Бөтеннің мүлкін ұрлауды саралаудың кейбір мәселелері туралы

Күшін жойған

Қаулы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумы 1996-жылғы 25-шілде N 9, Пленумның 1996-жылғы 20-желтоқсандағы N 11 және 1997-жылғы 5-мамырдағы N 3 қаулыларымен енгізілген өзгертулерімен бірге. (Қазақстан Республикасы (Қазақ КСР) Жоғарғы Соты Пленумы қаулыларының жинағы, 1997 ж., 1 том, 70 бет). Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі N 8 нормативтік қаулысымен.

      Ұрлық үшін жауаптылықты көздейтін күшіндегі заңдарды қолдану кезінде туындайтын мәселелерге байланысты Жоғарғы Сот Пленумы

      Қаулы етеді:

      1. Меншік иесінің мүлкін пайдақорлық мақсатпен заңсыз тегін алуды және оны өз пайдасына немесе басқаның пайдасына айналдыруды - бөтеннің мүлкін ұрлау деп түсіну керек. Бұл орайда бөтеннің мүлкі жасырын да, ашық та, алаяқтық, қорқытып алу, меншіктену, жұмсап қою немесе қызмет бабын пайдаланып қиянат жасау жолымен де ұрлануы мүмкін.

      2. Ұрлық зат бөтеннің, яғни айыптының меншігіндегі емес мүлік болып табылады. Меншік нысанына қатысты бұл қылмыс үшін жауаптылық заңда бөліп көрсетілмегендіктен, ондай ұйғарым қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамды айыптау тұжырымының міндетті элементі ретінде қаралмайды.

      3. Қылмыс жасалған кезде ұрланған мүліктің меншіктенушінің өз иелігінде де, сеніп тапсырылған басқа адамның иелігінде де болуы мүмкін екендігін соттардың ескергені жөн. Ұрланған мүлік басқа адамның заңсыз иелігінде болған жағдайда да (мысалы, оны ұрлаған адамда болғанда), айыптының әрекеттері бөтеннің мүлкін ұрлаған деп саралауға жатады.

      4. Қызмет бабын пайдаланып қиянат жасау жолымен жасалған ұрлықтың субъектісі лауазымды адам болғандықтан, осы істер бойынша барлық жағдайда да қылмыс жасалған кезде сол кезеңде қолданылған заңдарға сәйкес айыптының лауазымды адам болған, болмағанын анықтау қажет. Бұл жерде Қылмыстық кодексте енгізілген өзгертулерге байланысты лауазымды адам ұғымына жеке кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың кейбір санаттағы қызметкерлерінің де, кіретінін ескерген жөн.

      5. Қызмет бабын пайдаланып лауазымды адам жасаған ұрлық ҚК-тің 76-4-бабының тиісті бөлігімен саралануы тиіс. Бұл жағдайда ҚК-тің 143-бабы бойынша қосымша саралаудың қажеті жоқ, өйткені қызмет бабын теріс пайдалану - ұрлық жасаудың тәсілі болып табылады.

      Егер лауазымды адам жасаған ұрлық банк операциялары туралы біле тұра жалған мәліметтер берумен ұласқан болса, оның әрекеттері ҚК-тің 76-4, 164-2-баптарының тиісті бөліктерінің жиынтығымен саралануы тиіс.

      Бұл орайда банк операциялары туралы біле тұра жалған мәліметтер беру (ҚК-тің 164-2-бабы) қызмет бабындағы подлогтың арнайы түрі болып табылатынын соттардың ескергені жөн. Сондықтан да банктің лауазымды адамы қызмет бабындағы подлогты банк операциялары туралы біле тұра жалған мәліметтер беру тәсілімен жасаса, оның іс-әрекеттері тек 164-2 бабымен ғана сараланады, ал айыптының әрекеттеріне қызмет бабындағы подлогтың басқа түрлері бар болса, онда оның әрекеттері ҚК-тің 148 және 164-2 баптарының жиынтығы бойынша сараланады.

      6. Ұрланған мүлікті айыптының өздігінше жұмсауы (басқаға қайтаруға немесе тегін беру, бүлдіру, бөлшектеп тастау, және т.б.) жеке қылмыс құрмайды және қосымша саралауды қажет етпейді.

      Ұрланған мүлікті жойып жіберумен байланысты болған айыптының әрекеттері денсаулыққа зиянын тигізсе немесе өлімге немесе басқа да ауыр зардаптарға соқтырған жағдайда ондай әрекеттер ұрлық үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-тің баптарымен қоса, айыптының ниетіне қарай адам өмірі немесе денсаулығына жасаған озбырлығы үшін жауаптылық көрсетілген ҚК-тің баптарымен де сараланады. Бұл жерде ҚК-тің 82-бабы бойынша (бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) қосымша саралаудың қажеті жоқ.

      7. Бірлесіп ұрлық жасауға алдын ала сөз байласып, оған екі немесе одан да көп адам қатысса, оны бір топ адам жасаған ұрлық деп ұғынған жөн.

      Егер ұрлық қылмыс түрі қылмыстық жауаптылыққа тартылған жасқа толмаған немесе есі дұрыс емес деп танылған адаммен бірлесіп жасалса, ондай ұрлықты бір топ адам жасаған деп санауға болмайды. Бұл жағдайда қылмыс субъектісі деп танылған адам ұрлыққа қатысу түріне қарамастан, қылмысты орындаушы деп танылуға, оған қоса қолда бар негіздерге сәйкес, оның әрекеттері, қылмыстық әрекетке кәмелетке толмаған адамды тартқаны үшін қосымша саралануы тиіс.

      Егер ұрлық ұйымдасқан қылмыстық топ немесе қылмыстық қауымдастық тарапынан жасалса, ұйымдасқан қылмыстық топтың не қылмыстық қауымдастықтың ұрлыққа қатысқан оның ұйымдастырушысының басшысының және мүшелерінің әрекеттері ҚК-тің топтасып ұрлық жасағаны үшін жауаптылық көрсетілген баптары және 63-2-баптың тиісті бөлігінің жиынтығы бойынша сараланады.

      8. Ұрлықты саралаған кезде бір топ адам жасаған ұрлықты ұйымдасқан қылмыстық топ адам жасаған ұрлықтан ажырата білген жөн.

      Ұйымдасқан қылмыстық топқа бірнеше қылмыс жасамақшы оймен алдын ала біріккен екі немесе одан да көп адамнан тұратын тұрақты топ жатады деп түсіну керек.

      Қылмыстық қауымдастыққа бір басшылықпен қылмыстық әрекет жасаумен айналысу үшін құрылған құрылымдық бірігулер жатады деп түсіну керек. Оның ұйымдасқан қылмыстық топтан бір айырмашылығы сол, қылмыстық қауымдастық құрылымында екі немесе одан да көп қылмыстық топ (бөлімшелер) болады.

      Алдын ала сөз байласқан бір топ адамнан ұйымдасқан қылмыстық топ пен қылмыстық қауымдастықтың негізгі айырмашылық белгісі - олар ұйымдасқан және тұрақты келеді.

      Қылмыстық топ пен қауымдастықтың ұйымдасқандығы мен тұрақтылығын олардың құрамы мен ұйымдық құрылымының қалыптылығы, олардың мүшелерінің топтасқандығы, топтық тәртіпке және ұйымдастырушы мен жетекшінің талаптарына бағыныштылығы, қылмыстық әрекеттерінің түрі мен тәсілдерінің ұқсастығы, қылмысты жоспарлау мен оған жан-жақты даярлық жасауы, қатысушылар арасында рольді бөлісу, қылмысты жасырудың алдын ала шараларын және қылмыстық әрекетпен тапқан мүлікті өткізіп жіберуді қамтамасыз ету шаралары т.с.с. белгілер дәлелдей алады.

      9. Ұйымдасқан қылмыстық топ немесе қылмыстық қауымдастық жасаған ұрлықтарға тікелей қатысқан ғана емес, осы қылмыстық ұйымдардың мүддесіне ұрлыққа басшылық етуге, қаржыландыруға, ұрлық объектілерін табуға, көлікпен және т.б. қамтамасыз етуге бағытталған басқа да әрекеттер, ұйымдасқан қылмыстық топқа не қылмыстық қауымдастыққа қатысқан деп табылады.

      10. Айыптының бұрын сотталғандығын қылмысты қайталағандықты құрайтын белгі ретінде бағалағанда, сот ҚК-тің 76-бабындағы ескертудің "а" тармағында айтылғандармен бірге, ҚК-тің бұрын қолданылып келген редакциясындағы тиісті баптарында көрсетілген осындай қылмысы үшін сотталғандығы да қылмысты қайталағандық болып табылатынын ескертуге тиіс.

      КСРО тарағаннан, яғни 1991-жылғы 8-желтоқсаннан кейін ТМД-ның басқа мемлекеттерінде сотты болу қылмысты саралағанда және адамды ерекше қауіпті рецидивист деп танығанда, сондай-ақ сотталған адамға еңбекпен түзеу мекемесі белгіленген кезде, егер Қазақстан Республикасы жасаған халықаралық келісімдерде басқаша көзделмесе, ескерілмеуі тиіс. Мұндай сотталғандық ТМД-ға қатысушы елдердің азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер жөніндегі құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы 1993-жылғы 22-қаңтарда қабылдаған Минск Конвенциясының 76-бабына сәйкес жаза тағайындалғанда оны ауырлататын жағдай ретінде ескерілуі мүмкін.

      11. Бөтеннің мүлкін бірнеше рет ұрлаған адамның әрекеттері үшін ҚК-тің әртүрлі баптарының немесе бір бабының әртүрлі бөліктерінде көрсетілген жауаптылық көзделсе, айыптының әрекеттері, барлық жағдайда, баптардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс.

      Бөтеннің мүлкін бірнеше рет ұрлаған адамның әрекеттері үшін ҚК-тің бір бабының бір бөлігіндегі әртүрлі тармақтарында көрсетілген жауаптылық көзделсе, айыптының әрекеттері ҚК-тің бабының тиісті бөлігі бойынша бүкіл бар тармақтары көрсетіліп саралануға тиіс.

      12. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар "Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" 1995-жылғы 12-мамырдағы Жарлығы бойынша 77-баптың Қазақ КСР-нің ҚК-нен алынып тасталғаны және ұсақ ұрлық жасағандық үшін тек әкімшілік жауапкершілік белгіленгені ескерілуге тиіс. Бөтеннің мүлкін ұсақтап ұрлағаны үшін қылмыстық жауаптылық (77-бап) Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар "Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" 1995-жылғы 5-шілдедегі Жарлығымен жаңадан қайта енгізіліп, ол 1995-жылғы 7-шілдеде күшіне кірді. Сондықтан да, ҚК-тің 77-бабы бойынша бөтеннің мүлкін ұсақтап ұрлағаны үшін жауаптылық ҚК-тің 6-бабының талабына сәйкес 1995-жылғы 7-шілдеден соң жасалған іс-әрекеттерге ғана қолданылады.

      ҚК-тің 77-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ ұрлығы үшін айыптының қылмыстық жауаптылығы ұсақ ұрлық жасағандығының алдындағы бір жыл ішінде де дәл осындай ұрлығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса ғана болуы мүмкіндігі себепті соттар оған берілген бұл әкімшілік жазасының заңды екенін міндетті түрде тексеруге тиіс. Іс материалдарында мұндай жазаның берілгені жөнінде тиісті құжат көшірмесінің болмауы оны қосымша тергеуге жіберуге негіз болып табылады.

      13. Ұрлық мөлшерін анықтау кезінде Қазақ КСР ҚК-нің 76-бабының ескертулеріне сәйкес қылмыс жасалған кездегі Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген жалақының ең аз мөлшерін немесе зейнетақы, жәрдем және басқа да төлемдерді есептеудің, сондай-ақ айыппұл жазасын, салық және басқа да төлемдерді қолданудың есеп айырысу көрсеткішін немесе басқа айырысу белгілерін басшылыққа алу керек. Ұрлық нәрсесі ретінде шетел валютасы болған істер бойынша ұрлық мөлшері қылмыс жасаған уақытта Ұлттық Банк белгіленген теңгелік бағамен анықталады.

      (Екінші абзацы Пленумның 1996-жылғы 20-желтоқсандағы N 11 қаулысымен күшін жойды деп танылған).

      Қылмыс объектісі болған мүліктің құны, иесінің оны қандай жағдайда сатып алғандығы ескеріліп, қылмыс жасалған сәттегі мемлекеттік бөлшек, нарықтық немесе комиссиялық бағамен анықталуы тиіс. Бағасы болмаған жағдайда мүліктің құны сарапшы жасаған қорытынды негізінде анықталады.

      Ұрлықтан келген зиянның орнын толтыру кезінде оның мөлшері сот шешім қабылдаған сәттегі бағамен анықталады.

      14. Айыптыға сеніп тапсырылған мүлікті басқа бағасы арзанырақ мүлікке айырбастап, меншігіне сіңіріп кету немесе басқа біреудің меншігіне айналдыру - алынған мүліктің мөлшеріндегі ұрлық ретінде саралануға тиіс.

      15. ҚК-тің 63-2-бабы бойынша сотталатын адамдарға жазасын өтеу үшін ҚК-тің 23-бабына сәйкес қатаң және ерекше режимдегі еңбекпен түзеу колониясы, ал ҚК-тің 63-бабы бойынша (бандитизм) сотталатындарға күшейтілген режим тағайындалатындығы себепті, соттар істі жаңадан қайта тергеуге жібермей айыптының әрекеттерін ҚК-тің 63-бабының 1 немесе 2-бөлігіне аударуына болмайтындығын ескерулері тиіс. Олай етпеген жағдайда айыпты бұлай өзгерту, сот мәжілісінде сотталушының жағдайын нашарлатады және оның қорғануға деген құқын бұзады.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының "Бөтеннің мүлкін ұрлауды саралаудың кейбір мәселелері туралы" 1996-жылғы 25-шілдедегі N 9 қаулысына

  Қосымша

      Қазақстан Республикасы Мембағакомы берген анықтамаға сәйкес Республикада жалақының ең аз мөлшері мынадай болды:

      1973-жылғы 1-қаңтардан 1991-жылғы 15-желтоқсанға дейін - 70 сом;

      1991-жылғы 15-желтоқсаннан 1992-жылғы 1-қаңтарға дейін - 130 сом;

      1992-жылғы 1-қаңтардан 1992-жылғы 1-мамырға дейін - 342 сом;

      1992-жылғы 1-мамырдан 1992-жылғы 1-қарашаға дейін - 600 сом;

      1992-жылғы 1-қазаннан 1993-жылғы 1-қаңтарға дейін - 900 сом;

      1993-жылғы 1-сәуірден 1993-жылғы 1-қазанға дейін - 4500 сом;

      1993-жылғы 1-қазаннан 1993-жылғы 15-қарашаға дейін - 14600 сом;

      1993-жылғы 15-қарашадан 1994-жылғы 1-ақпанға дейін - 29,2 теңге;

      1994-жылғы 1-ақпаннан 1994-жылғы 1-сәуірге дейін - 40 теңге;

      1994-жылғы 1-сәуірден 1994-жылғы 1-шілдеге дейін - 100 теңге;

      1994-жылғы 1-шілдеден 1994-жылғы 1-қазанға дейін - 150 теңге;

      1994-жылғы 1-қазаннан 1995-жылғы 1-наурызға дейін - 200 теңге;

      1995-жылғы 1-наурыздан 1995-жылғы 1-шілдеге дейін - 250 теңге;

      1995-жылғы 1-шілдеден 1995-жылғы 1-қазанға дейін - 280 теңге;

      1995-жылғы 1-қазаннан 1996-жылғы 1-қаңтарға дейін - 300 теңге.

      Зейнетақыны, жәрдем мен өзге де төлемдерді есептеп шығарудың, сондай-ақ айып жазаларын, салық және басқа да төлемдерді қолданудың есеп ажырасу көрсеткіші мынадай болды:

      1996-жылғы 1-қаңтардан 1996-жылғы 1-сәуірге дейін - 320 теңге;

      1996-жылғы 1-сәуірден 1996-жылғы 1-шілдеге дейін - 380 теңге;

      1996-жылғы 1-шілдеден - 460 теңге.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады