Салық заңдарын бұзуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық және ақпарат алмасу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасы Үкiметiнiң арасында келiсiм жасау жөнiнде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне өкiлеттiк беру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы 1995 жылғы 12 желтоқсандағы N 1715

      Салық қылмыстарының алдын алу және тыю жөнiнде Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының құқық қорғау органдарының арасында өзара iс-қимыл орнату және дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      1. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiмен, Әдiлет министрлiгiмен келiсiп, Өзбек тарапымен алдын ала пысықталып, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi ұсынған салық заңдарын бұзуға қарсы күрес саласында ынтымақтастық және ақпарат алмасу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасы Үкiметiнiң арасындағы Келiсiмнiң жобасы мақұлдансын (қоса берiлiп отыр).
      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне Қазақстан

Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiнiң қатысуымен ұсынылып
отырған жобаға қағидатты сипаты жоқ өзгертулер мен толықтырулар
енгiзуге рұқсат етiп, Өзбек тарапымен қорытынды келiссөз жүргiзу
тапсырылсын.
     3. Уағдаластыққа қол жеткен соң, осы Келiсiмге Қазақстан
Республикасы Үкiметiнiң атынан қол қойылсын.

     Қазақстан Республикасының
        Премьер-министрi


            Салық заңдарын бұзуға қарсы күрес саласындағы
              ынтымақтастық және ақпарат алмасу туралы
           Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан
                  Республикасы Үкiметiнiң арасындағы
                              Келiсiм



      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi өз мемлекеттерiнiң заңдары мен халықаралық мiндеттемелерiн,
      салық қылмыстары мен құқық бұзушылықтың алдын алуға, анықтауға және тыюға байланысты мiндеттердi тиiмдi түрде шешiп өзара мүдделiлiктi басшылыққа ала отырып,
      осы мақсаттар үшiн құқықтық және басқа да мүмкiндiктердi пайдалануға зор маңыз бере отырып,
      мынаған келiстi:

      1-бап. Келiсiм мақсаты

      1. Осы Келiсiмнiң тақырыбы салық заңдарын бұзуға қарсы пәрмендi күрес ұйымдастыру мақсатында Тараптардың құзырлы органдарының ынтымақтастық жасауы болып табылады.
      2. Осы Келiсiм азаматтық және қылмыстық iстер бойынша құқықтық

көмек көрсету туралы қолданылып жүрген халықаралық келiсiмдердi
қозғамайды.

     2-бап. Құзырлы органдар

     Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн Тараптардың құзырлы органдары
мыналар болып табылады:
     Қазақ Тарапынан - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң
Бас салық инспекциясы;
     Өзбек Тарапынан - Өзбекстан Республикасының Мемлекеттiк салық
комитетi.


      Тараптардың құзырлы органдарының ресми атаулары өзгерген жағдайда олар бұл жайында дереу бiр-бiрiне жазбаша түрде хабарлайды.

      3-бап. Ынтымақтастық нысандары

      Тараптар осы Келiсiмнiң шеңберiнде мынадай ынтымақтастық нысандарын пайдаланады:
      заңды немесе жеке тұлғалардың салық заңдарын бұзуы туралы ақпарат алмасу;
      салық қылмыстары мен құқық бұзушылықтың алдын-алуға, анықтауға және тыюға бағытталған шараларды жүргiзу мәселелерi бойынша бiрлесiп, iс-қимыл жасау;
      жеке және заңды тұлғаларға салық салуға байланысты құжаттардың тиiсiнше куәландырылған көшiрмелерiн беру;
      ұлттық салық жүйелерi туралы, салық заңдарының өзгерiстерi мен толықтырулары туралы ақпарат, сондай-ақ салық заңдарын бұзуға қарсы күрес жөнiнде әдiстемелiк ұсыныстар алмасу;
      салық заңдарын бұзуға қарсы күресте пайдаланылатын ақпарат жүйелерiн жасау және олардың жұмыс iстеуi жөнiнде тәжiрибе алмасу;
      ынтымақтастық барысында туындайтын мәселелер бойынша қызметтi үйлестiрiп отыру, соның iшiнде жұмыс топтарын құру, өкiлдер, сарапшылар алмасу және кадрлар оқыту;
      салық қылмыстары мен құқық бұзушылыққа қарсы күрес проблемалары бойынша ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар өткiзу.
      Осы Келiсiмдi орындауға байланысты мәселелер бойынша Тараптардың құзырлы органдары бiр-бiрiмен тiкелей хабарласып тұрады.

      4-бап. Салық заңдарын бұзушылық туралы
                  ақпарат алмасу

      1. Салық заңдарын бұзушылық туралы ақпарат алмасу мына мәселелер бойынша жүзеге асырылады:
      заңды немесе жеке тұлғалардың салық салудан табыстарын жасыруы, бұл орайда салық заңдарын бұзушылардың қолданылатын тәсiлдерi атап көрсетiледi;
      заңды және жеке тұлғалардың мемлекеттiк және коммерциялық банкiлерде шоттар ашуы, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар жасаған салық құқығын бұзушылықтың нышандары анықталған және осы аталған мәлiметтердi алмайынша кiнәлiлердi жауапкершiлiкке тарту мүмкiн болмайтын жағдайларда қаражатының осы шоттар бойынша қозғалысы;
      салық заңдарын бұзған заңды және жеке тұлғалардың табыстары және салынған салық мөлшерлерi.
      2. Осы баптың 1-бөлiгiнде атап өтiлген ақпаратты беру сұрау салушы Тараптың заңдарына және мүдделерiне қайшы келмейтiн жағдайда оны бiр Тараптың құзырлы органы екiншi Тараптың құзырлы органының сұрау салуы негiзiнде бередi.
      Егер Тараптар бiрiнiң құзырлы органы өзiнiң қолында бар ақпарат екiншi Тараптың құзырлы органы үшiн ынта туғызады деп есептесе, ол ақпаратты өз бастамашылығы бойынша бере алады.

      5-бап. Шаралар өткiзу

      Салық қылмыстары мен құқық бұзушылығын жасаған немесе оларды жасады деп күдiк туғызған адамдар жөнiнде осындай қылмыстар мен құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау және тыю жөнiндегi шараларды өткiзу кезiндегi Тараптардың құзырлы органдарының өзара iс-қимылы күш пен құралдарды бiрлесiп жоспарлауды, пайдалануды, осы шараларды өткiзудiң барысы мен нәтижелерi туралы ақпарат алмасуды қамтиды.

      6-бап. Құжаттар көшiрмелерiн беру

      Тараптардың құзырлы органдары заңды және жеке тұлғаларға салық салуға қатысты құжаттардың (шоттар, фактуралар, тiркеме қағаздар, шарттар, контрактiлер, сертификаттар және басқа да қажеттi құжаттар), сондай-ақ салық заңдарын бұзушылыққа қатысы бар мәселелер бойынша құжаттардың көшiрмелерiн бiр-бiрiне сұрау салу бойынша бередi. Көшiрмелер өкiлеттi адамның қолымен және сұрау салушы құзырлы органның мөрiмен куәландырылады.

      7-бап. Құқықтық сипаттағы материалдар алмасу

      Тараптардың құзырлы органдары ұлттық салық жүйелерi, салық заңдарындағы өзгерiстер, қылмыстарға тергеу жүргiзудiң және салық заңдары саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзудiң құқықтық негiздерi жайында бiр-бiрiне жүйелi түрде хабарлап тұрады.

      8-бап. Хабар-ошармен қамтамасыз ету мәселелерi
                  бойынша ынтымақтастық

      Тараптардың құзырлы органдары салық заңдарын бұзуға қарсы күрестi ұйымдастыру кезiнде хабар-ошар жүйесiн құру мен оның жұмыс iстеуi мәселелерi бойынша әдiстемелер мен ғылыми материалдар алмасып тұрады, өздерiнiң архивтерi мен мәлiметтер банкiнде сақтаулы ақпаратты осы Келiсiмге сәйкес бiр-бiрiне тегiн бередi.

      9-бап. Тәжiрибе алмасу және кадрлар даярлауда
                    көмек көрсету

      Тараптардың құзырлы органдары өздерiнiң оқу орындарының негiзiнде кадрларды оқытуда және қайта даярлауда, салық заңдарын бұзуға қарсы күрестiң көкейкестi мәселелерi бойынша бiрлескен ғылыми зерттеулер жүргiзуде ынтымақтасты жасайды, сондай-ақ сарапшылар алмасып отырады.
      Осы баптың шеңберiнде ынтымақтастық жасаудың нақты нысандары және, атап айтқанда, оны қаржыландыру Тараптардың құзырлы органдарының арасында жасалатын тиiстi келiсiмдермен айқындалады.

      10-бап. Сұрау салудың нысаны мен мазмұны

      1. Ақпарат алуға сұрау салу жазбаша түрде немесе телетайп, факсимилелiк, яки компьютерлiк байланысты пайдалану арқылы жiберiлуге тиiс.
      Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда телефон байланысы арқылы

берiлген ауызша сұрау салу қабылдануы мүмкiн, алайда ол дереу
жазбаша түрде қуатталуға тиiс.
     Телетайп, факсимилелiк немесе компьютерлiк байланысты
пайдаланғанда, сондай-ақ сұрау салудың нақтылығы немесе мазмұны
жөнiнде күдiк туа қалса, сұрау салушы құзырлы орган жазбаша түрде
растама сұрата алады.
     Сұрау салудың жазбаша нысаны құзырлы органның бланкасымен
жiберiлiп, оның елтаңбалы мөрi басылып, оған басшы қол қояды.
     2. Ақпарат алуға сұрау салу:
     сұрау салушы құзырлы органның атауын;
     сұрау салудың мән-жайы мен негiздемесiнiң қысқаша мазмұнын;
     сондай-ақ оны орындау үшiн қажет басқа да мәлiметтердi қамтуға
тиiс.
     Қылмыстық iстер бойынша сонымен бiрге:
     жасалған қылмыстың нақты егжей-тегжейiнiң сипаттамасы;
     жасалған қылмыстың жiктелуi;
     келтiрiлген нұсқанның мөлшерi көрсетiледi.

     11-бап. Сұрау салуды орындау



      1. Сұрау салу 10 тәулiк iшiнде орындалады. Сұрау салынған құзырлы орган анықтап алу ретiнде, егер бұл сұрау салуды орындау үшiн қажет болса, қосымша ақпарат сұрата алады.
      2. Сұрау салу бойынша көмек көрсету мүмкiн болмаған жағдайда сұрау салынған құзырлы орган 10 тәулiк iшiнде себептерiн көрсетiп, бұл жайында сұрау салушы құзырлы органға хабарлайды.
      Сұрау салу мемлекеттiң егемендiгiне немесе қауiпсiздiгiне нұқсан

келтiруi мүмкiн болса, яки сұрау салынған құзырлы орган мемлекетiнiң
заңдарының негiзгi принциптерiне қайшы келетiн болса, оны орындаудан
бас тартылады.
     Сұрау салуды орындаудан бас тартудың себептерi жайында сұрау
салушы құзырлы органға жазбаша түрде хабарланады.

     12-бап. Сұрау салуды орындау кезiндегi өзара iс-қимыл

     Сұрау салушы құзырлы орган сұрау салынған құзырлы органның
өкiлеттi өкiлдерiне, егер бұл оның мемлекетiнiң заңдарына қайшы
келмесе, өз мемлекетiнiң аумағында сұрау салуды орындауға қатысуға
рұқсат ете алады.

     13-бап. Тiлдер

     Ақпарат алуға сұрау салу және оған жауап алу өзара келiсiм
бойынша орыс тiлiнде жасалады.

     14-бап. Ақпаратты пайдалану



      Тараптардың құзырлы органдары салық қылмыстары мен құқық бұзушылықтың алдын алуға, анықтауға және тыюға байланысты мәселелерге қатысты ақпараттың құпиялылығына кепiлдiк бередi.
      Осы Келiсiмнiң шеңберiнде алынған ақпарат осы ақпаратты берген құзырлы органның жазбаша келiсiмiнсiз үшiншi бiр тарапқа берiлмейдi.

      15-бап. Шығындар

      Тараптардың құзырлы органдары өз мемлекетiнiң аумағында осы Келiсiмдi орындауға байланысты шығындарды көтередi. Қосымша шығындарды қажет ететiн сұрау салу алынған жағдайда оларды қаржыландыру туралы мәселенi Тараптардың құзырлы органдары өзара келiсе отырып қарайды.
      Тараптардың құзырлы органдары, егер олардың арасында басқаша жағдай келiсiлмесе, сұрау салуды орындау кезiнде қажет болып қалуы мүмкiн аудармашылардың қызметiне ақы төлеу жөнiндегi шараларды бiр-бiрiне өтеп отырады.
      Жоспарланған кездесулер кезiнде, егер басқа жазбаша уағдаластық болмаса, қабылдаушы құзырлы орган өз мемлекетiнiң аумағында басқа құзырлы органның делегациясын қабылдауға байланысты барлық шығындарды қамтамасыз етедi және төлейдi, ал жiберушi құзырлы орган барлық iссапар шығындарын көтерiп алады.

     Кезектен тыс кездесулер өткiзгенде барлық шығындарды осы 
кездесулердiң ұйытқысы болған құзырлы орган көтередi.

     16-бап. Даулы мәселелердi шешу

     Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiн пайымдауға немесе қолдануға 
байланысты туындауы мүмкiн барлық даулы мәселелердi консультациялар 
мен келiссөздер жүргiзу арқылы шешедi.

     17-бап. Өзгертулер мен толықтырулар енгiзу

     Қағидаттық сипаты жоқ барлық өзгертулер мен толықтырулар 
осы Келiсiмнiң жаңа редакциясына қол қою арқылы енгiзiледi.
     Қағидаттық сипаттағы өзгертулер мен толықтырулар iшкi 
мемлекеттiк рәсiмдер орындалғаннан кейiн енгiзiлген болып есептеледi.

     18-бап. Келiсiмнiң күшiне енуi және қолданылу күшiн
                       тоқтатуы

     Осы Келiсiм 5 жыл мерзiмге жасалып, оған қол қойылғаннан кейiн
30 күннен соң күшiне енедi және егер Тараптардың бiрi оның күшiн 
тоқтату жөнiндегi өзiнiң ниетi жайында осы Келiсiмнiң қолданылу 
күшiнiң тиiстi кезеңi аяқталғанға дейiн 6 айдан кешiктiрмей екiншi 
Тарапқа жазбаша түрде хабарламаса, өздiгiнен келесi 5 жылға 
ұзартылады. 1995 жылы ___________ қаласында екi дана етiп, әрқайсысы
қазақ, өзбек және орыс тiлдерiнде жасалды және де барлық мәтiндердiң 
күшi бiрдей.

     Қазақстан Республикасының         Өзбекстан Республикасының   
         Үкiметi үшiн                      Үкiметi үшiн
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады