Республика соттарының денсаулыққа тиген зиянды өтеу жөніндегі заңдарды қолдануының кейбір мәселелері туралы

Күшін жойған

Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының 1988 жылғы 16 желтоқсандағы № 9 Қаулысы. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Соты Пленумының 1999.07.09 N 9 қаулысымен.

      Зиянды өтеу туралы істер жөніндегі сот практикасын зерттеу мынаны көрсетті: соттар бұл істерді негізінен дұрыс, заң талаптарына, еңбек міндеттерін орындауына байланысты жұмысшылар мен қызметшілерге мертігуі не денсаулығының өзгеше зақымдануы арқылы келтірілген залалды кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың өтеуі туралы 1984 жылғы 3 шілдеде бекітілген Ережелерге, осы Ережелерді қолдану тәртібі туралы 1985 жылғы 13 февральдағы Нұсқауға және "Денсаулыққа зақым келтіру арқылы келтірілген зиянды өтеу туралы істер жөніндегі сот практикасы туралы" 1986 жылғы 5 қыркүйектегі N 13 қаулыдағы СССР Жоғарғы Соты Пленумының түсініктемелеріне сәйкес шешеді.

      Сонымен бірге мұндай талаптарды қарау кезінде елеулі кемшіліктерде орын алып отыр.

      Өтелуге тиіс залал мөлшерін, залалды өтеу сомаларын төлеу тәртібі мен мерзімдерін анықтау мәселелерін реттейтін праволық нормаларды қолдануда қателіктерге жол беріледі.

      Жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген, асыраушысынан айрылған жұбайға баласы бір жарым жасқа толғанға дейінгі залалды өтеуге қақысы жөніндегі, жерлеуге байланысты шығындардың көлемі мен түрлері туралы, сондай-ақ денсаулыққа тиген зиянды өтеу жөніндегі заңдарды қолданудың басқа да кейбір мәселелері әртүрлі шешіледі.

      Жарақаттанудың және еңбекшілердің денсаулығына тиетін өзгеше зақымдардың алдын алуға жеткілікті көңіл бөлінбейді.

      Соттардың жұмысында аталған кемшіліктерді жою және олардың заңдарды қолдануда біркелкілікті қамтамасыз ету мақсатында Пленум қаулы етеді:

      1. Денсаулыққа тиген зиянды өтеу жөніндегі талаптарды қарағанда соттардың қызметінде елеулі кемшіліктер орын алып отырғанына және оларды жою қажеттігіне назар аударылсын.

      2. Азаматтық істер жүргізу кодексінің 126, 127-статьяларына сәйкес сот талап арызды қабылдай отырып, ол заң талаптарына сай келе ме, қойылған талаптың сипатын ескере отырып, істі дұрыс шешу үшін қажетті документтер талап арызға қоса тіркелген бе (СССР Жоғарғы Соты Пленумының 1986 жылғы 5 қыркүйектегі N 13 қаулысының 5-тармағы), егер залалды сақтандырушы келтірген болса, талапкердің дауды шешудің сотқа дейінгі тәртібін сақтағаны туралы мәліметтер бар ма, соны тексеруге тиіс.

      Зиян сақтандырушының кінәсінен ғана емес, сондай-ақ жәбірленушінің өрескел абайсыздығынан тигені туралы мәліметтер болған жағдайда, сот, мекеменің кәсіподақ комитетінің еңбек қорғау жөніндегі комиссиясының жәбірленуші кінәсінің дәрежесі туралы қорытындысын сұратуға міндетті, ол басқа дәлелдемелермен қатар зерттеліп, бағалауға тиіс.

      Жәбірленушінің әрекетінен өрескел абайсыздықты анықтағаннан кейін сот бұл жағдайды ескеруге тиіс (Азаматтық кодекстің 453-статьясы).

      3. Талап арызды қанағаттандырған кезде сот өз шешімінде жәбірленушінің денсаулығына зиян келтіруге немесе асыраушының қазаға ұшырауында нақты кінәсі неде екенін көрсетуге тиіс.

      4. Егер мертігу немесе денсаулыққа өзгеше зақым келтіру мүгедектік тобын белгілеуге жеткіліксіз еңбек қабілетінен ішінара айрылуға әкеп соқтырса, залал нұқсанды өтеу Ережелерінің 7-тармағының 1-абзацына сәйкес, яғни жәбірленушінің кәсіптік еңбек қабілеттілігінің жойылған дәрежесіне сай келетін орташа жалақысына шаққандағы процент есебімен өтелуге тиіс.

      Егер жәбірленуші кәсіптік еңбек қабілеті ішінара сақтала отырып, ВТЭК-тің қорытындысы бойынша еңбекке қабілетсіз деп танылса, өтеу мөлшерінің есебі де сондай тәртіппен жүргізіледі.

      Жәбірленушінің кәсіптік еңбек қабілетінен айыру процентін ескере отырып, мүгедектікке байланысты пенсия алуға қақысы жоқ болған реттерде, оған өзге негіздер бойынша тағайындалған пенсия (мысалы, қартаюына байланысты) есепке алынбайтынын соттардың білуі қажет.

      5. Асыраушысы өлген ретте, бала бір жарым жасқа толғанға дейін жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген зайыбы, егер жұбайының табысы оның тіршілік етуінің негізгі немесе елеулі көзі болып табылса, зиянды өтеуге қақылы асырауындағы адам деп танылуы мүмкін.

      6. Жәбірленушіге қатерлі орын туғызу иесімен еңбек қатынасында болу арқылы келтірілген зиянды өтеу туралы талаптарды шешкен кезде, соттар СССР Жоғарғы Соты Пленумының аталған қаулысының 9-тармағын басшылыққа алуға тиіс, ол бойынша зиян келтіргені үшін жауапкершілік сақтандырушының кінәсі болған жағдайда ғана туады. Бұл орайда залал транспорт құралын жүргізуші адамға келтірілген бе, немесе осы мекеменің басқа адамына келтірілген бе, оның айырмашылығы жоқ.

      Алайда, егер жұмысшыға немесе қызметкерге зиян олар еңбек ететін мекеме берген транспорт құралы арқылы жұмыс орнына бара жатқанда немесе одан қайтар жолда келтірілген болса, бұл мекеме Азаматтық кодекстің 450-статьясы негізінде жәбірленушінің алдында жауапты болады.

      7. Басқа адамдарға өзара қатерлі орын туғызу салдарынан келтірілген зиянды бірлесіп өтеген қатерлі орын туғызу иелері кінә принципі бойынша бір-бірінің алдында регрессті талап қою арқылы жауапты болады.

      8. Жәбірленуші не болмаса әкімшілік тағайындалған өтеу мөлшерімен келіспеген жағдайда сот тиісті талапты даулы сома жөнінен ғана емес, толық көлемінде қарайды.

      Талапкердің залалды өтетіп алуға қақысы бар екенін анықтағаннан кейін, зиян келтіруші оны өз еркімен немесе кәсіподақ комитетінің шешімі бойынша толық немесе ішінара төлейтініне қарамастан, сот оны өз шешімімен өндіреді.

      9. Өтелуге тиісті жерлеу шығындарына жерлеуге тікелей қатысы бар қажетті шығындар (табыт жасауға, өлген адам үшін киім, венок сатып алуға, зират қазуға, марқұмды жерлеу орнына жеткізуге және т.б. арналған шығындар) ғана жататынын соттардың ескеруі қажет. Ескерткіш пен қоршау орнатуға арналған шығындар да өтелуге тиіс, бұл орайда оларды әзірлеудің нақты сомасы алынады, бірақ ол сол жерде орнатылған стандартты ескерткіштер мен қоршаушылардың шекті бағасынан аспауға тиіс (қолданылып жүрген прейскурант бойынша).

      Спирт ішімдіктерін сатып алуға шыққан шығын өтелуге жатпайды.

      10. Қайғылы оқиғаға кінәлі сақтандырушы мекеменің қызметкерлеріне кері талап қою арқылы еңбекке қабілетсіздік қағаздары бойынша жәбірленушілерге төленген сомаларды олардан өндіріп алу туралы талап арыздар, егер сақтандырушы кәсіподақ органына аталған шығынды өтеген жағдайда ғана қанағаттандырылуға жатады.

      11. Еңбек туралы заңдар кодексінің 211-статьясының еңбек дауларын шешу үшін сотқа жолдану мерзімдері туралы талаптары жұмыста мертігуден (асыраушысының қайтыс болуынан кәсіптік ауруға шалдығуынан) тиген залалды өтеу жөніндегі қатынастарға қолданылмайды, өйткені олар еңбек дауларына жатпайды.

      12. Сотталып, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген адамға, ол еңбекпен түзеу мекемесі әкімшілігінің тапсыруы бойынша жұмыс істеп жүрген кезде тиген зиянды өтеу Азаматтық кодексінің 455-статьясының ережелері бойынша жүзеге асырылады.

      13. Мекемелердің немесе жекелеген лауазымды адамдардың жұмыстарында


      өндірістік жарақаттануға немесе кәсіптік ауруға шалдығуға ықпал ететін

      кемшіліктер байқалған кезде сот оларға жеке ұйғару арқылы көңіл аударуға

      тиіс.

      14. Осы қаулының қабылдануына байланысты Қазақ ССР Жоғарғы Соты

      Пленумының "Республика соттарының зиянды өтеу жөніндегі заңдарды

      қолдануының кейбір мәселелері туралы" 1976 жылғы 30 сентябрьдегі N 4

      қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      Оқығандар:

      Қасымбеков Б.А.

      Икебаева Ә.Ж.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады