Қазақстан Республикасының ТМД елдерiмен шекарасында кедендiк бақылау ұйымдастыру жөнiндегi шаралары туралы<*> Ескерту. ҚРКМ-нiң 4.04.1994 ж. N 317 қаулысына қарау қажет

Жаңа

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 10 қараша 1993 ж. N 1109

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына Z914400_ сәйкес республиканың экономикалық дербестiгiн, iшкi нарығының қорғалуын қамтамасыз ету үшiн және меншiк нысандарына қарамай шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң сыртқы экономикалық қызметiне мемлекеттiк бақылауды жетiлдiру, материалдық байлықтың заңсыз әкетiлуiне жол бермеу және контрабандамен күрестi күшейту мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Кеден Бас басқармасы Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiмен, Iшкi iстер министрлiгiмен, Көлiк министрлiгiмен бiрлесе отырып, Қазақстан Республикасының ТМД елдерiмен шекарасындағы кеден мекемелерiнiң тұрақты орналасатын жерiн iргелес мемлекеттермен келiсiп алып белгiлесiн және бұларды жеке құрамдармен жасақтасын. Республика шекарасы арқылы өтетiн барлық көлiк түрлерiне, жүктерге және жолаушыларға толық кедендiк бақылау жасалуын қамтамасыз ету үшiн қосымша кеден мекемелерiн ашу көзделсiн.
      Азаматтардың шекарадан өтуi, меншiк нысандарына қарамай шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң барлық тауар түрлерi мен заттарының өткiзiлуi Қазақстан Республикасы шекарасындағы кеден мекемелер мен кеден пункттерi арқылы қамтамасыз етiлсiн.
      Кеден мекемелерiнiң қызметкерлерiне кедендiк бақылау аймақтарында көлiк құралдарын мәжбүр етiп тоқтату, заңда белгiленген тәртiп бойынша жүктердi тексеру, барлық меншiк нысанындағы және ведомстволық бағыныстағы сыртқы экономикалық байланысқа қатысушылардан кеден органдарының құзырына кiретiн мәселелердi шешу үшiн бухгалтерлiк, қаржылық, банкiлiк және басқа құжаттарды талап ету құқы берiлсiн.
      Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi белгiленген тәртiп бойынша республикамен шекаралас мемлекеттер өкiлдiктерiнiң назарына кеден мекемелерi орналасқан орынды және шекарадан өту тәртiбiн жеткiзетiн болсын.
      2. Аумақтарында кеден мекемелерi мен кеден пункттерiн орналастыру белгiленген облыстардың, аудандардың және қалалардың әкiмдерi:
      арнайы шешiмдерiмен кеден инфрақұрылымдары объектiлерiнiң құрылысына арнап, жер учаскелерiн берсiн;
      кеден органдарының қызметкерлерiн әсiресе Қазақстан Республикасының шекарадағы облыстары мен аудандарында бiрiншi кезекте қызмет тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз етсiн.
      3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне кеден пункттерi мен кеден инфрақұрылымының басқа да объектiлерiнiң, тұрғын жайлар мен әлеуметтiк-тұрмыстық мақсаттағы объектiлердiң құрылысына тапсырыс берушiнiң мiндетi жүктелсiн.
      Республикада кеден инфрақұрылымын жайластыруды жеделдету үшiн Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi бiрiншi кезекте кеден органдарының өтiнiшi бойынша құрылысы бiтпеген қоғамдық өнеркәсiптiк және басқа да ғимараттар мен құрылғыларды қызмет мекемелерi және басқа кеден объектiлерi ретiнде пайдалануға өтеусiз бекiтiп берсiн.
      4. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне 1994-1995 жылдары кеден мекемелерiнiң тұрғын үйлер мен әлеуметтiк-тұрмыстық мақсаттағы объектiлердiң құрылысына қажеттi күрделi қаржы лимитiнiң бөлiнуiн көздесiн.
      5. Қазақстан Республикасының Байланыс министрлiгi кеден пункттерi мен шекаралық кеден мекемелерiн тұрақты байланыспен қамтамасыз етсiн. 1993-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң тапсырысы бойынша бюджет қаржысының есебiнен кеден органдарының ведомстволық байланыс жүйесiн құруды жүзеге асырсын.
      6. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi, Ауыл шаруашылығы министрлiгi, Мәдениет министрлiгi кеден мекемелерi орналасқан жерлерде санитарлық-карантиндiк, ветеринарлық, өсiмдiк-санитарлық бақылау ұйымдастырсын, сонымен қатар мәдени бағалы дүниелердiң әкетiлуiн бақылауға алсын.
      Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi Қытай Халық Республикасымен мемлекеттiк шекарадағы өткiзу пункттерi орналасқан жерлерде Қазақстан Республикасы Iшкiiсминiнiң паспорт жұмысы және Виза мен тiркеу бөлiмi қызметкерлерiнiң жұмысын ұйымдастырсын.
      7. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бас кеден басқармасы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне мыналарды дайындап ұсынсын:
      Қазақстан Республикасы кеден органдары жүйесi қызметкерлерiнiң атыс қарулары мен арнайы қорғану жарақтарын ұстау, сақтау және қолдану тәртiбi жөнiндегi Ереже жобасын;
      кеден органдарының құрамында кедендiк күзет пен режимдiк бөлiмшелер құру туралы ұсынысты пысықтап, бiр ай iшiнде Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне табыстасын.
      8. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Әдiлет министрлiгiмен бiрлесiп:
      тауарларды, жүктер мен өзге заттарды кеден ережелерiн бұзып немесе кеден пункттерiне соқпай алып өткенi үшiн кiнәлi заңды ұйымдар мен жеке азаматтарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шекарасынан ТМД-ға қатысушы елдермен шекара өткiзу пункттерiнен тыс жерлерден өткен азаматтарға қатысты айып шараларын белгiлеу;
      республика кеден органының лауазымды адамдарына Қазақстан Республикасы қолданылып жүрген заңдарында Қазақстан Республикасының Iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдары үшiн көзделген барлық құқықтарды, жеңiлдiктердi, қызмет атқару, еңбекке ақы төлеу, қызмет өткеру жылдарымен әскери атағы үшiн лауазымдық жалақысына үстеме ақы төлеу тәртiбi мен шарттарын қолдану мақсатында қолданылып жүрген заңдарды өзгерту туралы ұсыныстар енгiзсiн.
      9. Кеден мекемелерi қызметкерлерiнiң штат саны 1993 жылы

5 мың адамға көбейтiлiп, биылғы жылдың соңына дейiнгi еңбекақы
қоры 962 млн. сом мөлшерiнде болсын, ал 1994-1995 жылдары штат
саны жыл сайын 2 мың адамға көбейтiлiп отырсын.
     10. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi осы қаулының
орындалуына қажеттi бюджет қаражатын қарастырсын.
     
     Қазақстан Республикасының
         Премьер-министрi
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады