Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Израиль Мемлекетi Үкiметiнiң арасындағы Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 5 маусымдағы N 703 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi Қаулы Етедi:
      1995 жылғы 27 желтоқсанда Иерусалимде қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Израиль Мемлекетi Үкiметiнiң арасындағы Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм бекiтiлсiн.

       Қазақстан Республикасы
      Премьер -Министрiнiң
      орынбасары

  Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Израиль
Мемлекетiнiң Үкiметi арасындағы айналадағы
ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөнiндегi
КЕЛIСIМ *

*(Келісім 1998 жылғы 19 қазанда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
бюллетені, 2004 ж., N 3, 14-құжат)

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Израиль Мемлекетiнiң Үкiметi (осы арада және бұдан әрi қарай "Тараптар" деп аталатын), 
      екi ел арасындағы достық қатынастарды нығайтуға және айналадағы ортаны қорғау жөнiндегi ынтымақтастықты дамытуға тiлек бiлдiре отырып; 
      айналадағы орта қазiргi кездегi және болашақтағы ұрпақтардың денсаулығы мен есен-саулығы үшiн қорғалуға тиiстi деп сене отырып; 
      экономиканы орнықты дамыту табиғи ресурстарды экологиялық жағынан негiзделген басқаруды талап ететiнiн мойындай отырып; 
      Тараптар арасындағы ынтымақтастық әрбiр елдiң глобальды айналадағы ортаның сақталуы үшiн жауапкершiлiктерi тұрғысында өзара пайдалы және маңызды болып табылатынын толық ұғына отырып; 
      айналадағы ортаның глобальды проблемалары жөнiнде оған сай келетiн шешiмдер қабылдау көзқарасы тұрғысынан экологиялық саясат пен практиканың маңыздылығын мойындай отырып; 
      экономикалық өсуге және орнықты даму принциптерiне негiзделген тұрмыс деңгейiнiң барынша жоғары стандартына қол жеткiзудiң аса маңыздылығын ескере отырып;
      бұдан әрi қарай Рио-де Женейрода 1992 жылы маусымда өткiзiлген БҰҰ-ның Айналадағы орта және даму жөнiндегi Конференциясының рухын қолдай отырып,
      мыналар жөнiнде уағдаласты:

1-бап

      Тараптар теңдiк, өзаралық тиiмдiлiк негiзiнде айналадағы ортаны қорғау саласында ынтымақтасатын болады.

2-бап

      Айналадағы ортаны қорғаудың мына төмендегi салалары екi Тараптың да ерекше мүдделiгiн танытады:
      * су ресурстарын басқару және қорғау:
      * шөлге қарсы күрестi қоса алғанда, топырақ пен жердi басқару және қорғау;
      * ауа мен атмосфераны қорғау;
      * қатты, сұйық және қауiптi қалдықтарды экологиялық жағынан негiзделген қайта өңдеу, қауiптi қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауларды бақылау:
      * тұрмыстық және өнеркәсiптiк сарқын суларды қайта өңдеу;
      * әр түрлi көрiнiстердегi әр алуандықты және арнайы қорғалынатын аумақтарды сақтауды және тұрақты басқаруды қоса алғанда, табиғатты қорғау және сақтау; 
      * экологиялық бiлгiрлiкке және бiлiм алуға жәрдемдесу; 
      * айналадағы ортаға әсер етуге баға беру әдiстерiн енгiзу; 
      * экологиялық мониторинг және тексеру жүйелерi; 
      * экологиялық негiзделген технологияларды дайындау; 
      * жердi пайдалануды жоспарлауды және даму жөнiндегi шараларды тұрақты экологиялық басқару; 
      * экологиялық заңдар шығару, заңдар, заңды актiлер мен нормативтер және оларды жүзеге асыру; 
      * теңiздердiң ластануымен күресу және оны болдырмау, климаттың өзгеруi, озондық қабаттардың жұқаруы және биологиялық әртүрлiлiктi қорғауды қоса алғанда, глобальдық экологиялық проблемалар. 

3-бап

      1. Екi жақты ынтымақтастықтың нақты тақырыптарын Тараптар әрбiр Тарап белгiлеген басым мiндеттердi ескере отырып, белгiлеуге тиiстi.
      2. Тараптар осы Келiсiм бойынша ынтымақтастықтың нақты мәселелерi жөнiндегi жобаларды және жұмыстарды белгiлеу үшiн жұмыс бағдарламаларын жасайды.

4-бап

      Ынтымақтастыққа мыналар:
      (1) ғылыми-техникалық ақпарат және мәлiметтер алмасу;
      (2) маман делегациялар, бiлiктi сарапшылар, оқушылар және ғылыми қызметкерлер алмасу;
      (3) кездесулер, симпозиумдер, лекциялар және көрмелер ұйымдастыру;
      (4) бiрлескен ғылыми-техникалық зерттеулер және ынтымақтастықтың жобаларын жасау;
      (5) Тараптар қажет деп санаған ынтымақтастықтың кез келген басқа да нысандары кiредi.

5-бап

      Тараптар осы Келiсiм бойынша ынтымақтастыққа қатысуға үкiметтiк агенттiктердi, академиялық институттарды және жеке меншiк экономикалық кәсiпорындарды шақыра алады. 

6-бап

      1. Екi Тарап та өзара уағдаластық бойынша өздерiнiң ынтымақтастығының нәтижелерiн үшiншi тарапқа бере алады. Ақпарат алмасу және оны үшiншi тараптарға беру кезiнде екi тарап та қолданыстағы заң ережелерiн, үшiншi тараптардың құқықтары мен халықаралық мiндеттемелерiн ескеретiн болады. 
      2. Қорғауға лайықты немесе қорғалынған ақпаратты пайдалану ерекше келiсiмдi талап етедi. 

7-бап

      1. Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлiгi мен Израиль Мемлекетiнiң Айналадағы ортаны қорғау министрлiгi осы Келiсiмдi орындауға жауапты министрлiктер болып табылады. 
      2. Осы Келiсiмнiң орындалуын үйлестiру кем дегенде әрбiр екi жылда бiр рет екi елдiң астаналарында алма-кезек өткiзiлуге тиiстi өкiлдерiнiң өзара кездесулерiнде жүзеге асырылатын болады. 

8-бап

      Егер басқаша жағдай көзделмеген болса, әрбiр Тарап осы Келiсiм бойынша өз мiндеттемелерiн орындауға сәйкес келетiн ресурстарды қамтамасыз етедi. Әрбiр Тараптың ұзақ мерзiмдiк жұмыстарды орындау қабiлетi оның тиiстi қаржы қорларының мүмкiндiгiмен өлшенетiнi және әрбiр тараптың осы Келiсiм жөнiндегi жобалар үшiн қаржы iздейтiнi түсiнiктi. 

9-бап

      1. Осы Келiсiмдегi ешнәрсе де халықаралық заңдарға сәйкес басқа келiсiмдерден туындайтын қолданыстағы құқықтар мен мiндеттемелерге зиянын тигiзетiндей болып түсiндiрiлмейдi. 
      2. Осы келiсiм бойынша жүргiзiлетiн жұмыстар әрбiр елде қолданылатын заңдарға және заңдық актiлерге бағынуға тиiстi. 

10-бап

      Осы Келiсiмдi орындау процесiнде туындайтын мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар барысында шешiлетiн болады. Осы Келiсiмге түзетулер екi Тараптың келiсуiмен жасалатын болады және осы Келiсiмнiң 11-бабының тармақтарымен сәйкес күшiне енедi. 

11-бап

      Осы Келiсiм Тараптар бiр-бiрiне осы Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн қажеттi олардың iшкi заңдарының талаптары орындалғаны және оның бес жыл бойы өз күшiнде қалатыны туралы хабарлаған екiншi Дипломатиялық Нота алынған күннен бастап күшiне енедi. 
      Сонан соң осы Келiсiм әрбiр Тарапқа тиiстi бес жылдық кезең мерзiмi өткенге дейiн алты айдан кешiктiрiлмей жазбаша нысанда бұл туралы мәлiмделмейiнше келесi бес жылдық кезеңге өздiгiнен жалғастырылатын болады. 

      Осы Келiсiм қолданысының аяқталуы осы Келiсiм бойынша қол жеткiзiлген уағдаластықтың ешқайсысына да зиян келтiрiлмейдi.

      5756______________күнiне____________сәйкес келетiн 1995 жылғы______________екi данада қазақ, иврит, ағылшын және орыс тiлдерiнде жасалды, барлық даналарының күшi бiрдей. Қазақ, орыс немесе иврит тiлдерiндегi мәтiндердi түсiндiруде пiкiр алшақтығы болған жағдайда Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады. 

      Қазақстан Республикасының       Израиль Мемлекетiнiң
           Үкiметi үшiн                   Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады