Қазақстан Республикасының орман қоры аумағында шөп шабу мен мал жаюдың ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 14 қазан 1993 ж. N 1021. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 9 ақпандағы N 124 қаулысымен

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң "Қазақстан Республикасының Орман кодексiн күшiне енгiзудiң тәртiбi туралы" 1993 жылғы 23 қаңтардағы N 1925-XII қаулысын орындау үшiн Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 
      1. Қазақстан Республикасының орман қоры аумағында шөп шабу мен мал жаюдың Ережесi бекiтiлсiн және ол 1994 жылдың қаңтарынан бастап күшiне енгiзiлсiн (қоса берiлiп отыр). 
      2. Жергiлiктi әкiмдер жергiлiктi жерде орман қоры телiмдерiн шөп шабу және мал жаю үшiн бөлген кезде аталған Ереженiң орындалуын қамтамасыз ететiн болсын. 

       Қазақстан Республикасының 
      Премьер-министрi

  Қазақстан Республикасы     
Министрлер Кабинетiнiң     
1993 жылғы 14 қазандағы     
N 1021 қаулысымен        
БЕКIТIЛГЕН            

               Қазақстан Республикасының орман қоры аумағында 
                          шөп шабу мен мал жаюдың 
                                ЕРЕЖЕСI 

                           Жалпы ережелер 
 

        1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының орман қоры аумағын шөп шабу және мал жаю үшiн пайдаланудың тәртiбiн белгiлейдi. 
      2. Осы Ереже Қазақстан Республикасының орман қоры аумағында шөп шабу мен мал жаюды жүргiзушi барлық кәсiпорындар, мекемелер, ұйымдар, басқа да шаруашылық жүргiзушi субъектiлер және азаматтар (иеленушiлер мен пайдаланушылар) үшiн мiндеттi болып табылады.

             Шөп шабу үшiн жарамды алаңдарды бөлу 

       3. Шөп шабу үшiн ең алдымен осы мақсатқа жарамды, орман қоры құрамына енетiн ауыл шаруашылық жерiнiң алаңы бөлiнедi. 
      4. Шөп шабу үшiн сондай-ақ орманды табиғи және жасанды жаңарту немесе шөп шабу басталғанға дейiн оларды жақсарту жөнiнде басқа шаралар жүргiзу көзделмеген алаңқайлар мен ағаш өспейтiн басқа да алаңдар, сондай-ақ қайта жаңғырту көзделмеген құндылығы төмен көшеттердiң жекелеген телiмдерi пайдаланыла алады. 
      5. Орман қоры аумағында шөп шабуға арналған алаңдарды орман қоры телiмдерiнiң иелерi (орман қоры телiмдерiн тұрақты иелену мемлекеттiк орман шаруашылығы кәсiпорындарына, мекемелерiне, ұйымдарына орман шаруашылығын жүргiзу үшiн, сондай-ақ қорықтар мен ұлттық парктерге берiледi) жоспарлы-картографиялық материалдардың, жерге орналастырудың, сондай-ақ түгендеу мен орманды зерттеудiң басқа да материалдары негiзiнде айқындап, жыл сайын дәлдеме жүргiзiп отырады.

                          Мал жаю 

       6. Жайылымның ғылыми негiзделген нормаларына сәйкес қорық ормандарынан, қорғалымдардың жекелеген түрлерiнен (олар туралы жеке ережелерге сәйкес), ұлттық және тарихи-табиғи парктерден (шаруашылық қызметi аймақтарынан басқасы), ғылыми маңызы бар табиғи ескерткiштерден, қорық аймағынан, ормандардан, генетикалық резерваттардан, орман парктерiнен, ормандағы жемiс көшеттерiнен, жасыл аймақтардың орман паркi көлiгiндегi қалалық ормандардан, санитарлық қорғаудың бiрiншi және екiншi белдеу аймағындағы ормандардан, сумен жабдықтайтын көздерден және курорттарды, мемлекеттiк орман тiлкiмдерiн санитарлық қорғау округтарының бiрiншi және екiншi аймақ ормандарынан, эрозияға қарсы және субальпiлiк ормандардан, айрықша бағалы орман алқаптарынан, өзен, көл, су қоймалары және басқа су объектiлерiнiң жағалауларындағы ормандардың тыйым салынған тiлкемдерiнен, Қазақстан Республикасының жазық жердегi және таудағы ормандарын кесудi пайдаланудың ережелерiне сәйкес айрықша қорғалатын орман телiмдерiнiң басқа орман қоры телiмдерiнде (ағаш өскен және ағаш өспеген, орман емес) мал жаюға рұқсат етiледi. 
      7. Ұшар басы мал таптай алмайтын деңгейге дейiн өсiп жетiлгенше орман желегi мен емдiк көшеттер өсiрiлген алаңдарда, ағаш тұқымдары, дәрiлiк өсiмдiктер өскен плантациялар мен телiмдерде, шырша, қарағай, май қарағай, май тал және терек, жаңғақ жемiсi мен жемiс-жидек плантацияларында, сондай-ақ орманның табиғи түлеп өсуiне жәрдемдесу жөнiндегi шаралар жүргiзiлетiн телiмдерде; 
      жас шыбықтар мен өскiндердiң жоғары басы мал таптау мүмкiндiгiн болдырмайтын деңгейге дейiн өсiп-жетiлгенше табиғи жас шыбықтар мен көшеттерде; 
      табиғи жолмен орманның түлеп өсуiн көздеп ағаш кесу жұмысын жүргiзу белгiленген көшеттерде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жазық және таулы жерлердегi ормандарында орманды қалпына келтiру мақсатында, ағаш кесу Ережелерiне сәйкес табиғи түлеп өсу белгiленген ағашы кесiлген және басқа ағаш өспеген орман алаңдарында; 
      жемiстi, жидектi, саңырауқұлақты, дәрiлiк және техникалық шикiзаттарды кәсiпшiлiк дайындау аймақтарында; 
      топырағы сумен жеңiл шайылатын және желмен ұшуға бейiм алаңдарда мал жаюға тыйым салынады. 
      8. Осы Ереженiң 7-тармағына сәйкес мал жаюға тыйым салынған телiмдердiң тiзбесiн мемлекеттiк орман шаруашылығы кәсiпорындары орман қоры жерлерiнде, орман және басқа өсiмдiктер қоғамдастықтарының жәй-күйiнде болған өзгерiстердi, сондай-ақ орманды қалпына келтiру жұмыстары мен орман ресурстарын дайындау өндiрiсiнiң жоспарын ескере отырып, жыл сайын анықтайды. 
      9. Орман қоры аумағынан берiлген жайылымдарда малды бақташысыз жаюға тыйым салынады.
      Малды бақташысыз жаюға қоршалған учаскелерде немесе байлап жайғанда ғана рұқсат етiледi. 
      Аңшылық шаруашылық ұйымдастырылған орман қоры аумағында малды ит қосып бағуға жол берiлмейдi. 
      10. Орман қоры аумағында ешкi жаюға тыйым салынады. Орман қоры телiмдерiнiң иелерi ерекше тәртiппен мал иесi алдын ала қоршаған арнайы бөлiнген телiмдерде ешкi жаюға рұқсат бере алады.
      11. Мал иелерi, қажет жағдайда, орман қоры телiмi иелерiнiң нұсқауы бойынша екпе ағаштарды, тұқымбақтарды және басқа орман телiмдерiн қорғау мақсатында мал мен жайылым жолдарын қоршауға мiндеттi. 
      12. Орман қоры аумағында мал жаюдың мерзiмiн, ғылыми негiзделген нормасын орман шаруашылығын басқарудың облыстық органдарының ұсынуы бойынша атқарушы өкiметтiң облыстық органдары белгiлейдi. 

              Шөп шабу мен мал жаю телiмдерiн бөлудiң және 
                       пайдаланудың тәртiбi

           13. Орман қоры телiмдерiнiң иелерi өз жерi аумағындағы шөп шабу мен мал жаюға жарамды жерлерден мыналарға:
      жер үлесiн алуға құқылы орман шаруашылығы қызметкерлерiне шөп шабу үшiн қызметтiк жер үлесiн, сондай-ақ мал ұстайтын аталған қызметкерлерге мал жаю үшiн телiмдер; 
      мал ұстайтын, бiрақ қызметтiк жер үлесiн алуға құқығы жоқ орман шаруашылығы мен ағаш дайындау өнеркәсiбi қызметкерлерiне шөп шабу мен мал жаю үшiн телiмдер; 
      орман шаруашылығы мен орман өнеркәсiбi кәсiпорындарының қоғамдық мал шаруашылығын (қосалқы ауыл шаруашылығын) жеммен қамтамасыз ету үшiн, сондай-ақ олардың мемлекеттiк және жергiлiктi мұқтаж үшiн шөп тапсырудың белгiленген көлемiн орындауы үшiн телiмдер бөледi. 
      14. Шөп шабу мен мал жаюға жарамды (осы Ереженiң 13-тармағында көрсетiлгеннен басқасы) қалған алаңдар туралы мәлiметтi орман қоры телiмдерiнiң иелерi атқарушы өкiметтiң аудандық, қалалық органдарына телiмдердi бекiтiп берудiң мүмкiн мерзiмi жөнiндегi ұсыныстармен және телiмдердi пайдаланушылар арасында бөлу үшiн шөп шабу мен мал жаю басталғанға дейiн екi айдан кешiктiрмей оларды берудiң шарттарымен тапсырады. 
      15. Орман қоры аумағынан өздерiне шабындық пен жайылымдық жерлер бөлiнуiне мұқтаж мал иелерi (ұжымдық және жекелеген азаматтар) шөп шабу мен мал жаю басталғанға дейiн екi айдан кешiктiрмей атқарушы өкiметтiң аудандық, қалалық органдарына тиiсiнше өтiнiмiн, сондай-ақ өтiнiм иесi орналасқан (тұратын жердегi халық депутаттарының ауылдық, селолық, поселкелiк немесе қалалық Кеңесi растаған олардағы малдың саны туралы анықтаманы тапсырады. 
      Басқа әкiмшiлiк аудандарының орман қоры аумағынан шабындық және жайылымдық жер бөлуге өтiнiм құжаттары атқарушы өкiметтiң облыстық органдарына берiледi. 
      Шөп шабу мен мал жаю телiмдерiн бiр жылдан астам мерзiмге алған пайдаланушылар мал саны туралы анықтаманы жыл сайын жаңартып отырады. 
      16. Атқарушы өкiметтiң аудандық, қалалық, органдары орман қоры иелерiнiң шөп шабу мен мал жаюға арналған телiмдерiнiң, мал иелерiнiң өтiнiм материалдарының, мал азығымен қамтамасыз етудiң және жайылымның қолданылып жүрген нормативтерi негiзiнде осы алаңдарды ұжымдық пайдаланушыларға, шаруа шаруашылықтары мен азаматтарға уақытша қысқа мерзiмге (3 жылға дейiн) және уақытша ұзақ мерзiмге (10 жылға дейiн, шалғайдағы мал шаруашылығы үшiн - 25 жылға дейiн) бекiтiп беру жөнiнде шешiм шығарады. Бұл орайда шөп шабу мен мал жаюға арналған телiмдердi кезектен тыс алу құқын: 
      ауыл шаруашылық кәсiпорындары, сондай-ақ кәсiпорындардың, мекемелердiң және ұйымдардың қосалқы ауыл шаруашылықтары, шаруа шаруашылықтары; 
      азамат және Ұлы Отан соғыстарының мүгедектерi мен қатысушылары, қаза болған немесе хабарсыз кеткен жауынгерлердiң (партизандардың) отбасы және белгiленген тәртiппен соларға теңестiрiлген адамдар; 
      жауынгер-интернационалистер; 
      I және II топтағы еңбек мүгедектерi және әскери қызметшiлер қатарынан I және II топтағы мүгедектер, бала жасынан I және II топтағы мүгедектер; 
      адам өмiрiн құтқару жөнiндегi, мемлекеттiк меншiк пен құқық тәртiбiн қорғау жөнiндегi мемлекеттiк және қоғамдық мiндеттердi орындау кезiнде қаза тапқан немесе өндiрiстегi бақытсыз оқиғаның салдарынан қаза болған адамдардың отбасы; 
      көп балалы және аз қамтамасыз етiлген отбасылары; 
      мемлекеттiк ауыл шаруашылық кәсiпорындарымен немесе тұтыну кооперациясы ұйымдарымен мал шаруашылығы өнiмiн өндiруге шарт жасасқан азаматтар иеленедi. 
      17. Шабындық пен жайылымдық жерлердi және орман қоры жерлерiн облыс аудандары арасында бөлудi, сондай-ақ басқа әкiмшiлiк аудандардың пайдаланушыларына шалғайдағы мал шаруашылығы үшiн жайылым телiмдерiн ұзақ мерзiмге пайдалануға берудi орман шаруашылығы басқармасының облыстық органдары жүзеге асырады. Олар аталған мәселелер жөнiндегi шешiмдердiң шөп шабу мен мал жаю үшiн бөлiнген телiмдердi аталған пайдаланушыларға бекiтiп беру үшiн атқарушы өкiметтiң тиiстi аудандық, қалалық органдарына жеткiзедi. 
      18. Атқарушы өкiметтiң аудандық, қалалық органдары шөп шабу немесе мал жаю басталғанға дейiн екi аптадан кешiктiрмей орман қоры телiмдерiнiң иелерi мен пайдаланушыларға солар табыс еткен мәлiметтер мен өтiнiмдерге сәйкес шабындық пен жайылымдық жер бөлiнгенi туралы хабарлайды. 
      Орман қоры телiмдерiнiң иелерi осы Ереженiң 24, 25 тармақтарына сәйкес пайдаланғаны үшiн ақы төлейтiнiн куәландыратын аталған шешiмдер мен құжаттар негiзiнде барлық пайдаланушыларға белгiленген үлгiдегi орман билеттерi берiлуiн және олардың шөп шабу немесе мал жаю үшiн нақты телiмдер иеленуiн ешбiр кедергiсiз олардың бәрiне қамтамасыз етедi. Орман билетiнде пайдаланудың көлемi мен орны, төлем мөлшерi, оны жүргiзудiң мерзiмi мен шарты көрсетiледi. 
      19. Берiлген телiмдерде шөп шабу мен мал жаю орман билетiнде көрсетiлген мерзiмде жүзеге асырылуға тиiс. 
      Ұзақ мерзiм бойы пайдаланылатын телiмдердi шаруашылық субъектiлерi мен азаматтар қатарынан екi жыл бойы пайдаланбаған жағдайда (шабындық-жайылым айналымын ғылыми негiздеу жүйесiндегi ротация жағдайынан басқа) осы Ережеде көзделген тәртiппен басқа пайдаланушыларға берiледi. 
      20. Шөп шабу мен мал жаюға арналған телiмдер бiр жылдан астам мерзiмге уақытша пайдалануға берiлген жағдайда орман қоры телiмдерiнiң иелерi пайдаланушылармен шаруашылық шартын жасасуға мiндеттi, онда екi жақтың осы телiмдердi пайдалану жөнiндегi талаптарымен және өзара қарым-қатынас шарттарымен қатар, соңғыларының өздерiне бөлiнген шабындық пен жайылымдық жерлердi қорғау және сапасын жақсарту шараларын жүргiзу жөнiндегi мiндеттерi белгiленедi. 
      21. Орман қоры аумағындағы шөп шабу мен мал жаюға арналған телiмдердi пайдалану құқын үшiншi адамға беруге жол берiлмейдi. 
      22. Орман қоры телiмдерiнiң иелерi кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдардың, басқа да шаруашылық жүргiзушi субъектiлер мен азаматтардың шөп шабу мен мал жаю үшiн өздерiне берiлген телiмдердi ұтымды пайдалануын және осы Ереженi сақтауын жүйелi бақылауды жүзеге асыруға мiндеттi.
      Қазақстан Республикасының орман қоры аумағындағы шөп шабу мен мал жаюға арналған Ереженiң сақталуын мемлекеттiк бақылауды орман шаруашылығын басқару органдары жүзеге асырады. 

            Шөп шабу және мал жаюға арналған телiмдердi
                 пайдаланғаны үшiн ақы төлеу

           23. Қазақстан Республикасының Орман кодексiне сәйкес шөп шабу мен мал жаю телiмдерiн беру ақы төлеу негiзiнде жүзеге асырылады. 
     24. Учаскелердi шөп шабу мен мал жаюға пайдаланғаны үшiн төлем  сомасы орман шаруашылығын басқару жөнiндегi аумақтық органдардың есептерi негiзiнде жергіліктi өкiлдi органдар белгiлейтiн ставкалар бойынша анықталады және мемлекеттiк бюджетке енгiзуге жатады. <*>
      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2002.04.15.   N 431 қаулысымен.

                 Дауларды шешу тәртiбi және шөп шабу мен мал жаю
                   телiмдерiн пайдалану құқығын тоқтату 

       25. Шөп шабу мен мал жаюға арналған телiмдердi пайдалану туралы ұжымдық пайдаланушылардың, шаруа шаруашылықтарының және азаматтардың арасындағы даулар сот тәртiбiмен шешiледi. 
      26. Орман шаруашылығын басқару органдары, орман қоры телiмдерiнiң иелерi шөп шабу мен мал жаюға арналған телiмдердi пайдалану құқығын мынадай жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатуы мүмкiн: 
      а) орманды пайдаланушы берiлген телiмдi пайдаланудан өз еркiмен бас тартқанда; 
      б) кәсiпорындар, мекемелер, ұйымдар, шаруа шаруашылығы - пайдаланушылар қызметiн тоқтатқанда; 
      в) шөп шабу мен мал жаюға арналған телiмдердi осы Ереженi бұза отырып пайдаланғанда, сондай-ақ мал жаю нормасынан ауытқыған жағдайда; 
      г) ұтымсыз пайдалану, малды шамадан тыс көп жаю салдарынан, тиiмсiз пайдаланудан орман топырағының эрозияға айналуы, өсiмдiктер қоғамдастығының тоқырауы, экологиялық жағдайдың нашарлауы байқалғанда: 
      д) орман билетiнде, тараптардың шартында көзделген орманды пайдалану шарттары орындалмағанда; 
      е) учаскелердi мемлекеттiк бюджетке төлемдердi белгiленген мерзiмдерде енгiзбей пайдаланғанда. <*> 
      ж) орманның аталған телiмдерiн шөп шабу мен мал жаюды одан әрi жүзеге асыру мүмкiндiгiн болдырмайтын қорғаныс топтары мен санаттарына жатқызғанда, сондай-ақ орманды қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу қажет болғанда. 
      Шөп шабу мен мал жаю телiмдерiн пайдалануға арналған құқықты тоқтатуды орман шаруашылығын басқарудың мемлекеттiк органы, орман қоры телiмдерiнiң иелерi берген орман билетiнiң күшiн жоюмен ресiмдейдi. 
      Бұл мәселе жөнiндегi ақырғы шешiмдi орман қоры иесiнiң тиiстi ұсынысы бойынша шөп шабу және мал жаю телiмдерiн аталған пайдаланушыларға бекiтiп беру туралы шешiм шығарған атқарушы өкiмет органы қабылдайды. Бұл орайда аталған телiмдердi пайдаланғаны үшiн төленген ақы сомасы, "а", "б", және "ж" тармақшаларында көрсетiлген жағдайдан басқасында қайтарылып берiлмейдi. 
      Пайдаланушылар шөп шабу мен мал жаюға арналған телiмдердi пайдалану құқығын тоқтату туралы шешiммен, сондай-ақ орман қорының иелерi атқарушы өкiмет органдарының шешiмiмен келiспесе, олар бұл жөнiнде сот тәртiбiмен шағымдана алады. 
       Ескерту. 26-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2002.04.15.  N 431
  қаулысымен.  
               Пайдаланушылардың жауапкершiлiгi

       27. Пайдаланушылар шөп шабу мен мал жаю үшiн орман қорынан өздерiне берiлген телiмдерде осы Ережелердi бұзғаны, өрiс нормасын арттырғаны, өз бетiмен шөп шапқаны немесе мал жайғаны, соның iшiнде бұл үшiн рұқсат етiлмеген телiмдердi және басқа тәртiп бұзу салдарынан шабындық пен жайылымды бүлдiргенi, ағаштарды, шiлiктердi және көшеттердi, жаңғақ, жемiс, жидек, саңырауқұлақ, дәрiлiк және техникалық шикiзат дайындалатын кәсiпшiлiк алқаптарды жойғаны немесе бүлдiргенi үшiн кәсiпорындар, мекемелер, ұйымдар және азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң арнаулы нормативтiк актiлерiне сәйкес қылмыстық, әкiмшiлiк және материалдық жауапкершiлiкке тартылады. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады