Қолданылып отырған заңның өзгертілуіне және әскери қызметшілердің, ішкі істер органдары қызметкерлерінің және кейбір басқа да қызметкерлердің әскери қызметін өтеуі немесе еңбек міндеттерін атқаруы кезінде туындайтын даулары бойынша соттардың заңдарды қолдануынан туындайтын мәселелерге қатысты Жоғарғы Сот Пленумы қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясында, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" Заңында (7-бап), "Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы" Заңында (4-бап), "Қазақстан Республикасының ішкі әскерлері туралы" Заңында (31, 37-баптар) азаматтардың, атап айтқанда, Қарулы Күштердің, ішкі әскерлердің, ұлттық қауіпсіздік органдарының, Республика ұланы әскери қызметшілерінің (бұдан былай әскери қызметші), жеке ішкі істер органдары қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде әскери қызметін өтеп жүргендегі құқықтық қатынас саласында да сотта қорғану кепілдігі берілгені соттарға түсіндірілсін. Осыған байланысты бұл адамдардың қызметінен шығарылуы, ауысуы (ауыстырылуы), қызметінен шығарылу күні мен себептерінің тұжырымдамаларының өзгертілуі, амалсыз бос жүрген уақытына немесе жалақысы төмен жұмысты орындаған күндерінің ақысын талап етуі, жазбаша, ауызша берген тәртіптілік жаза және қызметін өтеп жүргенде туындаған басқа да мәселелері жөніндегі даулары соттың қарауына жатады. Мұндай дауларды соттар тікелей талап арызды қарау тәртібімен жауапкердің тұрған жерінде қарайды.
Әскери қызметшілердің даулары, талапкердің қалауы бойынша әскери немесе халық соттарында, ал ішкі істер органдары қызметкерлерінің даулары халық соттарында қаралады. Іс қай соттың қарауына жататындығы жөнінде таластарға жол берілмейді (АІЖК-нің 125-бабы).
Әскери қызметшілердің және ішкі істер органдары қызметкерлерінің, олардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірген лауазымды адамдардың әрекеттеріне келтірген шағымдары АІЖК-нің 236 баптарында көрсетілген тәртіппен, әкімшілік-құқықтық қатынастардан туған шағым ретінде беріледі. Атап айтқанда, әскери қызметшілер мен ішкі істер органдары қызметкерлерінің ондай тәртіп бойынша:
- денсаулығы, отбасы жағдайына байланысты басқа жерге қызметін ауыстыруы, ауыр және ауа райы қолайсыз жерлерде белгілі әскери міндет мерзімін белгілеу туралы мәселелерді шешуден бас тартылғанда;
- (ішкі істер органдары қызметкерлері үшін) кезекті әскери және арнайы әскери атақ алуын негізсізден кешіктіргенде;
- тиісті алатын үлес түрлерімен қамтамасыз етуден бас тартылғанда;
- жеңілдіктер мен артықшылықтардан заңсыз айырудан туған басқа да мәселелер бойынша, сондай-ақ қолданылып жүрген заңда көрсетілген құқықтар бұзылғанда, лауазымды адамның әрекетіне қарсы шағым беруіне қақысы бар.
2. СССР-дің 1991 жылғы 1 шілдеден енгізілген "Жеке еңбек дауларын шешу тәртібі туралы" және "ССР Одағының еңбек туралы заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдарында баяндалған заң өзгертулері Қазақ ССР-нің еңбек туралы заңдар Кодексіне енгізілмегендіктен, ол заңдардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысқан халықаралық келісімдерге (шарттарға) қайшы келмейтін бөліктерін ғана соттар басшылыққа алуларына болады.
3. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Республиканың әрбір азаматына, соның ішінде еңбек қатынастары саласында да, сотта өз құқығы мен бостандығын қорғауға құқық берілген. Осыған байланысты барлық санаттағы қызметкерлердің еңбек даулары сотта қаралуға жатады.
Кейбір санаттағы қызметкерлердің еңбек дауларын бағыныштылығына қарай шешу тәртібі көрсетілген ССР Одағы мен одақтас республикалардың еңбек туралы заң негіздерінің 94 бабы республика Конституциясына оның қағидалары қайшы келетіндіктен қолданылмайды.
4. Бағыныштылығына қарай тәртіптілік жауапкершілікке тартылған, еңбек міндеттерін бір жолы ғана өрескел бұзғаны үшін ЕТЗК-нің 248-бабының 1-тармағымен жұмыстан шығарылған қызметкерлердің дауын қарағанда, соттардың 1991 жылғы 1 шілдеден қолданыла бастаған редакциядағы ССР Одағы мен одақтас республикалардың еңбек туралы негіздерінің 17 бабын (өйткені, еңбек дауларын қараудың тәртібі туралы Ережеге берілген N 1 Ереженің N 1 тізімі күшін жойғандықтан) басшылыққа алғандары жөн, себебі, онда еңбек міндеттерін бір жолы бұзғаны үшін кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың (филиалдардың, өкілдіктердің, бөлімдердің және ерекшеленген бөлімшелердің) басшылары және олардың орынбасарлары ғана жұмыстан шығарылатындығы көрсетілген. Ондай қызметкерлер тиісті кәсіподақ комитетінің келісімінсіз-ақ жұмыстан шығарыла береді (негіздердің 18-бабы).
5. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес әскери қызметшілердің әскери қызметін өтеу мен олардың мәртебесі, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлерінің мәртебесі мен қызметін өтеу тәртібі заң бойынша белгіленеді. Осыған байланысты аталған санаттағы адамдардың дауларын шешкенде соттардың Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы", "Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы", "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы" Заңдарын, сондай-ақ, егер олар Конституциямен Заңдарға қайшы келмесе, әскери қызметшілердің және ішкі істер органдары қызметкерлерінің әскери міндетін өтеу туралы Жарғысы мен Ережелерін басшылыққа алғаны жөн.
6. Қолданылып жүрген Ережелерде - СССР Министрлер Советінің 1985 жылғы 18 наурыздағы N 240 Қаулысы бекіткен "СССР Қарулы Күштері офицерлер құрамының әскери міндетін өтеу туралы" (61-бап), Қазақстан Республикасының Жоғарғы Советі Президиумының 1992 жылғы 6 шілдедегі N 1561-XII Қаулысы бекіткен "Қазақстан Республикасы прокуратурасы қызметкерлерінің прокуратура органдарында қызметін өтеу сыныпты шен және әскери атақтар беру туралы" (16-18 баптары), Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы 21 қаңтардағы қаулысы бекіткен "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының қатардағы және басшы құрамының қызмет міндетін өтеу туралы" Ережелерінде Қарулы Күштер қызметшілерінің, прокуратура органдары қызметкерлерінің, ішкі істер органдарының қатардағы және басшы құрамының қызметкерлерінің атағына кір келтірген қылығы үшін оларға, қызметін өтеуден босатуды қоса, берілетін тәртіптілік жауапкершілігі де көрсетілген.
Осы негізде қызметтен шығарылғандардың дауын қарағанда, соттар қызмет міндетін орындауға байланысты болмаса да Қарулы Күштердің, прокуратура мен ішкі істер органдарының қадір-қасиеті мен беделін азаматтардың көзінше көпе-көрнеу аяққа басып, сөйтіп, оған кір келтірген әрекеттерді, осы органдардың беделін түсіретін әрекеттер деп білуге тиіс.
Қоғамдық органдарда мас болып, яки улы заттар ішіп (азаматтар үшін анық болған жағдайда), сөйтіп, ол адамның жүріс-тұрысы және бет-әлпеті адамның арына тиетіндей және көпшіліктің зығырданын қайнатса, тергеуде сотты болып жүрген адаммен заңсыз байланыс жасаса; тергеуде зардабын тигізетін шұғыл сипаттағы деректерді жария етсе; заңсыз әрекет жасаған адамға, азаматтарға көмектессе; қызмет бабын пайдақорлық мақсатқа пайдаланса; оқу органдарының қызметкерлерімен, тыңдаушы және курсанттарымен көпшіліктің қарсылығын туғызатын қарым-қатынас жасаса, соның ішінде коммерциялық делдалдықпен, кәсіпқорлық қызметтің кез келген түрімен айналысса, сондай-ақ қызмет бабын пайдаланып, жұмыс істеп берсе және қызмет көрсетсе, ол үшін сыйақы алса, тағы басқа әрекеттер әскери қызметшілердің, прокуратура органдарының, ішкі істер органдарының қатардағы немесе басшы құрамының атағына кір келтіретін әрекеттер қатарына енгізуге болады.
7. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 1 ақпаннан күшіне кірген "Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы", 1993 жылғы 20 қаңтардағы Заңында моральдық зиянның орнын толтыру көрсетілген. Осы Заңның 14-бабы бойынша мемлекеттік пен қоғамдық бірлестік меншік түрлеріне қарамастан, мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың, сондай-ақ лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен әскери қызметшілерге оларды қылмыстық және басқа да жауапкершілікке заңсыз тартуы, бұлтартпас шаралар ретінде заңсыз қамауға алуы; соттауы, оның жеке мүлкін бүлдіріп, құртып немесе жоғалтқаны; дене жарақатын салғаны үшін; сондай-ақ лауазымынан немесе әскери атағынан заңсыз төмендеуі; құқық, жеңілдік пен артықшылықтардан заңсыз айырылуы; шартты бұзуы салдарынан келген моральдық және материалдық зиянның орнын толтыруға мемлекет кепілдік береді. Көрсетілген жағдайларда мемлекеттік билік органдарының, жоғары тұрған командование немесе сот органдарының шешімі бойынша әскери қызметшілердің қызметтік, зейнеткерлік, басқа да жеке және мүліктік құқығы қалпына келтіріледі және зиян кінәлі адамның (заңды тұлғаның) немесе республикалық бюджетті есебінен өндіріліп беріледі.
Моральдық зиянды өтеуге қатысты қатынас еңбек заңында реттелмегендіктен, аталған заңның талаптарын ескеріп, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағында 1993 жылғы 30 қаңтарда күшіне енген ССР Одағы мен одақтас республикалардың азаматтық Заңы Негіздерінің 1-бабының 3-тармағының және 1995 жылғы 1 наурызда күшіне кірген Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің жалпы бөлімінің 1-бабының 3-тармағының негіздеріне сәйкес, әскери қызметшілер мен ішкі істер органдары қызметкерлерінің 1993 жылғы 30 қаңтардан кейін қызмет қатынасынан туған талаптарын қарағанда, моральдық зиян үшін жауапкершілікті реттейтін Негіздердің 131-бабы қолданылуы мүмкін.
8. Ішкі істер органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілердің даулары әскери-қызмет құқығы қатынастарын реттейтін, қолданылып жүрген заңда көрсетілген тәртіпті сақтай отырып қаралады.
Әскери мен ішкі істер органдары қызметкерлерінің қызметін өтеп жүргендегі құқық қатынастарынан шыға қалған дау жөніндегі талап арызы ЕТЗК-нің нормаларына сай (себебі, әскери қызмет пен ішкі істер органдары қызметінде жүргендігі туралы заңда басқаша тәртіп белгіленбеген), талапкер өз құқығының бұзылғанын білген немесе білуге тиісті күннен бастап, үш ай ішінде, ал қызметтен шығарылғаны туралы іс бойынша қызметтен шығарылғаны туралы бұйрықтың көшірмесі қолына тиген күннен (ЕТЗК-нің 211-бабы) немесе еңбек кітапшасы берілген күннен бастап, бір ай ішінде сотқа беріледі.
9. Талап арызды беру мерзімі өтіп кетті деген сылтаумен талап арызды қабылдаудан бас тартуға тиісті емес. Талап арыз беру мерзімінің өтіп кету себебі орынды екенін білген соң, сот бұл мерзімді қалпына келтіреді (ЕТЗК-нің 211-бабы). Егер сот іс материалдарын жан-жақты зерттеп, дәлелсіз себептермен талап арыз берудің мерзімі өтіп кеткенін анықтаса, онда талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылады (Бұл жағдай моральдық зиянның орнын толтыру жөніндегі істерді қарағанда ескерілмейді, себебі, талап арыз беру мерзімдері мұндай істерге жүрмейді).
10. Әскери қызметшілерді және ішкі істер органдары қызметкерлерін тәртіптік қылығы үшін қызметтен шығару тәртіптілік жаза шарасы болып табылады. Сондықтан да көрсетілген негіздер бойынша олардың ауырған немесе демалыста болған уақытын қоспағанда, теріс қылығы анықталған күннен бастап, бір ай ішінде, теріс қылық жасаған бастап, алты ай ішінде, ал шаруашылық-қаржы қызметіне ревизия немесе тексеру қорытындысы бойынша - екі жыл ішінде қызметтен шығарылады. Көрсетілген мерзімге қылмыстық іс қозғалған уақыт кірмейді (ССР Одағы мен одақтас республикалардың еңбек туралы заңдары негіздерінің 56-бабы).
11. Тәртіптілік теріс қылық көрсеткені үшін қызметтен шығарылған ішкі істер органдары қызметкерлерін немесе әскери қызметшілерді қызметіне қайта орналастыру туралы істі қарағанда, сот ол адамның теріс қылық жасалғандығын анықтаса, бірақ оны қызметтен шығару туралы шешім қабылдаған кезде жасалған теріс қылығының мән-жайы, ауырлығы, сондай-ақ алдындағы тәртібі мен қызметін атқаруы есепке алынбаған деген тұжырымға келсе, талап арыз қанағаттандырылуы мүмкін (ЕТЗК-нің 131-бабының 8-бөлігі). Бірақ көрсетілген жағдайда қызметтен шығаруды сот басқа жаза шарасымен ауыстыруға қақылы емес, өйткені тәртіптілік жазасын беру (өзгерту) сот құзырына жатпайды.
12. Қолданылып жүрген заң мен еңбек дауларын шешу жөніндегі заңда белгіленген тәртіп еңбек келісімі (шарт) бойынша ішкі істер органдары мен қарулы күштерде жұмыс істеп жүрген жұмысшылар мен қызметшілердің еңбек дауларын шешуге де қолданылады. Егер еңбек дауы жөніндегі комиссия жоқ болса немесе ол белгілі бір себептермен құрылмаса, ол еңбек дауын сотта қарауға тосқауыл бола алмайды.
Егер кәсіподақ комитеті болмаса немесе олар ішкі істер органдары мен әскери бөлімшелерден құрылған кәсіподақ ұйымының мүшесі болмаса, ондай адамдарды жұмыстан шығару үшін кәсіподақ комитетінің келісімі қажет етілмейді.
13. Заңсыз шығарылған және қызметіне қайта қойылған ішкі істер органдары қызметкері мен әскери қызметшіге сот шешімімен амалсыз бос жүрген күніне ақы (орташа жалақысы) төленеді, бірақ осы бөлік бойынша 1991 жылғы 1 шілдеден күшіне кірген ССР Одағы мен республикалардың еңбек туралы негіздерінің 92-бабына сәйкес оның көлемі бір жылдан аспауға тиіс.
14. Амалсыз бос жүрген уақытына төлеу үшін орташа табыс (жалақы) Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің "Демалысқа немесе пайдаланылмаған демалысқа төлем төлеу үшін орташа жалақыны есептеп шығарудың тәртібі туралы" 1994 жылғы 13 мамырдағы N 513 Қаулысы белгілеген орташа жалақыны есептеп шығару тәртібі қолданыла отырып, жұмыстан босату алдындағы соңғы екі календарлық айының жалақысынан есептеп шығарылады.