Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Сырттан қарыз алу жөнiндегi комитетi туралы ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы 1997 жылғы 15 шiлде N 1111. Күшi жойылды - ҚРҮ-нiң 1998.06.03. N 510 қаулысымен

 


     Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:

     1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Сырттан қарыз алу

жөнiндегi комитетi туралы қоса берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн.

     2. "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң жанындағы Шетел

капиталын пайдалану жөнiндегi комитет туралы ереженi бекiту туралы"

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995 жылғы 27 шiлдедегi

N 1027 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1995 ж., N 26,

300-құжат) күшi жойылған деп танылсын.


     Қазақстан Республикасының

        Премьер-Министрiнiң

        бiрiншi орынбасары



                                       Қазақстан Республикасы

                                            Үкiметiнiң

                                       1997 жылғы 15 шiлдедегi

                                         N 1111 қаулысымен

                                             бекiтiлген


          Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң

             Сырттан қарыз алу жөнiндегi комитетi

               (Қаржыминiнiң Сырттан қарыз алу

                  жөнiндегi комитетi) туралы

                             ЕРЕЖЕ


     I. Жалпы ережелер



 
       1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Сырттан қарыз алу жөнiндегi комитетi (бұдан әрi - Комитет) Қазақстан Республикасын дамытуға ресми көмек шеңберiндегi мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен гранттарды, мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк емес сыртқы қарыздарды тарту мен пайдалану саласында мемлекеттiк басқаруды және реттеудi салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органы болып табылады.
      2. Комитет өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Үкiметiнiң актiлерiн, басқа да нормативтiк құқықтық актiлердi, халықаралық шарттарды, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
 
      II. Комитеттiң негiзгi мiндеттерi мен функциялары
 
      3. Комитеттiң негiзгi мiндеттерi:
      мемлекеттiк сыртқы қарызды және гранттарды, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк емес сыртқы қарыздарды тарту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк саясатты үйлестiру;
      мемлекеттiк сыртқы қарыздарды және гранттарды, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк емес сыртқы қарыздарды пайдаланудың тиiмдiлiгiне мониторинг және бақылау жасау болып табылады.
      4. Негiзгi мiндеттерге сүйене отырып, Комитет өз құзыретiнiң шегiнде:
      мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен гранттарды, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк емес сыртқы қарыздарды пайдаланудың басым бағыттарын әзiрлейдi және талдайды;
      Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлiгiмен және басқа да басқару органдарымен бiрлесе отырып, мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасының мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен гранттардың, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк емес сыртқы қарыздардың қаражатына қаржыландыруға жоспарланып отырған жобалардың индикативтiк тiзбесiн қалыптастыру бөлiгiн әзiрлеуге қатысады;
      халықаралық қаржы және экономика ұйымдарын, донор елдердiң тиiстi ұйымдарын мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен гранттарға деген қажеттiлiктер туралы хабардар етедi;
      Қазақстан Республикасының тиiстi қаржы жылына арналған мемлекеттiк бюджетiнiң жобасын мемлекеттiк сыртқы қарыздарды, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк емес сыртқы қарыздарды тарту көлемдерiн анықтау және оларды Қазақстан Республикасының республикалық және жергiлiктi бюджеттерiнiң қоса қаржыландыруы бөлiгiнде дайындауға қатысады;
      мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен гранттардың, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк емес сыртқы қарыздардың есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобаларға баға бередi және сараптамалық қорытындылар мен капитал нарығын талдау негiзiнде оларды iрiктейдi;
      мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен гранттарды, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк емес сыртқы қарыздарды тарту жөнiнде келiссөздер жүргiзудi ұйымдастырады және оларға қатысады;
      мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен гранттардың қаражатына тауар, жұмыстар мен қызмет көрсетулер сатып алу жөнiндегi халықаралық тендерлер (конкурстар) өткiзуге белгiленген тәртiппен қатысады;
      мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен гранттардың мақсатқа сай пайдаланылуына бақылауды ұйымдастырады;
      мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен гранттар туралы келiсiмдердi қол қоюға дайындайды;
      мемлекеттiк сыртқы қарыздар туралы келiсiмдердi бекiту үшiн қажеттi құжаттарды әзiрлейдi және мұндай келiсiмдердiң күшiне енгiзiлуiне қамтамасыз етедi;
      мемлекеттiк сыртқы қарыздардың қаражатын және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қоса қаржыландыру үлесiн мемлекеттiк бюджетке қайтару туралы түпкiлiктi заемшылар және қазақстандық екiншi деңгейдегi банктермен (бұдан әрi - екiншi деңгейдегi банктер) жасалатын несие шарттарын, iшкi келiсiмдердi әзiрлейдi;
      мемлекеттiк емес сыртқы қарыздарға Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктерiн беру туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi шешiмдерiнiң жобаларын әзiрлейдi;
      Қазақстан Республикасы мемлекеттiк бюджетiнiң тапшылығын қаржыландыру үшiн тартылатын мемлекеттiк сыртқы қарыздарды беру шарттарының сақталуына бақылауды ұйымдастырады;
      мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен гранттарды, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк емес сыртқы қарыздарды тарту мен пайдалану саласындағы қолданылып жүрген заңдардың қолданылу практикасына талдау жасайды және заңдар мен нормативтiк базаны жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi.
 
      III. Комитеттiң өкiлеттiктерi
 
      5. Өзiне жүктелген функцияларды атқаруы үшiн Комитетке мынадай құқықтар берiледi:
      өз құзыретiнiң шегiнде барлық органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың және азаматтардың орындауы үшiн мiндеттi шешiмдер қабылдау;
      өз құзыретiнiң шегiнде мемлекеттiк меншiктегi мүлiкке иелiк ету, оны пайдалану және оған билiк жүргiзу;
      мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен гранттардың, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк емес сыртқы қарыздардың қаражатына қаржыландыру жоспарланып отырған жобаларды сараптамадан өткiзудi ұйымдастырады;
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тапсырмасы бойынша халықаралық деңгейде республиканың мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен гранттарды, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк емес сыртқы қарыздарды тарту саласындағы мүдделерiн бiлдiру;
      техникалық келiссөздердiң хаттамасына, өзара түсiнiстiк туралы хаттамаларға халықаралық және экономикалық ұйымдар мен донор елдердiң өкiлдерiмен меморандумдарға қол қою;
      мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардан мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен гранттар қаражатының игерiлуi туралы есептiлiктер сұрату және алу;
      мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен гранттар қаражатының есебiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк инвестициялық жобаларды тиiмдi iске асыру мақсатында және олар жөнiндегi келiсiмдердiң шарттарына сәйкес шетел банктерiнде белгiленген тәртiппен арнайы шоттар ашу;
      алушы ұйымдармен бiрлесiп мемлекеттiк сыртқы қарыздардың қаражатын алуға өтiнiмдерге қол қою;
      мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен гранттардың, мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк емес сыртқы қарыздардың қаражатынан қаржыландырылатын тауарлар, жұмыстар мен қызмет көрсетулер сатып алу жөнiндегi тендерлерге (конкурстарға) әдiстемелiк көмек көрсету және оларды өткiзуге қатысу. Ережелер (рәсiмдер) бұзылған жағдайда тендер комиссиясының баға беру нәтижелерiн жоққа шығарып, қайта баға берудi өткiзудi немесе екiншi тендер өткiзудi тағайындау;
      мемлекеттiк сыртқы қарыздарға және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк емес сыртқы қарыздарға қызмет көрсететiн екiншi деңгейдегi банктердi конкурстық негiзде белгiленген тәртiппен айқындау;
      екiншi деңгейдегi банктер мен мемлекеттiк сыртқы қарыздарды қарсы кепiлдiктермен қамтамасыз ету жөнiнде агенттiк келiсiмдер жасасу;
      Комитеттiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi шешiмдерiнiң орындалуына бақылау жасау мен тексеру жүргiзу;
      мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен гранттар, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк емес сыртқы қарыздар туралы келiсiмдердi, жобалар бойынша техникалық-экономикалық негiздемелердi, қаражатты игеру жөнiндегi есептемелердi, тендер мен банк құжаттамасын, ведомстволық актiлердi және басқа да қажеттi ақпаратты, оның iшiнде мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен гранттарды, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк емес сыртқы қарыздарды тарту мен пайдалану мәселелерi бойынша министрлiктерден, ведомстволардан, әкiмдерден, кәсiпорындардан, ұйымдардан және мекемелерден алынатын анықтамалық деректердi қоса алғанда, қажеттi материалдарды сұрату, алу және сақтау;
      белгiленген тәртiппен конкурстық негiзде шетелдiк және жергiлiктi консультанттарды тарту.
 
      IV. Комитеттiң қызметiн ұйымдастыру
 
      6. Комитеттi Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады.
      Төрағаның орынбасарын Төрағаның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрi тағайындайды.
      7. Комитет төраға Комитеттiң жұмысын ұйымдастырып, оған басшылық жасайды және Комитетке жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшiн жеке жауап бередi.
      Осы мақсатта Комитет төрағасы:
      өз орынбасарының және Комитет аппаратының құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының мiндеттерi мен жауапкершiлiк деңгейiн белгiлейдi;
      Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi бекiткен лауазымдар номенклатурасына сәйкес Комитет қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, сондай-ақ оларға тәртiптiк жаза қолданады;
      бекiтiлген еңбекақы төлеу қорының шегiнде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң басшылығына лауазымдық жалақыларға қосымша ақы және үстеме ақы белгiлеу туралы, сондай-ақ қызметкерлерге Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi жүйесiнiң қызметкерлерiне сыйлықақы беру туралы ережеге сәйкес сыйлықақы беру туралы ұсыныстар енгiзедi;
      өз құзыретiнiң шегiнде бұйрықтар шығарады;
      өз құзыретiнiң шегiнде қолданылып жүрген заңдарға сәйкес

 

мемлекеттiк органдар мен ұйымдарда Комитеттi бiлдiредi;

     өз құзыретiне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешiмдер

қабылдайды.

     8. Комитеттiң құрылымын, штат санын Қазақстан Республикасының

Қаржы министрлiгi белгiлейдi.

     9. Комитет заңды тұлға болып табылады, оның Қазақстан

Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және өз атауы қазақ

және орыс тiлдерiнде жазылған мөрi, банкте шоттары және белгiленген

үлгiдегi бланкiлерi болады.


     V. Комитеттi тарату және қайта ұйымдастыру


     10. Комитеттi тарату және қайта ұйымдастыру заңдарда белгiленген

тәртiппен жүргiзiледi.





Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады