"Қазақстан Республикасының Әскери-Теңiз Күштерiн құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлығын жүзеге асыру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 3 мамыр 1993 ж. N 342

      "Қазақстан Республикасының Әскери-Теңiз Күштерiн құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 2 сәуiрдегi N 1158 U931158_ Жарлығын орындау, тәуелсiз Қазақстанның егемендiгiн және оның аумақтық тұтастығын қорғау, Қазақстан Республикасының жағалауларына жанасатын пайдалы қазбалар мен теңiздердiң континенталды шельфiнiң табиғи теңiз ресурстарын күзету, iргелес суларда шекара режимiн жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. Маңғыстау облысының Ақтау теңiз портында орналастыра отырып, Қазақстан Республикасының Әскери-теңiз Күштерi базасы және Шекара әскерлерiнiң теңiздегi бөлiмдерi құрылсын.
      2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Қаржы министрлiгi Қазақстан Республикасының Әскери-Теңiз Күштерi мен Шекара әскерлерiнiң теңiздегi бөлiмдерiнiң ұйымдық-штаттық құрылымы мен санын және оларды қаржыландыру көздерiн анықтайтын болсын.
      3. Қазақстан Республикасы Шекара әскерлерiнiң теңiздегi бөлiмдерiн қару-жарақпен, әскери техникамен, материалдық-техникалық, тылдық және басқа үлес түрлерiмен осы бөлiмдердiң қаржысы есебiнен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының әскери-теңiз базасына жүктелсiн.
      4. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi мен Ұлттық қауiпсiздiк комитетi 2 айлық мерзiмде Каспий теңiзi акваториясындағы мiндеттердi орындау жөнiнде өзара iс-қимыл жасау мәселесiн келiсiп алатын болсын.
      5. Маңғыстау және Атырау облыстарының әкiмдерi Қазақстан Республикасының Әскери-Теңiз Күштерi мен Шекара әскерлерiнiң теңiздегi бөлiмдерi базасының объектiлерiн салу үшiн жер мен акватория бөлудi жүзеге асырсын;
      Қазақстан Республикасының Әскери-Теңiз Күштерi мен Шекара әскерлерiне тұрғын үйлер, мәдени-тұрмыстық мақсаттағы көлiк коммуникациясы мен байланыс объектiлерiн салуда көмек көрсетсiн.
      6. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi Қорғаныс Министрлiгiмен, Өнеркәсiп министрлiгiмен, Көлiк министрлiгiмен, бiрлестiктермен, кәсiпорындармен, корпорацияларымен бiрлесiп 2 айлық мерзiмде Қазақстан Республикасының Әскери-Теңiз Күштерi мен Шекара әскерлерiнiң теңiздегi бөлiмдерiне корабль жасау бағдарламасын әзiрлеп, оны Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң бекiтуiне енгiзiлсiн.
      7. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi, Бiлiм министрлiгi ӘАФКЕК Орталық Комитетiмен бiрлесiп Әскери-Теңiз Күштерiне мамандар даярлау жөнiнде ұсыныс енгiзсiн.
      8. Қазақстан Республикасының Байланыс министрлiгi, Көлiк министрлiгi, Көлiк құрылысы министрлiгi, Маңғыстау және Атырау облыстарының әкiмдерi Қазақстан Республикасының әскери-теңiз базасын байланыс, көлiк құралдарымен қамтамасыз етiп, кiрме жолдарды жайғастыратын болсын.
      9. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi, Экономика министрлiгi 6 айлық мерзiмде әскери-теңiз базасының объектiлерiн салуға арналған техникалық тапсырманы дайындап, бас мердiгер мен бас жобалаушыны анықтасын.
      10. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi, Экономика министрлiгi Әскери-Теңiз Күштерiнiң объектiлерiн жобалау мен салуға, корабльдер, кемелер, қару-жарақ пен әскери техника, басқа да материалдық-техникалық құрал-жабдық сатып алуға қажеттi қаржы бөлiнуiн көздейтiн болсын.
     Қазақстан Республикасының
       Премьер-министрi


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады