңілдіктер беру және салық ауыртпалығын азайту арқылы жүзеге асырады.

      QIC, қорлар қоры ретінде, жаһандық венчурлық қорлармен ынтымақтастық жасау мүмкіндігіне ие, бұл қазақстандық жобалардың жаһандық нарықтағы тартымдылығын одан әрі арттыруға көмектеседі. QIC инвестицияларға алғашқы кезеңдерде және өсу кезеңдерінде назар сала отырып, венчурлық қаржыландыру сегментін дамытуға қатысады.

      Венчурлік қаржыландыру бағытын дамыту шеңберінде QIC жеке венчурлік қорларды бірлесіп қаржыландыру бағдарламасының операторы ретінде әрекет етеді, оларды сүйемелдеуді қамтамасыз етеді, инновациялардың жаһандық экожүйесіне біртіндеп интеграциялауды қамтамасыз ету үшін венчурлік нарыққа кәсіби қатысушылардың стандарттарын, үздік практикаларын және қызметінің талдамалық шолуларын таратуға жәрдемдесетін болады.

      Бұған венчурлық қорларды құру және оларға қатысу, QIC венчурлық бөлімшесін – BGlobal Ventures компаниясын басқарушы компания ретінде дамыту, егіс алдындағы кезеңнен А кезеңіне дейінгі және одан кейінгі кезеңдердегі технологиялық стартаптарды қаржыландыруға бағытталған венчурлық қорларды құру және дамыту арқылы қол жеткізіледі. Сондай-ақ венчурлік экожүйенің барлық субъектілері үшін білім беру бағдарламаларын жүргізу және венчурлік қаржыландыруды танымал етуге бағытталған іс-шараларға белсенді қатысу көзделген.

4-параграф. Стресстік активтер нарығын дамыту

      Қазақстан Республикасы Президентінің Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның 2020 жылғы 11 мамырдағы қорытынды отырысында айтылған тапсырмасына сәйкес жұмыс істемейтін активтердің өркениетті нарығын құру қажет.

      Қазақстандағы стресстік активтер нарығында мамандандырылған қор басқарушылары тұлғасында белсенді қатысушылар жоқ. Дегенмен, стресстік активтер нарығының көлемі айтарлықтай үлкен және даму әлеуеті жоғары. Ол негізінен коммерциялық банктер және мемлекеттік қорлармен ұсынылған.

      Қазақстанның стресстік активтер нарығы проблемалық активтер деңгейін төмендетуге, мәмілелердің ашықтығын арттыруға және жаңа инвесторларды тартуға бағытталған белсенді трансформация кезеңінен өтуде. Мемлекеттік қолдау, цифрландыру және жеке капиталды тарту оның дамуында шешуші рөл атқарады. 2024 жылғы шілдедегі жағдай бойынша Қазақстандағы стресс активтерінің көлемі 3,2 трлн теңгеге бағаланды, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 7,7 трлн теңгеге айтарлықтай төмен.

      Осы нарыққа жеке инвесторларды тарту мақсатында жеке инвесторларды, оның ішінде резидент еместерді қосу арқылы стресстік активтерді сатып алушылар тізімін кеңейту заңнамалық тұрғыдан қарастырылған. Бұл банктердің баланстарын жұмыс істемейтін кредиттерден тазартудың нарықтық тетігін жасайды, сонымен қатар жаңа инвесторлардың, соның ішінде халықаралық инвесторлардың стресстік активтер нарығына қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

      Алайда, қазіргі уақытта стресстік активтер нарығына жақсы ойластырылған нормативтік-құқықтық база, жұмыс істемейтін қарыздарды қалпына келтіру инфрақұрылымы және мемлекеттік қорлар мен ЕДБ арасындағы ынтымақтастықты жақсарту үшін коммерциялық жағдайларға қатысты құрылымдық әдістеме қажет екенін атап өткен жөн.

      Стресстік активтер нарығын дамыту мақсатында QIC стресстік активтерге инвестициялаудың инвестициялық мандаты бар қорларға, атап айтқанда өтімділік проблемаларын бастан кешіретін және операциялық өзгерістерді қайта құрылымдау және жүзеге асыру үшін қосымша капиталды қажет ететін компанияларға қатысатын болады. Осы сегментке инвестициялауға бөлінген қаражаттың қолжетімді капиталын тиімді басқару үшін QIC сенімді бизнес-моделі және елеулі ішкі құны (intrinsic value) бар компанияларға инвестиция салатын тәуелсіз және тәжірибелі басқарушы серіктестерді тартуды жоспарлап отыр.

  7-тарау. Қызметтің № 3 стратегиялық бағыты – Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру жөніндегі қызметі ЕҰ – Отбасы банк АҚ және ҚТК арқылы іске асырылады, олар Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) және "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы шеңберінде мынадай қолдау түрлерін ұсынады:

      1) ЖАО облигацияларын сатып алу арқылы жобаларды қаржыландыру:

      ЖАО кезекте тұрғандар үшін әлеуметтік тұрғын үй салу және/немесе сатып алу;

      тұрғын үй қорын жаңарту;

      ЖАО кезекте тұрғандарға кейіннен жекешелендіру құқығымен жалға беру үшін тұрғын үй сатып алу;

      инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу және жаңғырту.

      2) жеке құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялау;

      3) үлестік тұрғын үй құрылысына кепілдік беру, оның ішінде жеке және аз қабатты құрылыс жобалары және тұрғын үйді жаңарту жобалары бойынша;

      4) өңірлерде қала құрылысы инвестициялық жобаларын, жеке және аз қабатты тұрғын үй құрылысын қаржыландыру;

      5) жалға берілетін тұрғын үй сатып алу және жалға берілетін тұрғын үй қорын басқару;

      6) тұрғын үй сатып алу және жалдау ақысын субсидиялау үшін қарыздар беру;

      7) аумақтарды шебер жоспарлау;

      8) нарықтық ипотекалық құралдарды дамыту;

      9) тұрғын үйді есепке қою, жүргізу және бөлу жөніндегі функцияны жүзеге асыру.

      Қазақстан экономикасы өсуінің болашақта халықтың урбанизациясына тәуелділігін ескере отырып, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру экономиканы дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Тұрғын үйдің қолжетімділігі халықты жұмыспен қамтумен қатар елдің нақты экономикалық өсімін табысты іске асырудың басты факторлары болып табылады.

      Тұрғын үйдің қолжетімділігі сұраныс пен ұсынысқа әсер ететін факторлардың жиынтығынан тұрады. Сұранысқа әсер ететін негізгі факторлар халықтың табысы мен жинақтарының көлемі, халықтың өсімі, урбанизация деңгейі, қолданыстағы тұрғын үй қорының ескіру жылдамдығы мен көлемі, сондай-ақ ипотекалық кредиттеу мен жалға алудың құны мен қолжетімділігі болып табылады. Сұранысқа тұрғын үйдің сапалық сипаттамалары да әсер етуі мүмкін – ілеспе (әлеуметтік және көлік) инфрақұрылым, географиялық орналасуы, ауданның мәртебесі, құрылыс сапасы (жайғасымы, қабаттылығы).

      Ұсынысқа (құрылыс көлеміне) тұрғын үйдің бір шаршы метрінің өзіндік құны және құрылыс салушы үшін қаржыландырудың (үлестік, сол сияқты борыштық) қолжетімділігі, құрылыстағы жаңа технологиялар, адами капитал (білікті мамандардың болуы, білікті кадрлардың қажетті санының қолжетімділігіндегі іркілістер, оқыту және сабақтастық), макроэкономикалық трендтер, баламалы жобалардың тартымдылығы (коммерциялық, әлеуметтік, инфрақұрылымдық), индустрияның құрылымы мен сипаттамасы (ойыншылар саны, рөлдердің бөлінуі, шетелдік қатысушылардың болуы) әсер етеді.

      Мұның бәрі халық үшін қажетті әлеуметтік және коммерциялық инфрақұрылымы бар тұрғын үй құрылысында кешенді тәсілді әзірлеу қажеттігін негіздейді.

      Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша холдинг жұмысты жалғастыратын негізгі сын-қатерлер:

      1. Тұрғын үй қорын ұлғайту

      Соңғы 10 жылда (2015 – 2024 жылдар) Қазақстан халқының саны 14,6 %-ға артып, 2024 жылдың соңында 20,3 млн адамды құрады. Осы кезеңде тұрғын үймен қамтамасыз ету 16,6 %-ға (+3,5 ш.м.), бір тұрғынға 21 ш.м-ден 24,5 ш.м-ге дейін өсті.

      БҰҰ стандарттары бойынша 1 адамға шаққандағы тұрғын үй алаңының нормасы 30 ш.м. сай келуі тиіс. 2024 жылдың соңындағы жағдай бойынша бұл норма Қазақстан бойынша орташа есеппен 24,5 ш.м-ді құрайды.

      БҰҰ-ның жоғарыда аталған нормасына қол жеткізу үшін тұрғын үй қорын орта есеппен 23 %-ға ұлғайту қажет.

      Тұрғын үй қорын ұлғайту мақсатында Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының құралдары жетілдірілетін болады.

      Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым тозуының жоғары дәрежесін (кейбір өңірлерде 80 %-ға дейін) ескеру қажет, бұл жеке құрылыс салушыларды азаматтар үшін аумақтарға кешенді құрылыс салудан тежейді, осыған байланысты құрылыс көлемін ұлғайту және жайлы қалалық орта құру мақсатында ҚТК жеделдік, қайтарымдылық шарттарында кешенді құрылыс салу жобаларын қаржыландыруды ұлғайтатын болады.

      ҚТК тұрғын үй кешендерінің жеткілікті инфрақұрылымымен қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыру үшін "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасына сәйкес инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу мен жаңғыртуды қаржыландыру жөніндегі шаралар кешенін жүргізетін болады.

      ҚТК базасында Аумақтарды дамыту жөніндегі құзыреттер орталығы жұмыс істейтін болады, ол аумақтарды салу және дамыту жөніндегі жобаларды жоспарлау және іске асыру саласында талдау мен қолдауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ қала құрылысы жобаларының сапасын арттыру үшін нормативтік-құқықтық ортаны жетілдіруге қатысады және аумақтарды кешенді дамыту стандарттарын, оның ішінде қалалық орта сапасының индексін әзірлеу арқылы енгізеді.

      2. Халық үшін тұрғын үйдің қаржылық қолжетімділігін арттыруға жәрдемдесу

      2024 жылы жылжымайтын мүлік бағасының өсуі жалғасты: жаңа тұрғын үй бір шаршы метр үшін 1,1 %-ға – 500 198 теңгеге дейін, ал қайталама тұрғын үй – 4,4 %-ға - бір шаршы метр үшін 516 203 теңгеге дейін қымбаттады. 2024 жылы абаттандырылған тұрғын үй үшін жалдау ақысы өткен жылмен салыстырғанда 6 %-ға төмендеп, ш.м. үшін 4 565 теңгені құрады.

      Бұл ретте халықтың номиналды мәндегі табысы 2024 жылы 10,5 %-ға, ал нақты мәнде тек 1,8 %-ға өсті.

      Осыған байланысты, жан басына шаққандағы номиналды табыстың тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құнына қатынасы ретінде есептелген тұрғын үйдің қолжетімділігі 0,44 ш.м-ді құрады.




      12-cурет. Тұрғын үйдің қолжетімділігі

      Дереккөз: Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы

      Халықтың төлемге қабілетті сұранысын қолдау мақсатында табысы әртүрлі азаматтарға тұрғын үй мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін бірқатар ипотекалық бағдарламалар іске асырылуда.

      2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ипотекалық кредиттер портфелінің жиынтық көлемі 6,7 трлн теңгеге жетті, оның ішінде "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы шеңберінде 1,1, трлн теңгеге, тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесі бойынша 3,5 трлн теңгеге ипотекалық тұрғын үй қарыздары берілді.

      Мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде тұрғын үй жағдайларын "2-10-20" ("Бақытты отбасы"), "5-10-20" ("Шаңырақ" пилоттық жобасы) шарттары бойынша жеңілдікті қарыздар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жалға берілетін және кредиттік тұрғын үйлері берілген 149,8 мың азамат жақсартты.

      Алайда жүргізілген талдау қорытындысы бойынша ЕДБ нарықтық ипотекасының болмауы "қанағаттандырылмаған сұранысты" (жылына 450-500 млрд теңге) тудырады. Жеке құрылыс салушылардың 30-35 мың пәтерге арналған жобалары дефолт қаупіне ұшырауы мүмкін, осыған байланысты Отбасы банк жыл сайынғы көлемі 100 млрд теңге болатын (2023 жылдан бастап), ҚТК кепілдігімен қамтамасыз етілген салынып жатқан тұрғын үйге кредит берудің жеке бағдарламаларын ұлғайтатын болады.

      Сондай-ақ Отбасы банк исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша жаңа ипотекалық өнімді енгізетін болады (пайыздық кірісті болдырмайтын исламдық ипотека). Осылайша, Отбасы банк 2025 жылы Қазақстан құрылысшылар одағымен және Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығымен Қазақстанда исламдық қаржы индустриясын дамыту туралы меморандумға қол қойды. Тараптардың әріптестік қатынастары мен бірлескен ынтымақтастық Қазақстанда исламдық қаржыландыру және исламдық ипотека құралдарын дамытуға және ілгерілетуге ықпал ететін болады.

      Сонымен қатар, Отбасы банк келесі мақсаттарды көздей отырып, IPO-ға шығу мүмкіндігін қарастырады:

      1) экономикадағы мемлекет үлесінің төмендеуі: мемлекеттің ипотекалық нарыққа қатысу үлесінің төмендеуі мемлекеттің нарықтық қағидаттарға бейілділігін көрсету.

      2) корпоративтік басқару деңгейін күшейту:

      ииноритарлық инвесторлардың мүдделерін білдіретін шетелдік тәуелсіз директорларды тарту мүмкіндігі.

      одан әрі өсу мен инновациялар үшін стратегиялық инвесторлар мен серіктестерді тарту.

      3) қарыз қаражаты мен мемлекеттік сыйлықақыларға тәуелділікті төмендету:

      капиталды тарту Отбасы банкінің моделін жетілдіруге және жаңа қаржы құралдарын жасауға мүмкіндік береді.

      кейіннен IPO Отбасы банк үшін мемлекеттік сыйлықақылардан жоспарлы түрде кетуге мүмкіндік береді.

      Отбасы банк Қырғызстан мен Өзбекстанда еншілес ұйымдарды ашу арқылы Орталық Азия нарығына шығуды жоспарлап отыр, бірақ онымен шектелмейді.

      Бұл туу және экономикалық өсу әлеуеті өсіп келе жатқан көрші елдердің 43 млн халқы үшін ТҚЖ жүйесінің қазақстандық моделін экспорттауға мүмкіндік береді.

      3. Кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету

      Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаждардың есебінде тұрған азаматтар (бұдан әрі – кезекте тұрғандар) Қазақстан Республикасы халқының неғұрлым осал санаттары болып табылады.

      2024 жылдың соңында кезекте тұрғандар саны 653 246 адамды құрады. 2033 жылдың соңына қарай орташа жылдық 6,9 % өсу қарқыны сақталған кезде олардың саны 1 321 826 адамға дейін өседі. Кезекте тұрғандардың осы санын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін бір отбасына 60 ш.м нормамен 10 жыл ішінде 79,3 млн ш.м тұрғын үй немесе жыл сайын 7,9 млн ш.м тұрғын үй салу қажет болады.

      Ұсынысты қолдау шеңберінде холдинг кезекте тұрғандар үшін қолжетімді тұрғын үй ұсынысын ұлғайту мақсатында Тұжырымдама шеңберінде ЖАО облигацияларын сатып алу арқылы қолжетімді тұрғын үй құрылысын және сатып алуды қаржыландыруды қамтамасыз етеді.

      Холдинг бюджеттен бөлінген қаражатқа сәйкес үкіметтік бағдарламалар шеңберінде кезекте тұрғандар үшін жеңілдікті кредиттер беруді жалғастырады. Халықтың тұрғын үймен қамтамасыз етілуін арттыру үшін тұрғын үй саясатының тұтастығы шеңберінде "тұрғын үйдің қолжетімділік сатысы" белсенді түрде енгізілетін болады.

      Тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында кезекте тұрғандарды шартты түрде олардың табыс деңгейін тұрғын үймен қамтамасыз ету құралдарымен (тұрғын үйдің қолжетімділік сатысы) салыстыратын үш топқа бөлуге болады:


Шығыстарды шегергендегі кірістер

Топтағы адам саны

Құралдар

2-ге дейінгі ең төмен күнкөріс деңгейі (81 134 теңге)

217 мың адам (35 %)

Жекешелендіру құқығымен ЖАО жалға берілетін тұрғын үйі

2-ден 5-ке дейінгі ең төмен күнкөріс деңгейі

180 мың адам (29 %)

Жекешелендіру құқығымен ЖАО жалға берілетін тұрғын үйі

5-тен жоғары ең төмен күнкөріс деңгейі

224 мың адам (36 %)

Нарықтық ипотека

      5-кесте. Тұрғын үйдің қолжетімділік сатысы.

      Тұрғын үй мәселесін шешу ең төменгі табыс деңгейі бар кезекте тұрғандар үшін қолайлы (бірінші және екінші топ) жекешелендіру құқығымен ЖАО-ның сатып алатын және жалға берілетін тұрғын үй ҚТК құралдарының есебінен мүмкін болады. Кезекте тұрғандардың үшінші тобы Отбасы банктің тұрғын үй бағдарламаларын пайдалана алады.

      Бұдан басқа, жеке жалға берілетін тұрғын үй нарығын институттандыру және дамыту мақсатында ҚТЖ жалға берілетін тұрғын үй стандарттарын (2023 жылы ҚТК Стандарттардың бірінші нұсқасын әзірледі) және REIT (Жылжымайтын мүліктің инвестициялық қорлары, Real Estate Investment Trust) дамытудың институционалдық жағдайларын жасау үшін ҚР заңнамасын жетілдіретін болады, сондай-ақ жеке әзірлеушілермен өзара іс-қимыл жасайтын болады.

      4. Заңды үлестік құрылыстың үлесін арттыру

      ҚТК ҚР-да үлестік құрылысты дамыту үшін экожүйе құратын болады. 2024 жылы көппәтерлі тұрғын үй нарығының (көлеңкелі нарықтың) 67 %-ы брондау/инвестициялау шарттарын жасасу жолымен және мәмілелерді тіркеусіз үлескерлерді заңсыз тартқан.

      Көлеңкелі нарық үлесін қысқарту үшін ҚТК бірқатар іс шараларды іске асыруды жоспарлап отыр:

      1) заңнамалық нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілікті арттыра отырып (айыппұл санкцияларын күшейту, салынып жатқан объектілерді жарнамалауға қойылатын талаптар және т.б.), құрылыс салушылар мен жобаларға қойылатын "кіру" заңнамалық талаптарын (жұмыс тәжірибесі, іске асырылған алаңдар және т.б.) 2 есеге төмендету есебінен ұсынысты ынталандыру;

      2) тұрғын үй-құрылыс кооперативтері бойынша мәмілелерді есепке алуды енгізу, бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйемен интеграциялау, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке байланысты мәмілелерді қолма-қол ақшасыз есепке аудару мәселесін пысықтау.

8-тарау. Қызметтің үш бағыты шеңберіндегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттер

1-параграф. "Жасыл" және бейтарап көміртекті экономикаға көшу

      "Жасыл" және бейтарап көміртекті экономикаға көшу – елдің басым стратегиялық міндеті. холдинг елдің негізгі қаржы институты ретінде ұлттық "жасыл" күн тәртібін қалыптастыруда және оны іске асыруда маңызды рөл атқарады.

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 ақпандағы № 121 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясы (бұдан әрі – Стратегия) Қазақстан Республикасы экономикасының "жасыл" транзитін регламенттейтін, Қазақстан Республикасының "жасыл экономикаға" көшуі жөніндегі тұжырымдаманың орнына келген бірінші деңгейдегі құжат болып табылады.

      Стратегияның орта мерзімді мақсаты – 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы шығарындылар деңгейіне қатысты 15 %-ға қысқарту және экономиканы карбонсыздандыруға халықаралық қолдау алған жағдайда қысқартуды 25 %-ға жеткізу.

      Стратегияның қойылған мақсатына қол жеткізу төмен көміртекті саясатты кешенді іске асыру және секторлық (энергетикада, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында және орман шаруашылығында, қалдықтарды басқаруда) және өтпелі тәсілдерді (әділ көшу, "жасыл" қаржыландыру, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен білім беру, қоғамдық сана, халықаралық ынтымақтастық, климаттық өзгерістерге бейімделу, көміртекті реттеу жүйесі) қолдану арқылы қамтамасыз етілетін болады.

      Бұл ретте төмен көміртекті саясат қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету жөніндегі қадамдармен қатар жүретін болады.

      Карбонсыздандыру процесіне жеке инвестицияларды (оның ішінде халықаралық инвестицияларды) тұрақты тарту және қолдау жөніндегі жұмысқа ерекше назар аударылатын болады.

      "Жасыл" инвестицияларды ынталандыру жөніндегі саясат "жасыл" инвестициялар үшін ашық өлшемшарттарды – ESG-өлшемшарттарды назарға ала отырып, Қазақстандағы жалпы іскерлік орта мен инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралармен толықтырылатын болады. Бұл ретте "жасыл" жобалардың таксономиясы халықаралық тәсілдерді ескере отырып, энергия тиімділігін арттыру және энергия үнемдеу, парниктік газдар шығарындыларын азайту, климаттың өзгеруіне бейімделу сияқты кәсіпорындар қызметінің тиісті "экологиялық" көрсеткіштерін нақты айқындауға тиіс.

      Қазақстан БҰҰ жанындағы Климаттық технологиялар орталығымен және желісімен (Climate Technology Center and Network) және Жасыл климаттық қормен (Green Climate Fund) өзара іс-қимылды жалғастырады.

      Қазақстан Республикасының Экология кодексіне сәйкес экологиялық заңнаманың міндеттерінің бірі мемлекеттің "жасыл" инвестициялар тартуды және ең үздік қолжетімді техникаларды, ресурс үнемдеуші технологиялар мен практикаларды кеңінен қолдануды, түзілетін қалдықтардың көлемін қысқартуды және қауіптілік деңгейін төмендетуді және оларды тиімді басқаруды, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды, су үнемдеуді, сондай-ақ энергия тиімділігін арттыру, табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану, қалпына келтіру және молықтыру жөніндегі шараларды жүзеге асыруды көтермелеуі және ынталандыруы болып табылады.

      Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қызметті экономикалық ынталандыру "жасыл" технологиялар трансферін ұйымдастыру және бейімдеу, "жасыл" инвестицияларды тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шарттарда және тәртіппен "жасыл" қаржыландыру шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну арқылы да жүзеге асырылады.

      "Жасыл" жобаларға инвестициялар тартуды ынталандыру БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді, карбонсыздандыруды және жобаларды іске асыру кезінде ESG қағидаттарын ілгерілету негізінде жүргізілетін болады.

      Компанияның қызметіне ESG мәселелерін енгізудің тиімділігін бағалаудың негізгі құралы ESG рейтингі болып табылады. Сонымен қатар мұндай рейтинг компанияның ұзақ мерзімді кезеңдегі тұрақтылығын айқындауға арналған тәуекелдері мен мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған.

      Бұл ретте тұрақты даму саласындағы ақпаратты ашу басқару процестерінің ашықтығы мен тиімділігін көрсетуге көмектесетінін, бұл ұзақ мерзімді ресурстарды тарту үшін қолайлы жағдай туғызатын атап өткен жөн.

      Жоғарыда баяндалғанның негізінде, холдинг үшін тұрақты даму және ESG саласындағы басым бағыттар мыналар болып табылады:

      1. Халықаралық ESG-рейтингін алу/растау.

      Холдинг және оның еншілес ұйымдары тұрақты даму қағидаттарын енгізу және ESG ақпаратын ашудың ашықтық деңгейін арттыру шеңберінде мықты және әлсіз тұстарын анықтау мақсатында ESG-рейтингін алады. Бұл ретте Холдинг және оның еншілес ұйымдары алынған ESG-рейтингінің нәтижелері бойынша оны арттыру жөніндегі іс-шараларды әзірлейді.

      2. Төмен көміртекті даму бойынша ұлттық күн тәртібін орындауға жәрдемдесу.

      Осы бағытты іске асыру үшін Холдинг тобында осындай таксономияларды әзірлеудің халықаралық тәжірибесі және инвесторлардың үміттері ескеріле отырып, "жасыл"/тұрақты жобалар өлшемшарттары әзірленді. Бұл ретте Холдингте және оның еншілес ұйымдарында "жасыл"/тұрақты жобалар базасы қалыптастырылады, сондай-ақ осындай жобаларды қаржыландыру үлесі есептеледі.

      Бұдан басқа, парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ұлттық күн тәртібін ескере отырып, Холдинг және оның еншілес ұйымдары парниктік газдар шығарындыларын есептейді (Scope 1,2,3).

      3. ESG қағидаттарына сәйкес келетін тұрақты қаржыландыру құралдарын дамыту.

      Холдинг тобында "жасыл/тұрақты" қаржыландыру құралдары белсенді дамуда. Холдинг және оның еншілес ұйымдары жыл сайын тұрақты даму облигацияларын шығару мәселесін пысықтайды.

      4. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ және оның ЕҰ қызметінің ашықтығын арттыру.

      Даму институттары қызметінің жоғары экономикалық және әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, Холдинг тобы өз қызметі туралы нысаналы аудиторияларды белсенді түрде хабардар етуге ұмтылады.

      Холдинг пен ЕҰ ESG ақпаратын (экологиялық және әлеуметтік ақпаратты, сондай-ақ корпоративтік басқару туралы ақпаратты) жеке ESG есебі/тұрақты даму туралы есеп түрінде немесе Есептілік жөніндегі жаһандық бастаманың (Global Reporting Initiative, GRI) Ақпаратты ашу жөніндегі халықаралық стандартының қағидаттарына және листинг компаниялардың жылдық есебіндегі ақпаратты ашу жөніндегі KASE талаптарына сәйкес жылдық есептің құрамында ашады.

      Бұл ретте холдинг және оның еншілес ұйымдары жыл сайын қаржылық емес ақпаратты ашу бойынша жаңа стандарттарды қолдана отырып, ақпаратты ашудың үздік практикаларына сәйкес келуге ұмтылады. Мәселен, холдинг және оның еншілес ұйымдары "Тұрақты даму саласындағы қаржылық ақпаратты ашуға қойылатын жалпы талаптар" ХҚЕС S1 және "Климатқа байланысты ақпаратты ашу" S2 ХҚЕС сәйкес ақпаратты ашады. Бұл стандарттар ұйымдардан ұйымның ақша ағындарына, қаржыландыруды қамтамасыз ету қабілетіне немесе капитал құнына әсер етуі мүмкін тұрақты даму мен климатқа байланысты барлық маңызды тәуекелдер мен мүмкіндіктер туралы ақпаратты ашуды талап етеді.

      Бұдан басқа, холдинг және оның еншілес ұйымдары сенімді, пайдалы және салыстыруға болатын ESG-ақпаратты ашуға дайындауға арналған нұсқаулық ретінде Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2023 жылғы 28 сәуірде (№291 бұйрық) бекіткен Банктер мен басқа да қаржы ұйымдарына арналған ESG-ақпаратты ашу жөніндегі нұсқаулықтың ұсынымдарын басшылыққа алады.

      5. Холдингтің бірыңғай кадр саясатын қалыптастыру.

      Холдинг бірыңғай кадр саясатының мақсаты – қазіргі сын-тегеуріндерге бейімделе алатын жоғары кәсіби, ынталы және ұтқыр еңбек капиталын қалыптастыру арқылы холдингтің және еншілес ұйымдардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

      HR-дағы әлемдік үрдістерді ескере отырып, бірыңғай кадр саясатының міндеттері:

      Холдингті және ЕҰ-ны холдингтің мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келетін кадрлармен қамтамасыз ету;

      жаһандық өзгерістер жағдайында жұмыс істеуге қажетті икемі мен дағдылары бар кәсіпқойлар командасын қалыптастыру;

      әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жұмычскерлер үшін тең мүмкіндіктер бере отырып, инклюзивтілік және әртараптандыру қағидаттарын іске асыру;

      цифрландыруға баса назар аудара отырып, жұмыскерлердің құзыреттерін дамыту;

      үлкен деректермен, аналитикамен және ЖИ жұмыс дағдыларын қоса алғанда, жұмыскерлердің цифрлық сауаттылығын арттыруды инвестициялау;

      еңбек нарығындағы тез өзгеретін жағдайларға бейімделу үшін қайта даярлау (reskilling) және біліктілікті арттыру (upskilling) бағдарламаларын ұйымдастыру;

      персоналдың белсенділігі мен өнімділігін арттыру;

      жеке және кәсіби өмір арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін гибридті жұмыс модельдерін жасау;

      жұмыскерлердің ақыл-ой және физикалық денсаулығын қолдауға бағытталған бастамаларды енгізу (well-being бағдарламалары);

      цифрлық байланыс арналары мен корпоративтік порталдар арқылы жұмыскерлермен байланысты нығайту;

      тиімділікті арттыру үшін HR-процестерді цифрландыру;

      жасанды интеллект пен HR-аналитиканы қолдана отырып, жұмыскерлерді іріктеу, бейімдеу, оқыту және бағалау процестерін автоматтандыру;

      персоналға қажеттілікті болжау және кадрлардың кету қаупін бағалау жүйелерін енгізу;

      тиімділікті басқару жүйесін жетілдіру;

      ЕҰ қызметінің ерекшелігіне қарай сараланған тәсілмен жеке және командалық мақсаттарға қол жеткізуге байланысты тиімділікті бағалаудың икемді және ашық жүйесін енгізу;

      Холдингтің және ЕҰ-ның бизнес-мақсаттарындағы өзгерістерді ескере отырып, карталарды қалыптастыру тәсілдерін қайта қараумен тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін (KPI) ұдайы сәйкестендіру;

      өнімділікті арттыру үшін кері байланыс пен тәлімгерлік мәдениетін дамытуға баса назар аудару;

      ESG-қағидаттарына негізделген корпоративтік мәдениетті дамыту;

      Холдинг және ЕҰ шеңберінде тұрақты даму, әлеуметтік жауапкершілік және ашықтық құндылықтарын нығайту;

      жұмыскерлердің ESG жобаларына қатысуы үшін жағдай жасау және тұрақты корпоративтік имиджді қалыптастыру;

      ESG-қағидаттарын оқыту, коммуникация және ішкі бастамалар арқылы жұмыскерлердің күнделікті жұмысына кіріктіру.

      Бұл міндеттер холдингтің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге, оның жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және үздік мамандарды тартуға бейімделген.

      Сондай-ақ холдинг өз қызметінде 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында қойылған гендерлік теңдік институтын нығайту міндеттерін ескереді.

      6. жауапты сатып алуға жәрдемдесу.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ және оның ЕҰ сатып алуға қатысты шешімдер қабылдау кезінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің (бұдан әрі – ТЖҚ) экологиялық, әлеуметтік және этикалық сипаттамаларын, мүмкіндігінше оларды сатып алу практикасына интеграциялай отырып назарға алады.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ және оның ЕҰ қоршаған ортаға барынша аз әсер ететін ТЖҚ-ға артықшылық береді, атап айтқанда, экологиялық материалдардан жасалған тауарларды басымдықпен сатып алу мүмкіндігін қарастырады.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ және оның ЕҰ тұрақты даму қағидаттарын ескере отырып, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы шарттардың үлгілік нысандарын өзектілендіреді.

      7. ESG-тәуекелдерін басқару.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ және оның ЕҰ ESG-тәуекелдерін үздік халықаралық практика негізінде холдингтің қолданыстағы тәуекелдерді басқару жүйесіне интеграциялады. Осыған байланысты жауапты қызметкерлер осы тәуекелдерді басқару бойынша мерзімді негізде оқытудан өтеді.

2-параграф. ЕҰ функцияларының портфелін оңтайландыру

      Қызметтің үш стратегиялық бағытында (кәсіпкерлікті қолдау, үлестік қаржыландыру экожүйесін дамыту және халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету) тиімді жұмыс істеу үшін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ 2033 жылға дейінгі перспективада ЕҰ функцияларының портфелін оңтайландыру және олардың одан әрі дамуын айқындау бойынша жұмыс істейтін болады. Бұл ретте "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ функциялардың нысаналы портфелін қалыптастыру кезінде мынадай өлшемшарттарға бағдарланатын болады:

      Функцияларды қайталаудың болмауы

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ішіндегі функциялардың, сондай-ақ басқа ұйымдар функцияларының қайталануы тиісті ұйымдар арасындағы қызмет нәтижелері үшін жауапкершілікті бөлуге қатысты түсініксіздікке әкеледі. Функциялар қайталанатын жағдайларда – "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ функцияны "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ЕҰ-ның біреуінің айрықша құзыреті ретінде орталықтандырады не функцияны басқа мемлекеттік органдарда орталықтандыру шеңберінде оны орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді перспективада қысқартады.

      Даму институтының рөліне сәйкестігі

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ даму тұжырымдамаларының қаржы операторы болып табылады, бұл ретте "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ЕҰ функциялары "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ рөлі мен миссиясына сәйкес келуге тиіс.

      "YellowPages" қағидаттарына сәйкестігі

      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін басым міндеттердің бірі мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін қысқарту болып табылады. Осы міндетке сәйкес "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ЕҰ жеке секторда жеткілікті көлемде және деңгейде іске асырылатын функцияларды жүзеге асырмауға тиіс.

3-парграф. Басқару функцияларын корпоративтік орталықтан ЕҰ-ның директорлар кеңесі мен басқармалары етіп орталықсыздандыру

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ құрылымы корпоративтік орталықтың басқару функцияларының шектеулі жиынтығында ғана құндылық құруын көздейді:

      1. Тәуекелдерді басқару жүйесі

      Атап айтқанда, валюталық, кредиттік және пайыздық тәуекелдерге қатысты шоғырландырылған тәуекелдерді басқару портфель деңгейінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар шоғырландырылған көзқарас "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ активтері мен пассивтері арасындағы валюталық және пайыздық теңгерімсіздікті дәлірек анықтауға, тиісті тәуекелдерді уақтылы басқаруға мүмкіндік береді.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның жекелеген құжаттарымен (тәуекелдерді басқару саясаты, тәуекелдерді басқару қағидалары және т. б.) регламенттелген тәуекелдерді басқарудың қолданыстағы жүйесіне сәйкес, барлық ықтимал қауіптер, тәуекелдерді сипаттау және олардың ықтимал салдары, тәуекелдің алдын алу және ол орын алған жағдайда оған ден қою жөніндегі іс-шаралар Тәуекелдер тіркелімінде көрсетіледі, ол тұрақты түрде өзектендіріледі/қайта қаралады.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ түрлі сценарийлерді ескере отырып, гипотетикалық стресс тестілеу жүргізу және валюталық бағам, инфляция, елдің ЖІӨ өсуі және т. б. сияқты параметрлерді қоса алғанда, кредиттік және қазынашылық портфельдің сапасына макроэкономикалық параметрлердің өзгеруінің әсерін бағалау арқылы негізгі тәуекелдерді – кредиттік, пайыздық және валюталық тәуекелді бағалау практикасын жалғастырады.

      Сондай-ақ қаржылық шығындардың ықтималдығын азайту мақсатында "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ мәмілелерінде тәуекелдерді басқару тәсілдерін жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

      Тәуекел мәдениетінің деңгейін арттыру мақсатында "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-да жұмыскерлер үшін мынадай бағыттар бойынша оқыту тұрақты негізде ұйымдастырылатын болады:

      1) тәуекелдерді басқару жүйесі;

      2) операциялық тәуекелдерді басқару;

      3) ішкі бақылау жүйесі.

      2. Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл

      Корпоративтік орталық арқылы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл бірыңғай терезе рөлін орындау есебінен үлкен құндылық туғызады. Орталықтандыру "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ бүкіл тобы бойынша келіп түсетін сұрау салуларды үйлестіре пысықтауға мүмкіндік береді.

      3. Корпоративтік басқару жүйесі

      Корпоративтік басқару әділеттілік, адалдық, жауапкершілік, ашықтық, кәсібилік және құзыреттілік негізінде құрылады. Корпоративтік басқару жүйесі органдар, лауазымды адамдар мен қызметкерлер арасындағы өкілеттіктердің аражігі мен жауапкершілікті нақты ажыратуды көздейді.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ өз қызметінде корпоративтік басқарудың негіз қалаушы қағидаттарын қатаң сақтайды:

      1) өкілеттіктердің аражігін ажырату қағидаты;

      2) жалғыз акционердің құқықтары мен мүдделерін қорғау қағидаты;

            3) Директорлар кеңесі мен Басқарманы тиімді басқару қағидаты;

      4) орнықты даму қағидаты;

            5) тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және ішкі аудит қағидаты;

            6) корпоративтік жанжалдар мен мүдделер қақтығысын реттеу қағидаты;

            7) ақпаратты ашудың ашықтығы мен объективтілігі қағидаттары.

            Жоғары орган – жалғыз акционер, басқару органы – Директорлар кеңесі, атқарушы орган – Басқарма.

            "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ корпоративтік басқару жүйесі мыналарды қамтамасыз етеді:

            1) нақты басқару жүйесінің, аражігі ажыратылған өкілеттіктердің және шешім қабылдау процесінің болуы, функциялар мен процестерді қайталаудың болмауы;

            2) бірыңғай стандарттар, саясаттар мен процестер, оның ішінде жоспарлауға, мониторингтеу мен бақылауға, нәтижелілікті бағалауға және түзету іс-қимылдарын қолдануға бірыңғай тәсілдерді айқындау бөлігінде;

            3) сапалы ақпаратқа қол жеткізу;

            4) тәуекелдерді тиісті түрде басқару;

      5) "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ЕҰ-ның операциялық қызметіне араласпау.

            "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қызметінің экономикалық және операциялық тиімділігін арттырудың негізгі жолдарының бірі "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ жалғыз акционер ретінде басқаруды жүзеге асыратын стратегиялық органдар ретінде директорлар кеңестерін жұмысқа белсенді тарту арқылы корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру болып табылады.

            Бұл ретте директорлардың тәуелсіздігі қызметтің айқындығы мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Директорлар кеңесінің тиімді жұмысының аса маңызды факторы болып табылады. Мемлекеттің тарихи жоғары қатысу үлесін ескере отырып, өз салаларында шетелдік практиктер және/немесе сарапшылар болып табылатын тәуелсіз директорларды неғұрлым кеңірек тартудың орындылығы қаралатын болады.

            Дүниежүзілік банктің холдингке берген ұсынымдарына сәйкес тиімділікті, есептілікті арттыру, сондай-ақ олардың қызметін тәуелсіз бағалау бөлігінде тәуелсіз директорларға қойылатын талаптар мәселесі пысықталатын болады. Бұдан басқа, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Директорлар кеңесінің құрамындағы тәуелсіз директорлар санын саяси ықпалға тәуелділікті төмендету мақсатында ұлғайтуға ұмтылу маңызды.

4-параграф. Жұмысты ұйымдастырудың жаңа құзыреттері мен әдістерін дамыту

      1. Цифрлық технологияларды дамыту

      Цифрлық технологияларды дамыту "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ даму жоспарында келтірілген негізгі міндеттерді шешуге ықпал ететін аса маңызды факторлардың бірі болып табылады.

      Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Жолдауына сәйкес мемлекеттік қолдаудың операциялық тиімділігі мақсатында "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қызметіне ауқымды цифрландыруды жүзеге асыру да тапсырылды.

      Холдингтің алдына қойылған мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның 2024-2026 жылдарға арналған цифрландыру стратегиясы (бұдан әрі – Цифрландыру стратегиясы) бекітілді, онда холдингтің цифрлық трансформациясының негізгі стратегиялық фокустары айқындалды:

      деректерді басқару және талдау (Big Data, AI);

      процестерді цифрландыру (Business-process);

      "электрондық үкімет" (Govtech) компоненттерімен интеграция;

      өнім тәсілін енгізу (Рroduct Approach);

      АТ-қызметтерін және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды (Core IT) дамыту;

      цифрлық трансформацияны корпоративтік басқару (Culture);

      ақпараттық қауіпсіздік (Cybersecurity).

      Холдингтің ішкі бизнес-процестері bpm жүйесінде автоматтандырылған. Бірыңғай bpm-жүйеде холдинг процестерін автоматтандырудың артықшылықтары процестерді орындау мерзімдерін едәуір қысқартуда, холдинг функцияларының қайталануын болдырмауда және тұтастай алғанда холдинг ішіндегі қағазсыз құжат айналымына көшуді қамтамасыз етуде. Холдингте қаржы активтерін басқару үшін 1С өнімдері пайдаланылады, олардың негізінде холдингтің бизнес-процестері де автоматтандырылған.

      Холдингтің және ЕҰ-ның алқалы органдарына пікірлердің барлық спектрін ескеруге, алқалы орган мүшелерінің білімі мен ұжымдық тәжірибесін жинақтауға, өкілдері холдингте және ЕҰ-да дауыс беру және шешімдер қабылдау рәсімдеріне қашықтан қатысуды қамтамасыз ететін алқалы органның құрамына кіретін барлық мүдделі топтардың мүдделерін ескеруге, басқарушылық және стратегиялық шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік беретін ақпараттық құралды ұсыну мақсатында, ақпаратқа кез келген уақытта және кез келген жерде қауіпсіз қол жеткізуді ескере отырып, сондай-ақ алқалы органдар жұмысының тиімділігін арттыру үшін Алқалы органдар порталы жұмыс істейді.

      Бұдан басқа, холдингтің компаниялар тобының жұмыскерлері құжаттармен бір мезгілде бірлескен жұмысты жүзеге асыруға, жедел хабар алмасуға, жобалық міндеттерді жүргізуге, қызметкерлер арасында бейнеконференциялар өткізуге және тағы сол сияқтыларға мүмкіндік беретін холдингтің корпоративтік порталында ақпаратпен алмасады. Порталда өзіне-өзі қызмет көрсету модульдері, цифрлық кабинет, жаңалықтар порталы, білім базасы іске асырылды.

      Цифрландыру стратегиясын тиімді іске асыру және цифрландыруды дамыту қарқынын жеделдету мақсатында холдингте цифрлық трансформация, цифрландырудың жаңа тәсілдерін енгізу, ақпараттандыру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар объектілерін құру және дамыту, қолданыстағы бизнес-процестерді автоматтандыру және олардың реинжинирингі мәселелері қаралатын алқалы консультативтік-кеңесші орган – Цифрландыру офисі жұмыс істейді.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ цифрлық технологияларды енгізу, реинжиниринг және деректерді пайдалану жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтитын цифрлық трансформация бойынша басымдықтарды айқындайды.

      2. Бизнес-процестерді басқару жүйесін жетілдіру

      Бизнес-процестерді басқару – бұл даму стратегиясын/даму жоспарын және компанияның мақсаттарын тиісті өтпелі процестерді ұйымдастыру арқылы клиенттердің күтулері мен қажеттіліктерімен байланыстыратын басқару тұжырымдамасы.

      Компанияны басқарудағы процестік тәсіл тиімді басқару шешімдерін қабылдаудағы және оларды іске асырудағы икемділік пен айқындылыққа бағытталған және процестер шеңберінде қабылданатын шешімдер, оларды қабылдау тетіктері, шешімдер қабылдауға жауаптылар алдын ала формалданып, күні бұрын анықталатындай процестерді етіп қалыптастырудан көрініс табады.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қызметін сапалы жақсарту мақсатында бизнес-процестерді басқару жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасуда. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ мынадай қойылымдық мақсаттарға қол жеткізуге ұмтылады:

      1) жылдамдық – процестерге арналған уақытты қысқарту: регламенттеу, автоматтандыру және уақыттық шектеулер;

      2) сапа – бизнес-процестердің ашықтығы, регламенттеу және мониторинг;

      3) көрсеткіштерге негізделген басқару – шығындар, уақыт және ресурстарды жүктеу көрсеткіштері арқылы бақылау;

      4) ұйымдастырушылық икемділік – процестерді модельдеу және қайта құру.

      3. "Бір терезе" қағидаты бойынша клиенттерді кешенді қолдау

      Мақсаттары мен міндеттерін табысты іске асыру үшін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын пайдалана отырып, кешенді шешімдер ұсынуда "бір терезе" қағидатын енгізеді. Бұл бизнеске мемлекеттік қолдау мен көрсетілетін қызметтер ұсынудың "бірыңғай терезесі" ретінде Бизнесті қолдаудың "bgov.kz" бірыңғай порталын дамыту арқылы "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ деңгейінде кешенді қолдауды қалыптастыруды білдіреді.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ клиенттеріне "бір терезе" қағидаты бойынша кешенді қолдау көрсету кәсіпкерлік субъектілері мен халыққа мемлекет белгілеген басым бағыттарда ұсынылатын қолдау құралдарының тиімділігін арттыру арқылы клиентке бағдарлану бөлігінде өз қызметін жетілдіру бойынша үздіксіз жұмысты талап етеді.

      Бүгінгі таңда Bgov-та холдингтің еншілес ұйымдарының 65 көрсетілетін қызметі мемлекеттік қолдаудың кредиттеу, субсидиялау, лизинг, сақтандыру, кепілдік беру және инвестициялау сияқты 6 бағыты бойынша қолжетімді.

      Бұл ретте кешенді қолдау құралдарын тікелей іске асыру және ұсыну қосымша адами ресурстарды тартпай-ақ, процесті әкімшілендіру шеңберінде "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ тарапынан шектеулі қатысумен ЕҰ деңгейінде жүзеге асырылады.

      Кешенді қолдауды іске асыру бірыңғай даму институты ретінде "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ аясында даму институттарының жұмысынан қосымша синергетикалық әсер алуға мүмкіндік береді.

      Жұмыстың нәтижесі өтінім беру, қарау мәртебесі, мақұлдау, қажетті құжаттарды ұсыну, қолдау, консультация беру және т. б. сияқты барлық қолдау құралдарын онлайн форматқа ауыстыру болады.

      Холдингпен және оның ЕҰ-мен өзара іс-қимыл процесін жеңілдетудің тағы бір құралы ретінде клиенттерге ақпарат, консультациялар алу және мәселелерді жедел шешу үшін бірыңғай терезе ұсыну арқылы Бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды. Клиенттер ЕҰ өнімдері мен көрсетілетін қызметтері бойынша және Bgov-ты пайдалану бойынша консультациялар, сондай-ақ бизнесті қолдау бағдарламалары туралы өзекті ақпарат ала алады.

      4. Талдау орталығы

      Қазіргі уақытта "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ экономиканы қолдау мен дамытудың бекітілген бағдарламалары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және басқа да мемлекеттік органдардың шешімдері мен тапсырмалары шеңберінде мемлекет белгілеген басымдықтарды басшылыққа алады.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ мен оның ЕҰ жинақталған тәжірибенің арқасында клиенттердің қажеттіліктерін, атап айтқанда, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қызметінің барлық стратегиялық бағыттарындағы институционалдық жады негізінде терең түсінеді. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ЕҰ-ның көрсетілетін қызметтерді алушы клиенттермен тікелей байланысы қазіргі проблемалар мен күрделіліктерге, ағымдағы және болашақ қажеттіліктерге, сондай-ақ даму институттары тарапынан қажетті құралдар мен қолдау көлемдеріне қатысты өзекті ақпаратты алуға мүмкіндік береді. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ осы ақпаратқа қолжетімділікті тиімді пайдалана алады және оны орталықтандырылған түрде өңдей алады. Осыған байланысты талдау орталығының негізі холдингтің цифрлық түрдегі барлық "жинақталған тәжірибесін" қамтитын орталықтандырылған деректертерді сақтау орны болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалатын ақпараттың құпиялылығын сақтау қағидатын ескере отырып, пайдаланушылардың кең ауқымына қолжетімді болады.

      Дамудың өзекті мәселелері бойынша шешімдер қабылдаудың динамикалық процесі оң тәжірибені зерделеуге және жалпылауға негізделген жүйелі білімді қажет етеді.

      Талдау орталығы холдингтің барлық тобы бойынша Big Data өңдеуді негізге ала отырып, азаматтар мен бизнес-кәсіпорындарға көрсетілетін қолдауды таргеттеуге, сондай-ақ data-driven шешімдерді қабылдау арқылы "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ мен ЕҰ қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

      Талдау орталығының негізгі міндеттері:

      1) даму тұжырымдамалары, сондай-ақ өңірлер мен экономика секторлары бөлінісінде қолдау көрсетілген жобаларды кеңейтілген талдау негізінде экономиканы дамытуды қолдауда басымдықтарды айқындау;

      2) "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ және ЕҰ-ның қолдау құралдарын процестерді оңтайландыруды қоса алғанда, олардың тиімділігі, өзектілігі мен қолданылуы тұрғысынан талдау;

      3) бизнесті қолдаудың жаңа шешімдері бойынша ұсыныстар тұжырымдау және басқалар.

      Талдау орталығының міндеттерін іске асыру үшін:

      1) деректерді өңдеу бөлігінде автоматтандыру дәрежесін арттыру;

      2) жобаны іске асыруға басымдық бере отырып, Big Data саласында талдау орталығының қызметін қамтамасыз ететін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ және ЕҰ қызметкерлерінің біліктілігін арттыру;

      3) есептілік нысандарының көлемін қайта қарау, Excel нысандарын қолмен өңдеуден бас тарту есебінен "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ департаменттерінің күнделікті міндеттерін оңтайландыру;

      4) сыртқы дереккөздермен интеграциялау;

      5) "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қызметінің есеп-қисаптарын автоматтандыру және көрсеткіштерін визуализациялау есебінен басқарушылық есептілікті интерактивті талдау панельдеріне аудару қажет.

      Сонымен қатар қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыру, бизнестің өтінімдері бойынша шешімдер қабылдау уақытын қысқарту және мемлекеттік қолдау көрсету процесін бюрократиядан арылту үшін жасанды интеллектті (бұдан әрі – ЖИ) кеңінен қолдану қажет.

      Холдинг қызметіне ЖИ енгізудің негізгі бағыттары:

      1. Клиенттерге қолдау көрсету үшін виртуалды ассистенттер мен чат-боттар.

      Байланыс орталықтарының жұмысы мен клиенттерді қолдауды автоматтандыру үшін ЖИ-боттарды әзірлеу және енгізу. Чат-боттар жиі қойылатын сұрақтарға жауап бере алады, типтік проблемаларды шеше алады, клиенттерді қажетті маманға бағыттай алады және кері байланыс жинай алады.

      2. Бизнесті талдауға және болжауға арналған ЖИ.

      Көрсеткіштерді болжау, бизнестегі ауытқуларды анықтау және автоматтандырылған шешім қабылдау үшін машиналық оқыту негізінде болжамды аналитиканы енгізу.

      3. Процестерді автоматтандыруға арналған ЖИ-ассистенттер.

      Құжаттарды өңдеу, кездесулер ұйымдастыру, есептер жазу сияқты жұмыскерлердің күнделікті міндеттерін автоматтандыруға арналған ЖИ-агенттерін пайдалану.

      4. ЖИ көмегімен IT және DevOps автоматтандыру.

      Кодты генерациялау, автоматты тестілеу және IT-инфрақұрылым мониторингі үшін ЖИ-құралдарын қолдану.

5-параграф. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ сыртқы борышты басқару стратегиясы

      1. Жалпы ережелер

      Осы бөлімнің мақсаты "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның кейіннен инвестициялық жобаларды, экспорттық операцияларды, лизингтік мәмілелерді және лизинг беруші ұйымдарды қаржыландыра отырып, холдингтің еншілес ұйымдарын, банкаралық кредиттеуді, агроөнеркәсiптiк кешенді кейіннен қаржыландыру және жарғылық қызметіне сәйкес жүзеге асырылатын қаржыландырудың басқа да түрлерi үшін мүмкіндігінше оңтайлы шарттарда (қарыз алу құралы, оның құны, мерзімі, сомасы, валютасы) ақша ресурстарын тарту үшін қарыз алуының және қарыз алу портфелін басқаруының негізгі мақсаттары мен қағидаттарын айқындау болып табылады.

      Холдинг өз қызметiнде мынадай мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiне және холдингтiң iшкi құжаттарына сәйкес қарыз алуды жүзеге асырады және сыртқы борыштың шекті көлемін реттейдi:

      "Квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышының шекті көлемін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 18 қыркүйектегі № 164 бұйрығы, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2023 жылғы 21 қыркүйекте № 33444 болып тіркелген;

      "Қазақстанның Даму Банкінің қаржылық тұрақтылығының параметрлерін (коэффициенттерін), олардың шекті мәндерін айқындау және Қазақстанның Даму Банкінің қаржылық тұрақтылығы параметрлерінің (коэффициенттерінің) шекті мәндерін есептеу әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 19 маусымдағы No 117 бұйрығы, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2023 жылғы 19 маусымда № 32845 болып тіркелген;

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ тәуекелдерді басқару саясаты ("Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Директорлар кеңесінің 2023 жылғы 19 қазандағы 07/23 хаттамасы);

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ тәуекелдерді басқару қағидалары ("Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Директорлар кеңесінің 2021 жылғы 27 мамырдағы № 03/21 хаттамасы);

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ға меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен тиесілі заңды тұлғалардың қарыз алу қағидалары ("Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Директорлар кеңесінің 2013 жылғы 26 қыркүйектегі № 08/13 хаттамасы);

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның 2024-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары (10-нысан – Қарыз алу құрылымы және өтеу кестесі) ("Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Директорлар кеңесінің 2023 жылғы 23 қарашадағы № 08/23 хаттамасы).

      2. Негізгі мақсаттары

      Сыртқы борышты басқару стратегиясы (бұдан әрі - Стратегия) сыртқы борышты басқарудың ұзақ мерзімді мақсаттарын, міндеттерін, қағидаттары мен шараларын әзірлеу, холдингтің қаржылық тұрақтылығын сипаттайтын коэффициенттер арқылы оларды іске асыру тетігі мен шарттарын айқындау жүйесін білдіреді.

      Стратегияның негiзгi мақсаттары борыштық әдiстер мен құралдарды оңтайлы таңдау, экономикалық тұрақсыздық жағдайында ұзақ мерзiмдi жоспарлау арқылы iшкi және сыртқы экономикалық факторларды талдау мен болжау негiзiнде ең аз шығынмен сыртқы борышқа уақтылы қызмет көрсету, қаржылық тәуекелдердi сәйкестендіру, хеджирлеу және алдын алу болып табылады.

      3. Міндеттері мен қағидаттары

      сыртқы борышқа ағымдағы қызмет көрсету және борыш құрылымын жақсарту және борыштық төлемдер бейінін жақсарту жолымен борыштық жүктемені азайту бойынша жұмыстар;

      тартылған қаражатты одан әрі пайдаланудың тиімділігін арттыру;

      қарыз ресурстарын тартудың негізді саясатын әзірлеу;

      несиелердің инвестициялық сипатын күшейту;

      Холдингтің кредиттік саясатының басымдықтарын айқындау, берілген кредиттердің уақтылы қайтарылуын қамтамасыз ету;

      борышты өтеудің қосымша көздерін іздеу.

      Стратегияның мақсаттарына және оның міндеттеріне қол жеткізу мынадай қағидаттарға негізделеді:

      шартсыздық – холдингтің инвесторлар мен кредиторлар алдындағы міндеттемелерін қосымша шарттар қоймай, дәл және уақтылы орындауын қамтамасыз ету;

      борыш саясатының біртұтастығы – сыртқы борышты басқару саясатында бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету;

      келісімділік – кредиторлардың мүдделері мен холдинг алдына қойылған мақсаттардың барынша үйлесімділігін қамтамасыз ету;

      тәуекелдерді азайту – кредитордың да, инвестордың да тәуекелдерін азайту үшін барлық қажетті іс-әрекеттерді орындау;

      оңтайлылық – сыртқы қарыздардың құрылымын олар бойынша мiндеттемелердi орындау ең аз шығындармен және ең аз тәуекелмен байланысты болатындай және холдингтiң қызметiне неғұрлым аз терiс әсер ететiндей етіп құру;

      ұтымдылық – қарыз қаражатын одан әрі барынша тиімді басқару және орналастыру;

      өтімділікті ұстап тұру – ақша ағындарының қозғалысын қаражаттың түсуі (кірістер) қаражаттың тиісінше кетуінен (шығыстар) асатындай етіп қамтамасыз ету;

      ашықтық – барлық мүдделі пайдаланушыларға қарыздың параметрлері туралы анық, уақтылы және толық ақпарат беру;

      қарыз қаражатын тарту мен орналастыру кезінде барабар құқықтық қамтамасыз ету.

      4. Тәуекелдерді басқару

      Стратегия шеңберінде тәуекел белгілі бір оқиғалардың туындауы немесе алдын ала біржақты болжауға болмайтын қандай да бір іс-әрекеттердің жасалу нәтижесінде қаржылық шығындардың туындау ықтималдығын білдіреді.

      Сыртқы борыш тәуекелдерiн талдау келісілуі және макроэкономикалық дамудың және борыштықтық міндеттемелер нарығының тежеуші факторларын назарға алуы тиiс. Борышты өтеу және оған қызмет көрсету мөлшері тәуекелдердің мынадай түрлерінің материалдануына байланысты:

      Пайыздық тәуекел - нарықтық пайыздық мөлшерлемелердің күтпеген өзгерістері нәтижесінде борышқа қызмет көрсету құнының орнықсыздығымен байланысты.

      Валюталық тәуекел - сыртқы борышты тарту мен ол бойынша есептеулерді іс жүзінде жүргізу (пайыздарды төлеу және (немесе) негізгі соманы өтеу) арасындағы кезеңде орын алуы мүмкін валюта бағамының өзгеруі нәтижесінде валюта шығынының ықтималдығы.

      Өтімділік тәуекелі нақты сыртқы борыштарға уақтылы және толыққанды қызмет көрсету қабілетімен (мүмкіндігімен) айқындалады.

      5. Сыртқы борышты басқару жөнiндегi шаралар:

      Холдингтің қарыз алудың барабар және тиімді саясатын жүргізуі;

      Холдингтің қажеттіліктеріне және халықаралық капитал нарықтарындағы ахуалға сәйкес сыртқы борыштың нысаналы параметрлерін белгілеу;

      сыртқы борыш көлемін және оның құрылымын белгіленген параметрлерге сәйкес тұрақты бақылау;

      нарықтық борыштық құралдарды пайдалану - сыртқы борыштарды алмастыру мақсатында корпоративтік бағалы қағаздар шығару;

      борышты мерзімінен бұрын өтеу (тиісті шарттар болған жағдайда);

      сыртқы борыш есебінен қаржыландырылатын инвестициялық жобаларды сапалы бағалау және іріктеу;

      қаржылық конъюнктураның дамуы туралы ақпарат алу, қарыз алудың қолайлы шарттарына кепілдік беру, адал инвесторлар мен кредитор банктерді таңдау мақсатында ішкі және сыртқы қаржы нарықтарының қатысушыларымен және инвесторларымен ынтымақтастық қарым-қатынастарын қолдау және дамыту;

      Холдинг басшылығын сыртқы борыштың деңгейі, қаржылық тұрақтылық туралы тұрақты негізде хабардар ету (мерзімдік есептілікті ұсыну);

      Холдингтің қаржылық тұрақтылық тәуекелдеріне ықтимал қауіп төнген жағдайда холдинг акционерінің қолдауына жүгіну (капиталдандырудың қажеттігі, дивидендтік саясатты қайта қарау және т.б.).

      6. Холдингтің қаржылық тұрақтылығын сипаттайтын коэффициенттер

No
р/с

Коэффициент

Есептеу формуласы

Норматив

Ескертпе

1

Қаржылық левередж коэффициенті*                 

DR=LC/EC
мұндағы: LC – қарыз капиталы; ЕС – үлестік қатысу.

"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның 2024 - 2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес

Борыштық жүктемені сипаттайды

2

Пайыздарды жабу коэффициенті                 

Пайыздарды жабу коэффициенті = EBIT / Төленетін пайыздар

"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның 2024 - 2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес

пайыздарды жабу коэффициенті неғұрлым аз болса, Компанияның кредиттік ауыртпалығы соғұрлым жоғары және банкроттықтың басталу ықтималдығы соғұрлым жоғары.

      *Дереккөз: Холдинг ЖҚЕ

4-бөлім. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның 2033 жылға дейінгі ҚТК


Компанияның даму жоспарының мақсаттары

Компанияның даму жоспарының міндеттері

Қызметтің түйінді көрсеткіші (ҚТК)

Өлшем бірлігі

2022 жыл
(факт)

2023 жыл
(факт)

2033
(болжам)


1

2

3

4

5

6

7

"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның Қазақстан Республикасы экономикасының тұрақты дамуына жәрдемдесуді қамтамасыз ету бойынша шоғырландырылған ҚТК

Экономиканы дамыту үшін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ жұмыс істейтін активтерінің үлесін арттыру

Клиенттердің әртүрлі сегменттері үшін қаржы өнімдері мен қызметтерінің ассортиментін кеңейтуді қоса алғанда, олардың жалпы активтердегі үлесін арттыру мақсатында кредиттік және инвестициялық портфель құрылымын оңтайландыру

1. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ жалпы активтерінен кредиттік және инвестициялық портфелінің үлесі

%

75,08

73,08

77

Холдинг клиенттерінің кері байланысы арқылы қаржылық қолдау шараларының тиімділігін тұрақты негізде арттыру

Қызмет көрсету сапасын үнемі жақсартуға және клиенттердің қанағаттану деңгейін арттыруға бағытталған клиенттермен кері байланыс жүйесін әзірлеу және енгізу

2. Клиенттердің қанағаттануы

%

-

89,8

95

Мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігін арттыру

Даму институтының балансын мемлекеттік емес қарыз алу көздерінен (ішкі және сыртқы капитал нарықтарынан) едәуір дәрежеде арттыру

3. Қарыз алудың жалпы құрылымындағы мемлекеттік емес қарыз алу көздерінің үлесі

%

44

45

60

Қызметтің № 1 стратегиялық бағыты – Кәсіпкерлікті қолдау


1. Холдингтің шикізаттық емес ЖІӨ-ге салымын арттыру
2. Холдингтің шикізаттық емес экспортқа салымын арттыру

1. Экономиканың шикізаттық емес салаларын дамыту.
2. Кәсіпкерлікті дамыту.
3. Өңдеу өнеркәсібін дамыту.
4. Шикізаттық емес өнімдер экспортын қолдау.
5. Еңбек өнімділігін арттыру.
6. Бәсекеге қабілетті АӨК дамыту

4. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қолдауына ие болған кәсіпорындар түсімінің көлемі (2024 жылдан бастап жинақталумен 2033 жылы)

млрд теңге

13 705

15 602

258 054

5. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қолдауына ие болған кәсіпорындардың экспорттық түсімінің көлемі (2024 жылдан бастап жинақталумен 2033 жылы)

млрд теңге

1 709,1

2 161

29 387

6. Нарықта жұмыс істеп тұрған МШОК субъектілерінің жалпы санына қаржылық қолдау көрсетілген МШОК субъектілерінің үлесі (2024 жылдан бастап жинақталумен)

%

-

-

7,00

7. АӨК саласындағы негізгі капиталға инвестициялар көлемі (2024 жылдан бастап жинақталумен 2033 жылы)

млрд теңге

353,1

361,8

4 507

Қызметтің № 2 стратегиялық бағыты – Үлестік қаржыландыру экожүйесін дамыту


Инвестициялық әлеуетті арттыру

Экономиканың инвестициялық тартымдылығын арттыру

8. Үлестік қаржыландыру үлесін ұлғайту

%



70

Қызметтің № 3 стратегиялық бағыты – Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету


Қолжетімді тұрғын үйді беру көлемін арттыру

Халықтың әл-ауқатын жақсарту

9. Бастапқы және салынып жатқан тұрғын үйге қарыздар үлесін ұлғайту

%

34,6

36,1

43

10. Бірінші кезектегі құқығы бар тұрғын үймен қамтамасыз етілген кезекте тұрғандардың үлесі (2025 жылдан бастап жинақталумен)

%

-

-

4,4

11. ҚТК құралдарының есебінен тұрғын үйді (көппәтерлі тұрғын үйлерді) беру көлемі (2024 жылдан бастап жинақталумен 2033 жылы)

мың ш.м.

2 367

2 159,1

21 664,7

      6-кесте. Холдинг қызметінің түйінді көрсеткіштері.

      1 Көрсеткіштердің нысаналы мәндері индикативті болып табылады және Қазақстан экономикасы үшін күтпеген экономикалық дағдарыстардың және геосаяси жағдайдың нашарлауының ықтимал салдарын ескермейді.

      Холдингтің қызметінің стратегиялық түйінді көрсеткіштерінің жылдық нысаналы мәндері, сондай-ақ холдингтің даму жоспарын іске асыруға арналған іс-шаралар "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысының 79-тармағына сәйкес бес жылдық кезеңге арналған іс-шаралар жоспары шеңберінде бекітіледі және іске асырылады.

      Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:

      АНК – "Аграрлық несие корпорациясы" акционерлік қоғамы

      Даму – "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы

      ЕДБ – екінші деңгейдегі банктер

      ЕҰ – "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының еншілес ұйымдары

      ЖАО – жергілікті атқарушы органдар

      ҚАҚ – "ҚазАгроҚаржы" акционерлік қоғамы

      ҚДБ – "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамы

      ҚР СЖРА ҰСБ – Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы

      ҚР ҰЭМ – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі

      ҚТК – "Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы" акционерлік қоғамы

      МШОК – микро, шағын және орта кәсіпкерлік

      Отбасы банк – "Отбасы банк" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамы

      ШОБ – шағын және орта бизнес

      ЭКА – "Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі" акционерлік қоғамы

      QIC – "Qazaqstan Investment Corporation" акционерлік қоғамы

  "Бәйтерек" ұлттық басқарушы
холдингі" акционерлік
  Қоғамының
2024 – 2033 жылдарға арналған
даму жоспарына
1-қосымша

"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ стратегиялық картасы

 

Мақсат қою құжаттары ("Қазақстан-2050" пайымы, Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы)

Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары (Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспары, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы)

Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары
(мемлекеттік органдардың даму жоспарлары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарлары)

Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне кірмейтін өзге де құжаттар (тұжырымдамалар, ұлттық жобалар, мемлекеттік бағдарламалар, доктриналар (стратегиялар), кешенді жоспарлар, Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар)

"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ҚТК








1

2

3

4

5

Қазақстан Республикасы экономикасының орнықты дамуына жәрдемдесуді қамтамасыз ету бойынша "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның шоғырландырылған ҚТК

Құжаттың атауы

Басымдық/Міндет/Бастама

Нысаналы индикатор

Құжаттың атауы

Мақсаты/Негізгі қағидаттары/бағыттары/басымдығы/мақсаты/міндеті

Негізгі ұлттық индикаторлар

Құжаттың атауы

Мақсаттар/міндеттер/ресурстар бағыттары

Нысаналы индикаторлар/нәтижелер көрсеткіштері

Құжаттың атауы

Іс-шара/индикатор


"Қазақстан-2050" стратегиясы

Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау – ұлттық экономиканың жетекші күші.


2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары

Банктік кредит берудің рөлін арттыру және нақты сектор мен экономикалық белсенділікті ынталандыру үшін баламалы қаржыландыру көздерін дамыту

Бизнеске кредит өсімі, %






1. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ жалпы активтерінің кредиттік және инвестициялық портфелінің үлесі.

2. Клиенттердің қанағаттануы.

3. Қарыз алудың жалпы құрылымындағы мемлекеттік емес қарыз алу көздерінің үлесі.

Қызметтің № 1 стратегиялық бағыты – Кәсіпкерлікті қолдау

"Қазақстан-2050" стратегиясы

Экономикалық өсудің жаңа нүктелерін құру

Қазақстан тең құқылы бизнес-әріптес ретінде қатыса алатын жаңа нарықтық тауашаларды айқындау

Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары

1. Өнімдердің технологиялық күрделілігін арттыру және өндірістерді жаңғырту.
2. Сұранысты ынталандыру және ішкі нарықты қорғау.
3. Инфрақұрылымды кеңейту және жаңғырту.

1. ЖІӨ.
2. Еңбек өнімділігінің жинақталған өсу индексі.
3. ЖІӨ энергия сыйымдылығы.

ҚР ҰЭМ даму жоспары

Әлемдік жүйеде елдің экономикалық мүдделерін қорғау және ілгерілету

ЖІӨ

Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасы

1. Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі.
2. Өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құны.
3. Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің ФКИ.

4. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қолдауын алған кәсіпорындар түсімінің көлемі (бір жыл ішінде).

"Қазақстан-2050" стратегиясы

Экономикалық өсудің жаңа нүктелерін құру

1. Экспортқа бағдарланған шикізаттық емес секторды кеңейту.
2. Экспортты мемлекеттік ынталандыру.

Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары

Экспортты қолдау

Өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты

ҚР СИМ даму жоспары

Шикізаттық емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспортын дамыту және ілгерілету, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және халықаралық экономикалық интеграцияны дамыту

Республика бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің шикізаттық емес экспортының көлемі

5. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ қолдауын алған кәсіпорындардың экспорттық түсімінің көлемі (бір жыл ішінде).

"Қазақстан-2050" стратегиясы

Экономикалық өсудің жаңа нүктелерін құру

Қазақстан тең құқылы бизнес-әріптес ретінде қатыса алатын жаңа нарықтық тауашаларды айқындау

Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары

Бизнесті бейресми экономиканы ірілендіруге және одан шығуға ынталандыру

ЖІӨ-дегі ЖҚҚ ШОБ үлесі

ҚР ҰЭМ даму жоспары

Инвестицияларды тарту және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін тұтас экожүйе қалыптастыру

ЖІӨ-дегі ЖҚҚ ШОБ үлесі

Қазақстан Республикасында Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасы

1. ЖІӨ-дегі ШОК үлесі
Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту тұжырымдамасы.
3. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі.
4. Азық-түлік тауарларымен (оның ішінде әлеуметтік маңызы бар) қамтамасыз етілу деңгейі.
5. Ауыл шаруашылығына негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемінің өсуі.
6. Тамақ өнімдерін өндіруге негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемінің өсуі.

6. Нарықта жұмыс істеп тұрған МШОК субъектілерінің жалпы санына қаржылық қолдау көрсетілген МШОК субъектілерінің үлесі (2024 жылдан бастап жинақталуымен).

"Қазақстан-2050" стратегиясы

Экономикалық өсудің жаңа нүктелерін құру

Қазақстан тең құқылы бизнес-әріптес ретінде қатыса алатын жаңа нарықтық тауашаларды айқындау

Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары

1. Салаға инвестициялар тартуды ынталандыру.
2. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді ынталандыру.

1. Негізгі капиталға инвестициялар.
2. АӨК-тегі қайта өңделген өнімнің үлесі.

ҚР АШМ Даму жоспары

АӨК субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдайлар жасау

АӨК негізгі капиталына инвестициялар

Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту тұжырымдамалары

1. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру.
2. Агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын ұлғайту.

7. АӨК саласындағы негізгі капиталға инвестициялар көлемі (бір жыл ішінде).

Қызметтің № 2 стратегиялық бағыты – Үлестік қаржыландыру экожүйесін дамыту

"Қазақстан-2050" стратегиясы

Экономикалық өсудің жаңа нүктелерін құру

Қазақстан тең құқылы бизнес-әріптес ретінде қатыса алатын жаңа нарықтық тауашаларды айқындау

Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары

Салаға инвестициялар тартуды ынталандыру

1. Негізгі капиталға инвестициялар.
2. Тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны.

ӨҚМ даму жоспары

Қазақстан Республикасының өнеркәсібін дамытуға жәрдемдесу

Негізгі капиталға инвестициялар

Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасы

Өңдеу өнеркәсібіне негізгі капиталға инвестициялар

8. Үлестік қаржыландыру үлесін ұлғайту.

Қызметтің № 3 стратегиялық бағыты – Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету

"Қазақстан-2050" стратегиясы

Жаңа әлеуметтік модельді қалыптастыру

Тұрғын үйге қолжетімділік деңгейі

Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары

1. Өңірлердің бәсекелестік артықшылықтары негізінде тұрақты экономикалық өсуі.
2. Жайлы және заманауи қалалар.

Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес әлеуметтік игіліктермен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі

ӨҚМ даму жоспары

Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдай жасау, инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту

Барлық көздер есебінен тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы

Тұрғын үйдің қолжетімділігі

9. Бастапқы және салынып жатқан тұрғын үйге қарыздар үлесін ұлғайту.

10. Бірінші кезектегі құқығы бар тұрғын үймен қамтамасыз етілген кезекте тұрғандардың үлесі (2025 жылдан бастап жинақталуымен).

11. ҚТК құралдарының есебінен тұрғын үйді (көппәтерлі тұрғын үйлерді) енгізу көлемі.

           

  "Бәйтерек" ұлттық басқарушы
  холдингі" акционерлік
қоғамының
2024 – 2033 жылдарға арналған
даму жоспарына
2-қосымша

"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ еншілес ұйымдарының тізімі

      1. "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ.

      2. "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ.

      3. "Отбасы банк" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ.

      4. "Qazaqstan Investment Corporation" АҚ.

      5. "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ.

      6. "Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі" АҚ.

      7. "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады