"Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы туралы" Қазақстан Республикасы заңының орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1993 жылғы 30 маусым N 552 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 16 сәуірдегі № 356 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 16.04.2014 № 356 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңын күшiне енгiзу тәртiбi туралы" 1993 жылғы 13 қаңтардағы N 1873-ХII қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын күзету туралы осыған қосылған Ереже бекiтiлсiн. 
      2.  Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2005.07.22. N 771  қаулысымен

      3. Алматы, Талдықорған, Семей, Шығыс Қазақстан облыстарының әкiмдерi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын күзету туралы Ережеге сәйкес және жергiлiктi жағдайды ескере отырып, шекара аймағындағы шекаралық режим туралы шекара әскерлерiмен келiсiлген шешiмдер қабылдасын. Карантиндi орындау, сондай-ақ шекара нарядтары мен Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң нарядтары қызмет атқаратын шекара аймағының шекарасын қажеттi белгiлермен және нұсқағыштармен жабдықтау жөнiнде мүдделi шаруашылықтардың, органдар мен мекемелердiң шаралар жиынтығын жүзеге асыруын қамтамасыз етсiн. 

      4. Шекара маңындағы аудан әкiмдерi, Iшкi iстер министрлiгi Қазақстан Республикасының шекара әскерлерiмен бiрлесе отырып, шекара аймағындағы елдi мекендерде, әуежайларда, темiр жол және автомобиль стансаларына паспорт ережелерi сақталуын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа адамдардың шекара аймағына келуiне, уақытша тұруы мен орын ауыстыруына ұдайы бақылау жасауды қамтамасыз етсiн. 

      5. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын күзету туралы Ережеде көрсетiлген министрлiктер мен ведомстволардың басшыларына "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және осы Ережеде көзделген нұсқауларды, тiзбелердi, ережелердi және басқа нормативтiк актiлердi 1993 жылдың аяғына дейiн әзiрлеп, бекiту мiндеттелсiн. 
      Қазақстан Республикасы шекара әскерлерiнiң бас басқармасы: 
      - жүзу құралдарын (мұзда жүрiп-тұру құралдарын) кеме аялдамасынан (тiректену орындарынан) шығаруға (түсiруге) және жүзу құралдары мен мұзда жүрiп-тұру құралдарының осындай аялдамаларын, айлақтарын және тiректену пункттерiн жабдықтау тәртiбiне арналған құжаттарды ресiмдеу тәртiбi туралы нұсқауды; 
      Мемлекеттiк шекарадағы өткiзу пункттерiндегi режимдi (шекаралық, кедендiк) регламенттейтiн ереженi мүдделi министрлiктердiң және ведомстволардың келiсуiмен әзiрлеп, 1993 жылдың III тоқсанында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне табыс етсiн. 

      6. Қазақстан Республикасының шекара әскерлерi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын күзету мүддесi үшiн әскери-қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде олардың әуе кемелерiнiң ұшуын, республиканың аумағындағы азаматтық және әскери авиация әуежайларын пайдалануын Қазақстан Республикасының Көлiк министрлiгi, Қазақ азаматтық авиация басқармасы, Қорғаныс министрлiгi, Министрлер Кабинетi жанындағы Гидрометеорология бас басқармасы белгiленген тәртiппен қамтамасыз етсiн. 

      7. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен, басқа да мүдделi министрлiктерiмен және ведомстволарымен бiрлесе отырып, Қазақстан Республикасының ТМД-ға қатысушы көршiлес мемлекеттермен мемлекеттiк шекарасын құқықтық ресiмдеу туралы мәселенi алдын ала пысықтап, екiжақты шарттардың жобаларын әзiрлесiн және оларды келiсу үшiн Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне табыс ететiн болсын.
      "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңын шет мемлекеттерге, ТМД-ға қатысушы мемлекеттерге белгiленген тәртiп бойынша жеткiзсiн.

      8. Мыналардың:
      Қазақ ССР Министрлер Советiнiң 1983 жылғы 25 наурыздағы N 141-23 қаулысының;
      Қазақ КСР Министрлер Кабинетiнiң 1991 жылғы 14 қаңтардағы N 30-1 қаулысының күшi жойылған деп танылсын.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-министрi

                                           Қазақстан Республикасы
                                           Министрлер Кабинетiнiң
                                          1993 жылғы 30 маусымдағы
                                             N 552 қаулысымен
                                                   Бекiтiлген

  Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын күзету туралы
ЕРЕЖЕ

      Осы Ереже "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды айқындайды. 
 

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы адамдарды, көлiк құралдарын, жүктердi және өзге де мүлiктi өткiзудi Қазақстан Республикасының заңдарына және халықаралық шарттарға (келiсiмдерге) сәйкес шекара әскерлерi жүзеге асырады. 
 

      2. Қазақстандық және шетелдiк әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасының ұшып шығуына және олардың Қазақстан Республикасына ұшып кiргеннен кейiн қонуына шекара әскерлерiнiң бақылау өткiзу пункттерi жоқ әуе жайларда (әуе кемелерi тұрақтарында) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң рұқсаты болғанда ғана жол берiледi. 
      Қазақстандық әуе кемелерi бақылау-өткiзу пункттерi жоқ әуежайлардан (әуе кемелерi тұрақтарынан) арнаулы халықаралық рейстердi орындаған кезде, сондай-ақ шетелдiк, қазақстандық және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң әуе кемелерi белгiленбеген жерлерде қонуға мәжбүр болған жағдайда, мұндай кемелердi бақылауды Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң органдары әуежайлардың (әуе кемелерi тұрақтарының) әкiмшiлiгiмен немесе авиация бөлiмдерiнiң командашысымен бiрлесе отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Көлiк министрлiгi мен Қорғаныс министрлiгi бекiтетiн арнайы нұсқамалар негiзiнде жүзеге асырады. 
 

      3. Шетелдiк әскери корабльдер мен әскери "көмекшi кемелер, егер халықаралық шарттарда (келiсiмдерде) өзгеше көзделмесе, бұл жөнiнде алдын ала шекара әскерлерiн хабардар етiп", Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң келiсiмi бойынша және Қорғаныс министрлiгiнiң рұқсаты бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын басып өте алады, Қазақстан Республикасының iшкi сулары мен порттарына, шекаралық өзендерiнiң Қазақстандық бөлiгiнiң сулары мен өзге де су қоймаларына ене алады және бұл суларда бола алады. 
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң шекара әскерлерi бөлiмдерiнiң теңiз кемелерi осындай сулардан тысқары жерлерде басталған мемлекеттiк шекараны бұзушыларды iздеуге, заңсыз балық аулау әрекетiн тоқтатуға байланысты жағдайларда Қазақстан Республикасының аумақтық теңiзi мен iшкi суларына кiрiп, оларда бола алады, бұл жайында Қазақстан Республикасы шекара әскерлерiнiң бөлiмдерiне мәлiм етiледi. 
      Шетелдiк әскери емес кемелер мен әскери корабльдер Қазақстан Республикасының аумақтық теңiзi мен iшкi суларында жүзгенде және болғанда радио байланысы ережесiн, навигациялық, порттық, кедендiк, санитарлық және өзге ережелердi сақтауға мiндеттi. 
      Шетелдiк әскери емес кемелер мен әскери корабльдер Қазақстан Республикасының аумақтық теңiзiнде, iшкi суларына кiруге мәжбүр болған жағдайда немесе бұл суларда жүзу мен болу ережелерiн мәжбүрлiкпен бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының жақындағы портының әкiмшiлiгiне дереу мәлiм етуге мiндеттi. 
 

      4. Шекаралық, кедендiк, сондай-ақ санитарлық-карантиндiк, мал дәрiгерлiк және фитосанитарлық бақылауды, Қазақстан Республикасынан көркем, тарихи және басқа да мәдени құндылықтардың әкетiлуiне бақылауды жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгi, Денсаулық сақтау министрлiгi, Ауыл шаруашылығы министрлiгi, Мәдениет министрлiгi, Қаржы министрлiгiнiң Бас кеден басқармасы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерi тиiсiнше шекара әскерлерiнiң бақылау-өткiзу пункттерiн, кедендiк, санитарлық-карантиндiк, мал дәрiгерлiк, фитосанитарлық және өнертанымдық мекемелерi (бақылаушылар топтарын) құрады. 
      Шетелдiк иегерлердiң иелiгiне жататын жүк автокөлiгi экипаждары мүшелерiнiң Қазақстан аумағы бойынша жүк тасуға рұқсаттары болуын бақылауды, осы жүк автокөлiгiнiң Қазақстан Республикасына келуi немесе Қазақстан Республикасынан кетуi кезiнде есебiн алуды жүзеге асыру үшiн Көлiк министрлiгi қажеттi жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы өту пункттерiнде халықаралық автомобильдер тасымалының қызметiн құрады. 
 

      5. Қазақстан Республикасының Көлiк министрлiгi, "Қазақстан жолдары" компаниясы, Ауыл шаруашылығы министрлiгi, Қаржы министрлiгi, Энергетика және отын ресурстары министрлiгi, Экология және биоресурстар министрлiгi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы өту пункттерiнде шекаралық, кедендiк, санитарлық-карантиндiк, мал дәрiгерлiк және фитосанитарлық бақылауды Қазақстан Республикасынан (ТМД-ға қатысушы мемлекеттерден) көркем, тарихи және басқа да мәдени құндылықтардың әкетiлуiне бақылауды жүзеге асыру үшiн қажеттi үйлер мен коммуникацияларды жабдықтауды, адамдардың, көлiк құралдарының жүктер мен өзге де мүлiктiң Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы өтуiне бақылау жасауды жүзеге асыратын шекара әскерлерiнiң бақылау-өткiзу пункттерiне кедендiк және басқа да мекемелердi орналастыруға арналған қызмет үйлерiн және коммуникациялар бөледi. 
 

      6. Адамдарды, көлiк құралдарын, жүктер мен өзге мүлiктi оңайлата өткiзу пункттерi Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келiсiлген, мүдделi министрлiктер мен ведомстволардың ұсыныстары бойынша Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң шешiмдерiмен белгiленедi. Оңайлата өткiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес белгiленедi. 
 

      7. Көлiк ұйымдарының лауазымды адамдары шетел жаққа кетiп бара жатқан пломбыланған вагондарды, автомобильдердi, контейнерлердi, трюмдердi және теңiз, өзен мен әуе кемелерiнiң өзге де орындарын шекара әскерлерi өкiлдерiнiң талап етуi бойынша ашып көрсетуге мiндеттi. 
      Арнайы рұқсат қағаздары ресiмделген пломбылаулы вагондарды, автомобильдердi, контейнерлердi, трюмдердi және жүгi бар көлiк құралдарының өзге де орындарын шекара әскерлерi буып-қаттауы, пломбылары мен мөрлерi бүтiн болған жағдайда, сондай-ақ бұларда Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын бұзушыларды немесе Қазақстан Республикасына әкелу яки Қазақстан Республикасынан әкету үшiн тыйым салынған заттар мен материалдарды жасыру белгiлерi болмаған жағдайда ашпайды. 
 

      8. Қазақстан Республикасының аумағын малдың жұқпалы ауруларынан күзету мақсатында Қазақстан Республикасы мемлекеттiк шекарасының өн бойында карантин алқабы белгiленедi, онда мал дәрiгерлiк қадағалау органдарының ұсынысы бойынша шекаралық әскерлер эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдайға байланысты кәсiпорындарға, ұйымдар мен азаматтарға қарасты малды ұстау мен жаюға тыйым салуы мүмкiн. Бұған мемлекеттiк шекарада тiкелей тұратын (жұмыс iстейтiн) азаматтардың, сондай-ақ карантин алқабында орналасқан шекара әскерлерi бөлiмшелерiнiң малын (үй жануарларын) ұстау мен жаю кiрмейдi. 
      Карантин алқабын Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiлейдi. Оны қоршауды атқару өкiметiнiң органдары шаруашылықтар мен ведомстволар қамтамасыз етедi. Ондағы мал дәрiгерлiк режимдi Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi немесе оның тапсыруы бойынша шекаралық облыстардың мал дәрiгерлiк қадағалау органдары айқындайды. 
 

      9. Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасындағы шекара алқабы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң ұсынысы бойынша белгiленедi, шекара алқабының енi ахуал мен жергiлiктi жағдайдың ерекшелiктерiне қарай Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң шешiмiмен өзгертiлуi мүмкiн. 
 

      10. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi немесе оның тапсыруы бойынша шекаралық облыстардың әкiмдерi жергiлiктi жағдайды ескере отырып, "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, республиканың басқа да заң актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң келiсуi бойынша шекара аймағы мен шекара алқабындағы режим туралы қаулылар мен шешiмдер басып шығарады. 
 

      11. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi мемлекеттiк шекараны күзетудiң қажеттiлiгi, инженерлiк бөгеттер тұрғызу, шекаралық жолдар, көпiрлер мен басқа да объектiлердi салу үшiн шекара әскерлерiне оларға бұрын бөлiнген жерлердi, сондай-ақ шекара алқабынан да, одан тысқары жерлерден де енi 30-50 м. жер алқабын және Қазақстан Республикасы мемлекеттiк шекарасының өн бойынан 5 метрлiк алқапты тұрақты түрде пайдалануға тегiн бекiтедi. 
 

      12. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi республиканың мүдделi министрлiктерiмен, мемлекеттiк комитеттерiмен және ведомстволарымен бiрлесе отырып, iшкi iстер органдары берген өткiзу қағазынсыз шекара аймағында жеке басын куәландыратын құжаттары бойынша кiруге құқы бар лауазымды адамдардың тiзбесiн белгiлейдi. 
 

      13. Шекара аймағында тұрақты тұратын азаматтар бүкiл шекара аймағының шегiнде Қазақстан Республикасының шекаралық облыстарының аумағында iшкi iстер органдарының рұқсатынсыз; өткiзу қағаздарынсыз жүрiп тұра алады.<*>
      ЕСКЕРТУ. 13-тармақтың 2-сөйлемі алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2000.07.12. N 1063 қаулысымен.
 

      14. Оқуға кеткенге дейiн шекаралық аймақ пен шекаралық алқаптың елдi пункттерiнiң тұрғындары болып келген жоғары, арнаулы орта және басқа оқу орындарының оқушылары, студенттерi бұл пункттерге олардың оқу орындарында оқитындығын куәландыратын құжаттар бойынша, олардың шекара аймағы мен шекара алқабы елдi пункттерiнен оқуға кеткендiгiн растайтын жергiлiктi атқару органдарының анықтамалары бойынша келедi. 
 

      15. Қазақстан Республикасының азаматтарына шекара аймағына келу, онда болу құқығына өткiзу қағазын жеке арыздар немесе тиiстi өтiнiштер және сол арыздар мен өтiнiштердiң негiздiлiгiн растайтын құжаттар негiзiнде тұрған жерi бойынша Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары бередi. 
      Басқа мемлекеттердiң тұрғындары шекара аймағына, егер халықаралық шарттар мен келiсiмдерде өзгеше көзделмесе, жеке арыздары және сол арыздарының негiздiлiгiн растайтын басқа құжаттар негiзiнде тұрған жерi бойынша тиiстi iшкi iстер органдары берген рұқсат қағаздары бойынша келедi. 
      Шекара аймағының тұрғындары болып табылатын, бiрақ одан уақытша кеткен 16 жасқа дейiнгi балалар ата-аналарынсыз (қамқоршыларынсыз) жүрген кезде бұл аймаққа тууы туралы куәлiктерi бойынша, ал бұлар болмай қалғанда - олардың шекара аймағында тұратындығын растайтын жергiлiктi атқару органдарының анықтамалары бойынша келедi. Шекара аймағының тұрғындары болып табылатын балалар оған ата-аналарымен (қамқоршылармен) бiрге келедi де сол адамдардың рұқсат қағаздарына енгiзiледi. 
 

      16. Азаматтар тобы колхоздардың (совхоздардың) ауыл шаруашылығы жұмыстарын өткiзуiне, маусымдық теңiз және өзен кәсiпшiлiгiне көмектесу үшiн, малды жайылымдарға айдап апару, құрылыс, iздестiру және өзге жұмыстарды жүргiзу үшiн, сондай-ақ туристер тобы, артистер бригадалары және шекара аймағында тұрмайтын азаматтардың басқа да ұжымдары шекара аймағына келгенде өткiзу қағазы топ жетекшiсiнiң атына берiлуi мүмкiн, онда бiрге келген адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттар мен келген жердегi мүдделi кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдардың (колхоздарды қосқанда) лауазымды адамдары қол қойып растаған әрi елтаңбалы мөр басылған жетекшiнiң қолындағы атаулы тiзiм бойынша олардың саны көрсетiледi. 
 

      17. Шекара аймағында, шекара алқабында орналасқан кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдардың (меншiктiң кез келген нысанындағы) басшыларына шекара аймағына, шекара алқабына келуге және осы аймақта, алқапта тұруға рұқсаты жоқ адамдарды жұмысқа қабылдауға тиым салынады. 
 

      18. Қызметтiк iс-сапарына, ауруханаларға, санаторийлерге, демалыс үйлерiне, пансионаттарға, басқа да емдеу-сауықтыру мекемелерiне баратын Қазақстан Республикасының, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң азаматтары шекара аймағында iс-сапар куәлiктерi, бағыттамалар, жолдамалар (курсовкалар) бойынша, жеке басын куәландыратын құжаттар болғанда келедi. 
 

      19. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң (соның iшiнде республикалық ұланның, темiр жол, құрылыс және басқа арнайы құрамалар мен бөлiмдердiң), әскерлердiң және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк, Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарының әскери қызметшiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының прокуратура органдары мен соттарының прокурорлық-тергеу қызметкерлерi, Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдары шекара аймағына олардың жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша және қызметтiк ұйғарымдар, өту куәлiктерi, iс-сапары мен демалыс құжаттары бойынша келедi. Аталған адамдардың отбасы мүшелерi шекара аймағына отбасының қожасымен бiрге келерде оның қызметтiк ұйғарымына немесе демалыс билетiне жазылады, ал аталған адамдарға өз бетiмен барушылар - жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша және отбасы қожасының қызмет орны берген анықтамалар бойынша келедi. 
      Бұл баптың ережелерi ТМД-ға қатысушы мемлекеттер әскерлерiнiң, қауiпсiздiк, iшкi iстер органдарының әскери қызметшiлерi мен олардың мүшелерiне де қолданылады. 
 

      20. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнен (соның iшiнде Республикалық ұланнан, темiр жол, құрылыс және басқа арнайы құрамалар мен бөлiмдерден), әскерлер мен Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдарынан, Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң iшкi әскерлерiнен босаған әскери қызметшiлер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының прокуратура органдары мен соттарының прокурорлық-тергеу қызметкерлерi, Қазақстан Республикасының Iшкi iстер органдарынан босаған қатардағы және басшы құрамының адамдары, егер олар осы жерден шақырылған болса немесе онда жақын туысқандары болса, шекара аймағына қызметтiк ұйғарымдары немесе өту куәлiктерi бойынша келедi, ал мiндеттi әскери қызметке шақырылған адамдар шекара аймағына тиiстi әскери комиссариаттардың олардың баратын пунктi көрсетiлген жiберiлген атаулы тiзiмдерi мен ұйғарымдары бойынша келедi. 
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң әскерлерiнен, қауiпсiздiк және iшкi iстер органдарынан босаған әскери қызметшiлерi шекара аймағына, егер олар сол жерден шақырылған болса немесе жақын туысқандары болса, қызметтiк ұйғарымдар немесе өту куәлiктерi бойынша келедi. 
 

      21. Жергiлiктi және халықаралық тасымалдауды жүзеге асырушы яки темiр жолдар мен тас жолдары, су жолдарын, тиiстi көлiк құралдарын, сондай-ақ мұнай құбырларын, байланыс пен электр қуатын беру желiлерiн жөндеу мен пайдалануды қамтамасыз ететiн кәсiпорындардың, ұйымдардың тұрақты қызметкерлерi шекара аймағына қызмет қажеттiлiгi жағдайында, осы қызметкерлер үшiн белгiленген еңбек мiндеттерi мен жұмыс учаскелерiнiң (рейстерiнiң, маршруттарының) шегiнде өздерiнiң қызметтiк куәлiктерi бойынша келедi. 
 

      22. Қазақстан Республикасы мен шекаралық облыстардың халық депутаттары, шекара аймағының аумағы ведомстволық жағынан бағынышты облыстық атқару органдарының басшылары мен олардың орынбасарлары халық депутаттарының куәлiктерi немесе қызметтiк куәлiктерi бойынша келедi. 
 

      23. Шекара аймағына орналасқан балалардың (мектептердiң) сауықтыру мекемелерiне баратын балалар бұл аймаққа ұйымдасқан түрде, өту қағаздары немесе iс-сапар құжаттары бар өздерiн алып жүрушi адамдармен өту қағаздарынсыз келедi. Аталған балалар мекемелерiне орналасқан балалардың ата-аналары балаларына жолығу мақсатында шекара аймағына жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша және балалар мекемелерiне жолдама берген кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың анықтамалары бойынша келе алады. 
 

      24. Ұлы Отан соғысына қатысушылар және жеңiлдiктер бойынша соларға теңестiрiлген адамдардың арасындағы мүгедектер шекара аймағына олардың жеке басын куәландыратын құжаттар және Ұлы Отан соғысына қатысушы куәлiктерi (жеңiлдiктер алу құқығы туралы куәлiктер және мүгедектiгi туралы құжаттар) бойынша келедi. 
      Туысқандарының қайтыс болу (науқастану) жағдайы бойынша шекара аймағына баратын азаматтар осы аймаққа олардың жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша және емдеу мекемелерi растаған тиiстi телеграммалар (анықтамалар) бойынша, туысқандарының жерленген жерiне барған кезде - жергiлiктi атқару органдарының анықтамалары бойынша келедi. 
 

      25. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын немесе уақытша келген шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың шекара аймағына, соның iшiндегi шекара маңы аймағындағы еркiн экономикалық аймаққа (қалаға) келуi және онда болуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. Барлық жағдайда олардың шекара аймағына келуi мен онда болуына рұқсатты Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келiсу бойынша iшкi iстер органдары бередi. 
      Қазақстан Республикасының азаматтары, соның iшiнде шетелде тұрақты тұратын, шетел азаматтығын алған олардың отбасының мүшелерi шекара аймағында тұратын туысқандары мен таныстарына жолығу үшiн барғанда бұл аймаққа жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша және аталған туысқандары мен таныстарының жергiлiктi атқару органдары растаған шақырулары немесе телеграммалары бойынша келедi. 
      Қызмет, қоғамдық, жеке iстерi бойынша, емделуге және демалуға немесе туристер ретiнде шетелдерге барған Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасына келген кезде шекара аймағына орналасқан өзiнiң тұрақты тұратын жерiне шетелдiк паспорттар немесе ұлттық паспорттар, сондай-ақ Қазақстан Республикасына қайтуы жөнiндегi куәлiктерi бойынша барады. 
 

      26. Шекара аймағына баратын адамдар тиiстi пунктiне келiсiмен үш күн мерзiм iшiнде өзiнiң құжаттарын тiркеу немесе тiркелiм жасау үшiн iшкi iстер органдарына немесе жергiлiктi өкiмет органдарына тапсыруға мiндеттi. 
 

      27. Шекара аймағы шегiнде әкiмшiлiк орталықтары, мектептерi, ауруханалар, басқа мекемелер, кәсiпорындар (бiрлескен, шаруа) және ұйымдар, колхоздар (фермерлiк, жалгерлiк, шаруа шаруашылықтары) еркiн экономикалық аймақтың (қаланың) шаруашылық құрылымы орналасып, ал оларға қызмет көрсететiн азаматтардың бiр бөлiгi шекара аймағынан тысқары жерде тұрған жағдайда, бұл азаматтарға олардың жеке басын және сол жерде жағдайда тұратынын растайтын құжаттар бойынша келуге рұқсат етiледi. 
      Тиiстi жерлердiң тiзбелерiн шекара әскерлерiнiң келiсуi бойынша шекаралық облыстардың өкiмет пен басқару органдары белгiлейдi және жергiлiктi халық хабардар етiледi. 
 

      28. Сотталған немесе бас еркiнен айыру орындарынан мiндеттi түрде еңбекке тартуға шартты түрде босатылған адамдардың шекара аймағы шегiне келуi жалпы белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. 
 

      29. Шекара аймағына психоневрологиялық диспансерлер (ауруханалар) мен еңбекпен түзеу мекемелерiн орналастыруға, әдетте, жол берiлмейдi. 
 

      30. Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiмен, Көлiк министрлiгiмен, теңiз және өзен көлiгi басқармасының органдарымен бiрлесе отырып, шекара аймағында орналасқан темiр жол стансаларының, разъездерiнiң және басқа тоқтату пункттерiнiң, автостансаларының, темiр жол және өзен порттарының, порт-пункттерi мен айлақтарының, аэропорттар мен аэродромдардың тiзбелерiн, сондай-ақ аталған пункттерге бару үшiн азаматтардың жол жүру құжаттарын ресiмдеу тәртiбi туралы және темiр жол, әуе, теңiз, өзен және автомобиль көлiгi қызметкерлерiнiң шекара аймағына келу құқы жөнiндегi жолаушылардың құжаттарын тексеру тәртiбi туралы нұсқамаларды бекiтедi. 
 

      31. Көлiк кәсiпорындары мен ұйымдары iшкi iстер органдары берген жеке басын куәландыратын құжаттарды және шекара аймағына баруға құқық беретiн өткiзу қағазын немесе шекара аймағына өткiзу қағазынсыз баруға құқық беретiн тиiстi құжаттарды көрсетуi бойынша жолаушыларға шекара аймағында орналасқан стансаларға, порттарға, айлақтарға және аэропорттарға деген темiржолмен, автомобильмен, теңiзбен, өзенмен және әуе көлiгiмен жүру үшiн билеттер сатады және қызметтiк жүрiп-тұру билеттерiн бередi. 
      Шекара аймағына бару құқына арналған тиiстi құжаттары жоқ жолаушыларға билет сатуға жол берген адамдар, сондай-ақ көлiк құралына мiнгiзген жүргiзушiлер (машинистер), бұл үшiн Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жауап бередi. 
 

      32. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын кесiп өту құқына арналған құжаттары бар, шекара аймағы арқылы аялдап өтетiн жолаушыларға, соның iшiнде шетелге бара жатқан жолаушыларға олардың жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша поездарда, самолеттерде, кемелерде және автобустарда жүруiне рұқсат етiледi. 
 

      33. Шекара аймағы аумағында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасына жақын орналасқан аудандардың, қалалардың, поселкелердiң, селолардың (ауылдардың) аумағына немесе шекара аймағы белгiленбеген, шекара әскерлерi қорғайтын теңiз жағалауында кәсiпорындарға, мекемелерге, ұйымдарға (колхоздарды қоса) және азаматтарға тиесiлi, балық аулайтын, аң аулайтын, ғылыми-зерттеу, спорттық және басқа өздiгiнен жүретiн, өздiгiнен жүрмейтiн кемелер, сондай-ақ мұз үстiндегi қозғалысқа арналған құралдар (аэрошаналар, буерлер, мотошаналар) осындай кемелерге және мұз үстiндегi қозғалыс құралдарына қадағалауды жүзеге асыратын органдарда белгiленген тәртiппен тiркелуден бөлек, шекара әскерлерiнiң таяу арадағы бөлiмшелерiнде тiркеуден өтуге тиiс, бұл туралы олардың иесiнiң тiркеу құжаттарына арнаулы штамп қойылады. 
      Аталған кемелермен мұз үстiндегi қозғалысқа арналған құралдар белгiленген айлақтарға, кемежайларға және тiрек бекеттерiне бекiтiлуi керек және олардың тұруына арналған тұрақты орны болуға тиiс. 
      Бұл кемелердiң, сондай-ақ мұз үстiндегi қозғалысқа арналған құралдардың тиесiлiлiгiн тану үшiн олардың иелерi әуеден көрiнетiн жерлерге таным белгiлерiн салады, ал жақтауына белгiленген тәртiппен тiркеу нөмiрiн жазады. 
      Шекара әскерлерiнiң осы тармақта көзделген кемелердi тiркеу тәртiбi әскери кемелерге және Әскери-Теңiз Күштерiнiң өзге де кемелерiне, сондай-ақ тиiстi теңiз және өзен порттарына бекiтiлiп, белгiленген тәртiппен тiркелген Қазақбалықөнеркәсiп кәсiпорындары мен ұйымдарына, басқа да министрлiктер мен ведомстволарға (Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауiпсiздiк комитетi бекiткен тiзбе бойынша) тиесiлi кемелерге таратылмайды. 
 

      34. Өздiгiнен жүретiн және өздiгiнен жүрмейтiн кемелермен, мұз үстiндегi қозғалыс құралдарымен азаматтар шекара әскерлерi күзететiн теңiз жағалауында, шекарадағы өзендер, көлдер және өзге су тоғандарының жағалауларында уақытша болған кезде олардың иелерi шекара әскерлерiнiң таяу маңдағы бөлiмшелерiнде уақытша есепке алынуға және белгiленген айлақтарда, кемежайлар мен тiрек бекеттерiнде ұсталуға тиiс. 
 

      35. Теңiз жағалауындағы шекара әскерлерi күзететiн маңайдағы шекара аймағы белгiленбеген шекара аймағының, сондай-ақ аудандар, қалалар, поселкелер және селолар (ауылдар) аумағының шегiндегi айлақтар, кемежайлар және тiрек бекеттерi тиiстi әкiм немесе халық депутаттарының Кеңестерi мүдделi кәсiпорындардың, мекемелердiң және ұйымдардың (колхоздарды қоса) ұсынуы бойынша айқындайтын жерлерде құрылады. 
      Белгiленбеген айлақтарда, кемежайларда, тiрек бекеттерiнде және осы үшiн бөлiнбеген басқа да орындарда өздiгiнен жүретiн және өздiгiнен жүрмейтiн кемелердi, мұз үстiндегi қозғалыс құралдарын сақтау мен қоюға, адамдарды мiнгiзуге және түсiруге, жүктердi тиеуге және түсiруге, зiлзала мен авария жағдайынан басқа кезде тыйым салынады. 
 

      36. Құжаттарды ресiмдеу мен өздiгiнен жүретiн және өздiгiнен жүрмейтiн кемелердiң, мұз үстiндегi қозғалысқа арналған құралдардың теңiзге және шекарадағы өзен, көл тағы басқа су тоғандарының қазақстандық бөлiгiне шығуының тәртiбiн, олардың аумақтық теңiзде, Қазақстан Республикасының iшкi суларында, шекарадағы өзендермен өзге де су тоғандарының қазақстандық бөлiгiнде жүру мен қозғалу тәртiбiн, осымен бiрдей дәрежеде аталған кемелер мен құралдар үшiн айлақтарды, кемежайларды және тiрек бекеттерiн жабдықтаудың тәртiбiн Қазақстан Республикасының шекара әскерлерi Бас басқармасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiлейдi. 
      Кәсiпорындар, мекемелер, және ұйымдар (кез келген меншiк нысандарындағы) тиiстi айлақтарды, кемежайлары және тiрек бекеттерiн белгiленген тәртiппен жабдықтауға, олардың күзетiлуi мен шекара әскерлерiнiң бөлiмшелерiмен байланысын қамтамасыз етуге мiндеттi. Азаматтарды осы объектiлердi күзетуге қатысты жұмысқа қабылдау шекара әскерлерiмен келiсiлiп жүргiзiледi. 
 

      37. Осы Ереженiң 34, 35, 36 және 37 тармақтарының өздiгiнен жүретiн, өздiгiнен жүрмейтiн кемелер мен мұз үстiндегi қозғалысқа арналған құралдарды есептеу және ұстау, олардың республика суларында жүзу мен қозғалу бөлiгiндегi тәртiп шекара әскерлерi күзетпейтiн Арал теңiзiнiң жағалауына да таратылады (өздiгiнен жүретiн және өздiгiнен жүрмейтiн кемелер мен мұз үстiнде қозғалуға арналған құралдарды шекара әскерлерiнiң бөлiмшелерiнде есепке қоюдың тәртiбiнен басқасы). 
 

      38. Шекарадағы кеме жүретiн өзендерде, көлдер мен өзге де су тоғандарында балық аулау Қазақстан Республикасының Халықаралық шарттарына сәйкес шекара әскерлерiнiң рұқсаты бойынша және Ауыл шаруашылығы министрлiгi белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi<*>. 
      Ескерту: 38-тармағына өзгертулер енгiзiлдi - ҚР Үкiметiнiң 17.05.1996 ж. N 609 қаулысымен.
      Шекарадағы кеме жүрмейтiн өзендерде балық аулауға шекара әскерлерi ерекше жағдайларда рұқсат етуi мүмкiн. 
 

      39. Әуесқой балықшылардың, туристердiң және спортшылардың теңiзге, шекарадағы кеме жүзетiн өзендердiң, көлдердiң, өзге де су тоғандарының қазақстандық бөлiгiне шығуына тәулiктiң жарық мезгiлiнде, шекара әскерлерi берген өткiзу қағаздары бойынша тiркелген өздiгiнен жүретiн, өздiгiнен жүрмейтiн кемелер мен мұз үстiндегi қозғалысқа арналған құралдарда, қараңғы түскенге дейiн белгiленген айлақтарға, кемежайлар мен тiрек бекеттерiне оралатын етiп рұқсат етiледi. 
      Теңiзге шыққанда жағалаудан екi мильге дейiн ұзауға жол берiледi. 
 

      40. Шекара әскерлерi күзететiн теңiздiң жағалауларындағы, шекарадағы өзендердiң, көлдердiң және басқа су тоғандарының жағалауларындағы шомылуға арналған орындарды, оларды жабдықтау мен пайдаланудың тәртiбiн шекара әскерлерiмен келiсе отырып, жергiлiктi атқарушы органдар айқындайды. 
 

      41. Қазақстан Республикасы шекара әскерлерiнiң кемелерi аумақтық теңiздегi, Қазақстан Республикасының iшкi суларындағы, шекарадағы өзендер мен өзге де су тоғандарының қазақстандық бөлiгiндегi кемелерге (катерлерге) түн мезгiлiндегi қажет кезде орнатылған шамсыз жүзуге рұқсат етiледi. Бұл жағдайда кемелердiң (катерлердiң) командирлерi басқа кемелермен соқтығысып қалуды болдырмайтын шаралар қабылдауға мiндеттi. 
 

      42. Шекара аймағындағы аң аулаудың тәртiбi шекара әскерлерiмен келiсiледi. 
      Шекара өтетiн жерде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы мен шекара әскерлерiнiң шекара өтетiн жерден тыс орналасқан инженерлiк қоршауы арасындағы жерлерде аң аулауға тыйым салынады. 
 

      43. Шекара өтетiн және мемлекеттiк шекара мен шекара әскерлерiнiң қоршау жерлерi тұрған аралықтағы тұста, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына (келiсiмдерiне) сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттiк және қорғаныстық маңызды құрылыстар мен зiлзаланы жоюға, аса хауiптi жұқпалы аурулармен күрес жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға байланысты жұмыстардан басқа құрылыс, шабу және басқа жұмыстар шекара әскерлерiнiң келiсiмiмен жүргiзiледi. 
 

      44. Адамдарды, көлiк құралдарын, жүктер мен өзге де мүлiктердi шекара арқылы өткiзудi ресiмдеудiң тиiстi тәртiбiн қамтамасыз ету мүддесiмен белгiленген Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу бекеттерiндегi режим, сондай-ақ тиiстi бақылауды жүзеге асыратын шекара әскерлерiнiң, кеден және басқа мекемелердiң бақылау-өткiзу бекеттерiн құру және қызмет жағдайына қолдау көрсету бөтен адамдардың бекеттердегi олар үшiн жабық өткiзу орындарына және шетелге бара жатқан көлiк құралдарына енiп кетуiн болдырмауға ықпал етуге тиiс. 
      Мемлекеттiк шекара арқылы өткiзу бекеттерiндегi режимдi белгiлеудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының шекара әскерлерi Бас Басқармасы Қазақстан Республикасының мүдделi министрлiктерiмен және ведомстволармен келiсе отырып ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiлейдi. 
      Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы негiзiнде және соны орындау үшiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзудi жүзеге асыратын министрлiктер мен ведомстволар, аэропорттардың, теңiз және өзен порттарының, темiр жол мен автомобиль вокзалдарының, станцияларының, бастықтары жергiлiктi жағдайды ескере отырып өздерiнiң бұйрықтарын (нұсқауларын) шығарады, оларды шекара әскерлерiмен, кеден органдарымен және iшкi iстер органдарымен келiседi. 
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу бекеттерi болып табылатын аэропорттарда, теңiз және өзен порттарында, темiржолдарда, автомобиль вокзалдары мен станцияларында шекара әскерлерi аэропорттарының, станциялардың, вокзалдардың әкiмшiлiктерiмен бiрлесiп, шекара және кеден бақылауы жүзеге асырылатын орынды айқындайды. Шекара әскерлерi бұл жерлерге қосымша режим тәртiбiн енгiзедi. 
 

      45. Оларға сенiп тапсырылған шетелге бара жатқан көлiк құралдарында адамдардың заңсыз жүруiне жол берген қазақстандық теңiз және өзен кемелерiнiң капитандары, әуе кемелерiнiң командирлерi, темiржолдағы поездардың бастықтары, вагондардағы жолсерiктер, автомобиль көлiгiнiң жүргiзушiлерi бұл үшiн Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жауап бередi. 
 

      46. Шекара аймағының шегiнде, ал ол белгiленбеген жерде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы маңындағы аудандар, қалалар, поселкелер, селолар, ауылдар немесе шекара әскерлерi күзететiн теңiз жағалауы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы теңiз, iшкi сулар шекарадағы өзендер мен өзге де су тоғандарының қазақстандық бөлiгi шегiнде мыналар жүзеге асырыла алады: 
 

      а) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң рұқсатымен - әуе кемелерiнiң барлық үлгiлерiнiң ұшуы және аэрофото түсiрулер, геологиялық, топографиялық жұмыстар. 
      Қорғаныс Министрлiгiнiң рұқсатымен және Қазақстан Республикасының Шекара әскерлерiмен келiсiп-шекара өтетiн және мемлекеттiк шекара мен шекара әскерлерiнiң инженерлiк қоршау желiлерi тұрған аралық жердегi жұмыстар; 
 

      б) Қазақстан Республикасы шекара әскерлерiнiң рұқсатымен-геологиялық, гидротехникалық, жол және өзге iздестiрулер, сондай-ақ шекарадағы өзен, көл және өзге су тоғандарының су режимi өзгеруiне байланысты гидротехникалық, мелиоративтiк және басқа жұмыстар, жергiлiктi жердi кино-фотоға түсiру, соның iшiнде шекара аймағының шегiнде. 
 

      47. Шекара өтетiн және мемлекеттiк шекара мен шекара әскерлерiнiң мемлекеттiк қоршау желiсi тұрған аралықтағы жерге онда тұрақты тұрмайтын Қазақстан Республикасының азаматын өткiзу өндiрiстiк немесе қызметтiк қажеттiлiк кезiнде ғана жүзеге асырылады. Бұл азаматтарды өткiзудiң және уақытша болуының тәртiбiн, сондай-ақ аталған жерлердегi ауыл шаруашылық жұмыстары мен өзге де қызметтердi жүргiзудiң тәртiбiн жергiлiктi атқару органдарымен келiсе отырып шекара әскерлерi белгiлейдi. 
      Шекара өтетiн және шекара әскерлерiнiң инженерлiк құрылыс желiлерi тұрған жерде орналасқан елдi мекендерге өткiзудiң тәртiбi шекара аймағындағыдай жүзеге асырылады. 
      Кәсiпорындардың, ұйымдардың, мекемелердiң (колхоздарды қоса) басшылары шекара өтетiн және мемлекеттiк шекара мен шекара әскерлерiнiң, инженерлiк қоршау желiлерi тұрған аралықтағы тұста өткiзiлуi көзделген ауыл шаруашылығы және басқа жұмыстардың уақыты, орны мен сипаты туралы шекара әскерлерiнiң бөлiмшесiне күнi бұрын хабардар етуге және жұмыс iстейтiн азаматтардың белгiленген шекара режимiн сақтауын қамтамасыз етуге мiндеттi. 
 

      48. Шекара әскерлерi және Әуе шабуылынан қорғаныс әскерлерi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын қорғау жөнiндегi тапсырмаларды орындай отырып, қару-жарақ пен жауынгерлiк техниканы қолданады: 
 

      а) қару-жарақ пен жауынгерлiк техника: 
      Қазақстан Республикасының аумағына қарумен басып кiрудi әскери топтар мен бандылардың әуеден шабуыл жасауын тойтару үшiн; 
      - Мемлекеттiк шекарадағы қарулы арандатудың жолын кесу үшiн; 
      - Шекара әскерлерi мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерiне қарулы шабуылды тойтару үшiн; 
      - күтпеген жерден жасалған қарулы шабуылды тойтару және Қазақстан Республикасының шекарасын бұзушы басқа да қарулы қарсылықтарды тыю үшiн; 
      - жауынгерлiк техниканы пайдаланған шабуылды тойтару үшiн; 
      - ұсталған адамның тартып алынған қарумен қашқан кезiнде ескертусiз қолданылады; 
 

      б) "Тоқта!" деп дауыстап, жоғары қарай ескерту оғын атқаннан кейiн қару-жарақ пен жауынгерлiк техника: 
      - Шекарашылардың, шекараны немесе халықты қорғау жөнiндегi қоғамдық парызын орындаушы адамдардың өмiрiне тiкелей қауiп төнген және оның бетiн қайтарудың басқадай әдiстерi мүмкiн болмаған жағдайда қарусыз адамның шабуылын тойтару мен қарсылығын тыю үшiн; 
      - Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын бұзғаны үшiн ұсталған адамдар қашуға әрекет жасаған кезде, егер олар қарсылық көрсетiп, шекарашының өмiрiне анық қауiп төнсе; 
      - Әуе кемесiн алып қашқаны үшiн және бұған басқа әдiстi қарсы қоюдың мүмкiндiгi қалмаған кезде; 
      - азаматтарды олардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiрген шабуылдан, сондай-ақ кепiлге ұсталғандарды босату үшiн қолданылады. 
 

      49. Қазақстан Республикасының аумағындағы теңiзде, iшкi суларда, шекарадағы өзендер мен өзге су тоғандарының және ашық теңiздiң қазақстандық бөлiгiндегi сулардағы шекара әскерлерiнiң кемелерiнiң (катерлерiнiң), авиациясының қару-жарақ қолдануға хұқы бар: 
 

      а) ескертусiз: 
      - Қазақстан Республикасының шекарадағы кемелерiне (катерлерiне) қарулы шабуылды тойтару үшiн немесе шетел кемелерiнiң қазақстандық жағалауларға, су астындағы және су үстiндегi қазақстандық объектiлерге қарулы әрекетiн (ату және т.б.) тыю үшiн; 
      оларды Қазақстан Республикасының аумақтық теңiзiнде, iшкi суларда, шекарадағы өзендер мен өзге су тоғандарының қазақстандық бөлiгiнде тоқталып, ұстаған кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын бұзушы - теңiз (өзен) кемелерiнiң қарулы қарсылығын тыю үшiн; 
 

      б) ескерту оғын атқаннан (дүркiн-дүркiн) кейiн: 
      - теңiз (өзен) кемелерiн алып қашуды болдырмау үшiн және оған басқа әдiспен қарсылық көрсетудiң мүмкiндiгi қалмағанда; 
      - мемлекеттiк, кооперативтiк және жеке теңiз (өзен) кемелерiн қарулы шабуылдан қорғау үшiн, оларды басқадай қорғау шараларының нәтижесi болмағанда қолданады. 
      Кеменi нысанаға алу Қазақстан Республикасының суларында басталып, үздiксiз жүргiзiлген жағдайда, ашық теңiздегi шекара кемелерi (катерлерi) қару қолданады. 
 

      50. Шекара әскерлерiнiң ұшақтары мен тiкұшақтары: 
      - әскери топтар мен бандалардың Қазақстан Республикасының аумағына қарулы шабуыл жасап басып кiруiн тойтару, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасындағы қарулы арандатушылықтың жолын кесу үшiн; 
      - Шекара әскерлерiнiң кемелерiне (катерлерiне) оларға жасалған қарулы шабуылды тойтару кезiнде көмек көрсету үшiн немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын бұза отырып, қарулы қарсылық көрсеткен кемелердi тыю үшiн қару-жарақ қолданады. 
 

      51. Шекара әскерлерi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын бұзған әуе кемелерi мен басқа да ұшатын аппараттарға, шетелдiң әскери кемелерiне, соның iшiнде сүңгуiр қайықтарға қатысты қару-жарақ пен жауынгерлiк техниканы Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi мен және Қорғаныс министрлiгiмен келiсiп қолданады. 
 

      52. Шекара әскерлерiнiң әскери қызметшiлерi мемлекеттiк шекараны қорғау жөнiндегi қызметте жүрген кезде қару-жарақты сондай-ақ дабыл белгiсiн беруге немесе көмекке шақыруға пайдалануға хұқылы. 
 

      53. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерi, Әскери-Теңiз Күштерi мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң басқа да түрлерi қару-жарақ пен жауынгерлiк техниканы шекара әскерлерiнiң Қазақстан Республикасының аумағына қарулы шабуыл жасаған әскери топтар мен бандаларды тойтаруына, мемлекеттiк шекарадағы қарулы арандатудың жолын кесуiне жәрдем көрсеткен кезде, сондай-ақ мемлекеттiк шекараны бұзған әуе кемелерiне, басқа да ұшу аппараттарына, шетелдiң әскери кемелерiне, соның iшiнде Қазақстан Республикасының аумағындағы теңiз бен iшкi суларында әшкереленген сүңгуiр қайыққа қатысты қорғаныс министрлiгi белгiлеген тәртiппен қолданады: 
 

      54. Шекара әскерлерiне: 
      - егер олар қарулы қарсылық көрсетпесе Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын бұзған адамдарға қатысты, соның iшiнде оларды ұстаған кезде керi оралуға әрекет жасаған адамдарға қатысты; 
      - егер шекараны бұзу анық кездейсоқ немесе мемлекеттiң шекараға жақын жерде ауыл шаруашылық және басқа жұмыстарды атқаруға байланысты (аң аулау, мал жаю, саңырауқұлақ, жидек, отын жинау және басқа), сондай-ақ өздiгiнен жүретiн және өздiгiнен жүрмейтiн кемелерде шомылу мен жүзу кезiнде орын алса, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын шекарашылардың көзiнше бұзған адамдарға қатысты; 
      - шекарадағы режим мен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу бекеттерiндегi режимдi бұзғаны үшiн ұсталған адамдар қашуға әрекеттенген кезде; 
      - егер олар қарулы қарсылық көрсетпесе Қазақстан Республикасының аумағындағы суларында (аумағындағы теңiзде) және шекарадағы өзендердiң, көлдердiң және басқа су тоғандарының Қазақстандық бөлiгiнде кәсiпшiлiкпен шұғылданып жүрген шетелдiң балық аулайтын және басқа кәсiпкер кемелерiне қатысты; 
      - егер мемлекеттiк шекараны бұзудың нақты қаупi болмаса Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасына жақын орналасқан шекара аймағындағы аудандардың, қалалардың, поселкелердiң, селолар мен ауылдардың аумағындағы жолдармен немесе шекара әскерлерi күзететiн теңiз жағалауымен жүрiп бара жатқан және шекара әскерлерiнiң аялдау туралы талаптарын орындамаған автокөлiк құралдарына қатысты; 
      - Қазақстан Республикасының шекарасынан өтiп бара жатқан хайуанаттарға; 
      - Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекара режимiн бұзушыларға қару қолдануға тыйым салынады. 
 

      55. Қару қолданған кезде, әдетте, Қазақстан Республикасының аумағына қарулы шабуыл жасап басып кiрудi тойтару, қарулы адамдардың жолын кесу мен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын қарулы бұзушылармен бетпе-бет жүздесуден басқа жағдайларда, шектес мемлекеттердiң аумағына оқ пен снарядтардың ұшуына жол берiлмейдi. 
      Қаруды заңсыз қолданған адам Қазақстан Республикасының заңына сәйкес тәртiпке шақыратын, қылмыстық немесе өзге жауапкершiлiкке тартылады. 
 

      56. Мемлекеттiк шекараны тiкелей қорғайтын шекара әскерлерiнiң бөлiмшелерiндегi қару мен оқ-дәрiнi сақтаудың, берудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Ұлттық хауiпсiздiк комитетi айқындайды. 
 

      57. Қажет жағдайда, шекара әскерлерi құрамалары мен бөлiмдерi командирлерiнiң қарауы бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын қорғауға тартылған жекелеген азаматтарға шекараны қорғау жөнiндегi әрекеттер кезеңiнде оқ ататын, суық қарулар берiлуi мүмкiн, бұл орайда шекара әскерлерiнiң құрамалар (бөлiмдер) командирлерi бұл азаматтардың қаруды қолданудың тәртiбi туралы осы Ережеде көзделген талаптарды орындауын қамтамасыз етуге мiндеттi. 
 

      58. Мемлекеттiк шекараны қорғау жөнiндегi мiндеттерiн орындаған кезде шекара әскерлерiне арнаулы құралдарды (қол кiсен, резеңке таяқ, көзден жас ағызатын, қолдануға рұқсат етiлген және басқа заттар (газдар), назарды басқа жаққа аударып жiберетiн жарық-дыбыс қондырғысы, көлiктi күшпен тоқтатуға арналған қондырғы, күрестiң жауынгерлiк әдiстерi мен қызметтiк иттер) қолдану құқы берiледi. 
      Бұл құралдарды қолдану мен пайдаланудың тәртiбiн Қазақстан Республикасының Ұлттық хауiпсiздiк комитетi айқындайды. 
 

      59. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын бұзған шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар, егер олар қылмыстық жауапкершiлiкке тартылмаса және шектес мемлекеттердiң шекарадағы өкiлiне берiлмесе, Қазақстан Республикасында құруға қалдырылуы немесе одан қуылуы мүмкiн. 
      Бұл шараларды жүзеге асырудың тәртiбiн Сыртқы iстер министрлiгiмен келiсе отырып, Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес Ұлттық қауiпсiздiк комитетi айқындайды. 
 

      60. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiне, шекара әскерлерiнiң басшылығына, күзетшi кемелердiң (катерлердiң) отрядтарына, бригадаларына, жекелеген бақылау - өткiзу бекеттерiне, КХР-дың шекараны қорғау өкiлдерiмен уағдаластық бойынша мемлекеттiк шекараның қолданылып жүрген режимiн ұстау, қақтығыстарды реттеу, қылмысты-элементтердiң шекараны бұзғаны, зiлзала, қауiптi аурулар, азаматтардың жоғалуы туралы хабарлау жөнiндегi шараларды үйлестiру үшiн олармен шекара өкiлдерiнiң кездесуiн өткiзуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы адамдарды, көлiк құралдарын, жүктердi және басқа мүлiктердi өткiзудi жүзеге асыру жөнiндегi жұмыста байланыс пен өзара iс-қимылды қолдану отыруға рұқсат етiледi.
 
                                         Қазақстан Республикасы
                                       Министрлер Кабинетiнiң
                                      1993 жылғы 30 маусымдағы
                                          N 552 қаулысымен
                                                Бекiтiлген

         Аумағының шегiнде шекара аймағы белгiленетiн
  аудандардың, қалалардың, селолық, ауылдық кеңестердiң,
  темiр жол стансаларының, әуе-жайлардың және өзен кеме
                       айлақтарының
                          ТIЗБЕСI

                                              картасы 1: 200000
                                             1974 жылғы басылымы

     Алматы облысы

      Райымбек ауданындағы Нарынқол, Жамбыл, Текес, Тегiстiк, Көкбек, Қайнар, Сарыжаз, Шалкөде, Қарасаз, Сарыбастау, Сүмбi, Қызылшекара, Шибүтiн, Көмiршi селолық кеңестерi шегiнде.
      Ұйғыр ауданындағы Көлжат, Кiшi Диқан, Кетмен, Дардамты селолық кеңестерi шегiнде

     Талдықорған облысы

     Панфилов ауданы - толығымен.
     Гвардия ауданындағы Калиновка, Чкалов, Көксу селолық кеңестерi шегiнде.
     Көксу ауданы - толығымен.
     Талдықорған ауданы - толығымен.
     Қапал ауданындағы Арасан, Суықсай селолық кеңестерi шегiнде.
     Сарқанд ауданындағы Аманбөктер, Покатилов селолық кеңестерi шегiнде.
     Үйгентас ауданындағы Лепсi селолық кеңесi шегiнде.
     Алакөл ауданындағы Достық поселкелiк кеңесi және Арғайты селолық кеңесi шегiнде.

     Семей облысы

     Мақаншы ауданы - толығымен.
     Ақсуат ауданындағы Ойшiлiк, Құмкөл, Екпiн, Ақсуат селолық кеңестерi шегiнде.

     Шығыс Қазақстан облысы

     Тарбағатай ауданы - толығымен.
     Зайсан ауданы - толығымен.
     Марқакөл ауданы - толығымен.
     Катонқарағай ауданы - толығымен.

     Темiр жол стансалары

     Талдықорған облысы

     Алматы темiр жолының Достық, Жалаңашкөл, Көктұма, Ақши стансалары мен N 13, 16, 19 разъездерi.

     Әуежайлар (АӘФ-ның жергiлiктi әуе жолы)

     Талдықорған облысы

     Панфилов ауданының Жаркент қаласы

     Семей облысы

     Ақсуат ауданының Ақсуат селосы
     Мақаншы ауданының Қабанбай селосы

     Шығыс Қазақстан облысы

     Зайсан ауданының Зайсан қаласы
     Тарбағатай ауданының Ақжар қаласы
     Марқакөл ауданының Алексеевка селосы
     Марқакөл ауданының Боран селосы
     Катонқарағай ауданының Катонқарағай селосы

     Өзен айлақтары

     Iле пароходствосының Борахұдзыр және Дүбүн айлақтары,
     Жоғарғы Ертiс пароходствосының Приозер, Боран айлақтары

     Республиканың шекара маңындағы облыстарының жоғарыда көрсетiлген аудандарының, қалаларының, поселкелерiнiң, селолық (ауылдық) кеңестерiнiң барлық автобекеттерi (автостансалары) шекара аймағына 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады