ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН МОНҒОЛИЯ АРАСЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ЖӘНЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ IСТЕР ЖӨНIНДЕГI ӨЗАРА ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК ТУРАЛЫ ШАРТТЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕСIНЕ БЕКIТУГЕ ЕНГIЗУ ТУРАЛЫ

Жаңа

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МИНИСТРЛЕР КАБИНЕТIНIҢ ҚАУЛЫСЫ 15 сәуiр 1994 ж. N 394


     Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
     Қазақстан Республикасы мен Монголия арасында 1993 жылы 
22 қазанда қол қойылған Азаматтық және қылмыстық iстер жөнiндегi
өзара құқықтық көмек туралы шарт Қазақстан Республикасының Жоғарғы
Кеңесiне бекiтуге енгiзiлсiн.

     Қазақстан Республикасының
       Премьер-министрi

            ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН МОНҒОЛИЯ АРАСЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ
                ЖӘНЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ IСТЕР ЖӨНIНДЕГI ӨЗАРА КӨМЕК ТУРАЛЫ
                                 ШАРТ
     
     Бұдан әрi Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан
Республикасы мен Монғолия егемендiктi құрметтеу және өзара сыйластық
негiзiнде құқылық қатынастар саласындағы ынтымақтастықты жүзеге 
асыру мақсатында азаматтық және қылмыстық iстер жөнiнде бiр-бiрiне
құқылық көмек көрсететiн болып шештi және осы мақсатпен мыналарға
уағдаласты:

                             I ТАРАУ
     
                          ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

                   1-БАП 
               Құқылық қорғау
     


      1. Бiр Уағдаласушы Тараптың азаматтары екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында өзiнiң жеке және мүлiктiк құқықтарының екiншi Уағдаласушы Тараптың азаматтары сияқты құқылық қорғалуын пайдаланады. Олар соттарға, әдiлет, прокуратура органдары мен азаматтық және қылмыстық iстер құзiретiне жататын өзге де мекемелерге өтiнiш жасауға құқылы және екiншi Уағдаласушы Тараптың азаматтары пайдаланатын ережелер негiзiнде өтiнiш бойынша iс қозғап,

басқа да iс жүргiзу әрекеттерiн жүзеге асыра алады.
     2. 1-тармақтағы ережелер өзiнiң ұлттық заңдарына сәйкес әрбiр
Уағдаласушы Тараптың аумағында құрылған заңды ұйымдарға да 
қолданылады.
     3. Осы Шартта қолданылатын "азаматтық iстер" терминi 
неке-отбасы, еңбек, мұрагерлiк, шаруашылық iстерiн қамтиды.

                   2-бап
               Құқылық көмек
     
     Уағдаласушы Тараптардың осы Шарттағы 1-баптың 1-тармағында
аталған органдары мен мекемелерi азаматтық және қылмыстық iстер
жөнiнде өз елiнiң заңдарымен белгiленетiн құзiретiне сәйкес өзара
құқылық көмек көрсетедi.

                   3-бап
               Құқылық көмек көлемi
     
     Уағдаласушы Тараптар өз заңдарының талаптарын сақтай отырып,
бiр-бiрiне:
     - iс жүргiзу әрекеттерiн орындау;
     - құжаттарды жiберу мен тапсыру;
     - заттай дәлелдемелер беру;
     - iс материалдарын жiберу;
     - сот шешiмдерiн тану және орындау;
     - талаптарды қамтамасыз ету;
     - сұраушы тарапқа соттылық туралы мәлiметтер беру;
     - адамдарды iздестiру жолмен құқылық көмек көрсетедi.

                   4-бап
       Құқылық көмек көрсету кезiндегi қарым-қатынастар
                    тәртiбi
     


      1. Құқылық көмек көрсеткен кезде Уағдаласушы Тараптардың компетенттi органдары бiр-бiрiмен өздерiнiң орталық мекемелерi арқылы, ал қажет болған жағдайларда тiкелей облыстар мен аймақтар деңгейiнде қарым-қатынас жасап, сонымен бiр мезгiлде өздерiнiң орталық мекемелерiне хабарлайды.
      2. Осы баптың 1-тармағында аталған орталық мекемелерге мыналар жатады:
      Қазақстан Республикасы тарапынан - Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi және Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы;
      Монғолия тарапынан - Монғолияның Әдiлет министрлiгi, Монғолия Бас прокуратурасы және Монғолияның Жоғарғы Соты.

                    5-бап
                      Тiл

      Уағдаласушы Тараптардың мекемелерi осы Шартта қозғалып

отырған барлық мәселелер бойынша өзара қарым-қатынас жасаған
кезде Тараптардың мемлекеттiк тiлдерiн қолданады.

                   6-бап
                Құжаттарды ресiмдеу
     
     1. Уағдаласушы Тараптардың компетенттi органдары құқылық көмек
көрсету ретiнде жiберетiн, мемлекеттiк тiлде жазылған құжаттары орыс
тiлiне аударылуға, компетенттi адамның қолы қойылып, мөрмен
куәландырылуға тиiс.
     2. Тараптар өзара келiсiм бойынша құқылық көмек көрсету үшiн
өтiнiш жасаған кезде пайдаланылатын формулярлардың үлгiлерiн белгiлеуi
мүмкiн.

                   7-бап
                Құқылық көмек көрсету туралы өтiнiштiң
                    (тапсырманың) формасы
     


      Құқылық көмек көрсету туралы өтiнiш (тапсырма) жазбаша түрде жасалып, тапсырманың мазмұны ескерiлген мынадай реквизиттер болуға тиiс:
      а) сұраушы мекеменiң атауы;
      б) сұрау салынып отырған мекеменiң атауы;
      в) құқылық көмек сұралып отырған iстiң атауы және өтiнiштiң (тапсырманың) мазмұны;
      г) iске қатысы бар адамдардың аты-жөнi, олардың азаматтығы, жынысы, кәсiбi, тұрғылықты жерi немесе жүрген жерi, туған жылы мен жерi; заңды ұйымның атауы және орналасқан жерi;
      д) осы баптың "г" тармағында аталған адамдар өкiлдерiнiң аты-жөнi және мекен-жайы;
      е) тапсырылатын құжаттың атауы;
      ж) анықталуға тиiстi мән-жайдың мазмұны, сондай-ақ талап етiлетiн құжаттар мен басқа да дәлелдемелердiң тiзбесi; қылмыстық iстер бойынша сондай-ақ жасалған қылмыстың нақты мән-жайының сипаттамасы, оның заң жүзiнде топталуы, қажет болған жағдайда адамның сыртқы сипаттамасы, оның фотосуретi, саусақтарының iздерi.

                    8-бап
                 Тапсырманың орындалуы

      1. Егер сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңдарына сәйкес тапсырманы орындау осы Тараптың соттары мен басқа да компетенттi мекемелерiнiң компетенциясына енбейтiн болса, тапсырма бас тартудың дәлелi көрсетiлiп қайтарылуы мүмкiн.
      2. Егер Уағдаласушы Тараптың сұрау салынып отырған мекемесi тапсырманы орындауға құқылы болмаған ретте ол аталған тапсырманы сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тараптың компетенттi мекемелерiне жолдауға, сондай-ақ бұл туралы екiншi Уағдаласушы Тараптың сұраушы мекемесiне хабарлауға мiндеттi.
      3. Егер Уағдаласушы Тараптың сұрау салынып отырған мекемесi тапсырмада көрсетiлген мекен-жайдың дәл болмауына байланысты тапсырманы орындауға мүмкiндiгi болмаса, ол мекен-жайды анықтау үшiн тиiстi шаралар қолдануға немесе Уағдаласушы Тараптың сұраушы мекемесiнен қосымша мәлiметтер берудi талап етуге мiндеттi.
      4. Егер мекен-жайды анықтау немесе басқа себептермен тапсырманы орындау мүмкiн болмаса, Уағдаласушы Тараптың сұрау салынып отырған мекемесi бұл туралы Уағдаласушы Тараптың сұраушы мекемесiне хабарлап, тапсырманың орындалуына кедергi жасайтын себептердi баяндауға, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптың сұраушы мекемесi жолдаған барлық Құжаттарды қайтаруға мiндеттi.

                    9-бап
               Орындау нәтижелерi туралы хабарлау

      1. Сұрау салынып отырған мекеме осы Шарттың 4-бабында көзделген тәртiп бойынша сұраушы мекемеге мүмкiндiгiнше қысқа мерзiм iшiнде тапсырманың орындалу нәтижелерi туралы жазбаша түрде хабарлауға, сондай-ақ тапсырманың орындалған уақыты мен жерiн көрсетiп, орындалуын растайтын құжаттарды жіберуге мiндеттi.
      2. Құжаттардың тапсырылғаны туралы тапсырманың орындалғанын растайтын құжатта алынған күнi көрсетiлуге, алушының қолы мен тапсырманы орындаған адамның қолы қойылуға тиiс. Егер алушы алудан бас тартса, алудан бас тартудың себептерi де көрсетiлуге тиiс.

                    10-бап
          Құжаттарды дипломатиялық өкiлдiктер немесе консулдық
                   мекемелер арқылы табыс ету

      Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң екiншi Уағдаласушы Тарап жанында тiркелген дипломатиялық өкiлдiктерi немесе консулдық мекемелерi компетенттi органдардың тапсыруы бойынша сот құжаттары мен соттан тыс құжаттарды өз азаматтарына табыс ете алады. Алайда бұл әрекеттер күштеу сипатындағы шаралар болмауға және сол ұлттық заңдарына қайшы келмеуге тиiс.

                    11-бап
         Куәнi, зардап шегушiнi және сарапшыны шетелге шақыру

      Егер бiр Уағдаласушы Тараптың аумағындағы алдын ала тергеу немесе сотта iс қарау барысында екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағындағы куәнiң, зардап шегушiнiң, сарапшының өзi келуi қажет болса, осы Уағдаласушы Тараптың тиiстi мекемесiне хабарласып, шақыру қағазын табыс етудi тапсыру керек.

                    12-бап
                Куәлар, зардап шегушiлер мен сарапшылар
                      жөнiндегi кепiлдiктер

      1. Сұрап отырған Уағдаласушы Тарап сотының немесе басқа да компетенттi мекемелерiнiң сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тарап арқылы берiлген шығаруы бойынша келген куәнi, зардап шегушiнi немесе сарапшыны, оның азаматтығына қарамастан, сұраушы мемлекетте әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапқа тартуға, не оның мемлекеттiк шекарадан өткенге дейiн жасаған құқық бұзушылығы үшiн кез келген формада бас бостандығынан айыруға болмайды.
      2. Егер куә, зардап шегушi немесе сарапшы өзiнiң ендiгi жерде қатысуының қажет еместiгi туралы сұраушы Уағдаласушы Тараптан хабар алғаннан кейiн оның аумағынан 15 күн өткенше кетпесе, ол осы баптың 1-тармағында берiлетiн кепiлдiктен айрылады, бұған сұраушы Уағдаласушы Тараптың аумағынан өзiне байланысты емес мән-жайлар бойынша мерзiмiнде кете алмайтын реттер қосылмайды.
      3. Осы баптың 1-тармағында аталған шақыру осы Шарттын 4-бабында көзделген тәртiппен берiледi. Шақыруда күштеу шараларын қолдануға қоқан-лоққы жасалмауға тиiс.

                    13-бап
           Құқылық көмек көрсетуге байланысты шығындар

      1. Уағдаласушы Тараптар құқылық көмектi тегiн көрсетедi, бұған сарапшылардың қызметiне ақы төлеу қосылмайды.
      2. Сұраушы Уағдаласушы тараптың аумағына шақыру бойынша барған куәнiң, зардап шегушiнiң немесе сарапшының жолына, тамағы мен тұруына жұмсалған шығындарды сұраушы Уағдаласушы тарап көтередi. Шақыруды аталған адамдардың қандай төлемдер алуға құқылы екенi көрсетiлуге тиiс. Аталған адамдардың өтiнiшi бойынша сұраушы Уағдаласушы Тарап оларға тиiстi шығындарды алдын ала төлеуге мiндеттi.

                    14-бап
              Құқылық көмектен бас тарту

      Егер сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тарап құқылық көмек көрсету өзiнiң ұлттық заңдарына қайшы келедi деп санаса, оның құқылық көмек көрсетуден бас тартып, сұраушы Уағдаласушы Тарапқа бас тартудың себептерiн хабарлауы мүмкiн.

                    15-бап

            Құқылық көмек көрсету кезiнде қолданылатын заңдар
     
     1. Сұрау салынып отырған мекеме құқылық көмек көрсету кезiнде
өз мемлекетiнiң ұлттық заңдарын қолданады.
     2. Құқылық көмек көрсету кезiнде сұрау салынып отырған мекеме
сұраушы Тараптың өтiнiшi бойынша, егер олар салынып отырған 
Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңдарына қайшы келмесе, екiншi 
Уағдаласушы Тараптың iс жүргiзу нормаларын да қолдана алады.

                   16-бап
              Заң ақпаратын алмасу
     
     Уағдаласушы Тараптар өтiнiш бойынша бiр-бiрiне қолданылып
жүрген немесе қолданылған заңдар туралы және оларды қолдану 
практикасы туралы ақпарат бередi.

                             II ТАРАУ
               АЗАМАТТЫҚ IСТЕР БОЙЫНША ҚҰҚЫЛЫҚ КӨМЕК

                   17-бап
              Құқылық көмек көлемi
     


      Уағдаласушы Тараптар өзара алыс-берiс негiзiнде өтiнiш бойынша сот құжаттары мен соттан тыс құжаттарды берiп, талаптарды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданады, процеске қатысушылардан, куәлар мен сарапшылардан жауап алып, жергiлiктi жерде сараптама, тексерiс жүргiзедi, сот шешiмдерiн танып, орындайды, соның iшiнде алимент өндiрiп алу үшiн борышқорларды iздестiру жөнiнде шаралар қолданады, басқа жүргiзу әрекеттерiн орындайды.

                    18-бап
                Азаматтық iстер қаралатын жер

      Мұрагерлiк дауларды қоспағанда, азаматтық iстер жөнiндегi

дауларды жауапкердiң тұрғылықты жерi немесе жүрген жерi бойынша
Уағдаласушы Тараптардың соттары қарайды.

                   19-бап
                Сот шығындарын төлеу
     
     1. Бiр Уағдаласушы Тараптың азаматтары екiншi Уағдаласушы
Тараптың аумағында сот шығындарын сол Уағдаласушы Тараптың 
азаматтарымен тең жағдайда және бiрдей көлемде төлейдi.
     2. Осы баптың 1-тармағының ережелерi Уағдаласушы Тараптардың
бiрiнiң аумағында құрылған заңды ұйымдарға да оның ұлттық
заңдарына сәйкес қолданылады.

                   20-бап
             Сот шығындарын төлеуден толық немесе
                      iшiнара босату
     


      1. Бiр Уағдаласушы Тараптың азаматтары екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында сот шығындарын төлеуден сол Уағдаласушы Тараптың азаматтарымен тең жағдайда және бiрдей көлемде толық немесе iшiнара босатылады.
      2. Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматтары сот шығындарын төлеуден толық немесе iшiнара босатуға өтiнiш жасағанда тұрғылықты жерi бойынша немесе жүрген жерi бойынша құзiреттi мекемелер берген, өзiнiң жеке басын, отбасылық және мүлiктiк жағдайын куәландыратын құжаттар тапсыруға тиiс. Егер арыз берушiнiң Уағдаласушы Тараптар аумағында тұрғылықты жерi немесе жүрген жерi болмаса, ол өз мемлекетiнiң дипломатиялық өкiлдiгi немесе консулдық мекемесi берген немесе куәландырған аталған құжаттарды табыс ете алады.
      3. Сот шығындарын төлеуден толық немесе iшiнара босату туралы өтiнiш бойынша шешiм шығаратын сот құжат берген органға қосымша түсiндiрме туралы сауал сала алады.

                    21-бап
          Танылуға және орындалуға тиiстi шешiмдер

      1. Уағдаласушы Тараптар осы Шарттың ережелерiне сәйкес екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында шығарылып, заңды күшiне енген сот шешiмдерiн танып, өз аумағында орындауға мiндеттi.
      2. Осы Шарттың тексi бойынша қолданылатын "сот шешiмдерi" деген термин мыналарды бiлдiредi:
      Қазақстан Республикасында - соттың (судьяның), соның iшiнде төрелiк соттың (судьяның) шешiмi, ұйғарымы, қаулысы, азаматтық және төрелiк iстер бойынша бiтiстiру келiсiмi, сондай-ақ қылмыстық iс бойынша келтiрiлген нұқсанды өтеу бөлiгiндегi үкiм;
      Монғолияда - соттың (судьяның) шешiмi, ұйғарымы, қаулысы, азаматтық iс бойынша бiтiстiру келiсiмi, сондай-ақ қылмыстық iс бойынша келтiрiлген нұқсанды өтеу бөлiгiндегi үкiм.

                    22-бап
          Сот шешiмiн тану және орындау туралы
                      өтiнiш жасау

      1. Сот шешiмiн тану мен орындау туралы өтiнiштi арыз берушi осы шешiмдi шығарған сотқа бередi және сот оны осы Шарттың 4-бабында көзделген тәртiппен екiншi Уағдаласушы Тараптың сотына жiбередi. Арыз берушi екiншi Уағдаласушы Тараптың сотына да тiкелей өтiнiш жасай алады.
      2. Сот шешiмiн тану мен орындау туралы өтiнiшке қоса мынадай құжаттар жiберiлуге тиiс:
      а) сот шешiмiнiң сот куәландырған көшiрмесi, егер көшiрмеде шешiмнiң күшiне енгенi және орындауға болатыны айқын көрсетiлмеген болса, сот шешiмiнiң заңды күшiне енгенi туралы сот құжатының бiр данасы да қоса тiркелуге тиiс;
      б) сұраушы Уағдаласушы Тараптың аумағында шешiмнiң бiр бөлiгiнiң орындалуы туралы сот құжаты;
      в) процеске қатыспаған тарапқа заңмен белгiленген тәртiп бойынша сотқа шақыру туралы хабарламаның табыс етiлгенiн, ал ол қабiлетсiз болған жағдайда онда тиiстi өкiлiнiң болғанын куәландыратын құжат;
      г) осы бапта аталған өтiнiш пен оған қоса тiркелген құжаттардың куәландырылған аудармасы.

                    23-бап
            Сот шешiмiн тану мен орындау тәртiбi

      1. Сот шешiмiн тану мен орындауды өтiнiш жасалған Уағдаласушы Тараптың соты осы Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңдарымен белгiленген тәртiпке сәйкес жүзеге асырады.
      2. Өтiнiш жасалған сот шешiмдi мәнi бойынша талқыламай, қайта

оны осы Шарттың талаптарына сәйкес нәрсе ретiнде ғана қарастырады.
     3. Тану мен орындау туралы өтiнiш түскен шешiм жөнiнде өтiнiштi
алған сот қажет болған жағдайда шешiм шығарған соттан қосымша
материалдар берудi талап ете алады.

                   24-бап
           Тану мен орындаудың заңдық күшi
     
     Бiр Уағдаласушы Тарап сотының екiншi Уағдаласушы Тарап сотының
шешiмiн тануы мен орындауы осы Уағдаласушы Тарап сотының шешiмiн
тану мен орындау сияқты күшiнде болады.

                   25-бап
            Шешiмдi тану мен орындаудан бас тарту
     
     Сот шешiмiн тану мен орындаудан мына жағдайлардың бiрiнде:


      а) егер шығарылған шешiм Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңдарына сәйкес заңды күшiне енбесе және орындалуға жатпаса;
      б) егер шешiмдi тану мен орындау туралы өтiнiш жасалған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңдарына сәйкес iс сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тарап сотының құзiретiне ғана жататын болса;
      в) егер процеске қатыспаған тарапқа мекемесi шешiм қабылдаған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңдарына сәйкес сотқа шақыру туралы хабар тапсырылмаған болса немесе ол қабiлетсiз болған жағдайда тиiстi өкiлi қатыспаса;
      г) егер нақ сол тараптар арасындағы белгiлi бiр құқылық дау

бойынша сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тараптың соты шешiм
шығарып, ол заңды күшiне енгiзiлiп те қойған немесе ол сол жерде
қаралып жатса, немесе осы iс жөнiнде үшiншi бiр мемлекеттiң
шешiмi заңды күшiне енгiзiлiп те қойды деп танылса, бас тартылуы
мүмкiн.

                       III ТАРАУ
             ҚЫЛМЫСТЫҚ IСТЕР БОЙЫНША ҚҰҚЫЛЫҚ КӨМЕК
               
                   26-бап
             Құқылық көмек көлемi
     


      Осы Шарттың ережелерiне сәйкес Уағдаласушы Тараптар

бiр-бiрiне көрсететiн құқылық көмек мыналарды қамтиды:
     - алдын ала тергеу мен сот тергеуiндегi адамдарды iздестiру
және ұқсастыру;
     - қылмыстық қудалау iсiн қозғау;
     - күдiктiлерден, айыпкерлерден, сотталушылардан, куәлардан,
зардап шегушiлерден, сарапшылардан жауап алу;
     - дәлелдемелер жинауға байланысты қарау, тiнту және басқа да
iс жүргiзу әрекеттерi;
     - заттай айғақтарды, құжаттарды, қылмысты жолмен алынған 
қазыналарды беру;
     - қылмыстық iс жүргiзуге байланысты iс жүргiзу құжаттарын табыс
ету, сондай-ақ сот процесiнiң нәтижелерi туралы ақпарат беру.

                   27-бап
           Қылмыстық iстер бойынша көмек көрсету кезiндегi
                   қарым-қатынастардың тәртiбi
     


      Қылмыстық iстер бойынша құқылық көмек көрсеткен кезде Уағдаласушы Тараптардың құзiреттi органдары осы Шарттың 4-бабында аталған мекемелер арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының iшкi iстер министрлiгi және Монғолияның Бас полиция басқармасы арқылы қарым-қатынас жасасады.

                    28-бап

           Қылмыстық қудалау iсiн қозғау мiндетi
     
     1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тараптың өтiнiшi
бойынша өзiнiң заңдарына сәйкес екiншi Уағдаласушы Тараптың 
аумағында қылмыс iстедi деп күдiк келтiрiлген өз азаматтарына 
қарсы қылмыстық қудалау iсiн қозғайды.
     2. Бiр Уағдаласушы Тараптың заңдарына сәйкес оның құзiреттi
мекемелерiне зардап шегушi тиiстi мерзiмде берген қылмыстық қудалау
iсi туралы арыз екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында да күшiнде
болады.

                   29-бап
       Сұрау салынып отырған тараптың аумағында қамауда отырған
       адамды куә не зардап шегушi  ретiнде iске қатысу үшiн беру
     


      1. Бiр Уағдаласушы Тараптың бас бостандығынан айыру орындарында отырған сотталған адам екiншi Уағдаласушы Тараптың сотына немесе басқа да құзiреттi мекемесiне басқа iс бойынша куә немесе зардап шегушi ретiнде мына шарттар сақталған жағдайда:
      а) шақыру жiберiлген адам бұлайша беруге келiскен жағдайда

берiлуi мүмкiн;
     б) сұраушы Уағдаласушы Тарап бұл адамды ол берiлген iс жүргiзу
әрекеттерi өткiзiлгеннен кейiн дереу және берiлген күнiнен бастап
үш айдан кешiктiрмей керi қайтаруға тиiс;
     в) берiлген адам сұраушы Уағдаласушы Тараптың аумағында оның
қашып кетуiне болмайтын жағдайда ұсталуға тиiс.
     2. Адамның сұраушы Уағдаласушы Тараптың аумағында қамауда 
болған мерзiмi жалпы жазасын өтеу мерзiмiне қосылады.

                   30-бап
          Құжаттарды табыс ету және жекелеген
            iс жүргiзу әрекеттерiн орындау
     
     1. Қылмыстық iстер бойынша дәлелдемелер жинауға байланысты
құжаттарды табыс ету мен жекелеген iс жүргiзу әрекеттерiн орындау
тәртiбi осы Шарттың 6-10-баптарымен анықталады.
     2. Жоғарыда аталған тапсырмаларды жiберген кезде қылмыстың
жасалу мән-жайлары, оның сипатталуы және тиiстi заң актiлерiнiң
ережелерi көрсетiлуге тиiс.

                   31-бап
          Қылмысты жолмен алынған ақша мен
            материалдық қазыналарды беру
     


      1. Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тараптың өтiнiшi

бойынша осы Уағдаласушы Тарапқа екiншi Уағдаласушы Тараптың 
аумағында қылмысты жолмен алынған ақша мен өзге де материалдық
қазыналарды беруге тиiс.
     2. Егер жоғарыда аталған ақша мен өзге де материалдық 
қазыналар сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тараптың аумағында 
басқа да шешiлмеген қылмыстық iстер бойынша сотта iс қарау үшiн
қажет болса, бұл Уағдаласушы Тарап олардың берiлуiн уақытша тоқтата
тұра алады.

                   32-бап
         Қылмыстық iстер бойынша құқылық көмек
               көрсетуден бас тарту
     
     Сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тарап, осы Шарттың 14-бабында
көзделген негiздердi қоспағанда, егер тапсырмада аталған әрекет
сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңдары бойынша
қылмыс деп табылмайтын болса, қылмыстық iстер бойынша құқылық көмек
көрсетуден бас тарта алады.

                   33-бап
         Қылмыстық iстер бойынша iстi қозғау мен
        сотта қараудың нәтижелерi туралы хабарлау
     
     Уағдаласушы Тараптар бiр-бiрiне екiншi Уағдаласушы Тараптың
азаматтары жөнiнде қылмыстық iс қозғау туралы және қажет болған
жағдайда өз сотының екiншi Уағдаласушы Тараптың азаматтары жөнiнде
шығарған үкiм туралы мәлiметтер беруге мiндеттi.

                   34-бап
           Бұрын жасалған қылмыстар туралы ақпарат
     
     Уағдаласушы Тараптар бiр-бiрiне өтiнiш бойынша өздерiнiң 
бұрын екiншi Уағдаласушы Тараптың соты соттаған адам жөнiнде
қылмыстық iстi қарау үшiн қажеттi соттылық туралы мәлiметтi тегiн
бередi.

                   35-бап
        Қылмыстық iстер бойынша құқылық көмек көрсету
        кезiнде Уағдаласушы Тараптар өкiлдерiнiң қатысуы
     
     Бiр Уағдаласушы Тараптың өкiлдерi екiншi Уағдаласушы Тараптың
келiсуiмен екiншi Уағдаласушы Тараптың қылмыстық iстер бойынша
құқылық көмек көрсету туралы өтiнiшiн орындауға қатыса алады.

                    IV ТАРАУ
                 БАСҚА ЕРЕЖЕЛЕР

                   36-бап
             Құжаттардың жарамдылығы
     
     Бiр Уағдаласушы Тараптың соты немесе басқа да құзiреттi 
мекемесi жасаған немесе куәландырған құжаттар осы Уағдаласушы 
Тараптың тиiстi құзiреттi мекемесiнiң ресми мөрi болған жағдайда
жарамды болады. Осындай түрiнде оларды екiншi Уағдаласушы Тарап
сотының немесе басқа да құзiреттi мекемесiнiң қабылдауы мүмкiн.

                   37-бап
         Азаматтық хал туралы құжаттар мен басқа да
                   құжаттарды жiберу
     
     Осы Шартты орындау үшiн бiр Уағдаласушы Тараптың құзiреттi
мекемелерi дипломатиялық арналар арқылы алынған өтiнiштер бойынша
екiншi Уағдаласушы Тарапқа азаматтық хал актiлерiн тiркеу туралы,
бiлiмi туралы куәлiктердi; еңбек стажы туралы мәлiметтердi және 
екiншi Уағдаласушы Тарап азаматтарының жеке құқықтары мен мүлiктiк
мүдделерiне қатысты басқа да құжаттарды тегiн әрi орыс тіліне аударып
жiбередi.

                   38-бап
               Дауларды шешу
     


      Уағдаласушы Тараптар осы Шартты түсiндiру немесе орындау

мәселелерi бойынша туындайтын дауларды осы Шарттың 4-бабында
аталған тиiстi орталық органдарымен арадағы консультациялар арқылы
не дипломатиялық арналармен шешедi.

                   39-бап
             Ведомстволық байланыстар орнату
     
     Уағдаласушы Тараптардың осы Шарттар аталған орталық заң 
мекемелерi осы Шарттың негiзiнде және оны дамыта отырып, өз құзiретi
шегiнде ведомстволық келiсiмдер жасасу жолымен өзара тiкелей 
байланыстар орната алады.
     
                     V ТАРАУ
                ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

                   40-бап
                Шартқа өзгерiстер мен толықтырулар
     Осы Шартқа өзгерiстер мен толықтырулар Уағдаласушы Тараптар
арасындағы өзара келiсiм бойынша енгiзiледi және әрбiр Уағдаласушы
Тараптың ұлттық заңдарына сәйкес заңды ресiмдер орындалғаннан кейiн
күшiне енедi.

                   41-бап
                 Шарттың күшiне енуi
     
     Осы Шарт Тараптар өздерiнiң ұлттық заңдарында көзделген
барлық заңдық ресiмдердi орындап, дипломатиялық арналар арқылы
өзара жазбаша хабарлар алысқаннан кейiн соңғы хабар алынған соң
30-күнi күшiне енедi.

                   42-бап
               Қолданылуын тоқтату
     


      Бұл Шарттың мерзiмi жоқ және ол Уағдаласушы Тараптардың

кез келгенi оның қолданылуын тоқтату туралы дипломатиялық арналар
арқылы жазбаша хабар жiбергеннен кейiн алты ай өткен соң өзiнiң
қолданылуын тоқтатады.
     1993 жылғы 22 қазанда Уланбаатор қаласында қазақ, монғол және
орыс тiлдерiнде, әрқайсысы екi данадан жасалды, бұл орайда барлық
текстiң күшi бiрдей.
     Осы Шартты түсiндiруде пiкiр алалығы туған жағдайда Уағдаласушы
Тараптар орыс тiлiндегi текстi ұстанады.

Қазақстан Республикасы                           Монғолия
       Үшiн                                        Үшiн
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады