Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi туралы Ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 1993 жылғы 20 мамыр N 409. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997.08.19. N 1268 қаулысымен

      "Қазақстан Республикасында халық денсаулығын сақтау туралы" Қазақстан Республикасы Заңын күшiне енгiзу тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң 1992 жылғы 10 қаңтардағы N 1108 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 
      1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi туралы қоса берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн. 
      2. "Қазақ ССР-нiң Денсаулық сақтау министрлiгi туралы Ереженi бекiту туралы "Қазақ ССР Министрлер Советiнiң 1969 жылғы 9 қыркүйектегi N 567 қаулысының (Қазақ ССР ҚЖ, N 18, 101-бап) күшi жойылған деп танылсын. 

      Қазақстан Республикасының
        Премьер-министрi

                                         Қазақстан Республикасы
                                          Министрлер Кабинетiнiң
                                          1993 жылғы 20 мамырдағы
                                              N 409 қаулысымен
                                                 бекiтiлген

              Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау 
                           министрлiгi туралы 
                                 Ереже 

                          I. Жалпы ереже 

      1. Денсаулық сақтау министрлiгi Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтаудың мемлекеттiк басқару органы болып табылады, ол Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне тiкелей бағынады. 
      2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарын, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң қаулыларын және Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң шешiмдерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады. 
      3. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi өзiне ведомстволық бағыныстағы мекемелермен, ұйымдармен, кәсiпорындармен және жергiлiктi әкiмшiлiктiң жанындағы денсаулық сақтау органдарымен және мекемелерiмен, сондай-ақ ведомстволық медициналық-санитарлық қызметпен бiрге медициналық көмек ұйымдастыру, халықтың денсаулық жағдайы мен республиканың санитарлық-эпидемиологиялық саулығын басқару және бақылау жүйесiн құрайды. 
      4. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiмен, Қазақстан Республикасының министрлiктерiмен және ведомстволарымен, сондай-ақ мемлекеттiк емес құрылымдармен бiрге Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын қорғауға және республика аумағында денсаулық сақтау жүйесi мен санитарлық-эпидемиологиялық саулықты дамытуға жауап бередi. 
 
           II. Мақсаттары мен мiндеттерi 

      5. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң негiзгi мақсаттары мен мiндеттерi: 
      денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк бағдарламаларын әзiрлеу, ғылыми негiздеу және оның орындалуын бақылау; 
      барлық меншiк нысанындағы денсаулық сақтау органдары мен мекемелерiнiң медициналық көмек ұйымдастыру, оның iшiнде, алғашқы медициналық-санитарлық көмектi аналар мен балаларға, ауылдағы денсаулық сақтау және экологиялық апат аймақтары мен төтенше жағдайларға медициналық көмектi жетiлдiру, халықты және емдеу профилактика мекемелерiн дәрi-дәрмекпен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi үйлестiру; 
      денсаулық сақтауды басқарудың құрылымын сараптық талдау және болжау жүйесiн құра отырып, сапаны дамытудың басым бағыттарына сәйкес жетiлдiру; 
      медицина ғылымының негiзгi бағыттарын дамыту, ғылыми-зерттеу мекемелерiнiң желiлерiн, құрылымдарын және жоғары бiлiктi мамандар даярлауды жетiлдiру, ғылыми әзiрлемелердi денсаулық сақтаудың практикасына енгiзудiң нәтижесiн әдiстемелiк қамтамасыз ету; 
      денсаулық сақтауды басқарудың, азаматтарды медициналық сақтандыру жүйесiнiң, медицинадағы көп укладтылықты дамытудың, мемлекет иелiгiнен алудың, жекешелендiрудiң, саладағы басқаруды орталықтандырудан шығарудың экономикалық әдiстерiн әзiрлеу, енгiзу және жетiлдiру; 
      денсаулық сақтау, медицина ғылымы және оқу орындары қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу жүйесiн жетiлдiру; 
      республикадағы медицина кадрларын даярлау мен қайта даярлаудың жүйесiн әзiрлеу, ұйымдастыру және жетiлдiру; 
      республика аумағында санитарлық-эпидемиологиялық саулықты және радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi ұйымдастыру жөнiндегi санитарлық-эпидемиологиялық қызметке бiркелкi келудi жасау және жетiлдiру; 
      республика аумағын карантин ауруларының әкелiнуiнен және таралуынан қорғауды, шет елден сатып алынған өнiмдердi жөнелту мен өткiзуге санитарлық бақылауды ұйымдастыру; 
      республиканың ведомстволық санитарлық қадағалау объектiлерiндегi санитарлық-эпидемиологиялық саулықты қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi үйлестiру; 
      ведомстволық санитарлық-медициналық қызметтiң жұмысына жедел басшылық пен бақылауды жүзеге асыру; 
      денсаулық сақтау мекемелерiнiң материалдық-техникалық базасын дамыту жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу; 
      денсаулық сақтау мекемелерiнiң материалдық-техникалық базасын дамыту жөнiндегi ұсыныстар әзiрлеу, мүдделi министрлiктермен, ведомстволармен және басқа құрылымдармен бiрлесiп, дәрi-дәрмектер, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникалар шығару жөнiндегi өндiрiстi әзiрлеу және ұйымдастыру; 
      мемлекеттiк фармакопияны ұйымдастыру, дәрi-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың сапасы мен стандартына бақылау жүргiзу; 
      республика аумағындағы барлық меншiк нысанындағы кәсiпорындар шығарған медициналық техникалардың жаңа бұйымдарына техникалық сынақ жүргiзуге қатысу; 
      медициналық-статистикалық және ғылыми-ақпараттардың бiртұтас жүйесiн әзiрлеу және ұйымдастыру, есептеу, есеп беру құжаттамаларын жетiлдiру; 
      курорттық ресурстарды игеру және санитарлық-курорттық iстi жетiлдiру; 
      денсаулық сақтау қызметкерлерiн әлеуметтiк қорғау жөнiндегi ұсыныстар әзiрлеу; 
      халық денсаулығын қорғау саласындағы қоғамдық ұйымдар мен бiрлестiктердiң қызметiн қалыптастыруға жәрдемдесу, қолдау бiлдiру және көтермелеу; 
      мемлекеттiк өкiмет пен басқарудың жоғары органдары үшiн ақпараттық және талдау сипатындағы құжаттар дайындау; 
      денсаулық сақтау саласында, өнеркәсiбiнде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру, ЮНИСЕФ-тiң басқа халықаралық үкiметтен тыс ұйымдардың жұмысына қатысу болып табылады.

              III. Құқықтар мен мiндеттер

     6. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгiнiң мынадай құқықтары мен мiндеттерi бар:
     денсаулық сақтау саласындағы бiртұтас мемлекеттiк саясаттың орындалуын жүзеге асыру және бақылау;
     денсаулық қорғау саласындағы заң жобаларын, қаулылар мен басқа да нормативтiк құжаттарды әзiрлеуге қатысу;
      министрлiктерден, мемлекеттiк комитеттерден, ведомстволардан, кәсiпорындардан, мекемелерден және ұйымдардан меншiк нысандарына қарамастан, халықтың денсаулығын қорғау мәселелерi жөнiнде ақпараттар мен материалдар алу; 
      денсаулық сақтау органдарының облыстардағы, Алматы мен Ленинск қалаларындағы бастықтарын (меңгерушiлерiн), ведомстволық медициналық қызмет басшыларын тағайындауды және босатуды қолданылып жүрген заңға сәйкес облыстардың әкiмдерiмен, ведомстволардың басшыларымен келiсу; 
      ведомстволық бағыныстағы органдардың және облыстар мен Алматы және Ленинск қалаларының денсаулық сақтау жөнiндегi қызметiн үйлестiру; 
      халықтың денсаулығын жақсартуға және денсаулық сақтауды дамытуға айрықша үлес қосқан ведомстволық бағыныстағы мекемелердiң медициналық қызметкерлерiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларымен наградтауға және құрметтi атақтар беруге ұсыну; денсаулық сақтаудың ведомстволық бағыныстағы органдары мен мекемелерi басшыларының жiберген қателiгiне қарай еңбек тәртiбiне сәйкес түрлi жазалау шараларын қолдану; 
      бұйрықтар, ережелер, нұсқаулар басып шығару; 
      клиникалық және медициналық биологиялық эксперименттер жүргiзудiң тәртiбiн белгiлеу, диагностика мен емдеудiң жаңа әдiстерiн қолдану; 
      ведомстволық бағыныстағы емдеу-профилактикалық мекемелердiң ғылыми-зерттеу институттары мен оқу мекемелерiнiң басшыларын, дәрiгерлердi және оқытушыларды аттестациядан өткiзу, сондай-ақ бiрiншi басылымдарын тағайындау және босату; 
      меншiктiң барлық нысандарындағы емдеу-профилактикалық мекемелерiнiң, медициналық оқу орындары мен медицина қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру курстарын аккредиттеуге қатысу; 
      Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң белгiленген тәртiп бойынша берген құқыны байланысты өз қарауындағы кәсiпорындар мен ұйымдардың мүлкiн иеленiп, пайдалануды және басқаруды жүзеге асырады; 
      ведомстволық бағыныстағы медициналық, ғылыми және оқу орындарын республиканың заңдарына сәйкес, белгiленген тәртiппен ұйымдастыру, қайта ұйымдастыру, жою; 
      мамандарға бiлiктiлiк талабын, нострфикациялау тәртiбiн, медициналық кадрларды даярлаумен шұғылданатын жоғары және арнаулы медициналық оқу орындары мен мекемелерiнiң типтiк оқу бағдарламалары мен жоспарларын әзiрлеу; 
      халықтың денсаулығын сақтау мәселелерi жөнiнде халықаралық деңгейде Қазақстан Республикасының мүддесiн бiлдiру; 
      халықтың денсаулығын қорғау және денсаулық сақтауды дамыту саласында ұлттық және халықаралық тәжiрибенi жинақтау және тарату; 
      шет ел мемлекеттерiмен және халықаралық ұйымдармен ақпарат және мамандар алмасуды жүзеге асыру; 
      Қазақстан Республикасының Кеден комитетiмен "Қазақстан Республикасының кеден iсi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығына сәйкес кеден мәселелерi бойынша өзара iс-қимыл жасау.<*> 
      Ескерту. 6-тармақ жаңа абзацпен толықтырылды - ҚРҮ-нiң 
               1996.04.29. N 520 қаулысымен.  P960520_
 
                        IҮ. Басқару және құрылым 
 
        7. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгiн Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi тағайындайтын және бекiтетiн Министр басқарады. 
      Министрдiң орынбасарларын Денсаулық сақтау министрiнiң ұсынуымен Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi тағайындайды. 
      Министр орынбасарларының, құрылымдық бөлiмшелер басшыларының арасындағы мiндеттердi бөлудi Министр жүргiзедi. 
      8. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрi: 
      министрлiктiң қызметiн басқарады; 
      министрлiкке жүктелген мақсаттар мен мiндеттердiң орындалуы үшiн тiкелей жауап бередi; 
      қолданылып жүрген заңдарға сәйкес қызметкерлердi жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады, көтермелеу шаралары және тәртiптiк жазаларын қолданады; 
      Денсаулық сақтау министрлiгiне бөлiнген бюджеттiк қаржының жұмсалуына бақылауды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының заңына сәйкес оның мүлкiне иелiк етедi. 
      9. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi министрлiктiң құзыры шегiнде Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарының негiзiнде және Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулыларының, Қазақстан Республикасы Премьер-министрiнiң өкiмдерiнiң орындалуы үшiн бұйрықтан шығарады. 
      10. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгiнде консультативтi кеңесшi орган ретiнде құрамында Министр (төраға) және Министрдiң орынбасарлары, сондай-ақ Министрлiктiң басқа да басшы қызметкерлерi бар алқа құрылады. Алқа мүшелерiн және олардың санын Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiтедi. 
      11. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң алқасы денсаулық сақтауды дамытудың негiзгi мәселелерiн және министрлiк қызметiнiң басқа да жақтарын қарайды, денсаулық сақтау органдары мен мекемелерiнiң қызмет мәселелерiн талқылайды. 
      Министр мен алқаның арасында келiспеушiлiк туындаған жағдайда министр туындаған келiспеушiлiктер туралы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне баяндап, өз шешiмiн жүзеге асырады, ал алқа мүшелерi өз кезегiнде Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне өз пiкiрлерiн хабарлай алады. 
      12. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнде ғылыми-техникалық кеңес құрылады. Кеңес құрамы министрлiктiң жауапты қызметкерлерiнен, сондай-ақ саланың ғалымдары мен мамандарынан құралады. Ғылыми-техникалық кеңес туралы Ереженi министр бекiтедi. 
      13. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi сараптау комиссиясын құрады. Сараптау комиссиясы туралы Ереженi Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрi бекiтедi. 
      14. Министрлiктiң орталық аппараты белгiленген адам саны мен еңбекке ақы төлеу шегiнде штаттық кестесiн Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрi бекiтедi.<*> 
      Ескерту. 14-тармақтан сөздер алынып тасталды - ҚРМК-нiң 
               1995.02.06.N 115 қаулысымен.  
      15. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi заңды ұйым болып табылады, банкте есеп айырысу, ағымдағы валюталық және басқа шоты, жеке мүлкi, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және өзiнiң атауы қазақ және орыс тiлдерiнде жазылған мөрi болады. 
      16. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң нұсқауларды және басқа нормативтiк актiлердi бекiтетiн бұйрықтары ведомстволық бағыныстылығына және меншiк нысандарына қарамастан, денсаулық сақтаудың барлық органдары мен мекемелерi үшiн мiндеттi. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады