Қазақстан Республикасының Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерiмен ынтымақтастық жөнiндегi мемлекеттiк комитетi туралы Ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 1995 жылғы 23 тамыз N 1164. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997.02.12. N 203 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      Қазақстан Республикасының Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерiмен ынтымақтастық жөнiндегi мемлекеттiк комитетi туралы Ереже бекiтiлсiн.
      Қазақстан Республикасының
        Премьер-министрi
                                        Қазақстан Республикасы
                                        Министрлер Кабинетiнiң
                                        1995 жылғы 23 тамыздағы
                                            N 1164 қаулысымен
                                             Бекiтiлген
             Қазақстан Республикасының Тәуелсiз Мемлекеттер
        Достастығы елдерiмен ынтымақтастық жөнiндегi мемлекеттiк
                          комитетi туралы
                             ЕРЕЖЕ
      1. Қазақстан Республикасының Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерiмен ынтымақтастық жөнiндегi мемлекеттiк комитетi (бұдан әрi - Мемынтымақтастыққомы) Қазақстан Республикасының Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттермен (бұдан әрi - Достастық мемлекеттерi) ынтымақтастық саласындағы мемлекеттiк саясатын жүзеге асыратын, Достастық мемлекеттерiмен ынтымақтастық туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiмен бiрлесiп мемлекетаралық және үкiметаралық шарттарды жасау, орындау және бұзу барысында министрлiктердiң, ведомстволардың, жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiн үйлестiретiн атқарушы өкiметтiң орталық органы болып табылады.
      Комитет Балтық мемлекеттерiмен ынтымақтастық саласында да осындай қызметтi жүзеге асырады.
      Комитет Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының стратегиясын Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Премьер-министрiнiң және Премьер-министрдiң ТМД мәселелерiмен шұғылданатын бiрiншi орынбасарының басшылығымен, Президенттiң Аппаратымен және Министрлер Кабинетiнiң Аппаратымен, жергiлiктi әкiмдермен өзара тығыз iс-қимылда жүзеге асырады.
      2. Комитет өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiнiң, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулыларын, Жарлықтарын және өкiмдерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады, бұл орайда тұтасу процесiн тереңдетуге, Евразия одағы идеясын жүзеге асыруға жәрдемдесе отырып, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығын құру туралы Келiсiмде көзделген уағдаластыққа, Алматы декларациясына, ТМД Жарғысына және ТМД мемлекеттерi Кеңесiнiң басшылары мен Үкiмет басшылары Кеңесiнiң шешiмдерiне сүйенедi.
      3. Комитет өз құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiмен, атқарушы өкiметтiң орталық органдарымен, жергiлiктi әкiмдермен, Қазақстан Республикасының Достастық мемлекеттерiндегi елшiлiктерiмен, өкiлдiктерiмен және басқа мекемелерiмен осы мемлекеттердiң Қазақстан Республикасындағы өкiлдiктерiмен, Экономикалық одақтың Мемлекетаралық Экономикалық Комитеттерiмен, Достастықтың, және басқа органдарымен, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан Республикасының Мемлекетаралық Атқару комитетiмен, Арал теңiзi проблемалары жөнiндегi Мемлекетаралық кеңестiң Атқару комитетiмен, Каспий теңiзi проблемалары жөнiндегi Қазақстан Респубикасының Ұлттық кеңесiмен, Халықаралық қорлармен, ақпарат агенттiктерiмен, баспасөз органдарымен және басқа бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара iс-қимыл жасайды.
      4. Комитеттiң негiзгi мiндеттерi:
      Қазақстан Республикасының Достастық мемлекеттерiмен өзара тиiмдi әрi тең құқықты жан-жақты ынтымақтастығын нығайту және дамыту, олардың арасындағы шаруашылық және мәдени байланыстарды ұлғайту, экономика тұрақтандыруға жәрдемдесу мақсатында тұтасу процесiне барынша жәрдем көрсету;
      Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiмен және басқа да орталық және жергiлiктi атқарушы өкiмет органдарымен бiрлесiп Достастық мемлекеттерiмен ынтымақтастықтың стратегиясы жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      Достастық мемлекеттерiмен экономикалық ынтымақтастықты салааралық реттеудi алқалық негiзде жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiмен және басқа мүдделi министрлiктермен, ведомстволармен бiрлесiп ТМД мемлекеттерi басшылары Кеңесiнiң, ТМД үкiметтерi басшылары Кеңесiнiң, Экономикалық одақтың, Мемлекетаралық экономикалық Комитетiнiң, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы Мемлекетаралық Кеңесiнiң мәжiлiстерiнде қаралатын мәселелер жөнiнде Қазақстан Жағының ұсыныстарын дайындау, оларда қабылданған шешiмдердiң жүзеге асырылу барысында тұрақты бақылау жасау;
      Экономикалық одақтың Мемлекетаралық экономикалық Комитетiмен, ТМД-ның атқарушы Хатшылығымен, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республика және Өзбекстан Республикасы Мемлекетаралық кеңесiнiң атқару комитетiмен тұрақты әрi тығыз жұмыс;
      бұрынғы КСР Одағының халықаралық мiндеттемелерi жөнiндегi құқықтық мұрагерлiгiне байланысты Қазақстан Республикасының Достастық мемлекеттерiмен қатынасын реттеу жөнiндегi шараларды Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiмен және Сыртқы iстер министрлiгiмен бiрлесiп жүзеге асыру;
      Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiмен және Әдiлет министрлiгiмен бiрлесiп Достастық мемлекеттерiмен ынтымақтастықтың құқықтық негiздерiн жетiлдiру жөнiнде жұмыстарды ұйымдастыру;
      Достастықтың шеңберiнде жасалған халықаралық шарттар мен келiсiмдердiң орындалуына Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiмен бiрлесiп бақылау жасау және оларды Қазақстан Республикасының министрлiктерi мен ведомстволарының жүзеге асыру туралы Президент пен Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне ақпарат беру.
      5. Комитет мынадай мiндеттерi жүзеге асырады:
      Сыртқы iстер министрлiгiмен бiрлесiп Достастық мемлекеттерiмен ынтымақтастықты дамытудың мемлекеттiк бағдарламасының тұжырымдамасын әзiрлеудi ұйымдастырады;
      мүдделi атқарушы өкiметтiң орталық және жергiлiктi органдарымен бiрлесiп, ТМД мемлекет басшылары кеңесiнiң, үкiмет басшылары Кеңесiнiң, Экономикалық одақтың Мемлекетаралық экономикалық Комитетiнiң, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республика және Өзбекстан Республикасы Мемлекетаралық Кеңесiнiң қарауына енгiзу үшiн Достастықтың шеңберiндегi ынтымақтастықты дамыту жөнiндегi ұсыныстарды дайындайды әрi белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Министрлер кабинетiне ұсынады;
      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi Қазақстан Республикасының халықаралық шарт жасауы үшiн Достастық мемлекеттерiмен келiссөздер жүргiзу туралы ұсыныстарды белгiленген тәртiппен ұсынады және оның тапсыруымен осындай келiссөздерге қатысады;
      министрлiктердiң және ведомстволардың қатысуымен жасалған халықаралық шарттарды жүзеге асыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi әрi Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне енгiзедi;
      Қазақстан Республикасының Достастық мемлекеттерiмен екi және көпжақты қатынастарын зерделейдi, экономикалық жағдайын талдайды және бұл мемлекеттерi дамытудың перспективасын айқындайды;
      Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң тапсыруымен объектiлердi бiрлесiп пайдалану мәселелерiн Достастық мемлекеттерiнiң басқару органдарымен көпжақты және екiжақты негiзде қарайды, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Ұлттық Банкi тарта отырып, кредиттердi пайдалануға, iшкi және сыртқы борыштарды өтеуге байланысты мәселелердi шешуге қатысады;
      Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң тапсыруымен ынтымақтастық мәселелерi жөнiндегi Достастық мемлекеттерiнiң ұсыныстарын қарайды;
      Қазақстан Республикасының мүддесiне орай басқа Достастық мемлекеттерi дайындаған халықаралық шарттардың жобаларын алдын ала қарайды;
      Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiмен бiрлесiп Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Достастықтың мемлекет басшыларымен және Үкiметтерiмен келiссөз жүргiзуге құқықтық және ұйымдық-техникалық дайындықты ұйымдастырады;
      Сыртқы iстер министрлiгiмен бiрлесiп атқарушы өкiмет орталық органдарының Қазақстан Республикасының Достастық мемлекеттерiмен халықаралық шарт жасау орындау жөнiндегi қызметiн үйлестiредi;
      Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiмен бiрлесiп ТМД мемлекеттерi басшылары Кеңесiнiң, үкiметтерi басшылары Кеңесiнiң, Экономикалық одақтың Мемлекетаралық экономикалық Комитетi шешiмдерiнiң орындалуын бақылайды;
      мүдделi министрлiктермен және ведомстволармен, атқарушы өкiметтiң жергiлiктi органдарымен бiрлесiп, Достастық мемлекеттерiмен ынтымақтастықтың экономикалық, әлеуметтiк және құқықтық проблемаларын, тиiстi ғылыми жұмыстардың ғылыми зерттеулерiнiң және ұйымдастырушы-атқарушыларының тақырыптарын айқындауға қатысады;
      Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiмен, Қаржы министрлiгiмен, Өнеркәсiп және сауда министрлiгiмен бiрлесiп, Ұлттық Банкпен өзара iс-қимыл жасап Достастық мемлекеттерiмен сауда-экономикалық, қаржы және ақша-кредит қатынастарын дамыту жөнiндегi ұсыныстарды дайындауға қатысады;
      Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiмен бiрлесiп Достастық мемлекеттерiндегi экономиканың жай-күйiне және экономикалық реформаның барысына талдау жасайды әрi басқа атқарушы өкiмет органдарының қатысуымен осы мемлекеттермен ынтымақтастықтың перспективасы туралы Ұсыныстар әзiрлейдi;
      Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiмен, Қаржы министрлiгiмен, Өнеркәсiп және сауда министрлiгiмен бiрлесiп Достастық мемлекеттерiнiң шаруашылық жүргiзушi субъектiлерi кiретiн бiрлескен қаржы-өнеркәсiп топтар мен басқа да ұлтаралық экономикалық құрылымдар құруға және олардың жұмыс iстеуiне жәрдем көрсетедi;
      өндiрiстiк кооперацияға, шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң арасындағы тiкелей байланысты дамытуға және инвестициялық қызмет, бiрлескен экономикалық жобаларды жүзеге асыру саласында Достастық мемлекеттерiмен ынтымақтастыққа жәрдемдеседi;
      аса маңызды мемлекетаралық салалардың қызметiнде: көлiкте, байланыста, энергиямен қамтамасыз етуде, төтенше жағдайлардың зардабын болдырмауда және оны жоюда, айналадағы ортаны қорғауда Достастық мемлекеттерiмен келiсiлген шараларды жүзеге асыру жөнiндегi ұсыныстарды дайындауды үйлестiредi;
      Арал, Каспий теңiздерiнiң проблемалары жөнiнде тиiстi ведомстволармен және халықаралық ұйымдармен өзара тығыз iс-қимыл жасайды;
      Сыртқы iстер министрлiгiмен, Қорғаныс министрлiгiмен, ҰҚҚ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк шекарасын қорғау жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен бiрлесiп Достастық мемлекеттерiнiң ұжымдық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, шекараны қорғау, әскери-техникалық ынтымақтастық, ғарыш кеңiстiгiн зерттеу және пайдалану, топографиялық-геодезиялық және картографиялық қызмет пен басқа да салалар мәселелерi жөнiнде ұсыныстар дайындауға қатысады;
      Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп және сауда министрлiгi жанындағы Қорғаныс өнеркәсiбi жөнiндегi комитетпен бiрлесiп қорғаныс өнеркәсiбi кәсiпорнының кәсiбiн сақтау жөнiнде ұсыныстарды қарайды.
      Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiмен бiрлесiп Достастық мемлекеттерiнiң аумағында тұрған әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерiнiң құқықтық статусы мен әлеуметтiк қорғалу шараларын айқындау жөнiнде ұсыныстар даярлауға қатысады;
      Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгiмен бiрлесiп көшi-қон, еңбек ресурстарын алмасу мәселелерiн реттеуге ықпал етедi;
      Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгiмен және Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiмен бiрлесiп азаматтардың еңбек, зейнеткерлiк және басқа әлеуметтiк кепiлдiктерiн қамтамасыз ету саласында Достастық мемлекеттерiмен ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысады;
      денсаулық сақтау, мәдениет, бiлiм беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау, дене тәрбиесi мәдениетi, спорт және туризм салаларында Достастық мемлекеттерiмен ынтымақтастық жөнiнде ұсыныстар даярлауға қатысады;
      Достастық мемлекеттерiмен ғылыми-техникалық ынтымақтастықты, ғылыми-техникалық объектiлердi бiрлесiп пайдалануды және ғылыми-техникалық ақпарат алмасуды дамытуға, ақыл-ой меншiгiн қорғауға, стандарттау, метрология және сертификаттау саласында келiсiлген саясат жүргiзуге ықпал етедi;
      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiмен бiрлесiп тауарларды, қызметтердi және қаржыны әлемдiк нарыққа шығару, халықаралық еңбек бөлiнiсiн пайдалануды қамтамасыз ету, сыртқы экономикалық қызметтiң оңтайлы сыртқы және iшкi құрылымын қалыптастыру жөнiнде Достастық мемлекеттерiмен ынтымақтастықтың болашағы туралы ұсыныстарды әзiрлейдi;
      Достастық шеңберiнде қабылданған көпжақты және екiжақты шарттар мен шешiмдер туралы автоматтандырылған банк деректерiн құрады;
      Достастық шеңберiнде ақпараттық-құқықтық ынтымақтастықтың мемлекетаралық жүйесiн құру жөнiндегi жұмысты мүдделi атқарушы өкiмет органдарымен бiрлесiп жүргiзедi;
      Достастық мемлекеттерiмен ынтымақтастықтың мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының нормативтiк актiлерiнiң жобаларын дайындауға қатысады, осы мемлекеттердiң заңдарын қолданудың практикасын зерделейдi, Қазақстан Республикасындағы мүдделi атқарушы өкiмет органдарымен және Достастық мемлекеттерiндегi атқарушы өкiмет органдарымен бiрлесiп ұлттық заңдарды жақындастыру жөнiнде жұмыс жүргiзедi;
      Қазақстан Республикасының Достастық мемлекеттерiмен мемлекетаралық және үкiметаралық комиссиялар, комитеттер, ынтымақтастық жөнiндегi және басқа органдар құру жұмысына қатысады. Комитеттiң өкiлдерi осы органдардың қазақстандық бөлiгiнiң құрамына кiредi;
      халықаралық ұйымдармен өзара iс-қимылды белгiленген тәртiппен жүзеге асырады, Достастықтың қызметiне байланысты халықаралық шараларға қатысады;
      Мемкомитеттiң құзырына кiретiн мәселелердi талқылау мен шешу үшiн Қазақстан Республикасына келген Достастық мемлекеттерiнiң, басқа да мемлекеттердiң, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың делегацияларын қабылдауды белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тапсырмасы бойынша Достастықтың мемлекетаралық және үкiметаралық органдары шығыстарының сметаларының жобасын қарайды және Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен келiсе отырып, олар жөнiнде қорытындылар бередi;
      Қазақстан Республикасының республикалық бюджетiнiң шығыстарында Достастықтың мемлекетаралық және үкiметаралық органдарын үлестiк ұстау үшiн, белгiленген сомалар шегiнде Қазақстан Республикасының осы мақсаттарға арналған жарналарын аударуды жүзеге асырады.
      Ескерту. 5-тармаққа жаңа абзацтар енгiзiлдi - ҚР Үкiметiнiң
               1996.03.14. N 314 қаулысымен.
      ЕСКЕРТУ. 5-тармаққа өзгерiстер енгiзiлдi - ҚРҮ-нiң 1996.08.20.
               N 1031 қаулысымен.
 
      6. Комитетке жүктелген қызметтердi орындау үшiн оған мынадай құқылар берiледi:
      атқарушы өкiметтiң орталық және жергiлiктi органдарынан кәсiпорындар мен ұйымдардан Комитетке жүктелген мiндеттердi жүзеге асыру үшiн қажеттi құжаттарды және өзге ақпараттарды белгiленген тәртiппен сұрауға және алуға;
      Комитеттiң құзырына жататын мәселелер жөнiнде Достастық мемлекеттерiнiң атқарушы органдарына тiкелей өтiнiш бiлдiруге, олармен бiрлесiп ынтымақтастық проблемаларына талдау жасауға, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын орындау кезiнде туындаған мәселелер жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге;
      ынтымақтастық және халықаралық шарттарды орындау мәселелерi жөнiндегi заңдарды қолдану практикасы туралы Достастық мемлекеттерiнiң атқарушы өкiмет органдарымен ақпарат алмасуды жүзеге асыруға;
      экономикалық ынтымақтастық тәжiрибелерiн зерделеу және өзiнiң құзырына жататын мәселелердi шешу үшiн Қазақстан Республикасы Комитеттiң қызметкерлерiн Достастық мемлекеттерiне, сондай-ақ басқа мемлекеттерге iссапарға жiберуге;
      Комитеттiң орталық аппаратының жауапты қызметкерлерi мен мамандарын Достастық мемлекетiне және басқа мемлекеттерге кадрларды оқытуға, даярлауға және қайта даярлауға жiберуге;
      Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, кәсiпорындар мен ұйымдардың, ғылыми мекемелердiң өкiлдерi мен жекелеген ғалымдарды тарта отырып Достастық мемлекеттерiмен тұтасу проблемалары бойынша заң актiлерiнiң жобаларын әзiрлеу және сараптау, талдамалық шолулар мен болжамдар дайындау жөнiнде елдегi, сондай-ақ шет елдердегi ғылыми-зерттеу ұйымдарымен, институттармен, жоғары оқу орындарымен және жеке мамандармен шарттар жасау және басқа проблемаларды өзiнiң құзырына сәйкес шешу жөнiндегi кеңестер мен комиссияларды белгiленген тәртiппен құруға;
      Достастық мемлекеттерiнiң өкiлдерiмен ресми келiссөздердi және консультацияларды белгiленген тәртiппен жүргiзуге, Достастық мемлекеттерiмен ынтымақтастықтың өзектi проблемалары жөнiнде кеңестер, конференциялар, семинарлар ұйымдастыруға және өткiзуге, шараларға қатысушылар мен делегацияларға қызмет көрсетудi және орналастыруды қамтамасыз ету мақсатында тиiстi ғимараттар мен үй-жайларды өзiнiң балансына алуға;
      өзiнiң құзырына кiретiн мәселелер жөнiнде ол бекiткеннен кейiн орындалуы мiндеттi сипаттағы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулыларының жобаларын әзiрлеуге және Қазақстан Республикасының Достастық мемлекеттерiндегi министрлiктерi мен ведомстволарына, елшiлiктерi мен өкiлдiктерiне және ТМД-ның үйлестiру институттарына орындалуы мiндеттi ұсыныстар мен тапсырмалар беруге, екiжақты және көпжақты қатынастарға жауапты басшылармен және олардың бөлiмшелерiндегi қызметкерлермен кездесулер, кеңестер өткiзуге, шарттарды, келiссөздердi, хаттамаларды пысықтау үшiн құрылған сараптау топтарының құрамы жөнiнде ұсыныстар енгiзуге, сарапшылардың жұмысын ұйымдастыру тұрғысынан үйлестiруге, халық-аралық ынтымақтастық жөнiнде құжаттар дайындаудың белгiленген кестесiнiң сақталуын бақылауға құқылы.
      7. Комитеттi Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындайтын және лауазымдан босататын, Премьер-министр мен осы саламен шұғылданатын Премьер-министрдiң орынбасарының тiкелей басшылығымен жұмыс iстейтiн және лауазымы бойынша Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң құрамына кiретiн Төраға басқарады.
      Комитет Төрағасының Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын орынбасарлары, соның iшiнде бiр бiрiншi орынбасары болады.
      Комитеттiң Төрағасы:
      Комитеттiң және оның алқасының жұмысын ұйымдастырады әрi Комитетке жүктелген мiндеттердiң орындалуына және олардың өз қызметiн жүзеге асыруына тiкелей жауап бередi;
      Комитеттiң құзырына кiретiн мәселелер жөнiндегi нормативтiк актiлердiң жобаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Достастық мемлекеттерiмен халықаралық шарттарының жобаларын Қазақстан Республикасының Үкiметiне белгiленген тәртiппен енгiзедi;
      Төраға орынбасарларының арасындағы мiндеттердi бөледi, Комитеттiң құзырына кiретiн халықаралық ынтымақтастық мәселелерiн Достастық мемлекеттерiнiң өкiлдерiмен бiрлесiп алдын ала қарау үшiн Комитеттiң өкiлдерiн айқындайды;
      Комитеттiң құзыры шегiнде бұйрықтар шығарады;
      шығын сметасын, қызметкер санының белгiленген шегiндегi штат кестесi мен құрылымын және еңбекақы қорын, сондай-ақ оның құрылымдық бөлiмшелерi туралы ереженi бекiтедi;
      Комитеттiң ерекше көзге түскен қызметкерлерiн Қазақстан Республикасының кұрметтi атақтарын беруге және мемлекеттiк наградаларымен марапаттауға белгiленген тәртiппен ұсыныс жасайды;
      Комитеттiң орталық аппаратының қызметкерлерiн лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады, оларды көтермелейдi және оларға тәртiптiк жаза қолданады;
      ынтымақтастық тәжiрибесiн зерделеу және Комитеттiң құзырына жататын мәселелердi қарау үшiн Комитеттiң қызметкерлерiн Достастық мемлекеттерiне, сондай-ақ басқа мемлекеттерге iссапарға жiбередi;
      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады;
      Комитеттiң Төрағасы Достастық мемлекеттерiнiң өкiлдерiмен консультациялар және ресми келiссөздер жүргiзуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тапсыруымен Қазақстан Республикасының тиiстi халықаралық шарттарына қол қоюға құқылы.
      8. Комитеттiң құрамында Төраға (алқа төрағасы), лауазымы жөнiнен Төрағаның орынбасары, Комитеттiң және басқа басшы қызметкерлерi бар алқа құрылады. Басқа да орталық атқарушы органдардың басшы қызметкерлерi алқа құрамына кiруi мүмкiн. Алқа мүшелерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Алқа Достастық мемлекеттерiмен ынтымақтастықты дамытудың және Комитет қызметiнiң аса маңызды мәселелерiн қарайды.
      Алқа мүшелерiнiң көпшiлiгi дауыс берсе, шешiм қабылданды деп саналады.
      9. Комитет заңды тұлға болып табылады, банк мекемелерiнде есеп айырысу шоты және өзге есепшоттары, Қазақстан Республикасының Елтаңбасы бейнеленген қазақ және орыс тiлдерiнде өзiнiң атауы жазылған мөрi, сондай-ақ басқа мөрлерi мен мөртаңбалары бар.
      10. Халықаралық қатынастар саласында кемiнде екi жыл жұмыс iстеген және тиiстi тәжiрибесi бар Комитеттiң жауапты қызметкерлерi дипломатиялық дәрежелер алуға құқылы;
      Комитет аппаратының штаттық лауазымдарына тағайындалған қызметшiлер мемлекеттiк қызмет кадрлары қатарына енгiзiледi, оларға мемлекеттiк қызмет туралы заңмен белгiленген құқықтық және әлеуметтiк кепiлдiктер қолданылады, сондай-ақ еңбекақы төлеу, материалдық-тұрмыстық, медициналық және әлеуметтiк қамсыздандыру жөнiнен олар мемлекеттiк қызметшiге теңестiрiледi;
      Комитет қызметшiлерiнiң еңбекақысы тиiстi штат кестесiнде және шығын сметасында белгiленген тәртiпте және мөлшерде, сондай-ақ орындалған жұмыстың нәтижесi ескерiлiп жүргiзiледi.
      11. Комитеттiң орталық аппаратын ұстауға арналған шығынды қаржыландыру республикалық бюджетте көзделген атқарушы өкiметтiң орталық органын ұстау қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.
      12. Комитеттiң орналасқан жерi - Алматы қаласы.
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады